Өмір – адамға бір-ақ рет берілетін баға жетпес қымбат сый. Осы сөздің астарында үлкен мағына, терең сыр жатыр.
Өмірдің мәні жайлы әркім әр қилы ойлайды. Мен үшін өмірдің мәні - осы бізге берілген сыйды бағалай білу, аялай білу, ардақтай білу.Өмірдің мәні адалдық, адамдықта.Бір күндік өмірдің мәні болмайды.Мен әр кеш сайын өзімнің өткен бір күніме талдау жасап, саралаймын.Дұрыс емес жерлерімді түзеп, келесі күні ол қателіктерімді қайталамауға тырысамын.Бастысы, сол қателікті уақытында біліп отыру керек деп ойлаймын.
Кей кездері біреулерді өсектеп, я болмаса кей өсектерге сеніп жатамыз.Оның шын не өтірік екенін саралап бас ауыртпаймыз.Ал өзге емес, өзімізге бір рет болса да сыни көзбен қарасақ, өмір анағұрлым мәнді де мағыналы болар ма еді деп ойлаймын.
Өмір – сырға толы қызық әлем. Жүрекке бірде қуаныш сыйлап, шаттандырса, бірде еріксіз мұңға бөлейді.Өмір – ғажап, өмір – тәтті! Өмір сұлулық пен үйлесімділікті талап етеді, адам мен адамгершілікті қалайды.Бірақ біз осы жалған дүниенің қадірін білеміз бе? Қайталанып келмейтін, Алланың берген сыйын адамгершілік, имандылықпен неге өткізбеске? Ғажайып өмірді адамдардың неге жақсы көрмейтініне таң қаламын.Айналадағы адамдарға қарасақ, бәрінің өз өмірі, тірлігі бар.Біреуі қиналады, біреуі қуанады, біреуі дүниеге келіп жатса, енді біреуі қабірде жатады.Кейбір адамдар осының бәрін біле тұра, Алланың сынағына шыдамай, «Мен шаршадым, өмір сүргім келмейді» дейді.Қандай жағдай болмасын ақыл-ойымызбен, сабырлылығымызбен жеңе білуіміз керек.Адам өмірі жеңіс пен жеңілістен,сәтсіздіктен, қайғы мен қуаныштан құралады.Міне, өмірдің өзі біле білсек, сонысымен қымбат.Өмірде бәрі өткінші.
Иә, өмір, өмір, өмір...Аллаһ адамға өмірді тек бір рет қана береді, сол арқылы адамның бұл өмірде жасаған жақсылығына, адамгершілігіне, өзі алданса да ешқашан өзге адамды алдамай, адал болса ғана өмірде шынайы бақытқа жеткізеді.Өмірде басыңа қандай қиыншылық түссе де, соған төтеп беріп, шыдамды, сабырлы болып, сол қиын кезеңнен шыға білсек, бұл біздің үлкен жеңісіміз.
Әрине, өмір жолы – даңғыл емес.Өрі де, ылдиы да жетерлік.Өмір сынынан сүрінбей өту – әр адамзаттың парызы.Әрбір адам аңсаған арманына жету үшін өмір бойы күреседі.Талаптанады, талпынады.Өмірдің бір «кірпіші» болып қалануға бар ынта-жігерін салады. «Адам болып қалу үшін ғаламда, үлкен арман керек екен адамға» деп, Мұхтар Шаханов атамыз жырлағандай, адамға қанат бітіретін ол – ой-қиялы, мақсат-мүддесі.Армансыз, мақсатсыз адам жарықсыз үңгірмен тең.Өмірге келгесін, артымызда өшпестей із қалдырмасақ та, адамгершілік пен рухани құндылықтарды ұмытуымызға болмайды.
Өмір өзен тәрізді тоқтаусыз, ешкімге білдірмей өтіп жатады. «Көп адам өзінің өмірге не үшін келгенін, не үшін өмір сүріп жатқанын білмей өтіп жатыр.» деп, Джан жазғандай, сол өзен ағынында кейбір жан өз арнасын тауып жатса, кейбіреулері бастарын тасқа да, жарға да ұрып, өз жолын таба алмай жатады.Соңғысы, әрине, өкінішті-ақ.
Өмір – күрес.Ең бастысы «дүние алма-кезек» дегендей, жалғандағы барша қиындықтың уақытша екенін ұғынып, «өмір» атты кемеде қатарыңнан қалмай, жолыңда кездескен қиындықтардың барлығын да жеңе білу керек.Сонда ғана біз өмірдің ғажайыптылығын сезіне аламыз.Менің түсінігімше, өмір – теңдесі жоқ, құдіретті күш иесінің бізге ұсынған сыйлығы.Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырды баянды да бақытты өткізгенге не жетсін, шіркін!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі