КМҚК № 76 бөбекжай балабақшасы
Нихатова Сандуғаш Мырзагалиқызы
Қайырымдылық – мұқтаж жандарға көрсетілер нақты көмек, ізгіліктің анық көрінісі, адамның асыл қасиеті. Кісінің айналасындағы адамдарға танылатын тамаша қыры да қаншалықты қайырымды екендігінен байқалады.
Адам ұрпағына қайырымдылықты жастайынан үйретіп, адамгершілік қасиеттерге баулуға ұмтылады. Алайда мың құбылған дүниеде табысын біреумен бөліспек түгілі өз басын асырай алмай жүргендер де баршылық. «Шын мәнінде, амалдар ниетке байланысты. Расында, адамға ниет еткені тиесілі», - деген тағылымды хадис бар. Жақсы ниет жақсылыққа жетелейді екен.
Дегенмен, олардың терістеу тірлігінен гөрі, жақсылардың шарапаты өмірдің өзін әдемі көрсетеді. Жүрегінде иманы бар жұрт қолынан келгенше Алла алдындағы қасиетті парыздың бірін қайырымдылық деп біледі.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бес нәрсенің қадірін біл. Олар: өлімнен алдын өмірдің, ауру келмей денсаулықтың, әурешіліктен бұрын бос уақыттың, зағиптықтан бұрын жастықтың, кембағалшылықтан бұрын байлықтың қадірін біл» деген. Аста-төк болмаса да азын-аулақ табысының өзін өзгелермен бөлісіп жүретін жаз дидарлы жандарды көргенде, жүрегің жібіп сала береді. Сауапты істің сан соқтырмайтынын білетін елдің бір бөлігі қолындағы барын бөлісіп келеді.
Құран Кәрімде Алла Тағала: «(Ей, Мұхаммед!) Оларды тура жолға салуға сен жауапты емессің. Алла қалаған пендесін өзі тура жолға салады. Қайыр-садақа ретінде не берсеңдер де өздерің үшін (жақсы болады). Не берсеңдер де, тек Алланың разылығы үшін берулерің керек. Ізгілік жолында не жұмсасаңдар да, соның бәрі өздеріңе толық қайтарылады және сендер әділетсіздікке ұшырамайсыңдар (яғни сауаптарыңды толық аласыңдар)» дейді.«Кең болсаң – кем болмайсың». Демек, пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.): «Жақсылық жасаңдар, қайырымды болыңдар!» деген сөзін ұмытпауымыз керек. Бес күндік пәни дүниеде қайырлы іс жасап, көп балалы отбасына, балалар үйіне, қарттар үйіне аса көңіл бөлуіміз керек.
Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) бар арман-тілегі мен мақсат-мұраты адамзат атаулыдан өзіне көрсетілген қызмет емес, керісінше, өзінің адамзатқа тигізер жәрдемі мен қызметі болатын. Сондықтан да болар, қолына не нәрсе түссе де, соны мұқтаж жандарға таратып беріп, өзі кимесе де өзгені киіндіріп, өзі ішпесе де өзгеге ішкізіп, қарамағындағы адамдардың сәл де болса қуанғанын көруді өзіне зор қуаныш, үлкен бақыт деп есептейді екен.
Қасиетті Құранда: «Сенен жетімдер туралы да сұрайды. Оларды пайдалы және жақсылап жетілдіру қайырлы іс. Егер олармен бір жерде өмір сүрсеңіз, олар сіздің бауырларыңыз. Алла жетімдерге қамқор (болмақ) болғандар мен пасықтық жасағандарды біледі» делінген. Имам Ахмад (р.а.) жеткізген хадис-шәріпте пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кім Алла үшін бір жетімнің басын сипаса, қолы тиіп өткен әрбір тал шашы үшін сауап алады» деген.
Қазақ халқы ежелден жомарттығымен танылған. Ұлтымыздың ұлы ұрпағы да ата дәстүрді жалғастырып, тұрмысы нашар отбасыларын, жетім-жесірді, талантты балаларды қорғап, қолдаса дейміз.
Қайырымдылық жасасаң,
Қайырын өзің көресің, - демекші қандай қайырымды істер жасасаң да барлығы өзің үшін деп ата-бабамыз да мақал-мәтелдерде айтып кеткен.
Шағырай шешен өз кезегінде:
Өзін ғана ойлаған,
Жамандықтың белгісі.
Өзгені де ойлаған,
Адамдықтың белгісі.
Үлгілі сөз білмеген,
Надандықтың белгісі.
Бар-жоғына қарамас,
Анық жомарт, ер кісі.
Осы өлең жолдарымен адам санасына жомарттықтың қандай екенін жеткізген. Қоғамда да күнделікті жиі қолданылып отыратын дана сөздерінің бірі: «Кең болсаң – кем болмайсың» деудің мәніне үңілсеңіз адам бойындағы жомарттық, қайырымдылық қасиеттерді меңзеп отыр. Яғни, төрт құбыласы тең болады.
Сондай-ақ, Алла Тағала адамды екі көзді етіп жаратқанның сыры ол өмірде бір көзімен жақсылық, қайырлы амалдарды көрсе екіншісімен жамандық әрекеттерін көреді. Бірақ, сол екі амалды айырып, біреуін таңдау үшін ортасына ақылды берген. Сол ақылға дұрыс таңдау беру әрбір адамның парасатына байланысты болмақ. Ертеде француз математигі Блез Паскаль (1623-1662 ж.): «Кімде кім жақсылықты игі ниетпен жасаса ол кәміл адам, ал кімде кім жақсылықты пайда көруді ниеттеніп жасаса ол жарым адам», деген. Ендеше ақылымызды тиімді пайдаланып, көптеген игі амалдардың жүзеге асуына ықпал етіп, кәміл адамның қатарында қоғамға пайдасы тиген мұсылмандардан болуға ат салысайық!
Мұның бәрін тілге тиек етіп отырған себебім, осы өмірде қандай да бір игілікті, қайырымды істеріміздің сыйы – Алла Тағаланың жәннаты екенін жадымыздан шығармай, соған амал ету. Жақсылықтың қайтарымы көп болады. Алла Тағала осындай сауапқа ұмтылуды баршамызға нәсіп етсін!
Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты жарияланған "Біз біргеміз" акциясы халық арасында үлкен қолдауға ие болып, түрлі қайырымдылық шараларына бастау берді. Қазіргі сын-қатерге толы кезеңде әсіресе көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға жан-жақты көмек қажет.
«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» демекші Алматы қаласы Алатау ауданына қарасты №76 бөбекжай балабақшасының ұжымы жағдайы төмен отбасылырға көмектесуге өз үлестерін қосты. Ұжым болып табысынан айырылған 2 отбасыға күнделікті тұтынатын азық-түліктер апарып берді.«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды «Еріктілер жылы » деп жариялағаны бәрімізге мәлім. Еліміздегі болып жатқан төтенше жағдайға байланысты кішкентай болсада халықпен бірге болуды жөн санады. Карантин уақытында аса қажетті деп табылатын азық-түлік түрлерімен және балаларға арналған тәттілермен қамтамасыз етілген 2 отбасы балабақша ұжымына алғыстарын айтты. «Біз біргеміз» деген ұранмен осы қиын кезеңнен бәріміз бірге жақсы күндерге жетейік деп айтқымыз келеді.
Мерей
Игі істеріңізге сәттілік! Бірақ адамдар былай суретке түсуге қысылатын шығар. Маған қайырымдылық алып келсе мен қысылар едім суретке түсуден, таныстарым, достарым көріп қалады деп. Игі істеріміз мақтану үшін болмасын деген тілек тілеймін бәрімізге.
Myrza
Өте керемет
Коркем
Керемет