Өлең, жыр, ақындар

Кірекей мен қонжықтар

Ернар төрт жастағы інісі Санжар екеуі биыл да каникул кезінде  жайлаудағы нағашы атасының үйіне барды. Жасыл жайлау. Таулы өңірдің таза ауасы қандай жақсы! Күнде көретіндері: желідегі құлындар, көгендегі қозы-лақ. Інісімен бірге көкорай шалғында күні бойы жалаңаяқ көбелек қуалап, асыр салып ойнайды.

Түнге қарай түңдігі түрулі киіз үйдің шаңырағынан жарқыраған  жұлдыздар көрініп тұрады.  Батыс тұста қарағай-шырша өскен биік беткей бар. Оның бер жағындағы тар шатқалда тау өзені күні-түні сарқырап-күркіреп  ағып жатады.

Бір күні таңертең Сәрсен ата торы атын ерттеп, Санжарды алдына, Ернарды артына мінгізіп, Аюлысайдың етегіне алып барды. Биіктеу бір жотаның үстіне шыққанда, тізгін тартып, екеуін аттан түсіріп, жазық жердегі көк шөп үстіне көрпеше төсеп, жантая кетті. Ернар мен Санжар аталарының қасында шоқайып отыр. Сәрсен ата сәлден соң жиен немерелеріне қарап асықпай әңгімесін бастады.

— Мына өздерің көріп отырған үстірттің бергі бетінің ортаңғы тұсында жабайы өрік ағашы бар, — деп сөзін жалғастыра берді. — Дәл осы жерден ат үстінде дүрбі салып, маңайды шолып тұр едім… Егіз қонжығын ерткен кірекей көзіме шалына кетті. Ол үшеуі жайымен үстірттің төбесіне көтеріліп бара жатты. Енді бұл қайтер екен деймін ішімнен. Алға түскен  кірекей жабайы өріктің жанына таяды. Сары өріктің уылжып пісіп тұрған кезі болатын. Ол өрік ағашының астында тұрып, тұмсығын жоғары көтеріп ауа иіскеді. Сөйтті де, ағаш діңіне тырнағын батырып, алдыңғы аяқтарын алға созып, жоғары өрмелей бастады. Соңынан қалмайтын қамытаяқ қонжықтары да жабайы өрікке жақындады. Біреуі ағашқа өрмелеп бара жатқан кірекейдің артқы аяғына жармасып жіберер емес. Тағы біреуі жотасына мініп, тіпті мойнынан қапсыра құшақтап алыпты…

Кірекей өрікті сілкуге мұршасын келтірмей, мазасын алған қонжықтарына қатты ашуланды… Басын төмен тұқыртып, бос аяғымен астындағы қонжықты төбесінен ақырын теуіп құлатты! Мойнына «асылғаны» да, басын сәл шұлғып қалғаны сол еді, ол да ағаш түбіне топ ете қалды! Ал төбесінен соққы алған қонжық сол екпінімен еңіске қарай домалап бара жатты…

Кірекей мұным жарамас дегендей ағаштан жайлап түсті. Жаңа ғана домалап бара жатып, бұтаға тіреліп, тырбаңдап жатқан қонжығының қасына келді. Оны желкесінен бүре тістеп, ойпаңдау жерге шалқасынан жатқызды. Бір аяғымен кеудесін жайлап басып тұрып, жанында шашылып жатқан  жеңілдеу жайпақ тастың бірін оң аяғымен демеп қонжықтың қарнын бастырыптастады. Жазасын алған тасқа бастырылған қонжық біраз уақыт бақырып-шақырып жатты…

— Ата, екінші қонжық қайтті? — деп сұрады шыдамсыз Санжар Сәрсен атасының сөзін бөліп.

— Оның ақылы бар екен, балам. Жабайы өріктің түбінде әр нәрсені бір тұмсығымен түрткілеп «жайылып» жүрді де қойды…

— Содан кейін не болды, ата? — деді әңгімені қызыға тыңдап отырған Ернар атасына ойлана қарап.

— Кірекей қайтадан ағашқа өрмелеп шығып, піскен өрікті бұтақтарын иіп әкеп ауыз толтыра асаумен болды. Ал өрік сүйегін аузынан ытқытып жібереді. Сөйтіп ол уылжып піскен балдай тәтті өрікті тоя жеген соң, жемісті бұтақтарды алдыңғы аяқтарымен сілкіп-сілкіп жіберді! Сары алтындай өріктер жерге жаңбырдай жауды! Кірекей жайымен жерге түсті. Өрік ағашы астындағы қонжықтың үстіне де сары өріктер саулап түсіп жатты. Ол да өрікке қарық болды.

— Ал анау енесі тасқа бастырып қойған қонжық тәтті өріктен құр қалды ма? — деп сұрады тағы да сабырсыз Санжар.

— Ол да ештеңеден құр қалған жоқ, — деді Сәрсен ата күлімсіреп. — Енесі барды да, тасты аяғымен аударып тастады. Ол орнынан тұра салысымен манадан бері өзі биік ағаштан көріп жатқан сары өріктердің жерде шашылып жатқанына таңданып, өрге қарай борсаңдай жүгірді. Бара сала тәтті өріктерге асығыс ауыз салды. Қуанғанынан құнжың-құнжың етеді…

Көп ұзамай кірекей егіз қонжығын соңына ертіп етекке қарай бет алып, қалың қурайдың арасынан көрінбей кетті…

Менің көргенім осы, қарақтарым. Хайуанаттың да ақыл-есі бар. Ол да өз тұқымына өнеге-үлгі көрсетіп, тентегін тыйып ұстайды. Тіршілік етудің тәсіл-амалын үйретеді, — деді қызықты әңгімесімен балаларды баурап алған Сәрсен ата.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз