Тіней деген кісінің асқан қыран сары бүркіті болған екен. Көрінгенді құтқармайтын болса керек. Тіней момын, орта шаруа, аңшы, құсбегі болған адам. Егер қағушы көп болып, түлкілі жер болса күніне 40-50 түлкі алады деп, елге даңқы жайылған. Тіней Сарықұсын сұраған, құда-жегжат, би-болыстарға да бермеген.
Бір күні сол елдің аға сұлтаны үш кісі жібереді сұратып: «берсе қолынан, бермесе жолынан, тартып алып келіңдер» деп. Ханның адамдары келіп сұрайды. Бермейді. Тінейдің құсын зорлықпен алмақ болғанда, «бермеймін» деп бүркітке жармасады. Тінейді сабап-сабап, бүркітін алып кетеді. Тіней неше күндей жылап, жатып алса керек.
Бірнеше күн өткен соң хан кісі жіберіп, Тінейді шақыртыпты. Тіней барып, аттан түсіп, ат байлауышқа атын байлап жатып қақырынып дыбыс шығарады. Сегіз қанат ақбоз үйдің босағасында көзінде томаға, аяқ бауы кереге сағанағына байлаулы, тұғырда сүмірейіп, мұңайып Сарықұс отыр. Сырттан Тінейдің даусын естіп, басын көтеріп елеңдеп, қанатын қағып, сілкініп, ерекше дайындық, қуанышты жағдай білдіреді. Тіней
үйге кіріп, есіктен сәлем беріп, кебісін шешіп, төрге барып отырды. Аман сәлемнен кейін Сарықұс Тінейге қарай қанатын қағып ұмтылады. Тіней:
— Жігіттер, ана құсты бірің босатыңдаршы, — дегенше болмай керегенің бір сағанағын сындырып, Тінейге ұшып келді. Тіней жеңін түріп, оң қолының жалаңаш білегін көлденең тосты. Бүркіт қапсыра шеңгелдеп ұстап отырды.
Аға сұлтан:
— Әр нәрсе иесімен екен-ау, — деп көзіне жас алды.
Тіней бүркіттің томағасын алып, сылап-сипап, еркелеткендей көңіл білдірді. Бүркіт те сағындым дегендей алдына отырып, басын Тінейдің қойнына тығып, еркелегендей болды. Бұл Сарықұсты әкелген соң аға сұлтан жақсы құсбегі кісіні алдырып, баптап, қайыртып, аңға алып шығады екен. Тау басынан томағасын тартқанда түлкіні көріп тіленеді. Қоя бергенде сарықұс аңға түспей, бір төбенің басына қонып отырады екен. Бірнеше күндей аңға салып, түк алмаған соң иесін шақыртқан екен. Аға сұлтан:
— Сенің мына құсың өзіңнен басқаға бағынбайтын асыл екен. Маған отыз түлкі алдырып бер де, бүркітіңді өзің алып, жүре бер, — депті.
— Құп, тақсыр, азанда қағушыға жиырма адам беріңіз, — деді.
— Мақұл, — деп, азанда жиырма қағушы алып, түске дейін отыз түлкі алыпты.
— Ал, жігіттер, аттарың тың болса, тағы қағыңдар, сай-сала, бүрген, бұта қалмасын. Мұқият қағыңдар! Бастарыңа бір-бір тымақ кигізіп кетейін, — депті. Жігіттер көңілдене қағып, күн еңкейгенше сексен түлкі алып, жиырмасына байлап, отыз түлкіні аға сұлтанға беріп Тіней бүркітін алып, ауылға бармай, даладан үйіне кетіпті. Құсын үйіне әкеп, мәре-сәре болып тұра берсін. Аңға шығады, қоян, түлкі, қасқырды да алады. Күндердің күнінде бір күні үйде отырғанда құс босат деп тіленіпті. Босатады. Шаңырақтан ұшып кетеді. Атына мініп таудың бастарына шығып іздейді. Екі кезең астында бір сайда айдаһар тулап жатыр. Басына бүркіт бүріп отыр. Екі көзін ағызып, басының мылжасын шығарып өлтіріпті. Ел-елге тағыда «Тінейдің Сарықұсы айдаһар алыпты» деген дақпырт жайылыпты. Бұл даңқты қалмақ ханы естіп, шағын қолмен келіп, Тінейдің құсын тартып алмақ болып, қоршап алады. Тіней құсты босатып, шаңырақтан ұшырып жібереді. Қалмақ ханы ашуланып:
— Сен әдейі ұшырдың, — деп жендеттеріне өлтіртеді де, кетіп қалады. Бұлар кеткен соң сары бүркіт келеді. Иесінің өлгенін көріп, Тінейдің ішін жарып, жүрегін алып жеп кетеді. Бұл елге «Тінейдің сарықұсы өзін алыпты» деген дақпырт болып жайылған. Ол бекер, анығы қалмақ ханы өлтірген.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі