Балабақшаларға, мектептерге, колледждерге және жоғары оқу орындарына қабылдау үшін құжат тапсыру жеңілдетілді.
«Еліміздегі мемлекеттік қызметтің басым бөлігі білім беру саласында көрсетіледі. Әсіресе, балабақшаларға, мектептерге, колледждерге және жоғары оқу орындарына қабылдау қызметі — үлкен сұранысқа ие.
Білім беру ұйымдарына құжат тапсыру үшін біраз уақыт жұмсау қажет болатын. Ол үшін көптеген анықтамаларды жинап, басқа мемлекеттік органдардан құжаттарды алып, оларды апарып беру сынды бірқатар кезеңдерден өту қажет еді. Мұндай процесс өте ыңғайсыз екені түсінікті.
Біз бұл жағдайды өзгертіп жатырмыз», деп жазды Асхат Аймағамбетов Facebook-тегі парақшасында.
Министрдің айтуынша, балабақшаларға, мектептерге, колледждер мен жоғары оқу орындарына қабылдау процесін автоматтандыру, қағазбастылық деңгейін күрт төмендету, жалпы қабылдау талаптарын жеңілдету жұмыстары қолға алынған.
Мектепке дейінгі білім беру ұйымдары бойынша
Биыл біз балаларды балабақшаларға қабылдау ережелеріне өзгерістер енгіздік. Енді ата-аналар кезекке қою қызметін тек білім беру бөлімінің кеңсесі арқылы ғана емес, сондай-ақ өз бетімен «Азаматтарға арналған үкімет» бөлімдері немесе «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы жүзеге асыра алады. Бұл ретте көптеген құжаттарды жан-жақтан жинау қажет болмайды.
Алғаш рет балабақшаларға кезекте тіркелгендер арасында басымдық ең алдымен педагогтердің балаларына және мүгедек баласы бар отбасылардың бүлдіршіндеріне беріледі.
Егіз балалары, үшемдері бар отбасылар балаларын бір балабақшаға беру бойынша қиындықтарға тап болатын. Енді мұндай ата-аналардың бір баласына белгілі бір балабақшадан орын тиген жағдайда, барлық балалары да (егер тағы орын болcа) сол балабақшаға жолдама алады.
Сонымен қатар, мектепке дейінгі ұйымдардағы бос орындарды бөлу процесі жүйеге келтірілді. Егер бұған дейін арнайы санаттағы балалар қабылданғаннан кейін, үш күн өткен соң, кезекте тұрғандардың барлығына бірдей жаңа орындарды алу мүмкіндігі ашылса (мұндайда кезектің мәні жойылатын), енді орындар кезекте тұрған келесі бірінші 1 000 (бір мың) өтініш берушіге ашылатын болады.
Мектепке қабылдау бойынша
Келесі жылдан бастап бірінші сынып оқушыларының құжаттарын қабылдау маусымнан бастап емес, одан ертерек — бірінші сәуір мен бірінші тамыз аралығына дейін жалғасады.
Мұндай өзгерістер не үшін қажет? Біріншіден, бұл — ата-аналар үшін ыңғайлы. Олар мектепті алдын-ала анықтап, оқуға түсу үшін қажетті құжаттарын мектеп ұжымы немесе өздері еңбек демалысында болған уақытта емес, одан ертерек тапсыра алады.
Сонымен қатар, жаз бойы ата-аналар қажетті оқу құралдарын жинақтап, тиісті жұмыстарды жүргізіп, балаларын мектепке дайындауы керек. Ата-аналар құжаттарды жинауға, мектепті анықтауға үлгермейтіндерін айтып шағымданатын, сондықтан құжаттарды өткізу процесі көбінесе 31 тамызға дейін, кей жерлерде тіпті қыркүйектің ортасына дейін созылатын.
Мектеп әкімшілігінің көзқарасы бойынша, бұл өзгерістер процестерді оңайлатады және мектеп қызметін жоспарлауды әлдеқайда ыңғайлы етеді. Яғни, мектеп басшылығы сыныптарды алдын-ала толтыра алады, оқулықтардың қажетті санымен алдын ала қамтамасыз етіледі және оларды уақытында жеткізеді, сағаттарды бөледі, сыныптардың санына байланысты педагогтерді қабылдай алады. Жалпы, оқу жылының басталуына тиімді дайындалуға мүмкіндік туады.
Енді ата-аналар балаларының мектепке баруын алдын ала жоспарлап, нақты білім беру ұйымын анықтауы қажет және керек құжаттарды уақытында тапсыруды, жіберуді үйренуі маңызды.
Естеріңізге сала кетсем, енді осы үдерістердің барлығы толығымен автоматтандырылады және «Электрондық үкімет» арқылы қолжетімді болады. Жай ғана үйде отырып, уақыт пен басқа да ресурстарды шығындамай-ақ портал арқылы 1-сыныпқа қабылдау туралы өтініш беруге болады.
Оқушыларды бір мектептен екіншісіне ауыстыру да жаңа форматта жүргізіледі, ол процесс те автоматтандырылады.
Яғни, ата-аналарға бір мектептен екінші мектепке барудың қажеті болмайды және қағаз түрінде құжаттарды тапсырудың, ескі мектептен кету түбіртегін, одан кейін келу түбіртегін ресімдеудің қажеті жоқ. Мұндай ескірген, уақыт және қаржы шығынын талап ететін рәсімдеу процесімен көбісі «кезікті» деп ойлаймын. Бұл өзгерістер ата-аналар мен мектеп үшін уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді. Біз бұл жұмысты жақын арада аяқтаймыз.
Айта кетерлігі, биылдан бастап колледждер мен жоғары оқу орындарына қабылдау автоматтандырылған режимде қолжетімді.
«Өткен жылы мен ата-аналарға аталған жұмыс 2020 жылы аяқталады деп уәде бергенмін. Енді балаларға құжаттарды қағаз түрінде тапсырудың қажеті жоқ, әрбір болашақ студент өзі үшін таңдаған колледждің және ЖОО-ның сайттары немесе «Электрондық үкімет» порталы арқылы құжаттарын тапсыра алады. Құжат тігетін папкаларды, конверттерді сатып алу, қағаз анықтамаларды тапсыру, таң атпастан жоғары оқу орындары мен колледждердің қабылдау комиссияларында кезекте тұру немесе басқа елді мекенге барудың қажеті жоқ. Мұның бәрі енді оңай және ыңғайлы болады, сайтқа кіріп, бір тетікті басу арқылы барлық құжаттарды жіберуге болады.
Жалпы мемлекеттік қызметтер бойынша біз бизнес-процестерді, рәсімдерді барынша автоматтандырып жатырмыз. Бұл процестер халыққа барынша ыңғайлы болуы қажет», деп жазды Асхат Аймағамбетов.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі