Тарбағатай округіне қараған қаракерей елінде аға сұлтан Саниязұлы Қамбар төре болған. Оның қолында Молдабай деген түйе палуаны болған. Шәуешек қаласында үлкен мереке болып, соған қазақтар, қытайлар, ұйғырлар, татарлар болып көп халықтар жиналған.
Ат бәйгесі. Ат бастаған үш тоғыз. Түйе палуан бәйгесі. Түйе бастаған үш тоғыз. Жиналған халықтың ең көбі қытайлар, одан кейінгі қазақтар болды.
Аттарды бәйгеге жіберген соң, қытайлар бір бөлек, қазақтары бір бөлек, екіге бөлініп отырысты. Аралары алшақтау, ол күрес майданы. Енді палуандар күресі болу керек. Қамбар төре бір ақсақалды қазақ тобын басқарушы етіп қойды, астына зор қарабайыр ат мінгізді. Ол адам Молдабайды артына мінгестіріп, күрес майданы алаңға әкеліп, түсіріп кетті. Молдабай алаңда жалғыз өзі отыр. Бір мезгілде қытайлар
жақтан еңгезердей дәу қара адамның басына темір ноқтамен ноқталап, ноқтаның шынжыр бауын екі жағына шығарып, бес кісіден екі жақ шынжыр баудан ұстап, кейін тартып тежеп келеді. Палуан басын оңға қарап жұлқынса, сол жақтағы бес кісісі біріне-бірі соғылып құлайды. Ал сол жағына қарап сүзе жұлқынса, оң жағындағы бес кісісі соқтығысып құлайды. Осылайша қыр көрсетіп, қазақтардың зәресін ұшырғысы келеді. Сүйтіп, майданға келіп тоқтайды. Бір адамы палуанның басындағы темір ноқтасын алды. Ол «маған батып кім келер екен» дегендей, жан-жағына айбынмен қарап тұр. Молдабай саспастан орнынан тұрып, қытай палуанның қасына таман барғанда, Молдабайдың бойы қытай палуанының кеудесінен ғана келеді.
Екеуі біраз арбасып тұрады да, ұстаса кеткенде, Молдабай оны іштен шалды. Қытай палуаны Молдабайды тік көтеріп алды. Молдабай оның бұқадай күжірейген мойнынан қапсыра шеңгелдеп буындыра берді. Ол көтерген бойы жылжып, жүре береді. Молдабай шалған аяғын сол
күйінде босатпады. Екі қолымен мойынын сығымдағанда, күтірлегендей болды. Ол Молдабайды жерге соға алмады. Тек жылжи берді. Бір мезгілде қытай палуаны үлкен бәйтерек құлағандай гүрс етіп, жерге құлап түсті. Молдабай оның үстіне қолын кеңірдегінен босатты да, басынан аттап, күш алып тұра бергенде, қазақтың топ бастаған ақсақалы ортаға шауып келіп, көлденеңдей бергенде, Молдабай қарғып артына мінді, шапқан бойы үстіне шапан жауып, топтан қашырып елге жіберді.
Қытай түйе палуаны орнынан тұрмай, жатып қалды. Оны жабылысып көтерісіп алып кетті. Бір топ қытайлар Молдабайды іздеді, көреміз деп, онысы сылтау еді, ойлары Молдабайды өлтіру. Өйткені қытай түйе палуанының кеңірдегі күлтал қаны шығып, өлген екен.
Содан Молдабайдың аты шығып, даңқы жер жарған. Барлық қазақ еліне, Үрімжі, Манас жақтағы қызай еліне де аты жайылады.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі