Еліміздің барлық мектептерін дәстүрлі білім беру түріне көшіру мәселесі пысықталып жатыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының ресми сауалына ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің жауабында айтылған.
«Жаңа оқу жылына дайындық мәселелерін жан-жақты сараптау, қоғаммен кеңінен талқылау қорытындысында, сонымен қатар әрбір өңірдегі эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып, Білім және ғылым министрлігі білім берудің әр түрін (қашықтан, штатты және аралас) пайдалану туралы шешім қабылдады. Бүгінде 3,4 млн бала (оның ішінде 2 613 428 бала қашықтан режимде, 252 343 бала мектептерде штатты білім беру режимінде, 546 776 бала кезекші сыныптарда) мектепте білім алып жатыр», — деді Премьер-Министр.
Оның атап өтуінше, қашықтан оқыту түрін түсіндіру үшін ата-анаармен қосымша жұмыстар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, 20 тамыз бен 17 қыркүйекте жалпыреспубликалық ата-аналар жиналысы, ал 21 тамызда жалпыреспубликалық сынып сағат өткізілді. Оқу процесінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық ереже әзірлеп бекітті. Ережеде білім берудің барлық түрлерін ескере отырып, білім нысандарына қойылатын талаптар қамтылды. Қашықтан оқытуды енгізуге өңірлердің басым бөлігіндегі мектептерде бала санының көптігі де түрткі болды.
«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, 12 жастағы және одан үлкен жастағы балалар коронавирус инфекциясының таралуында белсенді рөл ойнайды. 2020 жылдың 4 қазанындағы жағдайға сәйкес, мектеп оқушылары арасында коронавирус инфекциясына шалдығудың 136 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 51 бала бастауыш кезекті сыныптарда, 85-і қашықтан оқиды», — деді Асқар Мамин.
Үкімет басшысының атап өтуінше, бүгінде Германия, Ресей, Ұлыбритания, Польша, Франция, АҚШ, Оңтүстік Корея, Үндістан сынды елдер коронавирустың жылдам таралуына байланысты дәстүрлі түрде білім беретін мектептерді карантинге жауып жатыр.
«Дегенмен, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қазіргі уақытта бейінді мемлекеттік органдар кезең-кезеңмен жұмсарту және дәстүрлі білім беру түріне оралу мәселесін зерделеп жатыр», — деді Премьер-Министр.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Ақерке
Ақерке деген есимнин магынас
Myrza
керемет