— Ата, қауын пісті!
Атасы кеудесін көтере, немересіне қарай жалт қарады. Немересі Жарас қауынды екі қолдап көтеріп келеді екен. Өзі аса қуанышты. Қауынды қайта-қайта иіскеп қояды.
— Ата, иісін айтсаңызшы! Қандай керемет! Иісінің ғажабын-ай!
— Өзің жұлып алдың ба?
— Әжем жұлды. Қауын пісіп қалыпты, балам, — деді. — Өзі де бір сары қауынды әкеле жатыр, әнеки.
Жарас қауынды атасының қолына ұстатты.
— Шынында да, қауын пісетін шақтың келіп қалғаны ма? — деп атасы таңырқағандай рай танытты. — Күні кеше ғана жерді аударып ек. Қауынның тұқымын топыраққа салған ек. Екі құлақтанғаны да кешегідей еді. Гүлдегені ше?! Тап кешегідей сияқты болатын. Түйнегені де дәл қазіргідей көз алдымда, — деп атасы уақыттың сынаптай сырғып өткеніне қайран қалуда.
— Атасы, — деді Жарастың әжесі. — Таңғы салқынмен қауынды аралап шықтым. Піскен бір-екеуі бар екен. Соларды сабағынан үзіп алайын дедім. Сөйтсем, өздері-ақ пісіп, сабағынан ажырап тұр екен. Иісін айтсаңшы. Мұрныңды жарады-ау, шіркін!
Атам мен әжем және мен бақша ішінен әкелген қауынды жедік. Дәмі тіл үйіреді екен.
— Өзіміздің еңбегіміздің жемісі, — деді атам.
— Жылдан-жылға қауын піскенге дейін төрт көзіміз түгел болсын, — деді әжем.
Әжем жыл сайын қауыннан алғаш рет дәм татқанда, осы бір тілегін үнемі қайталайды.
— Тілеуіңді берсін, — деді атам.
Мен де атам мен әжемнің жанымда әрдайым бірге болуын қалаймын. Тәтті қауынды жеуім атам мен әжемнің арқасы екенін білемін. Олар жыл сайын қауын егеді. Баптайды. Суарады. Қауын піскен кезде күн ысымай жатып, таңғы салқын шақта үйдің көлеңкесіне әкеліп қояды. «Қауынды салқындатып жеген жақсы. Күннің ыстығында қауынды жұлмау керек» дейді.
Мен қазір атам мен әжем қауынды үзген кезде, соларды үйге тасып әкелуге қолғабыс жасап жүрмін. Күні ертең мен де өсем. Сол күнді асыға күтіп жүрмін. Өзім қауын егемін. Өзім қауын піскен кезде атам мен әжеме ауыз тигіземін. Олар мені мақтан етеді. «Жарас еккен қауын тәтті болыпты. Дәмі тіл үйіреді» деп айтатын күнді аңсап жүрмін. Солай болатынына сенемін. Өйткені мені соған үйретіп, жандарынан бір елі тастамай жүрген атам мен әжем бар ғой.
Мен армандап кетіппін. Ой-қиял арманына қанат қағыппын.
Жарас бір сәтке жан-жағына қарады. Атасы тәтті қауынның бір тілігін өзіне ұсынып отыр екен.
— Жей ғой, Жарасжан, — деді әжесі.
— Тойсам да жегім келіп отыр, — деді Жарас тәбетінің ашылғанын жасыра алмай.
— Адал еңбектің дәмі тәтті болады, — деді атасы қашанғыдай аталы сөзге назар аудара.
Жарас атасы мен әжесінің еңбегінің арқасында жайқала өсіп тұрған бау-бақшаға жалықпастан, тамсанып қарай берді.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі