Бүгін Қазақстанда және әлемнің бірқатар елінде Білім күні аталып өтеді. Коронавирус инфекциясына байланысты биылғы оқу жылына көп өзгеріс енгізілді.
Бүгін мектептерде жаңа оқу жылының басталуына арналған онлайн жиын өтеді. Балалар мектепке келмейді, онлайн линейкаға қолжетімді құрылғылар мен байланыс құралдары арқылы қатысады.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, биыл 3,3 млн оқушы мектепке барады. Оның ішінде 380 мың бала – бірінші сыныпқа қабылданады.
Бұл ретте оқушылардың 80 пайызы немесе 2,6 млн бала қашықтан білім алады. Бастауыш сынып оқушыларының 15 пайызы немесе 530 мың баланың ата-аналары кезекші сыныпта оқытуға өтініш берген. Қалған 5 пайыз балалар шағын жинақты дәстүрлі форматта оқитын болады. Олардың саны - 202 мың бала.
Балалардықашықтан оқыту бойынша екі негізгі бағыт бар. Бірінші бағыт - интернет арқылы оқыту. Интернет арқылы оқыту 8 интернет платформада жүргізіледі. Осы платформалардың ыңғайлылығы мен беріп отырған мүмкіндігіне байланысты мектептер, қалалық, аудандық білім бөлімдері шешім қабылдап, келісімшартқа қол қояды және сол платформамен жұмыс істейді. Қашықтан білім алатын балалар үшін сабақ ұзақтығы - 30 минуттан аспайды.
Қазақстандағы жетекші ұялы байланыс операторлары «Білім» тарифін әзірледі. Оның құны - 990 теңге. Бұл тарифтен Kundelik.kz ресурсына мегабайт жұмсалмайды. Аталған тарифтік жоспар барысында оқушылар мен ұстаздар бір-бірімен тегін сөйлесе алады. Мұнан бөлек, отандық білім ресурстарын тегін қолдануға болады. Жаңа оқу жылында желідегі 600 білім беру платформасын тегін пайдалануға болады. Яғни, осы 600 сайттың кез келгенін ашсаңыз, SIM картаңыздағы тарифтік жоспарыңыз жұмсалмайды. Өткен оқу жылының төртінші тоқсанында операторлар 380 интернет-ресурсты тегін пайдалануға берген еді.
Екінші бағытта балалар телеарналар арқылы сабақ оқиды. «Ел арна» және «Балапан» телеарналары телесабақтарға тәулігіне 9 сағатқа дейін эфир бөліп отыр. 1 қыркүйектен бастап, дүйсенбі-жұма 09:00-18:00 аралығында 1-11 сыныптардың оқу пәндері бойынша бейнесабақтар қазақ тілінде «Balapan» телеарнасынан көрсетіледі. «Balapan» телеарнасы «Оtau TV» спутниктік операторы, «Аlma TV» кабельдік операторы, ID TV цифрлық теледидар қызметі арқылы қолжетімді
Сонымен қатар арна balapan.tv ресми сайты мен qazaqstan.tv мобильді қосымшасы арқылы, «Balapan»-ның YouTube-тегі ресми каналынан да онлайн көрсетіледі. «Android» және «iOS» платформаларына лайықталған мобильді қосымшаны «App Store»,«Play Market» сервистері арқылы тегін жүктеу мүмкіндігі қарастырылған.
Күрделі жағдайға қарамастан, бастауыш сыныптар ата-анасының қалауымен кезекші сыныптарда оқи алады. 1-4 сыныптарда білім алушылардың 60% жуығы дәстүрлі режимде білім алады. Биыл ата-аналар баланы мектеп формасында немесе басқа да ыңғайлы киіммен жіберу туралы шешімді өзі қабылдайды.
Кезекші сыныптарда жұмыс істеуге жіберу үшін тиісті талап бар. Мұндай форматтағы жұмыс процесіне жүкті мұғалімдер, созылмалы аурулары бар жасы 65-тен асқан ұстаздар жіберілмейді. Яғни, мұндай педагогтар кезекші сыныпта жұмыс істей алмайды. Бұған қоса, педагогтар өз қалауы бойынша оффлайн немесе онлайн режимде жұмыс істей алады.
Кезекші сыныпта дәстүрлі форматта білім беру барысына бірнеше қатаң талап қойылады. Біріншіден үзіліс әртүрлі уақытта болады. Сабақтың басталуы да әртүрлі уақытта жүргізіледі. Екіншіден, қыркүйекте сабақ ұзақтығы 40 минутпен шектеледі. Кезекші сыныптарда санитарлық талаптар қатаң сақталуы тиіс. Балалар бір кабинетте ғана оқиды. Әдеттегідей бір кабинеттен екінші кабинетке көшуге болмайды. Күн сайын термометрия жүргізіледі. Жуу, желдету режимі бойынша тиісті талаптар қолданылады. Шағын жинақталған мектептерде дәстүрлі білім беру барысына да осы талаптар қойылып отыр. Бұған қоса, бір сыныпта 25-30 бала болатын болса, онда оларды 15 баладан аспайтын топқа бөлу ұйғарылды.
Айталық, сыныпта 30 оқушы бар. Бүгінгі жағдайда кезекші сыныпта оқыту барысында олар аталған сыныпты 15 баладан екі шағын топқа бөлуге міндетті. Соған орай педагогке жүктеме де артады. Дегенмен, педагог қосымша жұмысы үшін қосымша ақы да алады. Яғни, егер қазіргі уақытта онда 28 сағат болса, педагог барлық 28 сағат үшін жалақы алады.
Сондай-ақ, кезекші сыныпта оқитын балалар масканы өздері алып келуі қажет. Ал білім ұйымдары бюджет қаражаты есебінен педагогтерді қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етеді.
Ресми статистика бойынша елімізде 161 156 бала арнайы білімді қажет етеді. Бұл санатқа көзі нашар көретін және зағип балалар (еліміз бойынша 8 318 бала), құлағы нашар еститін 5 911 бала, тірек-қимыл аппараты бұзылған 18 841 бала, сөйлеу қабілеті бұзылған 47 022 бала, психикалық дамуы тежелген 50 826 бала, аутизммен ауыратын 5 193 бала және ақыл-ой кемістігі бар 25 045 бала кіреді.
Республика бойынша 420 арнайы білім беру ұйымы бар. Оның ішінде 195 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, 98 арнайы мектеп, 14 оңалту орталығы және 38 арнайы мектепке дейінгі ұйым, 75 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация (ПМПК) жұмыс істейді.
Жаңа 2020-2021 оқу жылында арнайы білім беру ұйымдарына қашықтан, штаттық және жабық режимде жұмыс істеу ұсынылып отыр. Елде қатаң карантин режимі орнаса, арнайы білім беру ұйымдарында қашықтан оқыту форматы ұсынылады. Арнайы балабақшалар жұмысын өңірдегі бас санитарлық дәрігер шешімімен жалпы типтегі балабақшалар секілді кезекші топтарды ұйымдастыру арқылы жалғастыруға болады. Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері және оңалту орталықтары штаттық режимде қашықтық технологияларды қолдану арқылы жұмыс істейді. Ал жабық режим өңірдегі бас санитарлық дәрігер шешімімен арнайы мектеп-интернаттарға енгізіледі. Жабық режим ақыл-ой кемістігі бар балаларды оқытуға ұсынылады, өйткені олар қашықтан жіберілген материалды қабылдай алмайды. Арнайы білім ұйымдары оқыту форматын ата-аналармен келісе отырып, өздері таңдайды.
Бакалаврдың 1 курс стуленттері үшін күзгі семестр қашықтан ұйымдастырылады және 1 қыркүйекте басталады. Бұл күні барлық шаралар онлайн режимде өтеді. 1 курс студенттеріне ЖОО саясатымен және қашықтан оқыту форматымен танысу үшін 24 тамыздан бастап онлайн режимде апталық өтеді. Шалғай және интернеті жоқ өңірлерден келген және оқу құралы (ноутбук және т.б.) жоқ білім алушылар корпусқа бармай-ақ онлайн оқытуды қамтамасыз ететін компьютерлік техникасы бар жатақханаларда тұруға болады.
Ал 2-4 курс студенттеріне оқу 1 қыркүйекте басталады. 20 тамыздан бастап ЖОО-лар өз студенттерімен онлайн кездесулер өткізеді. Педагогикалық, гуманитарлық, әлеуметтік және IT-бағыттар бойынша оқуды толық қашықтықтан оқыту форматына көшіру ұсынылады. Ал жаратылыстану ғылымдары, техникалық, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және өнер бағыттары бойынша аралас оқыту форматы көзделген. Дәрістер мен семинарлар онлайн форматта, зертханалық, практикалық және студиялық сабақтар – кампус аумағында өтеді, бірақ қазан айынан кейін басталады. Офлайн режимде өтетін пәндер туралы ақпарат алу үшін студенттер жоғары оқу орындарына жүгінуі керек. Шалғай және интернеті жоқ өңірлерден келген және оқу құралы (ноутбук және т.б.) жоқ студенттер корпусқа бармай-ақ онлайн оқытуды қамтамасыз ететін компьютерлік техникасы бар жатақханаларда тұра алады.
Магистранттарды 14 қыркүйекте қашықтан оқыту басталады. 31 тамызда кешенді тестілеу аяқталады. 5 қыркүйекке дейін грантқа өтініштер қабылданады. 7 қыркүйекте гранттар тағайындау бойынша конкурс нәтижелерін жариялау жоспарланған. 8 қыркүйектен бастап әкімдіктер гранттарын тағайындау бойынша конкурсқа құжат қабылдау басталады. 11 қыркүйекте ЖОО-ға қабылдау үшін өтініш беру аяқталады. 2 курс магистранттары үшін зерттеу жұмысы қашықтан ұйымдастырылады. Бұл ретте қажет болған жағдайда магистранттардың өтінішімен ғылыми-зерттеу жұмысын зертханаларда жүргізуге болады. Зертханалық және практикалық сабақтар жеке кесте бойынша әлеуметтік қашықтық пен күшейтілген санитарлық шараларды сақтай отырып жүргізіледі. Бұл кестені нақтылау үшін магистранттар өз ЖОО-ларына жүгінуі қажет.
Докторанттарды қашықтан оқыту 1 қыркүйекте басталады. 1 курс докторанттары үшін оқыту қашықтан жүргізіледі. Ал 2-3 курс докторанттары үшін зерттеу жұмысы қашықтан ұйымдастырылады. Бұл ретте, қажет болған жағдайда ғылыми-зерттеу жұмысы докторанттардың өтінішімен зертханаларда ұйымдастырылады. Зертханалық және практикалық сабақтар жеке кесте бойынша әлеуметтік қашықтық пен күшейтілген санитарлық шараларды сақтай отырып жүргізіледі. Осы кестені нақтылау үшін докторанттар өз ЖОО-ларына жүгінуі қажет.
Интернатура мен резидентурадағы оқу күндізгі және қашықтан оқыту форматында жүргізіледі.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі