Өлең, жыр, ақындар

Колокола киген Кәрима

Қыз жалғыз еді, Төбеден төнген аспан біреу-тін. Сарғайған шөпті кірт-кірт жұлып жеген Кертөбел де мына сайын далада жылқы ныспысынан жалғыз еді. Қып-қызыл күн де жападан-жалғыз батып бара жатты.

Тек жалпақ жазықты түгел алып жатқан ноқат-ноқат қойлар көп еді.

Ат үстіндегі Кәрима төңірегіне қарады. Шығыс, батыс, терістік, түстік - төрт құбыла бірден кең дала. Көкжиек дегеніңіз түп-түзу. Дала шіркін ұзақ ойнайтын, иә, иә, мектеп бітіру кешінде армансыз ойнатқан жалпақ күйтабаққа ұқсайды да, Кәриманың өзі соның ортасындағы мембранаға келіп қалады екен. Сонымен мембрана да, күйтабақ та бар, тек дыбыс жоқ. Құлаққа ұрған танадай ұзақ-ұзақ тыныштық...

Кенет шеттегі таз қарын қара саулық барқырай маңырап еді, әлгі тұнып тұрған тыныштық лезде бұзылды.

Төрт-бес ай бұрын сабақ үстіндегі тыныштықты қоңырау үні бұзушы еді. Содан соң парта қақпаларының сарт-сұрт жабылғаны, туфлилер тақасы мен бәтеңкелер өкшесінің жаппай шыққан тарсылы, күлкі, кеп күлкі, есепсіз күлкі...

— Кешке киноға барамыз ғой, ә?

— Кезекші, класты жу...

— Гүл терейік!

— Кеттік, кеттік! Гүл терейік!

Ойлап тұрса, соның бәрі қазір көрген түстей. Бәрі де үш-төрт ай бұрын емес, он-он бес жыл бұрын болып кеткен оқиғалар мен естіген үн, дыбыстар сияқты. Көктемде қыр төсін тұтас алған қызғалдақтар қураған. Аспаннан ала жаздай түспей, күні бойы тынымсыз шырылдайтын бозторғайлар жылы жаққа ұшып кетті. Бұл күндері апта сайын күздің қара суық желі соғады. Жел соқса, бозғылт бұлттар түйдектеле көшіп, көңілді құлазыта түседі.

Иә, Кәриманың осы бір жүдеу көңілін әзірге бір-ақ нәрсе аулағандай. Ол - сандық түбінде төрт бүктеліп, қатталып жатқан колокола. Класта соңғы сәндегі киім десе, ең алдымен осы Кәрима елеңдеп, айқұлақтана қалушы еді. Анау көктемде кең балақ қынай бел шалбарды сән журналынан көріп қалып: «Ұнаса ма, жоқ па?»- деп, қыздардың алдына әлгі үлгіні жайып салған да осы Кәрима. Колокола жайлы әркім әрқалай деген. Етженді толық, Алтын мүлдем ұнатпады: «Белді қысады екен»- деп, біраз жерге апарып тастады. Кәрима оған ыға қойған жоқ, әжептәуір дауласты. Үйге келгесін де шешесінің гүлді шәлісін беліне орап, айна алдында алай-бұлай көлденеңдеп жүріп те көрді. Аяғына оралып, сүрініп жығылып қала жаздағасын шәліні орнына іліп қойды.

Май мейрамында ауылдың Алматыда оқып жүрген қыз-жігіттерінің біразы келіп қайтқан. Колоколаның көкесін, әне, сонда көрді. Кең балақ шалбар талдырмаш қыздарға құйып қойғандай жараса кетеді екен. Кәрима болса, әнгіменің тоқ етері керек, қынай белдің нақ өзі. Оны кластағы ұлдар да, тіпті қыздардың көбі мойындайды. Ендеше, ұрыста тұрыс жоқ, қынай белге кеп балақ колокола керек.

Керек колокола көп ұзамай пішіліп, тігіліп те қалды. Биік өкшелі платформа туфли де едел-жедел табылған.

Мектеп бітірген күннің ертеңінде ақ алжапқыш пен қоңыр көйлектен құтылған Кәрима колоколасын көлкілдетіп, платформасын тықылдатып, жас өспірім қыздан бой жеткенге айналып, кешеге ойқастап шыға берді.

Сол күні колокола мен платформаға әркім әр түрлі қараған. Алыстан кездері жетпеген қарттар жағы алақандарымен күн қалқалап: «Ойбой-ау, мына біреу әртic қыз ғой деймін. Алматыдан әртістер келіпті!»- деп тамсанған.

Колокола шан көтере ме, жоқ па, қыздар осы мәселені күні бойы күңк-күңк талдады. Матасы қандай, қай жерден үстінен түсіп, сатып алуға болады, ол да ұмыт қалған жоқ.

Ал бұрын әзілдесіп жүретін бозбала жағы, неге екені белгісіз, ол күні бастарын кекжитіп-кекжитіп, қатып-сенді де қалды. Тіпті Кәрима жаққа қарамауға тырысты.

Әттең-әттең, содан кейін колоколаны киіп шығудың сәті бір-ақ рет түсті. Комсомол-шопандардың «Қызыл сұңқарлар» бригадасы ашылған күні сандық түбінде сүрленіп жатқан колокола жарық дүниеге шықты. Ауданнан, айта берсе облыстан басшылар келді. Лента қиылды. Жас шопандарға игі тілек білдіріліп, тартулар тартылды.

Колоколаға көзі түскен ұстаз-шопан басын шайқаған. Шайқаған да: «Балағы жалпылдаған бұл қарындасымыз ертең қойларды үркітіп тәбетін бұзар ма екен?»- деген.

Бұл пікір сан түрленіп, өзгеріп Кәриманың да Кулагина жеткен. Ыза болған қыз колоколасын кешке қарай сандық түбіне атып ұрған. Қазір шалбар сол жатқаннан қаттауы жазылмаған күйі мол жатыр. Кешке таман қой бағудан қол босаған кезде балағын желбіретіп, киіп шыға қояйын десе, серуендейтін көше де, қызықтап қарайтын көз де жоқ. Ұстаз-шопан тағы бірдеңе дей ме деп те жасқанады, сонсоң қолына алуын алғанмен қағып-сілкіп, әспеттеп орнына қояды.

...Кәрима басын көтерді. Қыз колоколадай керек затты ойлап тұрған кезде қой бытырап кетіпті. Торы шолақпен тоңқылдай желіп отарды бір айналып шықты.

Әлгі көңілді құлазытатын жалғызсыраған сезім көп ұзамай қайта оралды. Қарап тұрғанша ән айтайын деп еді, шаң қапқан көмейінен дені дұрыс дыбыс шықпады. Ән салғасын ана Райкүлдей айту керек, ал өйтіп айта алмасаң, әннің қадір-қасиетін кетірмей таза қойған жөн.

Қоржында жатқан транзистор есіне түсті. Қолына алды. Әнеугүні бригада ашылған күні сыйлыққа тартылған «Эхо» транзисторы. Қызыл шкала бес-алты ақ сызықтың бойына жағалай орналасқан қала аттарының әрқайсысын бір-бір түртті.

Мынау мақамды қоңыр үн - арабтар әлемі...

«Шөп-шөп, шөжелерім»... Бұл тауықтарына жем шашып жатқан бакулік бүлдіршіндер...

Жас шопандардың сұрауымен дайындалған концертімізді бастаймыз. «Туған күн». Әні мен сөзін жазған Мұхтар Шаханов...» Алатауы жалғыз да, алмасы мен ағашы көп Алматының нақ өзі. Иір-иір дыбыс толқындары Алматы мен Арқа төсіндегі көрінер-көрінбес нүкте - Кәриманы қосып жатты.

Кәриманың құлағына әуелі ән, сонан соң тас төбеде ұшып бара жатқан самолеттің гүрілі жетіп тұрды.

Аламойнақ тұмсығын шошайта үріп қойып, Кәримаға: «Қалай екемін, ә?» дегендей көзі жылтырап, қарай қалыпты. Қыз жымиды.

Иә, колокола қайда қашар дейсің, әлі-ақ екі жылдан соң, абитуриент Кәрима аман болса, медицина институтынан бір-ақ шығып қалар. Колоколасын сонда армансыз киер.

Кәрима басын көтеріп еді, мана түстік, солтүстік, шығыс, батыстан қаумалап қоршап алған жалғыздық шегініп, алыс көкжиектердің кенересінде қылдай болып қатып тұр екен.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер