ІІІ бөлімді ерлік-ертегі
Қатысушылар:
1. Мөлдір.
2. Құтжол.
3. Қоянтай.
4. Қыдыр Ата.
5. Көктем қыз
6. Қарақшы.
7. Мыстан.
8. Маймыл.
9. Дәу.
10. Көпшілік сахнасында әр түрлі қуыршақтар
БІРІНШІ БӨЛІМ
Шымылдық ашылғанда Сәбит Ұлықпанұлының «Қуыршақтар әні» орындалып, билеп жүрген қуыршақтар көрінеді. Төрде ұйықтап жатқан Мөлдір оянады. Бір қуыршақ төсегін жинасып, бірі киімін киіндіріп, бірі қолына су құяды. Айнаға қарап таранып болған Мөлдір Құтжолмен бірге қуаласпақ ойнайды.
Мөлдір: О, шаршап кеттім ғой. Құтжол сен неге менен озып кете бересің? (залға қарап) Ой, кешірерсіздер. Құтжолмен жарысамын деп сіздерді байқамай қалыппын ғой. Сәлеметсіздер ме, балалар. Менің атым-Мөлдір. Мынау менің досым. Аты-Құтжол.
Құтжол: Саламатсыздар ма, балалар.
Мөлдір: Балалар, сіздердің аттарыңыз кім? (Құтжол үреді) Туу, Құтжол, түк есіттірмедің ғой. Кім дейсіңдер? Жарар. Кейін бір-бірлеп танысармыз. (Құтжол тағы үріп Мөлдірдің етегінен тартқылайды) Немене? Тағы жарысайық дейсің бе? Мақұл. Ал,кеттік. Бір, екі, үш! (Екеуі жарыса жүгіреді. Құтжол озып кете береді) Тағы озып кеттің бе? Балалар, сендер айтыңдаршы. Құтжол менен неге озып кете береді. (ойланып қалады) Айтпақшы, балалар, біздің неге жарысып жүргендерімізді білесіңдер ме?
Құтжол: Ертең Қыдыр Ата келеді. Сонда Қыдыр Атаның алдынан кім бірінші барып, ән салып, би билеп, тақпақ айтып берсе, сол ең әдемі сыйлыққа ие болады.
Мөлдір: Біз соған дайындалып жатырмыз. Қыдыр Атамызға көрсетер өнеріміз де дайын.
Құтжол: Мен тақпақ айтамын. Айтып берейін бе?
Құтжол деген ірімін,
Қазынаның бірімін.
Адамдардың досымын,
Өтірік пе осыным.
Ел байлығын күзетем,
Қыңырларды түзетем.
Туған жерді түлетер,
Азаматпыз біз ертең.
Мөлдір: Ал, мен би билеп беремін.
Музыка ойналып Мөлдір билейді
Құтжол: Біз, Мөлдір екеуміз ән де айтамыз.
Екеуі Сәбит Ұлықпанұлының «Жас шабандоз» әнін орындайды.
Мөлдір: Кел, Құтжол, қайтадан жарысамыз. Балалар, сендер мен озсам «Мөлдір» деп айқайлап, қостап отырыңдар.
Құтжол: Ал, мен озсам «Құтжол» деп айқайлаңдар.
Мөлдір: Қазір кім озғанын көреміз.
Құтжол: Балалар, сендер «Бір! Екі! Үш!» деп санаңдар. Кәне.
Құтжол өзі бастап санайды да, «Үш» дегенде жүгіре жөнеледі. Бірде Мөлдір, бірде Құтжол озып, ақырында Құтжол жеңіп шығады.
Мөлдір: Қап. Тағы да озып кетті-ау.
Құтжол: Алақай, алақай. Ертең Қыдыр Атаның алдынан мен бірінші шығамын.
Мөлдір: Оны әлі көрерміз. Бірақ сен шынында қалай озып кеттің? Мен озып келе жатқан сияқты едім.
Құтжол: Қыздар дым жүгіре алмайды. Тасбақа сияқты тырбаңдап жүгіресіңдер.
Мөлдір: Мынаның мазақ қылуын-ай. Енді сенімен дос болмаймын. (Өкпелейді)
Құтжол: Жарайды ренжімеші.
(әндетіп жұбатады.)
Аузың кетті бұртиып,
Еріндерің дүрдиіп.
Өкпелейсің сен неге,
Кетті екен кім тиіп?
Мөлдір: (күліп жібереді) Енді мазақтамайсың ба?
Құтжол: Ешқашанда. Мен сенен қалай озып кеткенімді айтайын ба?
Мөлдір: Ал, айтшы. Бірақ өтірік алдама.
Құтжол: Айтайын ба, балалар?
Мөлдір: Айтатын болсаң, айтпайсың ба жалындырмай.
Құтжол: Ендеше қарамайсың ба? Менің аяғым төртеу емес па?
Күледі.
Мөлдір: Расында аңқау басым, қалай білмегенмін.
Күледі. Осы кезде біреудің жүгіріп келе жатқан дыбысы есітіледі.
Құтжол: Бұл не болды екен? (Құлағын жерге төсеп тыңдайды) Осылай қарай жанұшыра жүгіріп келе жатыр. Қазір қандай батыр екенін білеміз. (ауаны иіскейді) Қызықты қара, қыли көз, ұзынқұлық қой мынау.
Мөлдір: Бұл жақта ол не қылып жүр?
Құтжол: Қазір анықтаймыз. Қане, жасырына тұрайық.
ЕКІНШІ КӨРІНІС
Музыка ойналып, алқына жүгіріп Қоянтай шығады.
Қоянтай: Ойпырмай, жете алсам болар еді. Қасқырдан да құтылдым, түлкіден де құтылдым. Енді тезірек жетсем екен. (Осы кезде Құтжол артынан келіп арс ете қалады. Қорыққан Қоянтай дір-дір етіп жата кетеді.) Ағатай тимеші. Қасқырдан да құтылдым, түлкіден де құтылдым, енді кімге тұтылдым?
Мөлдір: (жүгіріп шығады) Құтжол, кет былай. Тиме.
Қоянтай зып беріп, Мөлдірдің артына тығылады.
Қоянтай: Тиме деңізші, итіңізге...
Құтжол: Мен ит емеспін, Құтжолмын.
Қоянтай: Иә, иә, ит емессіз, Құтжолсыз.
Мөлдір: Сен кімсің? Мұнда неге келдің?
Қоянтай: Мен бе?
Құтжол: Енді кім? Мен сенен сұрап тұрмын ғой.
Қоянтай: Мен қоянмын. Қоянтаймын.
Мөлдір: Құтжол, болды. Қорқыта берме. Онсыз да зәресі ұшып кетіпті.
Құтжол: Жарайды мен жай ойнасам.
Мөлдір: Аптығыңды бас, Қоянтай. Қайдан келесің, қайда барасың?
Қоянтай: Құтжол ары бара тұрсыншы. Қорыққаннан ауызыма сөз түсер емес.
Мөлдір: Құтжол, естідің ғой.
Құтжол: Нені?
Мөлдір: «Ары бара тұр» деген жоқ па?
Құтжол: Жарайды.
Аулағырақ барып, құлағын тосып сөз тыңдайды.
Мөлдір: Айта бер. Қорықпа.
Қоянтай: Айтсам сұмдық. Биыл Қыдыр Ата келмейтін болыпты.
Мөлдір: Қалайша?..
Қоянтай: Қалың орманның ар жағында, қарлы таулардың бер жағында жалғыз көзді қара дәу, Қыдыр Атаны алдап үлкен жартастардың арасына қамап қоймақ.
Құтжол: Соқпа өтірікті.
Мөлдір: Туу, Құтжол қоя тұршы, даурықпай.
Қоянтай: Егер Қыдыр Ата келмесе, көктем келіп, жаз шықпайды. Жердің бәрін мұз қаптап, суықтан құстар келе алмай, қырылады. Аязға шыдамаған аңдар басқа жаққа ауып кетеді. Балалар сыртқа шығып еркін ойнай алмайды.
Мөлдір: Мұны сен қайдан білесің?
Қоянтай: Бұтаның арасында тығылып тұрып, қасқыр мен түлкінің әңгімесін есітіп қалдым. Олар мені байқап қойып, әзер қашып құтылдым.
Құтжол: Олар Қыдыр Атаны қалай келтірмейді. Ата таяғын көтеріп қалғанда-ақ бірден көктем шығып, жаз орнайды.
Қоянтай: Қыдыр атаның келер жолында қарақшылар бар. Оның басшысы өте қорқынышты.
Құтжол: Қарақшылардың қандай қатысы бар?
Қоянтай: Мыстан кемпір қарақшыларға барып, Қыдыр Атаның таяғын ұрлап алуға көндіреді.
Мөлдір: Ал, қасқыр мен түлкі қайда?
Қоянтай: Олар осында қалып, балаларды Қыдыр Ата келмейді деп қорқытып, ойнатпай қоймақ.
Құтжол: Ал, сен қайда дедектеп барасың?
Қоянтай: Мен осылардың барлығын Қыдыр Атаға айтуға асығып барамын.
Мөлдір: Жарайсың, Қоянтай.
Құтжол: Мен сені әншейін қорқақ Қоян ба десем, батыр ноян екенсің ғой. Кел, дос болайық.
Құтжол мен Қоян екеуі құшақтасып, қол алысып достасады.
Мөлдір: Былай болсын, достар. Үшеуміз де Қыдыр Атаға барып осы жайды ескертейік.
Құтжол: Қажет болса көмектесеміз де...
Мөлдір: Тездетейік. Қалайда Мыстанның алдын орау керек. Қыдыр Ата жауыздардың алдауына түсіп қалмасын. Қыдыр Ата балаларға керек. Солай ма, балалар?
Құтжол: Ендеше, біз кеттік.
Үшеуі әндетеді:
Біздер батыр баламыз,
Дәуге қарсы барамыз.
Ұстап алып Мыстанның,
Мұрнын кесіп аламыз.
Қарақшыны жеңеміз,
Сыбағасын береміз.
Ертіп Қыдыр Атаны,
Балаларға келеміз.
Үшеуі қарыштап жүріп кетеді.
ЕКІНШІ БӨЛІМ.
Үшінші көрініс
Қарақшылардың мекені. Бір шеттегі тастың тасасына Мөлдір. Құтжол, Қоянтай келіп жасырынады. Тас үстінде алба-жұлба киімді қарақшылардың бастығы қылышын қайрап, әндетіп отырады.
Қарақшының әні:
Ормандарды билеген,
Ешкімге бас имеген.
Момындарды қорқытқан,
Күштілерге тимеген.
Мектебіңе бармайтын.
Ісі де жоқ үйменен.
Екі қосса екіге,
Қанша болат білмеген.
Түрім сұсты, бүжәймін,
Ешқашан да күлмеген.
Бұзықтардың бастығы,
Қарақшымын - мен деген.
Мөлдір: Қарақшыны көрдіңдер ме?
Қоянтай: Қандай қорқынышты. Мен қорқып барамын.
Құтжол: Қорықпа. Мен барып қазір-ақ талап тастаймын.
Мөлдір: Қозғалма, Құтжол. Әуелі аңдысын аңдып, жағдайды анықтап алайық.
Қоянтай: Иә, расында кім біледі. Оның қарақшылары көп шығар, ұстап алып жүрсе.
Құтжол: Өй, қорқақ. Қорқақ.
Қоянтай: Мөлдір, қарашы, мазақтай береді.
Мөлдір: Өзіңнің достарыңды мазақ қылма. Ол жаман әдет. Қоян қорқақ емес, сабыр сақтаған дұрыс. Көзсіз ерлік неменеге керек?
Құтжол: Жарайды, қойдым.
Қарақшы: (селт етіп) Немене, біреулер жүр ме? (тастың тұсына келіп тың тыңдайды) Менің билігімдегі жерге кімнің батылы барып келіп жүр?
Қолын шапалақтайды. Музыка ойналып қисалаңдай билеп Маймыл келеді.
Маймыл: Мені шақырдыңыз ба?
Қарақшы: Біздің жерде біреулер жүр. Батылы барып мұнда аяқ басқан кім? Әлде сен біреулерді ертіп келдің бе?
Маймыл: Қойыңызшы, қайдағыны айтпай. Сіз тұрғанда кім келуші еді, қорықпай?
Қарақшы: Сен мисыз маймыл. Шекара күзетін ашық тасағансың ғой. Осыдан біреу-міреу келген болса, ана миы жоқ, қауақ басыңнан шарап ішетін ыдыс жасаймын.
Маймыл: Менің миы жоқ қауақ басым тесік-тесік. Құйған шарабыңыз ағып кететін шығар.
Қарақшы: Қалжыңдағанда көрсетемін мен саған (тұра ұмтылады).
Маймыл: (қашып) Қойдым, қойдым. Ұрмаңызшы, қытығым келеді.
Қарақшы Маймылды қуып жүреді де, Мөлдірлер тығылып отырған тастың қасына келгенде кілт тоқтай қалады.
Қарақшы: (ауаны искеп) Немене адамның иісі шыға ма?
Маймыл: Менің иісім шығар.
Қарақшы: Адамнан садаға кет, шимпанзе. (тағы да иіскеп) Иттің де иісін сезіп тұрмын.
Маймыл: Менің иісім шығар.
Қарақшы: (қолын сілтеп) Өшір үніңді. Қоян да бар ма деймін. Шіркін, қыли көз қолыма бір түссе, қуырдаққа тоятын.
Маймыл: Менің де қарыным ашты.
Қарақшы: Батыр қараңды. Әйтпесе сенен қуырдақ жасаймын.
Маймыл: (Қарақшының аяғына жығылып) Менен қуырдақ жасамаңызшы. Басымда миым, ішімде дымым жоқ. Қарашы, тақсыр. Ап-арықпын.
Қарақшы: Кет ары, еселаң. Сенен қуырдақ жасап, қақалып өлер жайым жоқ.
Маймылды көтеріп алып, итеріп жібереді. Қарақшы осыған алаң болып жатқанда Мөлдір, Құтжол, Қоянтай үшеуі тездетіп екінші жаққа кетіп қалады.
Қарақшы: (тағы да ауаны иіскелеп) Қайда кетіп қалған? Жоқ. Бәрібір мен сендерді құтқармаймын.(Маймылды итеріп жібереді) Әкел!
Маймыл: Нені әкелем. Қуырдақ па?
Қарақшы: Қуырдақтың көкесін көрсетермін, қазір мен саған. Тезірек әкел.
Маймыл: Қоянды қайдан табамын?
Қарақшы: Қоянда басың қалғыр, жаныңның барында тез дүрбіні әкел.
Маймыл жүгіріп барып дүрбіні әкеліп береді.
Маймыл: Мінекейіңіз, тақсыр!
Қарақшы: (дүрбімен айнала шолып) Қайда кетті, қай бұрышқа тығылды екен? (залға қарап шошып кетеді) Ойбай! Сақтан! Қаптап келеді.
Маймыл: (Қарақшының артына тығылып) Кімдер қаптап келеді?
Қарақшы: Бізге қарай жас батырлар қаптап келеді.
Маймыл: (дүрбіден қарап) Өздері кемеге мініп келе ме? Ойпырмай не деген көп.
Қарақшы: Жоқ. Бұлар атты жауынгерлер шығар. Басшысы кім екен?
Маймыл: Қайдам? Мына алдында тұрған бала шығар?
Қарақшы: Әлде, мына шеткі тұрған батыр ма?(Бір топ жас батырлар кіреді)
Маймыл: (жасқаншақтап) Балалар сендердің командирлерің кім?
Қарақшы: Мен командирмін дегендерің қолдарыңды көтеріңдер.
Маймыл: Ойпырай, мыналардың барлығы да батыр ғой. Енді қайттім.
Қарақшы: Менің ер жүрек қарақшыларымды шақыр. Қазір мен бұларға қызықты көрсетейін.
Маймыл: Бұл орманда екеумізден басқа ешкім жоқ. Барлығы кеше бет-бетіне безіп қашып кеткен.
Қарақшы: Немене? Қашқындар, сатқандар. Осыдан қолыма түссінші, бір-бірлеп арқасынан таспа тілермін.
Маймыл: Оған дейін мына балалар сазайымызды берер.
Қарақшы: Енді не істейміз? Жаңағылар осылардың барлаушылары болды ғой.
Маймыл: Тақсыр бұл маңнан тезірек кетейік. Бір жерге барып жасырына тұрайық.
Екеуі тастың тасасына барып тығылады. Сол кезде сатыр-сұтыр найзағай ойнап, түтін будақтап, кенеттен Мыстан пайда бола кетеді.
ТӨРТІНШІ КӨРІНІС.
Қорқынышты музыка ойналып Мыстанның биі басталады. Мыстанның айналасында қара киімді нөкерлері қосы билейді.
Мыстан:
Арқам бүкір томпайған,
Мұрыным ирек қисайған,
Мыстанмын.
Сыпырғымен самғайтын,
Жұрттың бәрін алдайтын,
Мыстанмын.
Жын-перімен туысқан,
Жақсылармен шығысқан.
Мыстанмын.
Ойлайтыны арамдық,
Іздейтіні жамандық,
Мыстанмын.
Мыстан: Қаһарлы да, қорқынышты, даңқты да, данышпан Қарақшы қайдасың?!
Қарақшы: Мұндамын.
Маймыл: Мұндамыз.
Мыстан: Немене, жасырынбақ ойнап жүрсіңдер ме?
Қарақшы: Ана балалардан қорқып тұрмыз.
Маймыл: Олар шеттерінен батыр екен өздері. Біздерді ұстап ала ма деп зәреміз жоқ.
Мыстан: Ха-ха-ха. Олар ертегі тамашалауға келген балалар емес пе? Сендерге тимейді.
Қарақшы: Алдап тұрсың.
Мыстан: Шын айтамын. Бері шыға беріңдер.
Қарақшы мен Маймыл жасырынған жерлерінен шығады.
Қарақшы: Осыдан балалар бізге тисе алдымен сені өлтіреміз.
Маймыл: (жасқаншақтап) Балалар бізге тимейсіңдер ме?
Мыстан: Неменеге қорқасыңдар. Мен тұрғанда қорықпаңдар. Әлде менің Мыстан кемпір екенімді, атақты сиқыршы екенімді ұмытып қалдыңдар ма?
Қарақшы: Сенің кәрі мыстан екеніңді білеміз. Бірақ сиқыршы екеніңе сенбемін.
Мыстан: Сенбесең қара. Мен қазір сенің Маймылыңды жоқ қылып жіберемін.
Маймыл: Неге мен? Неге мен?
Мыстан күбірлеп «сүф» деп қалған да Маймыл жоқ болып кетеді.
Мыстан: Қалай енді сендің бе?
Қарақшы: Маймылым қайда? Қақпас Мыстан Маймылымды қайтар.Әйтпесе басыңды шауып аламын.
Мыстан күбірлегенде Маймыл қайта пайда болады. Қарақшы Маймылын көріп басын шайқайды.
Мыстан: Қалай енді сендің бе?
Қарақшы: Жарайды. Сен өзің мұнда неменеге келдің?
Мыстан: Қазір осы жерден Қыдыр шал өтеді.
Қарақшы: Өте берсін. Ол жылда осы жерден өтіп жүрген жоқ па?
Маймыл: Қыдыр Ата өткен кезде ағаштар жапырақ жайып, күн жылынып, гүлдер шешек атады. Ағаштардан жеміс теріп жейміз.
Мыстан: Енді ол шалды өткізбеу керек.
Маймыл: Неге?
Мыстан: Неге, неге? Милау неме. Қыдыр келсе көктем келіп, жаз орнайды.
Қарақшы: Онда тұрған не бар?
Мыстан: Күн жылынса, жаз шықса балалардың бәрі далада асыр салып ойнап, айналаны у-шу қылмай ма?
Қарақшы: Мен балалардың күлкісінен қорқамын.
Мыстан: Күн жылынса жұрттың бәрі еңбек етіп, егін егуге шығады.
Маймыл: Еге берсін. Егер жұрт бақша ексе мен қауын, қарбыз ұрлаймын.
Мыстан: Адамдар барлығын өздері өндіріп алса, бізге бағынбай кетеді. Сендердің де мына қара түнек ормандарыңды тас-талқан етіп орнына гүлдер егеді.
Қарақшы: Мен гүлдерді соншалықты жек көремін.
Мыстан: Міне, міне сондықтан Қыдыр шалды бұл жерден өткізбеу керек.
Маймыл: Қыдыр Ата біздің айтқанымызға көне ме? Ол жүріп келе жатқанда-ақ айнала жап-жарық болып, ағаштар жапырақ жайып гүлдер шешек ата бастайды.
Мыстан: Оның амалын табамыз. Сендер ол шалды сөзге айналдырып тұрғанда, мен артынан келіп, сиқырлап тастаймын. Сосын қапқа салып Дәуге апарып береміз.
Қарақшы: Дәу Қыдыр атаны қайтеді.
Мыстан: Біздің ұстап тұруға шамамыз жетпейді. Оны тек Дәу ғана таудың арасына үңгірге қамап қояды.
Қарақшы: Сен оны қалай сиқырлайсың?
Мыстан: Менде сиқырлы айна бар. Оған не айтсаң да орындайды.
Қарақшы: Жарайды біз ақылдасып алайық.
Қарақшы мен Маймыл оңаша сыбырласады.
Қарақшы: Мыстанның айнасын қолға түсіру керек.
Маймыл: Кәрі Мыстан бізге оны бере ме?
Қарақшы: Мен сөзге айналдырып тұрғанда сен қолынан жұлып ал.
Маймыл: Мыстан сиқырлап өзімізді жоқ қылып жібермей ме?
Қарақшы: Тілің мен жағыңа сүйенбей айтқанды орында. Айна қолға түссе бүкіл әлем ашсаң алақаныңда, жұмсаң жұдырығыңда болады. (екеуі қайтадан орындарына барады) О заман да, бұ заман айна сиқырлайды дегенді кім естіген. Көзбен көрмеген соң, құр сөзге сену қиын. Кәне, айнаң?
Мыстан: Сендерді алдағанда маған мүйіз шыға ма? Мінекей айнам.
Мыстан айнаны көрсете бергенде, Маймыл қолынан жұлып алады.
Мыстан: Қалжыңдама Маймыл. Айнаны бері әкел.
Маймыл: Біз қалжыңдап тұрғанымыз жоқ. Айна енді біздікі.
Мыстан: Мен саған көрсетейін, кәрі Мыстанмен ойнағанды.
Мыстан ұмтылғанда Маймыл айнаны Қарақшыға қарай лақтырып жібереді.
Қарақшы: (айнаны қолына алып) Ха-ха-ха. Мен енді әлемнің қожасымын. Кәрі Мыстан сенің күнің батты.
Мыстан: Қарақшы айнаны өзіме қайтар. Өмір бақи құлың болып өтейін.
Қарақшы: Сиқырлы айна, мына, кәрі Мыстанды жоқ қылып жібер.
Мыстан: А-а, Қарақшы...
Мыстан шыр айналады да, жоқ болып кетеді.
Қарақшы: Ха-ха-ха. Енді мен барлығын да жоқ қыламын. Қыдыр Атаны да, балаларды да... бар әлемді жалғыз билеймін.
Тастың тасасынан Мөлдір, Құтжол, Қоянтай көрінеді.
Мөлдір: Қарақшының қолындағы сиқырлы айнаны көрдіңдер ме?
Құтжол: Қоянтай: Иә, көрдік.
Мөлдір: Сол айнаны қолға түсіру керек. Әйтпесе сиқырлы күшке ие болған Қарақшы ойына келгенін жасайды.
Құтжол: Айнаны қалай қолға түсіреміз?
Мөлдір: Қоянтай, сен тез Қыдыр Атаның алдынан шық. Мұндағы барлық жағдайды ескерт. Және де тезірек келіңдер.
Қоянтай: Мақұл.
Кетеді.
Мөлдір: Құтжол, ыңғайлы сәтті аңдыиық.
Мөлдір мен Құтжол жасырынады
Қарақшы: Қазір сиқырлы айна арқылы осы жерде тығылып жүргендерді тауып аламын.
Маймыл: Тақсыр, қасиетті де, сиқырлы айнаңызды қолыма ұстап көрейінші.
Қарақшы: Бар қарақшы қашып кеткенде, қасымда қалған жалғыз сенен немді аяйын. Міне, көр. Бірақ тезірек қайтар. Мен жаңағыларды тауып алуым керек.
Маймыл: (айнаны алған бетте шетке секіріп) Ха-ха-ха. Өмір бойы аңсаған арманыма енді ғана қолым жетті-ау. Қазір қарақшыны жоқ қылсам, осы орманның қожасы мен болмай кім болады.?
Қарақшы: Сен, Гориланың азған тұқымы не деп тұрсың?
Маймыл: Сені Мыстан кемпірдің артынан жөнелткелі тұрмын.
Қарақшы: Оңбаған. Жөнелткенді көрсетемін. Мен саған...
Қарақшы тұра ұмтылады. Маймыл қашып ұстатпайды. Осы сәтте Мөлдір Құтжолға қимылда дегендей белгі береді. Құтжол асқан ептілікпен Маймылдың қолындағы айнаны қағып кетеді.
Маймыл: (жанұшыра) Әкетті, әкетті.
Қарақшы: Нақұрыс. Бәрі сенің кесірің. Енді ұстап көр мына итті.
Екеуі итті қуады.
Мөлдір: Құтжол, ұстатпа. Жүйрік едің ғой. Ұстатпа қарақшыларға.
Құтжол қарақшыларға алдырмай әрі-бері жүгіреді де, бір айналып айнаны Мөлдірге әкеліп береді.
Қарақшы: Балақай, айнамен ойнамаңдар. Сындырып аласыңдар. Өзімізге қайтарып бер. Біз сендерге көп тәтті береміз.
Маймыл: Бұл айнадан да жақсы, үлкен айна әкеліп береміз.
Мөлдір: Жақындамаңдар. Әйтпесе екеуіңді де сиқырлап, жоқ қылып жібереміз.
Құтжол: Жақындамаңдар. Әйтпесе екеуіңді де талап тастаймын.
Қарақшы: (жалынып) Балақай сиқырлай көрме.
Мөлдір: Балалар Қарақшы мен Маймылды не істесек екен? Жарайды екеуіңе қояр бір шартым бар.
Қарақшы: Айта ғой, балақай. Орындаймыз.
Мөлдір: Екеуің де бұл жаман қылықтарыңызды тастаңыздар. Адал өмір сүріңіздер.
Қарақшы: Маймыл: Мақұл, балақай. Жаман қылықтарымызды тастаймыз, адал өмір сүреміз.
Мөлдір: Ал, енді, барыңдар.
Құтжол: Барыңдар деді ғой, сендерге. Болыңдар. Табандарыңды жалтыратыңдар. Әйтпесе...
Мөлдір: Қой, Құтжол. Жеңілгенге күш көрсету жарамайды.
Қарақшы мен Маймыл кетеді.
Мөлдір: Бұл айнаны қайтсек екен.?
Құтжол: Көп қылып, тәтті балмұздақ алдырайық.
Мөлдір: Балмұздақты көп жесең суық тиіп қалады.
Құтжол: Онда...
Мөлдір: Таптым. Сиқырлы айна осы жерге Қыдыр ата мен Қоянтайды аман-есен алып келсін.
Сиқырлы музыка ойналады. Қоянның «Мөлдір», «Құтжол» деген дауысы шығады.
Құтжол: Біз мұндамыз.
Алдынан жүгіріп кетеді де, Қоянтайды ерітіп келеді. Үшеуі көңілді, қуанып би билейді.
Қоянтай: Мөлдір барсыңдар ма? Сендерге не болып қалды деп қатты қорықтым.
Құтжол: Көрдің бе, біз Қарақшы мен Маймылдың быт-шытын шығардық.
Мөлдір: Ой, мақтаншағым-ай.
Құтжол: Енді Маймылдың қолынан айнаны тартып алғаным өтірік пе?
Қоянтай: Рас па?
Мөлдір: Біздің Құтжол мықты.
Қоянтай: Жарайсың, Құтжол. Мен сенің батыр екеніңе сенгенмін.
Мөлдір: Қоянтай, Қыдыр Ата қайда?
Қоянтай: Қыдыр Ата айналаның бәрін жасыл желекке орап келе жатыр. Мен қуанғанымнан алдына түсіп озып кетттім.Тезірек өздеріңе жетемін деп қатты жүгірдім. Сендерді сағынып қалыппын.
Мөлдір: Қоянтай егер біз үшеуміз жарыссақ сен озып кетер едің.
Құтжол: Кәнекей, бәріміз, Қыдыр Ата деп айқайлайық. Сонда ата бізді бірден тауып алады.
Мөлдір: Кәне балалар, бәріміз Қыдыр Ата деп шақырайық.
Барлығы қосылып «Қыдыр Ата» деп шақырады. Көктем музыкасы ойналып, бұлбұл құстардың дауысында сахнаға Қыдыр Ата шығады. Барлығы мәз-майрам болып, шаттанады.
Қыдыр Ата: Амансыңдар ма, балаларым?!
Барлығы: Амансыз ба, Ата?!
Мөлдір: Ата, менің атым-Мөлдір. Мынау, менің досым-Құтжол. Бұл өзіңізбен бірге келген-Қоянтай. Ал, мына балалар бізбен бірге өзіңізді күтіп жүрген біздің достарымыз.
Қыдыр Ата: Көп жасаңдар, балаларым. Жаңа Қоянтай «Қарақшы, Мыстан» деп бір жаман адамдар туралы айтып еді.
Мөлдір: А-а, Маймыл мен Қарақшы ма? Біз оларды сиқырлы айнаның күшімен жеңіп шықтық.
Құтжол: Мөлдір, Мөлдір сиқырлы айнаны атамызға көрсетсеңші.
Мөлдір: Міне ата, біздің сиқырлы айнамыз. Тек оны енді қайтерімізді білмей тұрмын. Сіз не айтасыз, ата?
Қыдыр Ата: Оны енді өздерің ойласыңдар. «Ақыл жастан, асыл тастан» деген.
Құтжол: Мөлдір оны қолымызға ұстап жүрейік. Сонда қарақшылардың бәрі бізден қорқады.
Қоянтай: Мына балаларға көп қылып тәтті алып берейік те.
Мөлдір: Жоқ. Олай болмайды. Енді қайтсек екен. О-о... таптым. Сиқырлы айна көп айналарға айналсын да әр үйдің төрінде ілініп тұрсын.
Қоянтай: Сонда ол не істейді?
Мөлдір: Ол ма, ол әр үйдің төрінен балаларға бақыт тілеп тұрады. Солай ма, ата.
Қыдыр Ата: Жарайсыңдар, менің батыр балаларым.
Мөлдір: Ата, біздің Сізге арнаған ән-биіміз бар.
Қыдыр Ата: Е-е, солай аталарыңды бір қуантыңдыршы.
Сәбит Ұлықпанұлының «Жас шабандоз» әні орындалып барлығы әнге би билейді.
ШЫМЫЛДЫҚ
Авторы Тілеген Бекарыстанов
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі