(новелла)
1941 жылдың он төртінші қаңтарында Мария Хустина Рубид де Хауреги жүзге толды. Ол Тәуелсіздік жолында күрескендердің бірден-бір көзі тірі ұрпағы еді.
Оның әкесі полковник Мариано Рубио артық-кемі жоқ "Кіші Азат етуші" деп атауға лайықты адам-тұғын. Буэнос-Айрес провинциясындағы малшының отбасында Мерсед округінде туған ол Анды әскерінде альферес шеніне дейін көтерілді. Чанабукода шайқасып, Канча-Раяда түбіндегі қайғылы ұрыстарға, Майпа маңындағы, екі жылдан соң Аренипадағы қантөгіске қатысты. Сол қырғынның қарсаңында Хосе де Олаввариямен семсерін айырбастапты деген қауесет те бар. 1823 жылдың сәуір айының басында Серро-Альто түбіндегі атышулы соғыс болған. Шайқас жазық далада өткендіктен, оны - Серро-Бермехо түбіндегі соғыс деп те атайды. Біздің ерліктерімізге қызғанышпен қарайтын дағдысы бар венесуелалықтар ол жеңісті генерал Симон Боливарға телуге бейім тұрды. Алайда аргентиналық тарихшылардан шыққан тиянақты жылнамашы өзін адастыру әрекеттеріне жол бермек емес! Әрі жеңіс мәртебесінің полковник Мариано Рубиоға тиесілі екенін де жақсы біледі. Колумбиялық гусарлар полкін бастап, ұзаққа созылған қылыштасқан, найзаласқан шайқастың тағдырын шешкен де осы адам. Сол арқылы ол өзі тікелей қатысқан, маңызы жағынан бұл қырғыннан еш кем түспейтін тағы да бір шайқастың - Аякучо түбіндегі жеңісті соғыстың да негізін қалаған-ды. Сол соғыста оңбай жараланды да. 1827 жылы Итусайнгода да көзге түсудің сәті келген. Онда әскерді Альвеар басқарды. Росаспен алыс туысқандығы бола тұра ол Лавальенің адамы тұғын. Сөйтіп, өзі "қылышпен кескілеу" деп атайтын теке-тіресте федералдардың тоз-тозын шығарды. Унитарийлер жеңіліс тапқан соң Шығыс провинцияға кетіп үйленеді. Ақыры, Ұлы соғыс кезінде Монтевидеода, Орибе "бланкосына" ірге тепкен шағын қалада көз жұмды. Жасы артық-кемі жоқ қырық төртте болатын. Ол заманда қырық төрт дегенің кәрілердің жасы. Оны Флоренсия Вареланың досы десетін. Әскери колледж мұғалімдерінің оған қолды бір сілтегені де ақиқат шындық: жауға бірде-бір қаланы бермегені қандай рас болса, бірде бір емтихан тапсыра алмағаны да соншалықты ақиқат тұғын. Артында екі қызы қалды. Біз әңгіме еткелі отырған Мария Хустина - солардың ең кішісі.
1853 жылдың соңында қос қызын ерткен полковниктің жесірі Буэнос-Айреске қоныстанады. Оларға тиран Росас тәркілеген жерлері қайтарылмайды. Алайда көздері көрмеген, айырылған жер туралы естелік бұл отбасында көпке дейін айтылып жүрді. Он жеті жасында Мария Хустина мемлекеттік қызметтің адамы болса да Павон мен Сепедтің қарамағында соғысып, ақыры Сары Безгектің кезінде өз қызмет орнында көз жұмған доктор Бернардо Хаурегиге тұрмысқа шығады. Оның да артында бір ұл, екі қыз қалған. Тұңғыштары - салық инспекторы болып істеген Мариана батыр атасының бақытты өмірбаянын жазбақ ниетпен Ұлттық кітапхана мен Архивке жиі бас сұғады. Ақыры, сол еңбегін бәрібір аяқтай алмайды. Әйтпесе мүлдем бастамауы да мүмкін. Үлкен әпкесі Мария Эльвира қаржы министрлігінің шенеунігі бөлесі Сааведра дегенге тұрмысқа шығады. Ал Хулия сеньор Молинари деген итальяндық ата-тегі бола тұра латын тілінен дәріс берген білікті азаматпен бас біріктіреді. Шөберелері мен немерелері туралы тоқталмасақ та болады. Өйткені батыр бабаларының эпикалық рухы мен оның эмиграцияда туған қызы бастаған даңқты да кедейлене бастаған әулет туралы оқырманның дерегі қазірдің өзінде жеткілікті.
Олар Палермода Гвадалупа шіркеуіне тақау маңда тыныш та қарапайым тұрмыс кешіп жатты. Трамвай терезесінен күні кешегі көргендері - батпақ, айнала қоршаған ранчолар Мариананың есінде еді. Олар да шырыш қиындыларынан емес, саз балшықтан салынғанды. Күні кешегі кедейлік те бүгінгі индустрия прогресі сыйлаған кедейшіліктің қасында түкке татымайтын. Сондай-ақ, байлықтарының өзі де түкке татымайтын.
Рубио әулетінің мекен-жайы өз кварталдарындағы галантерея дүкендерінің жоғары қабатында тұғын. Бүйірдегі баспалдақтардың ені тар. Он қапталдағы темір қоршау киім ілгіш пен бірнеше орындық тұрған үйдің күңгірттеу дәлізіне дейін жетіп жатты. Дәлізден кейін - жұмсақ креслолар тұрған қонақ бөлме, одан да әрі - сөрелері әйнектеліп қызыл ағаштан жасалған мебельдері бар ас үй. Күннен қорғану мақсатымен ұдайы көтерілмейтін перделердің саңылауынан әлсіз сәуле себезгілеп тұратын. Болмашы көк иісінің шығып тұратыны да есте. Түпкірге қарай жатын бөлмелер, ванна, кір жууға арналған легені бар шағын патио, күтушінің тұрағы орналасқан-ды. Бұл үйде Андраденің томдарынан, қолжазба арқылы толықтырылған батыр туралы монография мен арзан бағамен ақшасын кейінірек төлейтіндіктен ғана сатып алынған Монтанер мен Симонның испан-американ сөздігінен басқа кітап та болмайтын. Оның есесіне ұдайы кешігіп келетін зейнетақы мен өз заманындағы ұлан-ғайыр Ломас-де-Саморе поместьесінің жұрнағы - болмашы жерді жалға беруден түсетін тұрақты кірістері бар еді.
Жоғарыда өзіміз айтқан қария жасында жесір қалған сеньора Хулиямен және оның ұлымен бірге тұрып жатты. Әрі ол бұрынғысынша Артитасты, Роасты, Уркисті иттің етінен жек керетін. Өзі ауызекі сөзден ғана білетін немістерге деген өшпенділігін қоздырған бірінші еуропалық соғыс та кемпірді дәл тоқсаныншы жылдардағы төңкеріс пен Серро-Альтодағы шайқастай толғандыра алмай қойды. Ол 1932 жылдан бастап күрт қартая бастаған. Бірден-бір дұрыс айта алатын сөзі де жалпыға мәлім теңеулер ғана еді. әлбетте, католик дінін ұстанатын. Оған қарап бірден-бір жаратушыға, немесе жанның мәңгілік өлмейтініне сене қояды деуге де болмайтын. Өзі байыбын ұға қоймайтын дұғаларды күбірлеп айтып, саусақтары таспиқ тартады, әйтеуір. Пасха мен волхв мерекесінен гөрі Рождествоны іш тартады. Матенің орнына шай ішкенді ұнатады. Ол үшін "протестант", "еврей", "масон", "еретик", "құдайсыз" сөздері де түк маңызы жоқ, жай ғана сөздер тұғын. Кемпір ата-анасының тілімен испандарды барлық жағдайда "годо" деп атайтын. 1910 жылғы жаманды-жақсылы ханша атағы бар инфантаның да ешқандай да аргентиналық сеньора емес, қайдағы бір қарапайым галиссиялық қыз боп шыққанына да сене алмаған. Осы бір естен тандырарлық жаңалықты оған күйеу баласын жерлеу рәсіміне келген, бұған дейін бұлардың үйінде болып көрмеген, алайда өздері есімін ақсүйектер хроникасынан тұрақты түрде іздеп жүретін туысқан бай әйел айтып берген-ді. Сондай-ақ сеньора Хаурегн үшін көшелердің атаулары да бәз баяғы қалпында; кемпір ежелгі Артас, Темпле, Буэнорден, Пиедад, қос Кальес Лартас көшелерін, Парке және Портонес алаңдарын бұрынғы атауларымен атайды. Әулет мүшелері әлдеқалай ауызға келіп қалған көнерген сөздерді әспет те тұтатын. Мәселен, "Уругвайлықтарды" "Шығыстықтар" деп атайтын. Үйден шықпайтын кемпір Буэнос-Айрестің өсіп, өркендегенін де білмейтін сияқты еді. Алғашқы әсерлер қашанда жарқын ғой; оның түсінігіндегі есік сыртындағы қала да өздері орталыққа көшіп келген кездегіден анағұрлым көне тұғын. Онсе алаңында әлі күнге дейін өгіз арбалар мен күймелер иін тіресіп, Барракас жайылымдары гүл атып тұрғандай еді, шіркін! Ол айтқан соңғы тіркестердің бірі "мен түсімде өлгендерді көретін болып жүрмін" болды. Ол ақылсыз адам емес еді. Алайда, менің білуімше, интеллектуальды қуаныштарға да берілмейтін. Оған тиесілі нәрсе естеліктер мен өкініштер ғана тұғын. Өзі қашанда дарқан болатын. Байсалды көздері мен күлкісі де есімде қалыпты. Шау тартқан өз заманының керім әйелінің бүгін күлге айналғанымен кезінде қаншалықты сезімді бастан өткергенін де ешкім білмек емес. Өзі сияқты тыныш та мұңдылау тіршілік кешетін өсімдіктерді жақсы көретін ол бөлмесіндегі өскіндерге күтім жасап, көзі көрмесе де жапырақтарын аялай сипайтын. 1929 жылға дейін ол қалғып-мүлгіп отыратын-ды. Түрлі тарихи оқиғаларды айтуды ұнататын. Әрі соның бәрін дұға оқығандай тұрақты да айнымас бір ғана сөздермен, бір ғана тәртіппен тізіп шығатын. Бірақ, менің ойымша, олары да шындыққа жанаса қоймайтын. Ал өзі естіген сөздерінің бәріне құлықпен илана беретін. Жалпы алғанда, бақытты еді.
Ұйқының тылсым дүние екенін бәріміз де білеміз. Оған өміріміздің үштен бірін арнаймыз. Бірақ оның мәнін ұғынып көргеміз жоқ. Біреулер үшін ол - сананың көмескіленуі ғана. Енді біреулер үшін - кеше, бүгін, ертең деген үш мезетті бірден қамтитын күрделі ахуал Ал үшінші біреулер үшін - толассыз көретін түстер тасқыны ғана. Сеньора Хаурегидің он жыл бойы қозғалыссыз ғұмыр кешкен кезі де болыпты деседі. Ондай жағдайда адамның қателеспеуі, шатаспауы мүмкін де емес. Ондай он жыл уақыттың әр сәті өткені де, болашағы да жоқ бүгінгі шақпен ғана бағамдалса керек-ті.
Сосын, бізге өзіміз тәуліктермен, аяусыз жыртылған күнтізбелердің жүздеген парақтарымен, мақсаттарымызбен, істерімізбен өлшейтін ағымдағы уақытқа да тым таңдана беруге болмайды. Біздің бүгініміз - әр таң сайын оянатын, әр түн сайын көз ілер шағымыз ғана. Біз кәрі сеньораның осынау күйін екі мәрте бастан кешеді екенбіз.
Өзіміз көз жеткізгендей, Хауреги әулетінің мүшелері бірнеше мәрте алдамшы ахуалға түсіпті. Алдымен, олар өздерінің ақсүйек екеніне сенетін, алайда адамдар оларды мүлдем танымайтын; олар батырдың ұрпағы болатын, бірақ әдетте тарих оқулықтары ол турасында жақ ашпайтын. Рас, батыр бабаларының атында көше бар. Алайда көп адам білмейтін сол көше Батыс моланың сыртындағы әлдебір елеусіз қиырда жатыр.
Әйгілі күн де жақындап келе жатты. Оныншы қаңтар күні парад формасын киген әскери адам келіп, министрдің өзі қол қойған хат табыстады. Хатта министрдің он төрті күні арнайы келетіні жазылыпты. Хауреги министрдің қолы мен бланкісіне екпін түсіре отырып, хатты көршілеріне тегіс көрсетіп шықты. Ізінше баспасөзге мақала дайындамақ ниетпен тілшілер де төңіректей бастаған. Тиісті деректер оларға да берілген-ді. Тілшілердің полковник Рубио туралы білетіні сәт сайын аңғарылып та тұрды. Шақырылғандар тізіміне қосуын өтініп, бейтаныс адамдар да хабарласа бастаған.
Ұлы күнге жұрт жаппай дайындалып жатқан. Ел еденін балауызбен ысқылап, терезелерін жуды, шырағдандардың қабы сыпырылды, қызыл ағаш мебельдер сырланды, буфеттегі күміс жалтыратылды, мебельдер орнатылып, тіліндегі барқыт жолақтары көрініп тұру үшін қонақ бөлмелердегі фортопьянолардың қақпақтары ашылды. Жұрт ерсілі-қарсылы сабылып жатты. Бұл әбігерден аман бірден-бір адам - ештеңе естімейтін сеньора Хауреги ғана сияқты еді. Өзі мәз-мейрам. Хулия күтушінің көмегімен оны мүрдені киіндіргендей етіп киіндіріп қойған. Кіріп келген қонақтар алдымен батыр полковниктің суретін көрген. Оң қапталында, сәл төменірек сан шайқаста серігі болған семсері тұрған-ды. Ұрпағы оны тұрмыстан тарылған кезде де сатпаған. Оны тарихи мұражайға табыстауды армандайтын. Осы бір салтанантты оқиғаға орай мейірбан көршілерінің бірі бір құмыра гүл де әкеліп қойған-ды.
Мереке сағат жетіде басталуға тиісті еді. Қонақтардың жиналуы жеті жарымға белгіленді. Өйткені марқұмға бағыштап, шырақ жағу - екінің біріне ұнай қоймайтын рәсім. Жетіден он минут өткенде ешкім келе қойған жоқ. Қожайындар мұндай жауапсыздықтың жақсылығы мен жамандығын реніш-өкпесіз сөз қылысып жатты.
Белгіленген уақытта келген Эльвира адамдарды текке күткізудің оларды сыйламау екенін бүкпесіз-ақ айтып салған. Хулия өз жұбайының сөзін қайталап "сәл-пәл кешігу -кішіпейілділіктің белгісі. Жұрттың бәрі кешіксе - солай болғаны ыңғайлы. Ешкім ешкімді асықтырып жатқан жоқ" деген. Жетіден ширек сағат өткенде үй адамға лық толған. Сеньор Фигероаның автомобилі мен жүргізушісін көргенде бүкіл квартал тұрғындарының қызғанышы оянды. Ол өз туысқандарын ешқандай рәсімге шақырмайтын. Бірақ солардың әрқайсысы-ақ оны көргенде құшақтарын жая ұмтылатын-ды. Олардың өз туысқандарымен соңғы рет Епископтың жаназасында көріскеніне ешкімнің де күмәні жоқ-ты. Президент өзінің жеке атьюдантын жіберіпті. Өте кішіпейіл мырза екен. Серро-Альто шайқасы батыры қызының қолын алудың өзі үшін үлкен құрмет екенін айтқан ол да. Полковник Рубиодан гөрі Сан-Мартин туралы көбірек тәптіштесе де министр жалынды сөз сөйлеп, көп ұзамай аттанып кетті. Жастыққа шалқалап, креслоға жайғасқан қарт әйел ара-тұра басын шұлғып қойып, әрі желпігішін түсіріп алып отырды. Жоғары коғамның бикештері, "Отан періштелері" мүлдем естімесе де оған арнап әнұран орындады. Аппараттарын жарқылдатқан фотографтар жиналғандарды топтап суретке түсіріп жатты. Портвейн мен херес жетпей қалып, бірнеше құты шампан ашуға тура келген. Сеньора Хаурегиден бір ауыз сөз шыққан жоқ. Өзінің кім екенін, не үшін отырғанын да білмейтін сияқты еді. Сол кештен бастап төсек тартып жатып қалған.
Қонақтар тарқасымен әулет кешкі салқын астың ишарасын жасаған. Көп ұзамай-ақ кофе мен темекі иісін иіс судың жеңіл жұпары алмастырды.
Батырдың қызының ертегіге татырлық ұзақ ғұмырын арқау етіп, оны "Аргентина тарихының тірі жылнамасы" атаған таңертеңгілік газеттер өтірікті шындай етіп, нанымды түрде жазыпты. Ол кезде кәрі сеньораның өзі қара көлеңке бөлмеде көзін тарс жұмып жатқан-ды. Оны науқас, әлде қызу қинаған. Дәрігер қарап шығып, "бәрі де ойдағыдай" деді. Бірнеше күннен соң ол көз жұмды. Оның ажалын жақындатқан толассыз адам нөпірі, айғай-шу, жарқылдаған оттар, көтеріңкі сөздер, мундирлер, тым жиілеп кеткен қол қысысы мен атылған шампандар дауысы тұғын. Жобасы, кемпір үйге масорка кіріп кетті деп ойлаған сияқты.
Мен Серро-Альто түбінде қаза тапқандар туралы ойлаймын, ат тұяғына тапталып өлген Америка мен Испания адамдарының өкінішін ойға алам; меніңше, Перу жеріндегі қылыштасқан қырғынның о бастағы нақты құрбандығы - ақиқат, ал жүз жылдан соң -осынау бір кәрі әйел болған сияқты...
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі