Өлең, жыр, ақындар

Үнсіздер мәжілісі

Бір замандары ғалымдар мен ақындар «Үнсіздер мәжілісі» атты бірлестік құрады. Мүшелер саны отыз адамнан тұратын және отыздан асырмайтын. Мүшеліктің шарты көп ойлану және аз сөйлеу, хикмет сөйлеу болатын. Сол заманның мәшһүр ақын, ғұламасы Молла Жами (парсы ақыны, филолог.) осы мәжіліске құштар екен. Күндердің бірінде «Үнсіздер мәжілісінің» бір мүшесі қайтыс болғанын естіп, оның орнына үміткер болу үшін, бірлестік орналасқан ғимаратқа келеді. Есіктен күтіп алған адамға ештеңе деместен, өзінің аты-жөні жазылған қағазды беріп жібереді. Мүшелер сол сәтте жиналыста отырған болатын. Мәжіліс өкілдері ұсынысты көріп, іштей қынжылады. Өйткені Молла Жами мүшелікке өте лайықты адам болатын, бірақ қайтыс болған мүшенің орнына адам қабылдап қойған еді. Мәжіліс төрағасы стаканды бетіне дейін суға толтырып, Молла Жамиге жібереді. Молла Жами жауапты түсінген болатын. Тағы бір тамшы құйылса, стакан таситын еді. Хазреті Молла Жами ауладағы раушан гүлінің бір жапырағын алып судың бетіне қояды. Гүл жапырағы судың бетінде қалғып, ал су тасымаған еді. Мұны ішке жібереді. Мәжілістегілер бұл нәзік жауаптың мәнін түсінген болатын. Мүшелер бір ауыздан бұл данышпан ғалымды мүшелікке алуға шешім қабылдайды. Мәжіліс төрағасы мүшелер тізіміне Молла Жамидің есімін тіркеп, 30 санының артына бір "0" қосып, 300 деп жазады. Осы арқылы Молла Жамидің арқасында мүшелер саны 10 есе көбейгендігін көрсетпек болады. Құжаттың соңғы нұсқасы Молла Жамидің қолына берілгенде ол мұны бірден түсінеді. Бірақ адам санының тым артық болуы, көңіліне қонбайды. Оң жақтағы "0" санының бірін өшіріп, 30 санының алдына қойды. Яғни 030 деп жазды. Кішіпейілді Молла Жами осылайша өзін нөлге теңеп, суды тасытпағанымен қоса ол мәжілістің құрылымын өзгерту ниеті жоқ екендігін айтқысы келген еді. Мұны көрген өзге мүшелердің құрмет пен ілтипаттары тағы да арта түседі.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз