Эссе және өлең-жыр байқауы

Ағамел — ақылды ақсақал

Семей облысы, Жарма ауданы, Сыбан деген елде Наурызбай деген кісінің Ақбілек деген сұлу қызы Елқондыда Жаңабай дейтін байдың келіні екен.

Жаздың күні келінді әкелуге он шақты кісі барады. Құдалардың ішінде басшы Ағамел ақсақал неше күн ойынын, тойын істеп, енді аттанарда ауылдан екі жүздей адам шығарып бір жерге тоқтатып, қыз-қотандар көрісіп, қоштасып қайтты. Екінші жерге тағы тоқтатып, бір топ адам көрісіп, қоштасып қайтысты. Үшінші жерге тоқтағанда, Матай құдалардың бастығы Ағамел ақсақал:

— Ей, халайық, жол алыс, кешігеміз. Қалатындарыңыз осы арада қалыңыздар. Еріп баратындарың болса, бірге жүріңдер. Енді еш жерге тоқтамаймыз, — деп, келіншектің атын жетектеп жөнеле бергенде, торы жорға мінген, әдемі киінген, күміс тұрман тағынған бір мырза құдалардың алдын кес-кестеп бөгеп:

— Тоқтаңдар, қарындасқа қоштасып айтар сөзіміз бар, — деп тұрып алды.

— Ал, айта ғой, — деген Ағамел мырзаға:

— Тентек Матай алып кетті-ау жарымызды,
Жас тұрғай қайтармаушы ед кәрімізді.
Барған жерде бәйбіше болғырым-ай,
Бір-бір алдың қойныңа бәрімізді, — деген екен.

Сонда Ағамел ақсақал түсініп:

— Ой, мына мырзаның біздің келінде өкпесі бар екен ғой. Екеуін де аттан түсіріңдер. Татуластырып аттандырайық, — деп қыздың қолындағы алтын сақинасын ескерткіш үшін жігітке беріп, жігіттің торғын орамалын қызға беріп, бір-бірінен кешірім сұратып, татуластырып, көрістіріп, қоштастырып аттандырыпты.

Әңгіме былай болған екен: мырза Ақбілекке сөз айтыпты. Ақбілек қабылдамаған. Мырза: «қап, сен қызды халық алдында, қайын жұртыңның алдында бір масқара қылармын» деп, дайындалып келіп соқтыққан екен. Оны Ағамел ақсақал түсініп, екеуін татуластырып, келіннің де абыройын сақтап қалған.

Бұл — сирек кездесетін ақылдылық.


Қарап көріңіз



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

×