Өлең, жыр, ақындар

Мұғалімдік жолын таңдадым

Мақала авторы: Арыкбаева Г.Е.
Жұмыс орны: Еңбек орта мектебі - бақшасы
Лауазымы: бастауыш сынып мұғалімі
 

В.А.Сухомлинский:
Өзіңе-өзің ие бол.
Өзіңе-өзің әмір етуді кішкентайыңнан үйрен. Мойның жар бермейтін, бірақ істеуге керек нәрсені атқаруға өзіңді-өзің үйрете біл.
Оқуға бар ынта-жігеріңді сал – сенің бойыңа сол жарасады.
Ойсыз, кітап оқусыз, ақыл-ой еңбегінсіз өткен күн – босқа өткен күн.
Өзіңе тапсырылғаннан да көбірек істеуге тырыс. Өз алдыңа міндет пен тапсырма қоя біл.

Иә, қай адамда болсын өзiнiң арманы болады. Сол армандарына жеткiсi келеді. Арманына жету үшін алдына үлкен мақсаттар қояды. Егер, адамның арманы болмаса, ол алға ешқашан жылжымайды. Армансыз адам — қанаты жоқ құспен тең дегендей, қанатсыз құс секiлдi ешқашан биікке ұша алмайды. Адам баласы армандау арқылы ғана жетістікке жетеді. Армандайды, ол арман мақсатқа айналады, мақсат талаптандырады, ал талап, еңбек нәтиже беретіні сөзсіз. Сол сияқты мен де «Арман деген көп белес – біріне шықсаң, бірі бар» дегендей бала кезден бергі армандарымның бірі – мұғалімдік жолын таңдадым. Не себепті? Себебі, қай қыз баласы болмасын ортаға жайлы, сыйлы, жеміс беретін, мәдениеттілігі жоғары маман болғанын қалайды.

Осы сөзде қаншама мән-мағына жатыр десеңізші! «Ғалым да, шахтер де бас иетін…» демекші ұлағатты ой иелері де, арман оты жүрегінде лаулаған жеткіншектер де, парасатты қоғам қайраткерлері де бір адамға қарыздар. Ол – Ұстаз! Ол – адамдардың өмірге көзқарасын, бір-біріне деген сый, құрмет сезімін қалыптастыратын, білім мен тәрбиенің ұрығы н шашатын, адамгершіліктің нұрын төгетін адам. Ұлағатты ұстаздан тәрбие алған адам жақсы қоғамдық қайраткер, ұлы тұлға болып өседі, өмірін дұрыс бағытқа бейімдеп, көркейтеді. Мен де өз елімнің патриоты ретінде қазақ халқының ұл-қыздарына өнегелі тәрбие беріп, ұлағатты  ұрпақ тәрбиелегім келді. Білім нәрімен сусындаттырып, жеткіншектермен бірге көптеген жаңалықтар ашып, білім шыңына олармен бірге жеткім келді. Себебі, «Біз әрбір адамның абыройын, адамгершілігі мен беделін бағалайтын, жоғары өнегелі, эстетикалық стандарттары мен рухани құндылығы бар қоғам құруымыз қажет» деген президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың сөзі бар. Ал «Өзін-өзі тану» бағдарламасының негізгі мақсаты да осы: қоғамды құрайтын қазіргі мектеп оқушыларына, болашақ еліміздің іргелеріне мәңгілік жалпыадамзаттық құндылықтарын, ақиқат, дұрыс әрекет, сүйіспеншілік, ішкі тыныштық, қиянат жасамау сияқты қасиеттерді дарыту. Ал мен осы жас буынға, Қазақстанымыздың фундаментын құраушы азаматшаларға «Өзін-өзі тану» пәні арқылы рухани-адамгершілік азық, білім беріп жүрмін. Осы пән арқылы жас буынға өзін-өзі табуға, өзінің жақсы сапаларын ашуға, сатқындық жасамауға, ар-намысын сақтап, әрқашан адам қалпынан таймауға септігімді тигізіп жүрмін.

Сабақта «Қуаныш шеңберін» құру арқылы әуенді әндер мен мағыналы өлеңдерді орындату арқылы балалардың жаңа күнін шаттыққа бөлеп, көңіл-күйін көтеріп, бір-біріне деген көзқарастарын, достық ниеттерін дамытамын, «Әңгімелесу» айдары арқылы сөз саптауларын, ойын еркін түрде жеткізе алуына жағдай жасаймын және жаңа тақырыпқа ыңғаймен бағыттаймын. Ал «Мәтінмен жұмыс» бөлімінде оқушыларға арналған әртүрлі мәнді де мағыналы, қызықты мәтіндер мен әңгімелер берілген, ол мәтіндерді жандандырып, баланың тақырыпқа деген қызығушылығын арттыру үшін мәтіндерді рөлдерге бөліп оқытып, әр кейіпкердің образына ене алуларына бар күшімді саламын, сол сияқты «Дәйексөз» бен «Жаңа ақпарат» айдары арқылы оқушының өзі туралы, өзінің ішкі ойлары, көзқарасы, кез келген жағдаятқа қарсы немесе оң көзқарасын мен пікірін білдіре алуларына, тек өзі туралы ғана біліп қоймай, қоғам, адамдар арасындағы өз орнын таба білуге, өзінің ішкі пікірін еркін түрде жеткізе алатын тұлға ретінде сезінуге, ақылгөй, дана тұлғаларымыздың дәйекті, нақыл сөздерін меңгеру арқылы оқушының жан дүниесін байытып, рухани-адамгершлік білімді халықтық дәстүр арқылы жеткізіп, өзінің және өзгенің мәдениетін, тілін, ділін құрметтеуге, сыйлауға, ізгілік, мейірімділік, қайырымдылқ, адамгершілік сияқты асыл қасиеттерді бойларына дарытуға үлесімді қосамын, ал «Шығармашылық тапсырма» кезеңінде бірлескен шығармашылық әрекет арқылы олардың шығармашылық мүмкіндіктерін ашып, ынтымақтастық, шыдамдылық, өзгенің ой-пікіріне сыйластықпен қарап, «Жұмыла көтерген жүктің жеңіл» болатындығын барынша ұғындыруға тырысамын, сабақтың ерекше эмоционалдық түйіні «Жүректен жүрекке» айдары болып табылады. Балаларға бір-біріне жылы сөздер айтқызып, ізгі ниеті мен тілегін білдіре алуына жағдай туғызамын. Әр сабақтың жинақы, оқушыға қызықты әрі пайдалы болып өтуі үшін үнемі шығармашлық ізденісте жүремін және бұл маған ұнайды, көңілімде ерекше жадыратарлық сезім туады. Педагогиканың атасы, көрнекі ғалым В.Сухомлинскийді үлгі тұтамын, оның бір сөзінде: «Егер балаға қуаныш пен бақыт бере білсек, ол бала солай бола алады» делінген. Міне, егер біздер, ұстаздар шәкіртке жан-жақты терең білім беріп, сол білімді шын көңілдің нұрын себе отырып дарытып, оның жүрегіне адамгершіліктің асыл қасиеттерін үздіксіз ұялата білсек, алдымыздағы балапандарымыз, ертеңгі елінің іргесін ұстайтын азамат, азаматшаларымыз айналасымен санасарына ықпал ететіні сөзсіз.

Ойымды қорыта келе, қазіргі заман талабы бойынша әр қоғамның, әр елдің, ортаның сұранысы: адами құндылықтарды бойына сіңірген, адамгершілік құндылықтары қалыптасқан, рухани бай, саналы ұрпақ. Бұл жолда «Өзін-өзі тану» пәнінің берері мол. Ал мен болсам осы жолда талмай еңбек етудемін, мақсатымды бірте-бірте жүзеге асырудамын, бұл – ең бастысы, бұл – бақыт. Мен өз мамандығымды, «Өзін-өзі тану» пәнін сүйемін!

Ақмола  облысы, Ақкөл  ауданы,

Еңбек  ауылы, Еңбек орта мектебі-бақшасының

бастауыш сынып мұғалімі Арықбаева Г.Е.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз