Қыс — қаңтар
хикаят
Астары көк сәтенмен тысталған аспан астында қалғыған шағын ауыл мойнын ішке салып, бейжай бұйығып жатыр.
Екі бала ауыл сыртында егесіп тұр. Рәтай: «Жел үлкен», — дейді. «Р»-ға тілі келмейді. Жер әнеу қараң-құраң көп үйлі колхозды, мынау Емпіртті, қалың ши, Қарасу, керек десе, түстікті ала шынтақтап сұлап жатқан Сауыр, Сайқан секілді үлкен тауларды қыңқ демей көтеріп тұр. Ал Аспанда не бар? Табақтай Күннен басқа түк те жоқ. Оның өзі күні бойы жалғыздан-жалғыз қанкөбелек ойнап жүреді де, айналып-айналып барып, қаны басына шабады, ақыры кешқұрым көкжиекке қып-қызыл бетін басып, құлай кетеді.
Саматқа салса, Аспан үлкен. Оның ішінде түнгі Аспан ғаламат. Басыңда қанша тал шашың болса, сонша жұлдыз аспанда ілініп, салбырап тұрады. Шеті жемтір-жемтір, әр жерін тат жеген Айды қайда қоясың? Жер сызып көшетін будақ бұлттарды Аспан қолтығына қыспағанда, кім қолтықтап тұр? Бұлттарды Аспаның бұрап-бұрап, сығып кеп жібергенде, қалың жаңбыр Жеріңнің өзін ағызып кете жаздайды. Қыс түсе Аспан бауырынан бұрқырап жауатын қар ше? Тізеден асып жауса, Жердің өзі түгіл, құлағы көрінбей қалады. О, Аспан үлкен, сұмдық үлкен!
Рәтай Аспанға құлаштап кішкене тас лақтырды. Әуелі баста шырқап шыққан тас көрінбей кеткенімен, көп ұзамай топ ете түсті. Рәтай мәз-мейрам.
— Аспаның үлкен болса, мына құлтымдай тасты неғып көтеле алмайды? Неге қайта құлайды? Дуал үстінен аяғымыз тайып кетсе, біз неге желге жалп ете түсеміз?
Самат ойланып қалды. Лақтырған тастың неге қайтадан жерге құлайтынын бұл да білмейді екен. Рәтай сөзінің жаны бар. Самат та өтірік айтып тұрмаған секілді. Аспанның үлкен екені өтірік пе? Бұлт көшеді, қар, жауын жауады. Кейде бұрқақтатып бұршақ соғады, Ай, Күн, жұлдыздар бар... Басы қатты әлгі жерде. Былай тартсаң, арба сынады, алай тартсаң, өгіз өледі. Кенет Саматтың көзі жарқ етті:
— Әй, Рәтай, кел, одан да өлшейік.
— Нені?
— Аспан, Жерді...
Рәтайдың көзі сарбас жыланды көрген көлбақадай маңдайынан шығып кетті.
— Айталсың... Қалай өлшейміз?
— Міне, бүйтіп!
Самат басын артқа қайырып тастап жіберіп, құлашын жазды. Сонсоң жанарын төңкеріп, оң қолына қарады. Алақаны көкжиекке тиіп тұр. Енді сол қолының ұшына қарады. Бұ да көкжиектің нақ үстінде.
— Үлкен бе? — деді тықыршыған Рәтай.
Самат күрсініп салды.
— Бір-ақ құлаш...
— Айттым ғой аспан кішкене деп. Кәне, енді Желді өлше.
— Қалай өлшеймін?
— Етпеттеп жата қал да, құлашыңды жай!
Самат тарбайып жата кетіп, қолын жазды. Рәтай жапырағы түсіп, діңі ғана бұралып-бұралып қалған сым секілді сексиіп тұрған қурайларды сындырып жүр. Ақыры:
— Тоқтап тұл, қозғалма дегенде, қозғалма! — деп қойып, бас, иық, қол, аяқ ұштарын қурай сынықтарымен белгілеп қойды.
— Тұл енді!
Самат түрегеліп, үсті-басын қақты. Рәтай қолдарымен тізесін тіреп, екі бүктетілген күйі қурай сынықтарының нобайына қарап тұр. Ұшып тұрып, қолын шапалақтады:
— Айттым ғой, айттым. Жел үлкен деп. Аспаның біл құлаш еді. Ал сол құлашың менің жалғыз-ақ аттағаныма жетпейді, — деп, нобайдың үстінен қарғып кетті. — Қалашы, маңайда тағы қанша Жел қалды. Екеуіміздің шашымыздан да көп Жел! Біл адым, екі адым! Кәне, санайық!
Рәтай Сауыр, Сайқанды маңдайға алып, адымын көре-көре тастап кетіп барады. Самат соңында, санап келеді. Рәтай санауға шорқақ, бірінші класқа биыл күзден бастап барған. Ал екінші класта оқитын Самат мыңға дейін біледі. Ши аралап келеді. Жер шеті жеткізер емес. Төбеде көлденең, ұзыны бір-ақ құлаш аспан жайлап айналады.
Адым саны мыңға жетті.
Ақыры тоқтады. Екі иықтарынан демалып тұр. Торсық шекелері шып-шып тер.
— Бітті! — деді Самат. — Бітті! Ары қарай санай білмеймін. Саным таусылып қалды.
— Айттым ғой, айттым. Жел үлкен деп. — Рәтайдың екі езуі екі құлағында. — Кеттік ауылға! Жел үлкен! Жел үлкен! Дігідік, дігідік! — деп, шаты айрылғанша қарғылап, жүгіре жөнелді.
Самат соңында.
Тас төбеде көлденең, ұзыны бір құлаш аспан жайлап айналады.
Алып жер ептеп артқа қарай шегініп, ойнақ салып құлдыраңдаған екі бала алақанын алға қарай жайымен созып барады.
Емпіртті төрт құбыладан қаумалап қоршаған қалың ши қарашада қалың ұйқыдан бас көтермеді. Үп еткен жел жоқ, ши атаулы ине жоғалтқандай сары алтын үлпершек бастарын төмен салып, мүлгиді де тұрады. Күн екеш күн де жасқаншақ; жаздағыдай аспан төріне тайраңдап шауып шыға келетін шақ келмеске кеткен, таңертең қорғаншақтай көтеріліп, көкжиектен көп алыстамай, көлбей айналып, тез батып жүре береді. Ауыл желкесіндегі қалың бейітте ұшып-қонып жүретін біз тұмсық, жез мойын бәбісектің уілі дейсің бе, аспанға ду көтеріліп, ду қонатын қалың қараторғайдың гуілі, ауаны кездіктей үшкір қанаттарымен сып-сып тіліп, құдия құлайтын тұрымтай, күйкентайдың айбатты шақылы, намазға жығылатын молдаша ін аузында тік тұрып, төбесінен торғай ұшып өтсе, құйрығын жалғыз-ақ жарқ еткізіп сүңгіп кететін саршұнақ даусы дейсің бе, бәрі өшкен, сап тыйылған. Күз түсе жан-жануардың қимыл-қозғалысы саябырлай түсіп, жоққа айналуға тақаған. Қазір кең-байтақ өлке шықпа, жаным, шықпамен лебін білдірмей жұтып, соңғы деммен тыныстап тұр. Оң қанатты алған таулар да тозып, беті көктен гөрі күлгін тартып, ары таман жылжып, алыстай түскен. Төбедей төрт үйдің арасын қақ екіге бөліп, сыра тіліп өтетін айдау қара жол ғана тіршілік тынысын тоқтатпай түр; діңките шөп тиеп алған ат, өгіз арбалар ауылды басып өтіп, майы таусылған біліктері шиқылдап, көз ұшындағы колхозға қарай беттейді. Тек көпене шөптің алғы тұсынан біресе қатырма маңдай брезент картуз, біресе былғарысын күн жеп, ақжем болған, бір құлағы жымқырулы, екінші құлағы бишік үйірген сайын шоршып түсетін құлақшын қылтылдап, оның астынан қошқыл бет көрініп қалады да: «Цоп, цоп, ей!», «Бүгін аяғыңа жем түскен бе, қызыл ит!» «Жыланы қайтпапты ғой мына қыршаңқының! Түндегі бір дорба сұлы көзіңнен бұлбұл ұшып келе ме? Қайт кейін!» дегендер сияқты зілсіз кәр мен бопса естіліп жатыр. Шартылдаған бишіктің үйірілуінде мін жоқ, көлік пен арбаның аралығында қайыстан өрілген қара нажағай жиі-жиі ойнағанмен, бәрібір өгіз ат жонына жоламай, жылан тіліндей жып беріп шөп үстіне қайтып жоқ боп кетеді. Өгіз, ат арбалардың ізін ала буы бұрқыраған жас қи, жапалар қадау-қадау шошайып қалып қойса, оған суық торғайлар жапырласа қонып, мәре-сәре.
Ауылдың бас көтерер еркектері бұл күнде ерекше іскер, күйбеңшіл, ойдан ойып, қырдан қырып тастағандай қабақтары қатыңқы, шаршаулы. Бет үшінен қызыл арылмайтын Айтуған ақсақал ғана көңіл тоқ: көкжиектен күн құлағы қылтиса бітті, жасыл тысты түлкі тымағының маңдайын қамшы сабымен әлсін-әлі көтере түртіп, одан қала берді қызыл биенің сауырын сипай соғып, қыр астындағы малшы ауылына қарай борт-борт желіп кете барады. Кешке қарай қос қоржыны бұлтиып, ыңылдап қайтып келе жатады. Бұл кісі былтыр пенсияға шыққаннан бері жұмбақ жанға айналған. Қос қоржында ат басы алтын жатыр ма, күн ұзақ жоғалғанда малшы ауылда не тындырып жүр, ешкімге сыр шашып, жақ ашпайды. Жақ ашпағанмен, Айтуған атаның пенсияға шыққалы молда болып кеткенін бәрі біледі. Сүндетке отырғызады, қатым шығарып, құран оқиды.
Рәтайдың колхоздың ұста дүкенінде балға соғатын әкесі Боқай таңертең сылти басып, қолына түкіріп, жұмысқа беттейді. Ақшам жамырағанда ғана ауыл шетіне ілігеді. Өзін ауыл көш жерден жыға танып алады: Боқайдың жүрісі бұл жалғанда мықтағанда екі-үш адамның маңдайына жазылған сирек жүріс, аттаған сайын қарғып-шоршып, оң жағына ауып-ауып кетіп, қалың шиге бір батып, бір қалқып шығып, көз алдайды. Ал қызыл кірпішті үйде тұратын Шаһиға апай екінті болса төбеге, одан моржаға дікиіп шығып алып, күнбатыстағы құртша қайнаған қалың қараған арасынан суыртпақ жіптей ирелеңдеп шығатын жолға көз майын тауысып қарайды кеп, қарайды. Шалы Ізет пен баласы Қанапия май айында қазан-ошақ, көрпе-жастығын теңдеп, Семейге мал айдап кеткеннен мол жоғалып, тек өткен аптада: «Отарды санап тұрып аман-есен өткіздік. Жуық арада жолға шығамыз. Он шақты күнді араға салып, сіздерге жетіп те қалармыз», — деген үшбу сәлем алған. Мына күту — ырғалып-жырғалып келе жатқан сол шал, баланы күту.
Жалпы, ауылда үлкен күтіну мен күтудің белгісі бар.
Саматтың шешесі де аузына маржан салғандай көбіне үнсіз: үйдің сыртын балшықпен сылап, шарбақ қораның тесіктерін жас жапамен ұрып, қара жұмыстан бас көтермейді. Бір үйдің әйелі де, еркегі де болу оңай тимейді білем, күрсінуі жиі. Көңіл күйі де ауытқымалы: түске дейін киіз, түстен кейін мүйіз. Кейде Саматты шақырып алып, себепсізден себепсіз шаң мен күн иісі бұрқыраған шашын құшырлана иіскесе, кейде еркелегісі кеп кетіп — бала қай уақытта еркелеген жөн, қай уақытта бұртиған дұрыс деп жоспар сызып жатпайды — етегіне оралса: «Неменеге жетісе қалдың? Төрде шалжиып әкең жатыр ма...» — деген зілді сөздермен басқа ұрады. Ондайда соғыстан кеудесіне фашист оғын сала келіп, ақыры сол оқтың уы бұл дүниенің қызығын көрсетпей алып кеткен әкесіне Саматтың өкпесі қара қазандай. Әкесі ана Боқай секілді төрде жастықты қолтығына қысып умаждап, босаға жаққа шырт-шырт түкіріп, ара-арасында: «Әй, бәйбіше, шайың қашан?» — деп шіреніп жатса, жаңағы оқтан ауыр сөзді Самат естір ме еді? Әке Самат үш жасты жия қайтты, түс-сипаты да есінде жоқ, әке ғұмыры қатынаспаған, көрмеген алыс ағайын секілді. Кейде әке Боқай құсап сылтып басатын мықыр қара кісі сияқты елестейді. Өйткені Емпіртте әке деп аталатын буыннан көріп жүрген адамы да ақсақ Боқай.
Ауыл-ауылда әке, бала селдіреп қалған, соғыс арқалатып кеткен қалың сордан жаңа-жаңа сейіліп келе жатқан жылдар еді...
Төрт үйдің маңдайына жазылған екі бала — әкесіз Самат пен әкелі Рәтай да үлкендердің қабағын баға ма, бұл күнде алыс-жұлыс, төбелес, іле көздің жасын күс жұдырықпен сығып, бетке жағып, мырсылдап жылау сияқты қыңырлықты қойған. Екеуі де бозала таңнан көздерін тырнап ашып, шүберек сөмкелерін сүйретіп, ұйқыларын аша алмаған күйі колхоздағы мектепке сенделектеп тартады, түс ауа бірінің етегінен бірі ұстап, іркес-тіркес қайтып келе жатады.
Рәтай — алақан көз, сәңірейген қос танауына қос жұдырық сыйып кете баратын қайрақтай қатқан қара бала. Әйтсе де, мұның бәрі Рәтай емес. Қашан болсын, сау басына сақина тілеп, қағынып жүретін бала, аз үй арасын шаңдатып, шулатып, құйрығына: «Мына жүгірмек пе, бұл жүгірмек не біреуді соттатып тынар, не өзі сотталып тынар», — деген қоңырау мықтап байланған бала — Рәтай дегеніңіз сол. Биыл өзінің әлігі басылып, тәубасына келіп жүр. Оның мықты-мықты екі себебі бар. Мектеп есігін ашысымен өзінен үстем бір-екі сотанақтан таяқ жеп қалды — бір, екіншіден, аяқ астынан шалбар оқиғасына шатылып, сағы сынды. Күн сайын төрт үйді түгендеп, сөз тасымаса, ішкен асы бойына батпайтын Шөкей шешесі мектепке баратын ұлына жаңа шалбар тігіп бермеді. Иә, таза ұмытқан, иә... өсектен қолы тимеген. Немесе «Р»-ға тілі келмегенсін: «Біздің ұлға келер жылы болмаса, биыл мектеп жоқ», — деп ойласа керек. Рәтай қайтсін. Мектепке жуыла-жуыла о бастағы қара түстен ақбозға айналған ескі шалбарын киіп барды. Оған айылын жиған Рәтай жоқ. Алғашқы үзіліске шыққасын, аула ортасына үйілген құмға жете беріп, аламан тасыр сұрапылды бастап жіберіпті. Мектепті өзі сықылды ұсақ-түйек балалар жиылып, алыс пен жұлыстың шекесін мейлінше қыздыратын жер деп ұғыпты. Сол ию-қиюда бір баланың қолы Рәтайдың резеңке ышқырында кетіп, шалбарды жалғыз-ақ тартып, аяғының басына түсірді. Абырой балаға да керек қасиет, қазір Рәтай бір қолымен ышқырын қымқырып ұстап жүріп алысатын болды.
Ал Саматтың жүріс-тұрысы, жаратылыс, бас терісі басқа жаратылған бала. Қазан бас сары, бұйығы, тік мінез. Жүрісі сылбыр, сөзі аз. Анау-мынауға қозғала қоймайды, ал бір көтеріліп алса, кинодағыдай «қасық қаны қалғанша» шайқасып бағады. Астында жатып, бармақ шайнап алатын қыршаңқылығы да бір басына жетіп артылады. Рәтайдай баламен көрші тұрып, үш шақырым колхоздағы мектепке бірге барып қайтып жүріп, қыршаңқы болмау мүмкін емес-тін. Рәтаймен жолдас болсаң, балтаң белінде жүрсін.
Рәтай бірінші класты бастамай жатып, мұғалімнің де басын қатырып жүр. Бала аз, мұғалім біреу, сол себепті төрт класс бір бөлмеде оқиды. Яғни партаның бірінші қатарына бірінші кластық көген көздер ие, екінші қатарда Саматтар отырады, ары қарай да үшінші қатар — үшінші класс, төртінші қатар — төртінші деп кете барады. Төрт класқа соғыста қаңғыған оқ шықшытын уатып қисайтып кеткен, сондықтан да бір қарасаң, күліп, әрі-беріден кейін айналып қарасаң, жылап тұрғандай адамды жағдайсыз сезімде қалдыратын Кәрім ағай жалғыз езі сабақ береді. Оның өзі жатқан бір қызық. Аядай бөлме ішінде бірінші класс: «Мынау А әрпі. А — ағаш деген сөздің алғашқы дыбысы», — деп, әлем құпияларының ең үлкенін ашып жатса, төртінші класс: «Жер шарында алты құрлық, төрт мұхит бар», — деп нақыштайды. Бұл мектептің бірінші кластағы шәлтік оқушысы кейде: «Тынық мұхиттың ең терең жері — 11022 метр», — деп, үлкендердің аузын аңқитып кете барады. Қайтсін, қатар отырғасын бір құлағын төртінші класс етіп жатқан жағырафияға салып отырады да, естігенін кезкелген жерде қойып қалады.
Бүгін Кәрім аға Самат оқитын екінші класқа тапсырма беріп тастап, Рәтайларға арифметиканы түсіндіріп кеткен. Тақтаға саусағын майыстырып тұрып: «1 + 1=2» деп мәнерлеп жазып қойды да, бірге бірді қосса, неге екі болатынын тәптіштеді. Сонсоң бор жұққан саусағын ақ шытпен әспеттеп сүртіп тұрып:
— Ұқпасаңдар, сұраңдар, — деді.
Рәтай қол көтерді. Мұның қол көтерісі қызық. Басқалар Кәрім ағай үйреткендей алға сәл еңкейіп, шынтағын партаға тіреп, тәртіппен көтерсе, бұл артқы партаға шалқалақтап жатып ап, балтамен ағаш жаратындай қолын солаң еткізіп, тік көтере салады. Бұл жолы да сөйтті.
— Ал Боқаев... Қолыңды, қолыңды... иә, төменірек ұста! Әй, саған төменірек ұста деп қанша қақсаймын?
Қол көтеру аяғы ұрысқа айналып бара жатты. Басқа бала болса, асып-сасып, берекесі қашады. Ал Рәтай жау қуып келе жатқандай сөз аяғын жұта:
— Ағай, ағай, сіз қате есептедіңіз. Білге білді қосса, біл, — деп салды...
Кәрім ағай аң-таң. Класс үнсіз. Мұғалімнің бірді бірге қосса, екісі ме, жоқ, Рәтайдың білге білді қосса, білі дұрыс па?
Кәрім ағай соғысқа қатысқан, фашиспен алысқан адам ғой, еш асып-саспай, тек аз-мұз жыламсырап (күлімсірегені болу керек):
— Қалайша бір?! Алдымен, орныңнан тұр; мұғалімге сұрақ қойса, жауап берсе, оқушы орнынан тұрады, — деп, сөзін ұрсыңқырап бітірді.
— Білге білді қосса, біл, аға. Менің мамам біл ме? Біл адам. Көкем де біл. Екеуі қосылған ба, қосылған. Мамам «Уаһ!» дегенде, мен аузынан түсе қалыппын. Мен білеумін. Білге білді қосса, біл деген осы. Ұлсасыз... Мен бе екем? Аузымнан түсіп қалғансың деп мамам айтқан.
Рәтай ағайына сәл өкпелеп, орнына жалп етіп отыра кетті.
Ұшқан шыбынның ызыңы естілмейді. Әркім ойша әке-шеше мен өздерінің арасындағы қиын арифметиканың түбіне жете алмай отыр. Мұғалім шекесін қасыды. «Білге біл, білге білді қосса, біл», — деп кіжініп бара жатты да, қоя қойды. Сосын алдыңғы партада ернін жымқырып, түп-түзу отырған жарғақ құлақ, тарғақ бет балаға:
— Қасым, үйлеріңде қанша бала бар? — деп қалып еді, әлгі түзу отырыстан аяқ астынан жаңылып қап, алға қарай итіне, мойнын созып:
— Әлім, Әлібек, Қасымхан... — деп, ерні ерніне тимей жыпылдата жөнелді.
Кәрім ағай шошая қалған сұқ саусағымен класс төбесін нұсқап, қасын кере:
— Көрдің бе, Боқаев, Қасымның үйінде төрт бала бар. Яғни бұлардың семьясында бірге бірді қосса, төрт екен. Ал сендерде бірге бірді қосса, бір. Яғни әр семьяның өз арифметикасы бар. Ол есеп біздің арифметикадан басқа амал. Есейе келе оқыту-тоқытусыз өздерің-ақ үйреніп аласыңдар, — деп бейбіт аяқтады.
Рәтайда қанағат жоқ бала ғой:
— Иә десең... Білге білді қосса, біл, — деп күңкілдеп жатты.
Бұл әңгіме Саматқа өз үйінің арифметикасы жайлы ой салды. Қаңыраған үйде Самат пен мамасы ғана. Сонда бір тең болады бір ме? Мұндай жартыкеш, жарымжан есеп бар екен-ау.
Үлкен үзіліске шығысымен балалар құм төгілген алаңға лап берді. Айналасы он минут бір баланың жауырынын жерге тигізуге, күшті біреуінен жығылып қалуға әрең жететін уақыт, сол себепті балалар уақ-түйек кіжіңбай әңгіме, белбеу, бәкі айырбастауды сабақ аяғына қалдырып, алысқа қолма-қол кірісіп кетеді.
Құм үсті ойран-топыр. Ешкімді ешкім біліп болмайды, топалаң тигендей жығылып та жатыр, алып соғып: «Күш менікі, б... сенікі», — деп, жығылғандардың басынан аттап кетіп те жатыр. Торайша құлшына-құлшына шыңғыру мен қым-қуыт айқайдың арасында:
— Әй, сен неге шестный күреспейсің?
— Қызша емес, еркекше күресейік!
— Жығыл енді... жауырының жерге тиді! — деген сөздер қоса-қабат естіліп қалады.
Сұрапылдың қалың ортасында жүрген Самат әлден уақытта аяғы көктен келіп, тырапай асып қалғанын тас төбедегі аспан шыр көбелек айналып бергенде бір-ақ білді.
Қырсыққанда қымыран іриді. Ал астыға түсіп қалған баланың іритін қымыраны жоқ, оның есесіне біреу иә аяғын, иә қолын мыжып кетеді. Саматтың жинап үлгермеген қолын әлдебір бәтіңке жерге печаттап тастады. Батырға да жан керек, ал Самат бар болғаны екінші кластың оқушысы, сол ыңғайдан «А-а!»-лап айқайды салып жіберді. Ойбу, озат оқушы Самат Жылқайдаров бақырып жатыр деп ешкім селт етпеді, алыс пен жұлыс ұласа берді. Қаны қайнап кеткен Самат бір деммен ауаны көкірегіне қампитып толтырып алып:
— А-а! — деп шырқау әнді бастай беріп еді, сол секундта көмекейі қатқыл да құрғақ құмға кептеліп қалғанын сезді. Айқай түгіл, ойбайға шама жоқ, шалқадан түскен күйі төңірегіне алақтап қарап еді, жұлығы шыққан ақжем өкшесі ағараңдап, Рәтай мектепке қарай безіп барады.
Бұл орнынан шөкелеп тұра беріп еді, тұрып та үлгерген жоқ, ал жөтелсін, ал шашалсын, көзінен жас ытқып-ытқып кетті. Ағаш кеңірдегін ұстады да, бүктетіліп, дуал түбіне әрең жетті. Балалар:
— «Білге білді қосса — біл» қатырды!
— Пәле-ей өзі! — деп, Рәтайдың қол-аяғын жерге тигізбей аспандатып жатыр.
Аузын әлсін-әлі шаямын деп, Самат дәліз түкпірінде тұрған бір шелек судың жартысын тауысты. Түбіне құм шөккен жарты леген судың қаншасы көз жасы екенін кім білсін. Жұдырығын тас түйіп алып, класқа беттеп еді, қоңырау соғылып қойыпты. Кітап, дәптерін қолтықтаған Кәрім ағасы класс табалдырығында тосып алып:
— Не болды, Жылқайдаров? Ауырып жүрсің бе? — деп бетіне қарады. Бұл төмен қарап:
— Жөтелдім, — деді. Шағынған жоқ. Самат шағынып, арыз айтуға үйренбеген бала — әкесіз өскен жетім еді.
— Шешеңе айта бар, кешке арқаңа горшица салсын. Шоқ, шоқ, жетпегені горшица еді.
...Сабақ бітті. Самат сөмкесін сүйрете мектептен шыға жүгіріп, Емпіртке салды. Емпірт пен колхоздың арасын алып жатқан қалың шиге Рәтайдан бұрын жетіп алмақ. Қалың шиде Рәтайды тосып алады — ол анық, ар жағын бір құдайдың өзі біледі. Көзіне құм елестейді. Тобықтан кешіп келе жатқаны айдау жолдың май топырағы емес, қиыршық құм. Тісінің арасы шықырлаған құм. Сөмкесі кітап, дәптерге емес, құмға толып кеткендей, ілгері басқан аяғы кейін кетіп, жүрісі өнбей келеді. Қолынан келсе, әлемдегі құм атаулының іргесінен от қоя берер еді.
Қалың шиге сілесі қатып, өкпесі өшіп кірді. Жол жағасындағы түбіне құшақ жетпейтін қалың шидің тасасына қисая кетті.
Сары күз тамылжып тұр. Оң шекесін күн шым-шым қыздырса, сол жақ шекесі сұп-суық: қыр үстінен лекітіп соққан самал салқын алақанын маңдайына дамыл-дамыл басады. Төңірек құлаққа ұрған танадай тыныш. Ши сұмдық көп: Саматтың есебінше, өзі бір, екі, тіпті үш жүз шығар. Ара-маса, шыбын-шіркей жаздағыдай ызыңдап құлақ етін жемейді. Құс атаулы тырау-тырау тырналарға ілесіп, баяғыда түстік жаққа ұшып кеткен. Анда-санда сауысқан шықылықтап, суық торғайлар ғана шиден ши басына ұшып-қонады. Сары шекпен киген әлем бұйығы, жуас, меймандос.
Қалғып кетіпті...
— Әй, Самат, оян! Иығынан жұлқылаған Рәтай екен. Түк білмегендей күлмің-күлмің қағады.
— Сайтан соғып, бет-аузың Кәлім ағайдай қисайып қалса қайтесің? — деп, жаны ашып тұр. — Ши түбін жастанып жатқаныңды білмей өте беретін ем. Әне, анау сөмкеңді көліп бұлылдым, — деп, шиден таяқ тастам жерде қылжиып құлаған шүберек сөмкені иегімен нұсқады.
Самат оның қолын сілкіп тастады. Орнынан тұрды.
— Жекпе-жек! — деді даусы қатайып. Дәл қазір бұлқан-талқан ашуланып алсам деп тұр. Бір айқасқа емін-еркін жететіндей ашу керек. Әйтпесе, төбелесе алмай қалатын түрі бар. Бірақ манағы бір қапшық ызасы үшті-күйлі жоқ. Мына «Жекпе-жек!» — мектептен шиге жеткенше іштей де, тістене сыбырлап та қайталап, көкейіне қорғасындай құйылып қалған жаттанды сөздер. Ал буырқанған шын ашу зым-зия. Қалғып отырғанда қашып кетіпті.
Рәтай бәтеңке тұмсығымен жас қиға жабылған қоңыздарды құйрықтан біріндеп теуіп тұрып мыңқылдай салды:
— Төбелескім келмейді...
Осы сөзді естуі мұң, Самат өзін ғажап күшті екемін деп қалды. Бір-екі басып, жұдырық жетер жерге келіп алды.
— Жоқ. Сен оны қой. Бағана аузыма неге құм құйдың, а? Неге қашып кеттің, а? — деп саусақ ұшымен Рәтайдың иегін көтеріп-көтеріп қойды.
Ол өкпесі түсе күрсінді. Күрсінді де, төрт амал толы арифметиканың бетіне қалай қараса, Саматқа солай көңілсіз қарады.
— Одан да, былай істейік. Елтең құмға балып алысайық. Мен өтірік жығылып қалайын да, сен құсап «А-а!» деп бақылайын. Сол кезде менің аузыма біл уыс құм сал. Мил ма? — Самат тебітіп-тебітіп қойды.
— Мил, мил... Жоқ, ол нешестный!
Рәтай тағы күрсінді.
— Жалайды, — деді. — Шестный болса, болсын. Қал жаусын, сонда төбелесейік. Қазіл төбелессек, құл босқа қан жалаймыз. Киім былғанады. Осы жақсы ма? Үйге балғасын көкемізді танытады. Саған мамаң жәй ұлсады. Ал мені көкем ұлып жібереді ғой. Ал елтең қал жауады. Қал үстінде төбелесейік, сонда үсті-басымыз былғанбайды. Ешкім де төбелесті білмей қалады.
Самат айран-асыр. Төбелес жайына қалды. Көңілсіз тұрған баламен төбелескің де келмейді екен. Оны қойшы, бұл ертең қар жауады деп қалай тантып тұр? Бірінші кластық Рәтай түгіл, екінші класс оқушысы Саматтың өзі ертең қар жауа ма, жоқ па, білмейді.
— Оны саған кім айтты?
— Ешкім де. Өзім білемін. Қал жаумаса, алғы қолыңды белі әкел. Кел, бәстесейік! Қал жауса — мил! Жауса, тап осы желде, — Рәтай өкшесін шыр айналдырып, дым тартқан топырақты мыжып-мыжып қойды, — кездесеміз. Бүгін мил ма? — деп сия-сия алақанын созды.
Рәтай тауып кетті. Бір уыс құм, көз жасы, жекпе-жек — Самат бәрін ұмытты. Жоқ-ау, ертең қар жауатынын бұл қайдан біліп алған. Шешесі Шөкей бал ашқыш еді, әлде содан сұрап алды ма? Қызық-ай, ой, қызық!
— Мир болса, мир!
— Мил!
Кішкене алақандар бір-біріне шып-шып тиді.
Бетін таңертең шықпен шайып, қалың ши мен төрт үйге, Самат пен Рәтайға көкпеңбек көзімен кірпік қақпастан телміріп қалатын туырлықтай аспан екіндіде талаурап сала берді. Қаптаған қалың бұлт деуге әсте келмейтін, астары кір қожалақ ақбоз жалпақ көрпе әуелі құбыланы асықпай-саспай қымтап алды да, аспан теріне шеті желпілдеп, біртіндеп жылжи берді, жылжи берді, ақыры еш саңылау қалдырмастай түгел жапты. Батыстан суық та емес, жылы да емес, әйтеуір лебі жанға жайлы жел лекілдеп еді, ши бастары қайта-қайта жерге тәжім етіп, ебелек қақты. Аспан ақ айран. Сауысқан да шықылықтамайды; қалың қараған, итмұрын басқан астырт жақтан қарқылдаған коп қарға ғана көтеріле беріп, жалт бұрылды да, жел екпінімен жер бауырлай әлдеқайда жоғалып жатыр. Төбе-төбедегі шөмеледен ұшы шығып тұрған қурай-қамыс атаулы ыңыл салып тұр. Ізет ағаның үйінің төбесінде Шаһиға апайдың шәйі көйлегі етегіне оратылады: түтіні будақтаған мұржаның жел жағына қалтқы қойып әуре-сарсаң, желпілдей берген етегін бір қолымен басып қояды.
Кешке таман жел сап тынды. Еңсе басатын ауыр үнсіздік орнады. Ит екеш ит те үрмеді. Самат етігінің шоқайы тарсылдап сатымен төбеге шығып, Қарасудың бойынан шауып, үйіп алған аз-мұз шөпті бастырып жүрген. Шөп үстіне ұзыннан ұзақ түскен, әлі шайыр иісі кете қоймаған жас сырғауылдарды табанына алып, үстінен нықтап, селкілдеңкіреп ырғап тұрған. Бетінің ұшы жылып бара жатты. «Бұл не?» деген ойға ілесе бетін алақанымен сипай салып еді, дымқылданып қалыпты. Таң-тамаша күйі төңірегіне көз тастап еді, жер мен аспан арасы қалбақтаған өңкей аппақ көбелекке толып кетіпті. «Көбелектер» жаздағыдай таласып, жапыр-жұпыр әуелемейді де; тек жаймен ғана қалтақтап, елбіреп қана қара жерге, ши бастарына қонып жатыр, қонып жатыр. Қара балшықпен сыланған Рәтай үйі, қызыл кірпіш Ізет аға үйінің қабырғалары да жаңағы ақ көбелекке үпір-шүпір толы. Колхоз түгіл, ауыл желкесіндегі зират та көрінбейді, әлем есепсіз тарылыпты, жер үстінде төрт үйлі Емпірт қана қалықтап, жалғыз қалған сияқты. Өрістен қайтқан бес-алты сиырдың тұяқтары әдеттегідей сыртылдамайды, өздері қалың шиге кеудеден батып кеткен, әп деп бір қараған адамға сиыр емес, ақ мұхитта жүзіп келе жатқан қара қайықтай көрінеді. Ақымақ сиыр екеш сиыр да тұнып тұрған сиқыр тыныштықты бұзғысы жоқ-ау, тым болмаса біреуі ішін тартып мөңіреп те салмайды.
Миллион көбелек кішкене Емпіртті орай да борай ай¬налып, қалықтап ұшып жүр.
— Оһо-һау! Айтқаным айдай келді, аумай келді!
Самат оқыс дауысқа жалт қараймын дегенде, сырғауылдың шапқан бұтағынан қалған томпақ өзек етігінің тұмсығынан қағып қалып, шоп үстінен сыпырылып түсті. Төменде, саты қасында ақсиып Рәтай тұр. Сырыған күпәйкесі мен мақта шалбарына, әкесінен қалған бір құлағы жоқ жаман құлақшынына ақ көбелектер қаптап қонып алыпты. Ала көзін көмкерген қалың кірпіктері аппақ.
Сол заматта Рәтай Саматқа сондай жақсы болып көрініп кетті. Алысып-жұлысып, төбелесіп, әйтеуір, ойнасаң, құмарыңды қандырып, тіпті тоз-тозыңды шығарып беретін бала. Самат жаман баламен ойнамайды. Кеудесін бір дүбір алды. Неменеге жетісіп тұрғанын да білмейді, ол туралы ойлаған да жоқ. Ойлап қуана да, ойлап ашулана да, ойлап жақсы да көре алмайсың. Самат дөдеге жиегінен ұшы қылтиған сатыны ұстай алды. Рәтай аяқ жағына ие.
— Ұстап тұлмын, таймайды, түсе бел! Қал жауды, қыс түсті. Енді етіктің табаны тозбайды, білдің бе, ей! Шаңғы тебеміз. Аққала соғамыз. Қолықпа, сатыны селкілдетеді деп. Мил!
— Селкілдетіп көр, қан жалайсың.
Жер басып еді, Рәтай жаңа ғана қазып алған картоп секілді домбығып кеткен қызыл қолын қойнына сумаңдатып тығып жіберіп еді, Самат секіріп түсті.
— Кел, мил! Біз енді бұзақы балдал құсап төбелеспейміз. Төбелессек, Кәлім ағай аямайды, тақтаға тұлғызып қояды.
Самат жауап берген жоқ. Тақтаға тұру мәселесі бірінші класта оқитын Рәтайға ғана жаңалық. Сорғалаған ақ көбелектерді аузымен аулаған күйі екі қолын жайып жіберіп, жүгіре жөнелді.
— Мир, мир! Біз енді төбелеспейміз, төбелеспейміз!
Екі өкпесін қолына алып жүгіріп келеді, жүгіріп келеді.
Бетін ши бастары сипайды, температурасы көтеріліп кеткен бе, он бойы қызып, ду-ду етеді. Әр кірпігі бір-бір ақ көбелекті түйреп алыпты, мақта шапанының өңірі аппақ. Көктемгі өрттен қалған ши түбіріне шалынып құлармын, ой-шұқыр бар деген қауіп басына кіріп шықпайды, нысана, бағыт қайда, одан да хабары жоқ. Дедек қағып, ұшып келеді. Самайы ысыған, ал жүрегі орнынан жылжып кеткен бе, кейде лып етіп, аузына тығылады.
— Мир! Мир!
Бұл сөзді өзі айтты ма әлде соңынан салып келе жатқан Рәтай айқайлады ма, ол да белгісіз.
Қос қолы — қос қанат екі бала қалықтаған күйі ну қарға кіріп, ақ әлемге біртіндеп сіңіп бара жатыр...
— Мил! Мил!
— Мир! Мир!
Үй арасы тізеден асатын омбы қар. Самат пен Рәтай төрт үйдің арасын қосқан жымнан бір қадам қиыс басса, көбік қарға белортадан кіріп кетіп, ит әуремен малтығып әрең шығады. Малтығуды былай қойшы, пима қонышына қар кіріп кетсе, бәрінен де сол азап. Қонышқа қол сұқса, әрі итеріле ме, өкшеге түсіп, содан еріп тынады. Ондайда мына жолға шығып, шалқалап жата қал да, қос аяқты көкке көтеріп жіберіп, пиманы сілкілей бер.
Қақпа алдын тімтініп, белі аспанға шыққан торпақ, тайыншаны есепке алмаса, үй арасындағы қыбыр-жыбыр тірлік мейлінше азайған. Қаңтар бастала әр үй шама-шарқынша күзден семіртіп, сайлап отырған қой, құнан өгіздерін жығып алып, моржаларынан түтін мен ет иісін бұрқыратып, бүк түсіп, момақан жатыр. Сүйек-саяқ мүжіп, қаужаңдап қалған иттер тоқ. Жаздағыдай көп ырылдасып, таласпайды да. Күйелеш моржалар биіктеп кетсе, үй атаулы аласа. Тынық күндері тік шаншыла көтерілген түтін иретіле тербетіліп, аспан мен жер арасында алтыбақан теуіп тұрып алады. Дәл бүгін ол түтіндер көзге әрең шалынады. Қар қылаулайды. Аяз сорған Емпірт боп-боз. Әлем тұнып тұр... Тек Самат қолындағы қайың таяқ қана қарға тиген сайын шықыр-шықыр етеді. Күн жексенбі, үйге берген тапсырманы кеше түнде, сықсиған көресің шамның жарығымен шекілдеуікше шағып тастаған. Таңертең көзін тырнап ашқасын сынық мүйіз қоңыр сиырға шөп салып, жамау шаңғысын қорадан құшақтай мұзға айналған есік алдына салдыр-гүлдір тастай берген. Шошып кетті ме, тауық қорадағы қызыл әтеш шақырып салды. Оларға да жем шашты.
Содан, міне, ауылдың өзен бетіндегі астыртқа қарай ағып келеді. Жамау шаңғысы көбік қарда майға салған пышақтай сып-сып етеді де, ши ығындағы жел үріп тастаған қасаң қарға іліге қайырлап қалады. Оған пысқырған Самат жоқ. Қылау жауған күні делебесі қозып кететін ақ сайтаны бар. Күн астында жылтылдап ұшқан қалың қылаудың әр түйірі бір-бір жұлдыз; бірегей төрт құбыла сол жұлдыздарды үстіне жапсырып қадап алған, ту сыртта төрт үй еміс-еміс қылаң ұрады; төбе толы қалың қылау; тіпті қар салмағынан бастарын әрең көтеріп, жер иіскеп, имиіп тұрған ши де жазыла жатқан ақ алқапқа кірігіп, ұштасып кеткен; бүткіл өлкеде тірі жан атаулыдан қыбырлаған бір өзіңсің, өзің ғанасың. Мектептен оқулық пен мұғалімнен сөмке-сөмке ақыл арқалап үйге келсе: «Отын бұта!», «Сиырдың астын шығар!», «Шөп сал!»-дан көз ашпайтын қауға бас сары балаға қысқы даладай кең бостандық қайдан табылсын; кеңсірік жарған таза ауаны қанша сімір, таусылмайды, бітпейді, шаңғы қайда салсаң, сонда зырғып тұр, аяз бет ұшын шымшып алады да, «Тоңып қалдың ба, ғафу ет» дегендей, жалаңаш маңдайдан сүйіп-сүйіп тастайды. Бұл дүниеде арифметика, көркем жазу, ана тілі, қалам-дәптер, сия-қарындаш, сынық мүйіз қоңыр сиыр, құрқылдаған тауықтар жоқ деп есепте де, ақ айдын бетіне шаңғымен шимайды сала бер.
Рәтайға әдейі соқпай кеткен, ол жүрген жерден пәле шықпай қоймайды, келер минутта не істейді, бетіне қарап біліп болмайсың; күліп жүріп, төбелесе салады, төбелесіп жүріп, шаңғысы өз-өзінен сырғып, еңіске қарай емпеңдеп барады; қылт-қылт етіп, қар бетін мөрлеген таяғы да сұмдық серпілісті тілемейді; екі сілтесе, астырттың кертеш қабағына да шыға келмек; ары қарай аяқты керек-кере тастаудың да, таяқ сілтеудің де қажеті жоқ, біреу жетекке алғандай шаңғының өзі ілгері есе жөнелді, құлақ түбінен жел ызыңдап ән салады. Емпірт төңірегіндегі суық ауа атаулы танау астына үймелеп, қолқаны аралап, озбыр ойнақты салады дейсің, қысқасы, ойһой, шіркін, бәрін айт та, бірін айт, шаңғы тебудің жырын айт.
Оның бірі де орындалған жоқ.
Самат қос таяқты алға тастап жіберді де, ұшын кеудесінен тіреп, сәл иілген күйі қалт тоқтады.
Астырт қабағынан құлаған көк жалын ойға қарай ағызып барады. Айтуған атасы үйреткен кәлимені ішінен үш рет жүрдемелете қайталағанын өзі де сезген жоқ: сайтан, сайтан, мынау соның нақ өзі!
Аңғарға ағып түскен көк жалын шабандаған сайын құртақандай адамға айнала берді. Бұған қолын бұлғап еді, сайтанның адамды арбайтын сиқыры бар деген лақап рас білем, әншейін қарадан қарап таяқты шірене серпіп қалып еді, белортадан мыс шегемен шегелеп, басын құйрығына жалғаған жаман шаңғысы Саматты ойға қарай алып қашты.
Көк сайтан да бері құлдыраңдап жүгіргендей тездетіп жақындай берді, құнжиған кішкене қызға айналды. Бейне бір ақ дәптер бетіне тамған тамшы көк сия. Айтуған ата: «Сайтан шіркін қызға, лаққа айналып керіне береді, сақ бол, балам, сақ бол!» — деп талай рет құлақ етін жеген, сол миына сақ ете қалмасы бар ма. Қашып кетпек оймен тізесін бүгіңкіреп, басын сүзеген бұқаша төмен салып жіберіп, таяқпен қарды көсіп-көсіп қалып еді, дөп құлағының түбінен жіңішке үн саңқ етті:
— Стоп!
Шаңғы сырылы өшті. Көк күртеше киген, аяғына оймақтай қара пима ілген, өзінен екі елі ғана биік кішкене сайтан күле қарап тұр.
— Привет! — деді қыз-сайтан кіршіксіз кішкене тістерін құлап тұрған қалың қырауға көміп жіберіп. — Сенің атың Самат па? — Маңдайына шығып кеткен алақандай көзі кішкене тістерден басқа дымды көрмей тұрған балаға қарап күліп жіберді. — Мен Гулямын. Ізетті білесің бе? Ол кісі — менің атам. Қалада, ауданда тұрамыз. Кеше түнде папам ертіп келді. «Қысқы каникулда тар көшеге қамалмай, кең далада таза ауа жұтып, шаңғы теп», — деді. Шаһиға әжем де айтқан: «Самат дейтін көрші бала бар. Жуас, жақсы оқиды. Қорықсаң, соны ертіп ал. Рәтайға жолама. Тентек, содыр», — деген. Мені көргенде қорқып кеттің ғой. Содан-ақ жуас бала екеніңді біле қойдым. — Өстіп біраз «лепілдеп», Рәтайдың да, Саматтың да асты-үстін жездей қақтап алған қыз, жуас бала сөйлей алмайтын мақау деп ойлады ма, Саматтың жауабын да тосқан жоқ. Басын шалқайтып жіберіп, тағы шықылықтай жөнелді. — Ой, қандай тамаша! Қар қандай көп! Прелесть! Айттым ғой, мен жаңа қоян көрдім. Шиді аралап, тура қашты. Сендер зәрезеп қып қорқытып тастапсыңдар. Айттым ғой, кәне, кеттік. Жоғары шығайық! Енді қысқы каникулда ылғи Емпіртке келемін. Емпірт... Онысы несі? Неге олай деп атаған, а?
Самат дымқыл тартқан танауының астын жеңімен сүрте беріп, арқасына жасыра қойды. Кәрім ағай денешынықтыру сабағында сорасын жеңімен сүрткен бір-екі балаға: «Жеңдеріңмен сүртпеңдер! Қыздар көріп қойса, күледі. Қалтаға шыт салып жүріңдер!» — деп еді. Мұғалім ұлдарға күлетін қыздардың өзі де ұялмай-ақ танауларын шұқитынын қайдан білсін. Тек ұлдарды көргіш.
Мамасына танау, орамал, қыздар жайын айтып беріп еді, сандық түбінен ақзу шыттың кесіндісін алып шығып, қалтасына төрт бүктеп салып берген. Үзілісте қыздарға таман жақындап, танауының астын әдемілеп тұрып сүрткен де. Ол серілікті қыздар елей қоймай, есесіне Рәтай көріп қалып: «Мына тәлпішті қара! Өзі жігіт-ей!» — деп, ақар-шақар күлген. Оның үстіне, кейін байқастаса, қалтасына шыт салып, танауын сүртіп жүрген қыздар бір-екеу ғана. Оның өзі үшінші класта оқитын дөй қыздар. Бірі — Кәрім ағайдың кіл «өте жақсыға» оқитын өз қызы да, екіншісі — оған еліктеп, қасынан қалмай жүретін Бөдеш. Ақыры ақзу шытты кір басты. Сосын шешесінің көзін ала беріп, қораның көп саңылауының біріне тыға салған. «Орамалың қайда?» — деп мамасы да тықақтап сұрамады. Айтпақшы, мына Гуляның қалтасында орамал бар ма екен өзі?
— Неменеге маған бедірейіп қарайсың? Айттым ғой, Емпірт деп неге атаған деп?
Адамды ой жесе, соқыр болып қалатын көрінеді. Шыт туралы ойға батып тұрып, жауап күтіп, аузына қарап тұрған Гуляны ұмыт қалдырыпты. Сасқан үйрек артымен сүңгиді, жып-жылтыр жеңімен сорасын бір осып жіберіп:
— Емпірт... Көктемде арғы беттен көп-көп қой айдап әкеледі, — деп, таяғын шекараға сілтеп қойды. — Құйрықтары, міне, мынадай тегенедей-тегенедей. Емпіртте қойды егіп, құлағына белгі салады. Сонсын отарға бөліп, Семейге айдайды. Әлгі қойды Ізет аға «Емпірт қой» деген. Ауылды сонсын Емпірт деп атайды.
Қыз күліп жіберді:
— Е, түсінікті. Импорт — «Емпірттің» орысшасы. Басқа елден келген қойды импорт дейді. Папам да қаладағы таможняда істейді. Мен: «Емепірт дегені несі», — деп әдейі сұрадым. Туған жерінің тарихын біле ме екен деп сұрадым. Әр бала өскен жерін бес саусақтай білуге тиіс.
Гуля анық өздерін оқытатын бір ақылды мұғалімді қайталап, ұпай жинап жатыр. Кенет Саматтың бас-аяғын сүзіп өтіп:
— Несінші класта оқисың? — деді.
— Екінші...
— Е, сол-ақ па? Екінші оқып жүріп, импортты «Емпірт» дейсің. Айттым ғой, мен үшінші класта оқимын, — деп жетісіп қалды. — Жарайды, кеттік! Сен алға түс. Ер бала әрқашан алда жүру керек.
Самат таяқты серпіп қалған сайын екі иығы кезек бүлкілдеп, шаңғысымен «елка» жасап, астырт қабағына көтеріле бастады. «Пәле ғой мына қыз, — деп іштей күйзеліп келе жатыр. — Қалада оқитын қыздардың бәрі осындай мақтаншақ болса...»
Қала дегенде, былтыр оқып тауысқан әліппе есіне түсті. Шекесіне таяқтай «Қ» әрпі жазылған бетінде баданадай екі сурет салыныпты. Алғашқысында аспанның тоқымдай бөлігін үстіне жапсырып алған Гулядан аумаған жайтаңдаған қызыл бет қыз аласұрып шаңғы теуіп жүр. Ар жағында Рәтай құралыптас екі-үш құртымдай бала аяқтарына шаңғы байлап алған. Енді бар ғой, сондай әдемі қыз! Басын әліппеден көтеріп, кластағы қыздарға қарап еді, көңілі жаман қалып қойды — шаңғышы қызға ешқайсысы ұқсамайды. Танаулары шу-шу етіп пысылдап, жазу жазып отыр. «Өмірде ондай қыз жоқ шығар», — деп қойған.
Бұл суреттің астына «Қыс» деп жазылыпты.
Екінші суретте өңкей көп терезелі үйлер діңкиіп тұр.
Рәтай күле салады, әкесінің еркесі болмаса да, бұ дүниенің еркесі, сол себепті де оған қарсы амал-айланы күні бұрын ойлап, әдіс әзірлеп қоя алмайсың. Кеше: «Қарасу әлі қатпапты, жылым толған быжынаған қаражон балық, ау салайық», — деп Саматты біраз сиқырлаған. «Маған еріп жүрсең, мынаны тегін оқуға берем, Қажымұқан деген мықты туралы», — деп жұмыртқаның сарысындай қатты мұқабасында екі қара дәу белдесіп жатқан кітапты жылмаңдатып көрсетіп қойған. Ауылдан ұзаған сайын ши арасының қыбыр-жыбыр тірлігі жандана түсті; міне, мынау қым-қуыт ұсақ із қоян жымы, ши түбінен кекіліктер дүр етіп ұшты да, көп ұзамай төмендей беріп, қар үстіне қонды да, домалаңдап-домалаңдап барып, жым-жылас жоғалды. Бөгіп жатқан көбік қарға сүңгіп кетті. Анау жалғыз жортқан баданадай із аштықтан қарны арқасына жабысып, мал иісі шыққан ауылды торып, аузына түк бұйырмай, тұмсығын шошайтып ұлып-ұлып кеткен қасқыр таңбасы. Астырт астындағы итмұрын қарын қағып ұшқан сауысқан қылаң ұрып көтерілді де, ауылға қарай салды. Тас лақтырым жерден даусы жетілмеген күшік шәуілдеді, бұл күшік емес, қоян қуып, ақыры адасып-адасып, айдалада қалып, алпыс айласы таусылғасын мұңын шаққан бұлаң құйрық түлкінің ашынып үргені. Ши арасынан Рәтай айта беретін сайтандар да әзірге көзге шалынбайды, сайтанға да сақылдаған аяз бен қалың қарда жан керек, колхоздың йен қораларына кіріп кетіп, сонда жан сақтап отырса керек. Күпі киіп, тымақ шошайтқан сайтанды көрдім деген жан Майқапшағай маңынан табылған емес, ендеше, үй-үйдің алдындағы нан салатын пештің ішінде тығылып, көзі жылтырап, күн шуақты көктемді тосып отыруы да ықтимал.
Түйетайлы астыртқа іліге бере жүрісі де манди бастады; тің қызыл кірпіш үйінің үстіне тағы оның қойып жіберсе, жаңағы діңкиген үй шыға келер еді. Айран-асыр таң қалды. «Неғып құламай тұр? Соқ өтірікті!» — деп, өтірікші әліппеге ренжіп те қалған. Көрім ағайынан сұрайын десе, төртінші класқа: «Мына дүние жүзінің картасына қарап қойыңдар!» — деп, таяқ ұшымен көк, қоңырқай бояу аралас екі шарды дөңгелектеп тұр екен. Екі шарға аңсары ауып, ойы бөлініп кетті.
Сөйтсе, әліппе рас айтыпты, рас емей, немене, сол әліппедегі суретке қаптап қойғандай қыз ту сыртында мықшыңдап келеді. Олай болса, бір-біріне міңгескен үйлердің бұл дүниеде бары да рас, оның қала деп аталатыны да, олла-білде, ып-рас...
Қыр үстіне шыға келсе, екі езуі екі құлағына жетіп, мәз-мейрам Рәтай тұр. Бәтшағардың көзі отша жайнайды. Күпәйкесінің жағасы жайлауда. Кеудесінде пеш жанып жатыр ма, қойны-қонышынан бу бұрқырайды. Былғары малақайының бір құлағы түсіңкі, екіншісі жымқырулы. Басы қызыл да, аяқ жағы көк жамау шаңғысын зыпылдатып-зыпылдатып қояды. Рәтайға шаңғы да шақ келген бе, бірін бір, екісін екі сындыра бергесін, Боқай арғы-бергісінен түсіп жүріп, сынған екеуден бір бүтін жасап берген. Оған қыңатын Рәтай жоқ, екеуін қаптың аузын ашып, құрт ұрлап жатқан жерінен ұстап алғандай жымың-жымың етеді. Іркес-тіркес келіп қалған бұлардың бетіне аузынан буды бұрқырата үргілеп:
— Әй, суайт Самат! Кеше балық аулаймыз дегенім қайда? Неге маған айтпай, астыртқа қашып кеттің? Шаңғыңды қақ бөлейін бе? — деп дүрсе қоя берді. Бір аттап, оң аяғындағы шаңғымен Саматтың «көлігін» баса қойды.
Самат шаңғысын кері тартып еді, анау жібермеді. Сол арада артта келе жатқан Гуля алға озып шықты да, Рәтайдың кеудесінен итеріп жіберді:
— Сен бізге тиіспе! Айттым ғой, көргенсіз баласың! Кім соқтықты саған?
Жерден шыққан, екі құлағы тік шыққан қыздың батылдығына Рәтай бек сүйсініп қалды ма, шаңғысын аттатып-аттатып барып, Гуляға солаң еткізіп қолын ұсынды:
— Сен кімсің, өй? Атың кім? Мен — Рәтаймын. Пәлесін қарай гөр. Балыққа барасың ба өзің? Қорықпа, мен тұрғанда сені қасқыр жемейді. Қасқыр түгіл, мұғалімдеріңе бағынбаймын, — деп тастап, қолын алмағасын, таяқ ұшымен Гуляның шаңғысын түртіп қойды. Танысқан түрі.
Қыз ернін жымқырып алыпты. Жаңа ғана жылтыңдап ұшқын шашқан көзі кішірейе түскен. Қырау тұтқан қасы қайшыласып кетіпті. Рәтайдың бетіне бір, жерге екі жыпылықтап қарап алды. Сосын көк күртесінің қалтасынан лып еткізіп бірдеңені суырып алды да, көзді ашып-жұмғанша Рәтайдың маңдайына періп қалды. Рәтай:
— Үй! — деп қалып, кейін шегіне бергенде шалынысып, шаңғы үстіне шоңқайып отыра кетті. Маңдайын сипап қояды. Маңдайдан қар үстіне шоршып түскен әлгі бірдеңе кәдімгі домалақ доп екен.
Гуляның өңі бұзылып тұрды-тұрды да, бетін түбіт биялаймен басып, еңіреп сала берді:
— Тәртіпсіз, тәртіпсіз! — Биялай астынан Рәтайға жеккөрінішпен қарап қояды. — Балығыңа бармаймын. Ізет атама айтсам, құлағыңды жұлады. Айтамын!
Рәтай шылп еткен жоқ. Қолымен жер тіреп орнынан тұрғасын, бет-аузын тыржитып, аузын бүрістіріп:
— О-оуу! — деп, қыздың даусына салып, сұңқылға басты. — Әукім, әукім, әукешім, қасиыншы әукесін! Бар, айт! Титтей болып, өсекшілін! Сенің атаң бар болса, менің әкем бар. Атаңды алып ұрсын, бәлем! — Әйтсе де, сескеніп қалған ба, допты қар үстінен іліп алып, Гуляның қалтасына тыққыштап жатыр,— Мөңірей бермей, ал мына добыңды.
Әйтпесе, үсіп қалар.
— Ары кет! — Қыз қолын қағып жіберді.
Самат екеуінің арасына тұра қалды.
— Қоясың ба енді?
Қаһары қатты түсіп тұрса да, Рәтаймен тәжікелесіп абырой таппайтынын іші сезіп тұр. Ол сондай бала — сақылдап күліп тұрып, төбелесе салады, төбелесіп жүріп, достасуы да оп-оңай. Бір күнде дәптеріне екіні де, бесті де қондырып алып, мұртынан күліп жүре береді. Бәрін ойын үшін істейді. Не кесепатты шыбын шаққан құрлы көрмейтін әулекінің нақ өзі.
Рәтай осқырынып күле салды.
— Қойшы-ей, өзің де. Шынашақтай қызға бола төбелесеміз бе? Төбелессек, балыққа қалай барамыз? Әй, қыз, атың кім еді? Гуля ма? Онда бері қара! — Күпәйкесінің қалтасынан қобыраған әлденені алып шықты. — Аузын түнде Шөкейге (көзінше болмаса, сыртынан шешесін атымен атайтын. Бұрын әжесінің қолында өсіпті де, ол кісі қайтыс болғасын, еріксіз Боқай, Шөкейдің қолына келген) бүргізіп, тіктіріп алдым. Тал кесіп, мына тесікке өткіземіз. Ау деген сол. Қарасудың көп балығы бізден құтылып көрсін, бәлем. Кинодағы фрицтей топырлатып қырамыз. Әйда, кеттік!
Гуля да салғыласудан жалықса керек. Рәтайдың қолындағы дәке ауға сықсиып қарап қалыпты.
Дау-дамай ұмытылады. Үшеуі көз ұшында қалың талы дода-дода бой көрсетіп тұрған Қарасуға тартты. Гуля түк болмағандай жымың-жымың етеді. «Қаланың қызы осылай екен ғой» деп ойлап бара жатты Самат.
Үсіп қалған қара жылан ақшаңқан қар үстінде қатып жатыр.
Бір сөзбен айтса, Қарасу осы.
Ал жүз сөзбен бейнелесе ше?
Қарасудың өзегі жіңішкеріп, екі жағасы жақындай түсіпті. Кейбір тұстары тиіп-тиіп кетіп, зер салып қараса, әлгі иреңдеген ұзын қара жылан кемі жеті жерден кесіліп, бөлек жатыр. Жалпақтау иірім беттерінде көзге әрең шалынып, ширатыла иретіліп бұғып жатқан селдір бу бар. Жаз айларында бура шудасындай бұйраланып тұратын итмұрын, долана бүгін ақ көбік қардан көзін баса-баса ауыр қалпақ киіп, жауырындары аспанға шыға күдірейіп тұр. Ұшқалақ суық торғай сыпсыңдап ұшып қонса, аппақ бөріктер бұрқ-бұрқ етеді.
Үш бала бу кешкен иірім жағасын мана таптап тастаған. Көздерін қап-қара жылымнан айырмайды. Жазда қайыр құмына дейін сусып көрініп жататын Қарасу қыста тереңдеп кетеді екен. Сол тұңғиықта алабұғаның шұбар жоны жылыстап сырып өтсе: «Әне, әне, былай тарт!», «Ой, үлкенін-ай!», «Кетті, кетті!» — деп сұқ саусақтарымен айдын бетін шұқылап, ұлардай шуласады. Су тиіп, сіресіп қалған қолғаптарын жағаға атып ұрған. Домбығып ісінген қолдарын қойын қолтыққа тығып жіберіп, әйтпесе, үргілеп әуре-сарсаң. Әсіресе Гуля шат. Қалада тұрамын, қалада оқимын деп танау көтеріп жүріп, балық аулау сияқты дүниенің екі қызығының бірінен құр қалған ба:
— Қашты, қашты! Ұста, Самат! — деп, айдын түбінде кілең бестік бағалар бұғып жатқандай үңіле түсіп, алай да былай жүгіріп мәре-сәре.
Айқай-шу көп те, мандып жатқан іс шамалы. Әзірге қар үстінде жалғыз алабұға қыстыгүні қаталап аузын бір ашып, бір жауып жатыр.
Күн көкжиекке тақау. Құлдыраған алты шарға Сайқанның конус шоқылары ара тістерін ақсита түсіп, шалқалап-шалқалап жатыр. Күн жазда өз ыстығына өзі шыдай алмай дір-дір етіп, жайлап айналушы еді. Қазір діріл де, айналу да жоқ, нарттай қызарып, бетпақтана талаурап алған. Дала қызыл шаң. Долана, итмұрының бауырынан бас қылтитқан қарабас көлеңкелер шығыстан елес берген түнге қарай қар бетімен жер бауырлай жылжып барады.
Бір алабұға екіге көбейді. Саматтың қолы ағаш болып қатып қалды. Келген бетте Гуляның бет ұшы ғана алау еді, енді бүкіл жүзі жалын. Тәмпіш мұрны көгерген. Рәтай ала көзін төңкеріп тастаған сайын қарашығын қызыл ұшқын сызады.
Гуля қолын үріп-үріп жіберді де, Саматтың жеңінен тартты:
— Самат, Самат деймін, қозғалмай тұршы! Былай... ық жаққа қара. Тоңасың. — Иығына қолын салып, бетін қара көк тартқан шығысқа бұрды.
— Неге... неге қозғалмай тұрамын?
— Жылынып алайын.
Гуля қалтасынан допты алды да, Саматтың маңдайына періп қалды. Баланың көзі бағжаң етті. Кейін ыршыған допты қыз алақанымен қағып, маңдайына қайта туралай бергенде жалт берді.
— Не істеп тұрсың?
— Қорқақ! Қақпақыл ойнап, жылынып алайын десем... Суық-қ...
Қыздың көгіс тартқан ерні әрең қозғалады. Самат аяп кетті. Еңкейіп, жерден допты алды, Гуляның қолына ұстатты.
— Ойнасаң, ойна! Тек тезірек!
Маңдайына доп топылдап жауып кетті. Рәтай күліп тұр:
— Қорқақ! Қаршадай қызды басындырып...
Екі-үш минуттан кейін қыз допты қалтасына салды. Кемсеңдеп:
— Қайтамын... Суық!.. — деді.
Рәтай да соны ойлап тұрса керек, торды жағаға тастай салды:
— Қайтайық. Әй, қыз, сен жылындың. Біз қатып қалдық. Әрі қарап тұр!
— Неге?
— Әрі қара деген соң, әрі қара! Самат та саған маңдайын тосты, айтқаныңды орындады. Өкіректей бермей, бізге де бір құлақ тоссайшы. Әне, ана күн бата шу қара құйрық шапқылап кетеміз..
Гуляның өңі құбылып тұрды да, қасат қарды қырт-қырт басып, жағадан ұзай берді.
— Қайда барасың қаңғып? Қаладан келген қызға қызығып, қасқыр жеп кетер. Сол орныңда теріс айналып тұр, болды.
Қыз бүкшиіп, теріс айналды. Екі иығы құнысып кетіпті. Танауын пырс-пырс тартады. Үндемейді. «Қайдан келіп едім Қарасуға? Бадырақ көз, қара бала ауыз жаппайды... Үрпек сары тапалы аузына су толтырып алған ба, үндемейді. Жылы үй қайда, Ізет ата, Шаһиға апа, қайдасыңдар-ар? Қыздарың айдалада тоңды ғой», — деп ойлап тұрғандай көрінді Саматқа Гуля. Рәтайға жекіп: «Қой!» дейін десе, ернін қыбырлатуға ерінеді. Бет терісі керіп қойғандай тырсылдап тұр. «Қызды қасынан қуып жіберген Рәтай қалай жылынбақшы?» деген ойы ғана тірі.
Рәтай күпәйкесінің етегін қайырып жіберіп, сырыған мақта шалбарының қайыс белбеуін тұғжыңдап ағытып жатыр.
«Әй, мынау қайтеді, ей! — Саматтың екі көзі тас төбесіне шықты. — Шалбарын шешіп тастап жүрмесін».
Рәтай қолғабын тісімен тартып шешті де, оң қолын ауына бойлатып жіберді. Алға қарай сәл еңкейе түсіп, мықшиған күйі: — Уһ, уһ, рақатын-ай! Қыз-қыз қайнап тұр. Бағанадан сөйтсекші. Мына Гуля да тықылдап қастан кетпей... — Ренішті өзі. — Ай, Самат, бозарып кетіпсің. Сен де сөйт. Гуляға да айтайық, жылынып алсын.
Самат өкшесіне мұз қатқан пимасын сүйретіп, Рәтайға беттеді. Бір-бірін айтқызбай түсінетін балалар ғой, Рәтай со л қолымен белдігін қымқыра ұстап, оң қолын ауына тыққан күйі шоқырақтап қашып барады.
— Ана қызға да айт. Бұт тура пеш. Бәріміз өстіп-өстіп жылынып алайық. Оһо-оһо, қызық-ай, бір табақ шыжық-ай!
Самат не күлерін, не жыларын білмеді. Гуля болмаса, күле салар еді. Мұндай ұят қылықты Рәтай жылдың қай мезгілінде болсын істей береді. Оған Самат түгіл, ауылдың еті үйреніп кеткен. «Бүйтпесе, Рәтай бола ма. Үй арасын бір Текебай тентек шулатып жүрмесе, ауылдың сәні келер ме», — деп, қайта, күліп, дән риза болып қалады. Оның бәрі абырой әпермейтін оғаш, ұят іс екен. Оны Самат Гуляны көргенде барып білді. Аспанның бір қиығын үстіне жапсырып алған осы қыз ергелі коп істерінің оғаш екенін ұға бастады. Әрі: «Қайдан сап ете қалды өзі? Келіп еді, бұған дейінгі дұрыс істері бұрыс болды да кетті», — деген қыжыл да бар. Мәселен, бұрын өзі де ойнап жүріп тоңған кезде Рәтай секілді жылынып алатын. Бұнымыз ұят деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмейтін.
Өкінгенмен не пайда? Болар іс болды, бояуы сіңді. Рәтай бір қозғалса, кемі екі-үш іс істемей тоқтамайды. Тағы бірдеңені бүлдірмей тұрғанда, тезірек ауылға тайған жөн.
Бүрісіп, бір уыс болып тұрған қыздың иығынан жайлап тартты:
— Жүр, кеттік! Сен Рәтайға қарама! Ол өзі солай... әумесер.
Қыз жалт қарап еді, бетіне тарыдай екі-үш тамшы қатыпты. Ыза ма, аяздан ба, жүзі боп-боз:
— Кетіңдерші өздерің! Екеуің де. Шаңғысын қолтығына қысты. Серейіп қатып қалған екі алабұғаны екі қалтасына салып алды. Қырт-қырт ба¬сып, ауылға апаратын шана жолға түсті.
Рәтай:
— Е, жүре берсін. Ертең ойнайық деп өзі-ақ жетіп келеді, — деп сәуегейсіп жатыр.
Самат өлердей ызалы. «Жаным ашыса қайтеді, ей!» «Кетіңдерші өздерің». «Кетсең, кете бер. Маған десең, Балқан тау асып кет». Бұл сөздерді күбірлеп айтты ма әлде ойы ма, ақ-қарасын айырып әуре болған жоқ. Қуырдақтай қуырған сары аязда адам қайдан жөндем ой ойлай алсын. Өз-өзін жұбатып, іштей қайрап алды да, пималарын бір-біріне сарт та сұрт соғып еді, башпайлары қыбырлап, жан кірді. Шақыр-шұқыр басып, жағада жатқан торға беттеді. Бойы биіктеп кеткен бе, қалай? Екі алабұғаның қызық-шыжығымен байқамапты, жамау пиманың табанына екі елі сіреу мұз қатыпты. Жүрісі жаман атқа мінгендей зірк-зірк етіп, қолқасы түседі. Қатып қалған буындары сықырлап, торға еңкейе бергенде жылым жақтағы оң аяғы жылжи берді...
Заман-ай десеңші! Тап әзірде бұрқылдап жүрген Самат: «Ой, суығын-ай! Суық!» деген балдыр-батпақ бірдеңелерді ойлап қойып, Қарасудың қақ ортасында тырбаңдап, арғы жағаға құлаш ұрып бара жатыр. Шөл қысып қаталамаса да, ара-тұра су жұтып қояды. Құлағында Гуляның шыңғырған үнінің бір үзігі қалыпты. Және Рәтайдың күлкі аралас келемежі қоса жүр.
— Ойбай, әне, тасбақа жүзіп барады! Тасбақа!
Қабақта өсіп тұрған қалың тал бұтағын ұсына берді.
Судан сүйретіліп шыққасын кері қайырылып қарап еді, бір қолымен ауын ұстаған Рәтай екінші қолымен Саматты көрсетіп, бек жетісіп тұр. Гуляның қолында шаңғының бір сыңары, Саматқа бір ұшын беруді ойлаған-ау, ербең-ербең етіп, жағада шырылдап жүгіріп жүр.
...Рәтай мен Гуля қолтықтаған Самат қарлы алқапты сызып барады. Алып жүре алмаған шаңғыны ши түбіндегі үрінді қарға көміп кеткен. Сақылдаған сары аязда суға түсіп шығу о баста әрі ерлік, әрі қызық көрінген. Өз-өзін қайрап, дәтке қуат жасамаса, тағы болмайды. Қойыны-қонышынан су сорғалап тұрып:
— Жүзіп шықтым, ә? Батып кетпедім, а? — деп ыржиып күле берген.
Пиманы төңкеріп, суын төкті, буы бұрқыраған шұлғауын сығып, қайта орап киіп алды. Әлгіндегі келмежі үшін таяқ жеп қалам ба деп біраз қорқып қалған Рәтай әрі-беріден кейін шапанын лақтырып тастап:
— Әй, мен де бір сүңгіп шығайыншы. Үйге үсті-басыма мұз қатып, сақырлап барсам, папам соқпас, — деп құлшынып еді, Гуляға қайдан өлермен өжеттік біткенін кім білсін, Рәтайды жағадан жұлқып, өзіне қаратып алды, кішкене алақанын майыстырып, бетінен тартып жіберді:
— Әй, нақұрыс! Өле алмай жүрсің бе? — Тура Шөкей апай сияқты зекіді.
Көзі атыздай болған Рәтай қызға бақырайып қарап тұрды да... күле салды.
— От жынды! Қыра ма?! — деп, шапанын қағып-соғып киіп алды.
Шынымен Гуля екі-үш жасқа бірден есейді. Қабағы қатыңқы. Танауы қусырылып кеткен. Қастарының ара-арасына кішкене сызық түсіпті. Ерні жымқырулы. Құлақшын бауын Саматтың тамағының астынан шиелеп тұрып байлады да:
— Малақайыңа су тимегені қандай жақсы. Бастан тиген суық еттен өтіп, сүйекке жетеді. Ал жүгірдік! Аяз қатаймай ауылға жетіп алайық. Бір, екі, үш, жастар, алға түс! — деп, Саматты жетектеп, құстай ұша жөнелді.
Тақ-тақ шана жолдың төбесін торс-торс ойған үшеуі дедектеп келеді. Қызыл күнді Сайқанның ең биік істік шоқысы ұшына қадап алып, ары-бері тербеп тұр. Ши-шидің арасы санын сабалап ызғытқан қызыл шұнақ аяз. Өрттей жанған үш балаға қызығып кете ме, беттерінен сүйіп-сүйіп алады. Қатты жүгірістен Саматтың құлағының ішінде бір салмақты зат зырқ-зырқ етеді. Бейне бір аяқпен емес, құлағымен жүгіріп келе жатқандай. Бұрын қыстыгүні кишді суға малып алып, өкпесі өшіп жүгіріп көрмегесін, осының бәрі
Саматқа қызық та.
Көп ұзамай қызық шыжыққа айналды. Шалбары мақта мен мата емес, мұздан пішіліп тігілгендей қаудырлап, қылта, санын соғып келеді. Күпәйкесінің қақиып қатып қалған етегі тізесін қағады. Пима Боқайдың протезі секілді ағаш бірдеңеге айналған. Зілдей ауыр, аттаған сайын тоқ-тоқ етеді. Және барған сайын басы шаңғы секілді қақиып бара жатыр. Құртақандай тышқан кіріп кеткен бе, башпайларын дамылсыз тістейді, тістейді келіп. Қолғап ішінде де сондай тышқандар жосып жүр. Мамасы биылдан гөрі алдағы жылдарды жоспарлап сатып әперген кең құлақшыны жайшылықта көзіне түсіп тұрушы еді. Қазір барған сайын тарылып, жанын көзіне көрсетіп, қысып барады. Ауылға қарай бар пәрменімен шапқылап-ақ келе жатыр. Ендеше, Гуля мен Рәтай қолдан тартып, қолтықтан сүйемелдеп:
— Жүгір, жүгір, Самат! Аз қалды, аз қалды, — деп ауыздарынан шыққан буды неге мұның бетіне үргілейді? Ал Гуляның көзі Қарасудан шыққалы құрғамай-ақ қойды.
Сүт пісірімнен кейін қар құрсаған жолдың қос жиегі аппақ ұзын резеңкеге айналды. Себебі, Самат жиі-жиі тайып, тізесімен қар сүре бастады. Жол шеті біресе жиырылып, жақындай түседі, біресе созылып, алыстайды. Көйлек көк, тамақ тоқ басқа кезде бұл өзгеріске Самат таң қалар еді, қазір өйтіп таң қалу түгіл, сіңбіруге мұрша жоқ: «Ауыл қайда? Қашан жетеміз? Маған не болды?» — деген келте тұжырымдар ана басында кезіп жүр.
— Теңселмей, түзу жүр! Жыбырламай, бас аяғыңды, тасбақа! — Мазақтап келе ме деп Рәтайға қарап еді, о, тоба, алақандай көзіне қорқыныш ұя салыпты.
Қызыл-жасыл шеңберлер секектей бастады. Батып кеткен күн көз алдында жайлап дөңгелейді. Күн қызуынан қардың қалай еріп кетпегенін құдай білсін. Қара тұрпатты біреулер қатарға түсіп, екі қанатты ала жарысып келеді. «Сайтандар ма? Көктем, жаз болмаса, бұл антұрғандар көзге түспеуші еді. Әлде олар да Қарасудың аяқ жағына тор салып, балық аулады ма? Мені суға итеріп жіберген солар емес пе?!» — Ой үзік-үзік. Бір уақытта темір құрсаудай қысып бара жатқасын, бауын бытырлатып үзіп, құлақшынын лақтырып жібергені есінде.
— Басым, басым!
Тағы бірде Рәтай үстіне мініп алыпты. Бұлқынып жатқан Саматтың екі қолын артына қайырып, еркіне жіберер емес. Гуля құлақшынды басына кептеп жатыр. Құлақшын емес, шойын шөңке кигізіп жатқандай, құйқасын тырыстырып жырып барады.
— Аулақ. Аулақ кетіңдер!
...Бір заманда шана табаны сықырлады.
— Алла, алла, не болған бүл балаға?! Шанаға салыңдар, кәні!
Шошынған дауысқа ілесе сақал-мұртына мұз қатқан албасты бетіне үңілді.
— Кет, кет!
— Мә, күпі! Суық кірместей қымтап тастаңдар!
Айтуған атаның қарлығыңқы даусы.
Ауада тербеліп бара жатқанын біледі. Әуеде бықыған көп жұлдыз жыпырлап жайылып жүр. Сүңгідейін салбырап тұрғандары бар. «Неткен көп! Жартысы менікі, жартысын Рәтайға беремін. Гуля ше? Оның қалада өз жұлдыздары бар. Әлде жартысын бере салсам ба екен? Рәтай берсе, беремін». Таңдайы кеуіп барады. Басын сәл көтеріп, бір-екі жұлдызды асап салып, қашыр-құшыр шайнады.
— Тісін қайрап жатыр!
— Тыныш! Қазір жетеміз!
Бишік шартылы құлағын кесті.
— Айт, шу! Қан түскен бе аяғыңа, ей, қызыл ит! Айт, шу!
Арғы жағы ақы берсе де есінде жоқ.
...Көзін ашса, алакөлеңке. Төбедегі әк тимеген, үстіріктелген ағаш бетіне бәкімен әріптер ойылып жазылыпты. Ернін қыбырлатып: «Самат Жылқайдаров. 57 жыл 1 сентабрь», — деп оқыды. Екінші класқа барарда өстіп шалқалап жатып өзі ойып жазған жазулары. Қателерін жаңа тауып жатыр. Жылқайдаров — «Жылқайдаров», «57 жылдан» кейін үтір қойылады, «сентабрьдің» орнына «сентябрь» деп жазу керек. Ол кезде екіншіні бастаса, қазір Самат екі жарым класты бітірді. Өзі де, білімі де ескен бала. Әріптерді сипағысы келіп еді, қолын қозғалта алмады. Таспен бастырып кеткендей ап-ауыр. Орыс пешінің үстінде жатыр екен. Басы лық-лық етеді. Көтермек болып еді, шекесі шақты. Ыңырсыды. Аяқ жақтан шешесі бас қылтитты. Рұқсатсыз Қарасуға тартып қойаны, онымен қоймай, күмп беріп суға түсіп кеткені үшін ұрса ма деп көзін жұма қойды. Сол кеште сынық мүйіз қоңыр сиырға шөп шашпағаны есіне түскенде: «Осы көз жұмғаннан ұйықтап кетсем жарар еді», — деп ойлады.
— Саматай, ояумысың? Көзіңді ашшы!
Ұйықтап кетудің реті келмеді. Амалсыз көзін ашты.
Жоқ, шеше жүзі мейірімді.
— Нені сұрадың, Саматай?
— Су-у...
Бұл сөзді қасында қатар жатқан біреу айтқандай өзі әрең естіді.
— Қазір, қазір...
Су орнына кесе толы сүт аузына мөлдіреп келе қалды. Бір-екі жұтқаннан аса алмады.
Тәбеті тартпады. Жауырынын жалын жалап жатыр... Пеш үстіне шығып кеткен шешесі:
— Терле, терле! Қой майымен сылап тастағамыз. Құдай қолдаса, ертең-ақ жазылып кетесің, — деп күбірлейді. — Қырдан қайтып келе жатқан Айтуған атаң жолықпағанда... күнің не болатын еді, жарығым. Су ішкілігің бар екен. Рәтай мен Күләнда шама келгенше сүйреп бағыпты. Қоңыр сиыр туған. Ыстық сүттен алмаймысың?
«Күләндасы кім? Гуля емес пе еді? Қарасудан балық аулаған қыз ба?» — Осыны ойлап жатып басын шайқап еді, лық-лық етіп миы аузына түсе жаздады.
— Бүгін теріге саламыз. Суықты сылып алады деседі. Айтуған атаң жемдеп отырған семіз саулығын сойып тастады. Рақат жауғыр жан екен. Жаман да болса, әкең жарбиып отырса ғой...
Шешесі самай шашын сипаған болып, көз жасын алақанымен сыпыра кетті.
— Қойшы, мама!
Кірпіктеріне түйір-түйір қорғасын ілініп, ауыр тартты. Көзін жұмып еді, Қарасудан да терең жылым түбіне тарта жөнелді...
...Жанарын ашып еді, былайғы күнде көзін сығырайтып үстелден түспейтін жетілік шам бас жағына шығып кетіпті. Жалыны майыспай да, қайыспай да маздап түр. Жап-жарық. Төбесіне ұзын мойын пиала қонжиған. Пиаланы бұрын Ізеттің үйінінен көрген. Семейден сары майдай сақтап, он қабат шүберекке орап әкелген пиаланы Шаһиға апай өлдім десе де ешкімге берген емес. Тілі аузына сыймайды. Арқасы шылқылдаған су.
— Су-у! — деді. Сол мұң екен, алақан көз бажырайып қарай қалды. Рәтай! Күлкісі мен күңгір-күңгір сөйлеуі аралас. Қолында дірілдеген кесе.
— Тыныш! Іш те, тыныш жат! Сені теріге салғамыз. Әй, өзің Айтуғанның кеше сойып тастаған саулығынан аумай қалыпсың. Жүнін қарашы, бұйра-бұйра, — деп, мұның кеудесін майпаздап сипап қойды. — Кәне, мә-мә-ә деп маңырап көрші! Бәлем, Айтуғаны, Ізеті, Боқай, Шөкейі бар, зәре-құты қалмай, колхоз ауып кетсін. Маңырамайсың ба? Мен бұлданбай-ақ маңырай салар едім... Мамаң колхоздағы фельдшерге кеткен. Мен сені күзетіп отырмын. Ауруыңа қарамаймын. Осыдан тырп етіп кер, періп жіберемін. Мә, сүт іш! Мамаң тырп еткізбе деген.
Кесе толы сүтті бұл жолы сарқып ішті.
Рәтай кесе түбіне үңіліп отыр.
— Түу, сарымас, тамшы қалдырмапсың. Дәметіп отыр ем, тағы доспын дейді. Мен қалдырар едім. Қоңыр сиырдың уызы... — Кесе түбіне қарап қойды. Қолтығындағы кітапты танауының астына тықпалады. — Мә, сұрап жүрген «Қажымұқаның!» Басымен ал! Біраз жалындырайын деп ем. Өзің емес пе, аяқ астынан аһ-аһ деп, ауыра қалғаның. Ішетінің уыз, қар күремейсің, сиырдың астын шығармайсың. Бәріміз кезекпен сені күзетеміз. Рақат-ай, тегі! Мен де ертең жейдемді шешіп тастап, жата қалып қар үстіне аунап, тас-талқан ауырсам ба екен?
Бұл езу тартып еді, дөбірейген ерні жуық арада жуыса қоймады. «Қойшы, Рәтай, күлдіре бермей!» демек еді, көк желкеден басқан бір жалқаулық бой бермеді.
Рәтай қойнынан тілдей кітапты шығарды.
— Мә, әлгі жынды қыздың беріп жібергені. Кинули деген жолбарыстың күшігі туралы. Бәрін саған алып жүгіре береміз бе, ең алдымен өзім оқып алдым. Бүгін таңертең сені ол күзетті. Әй, сенің «Гуля! Гуля!» деп сарнағаның не сонда? Сандырақты білмей ме, ана қыз: «Самат, Самат, о не?» — деп үстіңе түсе қалды. Өй, ұят-ай! Бүгін түсте қаладан әкесі келіп, алып кетті. «Хат жазыңдар», — деді. Рәтай сол тұштақай қызға хат жаза қоятындай...
Самат күліп жатыр. Рәтайдың аузынан ақыры «өй, ұят-ай!» деген сөз шықты. Құдай бірдеңе беретін шығар. Дұрысында, ойша күліп жатыр еді. Шындығында Самат көзін кең ашып, қабағы анда-санда кіржің етіп, кезерген ернін жалап қойып жатқан. Өзі болса, тас төбедегі «Самат Жылқайдарыв. 57 жыл 1 сентабрьды» іштей қайталап оқып қояды.
...Самат сол ауырғаннан оныншы күні барып, оранып-шымқанып, таңертең сыртқа шықты. Мектепке бармақ.
«Баланың басы шытадай жұқа о бастан. Құдай сақтанғанды ғана сақтайды. Міне, түшкіріп жатыр. Жәрекім алла қуат берсін! Аурудың соңы ғой кетпей жатқан. Мә, ескі түлкі тымағымды кие тұрсын. Төбесінде тұрған мына тақиясы жылу ұстай ма. Бастан тиген суық жықпай қоймайды, өмірбақиға кетеді». — Бұны Айтуған атасы ескі түлкі тымақты қабырғадағы шегеден алып беріп жатып айтқан.
«Жазылдың ба, ей, сары бала? Вот ти! Е, солай, жазыл. Әй, Әлима, сақ бол енді. Жарбиған жаман шалға тисең де, осы балаға әке тауып бер десем, тіл алмайсың. Көзің болса, шырадай жанып тұр. Былқ-сылқ етіп, жайқаңдап алдымнан өткенінде шолақ аяғымды сау екен деп шапқылап кете жаздаймын. Жә, қойдым, қойдым, қалжың ғой. Вот ти! Мынау шарқатты мойнына орасын. Түйе жүн шарқат. Басымен бердім. Е, біздің мойын өгізге беріспейді. Құдай алмайды. Е, сен қатын ба! Көзің, көзің... Вот ти! — Мұны ептеп қызып алған Боқай темір мен жалын иісі сіңген шарқатты мойнынан суырып беріп жатып айтты.
— Біздің қатынға ештеңе деме, десең, екі аяғымды бір етікке тығады».
«Ізет абзиыңыз мына ішікті беріп жіберді. Өзі келгенге ұялады. Ізет абзиыңыз солай ғой. Тегі, тәкаппар. Ізет абзиыңыз соғып алған қасқырдың терісінен Гуляға деп тон тігіп ем... Осы қыс кисін. Самат, бері келші!» — Ізет абзидың Семейден әкелген түбіт шәлісін түзеп қойған Шаһиға апай қолтығына қыстырған тонды Саматтың иығына жапты.
Түлкі тымақ, түйе жүн шарқат, қасқыр ішіктің арқасында қыз-қыз қайнап тұр. Аппақ қар көзіне қиқым болып түсті. Төсек үстінде ұйқысын аша алмай отырған баладай жанарын жұдырығының сыртымен уқалады. Шытқыл аяз бар. Көлбеген күн түстік жаққа шалқайыңқырап кеткен. Аяғының буындары, тірсегі дір-дір етеді. Біреу қылтадан қағып қалса, тырапай асатындай әлсіз-ақ. Денесі жел соқса, қаңбақтай домалап кете баратын сияқты жеп-жеңіл.
Әне, сөмкесі салақтаған Рәтай жүгіріп келеді.
— Жазылдың ба, тасбақа?
Күлім қағып, қасына жетіп келді де, Саматтың қолын көтеріп, еңкейе қалып, балтырын мытып, базарға апаратындай әне жер, міне жерін тексере бастады. Бұрын мұндайда: «Төбелесіп алсам ба? Басынуын қарашы өзінің!» — деген құйтұрқы ойлар басына лекілдеп келе қалатын. Қазір: «Не істесең, оны істе, өз еркің», — дегендей жылымшы күлімсіреп тұр.
— Оһо-һай, мына қара! Аумаған қасқырдың бөлтірігісің! Байқа, ши аралап, оқудан қайтып келе жатқанда, Ізет бөлтірік деп, қосауызымен басып салып жүрмесін. Ағарып кетіпсің. Айттым ғой, ауырып алған жаман емес деп. — Самат мырс етті. Гуля — Күләнданың «айттым ғойы» Рөтайға да жұғыпты. — Он күн бойы күтіп бақтық. Сенің кесіріңнен сынық мүйіз қоңыр сиырдың уызы да ауызға бұйырмады. Ауырғаның жақсы болды. Мектепке ат шанамен барамыз. Ізет қойдан келген Қанапияға: «Аурудан тұрған бала халсіз болады. Буынын бекіткенше екі-үш күн мектепке апарып сал», — деп жатқанын өз құлағыммен естідім. Әлгі Гуля қаласына қайтып кетті. Келер қыста келем дейді. Келмей-ақ қойса екен сол жынды қыз. «Қарасу, балық деп қақылдамасаң, Самат ауырмайтын еді, шаңғы теуіп жүре берер едік», — деп миымды шоқып жеп қойды.
Самат Гуляға араша түспек оймен әлдене демек еді, ту сыртынан шана табанының сырылы, әбзел сылдыры, «др-ррлаған» үн естілді. Әлтек-тәлтек басып, айналып қараса, Қанапия шанада шалқалап тұрып, делбені қос қолдап тартып, жирен атты тоқтатқан екен. Маймұрын, дембелше, Шаһиға апайға тартқан қызыл бозбала. Аязды күндері көзіне дейін қызарып кетеді. Осы минутта да жирен бұйра шашы құлақшын астынан будақтай шығып, оттай жанып тұр.
— Кел, отырыңдар, Қарасудың бақа, балықтары!
...Ат-шана колхозға қарай салдыртып келеді. Түгі сыртына шығып әбден семірген жирен аттың жылтыраған жүні ұшқын шашады. Тұяғынан ұшқан қар кесектері мезгіл-мезгіл үшеуінің құлақ, мұрын тұстарынан зу ете қалады.
Шана табанының құлақ кесетін шықыры аязды алқапты басына көтереді. Сүт пісірімнен кейін Қанапия бері бұрылып, кесек тістерін жарқырата:
— Әй, осы екеуіңе не жоқ, қаршадай болып қызға таласқан? — деп салмасы бар ма.
Қаршадай екеу — Самат пен Рәтай төбеден ұрғандай отырып қалды. Ғұмыры ештеңеге таң қалмайтын Рәтайдың да көзі ежірейіп кетіпті. Қарадай қуыстанып, бүйрегі бүлк еткен Самат:
— Қайдағы қыз? Кім таласыпты? — деді құрқылдай.
Қанапия көзін қысып қалды.
— Түк білмейсіңдер, ә? Әй, қулар-ай! Әні, қып-қызыл боп кеттіңдер! Жә, ұялмаңдар. Кім дейсің, баяғы екеуің де. Біздің қарындасқа таласып, бет-ауыздарың қан болғанша төбелесіпсіңдер.
Екеуі кезек қопаңдап:
— Ие...
— Кім айтты? — деп қалды
— Кім айтты, кім айтты? Күләнда тәтеме айтты. Өз құлағыммен естідім. Екеуің былай шыға: «Гуляға балықты мен ұстап беремін», «Жоқ, торды маған бер, мен саламын», — деп, тегі, жеке-жеке, қызыл шеке болыпсыңдар. Әңгіме аяғы алыс-жұлысқа айналғанда, мына мұрынбоқтың аяғы тайып, суға түсіп беріпті. Оймаяу, ол қыз сендерден бақандай екі жас үлкен ғой. Үшінші класта оқиды. Үріп ішіп, шайқап төгіп отырған қаланың қызы сендерді қайтсін. Әуелі танауларыңды сүртіп алыңдар. Ұят болған енді. Көкем: «Бұл екеуінен шығар, шығар!» — деп жағасын ұстап отыр. Ауыл біліп қойыпты, — деп, екеуін қатты үркітті. Сонсоң онсыз да жер болған екеудің бетіне қарап, жөн-жосықсыз қарқылдап күлді. Ойына бірдеңе түсіп кетсе керек, бастарын ілгері созып жіберіп, ұшыртып келе жатқан жиренге бишікті басты дейсің:
Ей, қыздар, қыздар, қыздар-ай,
Ойлағанда сендерді,
Жүрек шіркін сыздар-ай!
Рәтай:
— От, жынды десе, жынды! Жанастыра қоюын қарашы. Келер қыста келсін, бәлем, басын қарға шаншып қояйын! Сонда білер өсек тасығанды! — деп кіжініп, көстеңдеп-көстеңдеп алды. Ал Саматта үн жоқ, салы суға кетіп отыр. Екіұдай. Күләндаға өкпелейін десе, қыз алдында Рәтаймен текетірес шап-шұп келіп қалғаны рас. Өкпелемейін десе, қыз ептеп өтірік те соғып жіберіпті. Жалпы қыздар, әсіресе үшінші класта оқитын қыздар, мақтаншақ екен. Бұдан былай олардың алдында дарбаңдап алысып, сырын аша бермеу керек. Самат осыны ұқты.
Қанапияның әні таусылар емес:
Ей, қыздар, қыздар, қыздар-ай...
I
Жігіт «Жигули» есігін сарт жауып, сыртқа шықты. Тым-тырыс. Елп еткен жел, қылт еткен қара жоқ. Застава үйлерінің шатырлары ғана аптап астында балқып жатыр. Күйген топырақтың қаңсыған, қураған шөптің сәл-пәл күлімсі иісі сезіледі.
Жігіт кері бұрылды.
— Түспейсіңдер ме? Келдік.
Ұйқы мен ыстықтан көзі ісіп, қызарып кеткен келіншек есіней берді де, аузын алақанымен қалқалап:
— Біз отыра берейік. Жорикке ыстық өтіп кетер, — деп, бетіне орамал жапты да, жасыл плюш орындыққа қисая берді. Ал артта жүзі алаулаған тоғыз-он жасар ер бала пыс-пыс етіп, екі қолын екі аралыққа асып қойып, шалқадан түсіп, ұйқының шекесін ісіріп жатыр. Иретілген бұйра шашы тер-тер самайына жабысыпты.
— Өздерің біліңдер.
Пиджагін шешіп, кабинаның ашық терезесінен ішке тастай салды да, ілгері жүріп кетті.
Аяқ астында соқпақ сорабы ағараңдап жатыр. Кезінде шаңы бұрқырап жататын айдау жол еді. Қазір қос кенересін алабота мен ши алып, құйқасына арамшөп өсіп, тек болмашы ізі қалыпты.
Ал төрт құбыла етпеттей жатып, екі білегін маңдайына төсеп, мойнын ішке ала күнге күйдірінген жазық дала. Даланың түстік беткейінде қоңыр деуге де, көк деуге де келмейтін мұнар таулар сағым өтінде жыбырлап, іркес-тіркес көшіп барады. Бірер шақырым жерде төрт-бес Терек мен мұндалап бұлдырайды. Басқа көзге ілігер ештеңе жоқ, тып-типыл. Шет-шегі жоқ ши мұхиты ғана бүкіл даланы тұтас алып, еш толқын, қыбырсыз көлкілдеп жатыр. Жайшылықта аспанның көкпеңбек бауырына сүліктей жабысып, тынымсыз шырылдайтын бозторғайлар да, лақтырған тастай лыпылдап, жебедей зуылдайтын күйкентайлар да жым-жылас. Аңыраған аптап жан-жәндікке бүйідей тиіп, ши-шидің түбіне тырқыратып қуып тыққан. Бірінің етегінен бірі ұстап алған телеграф бағаналары сағым өзенінің бетінде сарыбас жыланша жайымен әлсіз бұлыңдай ирелеңдеп жүзіп барады. Жансыз далада бой жасаған үш-төрт терек қана дәтке қуат.
Жігіт аяғын тезірек алып, жеделдете басты.
Үш-төрт терек жақындай келе сұңғыла бәйтеректерге айналды. Тершіп, майы сыртына шыққан жапырақтары күн астында жылтылдап, шиқылдаған бірен-саран торғай ұшып, торғай қонса, сыбдырға көшеді. Қалың бұтақтың арасынан құрт-құмырсқа, көбелек сұраған балапандар біресе жарыса шиқылдап, кейде жеке-дара әндетеді. Баяғыда бұл бәйтеректердің бойы Ізеттің қызыл кірпіш үйінен аспай тұрған кезінде қабығы алақандарының астына майдай тиетін. Қызыл кірпіш үй қызыл қоңыр төмпешікке айналыпты. Күйген кірпішіне бола іргесіне дейін кеулеп қазып, бұзып алып кеткен. Тас лақтырымдағы қалың ала-бота арасынан таз төбесіндей ағараңдаған алаң Айтуған атаның саманнан соғылған үйінің орны. Жолдың арғы бетінде ортасы түсіп, сақина жиектеніп екі төмпешік жатыр. Бірі Боқай, Шөкей, Рәтай тұрған үй де, екіншісі... Жігіт теректің саяжай бауырын тастап шығып, жол сорабын кесіп өтті де, әлгі екінші төмпешікке беттеді. Өзі өскен, жыртық иін, жүдеу жүзді балалық шағы өткен шағын-шағын екі бөлмелі үй, үйге жапсырыла соғылған шарбақ қорадан қалған бар белгі осы төмпешік. Балдыр-бұлдыр балалығының қызығын да, шыжығын да алып қалып, ит-құсты жолатпай, бауырына басып, тоң-торыс жатқан төмпешіктер... Жаңбыр шая-шая кірпіштері езіліп, топыраққа айналған төмпешіктердің бүйірі түйетайлы болғанымен, ортасы теп-тегіс. Үшкіл жасыл жапырақты қалақай шыр айнала қоршап алған. Қалақай бауырында бір-екі торғай шырылдасып, тырбаңдаған сасық қоңызға таласып жатыр. Бұл арада соңғы жылдары тірі жан аяқ баспағанын содан біле бер, әлгі торғайлар мұны пенде санатына санамады, санамақ түгіл, қаперіне де алмады. Бұл заманғы торғайлар мұны қайдан танысын, бұлар баяғыда шарбақ қораның жабығына ұя салатын торғайлар шөбересі, айта берсе, неменесі шығар.
Қалақайдың бауырынан аппақ бірдеңе керінді. Жақындап келіп еді, топсалы темірдің тұмсығы шығып жатыр. Ми қайнатқан ыстықта қалақай арасына тығылған бәбісек, күйкентай саңғып кеткен бе, аппақ. Туфлиінің ұшымен түртіп еді, қозғалмады. Алабота түбінен шырмауық жұлып әкеп, тұмсықты соған орап, бар күшін салып тартып еді, тат жеп, шет-шеті жемтіріле бастаған топсалы темір сопаң етіп, жер бетіне айра-жайра шығып қалды. Жалпақ қақпағына құйылған «КРА» деген үш әріп еміс-еміс білінеді.
О, тоба! Қыс түсе үстіне өзі шығып ұйықтайтын орыс пешінің шықырлап ашылып, сықырлап жабылатын баяғы шойын қақпағы ғой. Шешесі заставадан алып келіп, бір-ақ күнде пеш аузына сыммен шандып байлап, сыртын сылап алған. Алғаш әліппе ашып, қаріп танығанда осы «КРА»-ны астыңғы ерні жыбырлап, үстіңгі ерні қыбырлап, іштей сан қайталап шыққан. Шойын қақпақ жетім-жесір үйдің тоқтығы мен аштығының барометрі еді. Бұл қақпақ айқара ашылған күндері пеш ішінен хош иісі ашқан қарынды шұрқыратқан үстіне шұрқырата түсетін қып-қызыл таба нан шығатын. Қақпақ ашылған күні үй жылынып, бұрыш-бұрыштағы көк аяз қырау еритін. Көксоқта су болған Саматтың жамау табан пимасы шоқ сөне бергенде пеш ішіне кіріп кетіп, таң ата дыңылдап кеуіп тұратын. Одан қала берді, Самат пеш үстіне шығып, түні бойы арқасы қыз-қыз қайнап жататын. Бұл қақпақтың аузынан кезінде үсті-басы бұрқыраған күл-күл Рәтай атып шығып, шағын ауылды алты ай қыс, алты ай жазға созылған шырт ұйқысынан оятып, мықтап дүрліктірген. Үн таусылып, қап түбі қағылған күндері Самат қос тізесін құшақтап, бір кереметтің күшімен қақпақ қайта ашылып қалмас па деген соқыр үмітпен безер «КРА-ға тесіліп көп қарап отыратын.
Қазір Күләнда қайда, Ізет, Қанапиялар қай қиырда?
Айтуған атасы қылтамақтан қайтыс болған, соны біледі. Басқалары хабар-ошарсыз. Самат үшінші класты аяқтай бере, бір-ақ түнде жиналған Жылқайдаровтар осыдан отыз шақырымдық совхоз орталығына қопарыла көшіп кеткен.
Балалық шақтан қалған бар белгі — таз төмпешіктер, шойын қақпақ, анау үш-төрт бәйтерек, қолы қол, бұты бұт болып жайрап жатқан cap дала, қалың шілік... және өзі — Самат Құмарович!
Құйын жүгіріп өтіп еді, ши басы ұйқы-тұйқы айқасып, судыр қақты. Шыр айналған құйын ортасында қалған жігіттің шашын біреу ұйпалап жіберіп, көйлегінің жеңі мен шалбарының балағын тартқылап өтті. Сақылдаған күлкіні құлағы шалып қалғандай ма, қалай?
Ши-шидің басын шалып, есірген құйынға ілесе қайран балалық та сақылдай күліп, бұдан алыстаған үстіне алыстап, зытып барады.
Құйын соңынан жігіт те екі өкпесін қолына алып жүгіре жөнелді.
Көктем — сайтан
Айналайын атыңнан, алтыным-ай,
Ақ жүзіңді көргенде балқыдым-ай.
Шилі өзен, қамыс-ай,
Бізді ойлай жүр, таныс-ай.
Сыңсыған ән алыстан талып жетті.
Оянып кеткен Самат тұрғысы келмей, біраз бұйығып, ұйқының тоғын басып жатты. Көрпе астынан сығалап қарап еді, үй іші жап-жарық. Жер еденде төрт бұрыш терезеден төгілген сәуле төп-төрт бұрыш күйі жарқырап жатыр. Шешесі ыңылдай әндетіп жүр. Қабағы ашық. Еден сыпырып, қоқыр-соқырды адақтап, қалайы шелекке салып жатыр. Бүйірі қабысқан, көрмегенді көрген қалайы шелекке қарап жатып, біраз ойға батты. Шырт ұйқыдан ояна келіп, көзіңді жіпсітіп ашып жатқанда жөнді ойлана алмайды екенсің, көзге де іліксе, ой соның төңірегінен айналшақтап шықпайды екен. Сонымен, қалайы шелек жайлы. Шелекке таңертең қоқыр-соқыр салынса, түс ауа шешесі әкпен неше қайтара ысқылап жуып, кір қайнатуы ықтимал. Әйтпесе, үйдің нақ ортасынан қазылған, аузын ашса, жердің сыр иісі жіптей суыртпақталып танау астына жетіп келетін салқын ұраға шешесіне ілесе кіріп, сүт пісірімнен кейін сырты бүртік-бүртік қызғылт қартопқа лықа толып шығады. Пешке жанамалай қаланған қазандықтың аузы салақ оқушының сия жұққан бетіндей болып, ыс басса, сөз жоқ, ағарту керек. Ондайда шелекке әк езіледі. Бұл үйде қалыптасқан тіршілік заңы солай: шелек болсын, адам болсын, әрқайсысының бірнеше қызметі бар. Қысқасы, зат аз да, қызмет көп. Айта берсе, Саматтың қағаз, дәптер, сия, қалам салатын шүберек сөмкесі ол жазмыштан құтылмаған. Саматтың жақсы оқуына себін тигізіп жүрген сөмке кейде азық-түлік салатын дорбаға да айналады. Шешесінің санап берген тиын-тебеніне Самат колхоздағы сыртының сылағы түсіп қалған дүкеннен қант, шай сатып ала келеді. Самат екеш Саматтың сан қилы қызметі бір басына жетіп артылады. Екінші класта оқиды және жақсы оқиды, қант, шай тасиды, сынық мүйіз қоңыр сиырға шоп шашып, астын тазалайды, отын бұтайды, есік алдының мұзын шабады. Пеш қасында байлаулы тұратын қоңыр бұзаудың күтім-бағымы да Саматтың мойнында. Оны азырқанса, астырттағы өзеннен мұз ойып, мұзды шанаға тиеп, мықшыңдап сүйреп әкелуді қайда қоярсың. Шаңғы теуіп, асыр салып ойнау да оңай шаруа емес. Жолдасың Рәтай болса, ол апыр-тапыр ойының оп-оңай осылып қалуы мүмкін. Осыншалық коп шаруаны ойлап кеткенде, көрпе астында бұйығып жатқан Самат едәуір күйзеліп, жүдеп қалды.
Шелек жайлы әу бастағы тырнақтай ой бүйтіп егіздеп, сегіздеп кетеді деп күтпеген. Және де саусақ бүгіп санап жатса, әлгі құжынаған кеп шаруаға тап бүгін, орнынан тұра сала кірісіп кетуі керек екен. Сары аязда Қарасуға түсемін деп ауырып, онсыз да мойны ырғайдай, биті торғайдай болып еді, мынау бір қиямет екен.
Ал шешесі неге сыңсып ән салып жүр? Былтыр күзден бері шешесі ән салмап еді. Жалпы, Жылқайдаровтар лашығы ән сирек естілетін үй болатын. Кеше ғана қоңыр сиыр ашық қалған қақпадан Ізеттің ауласына сумаңдап кіріп кетіп, содан жатар жатқанша шешесінің қабағы ашылмап еді. Соның кесірінен Самат ұйқы алдында: «Әй, көк шешек, сөндір шамды! Кітап жастап, онсыз да кәрәсінге жаудай тидің. Маған қасақана істейсің бе осы? Оқытсаң — бір пәле, оқытпасаң — екі пәле. Қайда барсаң, Қорқыттың көрі. Басыма қайбір мұнара орнатам дейсің», — деген тәрізді тисе — терекке, тимесе — бұтаққа репеттегі берекесіз қаңқу естіп қалып еді. Көрпе астында қорсылдап жатып, қалғып кеткен.
Бүгінгі ашық қабақ, ыңылдаған ән мынау.
— Саматжан, ұйқың қанды ма? — Құйқылжи сөйлеген шешесі басынан сипайды. — Қанса, тұра ғой. Бүгін демаласың. Әуелі өзеннен мұз ойып әкеле ғой, сосын ойыныңа шығарсың. Сиырға шөп шашып, астын тазалап қойдым. Созылмай, тұр енді. Күнді қарашы, май тоңғысыз.
Жылына үш, күштегенде бес-алты рет еститін жылы сөздер ғой мынау. Сиырға шөп шашылыпты, асты тазаланыпты. Тезірек тұрып, түнгі сорпа-суанды соғып алғасын, шананы қорадан алып шығып, өзенге қарай тезірек табан жалтыратқан жөн. Шешесі жұмыс ойлап шығаруға шебер. Көз алдынан жоғалып тынбаса, тағы біреуі мойнына түсіп қалуы ғажап емес. Мұз ою — баруы тез де, қайтуы қиын жұмыс. Мұз десе, Рәтай да аяғы ағына тимей, желдей есіп жөнеп береді. Астыртқа барса, мұз оюға қоса, жүгіріп келіп тұра қалып сырғанақ тебу, қар атып ойнау секілді қызықтың неше түрлі көкесі күтіп тұр.
Самат көрпені серпіп тастап еді, жайшылықта салқын қолымен жалаңаш иық, мойын, санын сипалай жөнелетін суықты сезбеді. Үй іші от жағылмаса да ұядай жылы. Апаш-құпаш киініп алды. Ескі төсекті сықырлата лып етіп түсіп, сәңірейген кетік танау құмандағы суға бетін шайды. Сорпаны жалап-жұқтап соғып алды. Сырттан шешесінің созылыңқырап шыққан:
— Са-мат! А-а, Самат! — деген даусына ілесе есікті босағаға бір қойып, тысқа атып шықты.
Алақаны шұрқ-шұрқ қолғабын кие шығып еді, қайта шешті. Күн май тоңғысыз. Аспан шайдай ашық әрі көкпеңбек. Тұнып тұр. Сол жалпақ әйнектің ортасын ойып, ар жағынан Емпіртке күлміңдеп қараған күн жымың-жымың етеді. Елп еткен жел жоқ. Кеше ғана көз қарыған километр-километр қар жарқыл да жұрқылдан айрылып қапты, әншейін көпсіп қана жатыр. Ағаш дөдегеден салбыраған сүңгінің мұрнының ұшынан тырс-тырс тамшы тамады. Қыс бойы күн құрғатпай әлекедей жаланып, қақпа астына тұмсық тығып, жортып жүріп тіске басар қиқым шоп іздейтін қоңыр сиырда еш қозғалыс жоқ, есік алдында ескерткіштей қатып қалған. Былшық көзін самарқау ашып-жұмады. Езуіне қыстырылып қалған бір тал шөпті күйсеп, жұтып жіберуге шамасы жоқ, несін айтасың, шуаққа балқып тұр. Қай қуыстан шыққаны белгісіз, қара-құрасы көбейіп кеткен суық торғайлар үзбей шықылықтап, еш себепсіз дүр етіп ұшады. Сайқанның қар басқан арса-арса жоталары бүгін көзге анық көрініп, мен мұндалайды. Қысқы қалың сойыстан аман қалған қара әтеш жаһұт көзін ойнақтатып, Боқай қорасынан шыққан көп қыт-қытқа мойнын қисайтып, ерекше ынта, құлшыныспен құлақ салады. Құлақ салады да, қыста шелектегі кәрәсінге түсіп кетіп, құйрық-қанаты салбырап, ине жұтқан итше имиіп қалған жалғыз шібиге тұра жүгіріп, астына басып, айдарынан шоқып-шоқып тастайды. Сосын Боқай қорасына қарата қанатын шапыр-шұпыр қағады да, уақытсыз уақ шақырып салады. Ол жақтан тағы бір әтештің аса шошынысымен шыққан үні естіліп қалады. Басқа көп қыт-қыт жым болған. «Кет, кет, ей! Тиіспе бізге! Ана жалғыз шібиіңе ие бол одан да!» — деп айбар жасап жатса керек.
— Көктем қыр астында, Саматай! Мына қар қашанғы сіресіп жатады. Коп ұзамай шеті бұзылады. Бұл күнге де жасаған қол жеткізді. — Шешесі қоңыр сиырдың әукесін қасып түр. Қыс бойы өр алуан айыр жеп, шошымалы болған қоңыр сиыр әукесіне жұмсақ алақан тигесін, көңілі мұқым босап кетті ме, көзінен жас алағай да бұлағай парлап ақты. Дымқыл тұмсығын аспандата көтеріп, белі қайқая түсіпті.
Самат лепірді. Көктем! Көктем келсе, қар ериді, қыздар бәйшешек теріп, балалар шаңы шыққан тақырда асық ойнайды, ләңгі тебеді. Самат «үш», ал Рәтай «екі» мен «бір» қойылған дәптер беттерін тандап жыртып қайық жасап, сай-сайды орып қарғып қашқан тасқын суға қоя береді. Көктем жазғытұрымғы каникулды қоса ертіп әкеледі. Екі-үш айдан кейін жұрт тайлы-таяғы қалмай бақшаға шығып, бұрқылдатып картоп көмеді. Айтуған атаның, Ізеттің қорасы төлге толады. Тегі, енді жаман болмайды.
Шананы сүйретіп, астыртқа бет алды. Соқпақ кенересін өңкей бір мөлдіреген шытадай жұқа әйнектер тіреп тұр. Басып қалсаң, сыңғыр етіп күйреп түседі. Сары аязда сым темірдей бұралып-бұралып, қоқиып қалатын шана жібі бүгін кәдімгі жіп құсап, белі бұраң-бұраң етеді. Шана қыстағыдай миды шағып тықырлап, ойнап ала қашпайды, жай сызылып қана жүзіп, ауырлай түсіп, соңында тіпті тартқылап келе жатыр.
Ат суғарып, енді бері беттеген Айтуған ата алшысынан киген түлкі тымағын әлсін-әлсін шешіп алып, буы бұрқыраған, бір қыста ағарып, бірақ жазға қарай қоңырқай түске қайта көшетін маңдайын ақ шытпен айқара сүртіп қояды. Саптама етігінің қонышынан сегіз өрме қамшының тобылғы сабы қылтиып тұр. Қызыл бие қамшы салдырмайтын жүрдек. Әйткенмен, қалың жылқыға қамшы, құрық салып, ғадет алып қалған ғой. Айтекең баққан-қаққаны жалғыз бие болса да, қонышынан қамшыны, қолынан жүгенді тастап көрген жан емес.
Жол ортаға келе қыдиып тұрып қалған атасы бұған мойын бұрмады. Былайында сәлемін өзі ала жүгіруші еді. Қызыл бие осқырып қалып еді, салпы ерніне қадау-қадау қадалған сояу қылшыққа ілініп тұрған тамшылар Саматтың бетіне темірдей тиді.
— Ассалау...
Саматтың қоңыраулата берген сәлемі (атасы сәлемді солай беруді қалайтын. Жасық, өлез сәлемді алмайды. «Ассалау» деген алғашқы буындары екпіндеп, қалықтап шыққанша сан қайталатып, мезі қылатын) жауапсыз қалды. Атасы оң қолын жерге қарай сермеп: «Тыныш! Тыныш!» — дей берген. Өзі қар үстінде шоқиып отырған бір ғажап қарғадан көз айырмайды.
Қарғаның құйрығы нақ түбінен шорт кесіліпті. Нық отыра алмай, қанаттарын сәл жазған күйі еңкейіп қап тәжім жасап, кеудесімен жер соғады. Аузын ашып, бұларға жылт-жылт қарап қояды.
Айтуған ата шолақ құйрық қарғаны баққан күйі сақалын саумалап:
— Жаратқан иемнің мына кереметін қарай гөр! — деп күбірлей береді.
— Ата, о не?
Сонда ғана Саматқа бұрылды. Әңкі-тәңкі мына жағдайда басы айналып қалған ба, көзін Саматтың бетінен айырмағанмен, ойы басқа қиырда.
— Мына кереметке қайран қалып тұрмын да. Кәне, қарағым, үркітіп көрші.
Самат су тиген құмшекердей илектеліп жатқан қарды уыстап алды да, сығымдай домалақтап жіберіп, қарғаны көздеп атып қалды.
— Күш, күш!
Жалбалақтаған қарға жерден сүйем көтерілгенімен, төрт-бес қадам ұшып барды да, қарды сүзе құлады. Тұмсығы қарға кіріп кетті ме, басын сілкіп тастап, шал мен балаға мойыл көзін төңкеріп қарап алды да... шықылықтап салды.
Айтуған атаның қолы күпі жағасына барып қалды.
— Астапыралла! Қарғаның шықылықтағанын о заман да бұ заман кім көрген!
Самат та дымды ұқпады. Шынымен шолақ құйрық қарғаның шықылықтағанын көрмек түгіл, кім естіген? Қарға қарқылайды, бұзау мөңірейді, сауысқан шықылықтайды — әрқайсысының маңдайына жазылған өз қасиеті бар. Рәтай екеуі бір мектепте оқып, Емпірттен бір ізбен шығып, бір ізбен келгенімен, бұлар да өзінше басқа-басқа. Рәтай әкесі сабаса, бауыздап жатқандай ауылды басына көтере бақырып, талай адамға жағасын ұстатады. Шешесінен шапалақ жеген Самат қораға қашып барады да, бұрышқа қарап тұрып, сыңси тығылып жылайды. Емпірттіктер де әр қилы. Айтуған атаның үйінің төңірегі сиыр жалағандай тап-таза күреліп, қиқым шеп көлденең жатпайды. Қашасының әр қадасы найзадай түп-түзу. Ал жазда Семейге мал айдаудан, қыста жүйрік бестіні қорқылдатып қасқыр қуудан қолы тимейтін Ізеттің қорасы ыбырсыған шөп. Қоңыр сиыр да сол себепті ол маңнан тімтініп шықпайды. Үй төңірегі тоң жападан бір арылмайды.
Шолақ құйрық қарға сол бұлжымайтын, бұзылмайтын заңдылықтардың төбесіне түкіріп тастап, сауысқанша шықылықтап отыр.
— Самат қарағым, өзін ұстап әкелші бермен!
Жалпылдап біраз секектеген қарғаны Самат көп ұзамай үстінен басып, Айтуғанға ұсына берді. Шал алақанымен бетін көлегейледі.
— Әрі таман, әрі таман, кәпірдің беті әрмен! Осы пәтшағардан қарадай шошып тұрмын. Көзін қарашы, жылтыңдап арғы-бергіден өтеді. Ақыр заманның иті шошқа болып қорсылдап, шошқасы итше үреді деп естіп ем. Соғыс алдында ит атаулы қасқырдай ұлып, тауық түн ортасында шақырып, жаман ырым бастап еді. Не деп кеттім, түге! Тілім тасқа! Соғысы құрысын. әкет әрмен, көзін жоғалт! Басыңнан үш айналдыр да, бұл төңіректен алыс айдалаға лақтырып жібер пәлекетті!
Top биені жетектеп, тез басып, үйіне кете барды.
Самат шықылықтағыш қарғаны басынан үш айналдырып лақтырған жоқ. Мұндай екі ғұмырда қолға бір түспейтін ғажап қарғаны неге лақтырсын. Сауысқанша шықылықтайтын қарға жерде жатқан жоқ. Күпәйкесінің алқым түймелерін ағытып, қойнына тығып алды. Ертең сөмкесіне салып ап, мектепке апарса, балалар қырылып қалмай ма. Мүйіз сабы жылан сияқты кішкене бәкісін жылтыңдатып көрсете беретін Рәтай айдалада қалар. Қызғаныштан жарылып кетуі де ықтимал. Саматтың беделі аспанға бір-ақ көтерілмек. Тәуір бағаларды мектептен сөмкеге толтырып алып қайтатын Самат беделді ешкімнен сұрамайды. Әйтсе де, керек заттың ауырлығы жоқ. Қарғаға қызығып, басы айналып қалған Рәтай бәкісін айырбастап жіберуі... Ие десеңші, онда да, Самат сол бір жаман бәкіге шықылықтағыш қарғасын бере қойса, айырбастар.
Айтуған ата жақсы кісі, әйткенмен, оның тілін шылғи ала беру де дұрыс емес. Ол кісі қараңғы адам. Құраннан басқа кітапты оқи білмейді. Өзі бірінші класты да бітірмеген, өйткені «міне, мынау оқып жүрген кезде алған бағаларым еді» деп, жаман-жәутік, шет-шеті жырымдалған болса да, табелін көрсеткен емес. Құран беттерін жаныға аударғанмен, әншейін көз қылып, өтірік оқуы да мүмкін-ау. Лениногор деген қалада тұратын ұлы Тоқтасыннан хат келсе, Саматқа ала жүгіреді. Самат ежіктеп оқып береді. Самат қой екінші кластың ортан қолдай оқушысы. «Ана тілін» судыратып оқып тастағанда, Кәрім аға басын изей береді. Ізет аға қасқыр соғып келген күні Шаһиға апайдан шақыртып алып, әуелі алдына майы қалқып жүзген сорпа қойып, «Батырлар жыры» деген қалың кітапты басы ауырып, таңдайы кеуіп қалғанша оқытатын. Ара-арасында: «һа, қасқырым! Үр, қара тұмсықтан! Әй, түбің түскір қара шелек Қараман-ай! Қобылан да жігіттің қасқыры ғой!» — деп мұрты едірейіп, аттан салған. Бұрын Ізетті салмақты аға деп ойлаушы еді, со жолы көңілі қатты қалып қойды. Қасқырды өңкілдетіп қуа бергесін бе, батыр атаулыны қасқыр дейді. Қобыланды да қасқыр, Қараман да қасқыр. Нақ бір Самат «Батырлар жырын» емес, «Қасқырлар жырын» оқып отырғандай жінігіп бітті. Жә, оны қойшы. Әңгіме Айтуған ата, қарға туралы. Тоқ етері, тым құрыса хат оқи алмайтын ақсақал айтты деп, Самат ғажайып қарғаны басынан үш айналдырып лақтыра қоймайды.
Сіреу-сіреу мұзды үйге апарғасын, салып ұрып қарғаны Рәтайға көрсетеді. Адырақ көзі, бәлем, ұясынан шығып кетсін.
Көңілі бек тасыды. Бүгін күн оңынан туып тұр. Қабағы көбіне түсіп жүретін шешесі ыңылдап ән салды. Күн жылы. Кеше тауда қой бағып жатқан атасы қасқыр қуып барып, ақыры жете алмай, сойылмен жер ұрып, сол жерде түнеп қалған Ізеттен қоржын құрт-май, ет беріп жіберіпті. Не қырғын соғысты көз алдына жайып салып, зәрені алатын кино да көрсетпеген ғажап қарға қолға түсті.
Біз пионер боламыз,
Лаулап оттай жанамыз!..
Қышқырта әндетіп астыртқа беттеді. Боқай таңертең ойып тастаған кесек мұзды шанаға салады, күшеніп тұрып сүйрегенде көзіне қан толып кете жаздады, астырт қабағына алып шықты. Мұзды ауыз үйге апыл-ғұпыл кіргізе салып, сүріне-қабына Рәтайға жүгірді.
Көктемнің қыр астында тұрғанын Рәтай да сезіпті. Ту сыртын қақпаға бере аула ортасында жүрелей отырып, құлжа сақаның жылтыр табанын жылан сап бәкімен тықыр-тықыр шұқып, тесіп отыр. Екі тасқа асылған консерв қалбырының астында от маздайды. Қалбыр түбінде сынаптай жылтырап қорғасын балқып жатыр. Рәтай сұйық қорғасынды бәкімен шұқып тескен тік шұқырға құяды. Сақа шіркін осыдан кейін қалай лақтырсаң да табанымен мысықтайын алшы тұрудан жазбайды. Ал сақа әлгіндей қағынып кетсе, колхоздағы біраз мықтының, ең алдымен Саматтың асығы, амандық болса, көп ұзамай Рәтайдың қалтасына көшеді деген сөз.
Саматтың жыны келді. Бұл Рәтайдың ойламайтын қулығы, істемейтін қылығы жоқ. Соның кесірінен, Самат жақсы оқыса да, мектептің аузынан Рәтайдың аты түспейді. «Рәтай бүйтіп қойыпты, сүйтіп қойыпты. Пәле өзі!» — деп балалар күнде ду-ду. Және Рәтай тентектікті көзге іліге қояйыншы осы деп әдейі істемейді. Қарға қанатын қағып салып, аспанға қалай көтерілсе, Рәтай да әлгі қылықтарды солай істейді. Кәрім ағай айтпақтайын, бәрі «табиғи». Соны адамдар сезе ме, Боқайдан басқа Рәтайдың құлағын бұрап жатқан ешкім жоқ. Ал Самат артық түшкіріп қойса, бәрінің қос құлағы тік тұрып, елеңдей қалады. Сол себепті Самат Рәтайды кей кезде жек көреді. Ал ойнай қалса, қызық болғанда, онысын тарс ұмытып, өзіне іші жылып қалады. Өйткені бүкіл колхозда Рәтай секілді қызық ойнай алатын бала жоқ.
Қазір жек көріп тұр. Күні ертең асығын ұтқызатындығы үшін жек көреді. Рәтайды қайдам, Самат бұл баланы не құлай жақсы көреді, не кереметтей жек көреді. Екі арада бейтарап жағдай жоқ. Бейтарап болайын десе, Рәтай бұза салады. Ал Рәтайға бәрібір. Жек көру, жақсы көруді ол ұқпайды, ұғатыны — ойын. Ойнаған бала — жақсы, ойнамаған бала — жаман. Ойнап істедім десең, небір тентектігіңді көтереді.
Самат оны жақсы біледі. Білгендіктен, баспалап барып, әрман қарап отырған Рәтайдың жалаңаш мойнына екі қолын салып жіберіп, «Аһ!» деп, өзіне тартып қалды. Рәтай шалқалап түсті. Айылын жимады, үстін қаққыштап, орнынан тұрып жатыр. Ал басқа бір күні бүйтіп көр, жүн-жұрқаң ұшқанша таймай төбелеседі. Шуақ күн оның да буынын босатып, басын айналдырып тастаған ба, қыңқ демеді. Сақаны Саматтың көзіне тақап:
— Көрдің бе? Әлі-ақ колхоздың бар асығын тұттай ғып ұтып аламыз. Қорғасын құйғасын, көкем тесікті сүйекпен шегелеп тастайды. Иттеріне иіскетсе де, таба алмайды.
Бар ойы сақада, Саматтың қойнында қандай ғажайып жатқанын сезер емес.
Бір көзін қысыңқырап, келемеждей қараған Самат:
— Е, сол-ақ па? Сақаға қорғасынды мен де құя аламын. Ал мен... — деп, үлкен бөсудің шетін шығара беріп еді, қойнындағы қарға: «Бәсе, сөйтсеңші, есе жіберме!» дегендей шықылықтап салды.
— Әй, мұның не? Көрсетші!
Көзі шоқтай жайнаған Рәтай Саматтың қойнына түсіп кеткендей үңіреңдеп болмайды.
Самат тіс арасынан сынық сөйлем шығармасқа бекінді. Алдын ала айтып қойсаң, түк қызығы қалмайды. Мәселен, «қарға қарқылдапты» дей салар еді. Мәселе мың жыл қарқылдап келген қарғаның жоқ жерден өнер шығарып, шықылықтағанында жатыр.
Ат басы алтын алып шығатындай қойнына сұққан қолын астар астында біраз қыдыртты. Қарғаны алып шықты. Рәтай секілді әумесер қарға ма, тістемек оймен тұмсығын Саматтың білегіне жүгіртіп-жүгіртіп қояды.
— Қара! — деді Самат даусын құйқылжытып.
Қарғаны сол қолымен жоғары ұстап тұрды да, оң қолымен қос бүйірінен майпаздап сипады. Әбден ашынған қарға манағы әнінен жаңылмады, шықылықтап қоя берді.
Танауын таңқита көтеріп, Рәтайға қарады. Сасқанынан қолындағы сақасын түсіріп алған шығар деген. Рәтай таң қалғаны құрысын, ішін басып, шиқылдап тұрып күліп тұр. Еңкейіп күледі, шалқайып күледі. Сұқ саусағымен әуелі қарғаны, одан кейін мұны нұсқайды.
— Ой, қызық-ай, бір табақ шыжық-ай! Менің сауысқанымды қара!
Самат айран-асыр.
— Үй, қайдағы сауысқан! Көзіңді ашып қара! Сауысқан, сауысқан! Сауысқан емес, қарға.
— Сауысқан емегенде... Ішім-ай! Таңертең құйрығын балтамен шауып, үстін бояп жібергенмін. Қара тушке... Көрімдік беретіндей жүгіріп келгенін!
Еңсесі түсіп кетті. Сауысқан ба, қарға ма, шықылықтаған шолақ құйрық қара пәлеге бірталай қарады. Қарғаның тұмсығы жалпақ, маңдайы тайқы келуші еді, мынаның тұмсығы біздей, басы да доп-домалақ. Лақтырып кеп жіберді. Ол мұндар шошақтап барып, мұны мазақтағандай көзін аударып-төңкеріп... шықылықтап салды. Өз тілінде күлді. Әлде жылады... Күлсе де, жыласа да, Самат қатты қорланды. Кілт айналып, қақпаға беттеді.
— Ей, қайда кеттің?
Самат бұрқ етті:
— Сенімен дос болған кісі ме?
— О ненің ақысы?
— Кісіні алдап...
— Кім сені алдап жүр? Сауысқанды қарға деп, тақыр мұзға отырғыза жаздаған өзің ғой.
— Шын-ау! — Енді Самат күліп жіберді.
Екеуі күні бойы аулада күйбеңдеді. Рақат! Оңаша. Боқай, Шөкей колхозда тұратын жақындарына қыдырып кетіпті. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ, екеуі сауысқан ұстады. Самат сауысқан шіркін бұл маңайдағы құстардың жерді құртқан қуы ма деп жүрсе, артының ашылып қалғанын білмейтін аңқау екен. Аулаға жүгерінің дәнін сеуіп, үстінен жәшікті төңкерді де, шетін шыбықпен тіреді, ұшынан ұстаған екеуі демін іштен алып, қораға тығылды. Көп күттірген жоқ, қақпа түбінде көзін мүләйім жұмып, күйсеп тұрған қара ала сиырдың мүйізіне сауысқан қонды. Мойнын қылт-қылт бұрып, төңірегіне қарады. Тірі жан жоқ. Құттыаяқ екеш Құттыаяқ та күн жылынғасын желігіп, құйрығын иіріп тастап, Ізеттің үйіндегі достарын іздеп кеткен. Сауысқан құйрығын көтеріп-көтеріп, жүгері дәніне сүқтана қарады да, сұмдық масайрап, шықылықтың көкесін танытты дейсің. Емпірттің іші-сыртында қаңғалақтап жүрген жора-жолдастарына: «Келіңдер, қызық бар! Тұмсық барда шоқып қал!» — деп аттандады, шамасы. Сауысқандай саққұлақ құс жоқ, екі айтқызбады. «Ұқтым, ұқтым, міне, жеттім!» — деп, Саматтың үйі жағынан біреуі жаныға шықылықтады. Қара ала сиырдың мүйізінің ұшында көкиіп отырып, көкіп кеткен сауысқан о баста аттанды салуын салып қалса да, іле: «Әй, бұл менің неткенім? Бір уыс дәнге жалпақ жұртты түгел шақырғаным қалай? Қой, ол сұқсырлар келмей тұрғанда, бөтегемді бұлтитып қалайын», — деп ойлай қалса керек, лып етіп жәшікке қарай ұша жөнелді. Аяғы жерге тиісімен төңірекке бір қарады ма, жоқ па, қанатын жиюға да шамасы келмей, жәшік астына сүңгіп кетті. Бұлар да далбасалап жіпті тартып қалды. Сауысқан жәшік астында тыпырлады да қалды. Жарыса жүгіріп шығып, жәшікті сәл көтерді де, қолды астына сұғып жіберіп, қиқылдатып алып шықты Рәтай:
— Тұмсығын, тұмсығын қыс! Шықылықтап, қалғандарына хабар бермесін! — деп жік-жапар.
Жәшікті тағы көтеріп тастап, екеуі бүкеңдей басып қораға кіріп бара жатқанда екінші сауысқан ұшыртып кеп қалып еді...
Түске дейін он сауысқан қолға түсті.
Қақпа маңдайына сауысқан қонып шықылықтаса, қонақ шақырады деуші еді. Рәтайлар қонаққа аузы-мұрындарынан шығып, әбден жаритын болды. Бүгін қақпаға, сиыр мүйізіне қонған сауысқандарға сенсе, жуық арада кемі он қонақ ошарылып түсетін шығар. Бәрін желкеден бір-бір басып, тауық қораға қамап тастады. Сауысқандар шошығанынан үндері шықпай қалды. Емпірт төңірегіндегі сауысқаннан қолға түспегені қалмаған-ау, қақпаға қайтып аламойын құс жоламады.
Сасатын не бар, екеуі сәтімен басталған істі оңымен бітірді. Самат сауысқандарды біртіндеп тауық қорадан шығарды да, қанаты мен мойнынан басып, шөрке үстіне салып тұрды. Рәтай шапанын шешіп, лақтырып тастады. Қолындағы жалаңдаған балтамен сауысқандардың құйрығын нақ түбінен сартылдатып шапты да отырды. Қауырсын бір шөмеле болды. Құс көркі қанат та, үшкір біз тұмсық та, шықылықтау да емес, кәдімгі құйрық екен. Құйрықтан айрылғасын, сауысқан атаулы домаланған-домаланған сұмырай бірдеңелерге айналды.
Рәтай үйден қалта-қалта бояу алып келді. Таныс бояу. Самат пен Рәтайдың тозып, өңі қаша бастаған көйлек-шалбарын шешелері қара бояуға салып алғанда жаңа киімге айналып шыға келетін. Кір көтереді, қайта-қайта жуыла бермейді. Бояу «Скумбрия» қалбырының орнына қонжиған шөңкеде іштей бұғып қайнап жатқан суға қотарылды. Лезде су қара қошқылданып, қоймалжың тартты. Сосын бұны қалай суытамыз деп, бастары біраз ауырды. Іштері қып-қып етеді: колхоздан Боқай мен Шөкейдің қашан оралатыны белгісіз, кешке келуі де, қазір үстінен түсуі де ықтимал. Көріп қалса, апта бойы құлақтарынан қобыз үні кетпейді.
— Таптым! — деді Самат құшағын айқара ашып. Рәтай тапса, құлақшынын аспанға атар еді. Самат сыпайы бала ғой, оған бармады.
— Өтірігіңе не бересің? — деді Рәтай қолын сілтеп.
Рәтай Саматты аяқ астынан амал таба алатын бала дегенге еш сенбейтін. Ол рас та. Емпірттегі екеуіне ортақ бүкіл оқиға Рәтайдан басталатын, Рәтайдың төңірегінде айқай-шумен бітетін. Бүгінгі қарға хикаясы да қуа келгенде Рәтайдан басталыпты. Ылғи да Рәтай басшы, Самат қосшы. Оқиға әлі де Рәтайдың ауласында өрби түсіп, заңды нәтижесіне жақындап келе жатқан. Сол қосшы Самат оқыстан тапқыш бола қалып, түзуге беттеген істі қисайтқалы отыр.
Самат күректі ала салып, аула ортасына шошайта үйілген күртік қардың бетін қырып тастап еді, аршылған жұмыртқадай кіршіксіз қар жарқ ете қалды. Қардан көсіп, шөңкеге тастай салды. Пыш етіп аспанға атылған бумен қара шөңке қоса көтерілгендей болды.
Екеуі мойыннан қылқитып қысып тұрып, сауысқандарды шөңке толы бояуға матырып еді, он сауысқан қопаңдаған он қара қарғаға айналды. Ұшсақ-ау, екі қызыл көзден қашып құтылсақ-ау деген талаптары тас жарғандай. Одан не пайда, көтеріле бере кеуделерімен жер соғады. Қызығы сол, бір-біріне жуымайды, ешкі көрген ит көзденіп, қойқаңдап, араларын алшақ салып, айналып өтіп жүр. «Кет әрі! Қи шұқитын жаман қарғаға жуитындай мен жынды сауысқан емеспін!» «Бар, қалған сегіз қарғаға қосыл да, қарқылдап, қиыңды шұқып жүре бер!» дейтіндей шықылықтап, шуылдасады кеп. Оған сандарын сабалап, ақар-шақар күлген екеуі қосылады. Қыс бойы колхоз бен Емпірт арасында бет жалаған аяз бен үскірікті, жауын-шашынды бір ұмытып, жетісіп қалды.
Түс ауа бәрін тауық қораға қайта қуып тықты. Қыста қаз, үйрек, тауыққа жаудай тиген қалың сойыстан әупіріммен әрең аман қалған бір-екі шіби құйрығы жоқ, бір жығылып, бір тұрған түсі суық құстардан шошып, қонып отырған сөрелерінен құлап түсіп, бұрышқа тығылды. Әдеттегідей қыт-қытты да естен шығарыпты. Рәтай сауысқандарға жем шашты. Құйрықсыз құстың тоңқаңдап дән шоқығаны қызық екен, жалаң бұт сәбидің тоңқайып жол қарағаны сияқты ерсі-ақ сурет.
Қақпадан шығып бара жатқан Саматқа Рәтай сұқ саусағын ерніне тақап:
— Дымың ішіңде болсын! Кешке бәрін көшеге шығарып, қоя беремін, — деді.
Самат басын изеп-изеп жіберді. Дымы ішінде болмағанда! Қайнаған суға екі-үш қалта қара бояу салынды. Сауысқандарға уыс-уыс арпа, жүгері шашылды. Құпия бүгін ашылмаса, ертең ашылады. Мұндайда дым іште болмақ түгіл, ең дұрысы, Рәтайдың қасынан шыбын-шіркей безіп кеткен жөн. Судың да сұрауы бар. Ал колхоздағы кедей дүкенге айына, жылына сарғайтып барып түсетін қара бояу, көктемгі тақ-тұқта босқа кеткен уыс-уыс арпа, жүгері — судан гөрі сұрауы қатты дүниелер.
...Ертеңінде төрт үйдің арасы шоқақтаған қарғаларға лықа толды. Ұша алмайтын, далбаңдап сәл ұшса, құйрықтары көктен келіп, тұмсығымен жер сүзетін адам ұқпас бір пәлелер. Қусаң, ши-шиді аралай қашып, зыр жүгіріп ұстатпайды.
Боқай:
— Әкең, бұлар арғы беттен ауып келген қытайлық қарғалар. Түрі жаман екен. Қос ауызбен пытырлатып, шетінен қанжоса ғып қырып тастар ем, оқ жалкі. Вот ти! — деп иегін тыр-тыр қасыды.
Саматтың шешесі:
— Ауру таратып жүрмесін. Біреуін ұстап алып, колхоздағы соқыр ветеринарға көрсетейік, — деп, кезінде жеті класс бітіргендігін, Емпірттегі ең көзі ашық, сауатты адам екенін білдіріп алды.
Шаһиға апай да белсеніп шыға келді:
— Шықылықтаса да, сайраса да, құдай жаратқан құс. Жаман халге ұшырапты. Артық-ауыс жем болса, шашып тастайық.
Кеше бөтегелері бұлтиып алған, оның үстіне, құйрықсыз қалған сорақы жағдайдан естері шыққан құстар жемге қарамады. Мұның өзі алып қашты сөздің шоғын үрлей түсті.
Жүйрік Шөкей:
— Ойбай, жеміңе пысқырмады. Баяғыда халықты отап кеткен қалың індет сықпыты жаман қап-қара құстан тарапты. Боқай соғыстан сарғайтып барып әрең оралып еді. Сары майдай сақтап отырған жалғыз еркектен айрылып, жұтып қалмайық, — деп сыңсу салып, жаман ырымды бастап еді:
— Үй, басыңа көрінгір! Менен құтыла алмай жүрмісің? Тіліңе қотыр да шықпайды сенің! Вот ти! Ши жүгіртпе, фриц нервімді бұзған, салып жіберемін! — деп Боқай шоқақ-шоқақ секіріп, мына жақтан ойқастап ұмтылды.
— Ойбай, бәтір, сені үйге кетті ме десем... Қатындардың пыш-пышын аңдып тұрғаныңды қайдан білейін! — Шөкей байлауышын қолға алып, Ізеттің үйіне қарай шашы дудырап қашты. «Жалғыз еркегім» деп қақсаған Шөкей сөзінің астарында екі бірдей тігістің ізі сайрап жатыр. Бір есептен, шолақ аяқ болса да, еркегі бар үйдің бәйбішесі екенін андатса, екінші жағынан, Саматтың жесір шешесіне көрсеткен қыры.
Айтуған ата қатты шошыды. Пайғамбар жасына келіп қалғанына қарамастан, алақанымен көзін басты. Шошынған адам теріс-қағыс сөйлей береді екен.
— Ақыр заман, ақыр заманның құсы! Алпыс жыл жасап, шықылықтайтын құйрықсыз қарғаны көрсем, көзім шықсын. Қой, сандалмай, қаладағы Қаділбекке жетейін. Көрші тұратын Ишанбай халфеге кіріп, мүбәрак қолын алып, ақыл сұрап қайтайын. Жаман індеттің құсы иектеп тұрғанда, тауықтың тамағын қанатсақ та тасаттық жасауды білмейміз. Құдай мен дінді ұмытқан бүл халық! — деп біраз көтеріліп-көтеріліп алғасын, ер-түрманды үзеңгісін сылдырлатып қызыл биеге ала жүгірді. Көптен бері қартыңның іші пысып жүрген. Самат пен Рәтайды көрген сайын: «Әй, балдар, шаштарың көзге түсіп кетіпті. Келіңдер, сыпырып тастайын!» — деп ұстарасын жалаңдатып, бұлардың зәресін алып, екі қолы алдына сыймай жүруші еді. Қан таратып, құрыс-тұрысын жазып қайтуға сылтау мықтап табылды. Әйтпесе, мүбәрәк қолын аямай әркімге ұстата беретін Ишанбай халфе емес, ішірткі жазып беретін жай ғана молда.
Самат пен Рәтай мұртынан күледі. Айтуған ата қаладағы Қаділбектің үйінде он шақты күн аунап-қунап қайтар, халфе ме, молда ма, Ишанбайына да кіріп, мүбәрәк қолын алар. Ал ата ауылдан бір суырылып шығып алса, жолай аттың басын тау арасында қой бағып жүрген малшыларға бұрып, біраз батаның басын қайырып келетіні сөзсіз. Сөйтсін де. Өйтсе, Айтуған атаның қос қалтасы асыққа қампайып қайтады. «Ауылда қалтамды қарайтын қос тентек бар», — деп, бас мүжуді де, асық жинай жүруді де еш ұмытқан емес.
Айтуған ата жолға аттанып кеткен соң, қора-қопсының бұрыш-бұрышынан, үй іргесінен әлгі шықылықтағыш қарғалардың жүн-жұрқа, қауырсыны, қара тұяқтары мен шыбық секілді шілбиген сүйектері бұрқырап шығып жатты. Ылғи торғай аңдып, көздері маздап жанып жүретін ауылдағы екі-үш мысық түк білмегендей дуал үстінде тұмсықты сылап-сипап жуып, бырылдап отыр. Есік алдына дүркіреп қонған торғайларға көз салмады. Бір жақтан командировкаға келген бе, я Емпірттегі мияу-мияулар қонаққа шақырған ба, сол күндері Емпіртті мұрты тікірейген тарғыл, қара мысықтар басып алды.
Рәтайды қайдам, сауысқандардың да тірі жан иесі екенін, олардың да мысық тырнағында шырылдап кете баратынын Самат сонда барып білді. Кеш білді...
* * *
Сол көктемде Емпіртті бағу-қағусыз йен жатқан аз ел деп басынды ма, кіл сары сайтандар күргейлеп қоршап алды. Біреу емес, бірнешеу. Сыңайы йен Емпірт тым ұнап қалып, сайтандар сыймай бара жатқан басқа өлкеден бүкіл семьясы, үрім-бұтағымен қопарыла көшіп келсе керек. Өздерінің Емпірт тұрғындарының кейпіне кіріп көрінетінін қайтерсің. Онда да оңашада, жалғыз-жарым адамдарды аңдып жүріп көзге көрінеді. Анау айтқандай жаулығы мен қастығы жоқ-мыс, тек мынау тамылжып тұрған көктем күндері ерігіп, емпірттіктерді қорқытып, аздап ойнап-күліп, көңіл көтереді білем. Ойбой, несін айтасың, сайтандардың ішінде де Рәтай секілді небір тентектер бар ғой.
Мамыр айында ауыл төңірегі жайнап жүре берді. Саматтар көзін тырнап ашпас бұрын аспан төріне домалап шығып алған күн жарықтық, ертеңімен есік алдына шыға келсең, бір дорба шуағын бетіңе уыстап шаша салады. Содан мектепке дейін шекені жайлап қыздырады да тұрады. Сыз иісі шыққан класта балалар омалып отырғысы келмей, тыпыршып, ақыры бір-біріне тиісіп, тақтаға тұрып тынады. Осы айда Саматтың мойнына екі «үш» те қонжиып қалып, шешесінен сөз естіді. Ерте көктемде жіпсіп, астынан су кетіп жататын ойдым-ойдым қар бұл күнде қашқаннан қашып, анау алыстағы көгілдір Сайқанның биік шыңдарының ұшар басына шығандап шығып кеткен. Ши-шидің түбі қылтанақ көк құрақ. Әлем жасыл шапанды желбегей жамылған. Жасыл шапан етегін анда-санда жел кеулеп, басына түріп кетеді. Балаусаға аузы тиіп, қабысқан бүйірлері шыға бастаған тайынша, торпақтар тастаған жас жапалар қыстағыдай қоңырқай емес, бояуы бетіне шыққан жап-жасыл. Жасыл қоңыздар көбейген. Рәтай: «Зауза төрең осы», — дейді. Ауыл сыртындағы зираттың төрт құлағына қонақтаған үшкір тұмсық бәбісек күні бойы сұңқылдап көкектейді. Екі бала: «Бұлар қарақұс алып кеткен серігін жоқтап отыр ма?» — десе, Боқай: «Вот ти! Бір-бірін шақырып, сөйлесейік, жұптасалық дегені», — дейді. Суық торғайлар қыста қасқыр жеп кетердей топтанып, ұбап-шұбап ұшушы еді, енді екеуден бөлініп, өз тілдерінде ымы-жымы ортақ жылы шырайлы шүңкілге көшкен. Шаһиға апай жер түбіндегі Семейден алдырған қызыл гүлді жібек орамалын маңдайына баса тартып алып, колхоздың коп қатындарын күнара бір шулатып, тамсантып қайтады.
Адамдардың қабағы ашық, күн құшағы жып-жылы.
Тек Айтуған ата жүдеп жүр. Бұл кісіні асатыннан келген ауру емес, ой жеп бара жатыр. Пенсияға шыққан екі-үш жылдан бері колхоз — Емпірт арасында Айтуған мол¬да, Айтекең аталып, мал тауып жүрген. Қамшы мен тізгін ұстап үйреніп қалған екі қолы алдына сыймай, зеріккесін бе әлде шынымен қартайғанда бос жатпай, мал табайын деген бе, оны бір құдайдың өзі біледі. Төрт аяғын тең басқан қызыл биені теңселтіп, түлкі тымағын алшысынан киген Айтуған ата қырдағы малшы аулына бет түзесе, сол күні кішкене балалардың бірі сүндетке отырғызылады немесе көктемге салым қайтыс болған кемпір, шалға қатым түсіріледі. Емпірт молдаға жарыды. Молдалы ауыл болған соң, жын-сайтан, пері секілді пәлелер Емпірттен он шақырым аулақ жүруге тиіс деген сенім мол еді.
Мамыр туа ол сенімнің шаңырағы ортасына түсті.
Қырсыққанда қымыран іриді. Қырсыққанда сайтан басқа емес, нақ Айтекеңнің өзін көздеп тиісті. Төбеге көтеріп отырған жалғыз молда болғасын, ауылды жын, періден алыс ұстайын деді ме, сайтаннан Айтуған ата, обалы не керек, ерте сақтандырған. Қар шеті бұзыла бастаған наурыздың шуақты күні Рәтайдың кедір-бұдыр басын тақым арасына қысып алып, өсіп кеткен шашын ұстарамен сыпырып жатып әңгіме отын көседі. Әңгіме Рәтайдан басталады. Ол жазған тыныш отыра ма, қабағын кіржите қойып:
— Алла-ай, алла-ай! — деп қыңсылап қоя берді. Айтекең тақымын қыса түседі:
— Тыныш отыр, сайтанның баласы! Қап, аты жаманды ауызға салып...
Аузының суы құрыған Самат ұстараның қылпылдаған жүзінен көз алмай отыр. Қолында сабынды су толы бақыраш. Жаңа ғана шашы сыпырылған өз басы жұмыртқадай жап-жалтыр. Сипаса, қолы лыпып, тоқтамайды. Жел соқса, тоңып қалады. Қарт жылқышының темірдей тақымына Самат мана түсіп қалған кезде Рәтай біресе бет-аузын тыржыңдатып, біресе шықылдап күліп, ит жынын келтірген. Торпаққа туған күн бұзауға да туды. Рәтайдың бала жасынан бастаған көп төбелесінен қалған екі-үш тыртығы бар кедір-бұдыр басын ұстара кеспей қоймады. Және ұстара сенікін емес, басқаның құйқасын тырылдатып қырып жатса, әлгі құйқаның иесі: «Ибай-ай, ауырып кетті!» — деп жыламсырап, байбалам салып, кейде: «Әй, Самат, қарашы, қанап кетті ме?» — деп жалынып-жалпайып отырса, одан артық рақат бар ма. Ондай өнерге Рәтай ұста. Өтірік ауырса да, шын ауырса да, қашан басы айнадай болғанша қитұрқының неше көкесін шығарады.
Айтуған ата ұшын Саматқа ұстатқан жылтыр қайыс белбеуге ұстарасын жалаңдатып жанып жатып:
— Сайтан демекші, қарақтарым, оқытып-тоқытатын мектептерің ауылдан тым жырақ. Жолшыбай көктемнің ырғын суы орып кеткен өр, жырадан өтесіңдер. Қалың ши бар... Сондай ұрымтал тұста іштеріңнен келиме қайтара жүріңдер. Қар кетіп, жер беті ашылғасын ыбылыс көбейеді. Далада ұйықтап қалмаңдар. Сайтан соғып, бет-ауыздарың қисайып қалып жүрмесін, — деп, ұстараның жүзіне «Үһ, түһ!» деп түкіріп қойды.
Сол мұң екен, аз сәт тыныш отырған Рәтай басын дөңгелетіп қалып еді, көк құйқаға лып етіп тамшы қан шіпілдеп шыға келді. Сұмдық халге ұшырағанын Саматтың күлімдей қалған көзінен танып қалған Рәтай кесіп кеткен тұсқа қолын жып еткізіп апара беріп еді, атай қағып жіберді:
— Тыныш отыр, сайтанның баласы! Ұстара, байқамасаң, құйқа түгіл, басыңды кесіп кетер, — деп ұрсып тастады. Айтуған ата ұрса білмейді ғой, Рәтайдың жер-жебіріне жеткен түрі сол. — Иә, сол сайтаннан сақ болыңдар! Құдай тағаланың кәріне ұшыраған қызыл көз пәлелер адамды алдап, іші-бауырға кіріп кету үшін әр қилы кейіпте көрінеді. Кішкене лақ пішінде ойнақтап келеді, қыз-келіншек сияқты сықылдап күліп, бұралып та келеді. «Сықылдап күліп», «бұралып» деген заты жеңіл күнәһар сөз аузына абайсызда түсіп кетсе керек, атай осы тұста тамағын кенеп қойды. — Қапы қалмаңдар, түге. Қыз-келіншек болса, алдымен бұрымына көз салыңдар. Оймақтай теңге сылдырлап жүрсе, сары пәлеңнің нақ өзі. Бұрымынан шап беріп ұстап алып, теңгені жұлып алсаңдар, аты жаманның сиқырынан күш кетеді. Ол пәледен қулық құтылған ба! Табан астында көз жасын қол қылып: «Теңгемді қайтарып бер, не қалағаныңды орындайын», — деп құлдық ұрады. Сан ғаламат жақсылықты басыңа үйіп-төгеді. Оған алданып қалсаңдар, құрыдыңдар. Теңгеден айрылған сайтанның бұты бес тиын. Тиіспек түгіл, бес шақырым аулақ қашады.
Шалдың тақымынан ақыл-тақыл құтылып, былай шығып алғасын Самат:
— Әлгі рас па? — деді.
Рәтай жайбарақат.
— Әй, сол сайтаның көзге көрінсе, көрініп кетсе екен. Өзімен Емпіртті басқа көтеріп, құмарды бір қандыратын. Қыз болса, кім дейсің, қыстағы Күләнда секілді селтеңдеген біреу де.
Самат жағасын ұстады.
Сол сайтан күндердің күнінде Саматтың үйінен шықты.
Саматтың мамасы екі кештің арасында сынық мүйіз қоңыр сиырды қораға қамап тастап, үйдің құлпын ашады ғой. Шелек алып шығып, сиыр саумақшы баяғысынша. Түстен кейін Шаһиғаның қаймақ қатқан үнді шайын ағыл-тегіл терді ақ шағи орамалымен сүртіп қойып сораптап ішем деп, сол үйде ақшамға дейін айналып қалған. «Май түсіпті дүкенге!» — деп, Саматты түске таман өзі жіберген.
Сол кеткеннен Самат мол жоқ. Рәтай астырттағы жарды жағалап, көгершін жұмыртқасын іздеп кеткен. Күн демалыс. Жай күндері Рәтай бір тентектік жасаса, демалыс күндері еселеп еліріп кетеді. Екі-үш тентектік жасап қалуы ықтимал. Көктем күні ұзақ. Демалыс Рәтай үшін «Алдына ас қойдым, екі қолыңды бос қойдымның» кебі.
Сонымен, Саматтың шешесі үйге кіріп, ала көлеңкеде сипаланып, кәрәсін шам іздеп жүрсе, үйдің қақ жартысын алып тұрған орыс пешінің іші дүбір ете қалады. Іле жабулы тұрған шойын қақпақтың жиегінен шаң сызаттап ұшады. Танауына күл иісі келеді. «Апыр-ау, бұл не пәле? Мауыққан мысық кіріп кетті ме?» — деген күдікпен жүрелеп отыра қалып, қақпақты ашып қалса... үңірейген пеш ішінде шарадай екі көзі отша жайнаған қазан бас албасты отыр. Ақсиған азу тістері тура пышақтай-пышақтай дейді. «Көтек!» деуге шамасы әрең келген Саматтың шешесі жүрелеп отырған қалпында оң жағына қисая кетеді ғой. Қисайып бара жатып көріп қалғаны — суреті мүлдем сұмдық: басынан аяғына дейін қара күйе албасты пештен атып шығып, шешесін аттай-аттай, үстінен күл бұрқыраған күйі есіктен еңбектеп шығып кетеді
Сәлден соң Самат қан базардың үстінен түседі. Өң жоқ, түс жоқ шешесі жүрегін ұстап, төсекте жатыр. Кәрәсін шамды төңіректеген Шаһиға апай, Шөкей, Айтуған атаның үйіндегі кетік тіс апа кіл үрейлі әңгіме аңыратып отыр. Аршаның иісі аңқиды.
— Соғып кетпегеніне тәуба де.
— Үстіңнен аттап кетті ме? Белің шойырылып қалып жүрмесін.
— Әлгі шал да қақшаңдап, қыр асып кете қойғанын қарашы. Біраз үшкіртіп, пысқыртып алатын. Аршамен аластадық, бағып-қаққаны осы үй болмаса, жолай қоймас енді. Саматың бар, бекем бол, келін қарағым.
— Біздің тобан аяққа: «Колхозға көшейік, қалың ел арасы, жұмысқа да жақын, йен Емпіртте нең қалды? — деп талай құдайдың зарын қылып, қақсап бақтым. Айттың не, айтпадың не, қыстырмайды да. Атау кересін ішіп алып, Емпірт, колхоз арасында қиқалаң қағып келе жатқан өзін сайтан да соғып кетпейді екен, — деп Шөкей Боқайды найза ұшына іліп түсіріп кетті.
— Тек отыр, келін! Жоқ жамандықты басыңа шақырма.
Боқайдан өшін алған Шөкей сол екпінмен состиып тұрған Саматқа тарпа бас салды:
— Шешеңді албасты айналдырып жатқанда, сен неғып айдалада қоңыз теріп жүрсің? Әкең де, шешең де жалғыз Әлима, тістегеннің аузына беріп қойып, өстіп аңқиып тұрмақсың ба?
Самат үндемей құтылды.
Сенбейін десе, пеш алды қорс-қопа күл. Күл бетінде белгісіз жәндіктің адам танығысыз іздері баттиып-баттиып жатыр.
Арша тағы пытырлап жанды, бөлме екінші қайтара аласталды. Ілгек үстіне ілгек қағылды. Ел тарады. Самат саңылау қалдырмай тұмшалап, басына бүркеп алайын десе, қысқа көрпе басына тартса, аяғына, аяғына тартса, басына жетпейді. Қатар пысылдап ұйықтап жататын, әйтпесе, ұйқы алдында бестас, тығылмақ ойнап асыр салатын не іні, не аға, бастан сипап, бастан сипамаса, құрығанда ұрып алатын әкесі жоқ екенін ес білгелі түңғыш рет ойлап қамықты.
Теңгесі түгел кеткен сайтан бой бермей, есіре түседі деген сөз расқа шықты. Саматтың шешесін қорқытқанға дәндеп алған ба, әнеукүнгі сайтан Емпіртті басынып алды. Өзі Рәтай секілді бетімен кеткен сайтан, шамасы. Ақыры ол шіркін Айтуған атаны да адақтап, абыройын айрандай төгіп тынды. Молда-солдалығына түшкірмеді де.
Әңгіме былай еді...
Ол күні Саматтар ауылға жар сала кірді: «Колхозға Алматыдан артистер келіпті. Кешке мектепте концерт қояды екен». Артист десе, колхозымен қосып Емпіртке дейінгі шал-шауқан, кемпір-кепшік, жігіт-желең, қыз-келіншектер қырылып қалады. Заставада екі-үш күнде бір қойылатын киноға бала болмаса, үлкендер жағы аттап баспайды. Шүлдірлеген орысша кинодан не ұқсын. Көбіне сартылдаған коп солдат пен жарқылдаған погондардан жасқанады. Ал артист десе, тік тұрады. Жылына бір-екі рет соғатын олар «Шилі өзен, қамыс-ай», «Зәуреш», «Ақтамақ», «Угай-ай» әндерін тамылжытып айтып, шал-кемпірлерді егілтіп, алғыстарына қосып шүберек түбіне түйген ақшаларын қоса алып кетеді.
Көп сөз не керек, қыр астында Семейге айдалатын қойды бағып, қос тігіп жатқан Ізет, Қанапиядан басқасы Емпіртке кеш түсе колхозға көш болып қозғалды. Бәрі Боқайдың сықырлауық ырдуанына үйіліп-төгіліп мініп, әйдә, тарта жөнелді. Сыймаған Самат, Рәтайлар арбадан озып, құйындатып барады. Иттерге дейін тышқан қуалап, арлы-берлі шапқылап, ырдуанға ере кетті. Делбеге Боқай ие. Кешке таман колхоздан «градусы көтеріліп» келген бе: «Ой, баяғыда мен де әртіс болып кете жаздадым ғой. Мына аяқты оқ жұлып кетпегенде, қатыратын ем», — деп даудырап сөйлей береді. Ара-арасында: «Ақа-ооу, Семей!» — деп барылдап, даусын көтеріп қояды.
Емпіртте қарауыл қалды. Ол — Айтуған ата. Ишанбай халфенің қолын алғалы ол кісі артист түгіл, үй арасының әу деген ойын-сауық дүрмегіне бас сұқпайтын кірпияз мінез тапқан. Былайша айтқанда, «жын-сайтанның ойнағына бола.кешкі намазын қаза қылмақ емес».
Сонымен, Емпірт колхоз кетті. Көз байланғасын шамы жағылмаған үй терезелері бір-бір үңірейген көрсоқыр көзге айналды. Қорадағы қой-ешкінің, сиырдың ыңыранғаны ғана көңілге медет. Басқа тұяқ қыбырлатқан тірі жан жоқ. Күнде аулада суып тұратын қызыл бие екеш қызыл бие де сауық іздеп, ырдуан арбаға жегіліп, колхоз тартқан. Ауыл сыртындағы қалың зираттан байғыз сұңқылдап шақырады. Батырға да жан керек, ал Айтуған ата батыр емес, бар болғаны ауыл арасындағы молда — Стамбулдан дәріс алмаған дүмше молда. Біртүрлі өрепкіген жүрегі лоблып, аузына тығылғандай. Көпті көріп, көп жасаса да, қорқыныштың аты қорқыныш, о л пәлең кәрі-жасқа бірдей. Қора сыртында дәрет алып жатып, емпеңдеп, қозғалақтап келіп қалған қалың шиге көз салып еді, қараңдаған әлдене құбыжықтар келіп қалған ба, жүгіріп-жүгіріп өтті. Түлкі ме, қарсақ па, оны бір құдай біледі: «Е, жасаған, өзің қолдай гөр!» — деп, мінәжат қайыра ішке кіреді, қолы дірілдеп жүріп, кәрәсін шам жағады, жайнамазын алақанымен сылап-сипап жая бастайды. Саусақтарын қос құлағының ұшына апарып, көзін жұмып, ағузбілләні бітіреді. Тізе бүгіп, жайнамазға маңдай тигізе бергенде, есіктің топсасы сықыр ете қалмасы бар ма. Тірі адамға жан керек. Молдекең жаны тіптен аяулы. Жүрегі су етіп, өкшесіне ағып түседі. Еңкейе бере мойнын сәл бұрып, көз құйрығын ту сыртына салса, о, тәңірім, қолдай гөр, есік көзінде сары көйлекті келіншек сексиіп тұр. Астыңғы ерні жыбырлап, үстіңгі ерні қыбырлап, бірдеңе дейді. Ата дым ұқпайды. Күлімсірей ме, немене? Айтуған атаның желкесі тартып, алды бұлдырап сала берді. Сасқаны соншалық, тілі күрмеліп, бісмілдаға икемі келмей қалыпты. Алайда арғы атасы қалмақты қан-жоса қырған керей Арқалық батыр, жас кезінде өзі де жүген-құрық тимеген талай шу асауды шыңғыртып басып үйреткен Айтуған жылқышы атанған емес пе. Орнынан атып түрегеп, терде ілулі тұрған дырау қамшыға ұмтылады. Қамшы қолға тигесін, керемет күш бітіп:
— Ә, албасты, зәу-затың, қара кешті жамылып келіп қалдың ба? Басынайын деген екесің! Ал ендеше, сазайыңды! — деп, келіншекке атандай ақырып ұмтылады. Келіншек пе, сиқыр сайтан ба, иманы тас төбесіне шыққан әлгі сылқым сұлу:
— Ойбай, ата, оныңыз не? — деп басын қос қолымен бүркеп, бұға береді.
— Аташылын... Атаң сенің сары сайтан! Мә, мә! — Ашуына әбден мінген ата бұрылып, үйден атып шыға берген келіншектің жон арқасының тұсы деп, өлер жері осы деп, қамшыны басып-басып жібереді. Жан алып, жан беріскен арпалыс үстінде бұрымына қол да созған екен. Құдай ұрғанда теңгесі ілікпепті. Зар еңіреген сары көйлекті сайтан құлперен қу талқан қашып, қалың шиге кіріп кетеді.
...Содан борс-борс желген қызыл бие жегілген ырдуан түн ортасына жете Емпіртке де жақындады ғой баяғысынша. Әңгіме гу-гу.
— Ойбу, анау әртіс келіншек бетіне бор жағып алған ба?
— Ұзын шашты сері жігіт «Зәурешті» үзіліп тұрып айтты, обалы не керек.
Делбе ұстаған Боқай:
Зарланып саулы інгендей келгенімде,
Басыңды бір көтерші тым болмаса, —
деп аңыратып бергенде, заты сыпайы Шаһиға апай тітіреп кетіп:
— Ил-лай, абзи, қойыңызшы, төбе құйқаны шымырлатпай, — деп, аяғына жығылғандай жалынып жатыр.
Шөкей болса:
— Ақақу-сәкәкуге жылап кеткен он теңгем-ай! — деп ернін сылп еткізді.
Бір уақытта бүлкектеп артта келе жатқан Құттыаяқ шапқылап алға түсіп, абалай жөнелді. Өткен күзде сынған алдыңғы оң қолы ішке қарай иіле біткен. Кем болдым, қатарымнан қалдым деп қайғырып жүрген Құттыаяқ жоқ. Үш аяқтап шапқылағанда сау итіңнен озып кетеді. Және де аяғы сынғалы құрбы-құрдастары өзінен қорқатын болды. Небір қотиын төбеттер: «Мына елден ерек үш аяқты пері тегін емес, не де болса, бас амандап, аулақ жүрейік», — дей ме, Құттыаяқ көкірегін соғып кеп қалса, құйрықтарын бұтына қысып, бет-бетіне зыта жөнеледі. «Жә, ит неге үрді?» — деген оймен бәрі ошарылып үңіліп еді, біреу ай астында орамалын қолына алып, ызғытып келеді.
— Мұнысы кім?
— Түн ішінде безіп жүрген қай бейбақ?
Әлгі адам жақындай бере шашы бұрқыраған келіншекке айналды. Келе Шаһиға апайды бас салды. Пора-пора жылап:
— Тәте-ау, қайда жүрсіз? Қор болдым ғой, қор болдым! — деп сыңсуға басты.
Сүт пісірімнен кейін мән-жай анықталды. Айтуған атаның қамшы астына алып сабаған «сайтаны» Ізеттің аудан орталығында тұратын Қаділбек деген баласының келіншегі, баяғы пысық Күләнданың шешесі екен. «Кемпір-шалдың (елуді жаңа орталаса да, Ізет аға мен Шаһиға апай келін түсіргесін, кемпір-шал атаныпты) халін біліп қайт», — деп, Қаділбек жеңгейді түске таман жолдас шоферінің машинасына салып жібермей ме. Салдамасы шыққан ескі машина жол ортада бұзылып, колхозға жеткенше кеш түсіпті. Колхоз бен Емпірттің арасында онсыз да ыза қысып келе жатқан шофер: «Емпірт, әне, тиіп тұр. Колхозға артистер келіпті, концерттен қалып қоямын», — деп келіншекті түсіріп, өзі шаңын бұрқ еткізген. Жүрегі суылдап тоқтамаған келіншек Емпіртке дедектеп жетсе, тастай қараңғы. Айтуған атаның терезесі ғана жылтырайды. Келіншек жарықты көңіліне медеу тұтып, есікті аша берсе...
Ар жағы белгілі.
Ертеңіне ел бетіне қарай алмаған Айтуған ата таңсәріден атқа қонып, малшылар ауылына тартып кетіпті. Содан ай жүріп оралды. «Молдалығы да, сайтан-сапалағы да өзімен құрысын, бәрін тәрк етіп, тастадым», — деп мойнына орамал салып отыр. Ел не десін, дұрыс деді.
II
Жігіт бұрынғы төрт үй, қазіргі төрт төмпешіктің ортасында тұр. Бұл жерде ширек ғасыр бұрын өмір аяңдап жай ағынмен өтіп жатты, түтіні бірде түзік, бірде үзік төрт үй арасында томпалаңдаған екі бала асыр салып ойнап жүр...
Іргелес жатқан екі колхоз бір совхозға айналып, көзі ашылып, көкірегіне жел кірген қалың ел: «Бала оқытамыз, тоқытамыз, адам құсап қалың жұрттың арасынан қоныс тебеміз», — деп сол жылдары отыз шақырымдық орталыққа үдере көшкен. Қытаймен әуелі қарым-қатынас, сонан кейін сауда тоқтағасын, арғы беттен шаңды аспанға көтеріп улап-шулап келетін отар-отар қойдың алды қайрылғасын, Емпірттің көші қайтып түзелмеп еді. Көбеңсіген елдің алды Саматтың үй іші болып, Емпіртті қар аралас жауынды қара кеште тастап шыққан. Емпіртте өскен сол бала бүгінгі күнде алыс-алыстағы астанада тұрады. Қар, жауыны аралас қара кештен бері туған жердің топырағын басып отырғаны осы. Ескі жұрттың орнын сипап, күлін сапырып қалды. Сайтанына дейін сағынып келіп еді. Оқыған жұрт сайтанға сенуді қойған соң, кім білсін, бұл өлкені тастап кетті ме әлде көбейіп кеткен трактор, машинаның гүрілі құлақ тұндырып, жол бермегесін: «Қой, жер бетінен тыныштық қашыпты, аш құлақтан тыныш құлақ, бас аманда жолымызды табайық», — деп, қайғы басып, құса болып, аспанға ұшып кетті ме?
Туған жердің сайтаны да ыстық екен. Радио, телевизор, электрі жоқ мылқау ауылда ерігіп, тиісерге қара таба алмай жүрген Самат пен Рәтайға сайтандар үшінші ойын баласындай сезіліпті. Көздері көрмесе де, сыртынан тон пішіп, әңгіме етіп, қарадай үркіп, әлек-шәлектері шығыпты. Қажетінде өздері де сайтан болыпты. Сайтан болған емей, немене, баяғы пештен шығып, шешесін шошытқан албасты Рәтай екен. Шөкей мен Саматтың шешесі Шаһиға апайдың күрең шайын сораптап отырғанда терезенің онсыз да сылқылдап тұрған бос әйнегін алыпты да, үйге кіріп, пешке жып беріпті. Рәтайдың өзі айтқасын барып ел санын соғып қалған.
Иә, сайтан түгіл, сапалақ жоқ демекші, ел түгіл, Емпірт жоқ. Ерте көктемде көлденең көк атты жолаушы лақтырған тұқылдан от кеткен бе, Саматтардың тұсында иін тіресіп, сары қолдай сыңсып тұратын ши де өртеніп тыныпты. Мына бой түзеп үлгермеген қияқ ши — биыл көктеген балауса ши.
— Шықылық, шықылық!
Жігіт селк етіп басын көтеріп алды.
Өзен иреңдеп жатқан сайдан көтеріліп ұшқан қос сауысқан астырт қабағынан қылт етті. Бермен қарай салып келе жатыр. Жігіт ұмсыныңқырап, екі-үш қадам басты. Құйрық тістескен сауысқандар екпіндеп таяй берді де, жалт берді, бағытты басқа жаққа түзеді. Мұны түстеп танымады... Танымады дегенде, өкпесі қара қазандай. Білуге, тануға тиіс сауысқандардың көзін Рәтай екеуі құртпап па еді. Қара бояуға салып, құйрықтарын кескесін пұшайман болған пақырлар мысықтардың тырнағында шырылдап кете барды. Мынау екеу сол бейшаралардың балалары, әйтпесе немере, шөбересі шығар. Құйрықтай керек мүшеден айрылған сауысқандар үй-үйдің арасында тоңқаңдай шоқақтап жүріп, төбесінен өбектей шықылықтап айналып өткен әке-шеше, туған-туысқан, дос-жарандарына зар айтып, мұң шақпады деймісің.
Жігіт төмен қарады.
Сол сауысқандар түгіл, немере-шөбересіне қарауға бет қалмапты.
Қарасудан бері қалың шиді қақ жарып, ауылға, дұрысы, ауыл орнына жете жығылатын айдау жолдың үстінен жалғыз қара көрінді. Жігіт күн салып, ұзақ тесіліп еді, атты ма, жаяу ма, пошымын айыра алған жоқ. Әйтеуір тұнып тұрған қалың нуды бел ортадан кешіп, бір жоғалып, бір көрініп, ұдайы үлкейіп жақындап келеді. Иен құла дүзді кезген кім екен? Әй, осы... сайтан болып жүрмесін!
Жігіт асыға басып, ілгері жүрді.
Жаз — жайлау
Мұзтаудың қар қонақтаған құзар шыңына қарағың келсе, қалпақты шешіп, қолыңа ал; өндіршек үзіле шалқайғанда басыңнан түсіп қалмаса, қолыңды бері әкел. Аспанға атылып, жеке-дара оқшырайған шыңның етегін басқан аласа таулар бірінші кластықтар құсап бұғып-бұғып қалған. Мұзтау ғұмыры стол қасындағы орындыққа құйрық баспай түрегеп жүретін — төрт класқа жалғыз езі сабақ берсе, жайланып отыру қайда — Кәрім ағай тәрізді оқшау, өр. Қабағына қар қатып: «Әй, екілік қойсам ба, жоқ па?» дегендей тұнжырап, қоңыраяды да тұрады. Қиялата нөсер соқса, заңғар кеудеге біткен зор дауыспен жер-дүниені көшіре күркірейді-ай кеп. Ондай аламат күркір белес-белес таулардың астында қалып қойған Емпірттегі Рәтайдың да құлағын шулатып жатқан шығар. Қалың бұлтты нажағай жарқыраған ақ семсермен тігінен де, көлденеңінен де тіліп-тіліп, бұлт арасында диюлар айқай-сүрен салып, шайқасады да жатады. Самат: «Диюлар гүрзі шоқпармен салып-салып кеткенде, Мұзтау құм, тасқа айналып, быт-шыты шығып, шегіп кеткен шығар», — деп зәре-құты қалмайды. Мұзтау шөгіп, төбешікке айналса, ар жағынан арқыраған құбыжық бас салатындай көрінеді де тұрады. Ертеңінде шайдай ашық күн астында бет-аузын кешегі жаңбыр суына шайып алған Мұзтау жасарып, бұрынғыдан да өңі кіре түсіп, міз бақпай төбеден төнеді.
Саматтар киіз үйді Мұзтаудың қойын-қонышынан сапырылып төгіліп жатқан өзенге құлдилап, түйетайлы қабақтың желкесін ала жатқан жазыққа тіккен. Биік тау, ну орман ығын паналаған оймақтай киіз үй самұрық тастап кеткен жұмыртқадай доп-домалақ. Күн күркіресе, киіз үй қорыққанынан селкілдеп сала береді: сыпыра соққан жел екпініне төтеп бара алмаған уық сықырлап, шаңырақ шайқалады. Әйтсе де, киіз үйдің жаны сірі: таң ата бүлк етпей жусаған қалың шалғын арасында монтиып отырады.
Биылғы жаз жаңбырды тобықтан кешіп жүр. Айдалада көкжиекке бұлт ілінсе, бірден көресің де, алдын ала қам жасап, үйге жетіп алу үшін тұра жүгіресің. Даланың ондай кең қолтық заңы жайлауға әсте жүрмейді. Шуда бұлт онсыз да аспанның жартысын алып тұрған таудың иығына түйдектеле дүркіреп шыға келіп, нағажайын жарқылдатып, көз жасын төгіп-төгіп тастағанда, түндікті әрең жауып үлгересің. Ол кезде киіз үй төңірегі қым-қуыт. Апасы басқұрды тартып байлап, аша бақанмен түндікті түрткілеп жатады. Самат су болып қалмасын деп, ішке қу тобылғы мен май шілікті қолтықтап кіргізеді, дөдесі — Самат атасын дөде дейді — үйді айналдыра жерошақ қазып әлек; бұл өрден қашқан жаңбыр суының іргеден үйге кіріп кетпеуі үшін ерте бастан жасалған қам. Дөдесі: «Ал Қатима, қазан-аяққа ие болыңдар!» — дейді. Сосын жирен бестіге аяқ арта беріп, күркілдеп жөтеліп алады да, өрістегі қойға тепеңдей жөнеледі. Отарға биыл келіншек алып, әке-шешесінен бөлек шыққан Әбілқасым ие. Неге екені белгісіз, көмекші шопан ұйқышыл. Отар шетінде аузынан сілекейі шұбырып, сілесі қатып ұйқы соғып жатқанда, ферма басшылары үстінен түсіп, дөдесі сөз де естіп қалған. Әнеукүні тобылғы түбіне жатып қалған ақсақ саулықты дөдесі тауып әкелді. Содан бері дөдесі жауын-шашында отар алдынан шығып, бар қойды біріндеп көз алдынан өткізбесе, ішкен асы бойына батпайды. Және бір қызығы, отардағы бар саулықты түстеп танитын ғаламат зерек. «Шіркін, партаға отырғызып оқытса, кілең бестік алып, Кәрім ағай бек риза болар еді», — деп ойлайды ондайда Самат. Іле дөдесі оқып кетсе, класта бәрінен де озып кететінін, Саматтың «ең, ең озық оқушы» деген беделі түсетінін тағы есепке салады да: «Жас балалардың ортасында сақалы сапсиып қалай отырады, одан да қойын бағып жүре берсін», — деген шешімге келеді.
Жауын-шашынды күндері аю құтырып кетеді. «Бәленшенің отарына шауып, қой сүйреп әкетіпті, түгенше қойшының өзіне қарсы ұмтылыпты» деген алып қашты сөз дүркін-дүркін естіліп жатады. Мылтығы шошайып, Ойқарағайдың барлық аюына сес көрсетіп бара жатқан дөдесінің екі бүктетіліп отырған кейпіне Самат іштей әрі күледі, әрі аяйды: жайшылықта кесірткеден қорқатын дөдесі мал амандығы десе, жанын қоярға жер таппай құрақ ұшады, өйткені, дөдесінің шыбын жаны мұрнының ұшынан ұшып кете барса, апасы мен Самат, Саматтың шешесінен басқа ешкім шұрқ етпейді. Отардың жаны колхозға тиесілі, одан шетін шықса, дөдесінен бастап, ферма меңгерушісі, колхоз директорына дейін ұлардай шулайды. Қысқасы, колхоздың артық бұрауының да сұрауы бар. Әйтсе де, атасының да жаны жеме-жемге келгенде аяулы екен. Оны жайлауға көшіп келіп, шаңырақ көтерген күннің ертеңінде, елең-алаңда білген...
Сол түні Ойқарағайдың тұнып тұрған қойнауларына ұбап-шұбап кеп қонған малшылар үйге жиылып, былбырап піскен марқа қозының басын жеп, кеш тараған. Дөдесі — қол-аяғы жерге тимейтін айтулы қиссашы домбырасын тыңқылдатып, «Бақтиярдың қырық бұтағын» түгендеп, тауысам дегенше, түн ортасынан ауған. Қатты талығып, айқасқан кірпіктерін жазуға мұршалары келмей, қалың ұйқының құшағына қыстығып кеп құлаған.
Самат біреу түртіп қалғандай оянып кетті. Уық пен кереге сықыр-сықыр етіп, киіз үй шайқалып тұрғандай мезгіл екен. Жабылмай қалған түндік желпілдеп, үзікбау уық сыртынан сарт-сұрт соғады; төбедегі сөне бастаған солғын жұлдыздар билеңкіреп кетеді.
— Тұр, шал! Дауыл, ұшырып дауыл кеп қалды! Қасқыр маңайлап жүр ме, өзің шықпасаң, отар үркіп, маған қайыру беретін түрі жоқ. — Түнгі күзеттен келген апасының даусы қарлығыңқы. Қобырайтып күпі киіп алыпты. Көрпе астынан сығалап жатқан Самат: «Апам Толстойдың «Үш аю» әңгімесіндегі апа аюға ұқсайды екен», — деп ойлай беріп еді, дөдесі аһылап қоя берді:
— А! Не дейсің? Балақ бауым қайда? — Киіз үстіне салған төсекте бобырап, төңірегін сипалап отыр. Шоқ-шоқ, өзіне де сол керек, түнде «Бақтиярдың қырық бұтағы» деп, домбыраны сабалап, өзіне де, жиналған жұртқа да, ақыр аяғы, апасы мен Саматқа да ұйқы бермей қойып еді. Сықырлаған уық сынып түсердей майысып-майысып кеткенде сескеніп қалған Самат көрпесін серпе беріп еді, атақты қиссашы жатқан іргеден ақ көйлек делбеңдеп көтеріле берді.
— Жау! Ойбай, жау! — деп барқыраған жаман үн шықты. Ағараңдаған дөдесі ортадағы ошақты, көпсіп жатқан күлді аттап, сыртқа атып кетті.
— Қайдағы жау? Мына шалды жын қағып кетті ме?
Көрпеге оранып алған Самат пен апасы апыр-топыр сыртқа шығып еді, балағы желпілдеген ақ дамбал мен жел үрлеген арқасы күмпиген көйлек құйындатқан күйі сай табанындағы қалың қызылқат пен кек бояудың арасына сүңгіп барады екен. Әбілқасым отауынан басына шапан жамылып шыққан жас келіншек Рәбиға (көмекші шопан дауылды миземей, ұйқының көкесін танытып жатса керек):
— Бетім-ай, дөдем бе мынау? Ұят болды-ау! — деп, шыққан ізімен ішке жып беріп сүңгіп кетті.
Желке түс ойран-топыр. Тас тебе таза. Есесіне батыстағы кермиық жотаның қалың қара шашы тік тұрып, жайыла желбіреп тұр. Енді бір айналып қараса, қара шаш дегені өріп шығып, саулап келе жатқан түйдек-түйдек бұлт екен. Қотандағы қозы, саулықтар жарыса маңырап, у да шу. Құйрықтарын қайқайтып алған Алыпсоқ пен Ақтөс абалап, жағы тынбайды.
Есік алдында көзін уқалап шыққан борбас Әбілқасым:
— Не болды? — дегенше, сай жақтан:
— Қатима, а, Қатима! Бармысың, бадалып қалғыр! Әпкел бешпент, шалбарды! — деген дөдесінің барлыққан даусын жел жеткізді.
— Не, не? — Кекештеніп қалған Әбілқасымға жауап қатуға шамасы жоқ апасы көзінен аққан жасты сүрткілеп: — Алжыпты мына шал... Балақ бауын іздеп, жерді сипаласа, қолына сұп-суық әлдене іліге кетпей ме... Жүргенге жөргем ілігеді... Иреңдеген жылтыр көз жылан екен... Ұзынқұйрық десе, шалдың төбе шашы тік тұрып, Тескен тау өтіп кетпей ме. Өй, қақбас! Қай тесікке кіріп кетті жыланы... Басына ақ құйып жіберетін! — дейді.
Дауылдың демін жүз шақырымнан сезетін жылан қорғалап кеп, адам тынысы жылытып тұрған киіз үйге іргеден жорғалап кіріп кетсе керек. Ірге әлі ашық-шашық, етегі топырақпен бастырылмаған. Дөдесі қашаннан қорылдап ұйықтайды. Сасқан жылан қорылды ес тұтып, аяқ жаққа иретіліп жата кеткен. Жыланды дауыл емес, домбыраның тыңқылы мен дөдесінің түні бойы барқырап айтқан қиссасы жетелеп әкелуі ықтимал. Заставада әнеукүні көрсеткен үнді киносында қауға сақал, орақ мұрын, дағарадай сәлделі шал сыбызғы ойнатып еді, құйрығының ұшымен тік тұрған жылан мың бұратылып билеп берген. Сәлделі шалдан атасының қай жері кем. Қос ішекті, бір тиекті, он екі пернелі жуан қарын, шөміш бас домбыра оқтаудай ғана сыбызғыны жолда қалдырмай ма.
— Жаңбыры жиі жайлаудың жыланында қауқар аз. Шеп басы қатайып, күз түскенде кездесіп көр, уы сеспей қатырсын. Қайда әлгі иреңбай? — деп, апасы мосымен төсекті түрткілеп, көрпенің қора-қопасын шығарып жатса, сай жақтан:
— Өлімісің, тірімісің, Қатима?! Әлгі пәлені керсең, басына ақ құй да, жайына қоя бер! — деп дөдесі «ата жауына» жаны ашып, сұңқылдап отыр.
Жылан сол жоқтан із-түзсіз жоғалды. Әнеукүні қисса айтып беріп, онымен қоймай, дауылда пана болған дөдесін қорқытып алғанына қатты қысылып, тайып отырыпты.
...Жаңбыр құйып тұр. Көй-көйлеген дөдесі мен Әбілқасым көз байлана қойды қотанға әкеп иірді. Апасының шапанын иығына ілген Самат отардың бір шетіне шығып, пысықсып жүр. Ақтөс пен Алыпсоқта үн жоқ, әншейінде шүйірмектей иіріліп тұратын құйрықтары қазір салбырағаннан салбырап, жер иіскеп қалыпты. Өздері кіп-кіттей. Саулық, қозылар да соның кебін киген. «Бұл қалай?» Таң қалды. Байқастап көрсе, таң қалатын түгі жоқ; иттердің де, қойдың да күн ашықта жел үріп, қобырайып, көпсіп тұратын жүні су тигесін басылып қалыпты.
Кіре аһылап-уһілеп төрге құлаған атасының күләпәрәлі шекпенін апасы қағып-сілкіп алды.
— Ұрынып қалыпты дөдең. Қауқиған кеудесі болмаса, не денсаулық бар дейсің. Мен шай қойып жіберейін. Бой жылытып, үсті-басы кепкенше қойға ие бол, құлыным. Әйтпесе, ығып кетер. Қорықпа. Әуелі құдайға, сонан соң өзіңе сыйын! — Апасы Саматты алыс жолға аттандырып тұрғандай елжіреп бетінен иіскеді. Иығынан шапанды шешіп, сулық шекпенді ілді. Дөдесі: «Иә, апаң дұрыс айтады, ұрынып келдім, қойға бас-көз болғаның жон» дегендей, күшене жөтеліп қояды. Саған қарағанда, апасына ептеп еркелегісі келе ме, немене?
Жарық үйден қараңғы сыртқа шығып еді, шекпені былдырлап сөйлеп қоя берді — күләпараға тамшылар дыбырлап тынымсыз құлап жатыр. Бірінің қолтығына бірі басын тығып алған қой онсыз да иіріліп алған. Сырт қараған адамға басы жоқ қойлар сығылысып тұрған сияқты. Бір уақытта былдырлаған шекпен барабандата жөнелді. Лезде ақ түтек орнады. Бұршақ сартылдап тұр. Иегінен тамған тамшы жағасының ішіне құлап, кіндігіне қарай сырғып беріп еді, Самат шекпенінің етегін қарнына қыса қойды. Тамшы тоқтады. Шет қалған қойлар қиялай дүркіреген бұршақтың тегеурініне төтеп бере алмай, маңырап жіберді. Жау жоқта адыраңдап, алшаңдай басатын Алыпсоқ пен Ақтөстің жаны тым тәтті екен, қыңсылап, киіз үйдің ығына қойып кетті. Кенет соққан бұршақ тез басылды. Жаңбырды өзімен бірге ала кетті. Бірақ апам кетсе, жездем бар екен. Алып аңғарлардан жер бауырлап жорғалап шыққан тас қараңғылық бір уыс отар мен күләпара, таяғы шошайған жас баланы төрт құбыладан қоршап, қос бүйірден қысып берді; үйу, неткен қорқынышты! «Емпірттегі көп сайтанның біреуі бізге еріп, жайлауға келіп қалмады ма?» Суық ойдың сұсы сескенткен Самат:
— Айтақ, айтақ, Ақтөс! Алыпсоқ! — деп қалай айқайлап жібергенін білмей қалды. Сенген Алыпсоқ пен Ақтөс жерден бауырын көтере беріп, жалқау үріп, «қайт дейсің, шама-шарқымыз осы» дегендей, бауырына басын тығып, иіріліп жата кетеді. Қу өздері! Астына басып жатқан құрғақ жерді су қылғысы келмейді. Есіктің жапсарынан жалпылдаған от қана жұбаныш: оның өзі кейде жанып, кейде өшіп, өлімсіреп қана түр. Сөйтіп, ес кетіп, жан шыққанда қос төбет атып түрегеп, сай жаққа аламан тасыр шапқылай жөнелді. Арсыл өшіңкіреп барып, қайта күш алды, шегіншектей үрген екі ит жақындай келе бұрылып алып, киіз үйдің ығына жып берді. Саматқа да керегі сол, шекпенінің зілдей етегін сүйреп, киіз үйдің жабығын айқара ашып жіберді де, таяғына шалыныса-малыныса ортадағы отқа түсердей ентелеп кіріп келді. Екі көзі шарасынан шығып кеткен. Кесе шайды алақанында дөңгелетіп отырған дөдесі мен апасы:
— О не?
— Не болды? — деп, бастарын жұлып-жұлып алды.
— Аю! Отарға аю шапты!
Сыртта қой дүрілдеп үрікті. Атасы ақ жаулық шетін қайыра салды, орнынан тұрды, керегеде ілулі тұрған он алтыны жұлып алды да, жабыққа аузын сұғып жіберіп, басып салды. Мылтық шаңқ етті. Иттер ойбайын салып қыңсылап, үріккен қой үйді басып кете жаздады.
Апасы оң алақанындағы қызыл гүлді кесені әспеттеп көтерген қалпынан танбай, иреңдеп ұшқан күлімсі көк түтінді сол қолымен жайқай жасқады.
— Өй, антұрған, үйдің ішін сасытып... Ертең күйе түшкіретін болдық. Мықтылығыңды көрейік, тым болмаса тұмсығыңды жабықтан шығарып атпаймысың? Қырым еті жоқ қауқиған жаман шалды аю қайтсін. Қойдың семіз біреуін жетектетіп жіберші, жыланы қайтар ма екен? Мазаны алды ғой мына май табан, — деген апасы шайын әрі қарай сораптай беріп.
Жабықтан Әбілқасымның құп-қу бір уыс беті көрінді. Шалық шалғандай, ыржалаңдап күле береді.
— Ой, ата, ат-тып тастай жасдадыңыс... Мына бұрсақта, — деп, қорыққанынан тілі күрмеліп қалған ба, «ш», «з»-ның орнына «с» деп қаңғыды. — Қой ығып кетер деп, жылы орнымды суытып, сыға сапшам... Тақтөбемнен су- у... Еһе, еһе! — деп, су сорғалаған қалпағын шешіп, аударып-төңкеріп, қарап алды. Сосын тықыр құйқасын сипап тастап, алақанына үңілді. — Еһ, еһ, тимепті, тимепті.
Әңгіме былай екен. Қылшылдаған жас емес пе, Әбілқасымды жаңбыр мойыта қоймапты. Кезең астында отырған Жапабай ертең ойға түседі деген сыбыс естіген соң, сіріңке, қант, шай тапсырмақ болып, отарды қотанға иіріп, кештетіп атқа қоныпты. Жапабай біраздан бері әңгімелесетін кісі таппай, ерігіп отырған ба: «Қалтаңа шоқ салып ала келгендей асыққаның не?» — деп, бары мен жоғын Әбілқасым алдына жайып салыпты. Жаңбыр бұршаққа ұласып бара жатқасын, отырған жерінен су шығып, атын қызыл май ғып бері шауыпты. Ішіп отырған шайы сол күйі қалыпты. Қазықбау шалып, атын байлап тастап, үйге кіре бергенде от жарқ етіп, оқ төбеден зу ет-кен ғой...
* * *
...Тырсыл да, сыртыл да жоқ, тып-тыныш... Төрде көрпе үстіне шекпен, күпіні қабаттап жамылған атасы «һүһ! һүһілеп», тасыған сүтті үргілеп жатқандай тыныс алып, ұйқының көкесін танытып жатыр. Кешегі жауында ұрынғаны рас екен. Айқара ашулы тұрған есік аумағы рамкедегі суреттен аумайды; қарсы қабақ қарауытқан қорым жартас, жартас төбесінде ешкімді бетіне қаратпай жарқыраған күн өз-өзінен балқып, жайлап дөңгелейді. Неше түрлі хош иіс киіз үй ішін кернеп алған. Жерошақ қасында жүрелеген апасы шөп машинасының пышағымен қазан қаспағын шақыр-шұқыр қырады. Әлдебір қиырдан қозысын іздеген қой барылдап маңырайды. Үш сирақты қара мосыға асылған шәугімнен бұрқылдаған бу қақпақты көтеріп-көтеріп тастап, екі иінінен дем алып тұр. Мосы астынан көк орамалын бұлғай көтерілген түтін жоғары көтеріле беріп, сілтіге салғандай тез ыдырап, ауада еріп барады.
Сыртқа шыққасын құйылған күн сәулесіне бетін тосты, есінеп, керілді. Таңертең күн ашық, шуақты болса, әншейін онды-солды керіле бергің келеді екен. Керіліп-созылу бір жағы апасына: «Апа-ау, мен тұрдым ғой, шайың мен тоқашың, қант-кәмпитің әзір ме?» — дегені. Жеңін қарына түрген апасы бүгін немересі дегенде іші-бауыры езіліп түр екен:
— Тұрдың ба, құлыным? — деп жейдесінің етегін көтеріп, кіндігінен құшырлана иіскеп тастады да, ойда жоқта шырт етіп: — Түрің құрғыр... Жу ана сатпақ-сатпақ бетіңді! — деді. Іле қайта мейірленді. — Ұйқың ашылсын дегенім ғой. Кеше Әбілқасым Жапабайдың үйінен қалтасына құлақ сала шығыпты, бетіңді жусаң, турап беремін. — Құлақты естігенде Самат шала байып қалды.
Киіз үйді айналып еді, желкедегі нар жотаның жап-жасыл беті шұп-шұбар нүктелер. Ен шалғынға тістей қатып жабысып қалған мыңғырған қой. Тас үстінде шошайып отыр ма, Әбілқасымның: «Көй, көй! Әй, қайт кейін, кебенек! Кебенек келгір, аяғыңды сындырамын!» — деген үні талып жетеді. Аяғының сынатынын білмей, сақалын сүйрете отардан озып кетіп жүрген көк серке баяғы. «Е, мен де қасыңдамын, айқайыңа түп-түгел қосыламын. Көк серке ме, көк серке кебенек аяғының сынатынын білмейтін есалаң ғой» дегендей, Ақтөс пе, Алыпсоқ па, әйтеуір, қос көзелдің бірі тау жаңғыртып үреді. Мұзтау тақия етіп киген қар аппақ, ондай шағырмақ аппақты Самат ғұмырында көрген емес. Жасыл мауыты шапандарының өңірін ашып жіберген қарағайлар алысты көздеп, серейіп-серейіп тұр. Арасынан сауысқан шықылықтайды, ұлар құрылдайды. Сай табанында тастан тасқа секіріп, жосылып жатқан өзеннің гүрілі күшейе түскен, түндегі қалың нөсерден соң еселене, еліре тасып жатыр.
Көңіл қатты өсіп, басын көтерсе, апасы қырғышты қазан түбіне апара беріп, өзеннің арғы қабағындағы құлама жартасқа қарап қатып қалыпты. Көлеңке ұялаған тік беткейге бұ да көз салып еді, дым керген жоқ, тек иықтан құлаған жолақ-жолақ сәуле ішінде қызыл, жасыл шеңберлер ырғатыла ойнап, көшіп жүр.
— Апа, о немене?
Апасы мойын бұрмастан:
— Елікті қара! — деді.
Жаңа көрді, шынашақтай елік көлеңке құшағында қия бетті қиып өтіп жатыр. Еліктің соңында ебелек қаққан тырнақтай лағы бар! Былайда да өзінен өзі тас құлап, өзенге күмпілдеп түсіп жататын тік беткейден шаң ұшырмай секектеп барады. Қиялай салып, жотаға шықты да, жалғыз-ақ қылт етіп, иықтан әрі асып кетті.
Түні бойы қарағай ығын паналап, әбден жаураған болды. Дегдіп қалған күнгей бетті іздеп барады. Қос қолтығынан қос періштесі көтерген ғой, әйтпесе, шыбын ызындаса, салдыр-күлдір тас домалайтын құламадан аман-есен өту төрт аяқты жануардың маңдайына жазылмаған қиямет. Есінде жүрсін, қарғам, жер үстінде жыбырлаған жануар атаулының қолдап, қорғап жүретін иесі болады.
— Апа, апа, ендеше, Мұзтаудың иесі кім?
Апасы қазанды шайып жатып:
— Есіңнен екі елі шығарма, құлыным, осы өлкедегі жан-жануар, өсімдікке алдымен Мұзтау ие. Анау жатқан сіреу мұзды көріп тұрмысың? Мұз астында пайғамбар заманынан ұзындығы алпыс алты құлаш айдаһар қатып жатыр, — деді көмескі үнмен. — Иса пайғамбар айтып кетіпті: осы тау-таста өріп жүрген жан-жануар құрып таусылған күні мұз да еріп бітеді. Әне, сонда қатып жатқан алпыс алты құлаш аждаһаға жыбырлап жан кіріп, бас көтеріп, етекке иретіліп түседі екен де, алдына келгенді қақшып, аузына тастай береді. Не қоймайды, не тоймайды. Айтуған атаң айта беретін ақыр заманың сол.
Самат тітіреп кетті.
— Апа, апа деймін, жан-жануар неге таусылады?
— Е, қайбір таусыла қояйын дейді. Адам ниетінен табады. Араны ашылған өз қомағайлығы өзіне жау. Адамзат бұзылды: көбінің қолында бір-бір қара көсеу. Соңынан ерген жан-жануарға қасқырша тиіп, қырып бара жатыр. Көлденең келгенді, көзіне көрінгенді тарсылдатып атып, жыға береді. Күрс-күрс көк түтіннен көз ашпайтын болдық. Қырылып жатқан көп арқар, еліктің киесі күндердің күні айналып кеп соқпас деймісің. Қыз кезімізден осы... — «Апам да қыз болыпты...» — деп ойлады. Оған апасы қашан да өстіп белі бүгіліп, қазан түбін қырып отырған кемпірдей көрінетін. — Ойқарағайда марал өкіріп жатушы еді. Тас-тасында тарғыл барыс арқар аңдып, сығалап жататын. Бұл күнде әр сайда домалап жатқан қу бас пен арбиған мүйіздерін санап қалдық. Жеті атасынан тук көрмей өскен мұндар немелер қозы-лағына дейін тым-тырақай қуып, таза қырып барады. Соқыр Сәрсен екеш Сәрсен де алдыңгүні аю атып жығып, Зайсанның базарында етін сатып, жырғап қалыпты. Аналық аю екен. Қонжықтарын есік алдына ит орнына байлап қойған көрінеді. Біреуін төбет талап өлтіріпті.
«Аждаһа тірілсе, тірілсін... — деп ойлады Самат, мана тітірегенін тас ұмытып. — Тірілсе, елік қуған аңшыларды қылғи салар еді, соқыр Сәрсенді мылтығымен қосып, басын аяғына бір-ақ бүктеп жұтып қояр еді. Алдымен дөдесі, апасы, Әбілқасым, Рәбиға, Алыпсоқ пен Ақтөс және өзі жайлаудан ойға түсіп болсын».
* * *
...Лағын ерткен елік құлама жартасты қиялай өтіп кеткен кезде Саматтың бойы тобылғыдан аспайтын. Қазір, шүкір, қызылқатпен бірдей. Өйткені Самат дөдесінің артына мінгескен. Кісе белбеудің — оның өзі дөдесіне әкесі Ахметтен, Ахметке әкесі Жылқайдардан, Жылқайдарға әкесі, яғни Саматтың бабасы Сүлейменнен қалыпты — кемерінен мытып мықтап ұстап алып, ернін жымқырып отыр. Апасы: «Үйбай, жаным, Саматай, күн сайын ауырлап бара жатыр ма, белім кілт ете түсті», — деп қойып, мұны қолтығынан көтере бергенде, атасы ат үстінен еңкейіп, артына дік еткізген, дік еткізгенде: «Көзіңе қарап отыр. Башпайыңды аттың шабына тигізбе, тисе, мөңкіп жығып кетеді», — деген. Ол дегенді Самат ұмыта жаздап отыр. Жаңбырдан соң жайнап тұрған табиғат өзіне қаратпай, басқаны ұмыттырмай қоймайды.
Жирен бесті кекілін жиі желпіп, әредікте қи тастап, жел шығарып, қорқ-қорқ желеді. «Жирен бесті Кәрім ағайдың қолына түссе, бәлем, мына қылығы үшін тәртібіне әдемілеп тұрып «екі» қояр еді. Дөдемді қойшы, бұл күнде көріп жүрген құқайы, еті үйреніп кеткен. Менен ұялсайшы», — деп іштей кіжініп қояды. Атасы басқа күндері «Арқалық батырды» мұрын астынан ыңылдап, жирен бестіні аяңнан асырмайтын. Бүгін Сарқайқаңды жайлаған Қуат аулына асығып бара жатыр. Дүйдей колхоз бастығы, білдей ферма меңгерушісі бар, бар атқамінер сол орденді шопанның үйіне бүгін, айт күні үйіліп-төгіліп түсіп, бас қосады екен. Қойдың өрісін тауып, жақсылап жаюға, бастықтардың жайын таба білуге бар да, ән-күй, сауық-сайран, күпілдек жел сөзге жоқ Қуат кеше Әбілқасымнан сәлем айтыпты: «Бастықтар жиналмақшы. Үш қойдың басын кестім, чорту. Дөдеңнің бір-екі қайырмасы бар. Сәлемім түзу еді. Құрбан айт — құдай жолы, бізге ертең бас сұғып, мыналарға бірдеңе деп берсін. Чорту, мұрынға су жетпей жүргенде, шаруадан қалдырды. Чорту!» — деп, науаға түз жаймалап тұрып, басын жерден көтермей көп күңкілдепті.
Қуат чорту не десе, о десін, Самат көңілді. Түнде өзін киіз үйге қуып тыққан аю оқиғасы, жалмауыз абжылан хикаясы қазір ұмыт. Таусылып бітпейтін cap далада сау желгендей емес, тау жолы рақат! Әр асуды асқан сайын алдыңнан бейтаныс сурет көркем жазу дәптерінің сия тамызбай әдемі жазылған беттеріндей сырғып ашылады да отырады. Кәрім ағайға көрсетсе, қызыл қарындашпен кіл «бестік» қоятын жақсы суреттер... Жота-жотаны қиялай салып ұрған жалғыз аяқ соқпақ, шетін ала сапта тұрған жасыл киімді шекарашылардай сап түзеген сылыңғыр да сұңғақ қарағайлар... Тарғыл жартастар жол тосып жатқан кезде дәлдеп атқан мергеннің оғы тиіп, өліп қалған қабылан сияқты әр беткейде тырп етпей бұғып-бұғып жатыр. Аспанды бүркіт сызады. Иреңдеген соқпақ сып беріп ну қарағайға кіріп кетсе, Емпірттегі үйдің картоп салатын салқын ұрасына түсіп кеткендей, қарадай тітіркеніп, жиырылып қаласың. Түні бойы су болған қанат, қауырсындарын күнге кептіріп үлгерген қарға, сауысқан, ұлар, торғайлар ырақай-тырақай бет алды шулап мәре-сәре.
Ал иық тіресіп тізе қосып, малдас құрған мылқау таулар дөдесі мен жирен бестіге, Саматқа еңкейе түсіп, үңіледі-ай келіп. Заңғар биіктен қараған соң, құмалақтай домалаған жалғыз аттыға көздері жетпегесін, еңкейіп-еңкейіп қалса керек. Әуеге қараған арқаш-арқаш азулары аспанмен тістесіп, қатып қалған. Өздері үлкенді-кішілі. Тау ішінде өзіңді мына жоталардай алпамса ұлдары, анау Мұзтаудай алып та батыр атасы бар, түтіні тік берекелі семьяның арасына түсіп қалғандай сезінеді екенсің.
Дөдесі қақырынды да, сабын бұраған жезбен қаптаған сегіз өрме дырау қамшымен ойды нұсқап:
— Әне, қиядан құлаған көштің қаңқасы! — деді.
Жирен беті жайнамазға құлаған Айтуған атадай құрықтай созған мойнын изеңдетіп, итініп өрге тырмысып келе жатқан. Күш түскесін, артқы сирақтарының атлас тері астындағы ұршықтары Саматтың қос жамбасын кезек түрткілеп, көтеріп-көтеріп тастайды. Әуестік жеңген бала табан астындағы терең шатқалға мойнын созып қарап еді, қарағаны құрысын, қираған шаңырақтың қап-қара болып шіріген қаңқасы, қай мүше екенін танығысыз сүйектер айқыш-ұйқыш шашылып жатыр.
Асу үстіне көтерілгесін атасы қол жайып, күбірледі де: «Тие берсін!» — деп бетін сипады.
— Ит жылы сиыршы Мұқамғалидың екі баласы түйе-мүйесімен осы қияда мерт болған. «Жылан жатыр! Жылан жатыр, аяғың астында!» — деп, түйені саумалай жетелеп, әрең түсіріп келе жатады ғой. Теңнен ұшы шығып тұрған уық шабына тиіп, асау жас түйе мөңкиіп бергенде, қиядан ұшып кетіпті. Мұқамғали содан: «Көрмегенім тау болсын!» — деп, сиырын өткізді де, ауданнан түбегейлі көшіп кетті. Атақты Қызылқияң, қанды қияң осы, балам. Қандықия деуге ауыздары бармай, Қызылқия деген.
Саматтың көңілі таудан қалайын деді. Мұзтаудың басында қар еріп бітісімен жаһанды жалғыз-ақ қылғып салайын деп, алпыс алты құлаш айдаһар жымсып жатыр. Қызылқияда түйе-мүйесімен екі бірдей бала опат болыпты.
Асудың жұрт құлдилайтын арғы қабағына ат тұяғы ілігуі мұң, Саматтың тап әзірде жасып қалған көңілі қайта көншіді. Бауыздар тамақтың астында терең сай тығылып жатыр. Сай табанында мың бұратылып аққан ақжал өзен Рәтайдың шот маңдайындай әне бір жартасты айнала бере жым-жылас жұтылыпты. Бас айналар биіктен қарағанда, өзен замандардың заманында сай табанында біреу ұмыт қалдырған күміс кіседен аумайды. Өзен жағасында оймақтай алты қанат ақ үй домалап жатыр. Таяқ тастам жерде шағын ғана қоңыр үй қоңсы қонған.
— Сарқайқаның осы. Алты қанат үй Қуаттікі. Қаз жұмыртқасындай ғып дөңгелетіп көтеріп ала қойғанын қарашы. Шаруа десе, түсіп кететін өлермен жігіт өзі де.
Алты қанат төңірегіне байланған ат қарамы едәуір. Кіріп-шығып жүрген адамдар аласапыран. Есік алдына қатар қазылған қос қазандық төбесіне ирелеңдеп тік көтерілген қос сабақ көк түтін байланыпты. Емпіртке қыста келіп кеткен Күләнданың шашына таққан лентасына ұқсайды.
Қайда жүр екен секеңдеп? Жазғы каникулда Емпіртке қайтсе де келемін деп еді. Келсе, Рәтаймен ойнап жүрген шығар... «Самат қайда?» деп Рәтайдан сұрады ма, жоқ па, білсе ғой.
— Басты үйітіп жібер, келін!
— Қатын, қымызыңды пісе түс! Шикілеу екен, чорту!
Саңқылдап шыққан дауысты кешегі жаңбырдан соңғы саф ауа ала қашып, бұлардың құлағына қалыбын бұзбастан дәлме-дәл жеткізіп тұр...
Дастарқан басы дыр-ду. Әжімдері айғыз-айғыз, сақал, самайлары аппақ, өздері мықшиып келген ақсақалдар төрге ие. Одан төменіректе оларға қарағанда еңселері тік, сақал-мұрттарын бурыл шала бастаған қырмасақал «жастар» отыр. Ақсақалдар да, қырма сақалдар да келісіп қойғандай шаштарын тықырлатып алғызып тастапты. Сақал-мұртқа тимепті. Аяқ жақты алған жігіт-желеңдер, керісінше, сақал-мұртты типыл қырып, артқа қайырған шаштарын ұзын-ұзын қоя берген. Шашты ағалар онша көп сөйлемейді, төрдің аузын бағып, монтанысып отыр.
Қанапия шамалас бозбала иығына орамал асып, отырғандардың қолын жағалай су құйып келеді. Білек сыбанып, қара құман астынан алақан тосқан шалдар бозбалаға: «Өмір жасың ұзақ болсын!», «Өркенің өссін!» «Әй, сен Қуат чортужанның тұңғышы Рысбек емеспісің, жаза баспасам», «Дәп өзі!», «Келін түсіретін жасқа кеп қапты», — деп қауқылдасып қалды. Қып-қызыл болып ұялған бозбала тіс жарып, жақ ашпайды.
Ішке кіріп жатқандар да бар:
— Айт қабыл болсын!
— Айтсын! Төрлет!
— Ay, жалба шаш қайны, аяғыңды жинашы былай! Жұмагүлдің оң тізесіне салып қойып жатқан жоқсың ғой! — деген астарында бірдеңелер бар шымшыма әзілдер босаға жақтан шығып жатса, төрдегі ақсақалдар ет турау мен сүйек мүжудің арасында:
— Ай, сонда Арқалық батыр былай деп еңіреген екен де: Өлмегені қашты енді тауға қарай, Қанжарға осқылаған шыдай алмай. Жау кетті, аттан сонда түсе қалып, Өлдің деп зар жыладым, қайран Жұбай!
— Алда ерім-ай!
— Жолдастан айрылдым — жарты жаннан айрылдым деген-ай! — деп батырлардың қайғысына қайғы қосып, қабырғалары қайысып кетіп еді:
— Ай, баяғыда сүйегі қурап қалған Арқалықтың басын мүжігенше, мына қойдың басына ие болыңдар, чорту! — деп, манадан бері сөз тимей қаңтарылған Қуат төтесінен салды. Колхоз бастығы мен ферма меңгерушісі Аршатының аузында отырған және бір орденді шопаннан аса алмай, жолда қалыпты. Сол себепті де Қуат қоңторғай. Біреулер: «Қуаттың құлағының мүкісі бар», — десе, басқалары: «Е, ол әдейі істейді ғой. Керек адамы сөйлесе, күндік жерден қағып алады», — дейтін. «Бастықтар келмейді» деген хабар жеткенде де айқұлақтанып қалып: «Қап, әкең, итке тастаңдар ана етті!» — деп, шала бүлініп барып басылған. Ең ғажабы, бастықсыз да дастарқан басы көңілді. Қонақтар өздерін келмей қалған бастық пен ферма меңгерушісінен кем ұстап отырған жоқ.
Үйме табақ еттің дөп ұшар басына шығып алып, буы бұрқыраған бас тісі ақсиып, тілін шығарып, Саматты мазақтайды. Шұнтиыңқырап кеткен қара құлағы тілім-тілім. Атасының оң тізесін баса отырған Самат қос құлаққа жылтыңдап қарап қояды. Құлақтың біреуі шеті жырымдалып, бүрісіп қалғаны болмаса, бүтін де, екіншісі отқа көп ұсталып, күйіп кетіпті. Күйесін қырғанда пышақ жүзі бата тиіп, ұшып түскен бе, тең жартысы үшті-күйді жоқ. Құлақ дәмі мен қадірін білетін балаға бұл үлкен шығын. Саматқа салса, бүтін құлақтан дәметіп отыр. Бірақ ол құлақтың өзіне тие қоятынына күмәні қатты. Дөдесінің оң тізесін баса жалмаңдап ағылып сөйлеген, бетінің ас шайнайтын бөліктері қатты дамыған жүн сақал быртық қара шалдың арғы қолтығында басын табаққа бере қисайып жатқан қара бала да Саматтың ойын ойлап отыр ма, екі көзінің құрты бүтін құлақта. Жылтыңдаған танауын сүртуді де ұмытыпты. Және де бүтін құлақ сол бала жақты нұсқап, ербие қалыпты. Самат күйзеліп қалды. «Ананың атасы ауыздыға сөз бермей, лепілдеп отыр. Құлақты да ешкімге бермей, қара шұнағына ұсынатын шығар. Дөдесі ай қарап отыр ма өзі? Былай да, алай да сөйлеп-сөйлеп тастап, құлаққа қолды созып қалмай ма?»
Айдалада, жоға, айдаласы несі, тау арасында жалғыз үй отырғасын салыстыратын басқа шал жоқ болғасын, мына қауқылдаған көп қариялардың арасында дөдесінің беделі бір сүйем биік екенін Самат білмей жүріпті. Қол жайып бата жасап жіберетін бір қайырымы бар, домбыра тыңқылдатып, қырылдаңқырап қисса соғатын қолы мен аузының икемі бар, соның бәрі қазіргі көпшілікке: «Дөдесі, ас алдында бата қайырып жіберіңіз!». «Қымыз алыңыз, ақсақал!» — деген ылғи бір «ыз» «ізді» көбейтіп отыр. Қойдың басы сол екпінмен атасының алдына тартылды. Саматтың көзі шырадай жанды: «Ау, қанды басыңды бері тарт, құлақжан!» Атасы ол үмітті ақтамады. Құйқадан бір кертіп, аузына сала салды да:
— Әй, Жартыбай, жолымды саған бердім. Жастабандай белді рудың қара шаңырағына ие болған жақсы жағдайың бар, жасың да үлкен, ие бол мына басқа! — деп, басты лепілдетіп сөйлейтін мықыр шалға қарай ұзатып салды. Самат аң-таң. Жайлауға келгелі шалдардың үлкені дөдесі деп ұғатын. Таң қалып біте бергенде өкініш өзегін өртеді. Жастабан Жартыбай қарияға бас кетті, құлақ танауын қос-қостан тартып, табаққа жылжи түскен қара балаға бұйырды.
Мықыр қара шал қатырды. Кесіп алған бүтін құлақты пышақ үстінде дірілдетіп ұстап тұрып:
— Әй, дөдесінің сары пұшығы! Кел бері! Аш аузыңды! Қаужаңдап отыр! — деп, аяқ астынан ағынан жарылды. «Бұл қалай?» дегенше, алақаны өз-өзінен пышақ астына жып беріп барып қалды. Салы суға кеткен қара бала темен қарады.
— Здравствуйте!
— Ассаламалаки! Аит кабул болсун!
Шықшыттары бүлкілдеп, тұқшыңдаған бастар әзер көтерілді. Үсті-басы, сақал-шашына дейін сарыала екі орыс киіз үйге еңкейіп кіре берген екен. Самат атасының қолтығына тығыла түсті. Ұзын бойлы, екі иығына екі кісі мінгендей еңгезердей біреуінің погоны алтын да, екінші қушық иық жас жігіттің иығы жай ғана қатырма жасыл шүберек. Жас жігіт аузы төмен қараған карабинді иығына іліпті. Алтын погонның белінде пистолет салатын былғары қап салақтап жүр.
— О, кәпітан Некалай! Жоғары шық!
— Көптен көрінбей кеттің ғой, кәпітан! — деп, неге екені белгісіз, атасы бастаған төрдегілер алтын погонға жалпылдап, қошуақ болып қалды. Алтын погон кіттей де саспады, шығатын төрін де жақсы біле ме, тұрмақ ниетпен кезекпен қозғалақтай бастағандардың иығынан басып:
— Отр! Сядь! — деп, желке жақты ала бір қырындай өтіп, лепілдек мықыр шалдың қасына жайғасты. Самат сарт-сұрт ете қалғанға қараса, алтын погонның бөренедей екі етігі айқасып, малдас құра қалыпты. Шалдың арқасына шығып, сүзе қараған қалқан құлақ қара балаға қарап арқырай күлді:
— Кел, бас псти. Кулак жейді!.. — Саматтың тақымы толмаған тілік-тілік сыңар құлаққа қарай иегін көтеріп, көзін қысып қойды. Сосын ағаш атқа мінгендей қобырап, босаға жаққа ығылысып-сығылысып жайғасқан жас солдатқа: — Держись свободно! Сегодня у них большой праздник. Не унывай, держи хвост пистолетом! Могут обидится, у них обычай таков! — деп ұрсыңқырап тастады да, шалдарға қайта бурылды. — Колхоз бастық қайда? Завферма қайда? Мени конак шакирды, өздери жох...
— Кәпітан Бабкін, Аршатыдағы Арғынғазы екеуіне жата жабысып, тізгінге оралып алып қалыпты. Былтыр нарушітіл ұстаған Арғынғазыны білесің ғой, сол. Қадалған жерінен қан алады, бәтшағар нарушітілге де қадалып, сөзінен ши шығарып барып, өзіңе ұстап берді емес пе.
«Кәпітан Бабкін» қарқ-қарқ күлді:
— Бледи, бледи... Хороший тамыр!
— Біз де халықпыз, қарағым. Ойқарағай, Сарқайқаңның ақсақал, қарасақалы түгел жиылып қаппыз. Кірген екенсің, қонақ кәдесін жаса. Ұлық болсаң, кішік бол.
— Көптен көрінбедің, ішкі жаққа барып келдің бе? Барсаң, не хабар, айта отыр, — деп мықыр қара шал нығызданып, сақалын саумалады.
Алтын погон айылын жимады:
— О, мен барбир. Бари тамыр, дос, товарищ. Работа много. Начальник Усть-Камень барып келди. О, кумыс! — Алдына келе берген кәрлен кесе қымызды басына бір-ақ көтеріп, қылқ дегізді. Маңдайына шып-шып шыққан терді кәдімгі қазақтай алақанымен сыпырып тастап, дереу табаққа қол созды.
...Дүниенің жартысын жалмап жіберердей қарны шұрқыраған Самат ет толы табақ дірілдеп келгенде: «Ой, қандай коп! Осының бәрін біз жейміз бе? Тауыса аламыз ба?» — деп біраз қиналып еді. Еттің «бәрін жей алмады». Лепілдеген шал мен Қуат еттің майлысын теріп, қара бала екеуіне қос-қостан асатып еді, жүрегі кілкіп шыға келді. Етке беттемек түгіл, қарай алмады. Жаңағы екі шекарашыны байқастап еді, шүберек погон үш саусағының басын бүрістіріп, табақ толы ет емес, бейнебір лапылдаған жалындай әр жерден шоқып отырса, «кәпітан Бабкін» аюдың қолындай білегін сыбанып тастап, барбиған бес саусағын салып жіберіп, апандай аузына тастай салды.
— О, жакси! Вкусный! — Ішіне ел қонып, тойғасын, қолының майын етіктің қонышына сүртіп еді, шалдар мүлдем тәнті болып қалды.
— Біледі өзі!
— Е, біздің Некалай емес пе. Әкесі қазақпен күні кешеге дейін аяқ-табағы араласып кеткен омарташы Өсіп қой.
Капитан бақшиып отырған Саматқа көзін қысып қойды да, мана кіргенде мойнынан алып, оң жағына қойған дүрбісіне қол салды.
— На! Кара! Так регулируешь! — Дүрбіні көзіне тосып, жіңішке жағын бұрап-бұрап қойды. — Только сындырма!
Кинодан ғана көрген мұндай асыл зат қолына тигесін, Саматтың есі шығып кетті. Қаспақ танау қара да атасының арқасынан басын қылтитып, көзін сатып қарай қалыпты. Николай нешінші кесе қымыздың түбіне жетіп тынғасын, қара баланың жаурынынан жайлап қағып-қағып қойды:
— А ну-ка, бегите, смотрите на удовольствия! Только не забудьте рақмет сказать!
Екеуі дастарқан шетін баса-маса сыртқа ұмтылды.
Үй ішінде атасының қасында тәлімсіп отырған қара бала ұзай бере шатақ бастады. Күн көрінетін қалқан құлағы қызарып шыға келді:
— Бейнекілді бер!
— Неге?
— Мен ұстап жүремін!
— Капитан маған берді. — Самат та оңай жау емес, жеңістік бермей жатыр.
— Кімге «Анукыбегисмотри» деді? Маған! Бер!
«Қайтеді-ей!» деп, бетіне көз жүгіртсе, зәрі шығып, дау өршісе, төбелес салайын деп тұр. Кішкене жұдырықтарын тас түйіп алған. Қой, мына ноқайды алдап құтылмаса қиын. «Төбелесе қалса, жеңуін жеңіп кетемін (қай бала өзін жеңілемін деп ойлаушы еді), Рәтай да күресе кеткенде астына түсіп қалатын. Төбелескенімді дөдем біліп қалса, келер жолы қасына ертпей қояды». Ертпей қойса, қойдың құлағындай тәтті, дәмділердің көзден бұлбұл ұшатыны онсыз да белгілі.
Амал табылды.
Дабай, сен бейнекілдің бір көзінен қара. Екіншісін мен қарайын.
Сөйтсе, амал табылмапты. Бастары қазандай үлкен неме ме, бір-біріне қарбыздай дүңк-дүңк соғылып, дүрбінің аясына сыймады. Тура жолды ақыры қара шұнақ тапты:
— Кел, өрге қарай жүгірейік. Тебе басына кім бұрын жетсе, бейнекілді сол бірінші көрсін. Етекке де жүгіріп түсеміз. Кім алға шығады, бейнекілді сол көреді. Келісті.
Жайлауға көшіп қонғалы Самат өзін желге жеткізбейтін желаяққа санай бастаған. Ылғи жалғыз жүгіретін. Жалғыз жүгірген бала өзін сұмдық жүйрік екемін деп ойлайды. Бәсекелесі алдына түсіп, қалдырып бара жатпағасын солай ойламағанда. Самат сол себептен сөзбұйдаға салмай, тез келісті. Жарыса жөнелді. Қара басқанда, қалқан құлақ ер басына бірінші жетті. Самат оңбай алданды. Жарысайық дегенде жастабан бала озып кететініне кәміл сенген екен. Соншалық ұрыс-таластан соң қолына әрең тиген дүрбіні қара бала көзіне жабыстырып тұрып қарады. Кенет дүрбіні көзінен жұлып алды да, Саматқа ұстата берді.
— Қарамаймын.
— Неге?
— Атекем мылқау бөл-леп қалыпты! — деп мырсылдап, еңіске ағып түсіп кетті.
Самат дүрбінің әр жерін қысып, бұрап, әспеттеп көзіне апарам дегенше, қара бала леп белгісіне айналып, киіз үйдің қасына жетті. Дүние тарылып, бүйірлері жабысқан қос шеңбердің ішіне сыйып кете барды. Міне, құйрық шипаңдатып, бас шұлғыған аттар... Оһо! Тентек қара бала тура қасында тұр. Жалаң аяғының бүгіп алған бас бармағымен екінші аяғының қызыл асығын қасып, шапанын желбегей жамылған атасына бір көзін қысыңқырап қарап, бірдеңе деп жатыр. Шал еңкейіп, торсық шекесінен иіскеді. Қара бала шалдың баласы емес, немересі екен, өйткені әке баласын сирек иіскейді, мәселен, Боқай Рәтайды ғұмыры иіскемейді. Саматтың шешесі де айына бір иіскейді. Онда да иіскесе. Ал атасы мен апасының қолына келіп еді, иіскеу мен сүюдің шегі болмай, ұзап кетті. Аталар мен апалар ғана немересін иіскеп, көңілі түссе, сүйіп алады.
Қара баланың ерні жыбырлап тұр. Саматжақты нұсқап, қолын сілтеп қояды. Саматты атасына жамандап тұрған жоқ па, ей, өзі! Қара бала енді саусақтарын дөңгелектеп, дүрбі жасады да, көзіне апарып, әр тұсқа қарап қойды. Е, дүрбінің жайын сөз етіп жатыр. Не десе, о десін. Бірақ шалда да, балада да үн жоқ. Бәрі мылқау. Қазандық басында күйбеңдеген апайлар да солай. Әне, сүйекке таласқан Ақтөс жырық құлақ бір итті астына бұрап алып ұрып, кеудесіне аяғын қойып тұрып: «Қоясың ба, жоқ па? Әйтпесе бар ғой, ана жырық құлағыңның қалған тұқылын шайнап тастаймын» дегендей азу тістерін ыржитады. Бұл да мақау. Дүрбінің бір шетіне дөдесі ілікті. Қолы ербеңдеп, ерні жыбырлай беріп еді, Самат дүрбісін жылжыта қойды. Аяқ асты тіл-ауыздан айрылып қалған дөдесінің бейшара халін көргісі келмеді. Жалпы, жақсы көретін, тонның ішкі бауындай жақын-жуыққа дүрбімен қарамаған жөн секілді. Мәселен, Самат сондай жақсы көретін дөдесі қолы ербеңдей, сақалы шәушиіп, ерні қыбырлап, біреумен, әйтпесе, Саматпен үндемес ойын ойнап тұрғандай біртүрлі. Дүрбімен негізінен жек көретін адамдарға қараған жөн-ау. Оғаш қылықтарын көріп, қызыққа батып қаласың. Ал Самат кімді жек көреді? Дөдесін бе? Ойбай, жоқ дегенде, жоқ. Ақтөсті ме? Атама. Ақтөске: «Әй, сені жек керемін!» — десең, өзін еркелетіп тұр екен деп, кеудеге асыла кетіп, алып соғып, ит әуреңді шығарады. Жасыл тауды, сұңғақ қарағайларды, ақ жал өзенді, қазан-ошақ басындағы апайларды, Қуат ағайды жек көре ме? Құдай сақтасын. Дүрбі берген «капітан Бабкін» де, лепілдеп сөйлеген шал да, қара бала да бұған зиян істеген жоқ. Шал мана бүтін құлақты өз немересіне емес, бұған кесіп берді.
Қой, дүрбіні көзіңде ұстап тұра берсең, ойыңа қайдағы жоқ бірдеңелер түседі екен.
Дүрбіні қолтығына қысқан Самат етекке құлдилады.
...Сиыр сәске. Он шақты салт атты тауды қиялаған жалғыз аяқ соқпақты қуалай тырнаша тізіліп келеді. Дөдесі ең алда. Артына мінгесіп-ұштасқан Самат дөдесінің белінен тас құшақтап, қалғып-шүлғып келеді. Ұйқы көзіне тығылып, өліп барады. Оқта-текте мұрны я самайы қышиды. Бір кішкене құмырсқа бетін шарлап, алай да, бұлай да шапқылап жүрген секілді. Дөдесінің күн иісі шығып, қыза бастаған шекпенінің арқасына амалсыз бетін үйкеп-үйкеп алады. Қымызға қызып шыққан қарттар әңгіме үстінде. Дөдесінің сөзі анық, басқасы артта келе жатқасын ба әлде оларды да ұйқы басып келе ме, бір сөз естілсе, екіншісі жетпейді. Дау тағы да Арқалық батыр төңірегінде. Қай-қайсысының сөзін бақсаң, қалмақтан жиі-жиі жылқы барымталап, қуып келетін сол батырға алтыншы, бесінші атадан қосылып қалатын жақын рулас екен. Құрығанда батырдың немере-шөберелерімен құдандалы, сүйек-шатыс, есебі, енді алыс емес бәрі де.
Әңгіме сықпыты мынаған тірелді:
— Е, Тоғыз ішінде Тұзақшы деседі ғой.
— Рас па?
— Тұзақшың жаңағы Қуат чортуың. Керексіз адамның сөзін естімей, керең болып қалушы еді, бұны білсе, мүлдем сәлем алмайтын болды.
— Оттапсың! — деді ауылдан шыққалы бері өз-өзінен боқтанып, бұл жерде жоқ біреулерді сөгіп келе жатқан әлдекім. — Тұзақшы, тұзақшы... Тұзақшы есектің артын жуып, мал тапқан піркәншік Әнәпия ма? — деп екіленді. — Арқалық қалың Керейдің ішіндегі көп Қарақастың бірі. Арқалықтай атасы ана таудың ар жағында жатқан Аққолқадағы Қараүңгірді мекендеген Қарақасты іздесең, мына қасыңдағы Мұқатай ақсақал! — Тілі удай кісі түйіліп кеп, қамшы ұшымен қара баланың лепілдек атасын нұсқады.
Арқалық батырдың мықыр, лепілдек шөбересі қопаңдап:
— Оу, Қақасы, айтпайсың ба, осыныңды манадан? — деп жайылып кеткен етек-жеңін жинап, ат үстінде қазықша қақайып, тіктеліп алды. — Ие, әкеміз жарықтық айтушы еді...
Арқалық батырдың шөбересіне Саматтың қарны ашып қалды. Батырдың да ұрпағы лепілдеп сөйлеп, тісінің арасынан тілі жылтыңдап тұрады екен. Шөбересі сөйтсе, Арқалық батырдың да тілі сөйлеген сайын жылтыңдап тұруы ғажап емес.Сол кезде қара шалдың қолтығының астынан: «Е, атам Арқалық бабамның шөбересі болса, мен неменесі шығармын» дегендей, дүрбіден қашатын баланың екі көзі сынапша жылт-жылт ете қалды. Самат балаға осы жолы шұқшиып қарап еді, тілі тістерінің арасынан жылтыңдап тұрған жоқ. Ал атасы ауыз ашып, сөйлеген сайын жылтылдайды. Самат: «Үйге барғасын, дөдемнің әкесі кім екен, оңашада сұрап алайын, — деп шешті. — Лепілдек қара шалдың атасы Арқалық батыр болғанда, өзі қиссашы, өзі әнші, тісінің арасынан тілі де жылтыңдамайтын дөдемнің арғы атасы неғып батыр емес?»
Самат қалғи бастап еді, арт жақтан жан дауыс шықты.
— Аю! Аю!
Жалт қараса, өкіріп-бақырып, атын басқа-көзге сабалап келе жатқан лепілдек шал — Арқалық батырдың шөбересі екен.
— Ойбай, не дейді! Қайда? Жау қайда?!
— Өрде! Өрде! Қарағай арасында!
Шалдар осы іспетте бір-бір айқайлап, соқпақты қуалап шапқылай жөнелді. Дөдесі жирен бестіні борбайлата тартып жіберіп еді, Саматтың қалғып отырғанда салақтап кеткен оң балтыры тыз етті. Жасқа шүпілдеп тола қалған көзін өрде самсап тұрған қарағайлар сапына салып еді, сүйкімді қоңыр аю ағаш діңін құшақтап тұрған қалпы бұларға жайбарақат қарап қалыпты...
Алды-артты қымтап, асу үстінде шоқтай үйіріліп алған ақсақалдар: «Түгел ме? Ешкім қалып қойған жоқ па?» — деп, ес жинағасын қайта дүрілдей беріп еді, Арқалықтың шөбересі:
— Оу, өрде секиіп тұрған аюдан несіне үріктік? Аю өрге жүйрік те, төмен түсе алушы ма еді, — деді сыр ашып. Бір жағы, батырдың шөбересі екені есіне жаңа түссе керек.
— Сөзіңнің жаны бар. Алдыңғы аяғы молтақ қой аю жарықтықтың. Тік өрден ойға қадам басса бітті, тоңқалаңдай домалап, жөнеп береді. Соны біле ме, еңіске қия баспайтын көрінеді.
Торысын қиялата тепеңдеп жаңа жеткен әлгі сыбағыш жігіт:
— Бұ да ойда жүрген іс еді, көрім бітіп қалды. Тау иесі — аюдан қашып, атқа шауып, желдеп қалдық. Айта жүретін іс тындырдық, — деп тау жаңғырта кеңкілдеп күлді.
Арқалық батырдың шөбересі бастаған біраз ақсақалдар төмен қарасып, ат жалына ұйысып жабысқан тікенекті қамшы сабымен қағып кетті.
Самат биыл жазда мықтап өсті. Онда да, басқа мүшесі емес, қол-аяғы серейіп кетті. «Мойның қылқиып, жүдеп кетіпсің, қарғам!» — деді апасы әнеукүні шалбарының қалтасына құрт тыққыштап жатып. Бас салып тақымының арасына қысып, сыпырып тастайтын Айтуған атасы жоқ, шашы пілтеленіп желкесіне түсті. Қысқасы, Ойқарағайда бұдан басқа өсіп жатқан ешкім жоқ. Таулар қаз-қалпы. Бұл өскен сайын атасы, апасы, Әбілқасым келіншегімен қоса аласара түскендей. О баста шаңырағын қолшатырша көтеріп тұратын киіз үйде қазір ол көкірек жоқ, сәл-пәл жалпайып жатыр. Қарағайлар да бұрынғыдай көк тіреп тұрған жоқ. «Бүйте берсе, күзде класс есігінен кіре алмай, кірсем, шыға алмай жүрермін», — деп желпініп жүргенде, бой-сойы жағынан екі орайтын ғажайып жан жайлауға сап етіп келе қалды.
...Ауыл желкесіндегі қалың бық қарағайдың ішінен бықсыған шала аралас қызғылтым шоққа толы жез легенді көтерген күйі шығып келе жатқан. Ойдан бес-алты көш алыс жатқан ауылда сіріңке тапшы. Атасы сонсоң қай жылы жай түсіп, омырыла құлап, әбден қурап, діңі ақсөңке тақтайға айналған қарағайдың шіріген өзегіне от қоя берген. Қарағай, міне, екі апта бойы сай ішін сасыған түтінге толтырып, сыздықтап жанып жатыр. «Оттық — түнде отарға аю, қасқыр шапса, таптырмайтын сес», — деп мардамсып, мұртын сипап атасы жүр.
Сонымен, қарағайдың қойнауынан шықса, киіз үй алдына қағылған қазықта байлаулы тұрған жирен бестінің қасына ат қосылыпты; басымен алысып тұрған биік көк атты бұрын көрмеген, бөтен. Көк атқа теңдеп салған қор жыннан қос қобдидың шекесі көрініп тұр, жылтырлығы сондай, шекелерінен екі күн жарқырап қонып алыпты. Ақтөс қобдилардан көз айырмай, құйрығын бұлғаңдатып отыр. Ең аяғы, ол да мұның не пәле екенін білмей, әңкі тәңкі болса керек.
Киіз үйге тақай бергенде, біреу қайырулы тұрған есіктен екі бүктетіліп шыға беріп, бойын жазып қалып еді, найзадай ұзын жігітке айналды. Құлашын екі жаққа жайып жіберіп, өкшесін көтеріп, керіліп алды. Екі қолы оң, сол жақтан төніп тұрған таулардың бетіне тиіп-тиіп кетті. Бұл да әнеукүнгі капитан Бабкиннен аумайтын сары шашты, көк көзді.
Бой жазып алған ұзын сары қорқа-қорқа жақындаған Саматқа сиқыр көзбен арбап қарады; керек адамын көріп қалған жан өстіп қарайды. Іші алап-жалап бара жатқанда алдына бұрқыраған табақ ет ойнап келе қалса, Самат та үстіне түсіп кетер еді. Сонда апасы: «Тек! Аштан келгендей көз сатпай отыр!» — деп жекіп тастайтын. Ұзын сары Саматқа көзін сатып қарады. Самат қарадай қуыстанып, легендегі шоқ пен шаланы елеп-елеп тастады. Мұнысы жақындаған жанға көк серкенің тұяғымен жер теуіп, айбат жасағаны сияқты бірдеңе еді.
Жігіт саспады:
— Подойди сюда, парень, не бойся! Вот какой ты... большой джигит! — деді күлімсіреп. — Как тебя зовут? Кажеться, Самат?
Саматтың дегбірі қашты. Тег-ін емес... Көзін сатқан үстіне, есімін біліп алыпты. Керек болмаса, Самат деп сызылып қайтеді? Жақындатып, өзіне шақырғанда не істемек? Шыбын-шіркей қаша жөнелсе ше? Әрі-сәрі толқын тұрғанда, сыртқа дөдесі қорбаңдап шықты. Самат жүгіргеннен жүгіріп, дөдесінің етегінен ұстай алып, дереу арқа жағына тығылды. Дөдесі бес тал кекілін майпаздап сипап қояды:
— Доғдыр емес пе, қорықпа. Анау ойдан, Қараталдан ат сабылтып, өзіңдей балдарды іздеп келіпті. Өкіл саламын дейді. Арғы бетте жаман ауру шығыпты. Соның алдын алмақ. Маған да жаңа өкіл салды. Апаңа да сөйтті. — Дөдесінің қоңыржай, бейбіт үні дүкілдей қалған жүрегін орнына түсірді. Өкілді дөдесі мен апасына да салыпты. Ендеше, қорқатын не бар? Апасы: «Сенің табаныңа кірген шөгір менің маңдайыма қадалсын», — деп отыратын жақсы көріп кеткен шырайлы шақтарда. «Өкіл» шөгірден қиын болмас. Ұзын жігітке атасының қолтығының астынан көз тоқтатып, барлай қарады. Ойпыр-ой, осындай да ұзын адам болады екен. Саматтың биыл жазда тым жедел өскен қол-аяғы мен мойын, шашы мынаған сәлем бере алмайды. Мойны қаздай иіріліп, ауыздығын шайнап, қазық төңірегінде аласұрып тоқтай алмай тұрған көк аттың да жалына қол жетпейді. «Ойдағы Қараталдан қол-аяғы салбырап, тепеңдеп жеткенше мына жігіт өстіп өсіп кеткен шығар», — деп бір ойға кетті. Әйтсе де, ат қол-аяқты өсіретін болса, ғұмыр бойы аттан тақымы босамаған дөдесінің аяғы созыла-созыла жерде сүйретіліп жатпай ма?
Тамағын кенеген дөдесі:
— Дом пайдум! Үйге кірейік! — деді.
Бәрі қотарылып табалдырық аттаса, күйбеңдеген апасы дөңгелек үстелдің бетін әрі қаратып, керегеге сүйеп жатыр. Саматқа қарамауға тырысып, бетін әрі алып қаша береді.
Атасы ала көзімен қарап:
— Әй, Қатима, пышылдама деймін! Қобдиыңның түбін қақ. Ұстат балаға барың мен жоғыңды, — деді даусы қатайып. Ауыз толтырып айтқан «бары мен жоғы» не десе, әлеміш қағазға оралған жастық кәмпит! Тәтті... Тек ауызға түсе еріп сала беретіні жаман. Тас тәрізді ерімей, ұрттан ұртқа домалап тұра тұрса ғой. Ұзын ағай төрге жүрелеп отырып, жылтыр қобдидың қақпағын тырс ашты да, ішінен қойдың шарбы майына ұқсас жұқа резеңкені суырып алды. Ұртын қомпайтып, резеңкені үрлеп қалып еді, киіз үй ішіне кішкене күн кіріп кетті. Жылуы, сәулесі жоқ демесең, кәдімгі сап-сары күн! Ағай күннің төменгі жағын саусақ ұшымен қымқырып ұстап тұрып, сабақ жіппен байлады да, алақанымен қағып қалып еді, күн домалаңдап, қалқыды кеп. Күн қайда до мал аса, Саматтың көзі сонда, мойнын қылт-сылт бұрып отыр.
— Это шар. С ним играют дети, как ты! — деп қояды ұзын ағай. Оны апасы өзінше жорып:
— Өкіл салғызсаң, үрлеген қарынды саған қалдырып кетемін дейді. Салғыза ғой, менің балам ақылды, еһ, еһ! — деп мекінеріп жатыр.
Әп-сәтте сиқырланып қалған Самат басын изеп-изеп жіберді. Ұзынтұра ағай да жадырап қоя берді.
— О, я понял, прекрасно понял! — деп қауқалақтайды.
Сосын апасы Саматтың көйлегінің етегін басына түріп жіберіп, арқасын жалаңаштады да, мойнын екі аяғының арасына қысып, екі білегін тастай мытып ұстап тұрды. Көңілі бос дөдесі шыдамай, бетін ары салды. О баста көнуін көніп қалса да «Мыналар не істегелі жүр?» деген ой үйірілуі мұң, Саматекеңнің жаны мұрнының үшіне сол мезетте лып етіп келе қалды. Арқасын сұп-суық бірдеңе қарып бергенде әнге де, жылауға да келмейтін тың әуенді ақырын сыңсып бастады. Жоны шым еткенде қайқайып, сіресті де қалды. Аузы толы айқай.
— Спокойно! Туныш! — деп қояды ұзынтұра шүлдірлеп.
Жайлаудағы, ойдағы, қырдағы бар балаға белгілі «О-оуу!»-ды одан әрмен соза беріп еді, доғдыр әлгі домалаңдаған кішкене күнді шұбатылған жібінен сүйреп, көз алдына әкеле қойды.
— О, настоящий джигит! Этот шар теперь навечно твой! На, бери!
Күн қолына қонды.
Сәл кешіксе, ұзынтұра сары сөзінен тайып кететіндей жіптен мықтап ұстаған Самат күнді сыртқа сүйрей қашты. Апасының:
— Оу, бар болғыр, ышқырыңды көтер! Арқаңды жап! — дегенін құлағына ілген жоқ, шарды алдына салып қуып, сұқ саусағымен де, тәмпіш мұрны, иегімен де, маңдайымен де, төбесімен де әлсін-әлсін түрткілеп, бел ортадан келетін қалың шалғынды кеше жөнелді.
Бір аспанда екі күн дөңгелеп жүр...
* * *
Арада апта өтті. Дастарқан басында қолындағы кесеге үңіліп, малдас құрған дөдесінің қабағы түсіңкі. Әлден уақытта күңк етті:
— Әй, кемпір, естідің бе, естімедің бе?
— Нені, бәтір-ау? — Апасы құлағын жапқан кимешек жиегін кейін ысырды..
Дөдесі апасына жақтырмай қарады:
— Осы бар дүниеден құр қалып жүретін сен екенсің.
Апасы кесе толы шайын ортаға ойнатып ысыра салды:
— Неден құр қалыппын?
— Расымен естіген жоқпысың?
— Ойбай-ау, нені қоңырсытып отырғаныңды қайдан білейін.
Шал кесеге үңілді.
— Жайшылықта жер астындағыны ең алдымен сен білуші ең.
Апасы кимешегін ілгері тартып, құлағын жаба салды.
— Нені езіп отырсың, айтып өлтірші, патшам! Ат басы алтын сұрайтын болсаң, бәтір, айтпасаң, айтпа. Қайдан білейін, аузыңа маржан салып алғандай...
Үнсіздік. Шал біраздан соң, көмекейлете «Қаһ!» деді.
— Әлгі... лөктір баланы білесің бе? Саматжанға өкіл салған лөктір бала да... Аттан жығылып, мерт болыпты. Өзің көрген көк бесті жүгенді басына жаңа ілген асау екен. Шылбырмен алысып, ойнап тұруы жаман еді. Тақымы бос бала ғой, пыр деген кекіліктен үркіп ала жөнелгенде ауып қалыпты. Басы жерде, аяғы үзеңгіде кетіпті. Завпермі де кеңкелес, сырын білмейтін адамға асау атты көлденең тартып...
Апасы шайнектің күйе тұтқан қара қожалақ түбін ерсі тоңқайтып, қызыл шайды кесеге ернеуінен асқанша құйып отырды да, естілер-естілмес:
— Иманды болсын! Жақсы бала еді... діні басқа болса да, — деді.
Дастарқан шетінен құйрығымен жылжи-жылжи табалдырыққа жеткен Самат ұшып тұрып, сыртқа ата жөнелді. Жүгіріп келеді, жығылып-сүрініп келеді. Маңдай алдындағы жалғыз күн қоса секеңдеп, секіреді кеп. Дірілдей балқып, қорытылып жатқан алтын күннің сыңары — сары шарды үш күн бұрын Саматпен ойнаған Ақтөс жалғыз-ақ қауып, тарс еткізіп жарып тастап еді.
III
Геометрияның заңдарына ешқашан да бағынбайтын көгілдір таулар, әне, қат-қат күйі көз ұшында қатып жатыр. Оқшау, өр тұрған Мұзтаудың маңдайында теңбіл қар ағараңдайды. Бала кезінде сеңсең түрікмен бөріктей қалың қар шет-шеті жалбырай көзін басып тұрушы еді. «Жер шарында ауа райы жыл сайын жылып бара жатыр», — дейді әлем метерологтары. Теңбіл қар еріп бітсе, апасы айта беретін алпыс алты құлаш айдаһар көп ұзамай тіріліп қалар. Сол көгілдір таулардың қойнауында дөдесі мен апасы, өзіне өкіл салатын, кішкене күн сыйлаған доғдыр жігіт жатыр. Жасыл шалғынды сайларында, ирелеңдеген жіңішке соқыр соқпақтарында Саматтың кішкене іздері әлі сайрап жатыр ма екен, жоқ па екен?
Самат Құмарович тауға қарай лекіте жөнелді. Екі өкпесін қолына алып жүгірген сайын таулар оңды-солды теңселіп, қарғып-секіріп, ұдайы алыстап бара жатыр. Базарлы балалықтың желбіреген кішкене ақ туын қойнына тығып алған таулар тоңқаңдай қашып, жеткізер емес.
Күз — мектеп
Биылғы күз Самат өміріне көп өзгеріс әкелді.
Ең алдымен Емпірт пен колхоздың арасы қанша, соны нақ біліп алады. Бұл да мамасы айтқандай «адам бола бастағанның» белгісі. Әнеукүні жайлаудан Ақсиырға күзеуге түскен дөдесі Саматты Емпіртке артына мінгестіріп әкеп тастап, қайта аттанарда: «Құлдан туыппыз ба? Біздің тұқымнан да бір оқымысты шықсын. Ерінбе, балам. Оқығанның беті жарық, оқымағанның беті шарық. Оқу инемен құдық қазғандай», — деп біраз ұғындырып келіп, атқа мінерде білегін мұның желкесіне орай салып, бетін сирек сақал-мұртымен үйкелеген. Сонсоң жиренді бір ұрып еді, қамшы ұшы шабына тиіп кетті ме, ат қос аяқтап мөңкіген. Ат үстінде екі бүктелген атасы қыр асқанша бір бұрылмай кете барды...
Сол тапсырмаға орай, әзірге «төрт» пен «бес» алып жүр. Дөдесі: «Оқу инемен құдық қазғандай», — дегенде, әнтек өтірік айтып қойды ма деп ойлады. Ептеп сезеді, үлкендер өзара өтірікке қия баспайды да, балалармен сөйлескенде қысылып-қымтырылмай, соқтырып жібереді.
Айтпақшы, әңгіме колхоз бен Емпірт жайлы... Батыстан құлдилап келіп, тікеден тік салған күйі, Қытай асатын тас жол бойына километраждық шұбар бағандар орнаған кезде: «Осы колхоз бен Емпірттің арасы қанша километр?» — деген ойға тірелген. Үлкендердің аузынан да екі ара мынанша дегенді естімеді. Үзілісте Рәтайдан сұрап еді: «Ей, басымды ауыртпашы. Өзі кешеден ішім ауырып...» — деп кейіп тастады. Оу, ешкім білмесе, өзі неге өлшемеске? Мыңға дейін санай біледі. Адымдап шықса, жетіп жатыр. Сөйтіп, балаларды былай қойғанда, ересектердің ойы түгіл, түсіне кірмеген жаңалық ашады.
Тек таңертең өлшемеу керек. Сабақтан кешігіп қалмасам игі деп, тіл салақтап желе жортып келе жатқанда, қазір санағаныңды қазір ұмытып қаласың. Жаңалық ашқың келсе, еш нәрсені ұмыт қалдырма, қателік жіберме. Мәселен, таңертең зіркілдеп шауып келе жатқанда, кеше түнде көркем жазу дәптерінің бетіне сия тамызып алғаның еске түсе қалады. Яғни саусақты қанша майыстырып жазсаң да, ары тартқанда «төрт», бері алғанда «үштің» құлағы қылтиып тұр. Сүт бетіндегі қаймақтай ұйып келе жатқан көңіл күйі әлгі жерде айрандай бұзылады. Сондықтан мектептен қайтар жолда асықпай-саспай санаған жөн. Және де Рәтайды алдап-сулап, алдыға салып жіберу керек. Рәтай қасыңда болса, екі араны өлшеп шығу, жақсы оқып, тәртіп бұзбау жайлы ойлай қою қиын. Әрі-беріден кейін, қалай алысып-жұлысып, мысықша мияуласып, төбелесіп жүргеніңді білмей қаласың. Күз — өлшеу-сөлшеуге қолайлы уақыт. Көктем мен жаздағыдай құстар сайрап, ара ызыңдамайды. Алдыңнан ойда жоқта қанаты қатпаған балапан далпылдап ұша жөнелмейді, оны екі қолыңды алға созып, қуа жөнелмейсің де, қуатын бозторғай, бәбісектер кетер түстігіне баяғыда ұшып кеткен. Қыстап қалатын қарға, сауысқандардың балапандары қазір шиқылдаған сары ауыз балапаннан әлдеқашан қарға, сауысқанға айналып, ағаштан ағашқа қонып, ұшып жүр.
Класс жуатын бүгінгі кезек Саматтың мойнына түсті. Іздегенге сұраған. Құтыла алмай жүрген Рәтай сабақтан шыға сала сөмкесін сүйретіп, Емпіртке табанын жалтыратқан. Ол сабақтан кейін мектепте бір минут те қалмайды, тордан босаған торғайдай Емпіртке тайып тұрады. Көшенің Рәтайды, Рәтайдың көшені тартатын «магниті» бар. Класты айдақтатып, айғыздатып шала-шарпы жуа сала, шелек, шүберекті үй сыпырушы бүкір кемпірге тапсырды да, сыртқа атып шықты. Күздің шуақ күні жылы алақанымен бет-аузын сипалайды. Лүп еткен жел жоқ, дүние бейжай, ауа таза судай тұнып тұр. Жан-жануар да салғырт тартқан, жазда құйрықты тік шаншып тастап, ауылға оқыралап кіріп, қазан-ошақты төңкеріп кете жаздайтын сиыр, тайынша, торпақтар өзеннің арғы қабағындағы әлі де түсін бермей, күзбен тайталасып жатқан көгалда тістей қатып, томпиып-томпиып жайылып жүр.
Мектептің үгітіле бастаған іргесіне өкшесін тіреп, алға адымын кере тастады да: «Бір, екі!» — деп санамалай жөнелді. «Мектептің Емпірт жақ шетке салынғаны қандай жақсы! — деп ойлап қойды ішінен. — Әйтпесе, колхозды қақ жарып өтем дегенше, үй-үйдің арасында асыр салып жүрген балалар түртіп, шалып қалып, есебінен жаңылдыра салар еді». Расында да, аяғын көтере-көтере алып, астыңғы ерні жыбырлап, үстіңгі ерні қыбырлап бара жатқан Саматты: «Әй, саған не болды, есіңнен ауыстың ба?» — деп тоқтатып алмау, алдына аяқты тоса қоймау ойын баласы үшін ете-мөте қиын шаруа еді.
Адым жүз елуге жеткенде сиырдың аш ішегіндей шұбатылған өзен қарсы алдына бұралаңдап, көлденең жата кетті. Таяз болса да, кәдімгідей жалпақ. Жалпақ өлшем емес. Саматқа жалпақтық емес, өзеннің бергі жағынан арғы жағына дейін қанша адым, сол керек. Бәтеңкені шешіп алып, кешіп өтуге де болады. Бірақ басын таудан алатын өзен тастай суық. Ана жылы күзде жалаң аяқ кешіп өткені де бар. Іле мұрын бітіп, ыстығы көтеріліп, әуелі мамасынан жылы-жылы сөз, сауыға бере ұрыс естіген. Былтыр қыста қағынып, Қарасуға шомылып шыққалы мамасы су кешуге, суға түсуге үзілді-кесілді қарсы. Өзен енін өздері күнде өтетін селкілдек ұзын тақтайдың ұзындығымен шығара салуға болар еді, әйткенмен, ол құрғырың қиыс жатыр. Оған дейін қиыс өлшеп, өткеннен кейін Емпіртке бағыт түзесең, қателескенің — жол ұзарады.
Саматтың басы қатты.
Тапты, тапты! Өзен жағасына тамырын жайып жабысып жатқан тырбық талдың ең ұзын шыбығын сындырып алды. Бір ұшынан ұстап тұрып, екінші ұшын арғы жағаға созды. Шыпылдаған шыбық арғы қабаққа тиісімен бері тартып алып, ұстаған жеріне бәкімен кертіп белгі салды. Сосын жағаға сұлатып салып, басынан аяғына дейін адымдап өлшеп еді, тура бес қадам шықты. Енді селкілдек көпірден өту керек те, жүгіргеннен жүгіріп осы тұсқа жетіп, арғы жағадан 150... 155, 160 қадам кеткен жон. О, ол қулықты Рәтай да ойлап таба алмас еді. Кіл үшке оқитын бала қайдан тапсын. Рәтай терезенің әйнегін алып, пешке кіріп, сайтанға айналып, ауылды үркіткенмен, колхоз бен Емпірттің арасын есептей алмайды. Есепсіз жүретін әулекі бала.
Адым мыңға жеткенде, көзі шұбарып, басы айналды. Тілі де дөрбиіп ісініп, аузына сыймай барады. Кәрім ағай ұрсып жүріп «Р»-ды былтыр ғана дұрыс айтқызып еді, талай табаға қалдырған «л» пәле аузына қайта түсе бастапты. Мәселен, «тоғыз жүз он бір» орнына «тоғыз жүз он біл» деп салды. Әрі-беріден кейін «Л», «Р»-лар шатысып, шым-шытырық бытысып кетті. Мың дегенде күрсініп, соңына қарады. Колхоздан сұмдық ұзадым, көз ұшында қалды деп ойлап еді. Сөйтсе, міне ғана тиіп тұр. Ойын балаларының шаңқылы сол күйі бұзылмай естіліп тұр. Қатты жүдеді.
Екінші рет күрсініп, мыңнан әрі соза берейін десе, тілі күрмеліп, санай алсашы. Мыңға жеткенде білетін саны таусылып қалыпты. Кәрім ағаның үйреткен санының бар-жоғы осы. Не істемек? Манадан бергі еңбегі еш кеткені ме? Ойлап-ойлап тұрды да, үлкен тасты домалатып әкеп, мың деген жерді белгілеп қойды. Бір мың адым осы. Қазір санауды бірден бастайды. Мыңыншы адымға тастан тағы белгі қояды. Сөйте-сөйте Емпіртке жетеді. Одан арғысын көре жатар. Қиналып бара жатса, Кәрім ағасына айтар.
Көп мыңдардың басын қосып, екі араны шығарып береді. Ол кісінің жер бетінде білмейтін есебі мен саны жоқ.
Бес жүз дегенде сары қолдай самсап тұрған қалың шиге кіре берді. Кенет жол шетіндегі қомақты келген үлкен шидің түбінен адам көргісіз албасты ақырып атып шықты. Тыр жалаңаш. Төбесіне келтек үйіріп, төніп қалды. Қорыққанынан қаша алмады. Есеп есек болды. Сөмкесі қолынан түсіп кетті. Жақындай келе біртіндеп, бет-аузы түзелгесін, албасты бір жерде көрген таныс балаға ұқсай бастады. Бетпе-бет келсе... Рәтай.
Рекең сайтандықты әлі қоймапты.
Шақылдап күліп, шыр айналып жүр.
— Қорқақ, қорқақ! Қораға тышқақ! — деп санын сабалайды.
Зығырданы қайнаған Самат Рәтайдың соңына түсті. Жұдырығын түйгені соншалық, алынбаған тырнақтары алақанының жұмсақ етіне кірш-кірш кіріп кеткендей. Жаңағы есептен жаңылып қалмайын деген оймен айқайлап қояды:
— Әй, қашпа! Бес жүз! Тоқта деймін... Бес жүз!
Екеуі бір-бірін төрт-бес түйіп, тарасты. Рәтай ши түбіне шешіп қойған шалбар, көйлегін киіп, сөмкесін мойнына асып алды да, Саматқа қарады:
— Сенің бес жүзің не? Айдалада сайтан соғып, жынданып кеткен жоқпысың өзің?
Самат оған назар аудармады.
— Бес жүз! — деп қышқырып қойып, әлгі бес жүзінші адымының ізін жол үстінен тауып ала қояйын деген оймен жүгіріп барса, шым-шытырық. Қашқан Рәтайдың, қуған Саматтың іздері ыбыр-жыбыр баттасып жатыр. Кімнің ізі екенін айырып көр. Жылап жібере жаздады; бес жүз адымдық еңбегі еш кетті. Ертең есепті мың адымдық тастың қасынан қайта бастамаса, болмайды. Оңаша тұрса, жылап та алар еді. Рәтайға жылағанды былай қойып, көзің жасаураса жетіп жатыр, күні ертең: «Мен баяғысында ши түбінен ақыра түрегеліп, жағасынан ала кеткенде, Самат ойбайын да байбайын салып, шалбарын дымдап қойды», — деген сөз мектепте желдей еспесе, қолыңды бері әкел.
Амал не, ертеңінде түс ауа бір мыңдық тастан бастап, әр мың сайын жол үстіне тас қойып, Емпіртке шаршап, әупіріммен жетті. Таңертең мектепке барар жолда белгі тастарды төбесінен басып санап, шығындысын Кәрім ағайға айтса, бітіп жатыр, домалақ тастарын кеудесіне сөлкебай ғып қаз-қатар тағып алған шотқа салып жіберсе, колхоз бен Емпірт арасы шыға келеді.
Келесі күні Рәтайға әдейі соқпай, мектепке ерте беттеді. Көңілді. Құйқылжытып-құйқылжытып ысқырып алды. Рәтай жоқ жерде емін-еркін ысқырып алатын әдеті бар. Апасы да бидайды қуырар алдында ұшырып тұрып ысқыратын. Самат балалар ғана ысқырады деп ойлайтын. Ал алпыстан асқан апасының ысқырғаны қыстыкүнгі қарғалардың шықылықтағанынан кем соқпады. Таң қалған Самат ысқырғыш әжесіне ауыз ашып қарап отырып: «Апа, неге ысқырасың?» — деді. Сонда әжесі: «Ысқырып жел шақырамын!» — деп еді. Сол рас па, желкеден салқын самал соқты. Ара-тұра ысқырып қойып, тымпыңдап әлі келеді, кеше қойып кеткен тастар көрінер емес. Көңіліне күдік ұйтқыды. Колхозға да көп жер қалған жоқ. Әне, анау қалың шиден өтсе, тиіп тұр. Жол үстінде арба іздері сайрап жатыр. Арқан бойы жер жүрсе, бірі оңға, бірі солға қисайған дөңгелектері ылғи «8» жасап кететін Боқайдың шиқылдақ ырдуаны. Жүгіре жөнелді. Қалың шиді жарып өтіп еді, жусанды жазық жан-жаққа жер бауырлап еңбектей жөнеліп, жазыла берді. Дәл ауызда арба тоқтап тұр. Аттаған сайын оң жағына ауып-ауып түскен Боқай мұның белгі тасын көтеріп алып, жол шетіне шоқалақтап барады. Ту сырттан келіп қалған Саматты байқамай, күңкілдеп жүр:
— Жол үстіне тас қойып... Вот ти! Бұл кім өзі фронтовикке қастық ойлаған? Салдама арбам шашылып қала жаздады.
Самат дереу Боқайдың қолына жармасты.
— Тиіспеңіз! Менің тасым!
Боқайдың көзі жарқ етті:
— Менің тасым! Вот ти! Ay, айдаладағы тас қайдағы сенің тасың? Басыңа қойсаң, мә, ала бер! Вот ти!
Сөйтіп, бәрін айт та бірін айт, екінші күні де Саматтың есебі есек болды. Ырдуанның дөңгелегін тік көтеріп тастаған сайын қопаңдаған протез аяғы жанын көзіне көрсеткесін, Боқай жол шетіне лақтыра беріпті...
Қайткен жөн? Үзілісте де, сабақ үстінде де толғанып, миы су бола жаздады. Кәрім ағайдан: «Жылқайдаров, ай қарап отырмысың? Бері бұрыл, есіңді жи!» — деген ескерту алып, ол аз десе, амалды дұрыс шығармаған соң, «үшті» мойынға қонжитты. «Маған не болды?» — деп әжептәуір уайымдады. Әйтсе де, есептің аты есеп. Және басы басталып, аяғы көрініп қалған есеп. Уысынан шығармады. Сабақ аяқтала есептің емін тапты. Жол үстіне томпиып тас қойып қажеті жоқ екен. Әншейін әр мың адам сайын қағаз бетіне белгі салу керек. Әр мыңдық — бір белгі. Белгі қанша болса, колхоз бен Емпірттің арасы сонша мың адым.
Келесі күні мектептен шыға санап, Емпіртке жеткенше әлгі белгілерді қағазға түртіп отырып еді, он алты таяқ та төрт жүз төрт адым шықты. Сонымен, колхоз — Емпірт арасы 16 рет мың 404 адым. Мұны метрге, сосын километрге айналдыру қажет. Бұл Самат мың ойласа да шама-шарқы келмейтін шаруа. Бұған Кәрім ағаның есеппен тас болып қалған миы жетеді.
Арифметика атты пән балаларды күн сайын құтқарған емес. Сабақ аяқтала бере Самат қолын көтерді.
— Айта бер, Жылқайдаров! — Кәрім ағасы кешегі үшті ұмытпаған ба, бүгін фамилиясымен атады. «Бес» алғанда Самат, Саматжан дейтін.
— Ағай, мен колхоз бен Емпірт арасын есептеп шықтым.
— Есептегені қалай?
Самат таяқшалар жыпырлаған ақ қағазды ағасының алдына жайып салды.
16 рет мың 404 адым ағасына да қиын тиді ме, шекесін қасып ойланып қалды.
— Қаптаған таяқшаларың не?
Самат мән-жайды айтып берді.
— Километрге шағамыз мұны енді, — деді Кәрім ағасы оқ тиген жағы қисайыңқырап. Ауыр ойға кеткенде жағы қисайыңқырап кететінін өзі де білмейтін болса керек. — Есептеп көрелік. Так, так... Сенің адымың қысқа. Отыз сантиметрге жете ме, жетпей ме? Кәне, партадан шықшы!
Самат партадан шығып тұрды.
— Кеше қалай адымдап ең, қаз-қалпынан аудармай көрсетші бізге. Кеше қалай жүрсең, солай адымда.
— Тоқтап тұр, сол адымыңмен тоқтап тұр. Мен белгілеп алайын.
Мұғалім бормен Саматтың адымын белгілеп алды. Сосын екі ақ белгінің арасын сызғышпен өлшеді.
— Дұп-дұрыс, отыз сантиметр екен, — деді есебінің дәлме-дәл шыққанына қуанып. — Мұны жаңағы 16 мың да 404 адымға көбейтелік. Так, так...
Ағайдың ойша есептеуге қауқары жетпей, тақтаға жазып еді, қара шаршы жыбырлаған цифрға толып кетті. Балалар көп жыбырдан басы айналып, арбалып қалды ма, тақтадан бақырайған көздерін айырмайды. Ұшқан шыбынның ызыңы естілмейді. Рәтай тіпті басын сілкіп-сілкіп қойды.
— Оһо, 244 мың да 40 санти! Оны метрге айналдыру үшін жүзге бөлеміз. — Кәрім ағайдың қолындағы бор тақтай бетін барабандатып, тынымсыз тоқылдап кетті. Быжынаған цифры тақтаның сыртына шығып, асып төгіле жаздады. — Сонда 2440 метр де 40 санти! Колхоз бен Емпірттің арасы, айналайын Саматжан, дөңгелектей келсек, екі жарым километр екен. — Мұғалім кешегі «Жылқайдаровтан» қайта «Саматжанға» көшкенін аңғармады.
Класс бірауыздан:
— Оһо! — десті.
Самат, керісінше, үндемеді. Есепке көңілі толмай отыр. Бір километрдің қанша екенін тас жол бойындағы шұбар ала бағаналардан долбармен білетін. Осы сабаққа дейін Емпірт пен колхоз арасы алыс, алыс, Кәрім ағай шығарып берген екі жарым километрдің екеуіндей көрінетін. Әсіресе, үштік алып, қарын ашқан, боран-шашынды, жауынды күндері жол аш ішектей созылып, бітіп болмайтын. Сөйтсе, бар болғаны екі жарым километр! Бұлай екенін білсе, ақ тер, көк тер болып есептемей-ақ қоятын еді.
Кәрім ағай көңілденіп келіп, Саматтың басынан сипады:
— Міне, жігіт! Міне, математик! Сенен түптің түбінде адам шықпаса Кәрім, е-е, Кәрім ағай болмай кетейін! — деуге дейін барды. Сонсоң: — Балалар! — деп, класқа қатқыл қабақпен қарады. Ауыл мен ауыл, мектеп пен үйдің арасын әлі күнге дейін есептемей жүрген кіл тақырбастарға іштей ренжіп тұрса керек. — Сендер де бұдан былай Самат құсап төңіректеріңе зейін салып жүріңдер. Өмір қызық оқиғаларға, ғаламат есепке толы. Оның бәрін білу, түсіну үшін ыждаһамен оқу керек. Оқу инемен қудық қазғандай. Бұл — жалпы әңгіме. Тапсырма былай: Саматтан басқаларың ертең, мектеп пен үйлеріңнің арасы қанша қадам, соны біліп келіндер. Ал мен әзіргідей шығарып берем. Ал Самат, — деп, мұғалім тағы да көзінен «Жақсы баласың-ау өзің!» деген жазуларды оқытты, — бүгінгі еңбегің үшін бадырайтып тұрып «бес» қоямын. Кеше де осындай ынталы болсаң, «үш» алмайтын ең, — деп столының қасына барып, журналға тік тұрған күйі сәл еңкейіп, баға қойып жатты.
Мейманасы тасып кеткен Самат еркінсіп:
— Ағай, ағай, кеше адымдарды есептеп, соған ойым бөлініп, сіздің есебіңізді шығара алмадым, — деп салды.
Бұрынғы жібу жібу ме, ағасы енді ыстық табаға түскен майдай еріді:
— Е, солай ма? Бәсе, бұны не қара басты деп, өзім де ойлап ем. Оқасы жоқ, оқасы жоқ. Ендеше, кеше адымын есептеп, біздің есепке мұршасы келмеді деп, үштігіңді бестікке былай түзейміз. — Орындыққа жайғасып алып, кешегі бағаны әдемілеп тұрып «беске» түзеп жатты.
Рәтай да құлағының түбінен:
— Соқ өтірікті! Терезеге телміріп, сайраған шымшыққа сөз сатып отырмап па ең. Айтайын ба осы? — деп ыс етті. Қолын шошайта қойды. — Ағай, ағай десе...
Мұғалім иегін көтерді:
— Ие, не бүлініп қалды, Боқаев?
— Мен бар ғой, ертең үй мен мектеп арасын есептеп келемін. Сонда екінің бәрін беске түзетесіз бе?
Ағай күліп жіберді:
— Сен мені өйтіп арандатпа. Біріншіден, Самат екі емес, үш алған. Екіншіден, ол үшті беске түзетемін деп колхоз бен Емпірттің арасын есептеп шыққан жоқ. Ал саған есептеудің де қажеті жоқ, Самат-ақ сенің орныңа есептеп тастады. Екеуің бірге тұрмайсың ба? — деп, пысықсынған Рәтайдың мойнына бір шелек суды сарылдатып құя салды.
Не десе, о десін, дөдесінің «Оқу инемен құдық қазғандайы» рас екен. Кәрім ағай да жаңа сөйдеді. Класс шулап кеткенде ашу қысып, ақырып қалғаны болмаса, мұғалім бәрін де дұрыс айтады. Дөдесі де тегін жүрген жай адам емес. Ат артына қоржынын өңгеріп Емпіртке келгенде, оқу жайлы тағы не біледі, сұрап қалу керек.
Сонымен, Емпірт пен колхоздың арасы 2240 метр де 40 сантиметр!
Екінші жаңалықтың шеті кинодан шықты.
Кино колхоз бен Емпірт арасынан қиыстау жатқан ойпаттағы заставада көрсетіледі. Фильмдердің бәрі дерлік итпен шпиондарды қойдай қуып, қоймай ұстай беретін шекарашылар, бұрын-сонды ғұмыр кешкен батырлар жайлы. «Тисса үстінде», «Жолбарыс», «Константин Заслонов», «Суворов», «Александр Невский», «Біз Кронштадтанбыз», «Амангелді» — бәрі-бәрі әлгі батырларды марапаттайды. Қысқасы, іш пыстырмайды, клубтан шыға сала қайта кіріп, жаңағы киноны тағы көргің келеді. Сол киноның әсері ме, балалар сабақтан қолы босаса бітті, көбіне соғыс ойнап, «ақ», «қызыл» болып, айқай-сүренді салып жатқаны. «Шпион» қуады. Шекарашы екенсің, астында ат осқырынып тұруы тиіс. Өзен қабағындағы бұйра-бұйра жас талдар бала атаулының астына түсіп, «ауыздығымен алысып» шыға келеді.
Кино екі-үш күнде бір рет застава клубында қойылады. Шекарашыларға арнап көрсетілген фильмді колхоз балалары да көрсін деген заң жоқ. Бірақ беліне қанжар байлап, кіре берісте күзететін солдат ағайлар да мамалары «Аһ!» дегенде ауыздарынан жасыл фуражка, гимнастеркаларымен түсе қалмаған, олар да кезінде Рәтай, Самат секілді жалаң аяқ шапқылап, тәртіпке онша мән бермей, алысып-жұлысатын бала болған. Сол тамаша алыс-жұлысты әлі күнге ұмытпай, әлсін-әлі еске алып қоя ма, әйтеуір, кино күні қараторғайша дүркіреп келіп қалатын қарадомалақтарды күлімсіреп қойып еш бөгетсіз ішке жібере береді.
Бүгін жексенбі. Жексенбіде кино тал түсте басталады. Рәтай, Самат және Елеуке деген сұңғақ бала — үшеуі заставаға сау желіп келе жатыр. Үшеуінің де көйлек-шалбары жуылған, таза. Саматтың тоңған сыңайы бар. Таза көйлек-шалбар кисең, о баста тоңатының рас. Бет-ауыз сабындап жуылған, танау да «Брононосец Потемкин» фильміндегі зеңбіректердің ұңғысындай үңірейіп түр, тап-таза. Себебі, күзетші солдат кір болып, киімін жыртып келген балаларды киноға кіргізбейді. Кәрім ағай айтып қойған ба, оңаша жиналғанда ойлап-ойлап милары жетпей қойған.
Елеуке — небір сәйгүлік аттың басын еске түсіретін ұзын бет, шошақ бас, сидиған бала. Астыңғы ерні ылғи да біреуді мазақтағандай алға шығып, салбырап жүреді. Көп үндемейді. Балаларға тиіспейді, қақтықпайды, соқтықпайды, қотыр ешкіше бөтен жанға сүйкенбейді. Қасына барып, алда-жалда қолыңды көтеріп қалсаң, тап бір соғып жіберетіндей басын қолымен қалқалап, бұға қалады да: «Атама айтам! Алла-ай!» — деп сыңси жөнеледі. Мұнысы Рәтайға жақсы болды. Еріге қалса, қолын көтере қалып, құмарынан шығады. Елеукенің атасы Саматтың дөдесімен Ақсиырда қоңсы қонып отыр. Дөдесі ана жолы оқу, ине, құдық қазу туралы айта келіп, аяғында: «Бас-көз бол ана Елеуке құрдасыңа. Өзі сүтке жарымаған арық қозыдай солбырайған неме, таяқ жеп қалып жүрмесін. Сен болсаң, колхозда өсіп, кепті көріп, оқып, көзің ашылып қалған баласың», — деп, өтірігі ме, шыны ма, астына көпшік қойып кеткен. Елеуке колхоздағы алыс жамағайынының үйінде жатып оқып жүр. Саматтан жас үлкендігі бар, ал мектеп есігін биыл ашқан. Атасы Елеукенің жасын дұрыс есептей алмайтын қараңғы адам, мүмкін, әке-шешесі бір жылда қайтыс болған немересін қимады, қысқасы, ұзын басым биыл тоғызда. Себепсізден себепсіз: «Атама айтам! Алла-ай! Алла-ай!» — деп сыңси қалатыны колхоз балаларына жақпай қалған ба, нұқып, түйіп, шетке шығара береді. Кіл ұсақ балалардың арасында жалғыз өзі өңкиіп, басы үшкірейіп отырғасын, әркім: «Оқуға неге кеш келді, мүмкін, кеміс шығар» деген түрлі жорамалға салды ма, Елеуке саяқ қалды. Жамағайыны қасықтап қағып ішер асқа жарытпай, аптасына Емпіртке қашып келіп, Саматтың қасына жатып кетеді. Ас ішісі де қызық. Жайшылықта: «Ұялма, Елеуке, ал, іш!» — деп, Саматтың шешесі жік-жапар болса, сықсиып ұялып, дастарқанға қолын тым сирек созады да, көзді ала бере көмейлетіп-көмейлетіп жібереді. Қалтасына бірер жапырақ нанды сүңгітіп тастап, тук білмегендей тымпиып отыратыны да бар. Аузына су толтырғандай сөйлемейді. Сөйлей қалса, айтатыны кілең асық, сасыр, бүлдірген, қотан күзететін Майлыаяқ, Жолдыаяқ атты ғажап иттер жайлы. Бұрын киноны естімек түгіл, көрмепті. Осы минутта қойдан жуас, қозыдан қоңыр қалпынан аумай, Рәтай мен Самат екеуінің ізін баса бүлкектеп келеді. Түріне қарасаң, жүзе білмейтін баланың терең суға секірейін деп тұрған бейшара сиқы. Ондай сиықтағы бетке қарағың да келмейді.
Самат та, Рәтай да солай. Екеуі көбіне кешегі соғыс ойынының қызығын айтып тауыса алмай, ауыз жаппай келеді. Өйткені бұлар «ақтарды» ойсыратып жеңген. Қалың ши арасынан заставаның қызыл шатыры қылт еткенде, Елеуке астыңғы салбыраған ернін жиыңқырап, тіл қатты:
— Самат, ә, Самат!
— А?
— Кино деген немене?
— Кино ма... Кино! Қазір ... клубқа кіреміз. Клубта солдаттар тізіліп отырады. Онда шахмат, гәзит-жорнал бар...
Самат мүдіріп қалды. Киноның қалай көрсетілетінін бір ауыз сөзбен түйіп айтпақ еді, ол қиынырақ екен. Қысқа сөйлемек болып, ойын тиянақтай бастады. Кино мәселесі Елеукені қатты мендеткен-ау, меңірейген бетте табан астына үңіліп келе жатып күңк етті:
— Клубта гәзит оқыта ма?
Самат күле беріп еді, Рәтай бүйірінен солқ еткізіп нұқып қалды. Бұл — «Тұрып тұр, қазір бүйректен сирақ шығарамын!» деген белгі. Самат сілтідей тұнып қалды. Рәтай биязы үнмен:
— Гәзит оқимыз, кезекпен гәзит оқимыз, Елеуке, — деді.
Елеуке: «Сенен кім сұрады?» дегендей, Рәтайға астыңғы ернін шығарыңқырап, Емпірттен шыққалы түңғыш рет көзінің аласымен бір қарады да, басын жерге салып жіберді. Рәтайдың құйтырқы ойнап, жайнаңдаған көзіне көп қарауға дәті жетпеді. Салбыраған астыңғы ерні мүлдем түсіп кетті.
— Мен кәзит оқи білмеймін. «Қа-ла», «да-ла» деп қана оқи аламын.
— О, онда оңбадың. «Қа-ла», «да-ла»... Болмайды, болмады! Гәзитті судыратып оқи алмағандарды солдаттар желкеден нұқиды, картоп аршытады, қазан түбінің қаспағын қырғызады. Тағы не? Е, былай... шала аршып, ала қырсаң, кертоқай алады. Міне, бүйтіп... — Бүгіле қалған балалы үйрегін Елеукенің ұстарамен қырылған айнадай басында ойнатып-ойнатып алып еді, Елеуке басын қалқалап:
— Атама айтам! Алла-ай, алла-ай! — деп сарнап қоя берді.
— Сосын күрестіреді, — деді мына жақтан Самат та елігіп қалып.
Елеукенің екі көзі атыздай:
— Кіммен? Солдаттармен бе?
— Жоқ, командирлердің езің секілді балдарымен.
Елеукенің бетіне қан жүгірді. Тұздай көзі көгере қалыпты:
— Рас па? Жақсы болды. Ауылда Төлеу, Қалдыбайларды іштен шалып жығып жүргемін.
Рәтай тақымдап қояр емес:
— Е, сенің жыққандарың мектепке бармаған Балапан Шиборбайычтар. Сен не, ылғи помидор, колбасаға тойып, тыңқиып алатын командирлердің балдарын кім деп ең? Олар қағып қалса, қалпақтай түсетін Қалдыбайың емес. Жық, жық! Онда: «О, ұзын балаң қайтеді өзі, ей? Біз де күресіп көрейікші!» — деп, солдаттардың өздері кірісіп кетеді. Оларды жыға алмасаң, кертоқайдың көкесін көресің. Төбеңді қашағанда тура тесіп жібереді. Әне, ана солдатты жығамын деп айтып көрші, — деп, заставаның жасыл бояулы темір қақпасының жанында қанжарын беліне асып, арлы-берлі теңселіп жүрген солдатты нұсқады. Самат күліп жібере жаздап, аузын басып, жым болды — әлгі солдат жауырыны қақпақтай бір дәу сары екен.
Зәресі зәр түбіне кеткен Елеуке иегі кегжиіп, тартыншақ аттай артымен шегініп барады. Құлағына шыбын кіргендей басын шайқап-шайқап қояды:
— Бұл баладан жығылып қаламын. Мұрным қанаса, қайтемін. Ондай киноңа кірмеймін.
Елеукеге Саматтың жаны ашыды. Тоғыз жасына дейін оқу оқымай, кино көрмей, Жолдыаяқ пен Майлыаяқты ертіп, алып тау-тас кезіп жүрсе, оған кінәлі Елеуке емес. Кінәлі — жасын дұрыс есептей алмаған атасы. Рәтайға жаман көзімен қарап тастап:
— Қорықпа! — деп Елеукенің иығына қолын салды. — Әртістің көнсертін көріп пе ең?
Анау басын изеді.
— Кино да сол сияқты. Барған соң көресің. Рәтай сенімен жай қылжақтап келеді.
Елеуке берісер емес:
— Олла, білле де! — дейді Саматқа.
— Олла, білле!
— Анау да естіп қарғансын! — Рәтайды көз құйрығымен нұсқады.
«Анау» да ыржыңдап күле тұрып, кеңірдегін сұқ саусағымен арлы-берлі орғылап, қарғанып жатыр. Рәтайға салса, қарғанбас та еді, әлі де Елеукенің ес-ақылын шығара түсер еді, оған үшеуі де кинодан қалып барады.
Елеуке сенді. Екеуіне сенгенмен, кертоқайшыл солдаттарға сенбейді екен, қанжар таққан дәу сарының қасынан жып беріп, Саматтың ық жағына шығып алды. Қырсыққанда көк көз солдат көгендегі желідей тізіліп қақпаға кіре берген бұларға күлімдеп (әлде Елеукенің көк көзі жылы ұшырап, деревнядағы інісін еске түсірді ме):
— Э, этот с длинной головой, что за пацан? Откуда? — деп, тертедей ұзын қолын созып, Елеукенің басынан сипап еді, ол төбені тесетін кертоқай басталып кетті деді ме, шөкелеп отыра қалып, «Атама айтам! Алла-ай! Алла-айын!» бастап жіберді.
— Что, что? — Дәу солдат аң-таң.
Рәтай алақанымен аузын басып қық-қық күледі. Шақылдап күлсе, солдат мазақтады деп, киноға кіргізбеуі де ықтимал. Самат застава балаларынан үйренген шала-пұла орысшамен:
— Жайлау пришол... Учит пришол... — деп балдыр-батпақтап жатыр.
Солдат:
— Учись, учись, барашка! Большим человеком станешь! Атаманом будешь! — деп Елеукенің үшкір басын уыстай, мытып-мытып қоя берді.
Заставаға кіріп, солдаттан сәл ұзағасын, Елеуке ытып алға түсті. Тұздай көзіне жас үйіріліпті:
— Оқымаймын! Атама қашып кетемін!
Клуб заставаның нақ ортасына қонжиған көп терезелі қызыл шатырлы биік үй-тін. Қақпа күзеткен дәу солдат тік күйі емін-еркін кіріп кете баратын биік екі есігі бар. Таза ауа үшін әманда ашық тұратын біреуі киномеханиктікі де, екіншісі көру залына бастайтын есік. Анадайдан байқады, зал есігі жабық. Яғни кино басталып кеткен. Желбір-жекен желіп есікке келіп қалып еді, бауыздап жатқаннан қатты іштен біреу дөрекі дауыспен бақырды дейсің. «Солдаттар баланы бақыртып, кертоқай алып жатыр», — деп ойлады ма, алда бүлкектеп келе жатқан Елеуке жалт беріп еді, үшкір басы іркес-тірес келе жатқан Саматтың шекесін соғып, тесіп кете жаздады. Қаны қайнаған Самат:
— Kip енді, үй! — деп есікті итеріп ашып жіберді де, Рәтайдың үстіне шалқалап жатып алған Елеукені ішке итеріп жіберді.
Үйдің іші көзге түртсе көргісіз. Төрдегі төрт бұрыш экран ғана сүттей жарық. У-шу, даңғыр-дұңғыр. Экранда көзі ақшиып кеткен солдат — анық патриоттық тақырыптағы фильмдердің бірі — қолындағы көсеудей винтовкасын, не өші, не қасы қалғанын кім білсін, бұларға үңілтіп, атын қос өкпеге тепкілеп, ызғытып келеді. Және солдат ат-матымен қоса барған сайын үлкейіп, сартыл да сұртыл секунд санап күшейіп барады. Ақыры бүкіл экранды оң көзін сығырайтып қысып алған солдаттың шарық табақтай беті мен винтовка ұңғысының үңірейген дөңгелек аузы жаулап алды. Ба-ах! Мылтық гүрс етті. Талай киноның түбін түсірген Саматтың өзі дір етіп, әнтек шалқайып қалды.
Іле Елеукенің:
— Ойбай, ойбай! Ата-оу! — деген сұңқылы естілді. Қараңғыда Самат қолынан шығып кеткен Елеуке есікті шалқасынан ашып тастап, алды-артына қарамай қақпаға безіп барады. «Ата! Аталап!» музыкалатып қояды анда-санда. Рәтай сахнаға шығып кетіпті, неміс танкісінің ұңғысындай шолақ танауын сіңірейтіп көтеріп тастап, экранға қадалып отыр. Самат Елеукені қайырып келмек оймен бұрыла беріп еді, отырғандардың біреуі етегінен жұлқи тартып қалды.
— Закрой дверь, да сядь!
Кино аяқталып, қызыл жеңіп, ақ атаулы жер бетінен құрып біткесін, Рәтай екеуі қақпа сыртына шықса, Елеуке түгіл, сайтан да жоқ. Үйге келсе, зым-зия. Шешесі: «Әлгі бала қайда?» — деп еді, қорыққанынан: «Колхозға кетті», — дей салды.
Ертеңіне Елеуке сабаққа келмеді. Кешегі ойын осылған деп, әрқайсысы өзінше ойлап қалды. Сабақта астарынан су шыққандай қыпықтап, әрең отырды. Қорқыныш адамдарды біріктіре ме, мектептен шыққасын екеуі тату-тәтті жағдайда Емпірт пен застава арасындағы қалың шиді көп аралады. «Шошынғаннан жүрегінің қабы жарылып, ши түбінде қылжиып жатпасын!» деген сөзді өздері айтпаса да, бақырайған көздері, тым-тырыс үнсіздіктері айтып тұр. Рәтай соңында шыдамай: «Сен ғой киноға ертіп әкелген», — деп күңкіл бастап еді, Самат жалт қарағанда, сөзін жұта қойды. Тегі, кинодағы солдаттың көзінен кем болмаса керек.
Кітап-дәптерін қолтығына қысқан Рәтай сол күннің кешінде Саматқа кіріп, сабақты өмірінде түңғыш және соңғы рет танауы пысылдап бірге әзірледі. Бұрын Рәтай: «Есебімді шығарып бер!» — деп қылқылдағанда кергіп, көнбей қоятын Самат осы жолы есеп түгіл, қазақ тілінің жаттығуларына дейін әдемілеп жазып берді.
Рәтай мен Самат екі күннен кейін Елеукені алдына салған ұзын бет, шошақ бас шал мектеп ауласына құнжыңдай кіргенде ғана «уһ!» деді. Әңгіме былай екен. Елеуке сол шошығаннан шошып, заставадан шыға он бес шақырымдық Ақсиырдағы атасы мен апасына бір-ақ сызыпты. Ол сызғанмен, он бес шақырым қысқара ма. Қасқа жол, сусыз дала. Таңдайы кеуіп, қаны қойылып келе жатқан баланың аузына тауға қарағайға кетіп бара жатқан шоферлар су тамызып, Ақсиырға апарып тастапты.
Кейін кино қойылса, Елеукенің шошақ басы клубтың ең алдында үшкірейіп отыратын болды. Кино десе, қалпақтай түседі. Самат, Рәтайға ит көрген ешкікөзденіп, қайтып жуымады. Ұят әлде ыза, мүмкін әнеукүнгі масқараны балаларға айтып қояды деп қуыстана ма, ол арасы белгісіз. Екеуі оған өлердей күйзеле қойған жоқ. Оқу оқып, Самат «торт» пен «бес», Рәтай «екі», «үш», ара-тұра «төртін» алып, ойнап-күліп жүре берді. Оңашада: «Е, сол үшкір басты қойшы. Аталап, аллалап Ақсиырға қашты. Одан не шықты? Аттың бауырына алып, қайта қуып тастады мектепке. Шоқ-шоқ, өзіне де сол керек», — деп кіжінді.
Бірақ басы үшкір болсын, жұмыр болсын, екеуінің Елеукедей жолдастан айрылғаны анық еді.
* * *
Қарашаның аяғына қараған бір күні Самат мектептен сөмкесі қолын үзіп, қарны шұрқырап кеп есік ашқан. Шүберек сөмкесіндегі дәптердің арасында Кәрім ағай әдемілеп қойып берген екі «бес», бір «төрт» жатыр. «Төрт», «бестер» әдетте сөмкені түбіне тас салғандай ауырлатып жібереді. Сол еңбекке орай Саматқа да аяқ астынан күш бітіп, қабағынан қар жауып, қатты түтігіп кіретін. «Үш» алған күндері, әрине, керісінше. Қарны ашпайды. Шаршап-шалдықпайды да. Емпірт пен колхоз арасындағы қалың шиді шиырлап, жолды барынша ұзартып бағады. Бөксесі бұлтиған, желкесі шодырайған өрмекші іспеттес сүйкімсіз баға үшін мамасы маңдайдан сипамайды. Кикілжіңнің алдын алу қамында ши ішінде қияқты тілмен орай тартып жайылып жүрген бұзаудың «тәртібін» байқастай қайтады. Табалдырықты аттай, жерден жеті қоян тапқандай жайтаңдап: «Мама деймін, қоңыр бұзауды көріп қайттым. Қасқыр көрінбейді. Жайылып жүр, алысқа ұзаған жоқ», — деп даудырайды. Әйтпесе, арық жағасындағы сарғая бастаған көгалдың қызығымен ауылдан алыстап кеткен он шақты үйрек, қазды қаңқылдатып, қарқылдатып, үй төңірегіне иіріп тастап кіреді. Мамасы білгіш, сезгіш-ақ. «Е, сен қайбір үйрек, қаздың амандығын жоқ жерден ойлай қалдың? Кәрім ағаң бүгін бастан сипамаған екен», — дейді.
Содан екі «бес», бір «төрттің» буымен үйге ентелеп жетіп келсе, стол шетінде екі көзі алақандай, тығыншық келген, сүдіні суықтау қара бала алақ-жұлақ етіп отыр. Жасы он жетінің ар жақ, бер жағы. Шешесі пеш төңіргенде күйбеңдеп жүр. Теріс айнала бере алжапқышының етегімен көзін үйкеп қояды. Ал жүзіне қарасаң, жылап жүр деп ойламайсың: бет үшіне қызыл жүгіріпті, қабағы ашық. Самат екіұдай: жылап жүріп қуанғаны қалай, қуанып жүріп жылағаны қалай? Үй іші тап-тұйнақтай: қобырап, көлденең жатқан зат жоқ, еш қозғалмайтын стол жуылып, сүртіліп, ал қозғауға келетін жеңіл-желпілері орнынан бір саты жоғары қойылыпты. Қос құлағы едірейіп, пеш аузында қалай болса, солай тігінен де, етпетінен де, төңкеріліп те, шешесі ашуланған күні бүйірінен де жатып қалатын леген бүгін ішіп келсе, қақпасына маңдай тіреп, біраз ойға кететін Боқайдай қабырғаға сүйеніп, итініп тұр.
Қара бала шыны үстінде отырғандай, екі қолы алдына сыймай, қозғалақтай береді, әлде бір заманда жоғалтып алған бірдеңесін Саматтың бетінен тауып алған сияқты жүзіне оқтын-оқтын бажырайып қарап қояды. Оның өзі Саматтың тәртіпсіздік жасап, класс тақтасының алдында тұрып қалғандай ыңғайсыз жағдайға қалдырды; стол қасына жоламай, сөмкесінен кітап, дәптерін суырып, қайта салып, алакөлеңке бұрыштарды сағалап, тымпиып жүріп алды. «Кім екен?» Әлде Ақсиырдағы дөдесінен сәлем-сауқат ала келген біреу ме?» Өйткені үйге кіре төр жақ бұрышта тоңқиып жатқан тоқ қоржынды көріп қалған, — босағадағының көзі төрде деген осы. Оның үстіне, сәлем-сауқат салынған қоржын ылғи да осы үйдің қадірлі қонағындай төрде шынтақтап жататын, босаға жаққа жоламайтын. Үйге ересек адам бас сұқса, дөдесінен келетініне, құр қол салаңдамай, құрт, май, ірімшік, ет (бұл енді апасының еңбегі) секілді тіске жұмсақ тәтті-дәмдіні теңдей келетініне Самат дәндеп алған. Әрі пешке қонжиған қара қазан бүлк-бүлк қайнап жатыр; үй ішін танау тартқан сайын араныңды аша түсетін сүр еттің хош иісі кернеп алған.
Қолына «Ана тілін» алып, екі аяғын астына жиыңқырап, ернін жымқырып, бұрыштағы орындыққа томпиып отыра қалып еді, столға бір бүйірлей батылсыз жақындап барып тұрған мамасы алжапқыш етегін умаждап, қайта жазып тұрып:
— Саматай, келші бері! — деді көптен естілмеген мақпал үнмен. Селк етті. Ойламаған жерден шықса, мақпал үн де селк еткізеді екен. Бір басып, екі басып, столға жақындады. Мамасы мұның білегінен қапсыра ұстап тұрып:
— Ұлым, мына отырған алыстан келген ағаң. Туған ағаң. Аты Мәкен. Соғыстан кейінгі қиын жылдары айрылып қалғамын. Ер жеткесін шешем бар, Саматтай інім бар деп іздеп келіпті. Түпкілікті келді, — деді жайшылықта сөздің түбін түсіретін мамасы кібіртіктеп сөйлеп.
Самат не десін, үндемей құтылды. «Туған ағаң... Соғыстан кейінгі қиын жылдары айрылып қалғамыз... Түпкілікті келді...» — Ұқса, бұйырмасын. Басы ың-дың. Ағасына бір сәт қарап тұрды. Бұл көз қарасқа ойда жоқта табылған ағасы шыдамады ма, қозғалақтап отырды да, орнынан тұрып, қоржын қасына барды, аузын шешіп, жалт еткізіп бір затты суырып алды.
— Самат, ала ғой, саған арнап әкелген базарлығым, — деп, столға әкеп қойды. Самат қалтырап қоя берді. Сары айылбасы бар, жез құлыбы жарқыраған былғары портфель! Кәрім ағайдың төртінші класта оқитын қызы Сәбира ғана жалтылдатып ұстап жүретін портфель! Жүрегі бұлқынып, орнынан аунап түсті, әйтсе де, өзі қуанғанын, яки таң қалғанын айыра алмады, шамасы, екеуін де бастан қоса қабат кешкен болар. Портфель тұтқасына қол соза да қойған жоқ. Тек тесіліп қарады да тұрды.
— Саматжан, ал, алсаңшы. Өзіңе деп әкелген бұйым. — Шешесі әлгіні қолтығына тықпалап жатыр.
Сөйткенше аядай бөлмені даудыраған адамдар аузы-мұрнынан шығарып, толды да кетті. Бүкіл Емпірт тайлы-таяғымен келіпті. Қансонар болса бітті, көк төбел бестімен қасқыр қуып, тау асып, қыр кезіп, екі-үш ай бойы үй көрмей жоғалып кететін, қысына төрт-бес қасқыр соғып алатын, сол себепті де өзін керемет сабырлы, салмақты ұстайтын Ізет аға да үйге қаңқиып кіре беріп еді, аласа маңдайшаға төбесін оңдырмай соғып қалды. Сері адам Ертіске ағып бара жатса да сыр бере ме, қабағын сәл ғана шытты, төбесін де сипамастан орындық шетіне отыра берді де, серілігіне басып, оқтау жұтқан адамдай тікейе қалды. Семейден келген гүлді жібек орамалды маңдайын баса тартқан Шаһиға апай, Ізет ағаның келінін сайтан деп қамшының астына алғалы Айтуған молдадан қайтадан Айтуған атаға айналған ақсақал, Боқай, Шөкей — бәр-бәрінің төрт көзі түгел. Шөкейдің қолтығының астынан жылтыңдаған Рәтай жымыраңдайды. Неменеге масайрағанын кім білсін, жә, оны қойшы, кейде екі алса да шекесі шеруен атып жүретін Рәтайды кім білмейді. Бұл жолы көзін қысып, бас бармағын шошайтады. Онысы не «Во!», не «Маладес!», әйтпесе, «Қатырдың!» дегені, әйтеуір, мазақтап тұрмағаны анық.
— Көзайым болып жатырсың?
— Ат айналып қазығын табады...
— Саматқа дырдай аға табылды.
— Е, алла, бергеніңе шүкір!
— Қайырлы болсын!
— Тойған қозыдай томпиған түріңнен айналайын! Бетіңді әкеші, бермен! — деп, елден ерекше шұрқырай қалған Шөкей, тартыншақтағанына қарамай, «ағасының» бетінен сүйіп жатыр.
Күлімдеп тұрған шешесі кенет алжапқышымен бетін басып, өксіп-өксіп жылап жіберді. Шаһиға апайы құшақтап әкеп, орындықта манадан бері шалқаюдан жазбаған Ізетті бөксемен қағып тастап, «тағынан» түсіріп жіберді.
— Жеті жаһанды билеген патша болсаңыз да тұрыңызшы, жігітім!
Ізет аға бетінің әр шаршы сантиметріне команда бере алатын берік адам болғандықтан шетке шықты да, столға қолын салып, тіп-тік қалыпта қатып тұрып қалды. Босай қалған «таққа» шешесі жайғасты. Жылауын қойса да, оқтын-оқтын пырсылын үзбеді.
Айтуған ата:
— Сабыр, сабыр, келін! Тамам ел қуанышқа жиналып отыр. Е, алла... — дей беріп, молдалықты ада-күде тастағаны есіне түсіп кетті ме, жым болды.
— Е, бұл соғыс кімді қуартпады? Баланы анадан, ананы әкеден айырды!
— Қайтсін байғұс!
Айтуған атаның үйіндегі кетік тіс әжей Мәкенге қарап ернін жалап:
— Тымпиған мұрныңнан! Жаратқаннан айналайын, аумаған Саматжан! Әлгі біздің ұл да хабарласпай кетті. Не құқай көріп жатыр екен? Өһ! — деп, төндіріп тастады да, қобырап отырған атаға ала көзімен қарады.
Ел жиылған, үйге қуаныш кіргенін жаңа пайымдаған шешесі сүрініп-қабынып, аядай бөлмеде зыр жүгіріп, сыпайылық ырымын жасап жүр:
— Төрлетіңіздер! Жайғасыңыздар! Мен әншейін... Ет те пісіп қалды, дәм татып кетіңіздер!
Емпірттіктер ұзын орындыққа жайғасып, тауықша тізіліп отырысты. Боқай пошымы төңкеріп қойған самаурындай ағаш аяғын, «Көрдіңдер ме, ей, жағдайды!» дегендей, ортаға қарай дүрс тастай салып:
— Әй, Әлима, жоғың табылды, кемісің толды. Вот ти! Ақ түйенің қарны жарылды. Магазинге біреуді жүгіртіп пе ең? Кешке ноль-ноль бесте жабылып қалады. Сосын Әнәпия сараңға аштырып көр! Вот ти! — деп, өз ұпайын түгендеп бір қойды. Боқай сөз бастағалы ернін қымқырып алған Шөкей апай бұрқ ете қалды:
— Осы сенің кеңірдегің кебетін күн туар ма екен! — деп өшіге сыбырлап, бүйірінен нұқып қалып еді, қопаң еткен Боқай:
— Вот ти, — деді.
Шешесі пеш артындағы қуыстан Қарасудың қомағай алабұғасына ұқсап жуан бөтелкені суырып алып, ортаға қойды:
— Неге болмасын. Бәрі де бар. Мәкенім келемін деп хат жазғасын құстай ұшып, сатып алып қойғамын. Бірақ көңіл құрғыр анық сенбей, жан адамға тіс жармап едім. Айып-айбана менен!
Адам сынамын десе, бір минутта күрт түседі екен. Ізет аға неше жыл бойы бір басына молынан жетіп келген салмағы мен сырбаздығынан ойда жоқта жаңылып қалып:
— Шаһиға, отырма! Ашымал сыраның бір шелегін алып кел! — деп бәйек бола қалды. Боқайдың Рәтайға тартқан алақан көзі аударылып түсіп, жарқ-жұрқ етті.
— Вот ти! — деп, Ізет ағаға есепсіз сүйіспендікке толы көзбен бажырайып тұрып қарады.
Бұл кезде Самат пен Рәтай сыртқа сытылып шығып кеткен.
— Мына бала ағаң дейді ғой. Бас терісі саған қаптап қойғандай. Тек сен сары да, ол қара.
Самат тіл қатқан жоқ.
— Тәтем айтады: байы өліп қалғасын, Әлима Саматты қолтығына қысып, төркініне қайтып келген деп. Ағаңды әжең бауырына салыпты. Былтыр ол да өліп кетіпті. Бір жынды: «Шешеңнің көзі тірі. Іздемейсің бе?» — деп түртпектепті. Қанына тартқышын өзін.
Самат жерден жоны дөңкиіп шығып жатқан жалпақ тасты бәтеңке тұмсығымен теуіп тұр. Әрі-сәрі... Атасы портфель алып келді. Одан басқа ел-жұрт шулап, шүйінші сұрайтындай жаңалық жоқ секілді. Ағаға еріп, іні жетектеп көрмеген саяқ бала өміріне үлкен өзгеріс енгенін қайдан білсін. Портфельді есепке алмаса, оған бәрібір. Рәтай ағылып сөйлеп тұр. Маңдайына жазылған несібе сол болса, қайтеді: қасындағы бала не ойлап тұр, өзі көңілді ме, жабырқау ма, онымен шаруасы шамалы, Рекең бүгін сөйлегісі келген екен, бір елі аузына екі елі қақпақты өзі де, Самат та қоя алмайды.
— Жақсы болды. Қожаңдап асықты тартып алатын колхоз балаларының көкесін танытамыз. Ағаң шетінен бықпырт тигендей суға салып сабасын, бәлем, — деп кіжінеді.
— Сен байқа! Төбелесіп қалсақ, ағаңа піш-піш деп өсек тасып жүрме. Мәкеніңді ұрып тастайтын аға менде жоқ. Нешестный болады. Көкеме таяқ жедім деп көр, бас салып, өзіңді сабап тастасын.
* * *
Өмір өзгерді.
Бұрын кей күндері сабақтан үйге арсы-күрсі кіріп келгенде пеш түбінде жүрелеп, күл алып отырған шешесі бетін жалма-жан бұрып ала қоятын: жылағанын жасырғанмен, пыш-пыш тартқан мұрнын қайда қояды. Ондайда Самат та тымыраңдап, сөмкесін төсек үстіне лақтырып жіберіп, есікті сарт ұрып, сыртқа шығып кететін.
Шешесінің көз жасына біреу кінәлі — ол анық. Бірақ кім? Өзі ме? Самат па? Сонда кім? Апта аралатып Рәтайды: «Жақсы көргенімнен ұрамын, соны ұғасың ба, ей, сен! Вот ти!» — деп қойып қалатын Боқайдай әкесі жоқ — мәселе қайда? Жыласа, Шөкей апай жыламай ма? Боқай ішіп келген күні тас-талқан ашуланса да жыламайды. Қайта артынан: «Әлгі немені түйіп қалып ем, серең етіп төсекке құлап түспесі бар ма. Іше берсін, қалтасы қалың болса», — деп күліп отырады. «Кім?» деген жалғыз сұраққа жауап іздеп, ши ішін беталды кезіп, қаңғып кете барады. Басы қаңғырып, таңдайы кеуіп келіп, ши түбіне жантая кетіп, қолын желкесіне жастаған күйі аспандағы бозторғайдан көзін айырмай ұзақ жататын. Бозторғай жалғыз, бұл жалғыз. Талығып кетіп, ұйықтап та қалушы еді. Рәтай айта беретін сайтандар неғып соғып, бет-аузын қисайтып кетпеген десейші. Тегі, сайтандар айдалада қабағын кірбің шалып, жүзін жел қағып ұйықтап жатқан жас баланы аяғандықтан тиіспей: «Әй, бала, оян! Күн өтіп кетеді», — деп түртіп қалып, құйындатып кете беретін болса керек. Өйткені Самат ылғи да біреу түртіп қалғандай шошып оянатын.
Қазір шешесі ыңырсытып қана әндетіп жүреді. Төсектен түске дейін тұрмай, қабырғаға қарап тоң-торыс жатып алатын әдетін қойып, үй ішін тілмен жалағандай таза ұстайды. Заставадағы телеграфистік жұмысын тастап, үй шаруасына біржола шықты. Бұрын Шаһиға апайдан да, Шөкейден де жас еді. Мәкен келгелі кемі он жас қартайып кетті — басына орамал тартты. Боқай да қалжыңын тыйып, тілін тартып сөйлейтін болды. Бұрынғыдай жұмысқа асықпағасын, баяу, найқалып басады. Жалпы, аузынан «Самат қарғам, Мәкен құлыным» деген сөздер шыққасын-ақ, шешелер біртіндеп апаларға айнала береді екен.
«Басқа түссе, баспақшыл» дегендей, тірі жетімдік баланы пісіріп-қатырып тастайтын бетон секілді бірдеңе ме, Мәкен пысық екен. Осы келісінде тегін келмей, аудандағы жол жөндейтін басқармаға кіріп, Қытайға асатын тас жолды тегістеп, көпір салатын жұмысқа тұрып келіпті. Күнмен жарыса тұрады да, күрек-сүйменін арқалап, бес шақырым жердегі Қараойға тартады. Қараойда жол жөндеушілер көктемгі тасқын алып кеткен көпірді қалпына келтіріп жатыр. Шешесі ана бірде: «Мәкенім жұмысқа орналасты. Мәкенжанмен жарысып қайтемін. Мәкенімнің кір-қоңын уақытылы жуып, асын әзірлеп берсем де маған қанағат. Жас та келіп қалды. Мәкенжан әзірге жолстройда істей тұрсын. «Бастықтарымен сөйлесіп, қысқа қарай колхозға ауыстырып аламын ғой», — деп Шөкейге көсемсіп, сыр айтып отырған.
Самат «Мәкенім-Мәкенжандардың» жиілеп кеткеніне іштей аз-мұз өкпелі. Бұрын: «Саматымның буыны қатып, белі бекісін. Қарғымды осы қарғам шығарады әлі-ақ», — деп оңашада бетінен сүйіп, қолтығына су бүркіп отыратын. Бұл күнде ол қолпаш сиреді. Амал жоқ, ағаң болғасын, арада ауыс-күйіс болмай тұрмайды екен, тіпті артығырақ беріп қояды екенсің. Мәкен де портфель сатып әкелдім деп бәлсініп, кейкиіп жүрген жоқ. Ендеше, шешесінің «Мәкенім» дегеніне Саматтың қыңырайып, ауыз бұлтита бергені дұрыс емес. Аға, інілер шешені тең бөлісетін болып шықты. Болашақта да солай болады. Осы бастан өзіңді соған үйрете беру керек. Самат оны ұғып тұр-ау, әйтсе де, алғашқы апталарда бауыр етін ағасына беріп қойғандай сезімде жүргені рас. Тісеген ересек бала ғой, түбі түсінеді ғой.
Қолы епті ағасы топырағы саулап тұратын сиыр қораның төбесін ашып, қайта жауып алды. Есік алдына жолстройдың есебінен бір арба қарағай түсті. Келер жылы, амандық болса, жаңбыр жауған күні тамшы ағатын, қыс келсе, бұрыш-бұрышына көк аяз қататын үйдің төбесін ашып, тақтайлап алмақ.
Ал класс ду-ду... «Саматтың ағасы табылыпты!», «Сөмкесін қара сен әуелі, ағасы сонау Алматыдан сатып әкеліпті», — деген алып қашты әңгіме, сыбыр-жыбыр, әрине, құлағына майдай жағады.
«Ағаң бұл кезге дейін қайда жүрген, біз неғып көрмегеміз?» — деген сұрақтар ғана Саматты қинайды. Көбінесе үндемей құтылады. Тақа қысап бара жатса: «Оқуда жүрген», — дей салады да, әлгі сұрақ қойғыш қазымыр баланың қасынан тезірек кетіп қалады.
Кәрім ағасы да кластың көзін бақырайтып қойып басынан сипап: «Ал, Самат, ағаң келді, ағасы бардың жағасы бар, біз де қуанып жатырмыз. Соғыс салып кеткен жара жаңа жазыла бастады... — деп ауа жайылып бара жатты да, мұғалім емес пе, онысын түсіне қойып, лезде өз жөнін тапты. — Сабақты енді беске оқы, ағаң алдында ұятқа қалма», — деп ақылын айтты. Рәтай да көп адыраңдамайды: «Ағаңа айтып қоймаймысың, өй! Айтып көр, сүйреңдеген өсекші боласың, қан жалап қалсам да, мен көкеме өсек тасымаймын. Тек өзі біліп қойып сабамаса...» — деп, айтпайтынына алдын ала көз жеткізіп алып, байқап-байқап төбелесетін болды. Ағасының айбары ма, Рәтай бұдан жығылып қалып жүр. Өтірік жығыла ма, кім білсін..
Көк төбел бестіні жаратып, қасқыр соғудың әзірлігіне кірісіп кеткен Ізет ағай әнеукүні үйге бас сұғып, Семейдің базарынан сатып алған галифе шалбарына қонған сұлы қиқымын тырнақ ұшымен шертіп біраз отырды. Сері адамға бет алды сұрақ қою да қиын, шешесі қазандық жақтан бас көтермеді. Ізет аға френчінің алқымына саусағын бір тигізді де, тісінің арасынан сыздықтата Әлимадан келер жылы картопты қай жерге салатынын сұрады. Сәл тістеніп отырды да: «Мәкен шарбақ тоқимын десе, Қарасудың бойындағы талдан тоқысын», — деді. Емпірт пен колхоздың маңдайына жалғыз біткен сері адамға қайдағы бір шарбақ, картоп, кәкір-шүкірді қозғау оңай тисін бе, екі құлағы делдиген галифе қалтасынан ақшаңқан орамал суырып, маңдайына шыққан тердің тамшыларын жеке-жеке басып, әспеттеп сорғытты. Әдемілеп бүктеп, төс қалтасына салды. Сонсоң:
— Сіз, келін, келер жылы балаңыз маған еріп, Семейге мал айдаса, қалай қарар едіңіз? Сіз, келін, ренжімеңіз. Тапқан ақшасы — нәсіп, жер шолып, ел көріп қайтады. Сіз, келін, енді ренжімеңіз, — деді.
Сабақ қараған Самат көзін есеп кітабынан айырмаса да: «Ізет аға қасқырды соғар алдында: «Сіз, Қасеке, сойыл тиетін қара тұмсығыңызды бері бұрсаңыз қайтеді. Е, өстіңіз. Сіз, Қасеке, енді ренжімеңіз», — деп барып сұлатып салатын шығар», — деп ойлады.
Шешесі шыр етті:
— Ағасы, қолқа салмаңыз. Ешқайда бармайды. Онсыз да он жыл бойы көз жазып қалған баланы алысқа шығара алмаймын. Аш болса да, тоқ болса да, көз алдымда қалқиып жүрсін. Айыпқа бұйырмаңыз, ағасы!
Беті қайтып қалған ағасы:
— Болсын, болсын! — деді де, тұмсығынан шыбын тайып жығылатын құрым етігінің (Семейден сатып әкелген) қонышын қос қолдап кезектеп тартып, сымдай керілген күйі түзу басып шығып кетті.
Ал Самат пен Мәкен анау айтқандай ішек-қарыны араласып кете қойған жоқ. Аңысын андып жүр. Әйткенмен, портфель сатып әкелген ағаға қарлығаштың қанатымен су тасығанындай болсын септігін тигізуі керек. Тек қолғабысты шешесіне де, Мәкенге де білдірмей жасаған дұрыс. Әйтпесе, портфельге бола жағымпазданып жүр деп ойлап қалуы ықтимал. Мәкен жұмыстан шаршап келіп, мұрттай ұшқан күннің ертеңінде ала көбеңнен оянып, етігін балшықтан тазартып қойды. Ағасы оны білді ме, білмеді ме, әй, балшық етіктің таза тұрғанын қалай білмейді, әйтеуір, жұмысқа кетіп бара жатып шешесіне: «Саматқа келер зарплаттан бәтеңке алмасақ... Мынаның тұмсығы ашылып, табаны түсуге шақ қалыпты», — деп салды. Шешесі: «О, айналайын, осы білгеніңе рақмет! Самат әлі оң-солын айырмайтын бала ғой. Не кисе де бәрібір. Өзіңе алдымен иығыңа ілетін пенжак сатып алшы. Ізеттің Қанапиясынан кембісің? Былай... жігіт құсап жүр. Ініңді сосын көре жатарсың», — деді. Самат көрпені басына тұмшалап бүркеніп, қайта жата кеткен. Бәтеңке дегенде бүйрегі бүлк етті. Шешесі «не кисе де бәрібір» дегенде: «Иә, бәрібір. Ана Рәтай да жаңа бәтіңке киіп жүр», — деп көрпе астында күңк етті. «Ініңді» естігенде барып, ішінде бірдеңе жып-жылы болып еріп сала берді. «Аға, іні... Ағасы бардың жағасы бар... Інісі бардың тынысы бар...» Самат төсекті сықырлатпай, ептеп қана ірге жаққа аунап түсіп, ақкергіш қабырғаны тырнағымен айқыш-ұйқыш сызғылай берді...
* * *
Самат ер жетіп келе жатты.
Лақтырған тасы зымырап, былтырғыдан ұзағырақ түседі. Биыл Қарасуға аяғы тайып күмп берсе, былтыр қыстағыдай су жұтып, малтыға қоймайтын шығар: жүзуді үйренді. Стол үстінде қабырғаға сүйеулі тұратын сынық айнаға қарап, суға шылаған қолымен шашын басып-басып қоятынды шығарды. «Күләнда биылғы қыста каникулға келе ме, жоқ па?» деген ой да ара-тұра мазалайды.
Биылғы қайырлы күздің соңғы жаңалығы мынау.
Емпірт пен колхоздың арасын ноябрьде қайта адымдап шығып еді, 16 мың 404 қадам емес, 15 мың 391 шықты. Үш рет өлшеді, бәрібір сол 15 мың да 391 адым!
Рәтай Кәрім ағасына үзілісте:
— Ағай, ағай, әнеукүні Самат Емпірт пен колхоздың арасын қате есептеген, — деді. «Сен айт!» — деп қоймаған Саматтың өзі еді. Бірақ бұлай сүмірейтіп айт демеген. Рәтайдың бірдеңені өз жанынан қосып жібермесе, ішкен асы бойына бата ма, бұл жолы да Саматты кемітіп тұр.
— Оны қайдан білдің? — Сұрақ мойнын созып, Кәрім ағаның аузын бағып тұрған Рәтайға емес, бір қырындап, қабырғадағы «Оқушылардың ішкі тәртібін» ерні жыбырлап оқыған Саматқа арналып еді. Мұғалім сұрақ қойғанда жауап бермеске күш қайда:
— Кеше өлшедім. Үш рет өлшедім. Бар болғаны — 15 рет мың да 3391 қадам! — деді. Манадан артына жасырып ұстаған, бетін ыбыр-жыбыр белгілер шешек дағындай қаптап кеткен төрт бүктеулі қағазды төмен қараған күйі ұсына берді.
Ағасы қағазға көз жүгіртіп шықты да, жымиды:
— Ол есеп те, мына есеп те дұрыс, балалар! Сендер мына жағдайды ескермегенсіңдер. Өлшеген Самат па? Самат! Жылқайдаровтың көңіл күйі жақсы қазір. Ағасы келді. Ал көңілі өскен бала адымын жайшылықтағыдан кеңірек, көре-көре тастайды. 16 мыңнан 15 мыңға түсіп қалуының бір себебі осы. Екіншіден, Самат, күннен күнге ержетіп, есейіп келе жатқаныңды ұмытпа. Бойың да, ойың да. Ондай баланың адымы да өседі. Екі ай бұрынғы 16 мың 404 адымның 14 мың, 14 мың да...
— 15 рет мың да 391 адым! — деп сақ ете қалды Самат.
— Иә, иә, 15 мың да 391 адымға кеміп қалғаны сол екі себептен, — деді. — Ұқтыңдар ма?
Самат басын изеді. Дүдәмал Рәтай үндеген жоқ.
— Ал, бар, ойнаңдар! Бүгін күн ашық, ауа таза.
Кәрім ағай арқаларынан қақты да, кітабын қолтықтап, оқ тиген жағы бір жағына қисайып, не жылағаны, не күлгені белгісіз, класқа кіріп кетті.
Самат сілейген күйі ойланып тұр. Кәрім ағасы бес минутта бес күн ойланатындай сөз айтып кетті — соны біледі. Әй, қойшы, кейін тағы саралап жатар. Күннен күнге өсіп, ер жетіп келе жатса, бүгін ұқпаса, ертең ұғар. Ер жетіп келе жатқан баланың миы бүгінгіден ертең жақсы істемей ме? Жер өлшеймін деп, кешелі бері ойынды тас ұмыт қалдырды. Рәтай ойын жағынан мұны шаңына көміп кетті. Дүр сілкініп, төңірегіне қараса, Рәтай Елеукені бұрышқа тығып: «Құртыңды тоқашқа айырбаста!» — деп жаналқымға алып, қысып жатыр.
Екеуіне араша түсіп, айырып жіберді де, у-шуға аузы-мұрнына шыға толған аулаға атып шықты. Расымен күн ашық, ауа таза екен.
IV
Биік-биік таулар жігітке жеткізбеді. Өз осінен шыр-көбелек айналған құйын бері қарай зыр жүгіріп келе жатыр. Баяғыда Рәтай: «Құйын ішіне қолыңа пышақ алып кірсең, қан жұғып шығады. Қан — сайтанның қаны. Бұл құйын емес, санын сабалап, сақылдап күліп жүрген сайтан», — деп, қолындағы жылан сап бәкісін ала жүгіретін. Сол сөз есіне түскесін елігіп қалды ма, Самат Құмарович жол бойы консерв жарып келген бәкіге қол жүгірте берді де, тоқталып қалды. Сайтан болсын, құйын болсын, туған жердің топырағын үйірген құйын ғой. Оған пышақ ала жүгіретіндей жын қағып кеткен жоқ. Басындағы қалпақты құйын ортасына лақтырып жіберіп еді, қалпақты қақпақыл ғып ойнаған құйын ұзай берді. Қалпақ қайда барар дейсің, Емпірттің бір төмпешігінде я шиінің түбінде Саматтан қалған белгі боп жата берсін.
Алақанын қалта түбінде жатқан пышақ жүзі сипап өтті. Пышақ кімді мұратына жеткізген? Құйынға бәкі ала ұмтылатын Рәтай ақыры сол кішкене бәкіні пышаққа айналдырып, құйын емес, адамға жаратыпты. Бес-алты жыл суық үйде отырып, сол жақта үйленіп, қалып қойған көрінеді. Шөкей, Боқай, Ізет аға, Шаһиғалар қайда, одан хабар-ошарсыз.
Биік таулар жеткізбегенімен, жүгірісі құр кетпеді. Тас жол үстінде маңдайын күнге төсеп қаңтарылып тұрған жеңіл машинаның қасына келіп қалыпты. Қапырық кабинада оқып отырған жалпақ кітабымен бетін желпіген келіншегі:
— Көп айналдың ғой, — деді.
Самат Құмарович күлді:
— Былтыр төркіндеп туған жеріңе барғанда бір ай табан аудармай жатып алып ең. Маған бір сағатты қимағаның ба?
Келіншек күлді:
— Рас-ау! Жеңілдім! Қалпағың қайда?
— Қалпақты құйынға сыйладым.
Келіншек аң-таң.
Осы кезде артқы орындықта ұйықтап жатқан сары бала басын көтеріп, көзін уқалады. Самат Құмарович «аузынан түсіп қалған» баласына тесіліп ұзақ қарады. Самат Құмаровичтің дөдесі мен апасын еске түсіреді екен.
Қалың ұйқыдан оянған баланың не әкесін, не шешесін іздейтін әдетіне басып:
— Папа, папа! — деді де, бөтен тілде шүлдіреп қоя берді.
Түкке түсінбеген жігіт келіншегіне иек қақты.
— Ағылшынша сөйлеп отыр. Мұғалімдер: «Жазғы каникулда өздерің ағылшынша сөйлеп, жаттыға беріңдер», — деп тапсырыпты.
— Ау, не деп отыр, соны айтпаймысың, бәтір-ау!
— Ұлың: «Папа, туған жерге қашан жетеміз?» — деп отыр.
Самат Құмарович жауап таба алмады.
Бұған не айтарсың?
Төңіректе қарайған жалғыз жан жоқ, тым-тырыс, тым құрыса үстіріктелген тақтайдай тас жол шетінен жалғыз машина көрінсейші.
Ойлап қараса, ұлының сөзі дұрыс.
Туған жердің топырағын басқанмен, туған жердің құйын болып санын сабалап қашқан төрт мезгілі — қыс — қаңтар, көктем — сайтан, жаз — жайлау, күз — мектеп енді қайтып Самат Құмаровичке құйрығын ұстата ма?
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі