Өлең, жыр, ақындар

Рухани жаңғыру - Қазақстанның қазіргі заман тарихының ажырамас бөлігі

Қазақ халқының бай тарих беттері бүкіл Орталық Азия мен Еуразияның тарихымен тығыз байланысты, оның аумағы адамзат өркениетінің ежелгі орталықтарының бірі болып саналады. Тарих ғылым ретінде жеке адамның да, жалпы қоғамның да рухани дамуының ажырамас бөлігі болып табылады.

Рухани жаңғыру - бұл жеке тұлға үшін де, бүкіл қоғам үшін де өте маңызды процесс. Біріншіден, бұл қоғамдық сананы, ұлттың рухани байлығын қалыптастыруға бағытталған. Өкінішке орай, жаһандану салдарынан көптеген елдердің рухани мәдениеті жыл сайын әлсіреп келеді.Жас ұрпақ өз тарихын білмейді, салт-дәстүрді сыйламайды деген үрдіс бар. Шын мәнінде, бұл өте өкінішті жағдай, бүгінде бұл негіздерді жастардың санасына сіңіріп, бізде бар нәрсені ұрпақтан-ұрпаққа беру керек. Бірақ бұл сапалы білімді қажет етеді.

"Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты бағдарламалық мақаласы 2017жылдың 12 сәуірінде жариялағаны бәрімізге мәлім. Еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұлттық сананың жаңғырудың алты бағытын белгіледі:

1) Бәсекеге қабілеттілік;

2) Прагматизм;

3) Ұлттық бірегейлікті сақтау;

4) Білімнің салтанат құруы;

5) Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы;

6) Сананың ашықтығы.

Елбасымыз халықтың тағылымы мол тарихы мен ерте заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете оты­рып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сенім­мен бет алуын қалайды. "Қазір салтанат құрып тұрған жаңғыру үлгіле­рі­нің қандай қатері болуы мүмкін? Қатер жаңғыруды әркімнің ұлттық даму үлгі­сін бәріне ортақ, әмбебап үлгіге алмастыру ре­тінде қарастыруда болып отыр. Алайда, өмірдің өзі бұл пайымның түбірімен қате екенін көрсетіп берді. Іс жүзінде әрбір өңір мен әрбір мемлекет өзінің дербес даму үлгісін қалыптастыруда. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күй­лері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана. Сонымен бірге, жаңғыру ұғымының өзі мей­лін­ше көнерген, жаһандық әлеммен қабыспайтын кейбір дағдылар мен әдеттерден арылу дегенді білдіреді" деп Елбасы өз мақаласында баяндайды.

Қазіргі таңда 6 бағыт бойынша 13 арнайы жоба асырылып жатыр. Мысал ретінде "Туған жер" және "Ауыл-ел бесігі" жобаларын қарастыруға болады. "Туған жер" жобасы аясында 2019 жылы 90млрд теңгеге жуық қаражат жиналды. Қаржыландырудың ең көп көлемі Маңғыстау, Алматы, Атырау, Қызылорда және Ақмола облыстарына тиесілі. Бұл Қазақстандағы бизнес өкілдерінің әлеуметтік жауапкершілігі артқанын аңғартады. Сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша алдағы үш жылдағы іс-шараларды жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 90 млрд теңге қарастырылғанын айтты. Оның ішінде 2019 жылы 30 млрд теңге бөлініп, 711 жоба жүзеге асып, 53 елді мекенде 452 инфрақұрылым салынды. Қалған жобалар еліміздің  тарихын, әде­биеті мен мәдениетін, білімі мен ғы­лы­мын тереңдету, зерттеу бағыт­тары бойынша жалғасады.

"Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламасының елінің өркендеуіне үлкен әсерін тигізіп отыр. Шынында да, әр ұлттың ерекшелігі оның мәдениеттінде, атап айтқандақ, рухани байлығында жатыр. Ұлтымыз мықты мен ұлы болу үшін, біздің өркендеуімізге ықпал ететін дәстүрлерді құрметтеуіміз керек. Салт-дәстүріміз біздің тарихымызбен тығыз байланысты. Айналада болып жатқанның бәрі - біздің еліміздің тарихы. Сондықтан рухани жаңғыру қазіргі заман тарихының маңызды пәні болып табылады.

Ф.Қозыбақова, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Тарих кафедрасының доценті

Шуктаева Дильназ 1-курс студенті


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз