Өлең, жыр, ақындар

Ильич шамы жанғанда

1921 жылы өндіріс тоқталды. Бірақ өндіріс комитетінің қаулысы бойынша Успен, Спасс, Қарағанды жұмысшылары 1924 жылдың май айына дейін өкіметтен жалақы алып отырды...

1929 жылы өндіріс қайыра жүре бастады. Партия, комсомол ұйымдары ұлғая бастады. 1930 жылы мен патрия мүшелігіне кандидаттыққа, 1931 жылдан мүшелікке өттім. 1932 жылдан жолдасым Бақтыбала да коммунистік партияның мүшесі.

Әй, Қарағанды қаулап өссін-ай келіп! Жаңадан шахталар ашылып, үлкен-үлкен үйлер салынып жатыр. Шахтерлер жер кепеден шығып жақсы үйлерге кіріп жатыр. Біздің әкейдің Сыпатыл дейтін інісі болды. Ол кісі 72 жасында, 1952 жылы қайтыс болды. Ол кісі де жер кепеден жаңа үйге шықты. Алғашқы рет Қарағандыда электр жарығының жанбақ күні.

Шахта комитетінен бөлінген кісі бар, жаңа үйлерге электр жарығын жүргізіп болады. Дәл жарық жіберілетін күні әлгі Сыпекең үйіне де электр лампасын орнатып кетеді. Үйде Сыпекеңнен басқа ешкім жоқ.

Кешкітұрым уақыт. Сыпекең жұмысқа кеткен. Сол үйдегі Қайынша дейтін шешеміз күндегі дағдысы бойынша май шамын оңдап ауыз үйде жүреді. Шамына керосинін құйып, шамның пілтесін оңдап қояды да, енді пияласын сүрте бастайды. Осы кезде үйдің іші күндізгідей жап-жарық болып кетеді. Қайынша шешей есінен тана қорқады. Қолындағы шамның пияласы қолынан түсіп кетеді. Өзі шалқалап барып төрдегі төсеулі жатқан киіздің үстіне отыра кетеді.

— Алла, Алла, өзің сақтай гөр!

Өз бетін өзі екі алақанымен электр шамынан тасалайды.

— Кәзір апам үйіне барып қайтайын электр шамы жанғанда қайтер екен, — деп мынау Бақтыбала жүгіріп кеткен-ді. Сөйтсе, бұл есіктің алдында тұрып сөйлеген сөзін естіп және тығыз жабылмаған есіктің саңлауынан не істегенінің бәрін көріп тұрады ғой. Есікті жайлап ашып, Бақтыбала үйге кіріп келеді. Шешей оны да аңғарар емес.

— Алла, Алла, өзің сақтай гөр, өзін сақтай гөр, Алла! — деп сөйлей береді.

— Не болды, апа, сізге, неғып отырсыз? — дейді Бақтыбала.

Үйіне кірген келінін шешей сонда ғана аңғарады.

— Бұл келген кім, Бақтыбала, сенбісің, — депті шешей келген келініне сұқтана қарап.

— Келін-ау, мынау не, мынауың не сұмдық? Не пәле?

Ауызы кемсең-кемсең етіп, отырған орнынан көтеріле алмайды дейді.

— Апа, бұл — шам. «Электр шамы» дейді. Қорықпаңыз. Енді бұдан былай керосин шам жақпаймыз.

— Ә, солай ма, өзінің пілтесі қалай шақшияды?

— Мұның пілтесі жоқ. Пілтесіз жанады.

— Е, пілтесіз қалай жанады? Ой, Алла-ай, сақтай гөр... Өзіне тақалса ештеме етпей ме?

— Жоқ. Ештеме де етпейді. Бұл керосин шамдай түтіндемейді де.

— Онда жақсы болды ғой өзі. Мұны кім жасады?

— Мұны жасаған — өкімет. «Ильич шамы» деп атайтын көрінеді. Мұны мен де білмеймін ғой, апа-ау, кеше электр ең алдымен шахтада жанды ғой. Сонда Шәйіт ертіп барып көрсетті маған.

Шешей мүлде қорқып қалған болу керек. Орнынан әрең дегенде тұрып, шамға жақындайды.

— Мұны кімнің шамы деп айттың? — деп сұрайды дейді.

— «Ильич шамы» дейді, апа.

— Ол кім?

— Ол — Ленин. Лениннің әкесінің аты көрінеді ғой.

— Сонда осы шамды Ленин жасаған ба?

— Иә, Ленин.

— Мың жасағыр, мың жаса, — деп батасын беріп жатыр дейді.

Сөйтіп, алғашқы электр шамы жанғанда осындай қызықтар болған. Шам жарқ етіп жанғанда, қорыққандығынан талып қалғандар да, үйлерінен қашып шыққандар да көп болса керек.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз