Асан қайғының Абат деген жалғыз баласы болыпты. Әз Жәнібек ханның баласымен құрдас екен. Ханның баласы хан өлген соң орнына хан болыпты. Өзі хан болғаннан кейін Абат және басқаларымен өзі қол бастап, ел шабуға аттанып, бет алады. Барған елдерін шауып қайта қайтқанда бұлардың олжасына бір бойжеткен сұлу қыз түседі. Ханның жиналған қолы, әскері: «Жаңа болған ханның әділдігін сынаймыз, қызды кімге берер екен» деп сөз қыла бастағанын хан сезіп, қызға таңдау береді. Қыз:
— Маған таңдау берсеңіз, еліме қайтарыңыз, мен ешкімге тимеймін, — деді. Хан бұл сөзге намыстанып:
— Осы қолда саған татитын бір адам болмағаны ма, бастығы өзім, аяғы атшы мен бақыршы, бір адам қалдырмай алдыңнан өткіземін. Кімге барсаң да қызғанышым жоқ, әгер де ешкімге бармасаң, басыңды аламын! Үш күн мәулет бердім, айтқанға көнбесең, жарлығым өзгермейді, — депті.
Үш күннен кейін қызға:
— Не қылдың? — десе, қыз:
— Жарық дүние, жан тәтті екен.
Хан жарлығы қайтпайды,
Хан өтірік айтпайды,
Ырзамын, тақсыр, сөзіңе
Ерік берсең өзіме.
Ылайығым келмейді
Күң атанып өзіңе.
Қағыс адам қалмасын
Түгел көрсет көзіме.
Отқа түсіп өртенсем,
Өз обалым өзіме, —
депті. Хан елді жинап алып, қыздың шатырының алдынан түгел өткізеді. Қыз ешкімге белгі тақпады. Хан екі-үш күн үндемей, қолды көшіріп, бір судың бойына бір күн еру болып, қызға кісі жібереді «кімді ұнатқан екен, айтсын» деп. Қыз: «Қысылған жан ысылған жанға жалынышты екен», — депті. Хабарға келген кісі түсіне алмай қайта келді. Хан қызды өзі отырған жерге шақыртты. Қыз хан шақырды деген хабарды естігесін көзінің жасын төгіп жіберіп, далаға шыға келсе, бір адам шеткі қостың алдында бақыр асып отыр екен, сол адамға көзі түсе кеткенде көзінің жасын сүртіп алды да, ханға келіп иіліп тұрды. Хан қызға:
— Көрдің бе? — деді. Қыз:
— Жаңа ғана көрдім, тақсыр! — дейді. Хан:
— Кімді көрдің? — деді. Қыз:
— Кім екенін өзім де білмеймін, есікті көтертсеңіз өзіңізге де көрсетейін, — депті. Хан есікті ашқызып, далада тұрғандарды «анау ма, анау ма?» деп сұрағанда, қыз «жоқ» депті. Хан:
— Енді кім? Ана бір от жағып отырған бақыршы ма? — дегенде ...(түпнұсқада жоқ) бұлардағы депті. Хан бақыршыны шақырып алып қараса, Асан қайғының баласы Абат екен. Қызды орнына қайтарып жіберіп, Абатқа:
— Сен неге бақыр асып отырсың? — депті. Абат:
— Жолдастарымның жан тыныштығы үшін, — дейді.
Хан:
— Анау күні қыздың алдынан өттің бе? — дейді. Абат:
— Жоқ, — дейді. Хан:
— Не себепті өтпедің? — дейді. Абат:
— Талапты жаспен таласпайын, көпшіліктің сынынан өтпей жалғыз әйелдің алдына барып адаспайын дедім, — дейді. Хан қызды шақырып:
— Әлгі айтқан сөзіңнің мәнісі не? Қыз:
— Мына жігіт көрінбегенде көңілдегім табылмады, кімге берсе, ханның өзі білсін дегенім еді.
Хан Абатқа қызды қосты. Асан қайғы Жиделібайсын деген жерге елді апарамын деп қамданған кезде Абат көшуге көңілсіз жүр еді. Бір күні Асан қайғы Абатқа:
— Діні бөлек, тілі бөлек жат елді көрмей кетпекпін, жайлы орынды жат басқан жерді көрмей кетпекпін. Ханның орны қара алған жерді көрмей кетпекпін, қатын ермен қатарлас жерді көрмей кетпекпін, ұлым, сенің қандай ойың бар? — депті. Абат:
— Ондай атты күн болса, көрсем арманым болмас, — деп атқа мініп көшпек болып отырған елдерге Абат барып орын теуіп, елге түгел қоныс болып болған соң «көшейік» деп елді бөле бастайды. Күн асқан сайын көшетін ел қалмай бара жатқанын Асанқайғы сезіп, келініне:
— Қарағым, ел біздің шаңырағымызға қарап отыр ғой, түндігіңді ал, — депті. Келіні атасының көңілін қимай, көшіп жөнеледі. Ол көшпен елдің біразы қоса көшеді. Елдің көбі көшпей қалады. Абат қалған елмен бірге қалады. Асанқайғы желмаяға мініп, көштен озып кетеді. Көшкен ел Балқашқа барып қонған күні Асанқайғы көшке оралып, қайтып келіп келініне:
— Е, шырағым, бұл қонған жерің қандай жер екен, жүрген жолың қандай жол екен? — депті. Келіні:
— Бұл қонған жер Балқаш деген көл екен. Ішінде балық мол екен, күндердің күні ...етпес пе ел мекен. Бұл жүрген жол құс табаны түрілген, ат жүрер жол екен. Төсегінен түңілген атам жүрер жол екен, — депті. Асанқайғы:
— Шырағым, олай болса, өз жолдарыңды өзің тауып ал! — деп келінін қайтарып жіберіпті.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі