Өлең, жыр, ақындар

Ата мен немере

— Әй, кемпір Қаракөзді қатты сағындым. Мына қаланың дыр-дыры есімді шығарып, шаршатып жіберді. Балам түсіме кіріп жүр. Барып қайтайын.

— Ойбуй, кісім-ай, құр сүлдеріңді зорға көтеріп жүріп, дәмесін қара. Жетерін жетерсің-ау.

— Әй, кемпір,»жыланды жеті кессе де — кесірткелік» әлі бар. Туған жерге барып, бір аунап қайтайын. Үлкендерге бата оқиын. Алуаны бірге алып барамын. О, несі-ей,— деді атасы бетінен қайтпай.

— Мейлің. Оның да жөн екен. Ауылға жетсең көз көргендердің бірі Қаракөзге апарып салады. Тек денсаулығыңды байқа!

Сөзін аяқтай беріп апасы Алуаға бұрылған.

— Құлыным-ау, атасының жансерігі-ау. Сен де атаңды алыс жолға жетектейтін болдың ба?Атаңа, бас-көз бол. Үлкен адам ғой, өзіңді ара шағып алмасын.

Қаракөзге жетуін жетті-ау. Тек апасының айтқаны айдан анық келді. Жол бойы шөлдегеннен бе, кім білсін, апасы айтып отыратын атасының басының сақинасы бар, аһлап-уһлап төрге жетіп, жастыққа басы тиген бойы, көзін жұмып жатты да қалды. Жеңіскүл тәтесі мен Абай ағасы өбек қағып, шай қайнатып, қой сойды. Бірақ атасы бір-екі шыны ғана шай ішті.

Бірер сағаттаң соң буы бұрқырап бас салған ет те дастарханға қойылды. Бірақ атасының қабағы жазылмады, ыңқылдап отырып екі шоқып, бір жеп, қолын жуып келіп төсекке қисайды. Абай ағаның: «Қай жеріңіз ауырады?» — деген сұрағына:

— Тұла бойым түгел қалтырап барады, — деп жауап қатты. Түні бойы Алуа көз ілмеген сияқты. Тек таң алдында ғана мызғып кетіпті. Айдалада қай бір аурухана болсын. «Атам қатты ауырып қалса қиын-ақ» деп ойлады ішінен. Атасының көрпесі ашылып қалып еді, орнынан тұрып апасы сияқты қымтай жапты. Сонан соң, атасының мандайынан ұстап көрді. Шып-шып терлеп жатыр екен, қуанып кетті. «Терлесем, жазыламын» дейтін атасы.

— Бұл кім? — деді ыңырсыған атасы.

— Мен Алуамын ғой, — деп сыбырлады ол.

— Жаным, менің... Атасы қайтадан ұйықтап кеткен сияқты. Ауылды жерде қайдан электр жарығы болсын. Пілтелі ондық шам сығырая жанып тұр. Бөлме іші алакөлеңке. Бұрыш-бұрыш тастай қараңғы, құбыжық отырғандай.

— Су, — деді бір сәт ыңырсыған атасы. Алуа дөңгелек стол үстіне суытып қойған кеседегі шайды ала ұмтылды. Сөйтті де атасының қолынан демей көтеріп су ішкізді.

— Алуасың ба? Ұйықтасаңшы, құлыным, — деді атасы сыбырлап.

— Қазір ұйықтаймын, ата.

Шайы бар кесені орнына қойын атасы жаққа ұрлана көз тастады. Қайтадан төсегіне кеп кисайды. Көз ілініп барады екен, атасының сандырақтап сөйлеп жатқанынан оянып кетті. Құлағын тігіп біраз жатты. Шындығында, Алуаның атасы биыл жетпістің жетеуіне шықты. Сонау жылы, әкесі атасын осы Қаракөзден көшіріп кеткенде, Алуа туыпты. Өзінің есімін де атасы «Алуа» қойған екен. Міне, биыл жеті жасқа толып, бірінші сыныпқа барды.

Атасы жыл сайын ауылға барып қайтуды әдетке айналдырған. Биыл апасының орнына өзі келіп отыр. Алмат болмаса, апасы да атасымен бірге келер еді. Өзі тым жылауық. Алуа інісін есіне түсіріп жымиып қойды. Қазір апасының орнына қолғабыс тигізіп жүр. Тіпті апасы болмаса да, Алуа атасына көмектесер еді. Өйткені Алуа атасын жаныңдай жақсы көреді.

Атасы Алуа десе, ішкен асын жерге қояды. Бұл дүниеде атасынан асқан сақалы беліне түскен, қою қабақты, ер ерінді, қапсағай денелі, зор адам жоқ. Апасы кейде атасын осылай деп мақтайды. Тек атасы қартаймаса екен. Қартайған адам аурушаң келеді ғой.

Әлдекімнің бетінен шөпілдете сүйіп жатқанын сезіп көзін ашып алды. Өзіне қарап күлімдеген атасын көрді.

— Ата, жазылдың ба? — деді қуанып кеткен Алуа.

— Әрине, Алуа атасын апасынша күтсе, неге жазылмаймын, — деп жымиды атасы.

— Алақай!

Атасы Алуаны орнынан тік көтеріп алып ауыз үйге қарай жүрді.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз