Бұлғақ шәлкем-шалыс мінезді жан болған. Оған «тентек» деген қосымша атты жұрт ерке де қиқар қылығын қызық көріп қана емес, тапқырлығы мен тура іске тоқтамдылығына риза болып қойған екен.
Бұлғақ тентек ас пен тойды ешқашан төбелессіз таратпаған екен. Салтанатты той-думанды бай шонжарлар жасайтыны белгілі. Ал Бұлғақтың оларға қаны қас жаралған, олардың салтанат-сайранын ойрандап кету Бұлғақ үшін үлкен рахат. Мейлі шақырсын, шақырмасын сол ауыл жер түбінде болса да, жететін көрінеді.
Аттан түсіп, алты таспа бұзау тіс қамшысын сүйретіп, ақ ордаға қарай қойқаңдай бет алған Бұлғақтың алдынан байдың жағымпаздары тап сағынысып көріскендей қарсы алған.
— Уа, Бұлғақ, қайырлы қадам, ақ сапар болсын...
— Уа, тентек, ортамыз өзіңмен толсын...
— Армысыңдар, абзал ағайындар. Айтқандарың келсін... — деп әу баста Бұлғақ та көлгірсіп жауап берген.
Бұлғақ төбелестерде ылғи жеңіске жете бермейді. Туысы көптермен төбелес бастағанда сабалып та жүреді. Думанды тойды төбелеске айналдырғаны үшін ат-шапан айып та тартады. Өстіп Бұлғақтың қамшысының ұшынан қан тамып тұрған шағында атақты бір бай қызын ұзататын ұлы дүбір той жасамақшы болады. Бай той жасамас бұрын ат шаптырып, Бұлғақты шақыртады. Байдың қалайша қастерлей
қалғанына қайран қалған ол, атына мініп, оның аулына келеді. Ақ ордадан ата қаздай алшаң басып байекеңнің өзі шығады.
— Уа, ассалаумағалейкүм, тентек.
Шылбырына оралып атын байлайды. Байдың жалпақтауынан қалай да бір жалынышы барын байқаған Бұлғақ арзандамай, асқақтай түседі. Дырау қамшысын сүйрете ұстап, үйге қарай маңғаз аяңдайды. Бай оны өз үйіне кіргізіп, төріне төрт қабат көрпе төсеп отырғызады. Бұлғақтың алдына сары қымызын сапырып, бағлан қозының басын тартып, асты-үстіне түседі. Сый-құрметін жасап болған соң:
— Құрметтім, сенен сұрайтын бір тілегім бар, — дейді бай.
— Менен қазына қалап, мал сұрамайтын шығарсың. Мәні қалай екен айтқын, — дейді Бұлғақ.
— Айтсам, жалғыз баламды құтты орнына қондырар той жасамақшы едім. Саған тілегім — осы тойды ұрыс-жанжалсыз тарат, жарқыным!
— Жоқ, болмайды. Бұл тілегіңді орындай алмаймын, — деп Бұлғақ біржола бас тартады.
— Тәңірім-ау, неге, неге... Неге орындалмайды? Орындағанда нең кетеді, — деп бай бәйек болады.
— Неге «нем» кетпейді? Сен қызыңды ұзатады екен деп, мен еркімнен айырылмақшымын ба? Менің еркім «әйт» десең өріп, «шәйт» десең жататын сенің қоралы қойың емес. Өзіме-өзім ие болам деп айта алмаймын. Өзі келіп тиіссе де, үндемеуім керек қой.
— Саған кім тиісуші еді? — деп бай қанша қақсаса да:
— Айттым, бітті. Мені қинама, — дейді.
Бұлғақты тамағымен-ақ табындырып аламын деген байдың амалы құрып ақыры:
— Тойымды аман-есен, у-шусыз өткізсең, астыңа ат мінгізіп, үстіңе шапан кигізейін, көнесің бе? — дегенде Бұлғақ:
— Көнем, — депті.
Осылай тоқтамға келген соң төңіректің төрт бұрышын шақырған ұлы дүбір той басталады. Садақ тартқан, қыз қуған, палуан түсіп, ат шапқан, тебен іліп, теңге атқан, жар-жар айтып, ән салған алуан-асыр той-думан аптаға созылады. Төбелесті жақсы көретін Бұлғақ тентекке талай-талай қанқызды оқиғалар тап болып, «сап-сап көңіліме» салып әзер шыдайды. Ақыры той да аяқталады. Бұлғақ байға келіп:
— Айтқанымды орындадым. Тойың аман-есен аяқталды. Ал ат-шапанымды әкел, — дейді.
Сонда анау:
— Әй, Бұлғақ, сен той сайын төбелес шығарып, ат-шапан айып тартып жүретін Бұлғақ емес пе едің? Осы жолы ондай шығыннан аман қалдың. Білсең, менің берген ат-шапаным осы емес пе? — дегенде, тура сөзге тоқтамды ер Тентек:
— Әттегене, кеңірдек келіп еді. Арамза неме алдап соқты-ау, — деп санын бір салып жүріп кеткен екен.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі