Өлең, жыр, ақындар

Алаша хан һәм оның баласы Жошы хан турасынан қазақ арасында бар сөз

Шежіренің һәм елдің айтуынша, қазақтың әуелгі ханы Алаша хан деген болған екен. Түркі халқының бәрі де өздерін өзінің батырларының, не хандарының есімімен атамақ рәсім екен. Сол себепті қазақтар өзін «Алаш» деп, яки «Алаштың халқы» деп атаған. Мұны қазақтың мақалы да көрсетіп тұрады. Мәселен: «Алаш алаш болғалы, Алаша хан болғалы» деген қазақтың мақалы бар. Қазақтар һәм қайсы бір Сібірдегі ноғай халықтары «Алаштың азаматымыз» деп айтады өзін-өзі. Бұл сөздерге қарағанда бір күндерде қайсы бір ноғай халқы һәм қазақ халқы бір хан
болып тұрған деп ойлауға мүмкін. Қиыншылық болған уақытта қазақ һәм ноғайлар бір-біріне айтады «Алаштың азаматы емеспіз бе!» деп. Алаша ханның кім екенін, оның қайдан шыққанын мынадай қылып айтады:

Алаша хан Бұхар ханының баласы екен. Бұхар ханының баласы әлденеше екен. Хандық орынды жалғыз-ақ үлкен баласына береді екен де, өзгелеріне бір-бір облыс қана билеп тұруға қалдырады екен. Алаша кенжелерінің бірі болып мінезі бұзық, өзі күшті жарадкер ер туған. Бір шаһарға бас болып тұрғысы келмей, толық хан болғысы келіп, Бұхарда толық хан бола алмайтын болған соң, өзге жерден хандық іздеуді ойлап, бөтен жаққа баруға әкесінен сұрады. Әкесі оған рұқсат қыла қоймады. Анау ыңғайы келген жерде сұрай берді. Ақырында әкесі қасына қол жиып алып, бөтен жақтан өзіне бақ іздеуіне рұқсат берді. Алаша ханға көп ерлер жиылды. Осы әскеріменен Алаша хан жүріп кетіп, көп жерлер аралап жүріп, нешелер мехнат көріп кезіп жүріп-жүріп, Алаша хан қазақ ішіне келген екен. Бұлар көп құрмет тұтып, көп меймандостық көрсетіпті. Қазақ халқы өзіне ұнаған соң, Алаша хан мұнда қалған. Қазақ сол уақытта көшпелі екен. Жан-жағындағы көршілес халқыменен өштес, атыс-шабыс бола береді екен. Ер, өзі шешен, зейінді адамды өздеріне бастық қылып қойып, қазақтар соның айтқанына ұйиды екен. Біраздан кейін Алаша хан ерлігін де, шешендігін де, зейіні барлығын да көрсетті. Қазақтар мұны құрметтей бастады һәм кешікпей-ақ өзін қол басы қылды. Өзінің қолыменен Алаша хан әр қайда жауды жеңе берген. Әрі-беріден соң өзін қазақтар хан қойған. Алаша ханның аты өзге екен. «Алаша хан» деп қазақтардың қойған аты, себебі өзі ала киімге әуес екен. Мүлде ала киім киеді екен.

Және де Алаша ханды бір түрлі қылып айтады. Бұл айтқанында да оны «Бұхар ханының баласы еді» дейді. Алаша хан жасында алапес болған соң өзіне жүз кісі нөкер беріп, шаһардан қуып жіберген екен: «алапесің жазылғанша мұнда келме» деп. Неше жерді аралап, аяғында қазақ жеріне келген екен. оны мұнда бек құрмет көрсетіп, қонақ қылыпты. Сонан кейін қазақ арасында тұрып қала беріпті. Біразда-ақ қазақ тар ол ақылды ер болған соң, өзін жақсы көріп, хан қойыпты. Алаша хан өзі мықты, ер хан болыпты. Оның уақытында қазақ айналасындағы жауларының бәрін жеңісіпті, жалғыз атын айтса, дірілдеп қорқатын етіп. Қазақ ханының ерлігі, күштілігінің даңқы алысқа кетті. Мұны Алаша ханның әкесі Бұхар ханы да естіді. Әкесі баласының мұндай болғанына қуаныш қылып, көруге құштар болып, мынау деген жігіттен жүз жігіт жіберді: «Барып Алаша ханды тауып, Бұхарға шақырып кел», — деп. Онан-мұнан сұрап, Алаша ханды іздеп жүріп, ақырында тауып, әкесінің хатын беріпті. Бұл хатта әкесі өзінің сағынғанын айтып, кел деп шақырған екен. Алаша хан «барамын» деп айтса да, жүре қоймады. Өзін іздеп келген жүз жігіт Алашаның құрмет қылып сылағанына бек шат болып жата берді. Ақырында мүлде сонда тұрып қалды. Ол кезде Бұхар ханы бұлардан ешбір хабар таппай, тағы бір жүз жігіт іздеуге жіберді. Бұлар да келіп іздеп тауып шақырып еді, Алаша хан онда да бармай қалды. Келген екінші жүз кісі де мұнда тұрып қала берді. Алаша хан өлгеннен кейін қазақ үшке бөлінді. Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз болып, әлгі оны іздеп келген жүз жігіттің әрқайсысы бір ру ел болды. Бұрын келген жүз жігіт ұлы жүз аталған. онан соң келгені орта жүз аталған, онан
соңғы келгені Кіші жүз аталған.

Және үшінші түр қылып айтады: Алаша хан Бұхар ханының баласы еді. Бұхар ханы солтүстік жақтағы халыққа аттанып, көп хандарды орнынан тайдырып, неше елді өзіне қаратып, оларға хан қылып өзінің жақын ағасын, інісін, баласын қойған еді. Сонда қазақ халқына хан қылып өзінің баласы Алаша ханды қойған екен. Қазақтан ықтиярсыз, зорлықпен хан болған себепті Алаша хан қорқып, өзіне Бұхарадан һәм өзге жерден жалдап көп нөкерлер ұстапты. Сол көп әскері болған себепті қазаққа хан болып, халықты жөнге салып ұстап тұрыпты дейді. Қазақ халқы да Алаша ханды өзі ер, әділ, ақылды болған соң жақсы көріпті. Және ол хан болып тұрған уақытта қазақтар айналасындағы жауласқан халқын жеңіп тұрыпты, һәм қайсы біреулерін өзіне қаратыпты.

Алаша ханның жалғыз Жошы деген баласы бар екен. Өзі жасынан-ақ мінезі қаттылығын, ерлігін, қуатын, қисық мінез дігін көрсете бастапты.

Хан баласының мұндайлығына разы болып ойлайды екен: «балам менің орнымды басуға тұратын» деп. Жошы ханды әкесі де һәм қазақ халқы да еркелетіп, күтіп өстірді. Баланың не қыламын дегенін ешкім қақпай, қазір даяр қылып тұрды. Кішкентай ашуланса, айналасындағы адамдардың бәрі қорқып, дірілдеп тұрушы еді. Бәрі де Жошы ханның айтқанын қылып, оған жағуға жаһат қылатын еді. Жошы өскен соң әкесі өзінің не қыламын деген ықтиярына жіберіпті. Өзі теңдес жастарды қасына жиып алып, ойын-күлкі сауықпен жүріпті. Ұлкен жиын той қылып, ел жиып, ат шаптырып, балуан тұрғызып, мылтық атып ойын қылар еді. Тойға келген халықтар күні-түні ойын-күлкіге батар еді балуандардың күресін көріп. Сонда Жошы ханға ешкім не күреске, не ат үстіне, не мергендікке шақ келмес еді.

Алаша хан баласына қарап қуанады екен. Әрбір сондай тойдан кейін қасына теңдестіріп алып Алаша хан аңға шығар еді. Сонда аңның қызығына түсіп кетіп, Бетпақ далада неше жұмадай жоғалып кетер еді. ол кезде Бетпақ далада құлан, киік һәм өзге аңдар көп екен. Алаша хан баласының нөкерлеріне қатты бұйрық береді екен: «Жошы ханның қуғында қасынан қалмай, күтіп жүріңдер, жазым болмасын. Егерде бір жаманшылық бола қалса, бәріңе де жаман болады. Кім «балаң жазым боды» деп айтса, соның аузына еріткен қорғасын құямын», — деп.

Жошы хан аңды көп алған сайын қызыға берді. Бір күні бір аңды қуып жолдастарынан көп озып кетті. Алдындағы қуып келе жатқан құланы бір үйір құланға қосылып кетті. Жошы хан топ құланға садақ атып еді, олар қашпады, қайта өзіне ұмтылып, басып-жаншып, тістеп, өлтіріп кетіпті. Жалғыз бір шынашағы сау қалыпты. өзгесін аң жеп кетіпті. Жошы ханның жолдастары артынан ізіменен келіп сүйегін жинаған екен, жалғыз шынашағынан басқасын таба алмапты. Бұл шынашақты бір жібек бұйымға орап алып, нөкерлері елге келіп, ешқайсысы Алаша ханға айтуға батпапты. Сол уақытта Кетбұға деген Алаша ханның жақсы көретін ақыны бар екен, қарт екен. Алаша хан бос уақытта оған өлең айтқызып, естіп отырады екен. Кетбұға Жошы ханның өлгенін есіттірмекші болды. Домбырасын алып сұраусыз ханның үйіне кіріп келіп айтты:

— Құдай тағаланың рахметі жаусын саған, һәм сенің қол астыңдағы барлық жанға, бұлардың тыныштығын тілеймін! — дейді.

— Саған не керек? — деп бұдан Алаша хан сұрады.

— Тақсыр хан, сенің қуанышың — менің қуанышым, сенің қайғың — менің қайғым, — деді Кетбұға.

— Мен бүгін бір жаман түс көрдім. Менің қайғым қатты, жүрегім жарылып бара жатыр. Сол себепті үйіңе рұқсатсыз кіріп келдім жалғыз-ақ саған басқа түскен қайғымды айтуға. Басыма не қайғы түскенін айтпаймын, бұл турадан менің домбырам айтсын, — деді Кетбұға.

Домбыраның шегін күйге түзеп алып, Кетбұға тарта бастады. Мұның ұзын саусағы домбыраның бетін тарсылдатып, шегін зырылдатып сөйлетіп, әр түрлі мұңды күй тарта бастады. Алаша хан құлағын салып тартылған мұңды күйді есітіп отырып айтты:

— Не себептен сен маған мұндай зарлы күйлерді тартасың? — деп.

— Басыма бір қайғылы күн туды, тақсыр хан! — деп домбырашы қысқа жауап берді де, тоқтамастан домбырасын шерте берді зарлы күйге салып.

— Бұл не ғажап? — деп Алаша хан айтты, — япырмай, менің Жошы ханым бірдеңе болып қалды ма, мұны аң жеп қойды ма?

— Тақсыр хан, Жошының өлгенін жалғыз өзіңізден естідік, — деп үйдің сыртында халық шулап қоя берді.

Бұл хабар сондай жаман хабар болды, хан Жошы баласының өлгенін естіп, талып қалды. Есін жиып алып Алаша хан зарлап жылады. «Жошы, Жошы!..қайдасың, жалғызым!» деп, мұның екі көзінен бұлақтай болып жас ақты. Еш адам үйге кіріп, ханды уатуға бата алмады.

Осындай жылаумен тамақ ішпей Алаша хан үш күн, үш түн жатты. Мұның халқы жиылысып ақылдасты, қалайша ханды уатып, көңіл айтып, жылағанын қойғызсақ екен деп, ешбір адам Алаша ханның үйіне кіруге батпай, барша жиылған адамдар тыста қамалып тұрады. Алаша ханның бір ақылды қатыны бар еді, еріне ой түсіріп, көңілін баспаққа амал қылды:

— Хан, сен қайғырып жатырсың, халқың ғау-ғау көтеріп, бүлік шығарып жатыр, — деді.

— Неге менің халқым бүлік шығарып жатыр? — дейді хан.

— Сенің халқың екі дай болып жатыр. Себебі бір бай өзінің тамырына бір уақытта ат басындай алтын сыйлаған екен, уақытында мұндай бірдеме берер деп. Ол тамыры ештеме бермеген соң, «өзім бергенімді бер» деп жатыр. Жуырда бұлар биге түсті. Билер әділдік қылмады. Билердің жартысы: «бергенін қайыруға тиістің» дейді, жартысы: «қайырмауға тиісті» дейді.

— Ах, олары қалай? Билікті әділ айтпаған, сыйды ала білген кісі, бере де білсе керек емес пе? Алтын алғанды шақыр мұнда! — дейді Алаша хан.

— Ұлы хан, кішкентай сабыр етіп, маған сөз айтуға рұқсат қылыңыз. Алла тағала баланы саған өзі берді, өзі алды. Құдіреттің хүкіміне көну керек. Алла тағала Жошы ханды саған сыйлап еді, сыйлаған Аллаға сен де сыйлай біл, қайғырып жылама, Құдайдың рахметі көп, таусылмайды, — деді. Бұл сөз көңіліне кіріп, Алаша хан қайғыруын қойды.

Алаша ханның бір Домбауыл деген бек қуатты құлы бар екен. Өзінің байына ақ көңілімен қызмет қылатындығына, һәм ерлігін Жошы хан бек жақсы көреді екен. Домбауыл да Жошы ханды жақсы көреді екен. Жошы ханның өлгенін естіген соң ант ішіпті: «Құланның бірі қалғанша қырармын» деп. Домбауылдың екі жүйрік аты бар екен. Біреуі «Қабанқұлақ» деген, біреуі «Әнкей» деген. Сол аттарының бірін мініп, бірін жетектеп алып, Жошы ханды өлтірген құлан жатқан аралға қарай жөнеліпті.

Құландар Домбауылды көрген соң-ақ Бетпақ даладан өте Шуға қарай қашқан екен. Домбауыл қуып жетіп, қыра беріпті. Соншадан бес-ақ құлан тірі қалып, қорқып сол бесеуі де Шудан өтіп кетіпті. ол бес құлан өткен жерді осы күні «Бес құлан» деп атайды. Бес құлан деген жерден бес шақырымдай арада таудың бауырында Қабанқұлақ деген аты зорығып өліп, ол араны «Қабанқұлақ» қойыпты. онан әрмен бес шақырымдай барған соң, екінші аты — Әнкей ұшып өлген екен. Ол араны «Әнкей» деп қойыпты. осы күні сол араны Әнкей деп атайды.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз