Байқұда жайында алғашқы сөзді Ырзаекеңе (Тілеуберлин) берейік.
— Матақ Дәрмырза айтушы еді, — деп бастады сөзін ол, — 1890 жылдың шамасы, жаз айы. Ауылымыз Боршатастың батысындағы Аққұдық деген жерді жайлап отыратын. Шөлдеп, су ішем деп барған інген түйе құдыққа түсіп кетіп, бес-алты үйлі жанның іске татыры боп жабылып түйені шығара алмадық. Сөйтіп, амалымыз таусылып отырғанда, ауылға биеге мінгені тайға мінгендей көрініп Байқұда келді. Қуанып кеттік. Биеден түскен бетте ол:
— Мықты, ұзын сырық және екі қыл арқан әкеліңдер! — деді құдыққа түскен түйенің жайын көрген соң. Сырықты екіге бөлгізіп, бір-бір жақтарын ұштатып қазық жасатқызды. Әлгі қазықтарды түйеден 2-3 аттамдай жерге, арасының қашықтығын құлаштай етіп тоқпақпен ұрып жерге қаққызды. Екі арқанның да бір-бір ұштарын қазыққа байлап, екінші ұштарын суда жатқан түйенің төс және бөксе тұстарының астынан өткіздіре орай тартып алды. Алдымен төс жақтағы арқанның ұшын иығынан асыра қос қолдай ұстап, екі аяқты тірей, «ауп!» деп шірене тартқанда, Байқұданың бар тамыры білеу-білеу боп адырайып, бұлшық еттері кесек-кесек, түйін-түйін боп шыға келді. Сол-ақ екен түйенің
басы мен кеуде жағы құдықтан ернеуге көтеріліп шыға келді. Арқанның қолдағы ұшын қазыққа мықтап байлап, осындай әдіспен інгеннің бөксе жағын да тартып шығарды. Алып, жойқын күштің тегеуріні не шыдамай, аяғындағы былғары мәсі байпағы табанын қақ айрылып, тарамыстары бырт-бырт үзіліпті.
Байқұда жайындағы әңгімені Жарма ауданы, Үшбиік селосының тұрғыны Жағыпар Айдарханов жалғастырсын.
— Абайдың Семейге барған бір сапарында қалаға цирк палуандар келіп жатқан екен. Солардың бәрін Англиядан келген бір палуан жеңіпті. Абай: «Бұл палуанды жығатын бізде бір адам бар» деп, әлгі палуанға билігі жүретін адаммен сөзге таласып, ақыры бәстесіп тынады. Екі палуанды Көкен тауы жақтағы бір ауылда кездестірмекші боп келіседі. Екі жақ та палуандар бірін-бірі өлтірсе де, құн дауламайтын боп шарт қойысыпты. Байқұда күшін жалдап күн көрген кедей екен.
«Байқұданы жіберіңдер» деп Абай кісі жіберсе, Сарыбай керейінің басты адамдары «мерт етеді» деген сылтаумен Байқұданы жібермепті. Абай екінші рет сыйлы адамын жіберіп: «Сөзімнің өлгені — өзімнің өлгенім. Менің онымен бәстесіп жүргенім — Байқұдаға сенгенім» деп сәлем жіберіп, Байқұданы алдырады.
Байқұданы цирк палуаны ә дегенде-ақ құлақ-шекеден пәрменімен ұрып жіберіпті. Басы айналып, құлағы шыңылдап, құлауға шақ қалып барып, тез есін жиып алып, ашуға мініп, әруақ шақырып, қарсыласына тап беріп, оны жамбасқа ала, екі аяғын көктен келтіре алып ұрып, кеудесіне міне кетіпті. Қызына дауыстап, дуылдаған көптің ішінен Абай да дауыстап:
— Әй, Байқұда! Кеңірдегін суырып ал, құны төленген! — деп айқайлаған дейді.
— Байқұданың есік пен төрдей айғыры болыпты, — дейді Жағыпар, — Байқұда айғырының астына кіріп, төрт аяғынан ұстап көтеріп, әрлі-берлі жүргенде, айғыры да үйреніп алғандықтан, тыпырлап, қозғалмайды екен. «Айғырым мені көтереді, мен айғырымды көтеремін» деп Байқұда күн күркірегендей күңгірлей сөйлеп, ха-ха-халап күледі, — дейді.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі