— Кә... Кә-ә! — Құмығып шыққан қарлығыңқы дауыс ағаш-ағаш арасында тұнып тұрған таза ауаны дір еткізген.
Сауыры қарға сыңсыған қарағай басынан сауысқан сусылдап ұшты. Шықылық-шықылық... Түтіннің қоюын аңдып, үй арасына сөз тасып жүретін сыпсықайлардан аумайды. Иығына мылтық бауы бата бастаған екен, орнын ауыстырып түзетіп қойды.
Сирек мұртының жебесіне қылауланып қырау түзілген. Сайхан өңірінің аязы жүдеу лашықтың жалқау қожайыны секілді, желтоқсанда әлі қыс алда деген сеніммен анау көк сүңгі шыңдардың терең қойнауларынан шықпай тырп етпестен жатып алады да, көктемге қарсы қайың діңіндегі қар қақырап, қабығы жалаңаштана бастасымен-ақ лап беріп қысып кеп береді. Соңғы апта басталғалы көрсетіп тұрғаны осы қотиын мінез. Ағаш басын қозғалтар жел жоқ, аспанға алақандай бұлт ілінбегені қашан. Табанын сірескен киіз қар тұтып, тұтасып қалған сай-салада сарыаяз меңірейіп тұнып тұрғаны. Түн ортасына таман қар астындағы есебі жоқ жылғалардың мұзы шарт-шұрт шытынап жатады. Жас етке талайдан бері тістері тимей ішек-қарны қаңсып қан сиген қасқырлардың даусы аш өзекті тіле әуелейді. Күн жылымың тартып, күртік бетіне селдіреп қабыршақ қатса қарағай ұшына көтерілуге күш табатын әулекі қарғалардың қарасын қайда жоғалтқаны беймәлім.
— Кә-кә-кәә!
Үні жыламсырай шықты. Түбіті түсіп үлгермеген немені сығыр көз сілеусіндердің жарып кетпесіне кім кепіл. Аңғал, кейде сауысқанның соңынан қуып кете баратын пәруайсыздығы бар. Жаңа да сол алақанаттардың соңынан құйрығын шаншып тастап арсалаңдай жөнеп берген.
Қызылқат басынан құлаған қарды құлақшынынан қағып жатып жоғары қарап еді, мана көкшіл тартып тұрған сазарма аспан үсік алған боркемік беттің түсін қабылдай бастапты. Қадау-қадау жұлдыздар шын көрінісін жаңа тауып келеді. Ақжағал жартастар демде зорая айбаттанып бара жатыр. Саусақтары қолғап сыртынан өткен мылтық шақпағының көкаяз ызғарын сезді.
— Жырыққұлақ! Кә... Жырық!
Ағаш-ағаш арасындағы соқпақты қуа жақындап қалған ақ төбетті әуелі қардан айырып алған жоқ. Үш-ақ нүкте — екі кез, қара тұмсық бөкпе үстін дыбыссыз сызып келеді.
Ауыр күрсініп, кеше жауған тың қарды тізеден кеше ойпаттағы ағаш үйге бет алған. Бүгін асығы шігесінен түсті де тұрды. Қақаған аязда ағаш ұрлауға жан адамның бел буып шыға алмайтынын біле тұрса да тау аралап кетуінің себебі жас етті аңсап тісі тызылдап шыдатпауында еді.
Күнгей бетке ауған ба, көп ұлардың бірі де қарауылға ілікпеді. Әлде әккі түлкінің бұта-бұта арасын жоси жақындаған жонын байқап қап биікке қашқан болар. Қалай айтсаң олай айт, жас ет танау тартқызып қазанда бүлкілдеп қайнап жатса, дүниенің бар қызығы түгелденіп қалар еді. Ошақта жанған от атаулы Жырыққұлақтың көзіне жайлап көшер еді. Енесі аймақтағы иттің азулысы-тын. Өткен жылы қаңтар айының боранды түнінде терісі көкшұнақтардың сақылдаған тістеріне түсіп, дыр-дыр айырылып кете барды. Мынаның тілік құлағы да солармен таныстықтың пайдасы.
Қарын жел айдаған қыр арқамен төмен түсіп келе жатты да, аяғы тайып кетіп қия етегіне қарай домалай жөнелді. Шыр айналған аспан мен жерді кезек санаған көзі бес-алты қадам қашықтағы опырыла күрт төмен түсіп кеткен жартас шетін шалып қап, жүрегі тас-төбесіне шықты. Қолғабы қайда қалғаны белгісіз. Тырнақтарының көбесі қопарылғанына қарамастан жалаңаш тастан жан ұшыра шап беріп еді, түбі былқылдаған бос екен, жұлынып кетіп қошеметтей қатар домалады. Сосын табан астындағы, анау төменде самсаған қалың кірпі шыршаларды көрді, көзін тас жұмып алды.
— А-аа....
Аузына қар құйылып қақалды. Арқасы жартастың ұшар шетіндегі құшақ жарымдай бұжыр-бұжыр діңге тірелген екен. Әуелі биікте қалған қырсық қыр арқаны түгендеп көңілін демдеді, тілін кәлимәгә келтірді. Сонан соң жартас етегіне көз салып еді, бетін қиыршық қарға баса қойды. Ара тіс тақта-тақта тас, шор-шор қорым. Аяғын баурына жинап, діңге тіреді де серпіліп қап, қыр арқаға қарай өрмелей жөнелді. Едәуір қимылдады. Пима тұмсығы тиген малта тас ылдиға ағып түсті. Тарс-тұрс, тарс-с... Таусылатын түрі жоқ. Жанталасып дөңге шықты да, малдас құрып отыра кетті. Маңдайы мұздай терге шыланыпты. Төңірек мұнарға батып айыға қойған жоқ. Жанары шыңдардың қан қатқан жалаңаш шекелеріне тұрақтай алмай жаңа ғана төбесіне ажал үйірген жартас жиегіне тоқтады. Бура белін нажағай қиған көрі шырша қар басқан бұтақтарын қаусырына жападан-жалғыз құлама кенересінде қалқиып тұр. Төмендегі тұла бойы қылқан аға-бауыр, іні-қарындастарынан тоқымаш жеп биікке қашқан тентек шырша!
— Қырық жылғы қырғыннан аман қайтып, ел тыныш, жұрт аманда көмусіз қала жаздадым-ау...— Иесінің анау ағашқа дейін домалап баруының себебіне санасы жетпей таң-тамаша боп шоқиып отырған Жырыққұлаққа әдеттегідей жекіген жоқ. Орнынан тұрып, қарға толғай құлақшынын жалтыр бөкселі тырдай тасқа сарт-сұрт қақты да, милықтата киді.
Зәресі ұшқанына кеңкілдеп күлді, Өстіп қашан қорқып еді? Е, соғысқа барған жылы болар. Жарылғаны құрысын, бомбалардың құлдилап құлардағы ысқырығы төбе құйқаны шымырлатушы еді. Айтпақшы, бүгін ақпанның нешесі? Алдыңкүні жиырма бірі, кеше жиырма екісі, бүгін жиырма үші... Е, Сарыбай мен аңсаң Қасым майданнан тағып қайтқан медальдерін кеуделеріне тізіп тастап, кердең-кердең басып жүр екен-ау.
Қырсау есіктің сықырлаған ойбайы ойпатты басына көтерді. Үй іші көзге түрткісіз қараңғы. От сөнгесін қазандағы сорпа суып тыныпты. Шырпы тауып шам, тамызың тұтатып от жағу, одан кейін қара судың дыз етіп буы көтерілгенше көз талдыру.... әй, қиямет-қайым шаруа-ау. Жылыға кіргесін қырауы еріп дүмі дымқыл тарта бастаған мылтығы мен тонын қақ төрге іліп, шам іздеді. Жанғанымен жермайы таусылыпты, қайта өшті.
Сыртқа шықты. Аң қар түзеген сақал-мұрты салбыраған топ тал түбіндегі ойық қатып қалса да шелек түбімен соғып, жұқа мұзды ойып жіберді де, су іліп алды. Таңертең соқпақ үстіне төгілген су шыңылтыр көк мұзға айналған екен, оңбай құлады.
Бірқауым жатты. Тізерлей тұрды да, үйге кіріп қос шелекті құлаштай қараңғы сенекке атып ұрды. Су сіңген жеңіл шапаны сауыс-сауыс мұз. Суың сорып жаны кеткен саусақтарының күйгеніне қарамастан от тұтатты, қазандық астын үрледі. Жаңқалар жігінен жалын маздады. Бөренелері шіри бастаған қабырғада жалқын қызыл сәуле қаша бастады. Қос жауырыны күржиіп Бақтияр отқа кіре жаздап итінеді. Астында жалпақ, шөрке. Отқа тақаған қолдарының ту сырты күйіп көмірге айналғандай қап-қара. Жырыққұлақ қасына жайғасыпты: тісі сақылдап жүн арасынан бүрге аулап жатыр. Жаңқадан шырт етіп шертпе ұшқын алқызыл жол сызып ұшса, құлағы тікірейіп отқа ынтызарлана үңіліп, мазасы қашады.
Бақаң тонынан бу бұрқырап, ауада жіңішке ирек жіпшелер баяу бұралып билейді. Сол қолы қоржын түбін қармалай суық ет пен пияз алып шығып, таңдап-талғаусыз көмекейлетіп асады. Қомпаңдаған ұртының қимылы көпке созылды.
Жырыққұлаң қыңсылай алдыңғы оң аяғымен жерді тартып-тартып жіберді. Көзі отша жанып, қоржынға тесіліпті. Шыдамы таза-тақыр таусылып тамақ сұраған сықпыты. Ет, нанның жартысын алдына тастады. Ит қолын ризашылықпен жалады да, мәзірін жеуге кірісті.
Оттан шегініп отырды. Манағы жұмсақ, жуас жалпыл жоқ, дау-дау лаулаған жүген-тізгінсіз өршіл жалын. Пештің көмекейін жалап-жұқтап, суыра дүрілдетіп тартады. Асыр салып, бойына шымырлатып жылу әкеліп жатқан ыстық ағыс бар.
Қалтасынан кисет алды да бауды шешіп, махорка орай бастады. Темекі түсі сіңген саусақтары сап-сары. Түйірін түсірмей сәтте орады. Бас-аяғы бірдей тегіс. О, махорка ораудан Бақтиярдың тірі жанды төңірегіне маңайлатпайтынын танитын сары тіс, түкті иектер түгел мойындайды. Отыз жылдың жүзі — тартатыны тек махорка. Ащы түтінді аузы-мұрыннан бірдей лақылдатқанда маңайындағылар сормай-ақ шашалып, қырылып қақалып қалатын.
Мейлі, көңілдері жаратса не еді, «БТ»-ларын шеге берсін. Ол бір сорғанда көзден жас бұршақтататын ащы махоркасына адал. Бұған басқалардай мұғалімдерден қашып жүріп, дуал-дуал тасасында емес, қырың бірінші жылдың окопында үйренген. Қиналатыны — соңғы кезде осы дүкен сөресінен таптырмайды. Адамдар шылымның шөп иісті жасығына құмартатынды шығарды. Амал жоқ, ат-түйе бергендей жата-жабысып, бақандай қырық шақырым алыста жатқан қала базарынан қолдан дайындағанын арнайы алдыртады.
Орнынан тұрып оқшантайынан екі бос патрон суырып, жаймаға дәрі-қорғасын төгіп, оқтауға кірісті.
Қазандық астындағы от шын қаһарына жаңа мініпті.. Қаланған жаңқаларды қызыл-көгілдір жалын жұтыпты. Тек қара күйелеш ұштары қылтияды. Шынтақ айналмас ошақта омалып қалғанына күйінішті қайран көңіл — жалын бойына біткен бар күш-қайратын жиып, қазандық аузынан сыртқа атылады. Ыстық леп киімін, тізесін қыздырып барады. Ол оны сезбегендей темекі түтініне көміліп отқа сүзіле көз тігіп отыр.
Әзірде, жаңқалар тұтанғанда пеш маңында ғана бұқпантайлап күн кешкен салқын сәулелер қабырғаға өрмелеп кетіпті. Ілулі тұрған қосауыздың ұңғысынан дүміне дейін ұзына бойы жалтылдап балқып бара жатты. Бақанның беті де қызыл-қоңыр, келесі сәтте оның жүзінде оттың өзі шытырлап жанып жатты. Жалын әжім жүлгелерін жанталаса жалап, құмарлана өрлейді. Беті — қос уыс шоқ. Көшкен елдің жұртында жасырусыз жатқан дүзген шоғындай шабыттанып жайнай түседі. Қысқа қырқылған қайратты шашы қызыл қылау ұшқындатады.
Жанұшыра патронный, пистонын салып жатыр. Маңдайына жылтылдап тер шыққан. Біз тайып саусағына кіріп еді, шыбын шаққан құрлы көрмеді. Жүрегі аузынан атып шыққалы тұр. Тез, жылдам, келесі сәтте оқтау керек. Бәрі — қып-қызыл от, оның гүрілдеп жануы — түп-түгел таныс көрініс, дыбыстар. Бақаң тап қазір тіпті де мынау оймақтай ошақтың қасында омалып отырған жоқ, ол осыдан отыз бес жыл бұрынғы қанды қырғынның қаң ортасын ойып жүр. Иә, солай...
...Бұдырлары жарқыраған шынжыр табанның зырқыраған ұзақ сартылы құлағына талып жете бастады. Табан асты дірілдейді. Снаряд қопарған жас топырақтың, оқ-дәрі, өртенген қаудың қоламта иісі қолқасын қапты.
Күшене жөтелгеннен көзіне бырт-бырт жас келді. Сол ғой, сол отыз бес жыл бұрынғы көрініс...
...Кереқарыс көк брондарына сенген қарғыс атқыр танктер салмақпен жай жылжиды. Дәл қан шашыраған сияқты. Булар — таңқы танау Петя, шаяндай сары Мүсілім үшеуі қырық бес миллиметрлікті жанталаса оқтап жатыр.
...Бақаң патрон пистонын салып, қалтыраған саусақтарымен аузына қағаз тықпақ боп әуре. Қасындағы ит мұның тірлігіне көзін айырмастан қадап таң-тамаша. Қабырғалар дыбыссыз қозданып жанады.
Бала құсап ернін жымқырып тістенді. Жамбасындағы ескі жара орны сыздап ауыра бастаған екен. Сипамақ еді, саусағына жылымшы қан жұққaндaй. Қызыл көзінің айналып келіп қайта тапқаны қазандық асты. Қызыл жалын қара қазандық жігерін шыңдай қайнап бұрқылдайды. Тек тоқтап қалған төрт-бес танктің төбесінде қарамор » түтін бұрала желбіреп, тік шаншыла аспанға көтеріледі Ал біреуі тұмсығын соза тұра бұған беттеп зымырап келеді. Қара ала крестері жаңа боялғандай ап-анық. Петя да, Мүсілім де зеңбірек қасында бүгіліп-бүгіліп жатыр. Мына мидай жазың далада екеу-ақ — Бақтияр және танкі қалыпты. Бақтияр үңірейген қара ұңғы оқ қақырса, қап-қара дүниеге кетіп отыратынын сезіп қатты қорқушы еді. Ал танкті тылға, ту сыртына өткізіп алудан одан гөрі қаттырақ қорқатын. Буын-буыны қалтырай бума гранатты қолына қысып қарсы жүрді. Қос қорқыныш шегіндірмеді, күш берді. Танк пулеметінің таңдайы тақылдай жөнелді. Кеудесінен оңдырмай түйіп өткеннен-ақ өзіне оң тигенін аңғарған. Қызыл дүние оп-оңай шыр айнала аударылып, төңкеріле бастады. Қайткенде зырқыраған шынжырды тоқтату керек. Бар күшін сарқып...
...Екі патронды көтере беріп, ошаң астындағы отқа құшырлана лақтырып жіберді. Қас қағымда жалын жүз, мың есе үлкейіп, дүниені тұмшалады.
От оранған тамұқтан қашып сыртқа атылып еді, қалтыраған қол созымдағы жұлдыздарға кезікті. Маңайын шолып еді, о құдая, танк қарасы батыпты. Болмысына біткен бар даусымен масаттанып айқай салды.
— Жеңіс! Же-е-еңіс! — Кенет, жұлдыздар қозғалақтап тұрды да қайнап-қайнап кетіп, тау сыртына саудырап төгіліп, аспан жерге тігінен дір-дір етіп шаншыла құлады.
...Көп ұйықтапты. Қаракөк аспанға қарап қозғалмастан тып-тыныш жатты. Басын көтерсе шекесін көкшыңылтыр күмбезге соғып, жарып алардай. Қасында ешкім жоқ. Тым-тырыс.
Қар үстінде қарт жауынгер сандырақтап жатыр.
— Петя, Петр-р-р!
Үн жоқ.
— Мүсілім, қайдасың?
Жауап та қайтармады. Жарайды, келмей-ақ қойсын, «өу», жалғыз рет «әу-у» десеші. Сонда Бақтиярдың бар өкпесі тарап, тұрып жүре бермей ме.
Болмады, тауып алды. Жүзіне тиген жылы демді сезді. Петя мен Мүсілім бе шынымен?! Бақтияр ерні қыбырлап рахметін жудырды. Олар тірі! Танк тылға өте алмапты.
Тағы сандырақтай бастады.
Ойбай-ау, байқап көтеріңдер! Тезек салған қап емес, алпыс екі тамыр, он екі мүшеден жаралған дыңдай адаммын. Соғыс аяқталсын, бәлем, бәрілеріңді қонаққа шақырамын. Алты қанат қазақы үй тігемін. Қолы ашың келіншегім бар. Сары майы қалқыған қымыз, жал-жая қойдырамын алдарыңа. Білекті сыбанып, әй бір... кірісесіңдер-ау көмейлетіп. Ауыртпай көтеріңдер, ойбай! Орынсыз жерде қалжыңдарың қайдан кеп тұрады, антұрғандар? Ал, рахмет шығарып салғандарыңа. Мүсілім-ай, құтымда аздап спирт бар еді, алып қал. Тоңғанда бой қыздырыңдар. Ал, қайыр-хош! Айтпақшы, енді көрісеміз бе, жоқ па, құдай біледі, мекен-тұрақтарыңды жазып беріңдерші. Ауыздарыңа су толған ба, неге сөйлемейсіңдер? Мекен-тұрақты деймін! Тіл-құлақтарың бар ма?
Ay жарандар, аз аялдаңдар, аналар адрес айтсын, жазып берсін. Тоқтаңдар, тоқта деймін. Петя, Мүсілім неге алыстап барады?
Мойнына қар құйылып, еріген су бетін қарыды. Көзін ашып еді, Петя мен Мүсілімнің орнына өңіріне қадалған аппақ азу тістерді, сыңары тілік екі құлақты көрді. Жырыққұлақ қайдан жүр? Бақтиярды сүйреп бара жатыр-ау, шамасы.
Кіш, кет ары! Жамандығың өз басыңа. Иесінің жағасын жыртар ниеті бұзық мынадай иті бұрын-соңды болып па еді? Әрине, жоқ. Түп-түгел елес әншейін. Қасында көк көз Петя, ұзын сары Мүсілім бар-тын. Басқаны танымайды, білмейді. Ормандағы күзетші, ойпаттағы ағаш үй, қазандық, Жырыққұлақ — ол қай сандырақ?! Оның ғұмыры қара, көк, қызыл танктермен алысуымен өткен. Күзетшісің, ауылда қара қатының, мойныңда қосауызың бар деген сыбыс тілі қышығандардың көкігені. Ауыз өздерінікі. Жаңа үйде отырып отқа жылынғаны, ет жегені түсі, ауыр ұрыстан соң қалжырап барып қалғып кеткенде көріп жүрген түсі.
Әлдекімге тойтарыс беріп тастағанына риза болып, іштей күліп алды.
Кенет шапанының дал-дүл жағасына назары ауды. Тап алдында аузынан ақ матасы бұрқырай басын қисайта ит шоқиып отыр. Қолғапсыз қолын аяз қарып барады. Кесек мұз секілді жұлдыздар жарқылынан айрылып, аспан атты айдында тамшы-тамшы боп қатып тұр. Бақтияр мынау шындықтың жаңа ғана өзі көрген көріністі біртіндеп өшіріп, ұйыған сенімін суыртпақтап сетінетіп жатқанын өкінішпен сезе бастады. Мына тылсым тыныштық пен қар астында бұйығып жатқан ақ жазық, Петя, Мүсілімнің керзі етігі, танктің шынжыр табаны тимеген тың алқап. Үшеуі окопта аяз сорып, тоңып жатқанда қол созымда қалтыраған мына жұлдыздарды ешқашан көрмеген. Ит те қасында жоқ болатын. Сонан соң мұзарт тау мен қар басқан қарағайлар қоршаған меңіреу тыныштықтың, ең бастысы қасқыр мен ит қана серік жалғыздықтың дәм-тұзының осыншалық ащы екені үшеуінің басына о кезде кіріп шығып па.
Мұртына түйірленіп қатқан бөртпе мұзды алақанымен сыпырып тастады да, сылтаусыз ыржия салды. Қалай ұмтылса да танктер тылға өте алмады...
Орнынан тұрып үсті-басын қақты. Соншама уақыт әкесінің үйінде жатқандай шалжиып, аяз өтінде қалып қойғанына қатты ұялды. Кінәсіз Жырыққұлаққа ақырып қалды да үйге беттеді. Ит жуасыпты. Иесінің жағасын жыртқаны, қар үстімен тулақтан жаман дырылдатып сүйреткен қылығы есіне түскендей басы салбырап соңынан бүлк-бүлк жортады.
Аяздың қатайып келе жатқанын сезді. Далада көп жатса да суық тимегеніне, өтіп кеткен отыз бес жылдың арғы бетіндегі оқиғаның қаз-қалпында түйсігіне қайта оралғанына ес-ақылы шыға таңданды. Қатын алды, бала сүйді, қысқасы, одан бері де қызық-қиынды әжептеуір мағыналы өмір сүріпті. Жағдайы, тыңдайтын адамы табылса жыр етерлік біраз бастан кешкендері бар. Бірақ, бір қызығы, отыз бес жылдың бергі бетіндегі сол тамаша қызық дәмі тіл үшінде аз ғана үйіріліп, аққұйрық бораннан соңғы соқпақ бетіндей кейіннен ізі жасырылып қала беріпті. Дәл жаңағы елес — көк көз Петр, ұзын сары Мүсілім, шынжыры сартылдай зырқыраған танктер керісінше, міне, отыз бес жыл бойы қыр соңынан қалмай қойды.
Ауыр күрсінді де оң жағына қараған... Ағаш үй моп-момақан қалпы қар үстінде қонжия малдасын құрып отыр. Ішінде тап жаңа оқ-дәрі атылып, от жарқырады, күл бұрқырады дегенге адамның сенгісі жоқ. Есік тұтқасын тартып қалды. Тат басқан топсалары сықырлап, шықырлап тағы сыңси жөнелді. Табалдырықтан аттай беріп еді, біреу ту сыртынан айқай салды. Бір аяғы дәрінің күлімсі иісі аңқыған қараңғы үйде, екіншісі сыртына жалт қарады. Жырыққұлақ мойнын созып, даусы құмыға ұлып отыр. Беті — тау жақ. Құлақ құрышын жейтін уу-у-уо-у... Таусылмайды да. О жақтан бейшара хайуан не көрді екен? Бұрылып шақар шыңдарға қарады. Таулар айсыз түнде алыстаған сайын қара қоюлана тұтасып заңғар да айбынды қорғанға айналып, биіктеген үстіне биіктеп бара жатыр екен.
Ішке кіріп есікті жапты. Бұл кезде Бақтиярдың мана аузынан шыққан «Жеңіс, жеңіс!» деген айқайының жаңғырығы қарағай арасын қуалап, жартастарға соқтығып, ақ белдерді асып бара жатқан...
Кейін ақпанның жиырма үшінен жиырма төртіне қараған сол бір түндегі бастан кешкен хикметін орманшы өзі де онша сеніңкіремей ауық-ауық еске алып жүрді.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі