Өлең, жыр, ақындар

Гуаякиль

(новелла)

Пласидо мүйісінің суларындағы Игеротаның заңғарларын көруім, Шығыс провинцияда болып, осында — Буэнос-Айрестен көзіме елестетуге тырысатын кітапханада отырып, Боливар хаттарының сырын ұғына қоюым екіталай сияқты. Оның да өзіне сай келбеті мен іңір сайын жерге түсіп тұратын өскелең көлеңкесі бары белгілі ғой.

Екіншісін жазбас бұрын алғашқы сөз тіркесін оқи отырып, оның күйреуік әрі мақтан сүйгіштеу ыңғайына таңғалам. Жобасы, осы бір Кариб Республикасы туралы оның ең танымал баяншысы Капитан Юзеф Коженевскийдің көтеріңкі жазу мәнерінің әсеріне ұрынбай сөйлеу мүмкін де емес. Алайда, дәл бұл жерде оның түк те қатысы жоқ.

Алғашқы сөз тіркесі менің біршама мұңдылау, жалпы алғанда түкке тұрмайтын оқиға туралы көтеріңкі ыңғайда жазуға деген құлықсыз мақсатыма түрткі болған. Мен болған жайды барынша нақты жазуға тырыспақпын. Әрі ол сол оқиғаны өзімнің де жетігірек түсінуіме көмектеспек. Оның үстіне оқиғаны баяндау дегеніңіз — оған қатысушы адам болудан құтылып, куәгерге айналу деген сөз. Ондайда оқиғаны сырттан бақылап, ештеңеге де араласпай баяндай бересің.

Оқиға өткен жұма күні, қазір өзім отырған бөлмеде, дәл осындай іңір кезінде жүзеге асқанды. Рас, бүгінгі ауа райы сәл салқындау. Адамның қолайсыз жайттарды ұмытуға құлықты болатыны белгілі. Алайда, ұмытылып кетпей тұрғанда Оңтүстік университеттік доктор Эдуард Циммерманмен арада болған әңгімені жазып қалдырғым келеді-ақ. Оның әр сөзі санамда әлі күнге сайрап та тұр.

Әңгімем түсінікті болуы үшін, соңынан ғайыптан доктор Авельяностың архивінен табылған Боливардың жекелеген хаттарының қысқаша тарихын еске сала кетуім керек. Баршаға белгілі жағдайда жоғалып кетті деп есептелетін "Жарты ғасырға созылған бүлік" соңынан табылып, немересі доктор Рикардо Авельянос оны 1939 жылы бастырып шығарған-ды. Өзім жинаған газет деректеріне қарағанда, Боливардың осынау хаттарының ішінде 1822 жылдың 13 тамызында Картахенде жазылған біреуінен басқасы бәлендей қызығушылық танытуға татымайтын. Онда автор Азат етуші генерал Сан-Мартинмен болған кездесуінің кейбір ақиқаттарына тоқталады. Боливардың Гуаякильде не болғаны туралы сараң деректері келтірілетін бұл құжаттың маңызына баға беру де қиын. Ресмиліктің қаны тамып тұрған қарсыласы Рикардо Авельянос хатты тарих Академиясына беруден бас тартады. Көптеген латынамерикандық республикаларға онымен танысып шығуды ұсынады. Біздің елші доктор Меласаның мақсаткер ұмтылысының арқасында Аргентина үкіметі осынау жамандықтан ада ұсынысты алдымен пайдаланған. Келісім бойынша өкілетті адам Батыс мемлекеттің астанасы Сулакоға келіп, Аргентинада жариялау үшін хаттардың көшірмесін алуға тиісті еді. Өзім Америка тарихы кафедрасының профессоры міндетін атқаратын біздің университеттің ректоры үлкен мейірбандық танытып, министрге бұл міндетті маған жүктеуге ұсыныс жасады. Сондай-ақ, өзім нақты мүшесі болып табылатын Ұлттық тарих Академиясындағы әріптестерімнің арасынан да әжептәуір қолдауға ие болдым. Біз білмей-ақ қойса еді, деп жүрген Оңтүстік университет өз тарапынан осы бір шаруаны жүзеге асыруға доктор Циммерманды ұсынғаны мәлім болған кезде менің министрдің қабылдауында болуға тиісті уақытым да нақтыланып қойған-ды.

Әңгіме үшінші рейх әміршілерінің пәрменімен өз елінен қуылған, аргентина азаматтығын алған шетелдік тарихшы хақында. Оның есімінің оқырманға белгілі де болуы мүмкін. Ғалымның көңіл бөлуге татырлық қабырғалы еңбектерінен Карфагендегі семиттік республиканың нақты тарихының тұжырымын ғана білетінмін. Ұрпақтары ол туралы рим тарихшылары мен оның дұшпандарының әфсаналарынан, сондай-ақ, авторы "мемлекеттік басқаруды көпшілік қолды спектакльге айналдыруға болмайды" дейтін эссеге ұқсас шығармадан білетін-ді. Газет деректерінің фотокөшірмелерінің көмегімен заманауи мемлекет басшысының астыртын статист емес, әрекет үстіндегі шешуші тұлға һәм режиссер, әрі сахналық шеберлік пен шешендік өнерге жүгіне отырып, өз халқының басындағы сорды ұқтыратын биші екенін көрсеткен Мартин Хайдегтер осынау негізделген тұжырымға батыл түзету енгізді. Нағыз иудейдің өзі дей қоймағанымен, Циммерманның шыққан тегінің еврей екенін дәлелдегені де өз-өзінен белгілі. Атақты экзистенциалдың сол мақаласы Циммерманның елден қуылып, жаңа қызмет түрін игеруіне себеп те болды.

Әлбетте, Циммерман бірден Буэнос-Айреске, министрдің қабылдауына тартады. Министр өзінің хатшысы арқылы менен Циммерманмен сөйлесіп, жағдайды ұқтыруды өтінген. Мақсат — екі университет арасындағы түсінбеушілікке жол бермеу тұғын. Келіскеннен басқа амалым да жоқ еді. Үйге оралысымен Циммерманның маған телефон соғып, кешкі алтыда келгісі келетінін білдім. Өзіңіз білетіндей біздің үй Чили көшесінде ғой. Тура алтыда есік қоңырауы сыңғырлады.

Республикалық демократқа тән сыпайылықпен есікті өзім ашып, кабинетке кіргізіп алдым. Патиода сәл кідіріп, төңірегіне қараған. Қара және ақ кафельдердің, қос бірдей магнолия мен шағын хауыздың оның шешендік қабілетін оятқаны да рас. Байқаймын, өзі мазасызданып тұрған сияқты. Сырт пішімінде бәлендей ерекшелік те жоқ. Бас бітімі үлкен, қырықтағы еркек кәдімгі. Түтін түстес көзәйнегі бар. Әрі онысы біресе үстел үстінен, енді мұрнының үстінен табылып, байыз таппайды. Амандасқан кезімде бойымның одан ұзындығын біліп, марқайып қалғандай едім. Бірақ өзімнің осынау пендешілік ойымнан сол жерде-ақ іштей ұялдым. Өйткені бұл жердегі гәп дене тұрқымызға немесе рухани бәсекеге байланысты емес еді. Әлгі пендешілік ойым түкке қажеті жоқ нәрсе болатын. Соны ұғынысымен-ақ оның өн бойына көз жүгіртуді де сап тыйғам. Дейтұрғанмен оның "әлем-жәлем киімі" (әлдебір ақынның қолапайсыз болса да осындай бір тіркесі бар) жадымда қалыпты. Оңды-солды қадала берген түймесі мен айқыш-ұйқыш қалтасы көп ашық көк түсті кәстөмі, сайқымазақтар ғана тағынатын қос бірдей резеңке тартпасы бар жалпақ галстугі де көз алдымда әлі күнге сайрап тұр. Жуан тері сөмкесі құжатқа сықай толы сияқты. Әскерилерге тән шағын мұрты да бар екен. Әңгіме барысында сигарасын бұрқыратып отырған оның бет-жүзінде артық-ауыс нәрсе де көп сияқты болып көрінді. "Басы артық жүгі баршылық екен" деп ойладым іштей.

Бір ізді баяндау айтылып отырған ұсақ-түйектің маңызын да арттыра түссе керек. Өйткені, әр сөздің кітаптың әр бетінде, оқырманның ой-санасында нақты орны болуға тиіс. Сондықтан да өзім сипаттаған сыртқы пошымын елеусіз қалдырсақ, келушіні өмірден көрген-түйгені мол адам деп есептеуге болатын.

Менің кабинетімде тәуелсіздік жолындағы соғыстарға қатысқан бабаларымның бірінің үлкен суреті, семсерлер және тулар орналасқан бірнеше шыны сөре тұр. Мен оған осынау бір лайықты мұрағаттарды көрсеттім. Мұрағаттарға сыпайылық үшін ғана назар аударған мейманым менің сөздеріме өзіне тән, жалғандықтан ада пікірлерін де қосты.

— Дұрыс. Бұл — Хунин түбіндегі шайқас. 1824 жылдың алтыншы тамызындағы Хуарестің атты әскерінің шабуылы, — деген ол, мәселен.

— Суарес, — деп түзеттім мен.

Оны қасақана қате айтты ма деп күдіктенем. Шығыс адамына тән қылықпен құшағын айқара жайып:

— Бұл — менің алғашқы қателігім. Соңғысы да болмас. Сөз басты болғаным соншалықты — бәрін де шатастыратын болып жүрмін. Өткенге құмарлығыңыз үлкен екен, — деді.

Дәл осы жерде "в" қарпын "ф" түрінде айтқан.

Мұндай мадақ маған ұнай қойған жоқ. Бәріненде бұрын кітаптарыма қызығушылық танытқан. Есімде, кітап аттарын мейірімдене шолып шығып былай деді:

— Ә, мынау тарихқа сенімсіздік танытқан Шопенгауер ғой... Гризебах редакциялаған мына басылым Прагада тұрғанымда менде де болған. Кітаптарыммен бірге қартаям ба, деген дәмем бар еді. Алайда анау нақұрыс ойлап тапқан бәле мені өз үйім — өлең төсегімнен бездіріп жіберді. Ақыры, міне сіздерден — Америкадан, сіздің ғажайып үйіңізден бір-ақ шықтым...

Ол өте асығыс, бірақ дұрыс сөйледі. Испандық сөйлеу мәнері неміс сөз машығымен елеулі түрде үйлесіп те тұрды.

Креслоға жайғастық. Іске бірден көшу үшін оның жаңағы сөзін іліп әкеттім.

— Оған қарағанда біздің тарихта мейірбандық бар. Өзім өмірге келген осы үйде өлсем бе деп ойлаймын. Бүкіл Американы шарлаған мына семсерді бұл үйге менің бабам әкелген. Осы үйде өткенді таразылап, кітаптарымды жаздым. Кейде, тіпті, өзімді туғалы мына кітапханадан шықпағандай да сезінем. Алайда осыдан бастап, бұрын картадан ғана көрген жерлерді аралауға шыға алатын сияқтымын.

Тым тәкаппарлау болуы ықтимал бұл сөзімді күлкімен сылап-сипап та жібердім.

— Сондағы тұспалыңыз әлгі карибтік республика ма? — деп сауал тастады Циммерман.

— Дәл таптыңыз. Өзіңізді де сол сапармен байланысты көру құрметіне ие болып отырмын ғой, — деп жауап бердім.

Күтуші бізге кофе әкелді. Сөзімді баяу, алайда нық түрде жалғастыра бердім.

— Өзіңіз түсініп отырғандай, министр маған доктор Авельяностың архивінен аяқасты табылған Боливардың хаттарын қайта көшіріп, түсініктеме жазуды міндеттеді. Бұл міндет — бақытыма сәйкес, менің өмірлік еңбегіме, нақтырақ айтқанда менің жүрек қалауыма сай жазылып жатқан еңбегіме сәйкес келеді.

Айтуға тиісті сөзімді айтып болып, денемді бір жеңілдетіп алдым. Циммерман менің айтқандарыма көңіл де бөлмегендей. Менің басымнан асыра кітаптарды бір шолып шыққан. Ізінше басын бір шұлғып тастап, көтеріңкі дауыспен сөйлеп бергені:

— Жүрек қалауым дейсіз бе?! Сіз — туа бітті жылнамашысыз! Әбден соққы көрген біз геттолардан әупірімдеп құтылған сәтте сіздің халық ұлы шайқастар жүргізіп, Америка даласында жортып жүрді. Өзіңіз айтқандай сіздің тарихтарыңыз өз қаныңызға сіңіп қалған. Бірақ менің де жан дауысымды тыңдағаныңыз ләзім. Мен керісінше Сулакоға өз аяғыммен барып, ақиқаттығына еш күмән жоқ текстерді оқуға мәжбүрмін. Маған сеніңіз, доктор. Сізді қызғанып та тұрмын.

Оның дауысынан мысқыл да, қарсылық та аңғарылмайтын. Бар-жоғы болашақтың өзін өткен шақ сияқты күмәнсіз ақиқатқа айналдыру еді мұнысы. Дәлелдері де түкке тұрмайтын. Гәп қисында емес, адамның құлығында тұғын. Циммерман сөзін профессорға тән тәлімгерлік дауыспен барынша сабырлы жалғастырады:

— Боливарға қатысты шаруада (кешіріңіз, ақиқаты Сан-Мартин ғой), қымбатты доктор, сіздің көзқарасыңыз жұртқа жақсы таныс. Өз таңдауыңызды жасағансыз. Әзірге бізді қызықтырып отырған Боливардың хаттарын қолыма да алғам жоқ. Бірақ менің ойымша, тіпті оған бек сенімдімін де, Боливар сол хаттарды қарабасын ақтап алу үшін жазған. Қандай жағдайда да сол бір құнсыз жазбаларды Сан-Мартиннің емес, Боливардың ғана жоғын жоқтаған дүниелер деуге негіз бар. Хаттар, жарияланған соң оған баға беріп, мәнін ұғып, әр сөзін сын елегінен өткізіп, қажет болса — күлін көкке ұшыру керек. Мұндай шешуші үкімді жүзеге асыру үшін сіз бен сіздің лупаңыздан ыңғайлы ешкім де, ештеңе де жоқ. Егер ғылыми ыждаһаттылық талап етсе — жүзі қылшылдаған скальпель пайдаланғаныңыз да жөн. Мынаны да айтуға рұқсат етіңіз, интерпретатордың есімін соңынан хаттың тағдырымен байланыстырмақ. Ал сізге ондай байланыстың не қажеті бар?! Ғылыми гәптерді көпшілік бәрібір түсінбейді.

Сол күнгі әңгімеміздің жай ғана далбаса болғанын қазір түсініп жүрмін. Жалпы, оны сол кездің өзінде-ақ сезген сияқтымын. Дау тудырмас үшін әңгімені белгілікті детальдарға аударып, сауал тастадым:

— Шынында да хаттардың жалған болуы мүмкін деп ойлаймысыз?

— Тіпті Боливардың өзі жазған күнде де оның ақиқат болуы екі талай, — деді ол. — Мүмкін Боливардың біреуді алдағысы келген шығар. Мүмкін өзі алданған болар. Сіз тарихшысыз, ойдың адамысыз. Сөзде тұрған түк те жоқ. Бар мәселе біздің ниетімізде. Оны менен де жақсы білесіз.

Жалпылама түсініктің көтеріңкі рухы мені де қажыта бастады. Генерал Сан-Мартиннің барша ұлы ниеттерінен бас тартып, Американың тағдырын Боливардың қолына табыстаған Гуаякильдегі кездесуінің ғалымдардың көңіл аударуына әбден татитын тарихи жұмбақ екенін жай ғана айтып өткем.

— Оның да шешімі толып жатыр, — деген Циммерман. — Біреулер Сан-Мартин солай жасауға мәжбүр болды дейді. Енді біреулер, мәселен Сармьенто, еуропалық тәрбиедегі генерал Американы түсіне алмады деген пікірде. Ал үшінші біреулері, әлбетте, негізінен аргентиналықтар оның бұл әрекетін кісіліктен туындады деп есептейді. Төртінші біреулер, "генерал шаршаған еді" деп пайымдайды. Әлдебір масондар ложасының құпия бұйрығын тілге тиек ететіндер де бар.

— Дейтұрғанмен Перу Протекторы мен Азат етуші арасында болған әңгімені білген қызық та болар еді, — деймін мен де.

— Жалпы алғанда ол — әдепкі әңгіме болған, — деп нақтылады Циммерман. — Бар жоғы екі пенде Гуаякильде кездескен. Екеуінің бірі өз дегенін жүзеге асыруға тырысса, ол да жеңіске жетуге деген құлқының басымдығынан ғана. Екеуара пікір сайысында жеңіп шыққанынан емес. Көріп отырсыз, мен өз Шопенгауэрімді басшылыққа алам.

Сосын мысқылдай отырып былай деді:

— Сөз, сөз, сөз. Сөз өнерінің дәулескер шебері Шекспир сол сөздің өзін жек көрген. Гуаякильде де, Буэнос-Айресте де немесе Прагада да сөз тұлғалардың тасасында қалып келген.

Дәл сол сәтте екеуімізге де әлдебір өзгеріс ене бастағанын, ақиқатында енгенін сезіндім. Екеуіміз де басқа адамға айналғанбыз. Бөлме қараңғылана бастаған. Бірақ Шам жаққам жоқ. Аяқ астынан оған сауал тастадым:

— Прагалық па едіңіз, доктор?

— Прагалық болғам, — деп жауап қатты ол

Әңгіменің негізгі тақырыбынан ауытқу үшін:

— Шамасы, керемет қала болса керек. Онда болып көрмеппін. Бірақ неміс тілінде оқыған алғашқы кітабым Мейринктің "Голем" романы болатын, — дедім.

— Ол — Густав Мейринктің көңіл бөлуге татитын бірден-бір кітабы, — деп жауап берді Циммерман. Нашар әдебиет дымға татымайтын философия болып есептелсе басқаларын оқудың да қажеті жоқ. Алайда, ақиқатында басқалар көретін түске араласатын сол бір түстер кітабында керемет Прагадан алынған бір нәрсе бары рас. Прагада кез келген нәрсенің таңғалдыруы мүмкін. өйтпесе түктің де таңғалдырмауы мүмкін. Онда бәрі де ықтимал. Мен өзімді іңірде Лондонда да дәл солай сезінем.

— Сіз ерік күші туралы айттыңыз. "Мабиногион" кітабында екі король тау басына шығып, шахмат ойнайды. Ал етекте екі әскер соғысып жатады. Корольдардың бірінің жеңіске жеткені сол — жаушы шауып келіп, екіншісінің әскерінің де жеңіліс тапқанын жеткізеді. Майдан даласындағы ахуал шахмат тақтасынан да көрініс берген, — дедім.

— Иә, сиқырлы әрекет екен, — деді Циммерман.

— Әйтпесе, ол — екі тарапқа да бір жігердің ықпал етуі, — дедім. — Басқа бір Кельт аңызында атақты екі бардтың жекпе-жегі баяндалады. Біреуі арфаға қосылып, таңның атысынан күннің батуына дейін ән айтады. Жұлдыз, яки ай шығысымен арфасын бәсекелесіне ұсынады. Әлгі арфаны жерге тастап, тікесінен тік тұрады. Алғашқысы сол жерде-ақ өзінің жеңілгенін мойындайды.

— Неткен біліктісіз! Біріктіруге қабілетті екенсіз! — деген Циммерман салтанатты дауыспен. Ізінше даусын қалыпты ырғағына түсіріп былай деді: — Әңгіме Британияға қатысты тұста өзімнің сауатсыздығымды мойындауға тиіспін. Шығыс пен Батысты бірдей білесіз. Ал мен болсам американдық тарихтың арқасында болмашы кенейе бастаған карфагендік төл бұрышыма тығылуға мәжбүрмін. Өйткені, бар-жоғы кітап кемірген құрт қанамын.

Оның дауысында еврейдің жағымпаздығы, сондай-ақ неміске тән жарамсақтық бар еді. Алайда, ол үшін менің артықшылығымды мойындай салудың да түк қиындығы жоғын аңғардым. Өйткені, ол өз дегеніне бәрібір жеткен еді.

Ол менен өз сапары мен істі бір жайлы етеріне ("жасап жіберуіне" — ақиқатында осы бір қолайсыздау сөзді айтып салған) алаңдамауды өтінді. Сол жерде-ақ портфелінен министрдің атына жазылған хатты да шығарған. Онда мен сапардан бас тартатынымды, доктор Циммерманның лайықты адам екенін жазыппын... Қол қоюым үшін қаламын да ұстатқан. Хатты сөмкесіне салып жатқанда "Эсейса — Сулано" бағытына алынған ұшақ билетін көзім шалып қалды.

Кетер алдында Шопенгауэр томдарының қасында сәл кідіріп, былай дегені:

— Біздің ұстазымыз, біздің ортақ ұстазымыз "кез келген әрекеттің тағдыры ерік күшіне сай алдын ала шешіледі" деген. Ата-бабаңыздан қалған осынау үйде қалсаңыз — ол да өз қалауыңызға сай жүзеге асқан іс. Рахмет. Ерік-күшіңізге бас ием...

Ләм-мим деместен, садақа есебінде айтылған соңғы мадағын да қабыл алдым.

Есікке дейін ұзатып салғам. Қоштаспас бұрын ол:

— Кофеңіз де керемет болды! — деді.

Түкке қажетсіз болып қалғандықтан түбі отқа тастайтын быт-шыт жазбаларымды парақтап отырмын. Кездесу де өте қысқа болған...

Енді жаза алмайтынымды сезіндім. Мен өз таңдауымды өзім жасаған адаммын...


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз