Ертеде бір жесір әйелдің бір ұл, бір қызы болыпты. Ішсе тамаққа, кисе киімге жарымапты олар. Күндердің бір күні баласы шешесінен: «Бақыт деген не?» — деп сұрапты.
— Е, балам, кімде-кімнің тамағы тоқ, көйлегі көк, уайымы жоқ болса, басында панасы, ақыл айтар данасы болса, бақ деген сол емес пе, таудай талап бергенше, бармақтай бақ берсін деген осы, құдай сонысын бізден аяп тұр ғой, — депті шешесі.
— «Талапты ерге нұр жауар» деген нақыл сөз бар халықта, осының мәнісі қалай? — деп сұрапты баласы тағы да.
— «Талаптанса нұр жауады» деген рас, балам, бірақ бізден икем кетіп тұр ғой, мен болсам қартайдым, сен болсаң әлі жассың, — депті шешесі.
— Талап, жігер болса, бақытты көктен емес, жерден табуға болады екен ғой, олай болса, ол бақытты бөгде біреуден емес мен өзім тауып алуым керек екен ғой, — деп бала шешесімен қош айтысып, бақыт іздеп, жолға шығады.
Шешесі жол азыққа майға жанышқан талқан дайындап беріп, баласын аттандырады.
Бірнеше күн ұзақ жол жүріп, қарны ашып шаршаған бала ит мұрыны өтпейтін қалың орманға келеді. Орман ішін дию-перілер мекендейді екен.
— Ей, адамзат баласы, қайда барасың, ажал айдап келді ме сені бұл жерге? — деп ақырады дию-перілер.
— Қайда барарымды қайтесің, күшті болсаң, күш сынасуға мен дайынмын, кел бері! — дейді бала.
— Е, сынассақ сынасайық, өзің де қан түртіп тұрған бала екенсің, келсең кел! — дейді олар.
— Кімде-кім мынау жатқан үлкен қара тасты қысып майын шығарса, сонымызға қалғанымыз бағынышты болайық.
— Жарайды! — Дию-перілер алма-кезек тасты қысып, тастан май шығара алмаған соң, кезекті балаға береді. Бала қолын уқалаған болып, қойнындағы майға жанышқан талқанды сығып-сығып майын алақанына жұқтырып алады да дәу қара тасты қысып-қысып, міне мен тастан май шығардым, енді сендер маған бағыныштысыңдар, — дейді бала. Мұны көрген дию-перілер баланың күші басым екен деп ойлайды. Олар баланы үйлеріне қонаққа алып барып, үлкен сый-құрмет көрсетеді. Дию-перілер баладан қауіптенеді.
Қонақ асын берген соң, баланы жеке үйге жатқызады. Олардың жүріс-тұрысынан сезіктенген бала үйдің ортасына жатпай, пештің ішіне кіріп жатады. Өзінің орнына басқа ұзынша бір затты жатқызып, үстіне шапанын жауып қояды. Дию-перілер баланы өлтірмек болып, түн ортасы ауған кезде үйдің төбесінен дәу қара тасты тастап жібереді. Бала өлген шығар деп, ертеңгісін үйге кіріп келсе, бала тірі екен. Сасқандарынан: «Е, қонағым, қалай, тыныш ұйықтап тұрдың ба?» — дейді.
— Аздап бүрге шаққаны болмаса, тыныш ұйықтадым ғой, — дейді.
Үрейленген дию-перілер баладан құтылғанша асық болады. Көп алтын, қымбат сыйлықтар беріп, оларын диюларға артып, баланы шығарып салады. Бірнеше күн жол жүріп, ауыр жүк көтерген перілердің есі әбден шығады. Жолдан жатқан жуан бөренені көріп: «Мынау менің шешеме ұршыққа лайықты бөрене екен», деп оны бір періге арқалатады. Ондағы ойы шешесін де батыр етіп көрсетпек болғаны еді. Бала көп заттармен шешесіне аман-есен келіп қосылады. Дию-перілер баланы үйіне әкеліп өздері жөн-жөнімен кетеді. Сөйтіп, талапкер бала өзінің ептілігінің, айлакер, тапқырлығының арқасында мұратына жеткен екен.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі