Әз Жәнібек ханның жасы елуден асқанда, қасында бірнеше жолдастары бар, қаршыға салып жүріп өзен суды жағалап келе жатса, бір бойжеткен қыз бие сауып, бір келіншек оны сауғызып тұр екен. Ханның ойында: «тоқалдыққа бір қыз алсам» деген мақсаты болу керек, қасындағы уәзірлеріне: «Ана қызға барып, біреуің бір ауыз сөз сөйлесіп кел!» — деп тапсырады. Жігіт барса, қыз биенің борбайына отырып, сауып жатыр екен. Жігіт барып:
— Сөдегей Бикеш, амансыз ба? — дейді. Қыз түрегеліп:
— Шүкір, тұрса, түзеледі, жолаушының аузы емес, — дейді. Жігіттің аузы бір жағына қисық екен. Жігіт ізінше қайтып келіп, ханға қыздың айтқан сөзін баян етеді. Хан тағы бір жігітін жұмсайды. Жігіт қыз қасына келіп:
— Бір ақ қолтық қызыл қашар көрдіңіз бе? — деп сұрайды. Келіншек:
— Көргеніміз жоқ, — деп еді, қыз тұрып:
— Олай емес, сіз байқамаған шығарсыз, мен көріп едім, — дейді. «Ақ қолтық қызыл қашар» деп тұрғаны қыздың үстіндегі қызыл көйлегі еді.
Қыз айтты:
— Әлгі түс кезінде бір қызыл қашар осы өзенді өрлеп кетіп бара жатыр еді. Соңында бір көк бұқа бар. Қашардың жүрісі ширақ көрінді. Бұқаның «жетемін бе» деген ойы бар сықылды, сірә жеткізе қоймас, — деді. Жігіт ханға қайтып келіп, қыздың сөзін айтқан соң хан намыстанып:
— Қап, бәлем, сені алмай қоймаспын, — деп үйіне қайтып келіп, қызды айттыруға кісі жібереді. «Байға сәлем де, қызын берсін», — дейді. Бай қызын берейін десе, ханның жасы болса келіп қалған еді. «Қатын үстіне қызымды бермеймін» деп айтуға қорқады. Ауыл адамы болып, ханға жауап қайтара алмай отырғанда, қыз әкесіне кісі жібереді: «Мен үшін «бермеймін» деп ханға жексұрын болмасын, беремін десін, бірақ қалың малын қызымның өзі айтады десін. Сол өзі айтқан малын беретін болса, алсын деп жауап қайтарсын», — дейді.
Қыздың әкесі келген адамды осы жауаппен қайтарады. Барған адам осылай айтып келген соң хан: «Малға келетін болса жарайды, біреуің қайтадан барып, қыздың айтқанын біліп келіңдер, не сұраса да берейік», — дейді. Ханның жігіті қызға келсе, ол былай дейді: «Хан менің қалың малым үшін он бес лақ теке берсін, жиырма бес тоқты қошқар берсін, тоқсан құнан бұқа берсін, қырық бес бесті айғыр берсін, елу бес бура берсін, алпыс ат, жетпіс атан берсін», — деп қайырады. Ханның жігіті қыздың жауабын айтып келген соң хан жарлық беріп теке, бұқа, айғыр, қошқар, бура, ат, атанды елден салық қылып жиғыза бастайды. Бұл кезде Жиренше шешен бір жаққа, алыс жолға жолаушы болып кеткен еді. Ел шетіне келгеннен-ақ: «Хан қатын аламын деп, қалың малға осындай мал сұрап, елге салық қылып, жиғызып жатыр» дегенді естіген соң, Жиренше ренжіп, ханның үйіне бармай, өз үйіне келіп, екі күнге шейін жатып алады. Бұрынғы әдеті бұлай емес еді. Шешен бір жаққа барып келетін болса, әуелі ханның үйіне түсіп, көрген-білгенін айтып, сонан кейін өз үйіне барады екен. Жиренше екі күнге дейін келмеген соң хан кісі жібертіп, Жиреншені шақыртып алады.
Хан алдына келген соң ол Жиреншеден:
— Бұл қалай? Сен бұрын ұзақ жолдан келгенде әуелі маған түсіп, сонан кейін үйіңе барушы едің. Бұл сапарда сен бір өнер тауып келдің бе? Болмаса, мен өзгердім бе? — дейді.
Сонда Жиренше:
— Келмеуіме себеп мынау еді: мен уәзір болам десем, хан да көп, ел де көп еді. Соның бәрін көріп, бұрынғылар «ханда қырық кісінің ақылы болады» дегенді ұстап, сізді де сондай ақылды ханның бірі ме деп жүрген едім. Ханым, бір қыздың айтқан жұмбағына түсіне алмай, елді де, өзіңді де әуре қылып, салық салып мал жиғызғаныңа өкпелеп келмедім, — дейді.
Хан:
— Япырмау, мұның жұмбағы не екен? — дегенде, шешен айтады:
— «Он бес лақ теке берсін» дегені — «он бес ешкіге жарайтын лақ теке күніңнен өттің, жиырма бес саулыққа жарайтын тоқты қошқардай күніңнен де өттің, отыз бес сиырға түсетін құнан-бұқадай күніңнен де өттің, қырық бес бие шығаратын бесті айғырдай күніңнен де өттің, елу
бес түйені қайыртатын бурадай күніңнен де өттің. Алпысқа келдің, ат боласың, жетпіске келгенде атан боласың, он бес жасар мендей жас қызды қалай бойыңа лайықтап алмақшы боласың», — деген жұмбақ еді. Оған түсіне алмай, елді соншалық әурелікке салғаныңызға ренжідім, — дейді. Сонда хан:
— Олай болса, менің ісім бекер болған екен. Елден жиналған теке, бура, бұқа, айғырларды тегіс иелеріне қайтарыңдар! Қыз мені кәрі дейтін болса, сол қызды өзің барып алғайсың, — деп хан райдан қайтыпты. Жиреншенің ақылды әйелі Қарашаш дейтін сұлу осы екен.
Қарашаш сұлу Жиреншеге келіншек болып түскеннен кейін хан өзіне тимей кеткен қызға құмар болып, Қарашашты көп торып, айналдыра беріпті. Не амал қылса да, Қарашаш ханның қолына түспей құтыла береді. Бір күні Қарашаш босанып, бір бала тапқанда, бір емшегінің сүтін бір қара тұлыпқа сауып жинай береді. Шешен:
— Қатын, сенің мынау сүтіңді жинай беруіңнің себебі не? — деп сұрағанда, әйелі:
— Осы алдымызда, аз күннің ішінде біздің елдің барлық еркек кіндігі бір жауға баруға тиіс. Бірақ жауға барған жерде, хан да, сіз де туларыңыз жығылып, қашарсыздар. Сонда сіз хан қалай қарай қашса, соңынан қалмай, қабаттаса қашыңыз. Былай ұзап шыққан соң, хан артына қарап сізді көрер және айтар: «уа шешен, шөлдедім ғой, су табар жерің бар ма?» деп сұрар. Сонда сіз осы сүтті ханға жұтқызып жіберерсіз», — дейді. Қарашаштың айтқанындай ұзамай үлкен жаугершілік болып, елде жан қалмай, соғысқа аттанады. Бірақ жолдары болмай, туы жығылып қашады. Хан мен шешен екеуден екеу елсізге шығып алған соң, Жиреншені көріп қуанып, су сұрағанда, шешен қойнындағы сақтаулы сүтті алып береді. Хан сүтті жұтып жіберіп:
— Япырай, шешен, менің шөлдегенім бе, мынау қалай тәтті сусын болды? Мұны қайдан таптың? — дегенде, шешен айтады:
— Не сусын екенін білмеймін, келініңіз осыны жинап, «хан шөлдейтін жер кез келсе, шөлдетпей осыны берерсің» деп беріп едің, — дейді. Сонда хан:
— Япырай, мынау анамның сүтінен соңғы аузыма татыған тәтті сусын болып еді, келіннің емшегінің сүті болмаса игі еді. Енді келін маған шеше болды, сен маған әке болдың. Менің ойымда кінә қылып ұстап жүрген үш өпкем бар еді. Енді соның бәрін тастадым, — дейді. Жиренше:
— Ол өкпең не? — деп сұрағанда, хан:
— Менің қуанышты көріп істеген үш тойыма келмедің, — дейді. Әз Жәнібек хан құсбегі адам екен. Тышқаннан басқаны алалмайтын жаман құладынды бабына келтіріп салып, көлден қаз ілдірген екен. Шауып келіп қазды ұстай бергенде, құладын қазды қоя береді. «Антұрған, атасыз итке ұқсап мені алдап қоя беріп, қазды алдап қар көттік қылды, құйрығы бүлкілдеп тұр» деп көтінің аузын кесіп тастап, қайтарып әкеп салып, аққу алғызады екен. Жиренше ханның осы қуаныш үстінде жасалған тойына бармайды екен. Бұл бір тойы еді. Сонда Жиренше:
— Иә, рас, тақсыр, ол тойыңызға бармадым. Себебі жаман ырым көрсеттіңіз. Құладын құстың азғыны еді, қу құстың төресі еді, оған қуануға рет жоқ еді, — дейді. Сонда хан:
— Екінші рет тоқал алып той қылдым, оған неге келмедің? — дегенде, шешен:
— Оған да барғаным жоқ, себебі қатының бір надан байдың қызы еді. Сен қызды ала барғанда «Құдай қолымды жеткізді» деп ол байдың шабылып той қылатын жөні бар еді. Олай болмады. Ақырында тоқалыңды алып келіп, өз бағыңнан қатынның бағын зорайтып той қылғаныңа
қарным ашты, — депті.
Сонда әз Жәнібек өзінің бір үйшісіне он екі қақпалы үй салғызып, той қылғанын айтып:
— Бұған неге келмедің? — дегенде, Жиренше:
— Әуелі ел-жұртыңның қамын ойлап, рабат салдырмай, өз басыңның қамын жеп, он екі қақпалы үй салдырғаныңа көңілім тоймады, тойыңа сол себепті бармадым, — депті.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі