Біздің қоғам маңқа мұрны шу-шу еткен, жалқаулығы тағы бар, аяғын санап басып, ауыр қозғалатын сары Атанға ұқсайды. Ең сорақысы, оның ноқтасы кімнің қолында кетпеді десеңізші...
Есте жоқ ескі замандарда бір диуана әлгі Атанды көрген екен. Оның айтуына қарағанда, әлгі атанның шудасы тоқты-торымның өлексесін бір отырғанда қылғыта салатын, ол аз десеңіз, алпауыт құрлықтарды түйір ас құрлы көрмейтін, тістерінің арасына тұрып қалған алтын-күмістерді асқазанына қарай «асыратын», бағалыны бағындай көретін, өмірі толмайтын өңеші бар әлдекімнің жұмулы жұдырығында қалған екен дейді... Естімеген елде көп, оның былғанған нәжісінен мәңгүрт ұрпақ өсіп-өнген екен. Қай жаққа барсаң да, сол маңып жүрген мәңгүрттердің соңында - құжынаған қара шабын. Сол қаптаған қара шыбынның Құлагердің қураған басына қонуға құмарлығын қайтерсің? Парадокс!..
О, тоба, ендігі ұрпағымыздың тағдыры не болмақ? Ол жайлы ойлануға да мұрша келмей жатыр. Сәл саябырсысаң, өркөкірек өркениет жағаңнан алып жағалауға лақтырып жібере ме деп қорқасың да... Қараша үйге кірсең, босағада тиегі мүжілген, үкісі үзілген домбыраны көресің. Бала-шағаның шөлін басқан қара сабаның күлде жатқанына да көп болды...
Ән тыңдайық дейсіз бе?
Мінекей, мына әнді тыңдай қойыңыз. Неге түсініксіз дейсіз бе? Ау, айтып жатқан қазақтың баласы ғой, аты - МС Сайлаубек!..
Билегіңіз келе ме?
Оу, мына біреулермен қосылып билеңіз, бидің атын қайтесіз, үстіңіздегі лыпаның бәрін шешіп тастаңыз – болды, заманауи биші боп шыға келесіз!..
Уһ! Тотияйын қосқан тілден қайбір оңған сөз шығар дейсіңіз? Әрі қарай кеттік пе?
Іңгәлаған сәбиімізді бесіктен емес, күл-қоқыстан теретін болдық. Шынымды айтсам, төрт түліктен ұят болды. Олар өйтпейді, жылы қораға, кең жайлауға төлдеп жатыр...
Қазір жырқыл менен жарқылдың көшесін қаптаған көбелектер кезіп жүр. Құдай атқан жалаңаш тәнді кімдер келіп, ластамады десеңізші? Ең ақырғысы, баққа-шаян, құрт-құмырсқа жегіштер бас салып, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кете барды. Тағы бір сорақылық - қарын қамын қоқыс пен жуынды шешті. Енді олар имангүлді іздеп бас қатырмайды. Не айтарсың, тісі сынып, тілін жұтқан бұл қоғамға...
Сан жылдардың мүжілген парақтары қауқарсыз жапырақтай көшеде, әркімнің табанында тапталып жатыр. Тағы да Атанымды іздеп зар болып тұрмын. Ол немені тағы бір томырық иемденіп алыпты. Олар жар жағасына бет алып барады. Көкке көз тастасам, көз ұшында құзғындар қалықтайды. Оның да аңдығаны - өлімтік.
Басым айналып, көзім қарауытты. Көз алдымда санамды кемірген ұсақ құрттар ойнақ салып жатыр. Оның құлдық қамыты – ашкөздікте.
- О, Жаратқан! деп іштей күбірледім. Мына атамекенімнің жыртығына жамау, тесігіне қамсау болатын бір тұлға сұрап дал болдым. Сонымен тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, біздің жемсау болған қоғамға Баукеңнің жүрек жұтқандығы, Махамбеттің айбаты, Абайдың кемеңгерлігі жетпей тұр. Бәрін айта бірін айт, Кенесарыша қайырғанда «Кезенген жаумен кескілесіп тұрып өлісуге шыдайтын ұл болмаса, сондай ұлды туғызып тұрған ел болмаса», қазақтың қай ісі алға басар дейсіз?..
Сары атан елсізге қарай маңып барады.
Маңып...
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі