Дәурен мен Қасым — араларынан қыл өтпес достар. Екеуі де он үште. Дәурен әке-шешесінен ерте айырылған-ды. Сондықтан да, ол марқұм анасының әпкесі — Жанар дегеннің үйінде тұрады. Жанардың күйеуі — өзінің қарны тоқ болса, өзгенікі де солай екен деп ойлайтын санасыздау, қатал, қырсық, әрі долы кісі. Тарғылданып шығатын қатқыл үні, жүріс-тұрысы, қараған жеріне жебедей қадалар қап-қара көзі, бәрі-бәрі кез келген адамды үрейлендірмей қоймайтыны анық. Қашан көрсең де, әлгі еренсіз еркек Дәуренді қара жұмысқа салады да жүреді. Бұған оның да тұла-бойы әбден үйренгенге ұқсайды, істей береді, істей береді, шаршамайды. Ағаның айтқанын орындамасаң шаруаң бітті дей бер, аямайды. Қолындағы затпен салып қалады. Ең қызығы, Жанардың күйеуі үйіне ренжулі келгенде, жағдай ушыға түсетін. Айқай-шу, ұрыс-керіс. «Ит ашуын тырнадан алады» деген. Сол күні манағы сүйкімсіз баланы белдікпен сабап, көкала қойдай етеді. Мұндайда Дәуреннің тәтесі араласпайды, ортаға түспейді. «Бәледен машайық қашыпты» дегендей далада жүреді. Бірде, мас боп отырған ол бос бөтелкені Дәуреннің басына ұрып шаққан еді. Содан қалған тыртық әлі күнге дейін бар. Сөйтіп, ғұмыр кешкен бала жасқаншақ та жасық боп өсті. Қобалжыса немесе қорықса, кекештенетінді де шығарды. Ал, Қасым анасымен бірге тұрады. Бала үшін әлемде анасынан жақын жан жоқтай көрінеді. Түскі шай ішілген соң, ол қолына қармағын алып:
— Мам! Мен Дәуренге кеттім! — деді ерекше көңілденіп.
— Қайда барасыңдар? — деді анасы қармаққа қарап.
— Балық аулаймыз.
— Абайлап жүріңдер. Мені уайымдата бермей ертерек кел.
— Жарайды! — деп Қасым кроссовкиының бауын байлап, досының үйіне жүгіре жөнелді. Екеуінің арасын бір-ақ көше бөліп тұр. — Дәу-рен... да-ла-ға шық! — деді даусын зорайтып.
— Не болды-ей айқайлап. Жай айтсаң да естиміз ғой! — деді Жанардың күйеуі терезеден басын шығарып.
— Ассалаумағалейкүм аға. Дәурен екеуміз бір жерге барсақ деп едік.
— Қайда?
— Метро жақтағы көлшіктен балық аулаймыз.
— Е-е-е, сендерге шабақтан басқа ештеңе бұйырмайды, — деді күрк-күрк жөтеліп. — Өмірде де солай емес пе?! Әне, сенің ақымақ досың небір акулаларға жем боп жүр!.. — деп қарқылдап күлгені бар емес пе?! Ол біреуді кемсітіп, шаянша шағып сөйлеген күні ішкен асы бойына тарап, түнде жақсы ұйықтайды. Аз бөгелістен соң бала батылдау сөйледі:
— Жіберетін болдыңыз ба, аға?
Ол Қасымға ұзақ қарап тұрды да:
— Бопты... Ей, Дәурен. Саған досың келіп тұр, — деді езуіне қыстырған шылымын құшырлана сорып. — Мен саған екі-ақ сағат уақыт беремін. Үлгермейді екенсің, өз обалың өзіңе.
— Жүр, ерте жарықта барып келейік. Әлде, үйде қала бересің бе?! Кешіксең анау өлтіреді, — деді Қасым досына жаны ашып.
— Ой, қойшы. Ары кетсе бір сабар.
— Кеттік, онда.
Мезгіл — жаз. Рақат. Екі дос көлшіктен балық аулап, армансыз шомылды. Онда қолдарына қамыс сап қармақ ұстаған, тұрсишең жүгіріп жүрген балалар көп екен. Бірі ұстаған балықтарына қанағаттанбай қайтадан суға лақтырса, енді бірі оларды орта тұсынан шолақ қып кескен пластмасс бөтелкенің ішіне салуда.
— Келесі аптада Сайранға барып шомылайық, — деді Дәурен.
— Білмеймін. Мамамнан сұрануым керек.
— Сұранып көр. Жіберсе жақсы болар еді.
— Кеш батқанша үлкен балық ұстауға тырысайық. Мен қармақ саламын, ал сен нан шашып отыр, мақұл ма?! — деді Қасым.
— Мақұл!
Екеуі жабылып бір балық ұстады, әйтеуір. Үлкен екен. Балалар оны пакетке орады-дағы, қармағын жинай бастады.
— Дәурен!
— Метроның ішіне кіріп көрейік та. Ол әлі салынып біткен жоқ қой.
Екеуі үшін оны аралау қызықты боп көрінді. Құрылысы енді ғана басталған метроның іші суық, әрі қараңғы еді. Әлгілер онда біразға дейін жүрді.
— Дәурен. Кеттік. Мен қорқамын, — деді Қасым жан-жағына қарап.
— Қорқатын түк те жоқ.
— Осында әруақ бар деген рас па?
— Рас шығар. Бірақ, мен оны әлі көрген емеспін.
— Көрсең не істейсің?
— Амандасар едім.
— Қалайша?
— Орыс болса «здрасти», ал қазақ болса «ассалаумағалейкүм» деп.
Қасым қарқылдап күле бастады.
— Не болды?
— Кетші. Әруақтар сөйлемейді ғой...
— Қойшы?!.
— Ваня деген көршіміз бар еді ғой. Есіңде ме?
— Қай Ваня?
— Алексейдің баласы ше?
— Е-е-е, тақырбас па?
— Иә, иә. Оған не бопты?
— Өліп қалды ғой. Бәрі іздеді. Таппады. Мен соның әруағын кеше ғана көрдім. Шын айтамын.
— Қай жерден?
— Түнде. Дәл осы жерден мамаммен өтіп бара жатқанда, — деді Қасым даусы дірілдеп. — Мені қол бұлғап шақырды. Бірақ, сөйлеген жоқ.
— Сен не істедің?
— Қаштым.
— Ой, қорқақ, қораға тышқақ.
— Өзің қорқақсың.
— Батыр болсаң ары қарай өзің бар. Кеттім, мен.
— Қайта бер, чмо.
Қасым оны шақырмақшы болып еді, бірақ, қырсық досы райынан қайтпайтынын сезді ме екен, әуреленбеді. Бала көрдей қараңғы метродан атып шыққанда жұмысшыны жолықтырады. Ол Қасымға: «Бұл жерде атаңның басы бар ма?» — деп ұрысты.
— Аға, кешіріңізші. Енді қайталамаймын.
— Егер бір нәрсе жоғалса сен емес, біз жауап береміз. Білесің бе, оны?! — деп жұмысшы күректей қолын баланың иығына артты. Бір кезде метроның ішінен: «Көмектесіңдер!» — деген дауыс естілді.
— Анауың кім-ей? — деді жаңағы кісі қабағын қарс түйіп.
— Дәурен деген досым ғой.
— Дәуренің бар болғыр! Енді осы жерден тағы көрсем, шын айтамын, мойындарыңды үземін. «Кет, кет! Жолама!» — деген дауыс одан сайын күшейе түсті. Қараңғылықты қақ жарып желаяқ Дәурен жүгіріп келе жатты.
— Қазір екеуіңді милицияға өткіземін. Әй, бері кел, — деп жұмысшы Дәуренді тоқтатпақшы боп еді, ол Усэйн Болт секілді жанынан өте шықты. Сол сәтті оңтайлы пайдаланған Қасым да қашып кетті. — Қап, әкең!
Артынша метродан Ваня да көрінді. Сөйтсе, бала ойнап жүріп, адасып кеткен екен. Үйін таппаған соң осында қонғанға ұқсайды...
— Қайда жүрсің-ей?! Мен саған екі сағатта кел дедім ғой...
Жанардың күйеуі Дәуренді қақ ортасында жұлдызы бар «армейский» белдікпен арқасынан ұрды. Қатты тиді, білемін.
— Аға! Одан да мені ұрыңызшы! — деді Қасым арқасын тосып.
Баладан мұндайды күтпеген әлгі кісі кәдуілгідей дағдарып қалды да:
— Былай тұр, күшік! — деп итеріп жіберіп, баланы ары қарай сабай берді, сабай берді. «Кешірші ағатай, кешірші» деген Дәурен үйіне қарай жүгіргенде, еркек оның артынан қуды. Ыдыс-аяқ шағылды, заттар сынды. Қасым тістеніп, бір жағынан жылағысы келіп анасына барды:
— Мама, анау Дәуренді сабап жатыр.
Оны ешкім атымен атамайтын. «Анау» дейтін.
— Өй, ол жынды ғой. Сөйтіп, жүріп бір күні өлтіріп қоймаса жарар еді.
— Мама, ма-ма... Дәуренді ұрып жатыр. Құтқарайықшы, — деді Қасым киімінен тартып.
— Мен не істей аламын жаным-ау. Жаман шешеңнің қолынан не келеді, айтшы?..
Қуаң жерде өскен сексеуілдей ап-арық Қасым не істерін білмей отырып қалды.
— Ваня табылыпты ғой.
— Иә, — деді бала жылағысы келіп.
— Бүгін көріп қуанып қалдым, аман болсын, — деп анасы ып-ыстық алақанымен баласының басынан сипап, бетінен сүйді. Қасым анасын құшақтаған күйі жылай бастады.
— Үлкен адамдар неге қатал анашым? Неге? Неге?
— Білмеймін құлыным, білмеймін.
Дәуреннің жағдайы қиын. «Анау» оны күнде ұратын болды. Ақыры, оны «Жетімдер үйіне» өткізіп жіберді. Бұл хабарды естіген Қасым қатты қиналды. Бір аптадан кейін Қасымның анасы Дәуренді сол жақтан шығарып алды. Енді, Дәурен Қасымның үйінде тұрады. Екі бала достығының белгісі ретінде бас бармақтарын кесіп, қанын ақ матаға жағып сақтап қойған еді. Сол мата әлі күнге дейін сақталған-ды...
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі