Қоңыр күз келді...
Алтай иен. Жайлаудан жұрт көшіп кеткен. Қар аралас жауатын жаңбыр да тиылды. Сарыжұрт қаңырап бос жатыр. Жерде қырбақ бар. Күн бұлттанса, қар ұшқындайды.
Алтайдың қоңыр аюы сарыжұрт қоймай аралап жүр. Жерошақты қопарып, сүйек-саяқ дәметеді. Мал сүйегін ошаққа өртеп кететін малшылардан күйген тобық қана талғажу болады. Жаз бойы атан өгіздей семіріп алған аюға сары асық пен қу тобық ермек. Сілекейін шұбыртып малтадай езеді.
Күн суыта бастады. Қоңыр аю да Тымбай шатындағы үңгіріне қарай қорбаңдады.
* * *
Қара күз түсті...
Алтайды қар басты. Шыңылтыр аяз қысты. Шыршалар ұлпа қар жамылды. Қоңыр аю үңгірінен шықты.
Қар екі жауған еді. Аю қыс бойы ұйықтайтын. Ұйықтар алдында үңгірінен шыққан. Үңгірі жуан қарағай түбінде, қарақат арасында болатын.
Аю сай ішіне түсті. Сай табанында саз бар. Саздың жылы табынан қар еріп кетіпті. Саздың шетіне келген аю әр жерді иіскеледі. Кенет шымды тырнағымен қопарды. Саздың шымы жұмсақ екен.
Шым астынан үйіліп жатқан көп тамыр шықты. Тамырларды саз сорып, аппақ ақжем болып қалыпты. Бұл тамырларды аю жазда жинап, сазға көміп тастаған. Тамырлар әр түрлі шөптердікі. Көбісі «бек» деген өсімдіктің жүрек секілді тамыры. Бұғы тамыры мен атақты Алтайдың «алтын тамыры» бар. Тіпті саз жуасы – сусарымсақ та қосылыпты. Тамырлар сусарымсақпен тұздықталып, бұрқыраған жұпар иіс шығарады. Бұл – аютамыр еді.
Майдан жарылардай семірген аю бірақ тамырға тиіскен жоқ. Ол көмген «жемін» тексеріп еді. Саздың шымын қайта жауып қойды. Кешікпей үңгіріне кеп, қысқы ұйқыға бас қойды.
Аютамыр таудың қалың қары мен жылы сазы астында қала берді.
* * *
Қаһарлы қаңтар қысты...
Аю қыс ортасында оянды. Үңгірдің аузын қар басып қапты. Оның жылы демінен алақандай «жылым» тесік пайда бопты. Әлгі жылымнан әлсіз жарық түседі.
Аю жылымға қолын жүгіртіп, қасат қарды сыртқа қарай қопара шықты. Қиядағы үңгіріне күн түсіп тұр екен. Көзі күн мен қарға шағылды. Жанарынан жас ақты. Сәлден кейін дәу денесі қорбаңдап, етектегі сазға түсті. Уқорғасын өскен саз қызулы болғандықтан бетіндегі қары астынан еріп, құрақ көрпедей жұқа екен. Ол күртік қарды қолымен сыпырып тастап, шымды көтере қопарды. Астынан сазжуа араласқан күздегі тамырлар көрінді. Түрлі тамырдың күшті иісі жұпардай бұрқырап, төңіректі алып кетті.
Аю жанына да жұпар иіс жағып кетті. Ол танауын көтере иіскеп, гүр-гүр етті. Сөйтті де еңкейе түсіп, тамырларды қолдарымен көсіп-көсіп алды. Аузына асыға тығып, қарбыта асады.
Сол күні аю майлы тамырларға әбден тойды. Терісі салбырап, қалың майынан сылына бастапты. Бұлақ басынан балдыр да жеді, суға да қанды. Күн кешкіре үңгіріне кіріп, қайта жатып қалды.
Ол осыдан көктемге дейін оянбайды. Апанынан шықпайды. Майлы алақанын сарытап қылғанша жалап, имек саусақтарын ақжем болғанша сорып жата береді. Жаз бойы тұла бойына жинаған майын қыс бойы қорек етіп шығады. Аютамыр көк шыққанша асқазанын аздырмайды.
Күн қысқа, түн ұзақ. Науырызға әлі ерте.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі