Өлең, жыр, ақындар

Саяқбай әңгімесі

Мен бір күні Тоқпақ базарына бардым. Себебі, мен он жылдай бір қыз екеуіміз бірге оқыдық. Сол қыз бір күні түсімде: «Сен жақында Қызарттың асуына баруың керек. Кісілерің айтты», — деп айтқан.

Базарды аралай жүріп бір қой айдайтын сарт көпеске кездестім. Осы адамға жалданып, қой айдап Қызарт асуының түбінде бір екі-үш үй отыр екен, сол үйге қасымда тағы қой айдап келе жатқан екі-үш адамдармен бір үйге кеп түсе қалдық. Кіріп келсек бір адам сарнап, ауырып жатыр екен. Егер осы адамды қамшымен бір тартып жіберсем, ауырып жатқан адам орнынан тұрып кетер еді. Мен қасымдағы жолдастарымнен ұялып, ұрмадым. Осы үйден сусын ішіп, атымызға мініп қойға келе жатқанда әлгі қыз тағы: «Әй, Саяқбай, неге жаңағы сорлыны қамшымен бір тартпадың?» — деді.

Содан Қызарттың асуында күн бұзылып, боран болып жүре алмай қатты қиналып жүргенде әлгі қыз тағы кеп айтты: «Енді, Саяқбай, әдейі шақырумен келдің, неге? Тапсырма берсе, бұлжытпай орында», — деп. Мен: «Жарайды», — дедім.

Осыдан соң күн ашылғандай боп, аман-есен асудан өттік. Сол кезде бір жаман жерге бір ат құлап кетіп, суға ақты. «Сол атты алдынан тосып ал» деп маған өзімнің қожайыным айтты. Мен бұйрығын бұлжытпай, өзім суық суға кетіп қала жаздап жүріп, әрең өлдім-талдам деп жүріп орындадым.

Бұдан сол қойды уәделі жерге айдап кеп сарттан ақымды алып, қайтып есен-аман үйге келдім. Ауылға келгеннен соң ойлай жүрдім «енді кісілерім өкпелеп қалды-ау, тапсырма бермес» деп. Жоқ, бір күні алыс емес, жақын жерде бір жас жігіт сал ауру екен. Екі жыл болған екен. Сол жігітті емдеуді тапсырды. Келсем жігіт сарнап жатыр екен. Келіп ақырып, қамшыммен бір ұрдым: «кет, бәлекет, кет!» деп. Сонан осы үйде екі күн болдым. Жігіт тәуір болды, басын көтеріп жүріп кетті. Қайтып үйге келдім, сыйлық беріп еді, алмадым.

Екінші жылы тағы бір тапсырма берді. Бұл қар еріп жатқан уақыт еді. Ауылдан шығып жүріп кеттім. Қолымда таяғым бар. Жер бұлдырағандай боп отырады. Көрген жерім емес. Атты кісіге кемінде екі күндіктей жер. Тау іші намаздыгер кезінде қой бағып жүрген бір ақсақалды үлкен қарт адамға кездесіп, сәлем бердім. Ол сәлем алды да:

— Балам, жолың болсын, — деді.

Мен:

— Құдайы мейманмын, — деп жауап бердім.

Қарт:

— Жақсы, балам, онда күн кешкіріп қалды. Анау жатқан там жолмен осы қырды ассаң, сол қырдың астында біздің үй. Сонда барып жайлан, шырағым, — деді.

Мен сол кісінің айтуымен үйді тауып, жайғасып, дем алып тынығып, осы үйде ауырып жатқан әйелді емдеп боп отырғанда әлгі шал келді. Бір қойды сойып, екі-үш күн жатып тынығып, ауру да орынынан тұрып тәуір болды.

Қайтуда екі-үш күн жол жүріп келдім.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз