(новелла)
Адроге кварталындағы жазғы бір кеште уругвай жазушысы Карлос Рейлестің ұлының маған осы оқиғаны айтып бергеніне де әжептәуір уақыт болды. Өшпенділіктің ұзын-сонар тарихы мен оның қорқынышты ақыры менің санамда эвкалипттің дәріханаға тән иісі мен құстар даусы түрінде ұялапты.
Әдеттегідей біздің әңгімеміз екі елдің быт-шыт араласқан тарихы туралы болды. Рейлес менен: "Өз заманының аты мәшһүр ер жүрек сабазы, көңілді жігіт Хуан Патрисио Нолане туралы естіп көріп пе ең", деп сұраған. Мен өтірік "естігем" дей салдым. Нолан тоқсаныншы жылдары көз жұмса да, көптеген адамдар оны әлі күнге дейін дос-жар ниетпен еске алып тұрады. Сондай-ақ, оны жек көретіндер де табылатын. Рейлес оның қисапсыз қылықтарының бірін айтып берген-ді. Оқиға Манантьялестегі шайқастан сәл бұрын жүзеге асыпты. Оның қаһармандары Серро-Лартодан шыққан қос гаучо — Мануэль Кардосо мен Кармен Сильвейра.
Олардың өшпенділігі қалай, неден туындады? Өздері туралы естеліктен, соңғы жекпе-жектері ғана қалған екі азаматтың арасындағы күңгірттеу оқиғаны араға ғасыр салып қалай қалпына келтіруге болады? Әке-Рейлестің имениесінің іс басқарушысы, Ладерача және "жолбарыстың мұрты" деген аты бар адамға байланысты дақпырттарға сүйене отырып, кейбір жайттарды анықтаудың сәті түсіпті. Сенімім аз бола тұра соларды баян етпекпін. Өйткені, өкініштің де, еске алудың да қоспаға бейім тұратыны өтірік емес.
Мануэл Кардосо мен Кармен Сильвейра қайтарымы орташа көршілес екі учаскенің қожайындары екен. Басқа да қылықтары сияқты өшпенділіктерінің де шығу себебі күңгірт. Таңбаланбаған малға талас, Сильвейра күш қолданып, Кардосоның атын басып озған бәйгеге қатысты болжамдар да айтылады. Араға айлар салып, жергілікті шарапханада екеуден-екеу ұзақ уақыт бойы "Труко" ойнайды; Сильвейра қарсыласын әр ұтысымен бар даусымен айғайлап құттықтайды. Алайда, ақыр-соңында оны тып-типыл ұтады. Ұтқан ақшасын тері белдігіндегі қапшығына салып жатып, Сильвейра Кардосаға үйреткен сабағы үшін рахмет айтады. Енді аз болғанда кескілескен майдан болғалы тұр екен. Ойын қызу өткен. Тамашаға жиналғандар да көп. Ақыры, жағаласқан екеуді екі айырды. Ол заманда осы бір қатаң өлкедегі тіршіліктің салты сол тұғын. Жігіт-жігітке, қанжар-қанжарға қарсы қойылмақ. Алайда, Кардосо мен Сильвейраға қатысты оқиғаның кереметі сонда — екеуі кешкісін немесе таң азанда тау бөктерінде сан мәрте бетпе-бет кездескен-ді. Алайда жекпе-жектерін ешқашан соңғы нүктесіне дейін жеткізбеген. Жобасы, сонау мүгедек те жабайы тіршіліктерінде, екеуі үшін де өшпенділіктен ардақты ештеңе болмағанға ұқсайды. Екеуі де кектерін ардақтап көкірек түбіне мысқалдап жия берген сияқты. Сол арқылы бір-біріне тәуелді болғандарын өздері де аңғармаған.
Одан арғы оқиғаны баяндай отырып, мен оның себебін де, салдарын да таба алмадым. Кардосо махаббаттан дегеннен гөрі нәпсі құмарлық дегенге келіңкірейтін ниетпен көрші тұратын әлдебір Сервильяна деген сылқыммен табысады; мұны естіген Сильвейра әлгі қыздың соңына шырақ ала түсіп, өзіне қаратып алады да "аяғыма оратылма" деп бірер айдан соң қуып жібереді. Қаны басына тепкен әйел Кардосодан көмек сұрайды. Алайда ол әйелмен бір түн бірге түнеп, дұшпанының қалдығынан жерінеді де қош айтысады.
Сервильянаға дейін бе, әлде кейін бе, есімде жоқ, күзет итіне байланысты тағы бір оқиға болған. Сильвейраның ит атаулыға құмарлығы бар-ды. Ол төбетіне Уругвайдың негізін салушылардың санына орай "Отыз үш" деп ат қояды. Ақыры, сол ардақты иті ұрадан өлі күйінде табылмай ма?! Сильвейраға итті кім улап өлтіргенін ойлап бас қатырудың қажеті де жоқ тұғын.
1870 жылғы Апарасио бастаған көтеріліс екеуінің шарапханадағы кезекті жекпе-жегіне дөп келді. Көтерілісшілер отрядының командирі бразилиялық мулат шарапханадағы жұртқа өздерінің отан үшін керек екендерін, үкіметтің ендігі қысымына төзуге болмайтынын айтып, бәріне ақ бас киім таратады. Ақыры, жұрт түсінбеген сөзін аяқтап, елмен бірге біздің батырларды да бірге ала кетеді. Оларды отбастарымен қоштасуға да босатпапты. Мануэль Кардосо да, Кармен Сильвейра да мұны қалыпты жағдай деп қабылдайды. Солдат өмірі мен гаучо тірлігінің ақиқатында түк айырмасы жоқ-ты. Ер-тоқымдарын бастарына жастай салып, айтақырға ұйықтауға олар әлдеқашан көндіккен болатын. Атан өгізді мүйізінен бұрап жығатын сабаздарға адам өлтіру не тәйірі?! Шабуылға шыққан кезде денелері мұздағанымен санасы тұманданған бұл адамдар аяуды да, қорқынышты да білмейтін. Атты әскер ұрысқа кіріскенде үзеңгі мен қару-жарақтың сыңғыры естіліп тұратыны да белгілі. Алғашқы бетте жараланбасаң — өзіңді мәңгі өлместей көретінің және рас. Олар отбасына деген сағыныштан да ада тұғын. Патриотизм дегеннен атымен жұрдай. Бас киімдеріндегі белгісі болмаса оларға екі жақтың екеуі де бірдей еді. Көп ұзамай олар найзамен қаруланады. Шабуылдар мен қарсы шабуылдар барысында олар әріптес болуға да, жау болуға да болатынына көз жеткізген. Қатар тұрып шайқасса да екеуі бір-бірімен тілдеспейтін.
Жетпіс бірінші жылдың тымырсық күзінде олардың ақтық сәті де келді.
Атауын ешкім білмейтін (тарихшылар оны соңынан анықтаған) алыс аймақта бір сағатқа толмайтын қысқа соғыс болады. Шайқас алдында — таңертеңгісін Кардосо командир күркесіне төрт тағандай еңбектеп барып, жеңіске жеткен жағдайда өзіне тұтқын "колорадолардың" бірін қиюын сұрайды. Өйткені, "өмірімде тірі адамды бауыздап көрмеппін, оның қандай болатынын білейін деп ем", — дейді. Офицер шайқаста ерлік жасаса бұл тілегін ескеруге уәде береді.
"Бланколардың" қарасы қалың еді. Алайда "Колорадолар" жақсы жарақтанған-ды. Құз басынан дұшпандарын баудай түсіреді. Құзға жасалған екі мәрте сәтсіз шабуылдан соң "бланколардың" ауыр жараланған командирі өз адамдарына берілуге пәрмен береді. Ізінше оны өз өтінішіне сай пышақтап өлтіреді.
Шабуылдаушылар қаруын тастайды. "Колорадолардың" командирі капитан Хуан Патриссио Нолан тұтқындардың көзін жоюдың тәсілдерін мұқият ойластырды. Өзі де Серро-Ларгодан шыққан оған Сильвейра мен Кардосо арасындағы өшпенділік мәлім тұғын. Екеуін іздеп таптырған ол:
— Екеуіңнің араз екеніңді, бір-біріңді құртуды аңсап жүргендеріңді мен естідім. Бүгін сол тілектерің орындалды. Күн шыққанша екеуіңнің де, қайсыңның нағыз еркек екендеріңді дәлелдер мүмкіндіктерің бар. Екеуіңнің де өңештеріңді қырқамыз. Сосын жарыстырамыз. Қайсыңның жеңіп шығатындарың... бір құдайдың қолында, — дейді.
Күзетші екеуін кайта әкетеді.
Жаңалық лагерьге жылдам тараған. Алғашында Нолан қанды жарысты кешкі акция бітісімен өткізбекші болған. Бірақ тұтқындар да оған өз елшілерін жіберіп, көрермен болғылары келетінін, жеңімпаз үшін бәс тігетіндерін айтады. Ноланда түсінік мол ғой, оларға келісімін береді. Бәс қорына ақша, әбзел, қару-жарақ, аттар түсе бастайды. Әрі бұл қор жесірлер мен жетімдерге таратылуға тиісті тұғын. Әуе тымырсық еді. Жұртты тамақтан кешіктірмес үшін таңғы төртте бастауға келіседі. Латын американдық дәстүрге адал Номан уақытты тағы бір сағатқа ұзартқан. Жобасы, офицерлерімен бірге бүгінгі жеңісті талқылап жатқан сыңайлы. Шәйнек ұстаған жауынгер оның күркесіне бір кіріп шыққан.
Күркелердің жанында, шаңды жолдың қос қапталында қолы артына байланған тұтқындар жайғасыпты. Аяқтарын текке талдырғысы келмеген тәрізді. Кейбіреулері көңілдеріндегі алаңдарын боқтықпен жеңілдетіп жатыр. Кейбіреулері сарнап дұға оқиды. Бәрі дерлік шаршаңқы көрінеді. Темекі шеге алмайтындары онсыз да түсінікті. Қанды жарысты тамашалауға құлықтары да жоқ-ты. Алайда, бәрінің де көзі сол жақта тұғын.
— Қазір мені де бауыздайды, — дейді біреуі опына.
— Оған сөз бар ма?! Тобымызбен бауыздайды, — дейді көршісі.
— Не, өзіңді басқаша тәсілмен өлтірер деп пе ең?! — деп қылжақтады алғашқысы.
Сержант қылышымен жол ортасына сызық тартқан. Жүгірулеріне жеңіл болуы үшін Сильвейра мен Кардосоның қолдарын шешкен. Екеуі де сызықтың бойында тұр. Аралары бес қадам. Офицерлер "жерге қаратпаңдар" дейді. Өйткені екеуіне де қыруар ақша бәсеке тігілген ғой.
Сильвейраның кеңірдегін Нолан атты түсті жігіт қиятын болды; шамасы, ата-бабасы капитанның поместьесінде құл болған сияқты. Жігітке оның аты-жөні сол үшін берілген тәрізді. Кардосоға корьинтиялық кәсіпқой қанішер шал бұйырды. Оның өлім алдындағы пақырларды арқасынан қағып: "Болды, болды, жігітім! Бала туған қатынның азабы бұдан да ауыр" деп жігерлендіріп қоятын дағдысы бар екен.
Күту азабынан жүнжіген екеу бір-біріне көз де салмайды.
Нолан бастауға белгі берді.
Өзіне жүктелген міндетке масаттанған түсті жігіт бір-ақ тартып Сильвейраның тамағын бір құлағынан екінші құлағына дейін орып түсірді; корьинтиялық шал шала бауыздаған. Ежелгі дұшпандар алға бірер аттап барып, құлады. Құлап бара жатып Кардосо құшағын жайып жіберген. Шамасы, ол бұл жолы өзінін жеңіске жеткенін білмеген де сияқты...
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі