Өлең, жыр, ақындар

Пысық болдым, мінеки

повесть

Ауыл сырты... Жұмаштың басының қасқасынан аумайтын тақыр айра-жайра асық. Балақты тобықтан түріп тастап, асық ойнап жатырмыз. Шешіп қойған екі пар бәтеңке тақыр шетінде құлақтары ербиіп-ербиіп тұр. Ой, жалаңаяқтанып ап, асық ойнағанға жер үстіндегі бір де бір рақат жетпейді. Май топырақ табан қытықтайды. Асықты жалаң аяқ ойнағанның тағы бір тамашасы бар. Біз шетімізден жұлымырмыз. Ал жұлымыр бала киген бәтеңке оңа ма, өкше желіне-желіне бірі оңға, екіншісі солға қисайып кеткен. Қисық табан бәтеңке киген бала асықты да қисық көздейді. Ал қисық көздеп көр, әп-сәтте-ақ барыңды сыпырып алады. Сондықтан мана тақырға іліге бере өңкей қисық табан бәтеңкені атып ұрғамыз.

Үшбас, Үшекең — қасқабас Жұмаштың төбесіне көтерген тұңғышы қояр емес. Мойнын қудай созып жіберіп, он көзін қысып қойып, құлжаны иіре атып жібергенде, тізіліп тұрған асықтар бауырсақша шашылып, әр жерде тырайып-тырайып жатады.

Іш алай-дүлей. Өзек өртеніп барады. Мана қос қалғаны асыққа лықа толтырып, бірдеңеден құр қалғандай тақырға қос аяқтап шапқылап, жетуін жетіп-ақ келіп ем. Қазір екі қалта бос.

Үшбас егер осы жерде былбырап піскен қойдың басының құлағына айнала қалса, олла-білле, түк ойланбастан қылғи салар едім. Әкесі өлгендей осыншама ойсыратып ұтпаса, ақысы кете ме екен? Өзінің мойны да, қолы да тертедей ұзын. Еңкейе беріп, созылып қалғанда, қандай алыс тұрған асықтың доп үстінен үңіреңдеп шыға келеді. И-ий, анау ойқы-шойқы бас терісі неткен сыйықсыз! Құдай шіркін адамдарды жаратып келіп, кезек Үшбасқа жеткенде қатты шаршап қалған білем, қалғып-шұлғып отырғанда қателесіп кетіп, төбе деп шүйдені томпита салса керек. Сосын Тілештің — шын аты ғой — өңделіп бітпеген басын алай-былай біраз домалатып: «Әй, төбе деген шүйдеден алыс жатпаушы ма еді» деп, былқылдаған еңбекті шодырайта қойыпты. Ол да ұнамай, ақыры шүйде мен еңбектің арасынан төбе шығарыпты. Бәрі де дұрыс. Ел жаманы, құдекең шүйде мен еңбектегі қате кеткен екі томпақты жазып, жаймалап, қалпына келтіруді апаш-құпаш қарбаласта тарс ұмытыпты.

Басы үшеу, төртеу әлде алтау бола ма, Тілеш оған пысқырмайды да. Кластан класқа қатырып көшеді, асықты қатырып ойнайды. Қысқасы, жалғанды жалпағынан басып жүр. Осы тұрғанда: «Шіркін, менен кейін бір іні туа қалса, өзі Үшбастан асқан қитар болса-а...— деп қиялдап қоямын..— Өсе келе күндердің күні Үшбастың ішін кептіріп тұрып ұтар едім, бәлем! Әйтпесе, жақын-жұрағаттардағы мұрынбоқтардың арасынан сондай біреу шықса. Әттен, ондай бала жақын-жұрағат түгіл, бүткіл Аққұмда жоқ, жоқ. Кішкентай бала атаулы шетінен жайнап көз пәлелер».

... Үшбас қампиған қалтасын сыртынан ұрып қалып еді, көп асық: «Біз мұндамыз, төрт көз түгел, саспаңыз» дегендей күтір-күтір ете қалды.

— Кәне, бар ма асық? Болса, таста! — Ұшекең баяғысындай жалақ-жұлақ етеді. Қитары да, түзу көзі де жұрқ-жұрқ етіп, өңменімнен өтіп барады. Ондайда өзінен біртүрлі сескеніп қаласың.

Қалтаны аударып ем, аш есектің құлағы құсап салбырай қалды. Тек мамамның жанын коймай: «Киноға билет алайыншы, балалар опыр-топыр кіріп жатқанда, мен ылғи сүмірейіп тұрамын»,— деп қыңқылдап жүріп сұрап алған елу тиын жарқ етіп жерге түсті.

Үшбас маңдайынан желкесіне дейін сыдыртып сипап өтіп еді, алақаны сансыз ойқыл дәндерде қарғып-қарғып кетті. Жаны ашығансып, бетіме бірер минут мүсіркей қарады. Мен оған босаңси қойғаным жоқ. Өтірік жаны ашып жүріп үптеп кететін Үшбастың сырын кім білмейді!

— Қайтеміз? - Күрсініп салды.- Әй, жағдайың қиын-ай, киын. Сұмдық! Бере ғой енді елу тиыныңды. Әр асық — екі тиын!

Екі уыс асықты тақырға керенау шаша салды. Көбі менікі. Әне, Ақтөс мүжіген — ақыры мүжіген екен, неғып қылғи салмаған — сынық мұрт сақам көзге күйік болып, омпы түсіп жатыр.

Амал жоқ, мойнымды оң жаққа бұрып тұрып, сарымайдай сақтап жүрген тиынды ұстата салдым.

— Сдаш ертең!— деді тиын қалтасына түскесін Үшбастың даусы лезде қатайып. —Тіз асықты! Ұтқан мен, әуелгі кезек менікі!

Бүкеңдей жүріп, асықтарды тіздім де, шетке шығып, мыңқылдаңқыpaп:

— Ал... ат! — дедім.

Үшбас құлжа сақаны үйіре лақтырып жіберіп, қағып алды да, түкіріп-түкіріп тастады әлгі жерде.

— Ә, құдай, қанды басыңды бері тарт! Қақ жүрегің тұсы деп, ей, Досантай, өлер жерің осы деп...

Көзді жұмып ала қойдым. Сыптай тізілген асықтардың келер секундта бет-бетіне ұшып кеткенін көргім жоқ. Мамамша айтқанда, «нервім бұзылады». Бір, екі, үш, бес... он... қырық... О, тоба, бақандай минут өтсе де, сақ еткен құлжа дыбысы естілмеді. Таң-тамаша күйі көз ашсам... Үшбас тізесін құшақтап, тақырдың ортасын ойып отыр. Бетін ауыл сыртындағы азық-түлік дүкеніне беріпті. Мойын ішке кіріп кеткен.

— Әй, Тілеш, атпайсың ба?

Тілеш — Үшбас маған әрең бұрылды. Көзіндегі жарқыл сөніпті.

— Досан!— деді бетін әрі салып. Үні әзер естіледі,— Досан, арақ ішкім кеп тұр.

Шошып кетіп, шоршып түстім.

— Арақ? Оның не? Қайдағы арақ?!

Шын-ей, зәрем қалмады. Арағы несі? Бұл Үшбас асық ойнаймын деп, әбден бұзылған екен. Әнеукүні тақырдан шаң-шаң күйі түнгі сағат онда үйге кіріп келгенде: «Е, балам, жарадың! Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар. Алған бетіңнен қайтпасаң, осы екеуінің біреуінен шығып қаларсың»,— деп еді мамам. Сол азу мен тозудың аяғы арақ ішуге тіреліп жүрмесін.

— Ана магазиннің арағын айтамын да. Арақтың бәрін мен ішіп қойсам, папама түк қалмас еді,—Үшбас орнынан әрең тұрып, шалбарының шаңын қақпастан, аяғын сүйрете басып, ауылға беттеді. Жүрісі тура Кәртеңбай ақсақал. Бір минутта қартайып кетті.

Тілештің папасы — кассир Жұмаш, қасқабас Жұмаш дүкен етегін баса өтіп, ауылдың арғы шетіне шығатын қасқа жолға түскен екен. Аяқ алысы қызық. Бес-алты адымды адам сияқты дұрыс алады да, әлдебіреуді көріп қалғандай, жолдың оң жағына теңселеңдей, тапырақтай ұмтылады. Кеуде, бас алда, аяқ артта. Содан жол жиегіне шықты да: «Оу, жақсы дос, көре алмадым-ау өзіңді, жер жұтып кетті ме? Қайдасың, жаным, көрінші көзіме!»— дегендей аңырып тұрып қалды. Басы қалт-құлт. Келер сәтте жолды кесе тәлтіректеп, сол жақ бетке ентеледі. Аяғы мақта, шүберек, резеңке тәріздес жұмсақ материалдардан жасалған бірдеңеге айналған ба, бұралаңдап, бір-бірімен айқасып кетеді.

Ойхой, біздің ауылдағы жол атаулы көл-көсір кен ғой, шіркін! Кендігі сондай, «ДТ-20», «Беларусьтен» бастап, алып «Кировецтер», тіпті оң-солға тәлтіректеп, әлдекімді тентіреп іздеп жүрген Жұмаш атай да сыйып кете барады. Бәрін көтереді.Ауылдағы әр шофер, трактористің қасқа жолға жанасалап салып алған өз жолы, өз ізі бар. Автоинспектор алыста, аудан орталығында. Кім қалай жүргісі келсе, өз еркі. Жер жетеді. Мәселен, қызыл тайынша «ДТ-20»-ға ие Қасен көк «Беларусті» Семейханның ізімен өлсе де жүрмейді. Өстіп-өстіп біздің көшелер көше емес, он тракторды жарыстырып қатар салса, былқ демейтін кен де жазира, айдау қара жолға айналған. Сол неше түрлі нән техникалар, он Семейхан мен бес Қасен тракторларымен қоса түсіп кетсе, қыңқ демейтін айдау жолға Үшбастың папасы сыймай барады.

Бәтеңкемді аяғыма апыл-тұпыл іле салып, Үшбастың соңынан салдым.

Сол минутта Семейханның көкқасқа «Беларусі», қызыл жалауын желбіретіп, көшенің аяғынан «тыр-рт, тырт!» деп, қақалып-шашалып, ойнақтап шыға бермесі бар ма. Семейхан қызыл жалауды капотқа биыл қадаған. Шөпті алды-артына қарамай, бас көтерместен шаба беремін, шаба беремін деп, жұрттың алдына шығып кетіпті. Трактор мұздай көк, жалау қызыл, несін айтасың, әпкеме жездем сай, келісіп тұр. Сол көк, қызыл көзіне оттай басылды ма, Жұмаш кассир қос қолын жоғары көтеріп, жолдың нақ ортасына талтайып тұра қалды. Абажадай «Беларусь» жақындай келе жақсы дос әлде жақын туысына ұқсап кеткен болу керек, секунд өткесін құшағын айқара ашып, арқырап төніп қалған көк тракторға далбаңдап кеп ұмтылды. «Бітті!»— дедім іштей.

Көк трактор қорқақ екен. Шошып кетіп, жол шетіне жалт беріп еді, жиектегі телеграф бағанасын капотына іліп кете жаздады. Семейхан қызыл жалауды бекерге қадап жүрген жоқ, тракторды алай да, бұлай да ойнақтатып, бағананы әупіріммен айналып өтті.

Бұл кезде Үшбас та әкесінің қолтығына жармасып еді. Балағым жалпылдап, мен де елеуреп жеттім қастарына. Қарап тұрайын ба, шап беріп, кассирдің екінші қолтығына жармастым. Жұмаш аға үндінің биші қызындай басын оң, солға былқ-сылқ бұрып, Үшбас екеумізге кезек қарады. Көзі қанталап кеткен. Соңсоң екі аяғымен тік тұрып билеген кенгуруді көргендей қатты ежірейіп:

— Е-ей,— деп, сұқ саусағын бетіме тақап, ауаға шым-шытырық ою сызды. Әу баста: «Осы кісі мені сиқырлап тұрған жоқ па?»— деп, сескеніп қалып ем, бақсам, саусақ безеген түрі екен,— Ей, сен, сен... ағаш аяқтың баласы-сы... Іиа, іиа,— деп, ықылықтап алды.

Күйіп кетіп, аш күзенше шақ ете қалдым:

— Болсақ, болармыз. Ал сіз кімнің әкесі боларсыз?

Жә деген бригадир көкемді ағаш аяқ деп кеміткені жанға батып барады. Сау аяғын салып беретіндей қақылдай қалғанын қарай көр.

— Суырдың айғыры... Ағаш аяқтың баласы деп кім айтар. Бетін қарашы, табақтай... — Еңкейіп, кастрөлдің қақпағы секілді жалпақ бетін көзімнің қақ алдында жайымен арлы-бері дөңгелете бастады.

— Басқанын бетін басыңызға жағасыз ба? Әуелі өз бетіңізге қарап алыңыз,— деп, нақпа-нақтай бастап ем, біреу ойда-жоқта қос қолдап кеудемнен итеріп қалды.

Шалқамнан түсе жаздадым. Ойнақши қалған өз есімді әрең тауып, бой түзесем... Үшбас! Көкшіл көзі арғы-бергімнен өтіп тұр. Жүзі ылжырап піскен бүлдіргендей қанқызыл.

— Әй, не... — Шәңкілдей бастап ем, Үшбасты бүгін түлен мықтап түртіпті, атылып кеп, кеудемнен және итеріп қалды.

— Сен, сен... құйысқанға қыстырылма! Шатағын болмасын бізде! Әйтпесе бар ғой, әйтпесе...— Әйтпесе не істейтінін өзі де білмейді екен, тұтығып, от алмаған трактордай қақалып-шашалып қалды.

Үшбас түгіл, жетібасты жалмауызға айналып кетсе де, бір сұрапылды бастап жіберейін деп едім. Әттең, көше ортасы күш сынасатын ауыл сыртындағы ақ тақыр емес. Ақ тақыр, ақ тақыр, әй, тақыр-ай... Қадіріңді қазір біліп тұрмын-ау! Көшенің екі қапталындағы сыңсыған қалың үйдің терезелерінен, шарбағынан, есік алдындағы қаз-қатар орындықтардан бізге кемі он пар көз құртын салып қарап отырғанын желке, арқа, иық, омырау, тіпті қарыныммен сезіп тұрмын. Ол он шақтының біреуі кластағы ұлдарды да, қыздарды да, өзін де ылғи тәртіпке шақырып жүретін көзілдірікті Кәбира болмасына кім кепіл.

Күніге он достасып, он қастасып жататын қайран ақ тақыр, аман бол! Тірі жүрсек, саған да бір жетерміз, сосын Үшбас шырақ, әуселеңді көріп алармыз.

— Чао!— дедім Үшбастың күршек тұмсығын тістеп алардай төне түсіп. — Чао, Үшбасик! — Кілт бұрылып, май топырақты есе жөнелдім.

* * *

Кассирдің жаңағы сөздері шымбайыма қатты батты. «Суырдың айғыры... Ағаш аяқтың баласы деп кім айтар. Бетін қарашы, табақтай...» Жүрегім айнып, кілкіп аузыма келе қалды. Ауылдағы басқа балалар ыза қос өкпеден қыса жөнелсе, шекісіп алады, қыздар жылап-сықтайды. Ал менің жүрегім айниды. Сабақ екеш сабақтан екі алсам, жүректің тұсын басқан күйі тысқа ата жөнелемін. Мұғалімдердің де оған әбден еті үйреніп алған. Мысалы, тарихтан оқытатын Эра Екпініч екіні қонжитар кезде он, қолындағы қаламды журналдағы тізімге тақай беріп, сол қолымен шығар есікті нұсқайды.

— Жүгір, екі алдың, Атымтаев, жүгір, рұқсат, рұқсат!

Баланы сабақтан қуып шыға беру қай мұғалімге ұнасын, обалы не керек, екіні аз қоюға тырысады. Жүрек айнитын осы қасиетім, бір есептен, сабақты жақсы оқуға септігін тигізіп жүр. Төрт көзі түгел класс алдында лоқсу кімге абырой әперетін қасиет. Ал өйтпеу үшін екілік ауылына жоламаған жөн, тақта алдында қамшы сылдырмау қажет.

Жұмаштың айтып жүрген «ағаш аяты» — баяғы менің көкем де. Ана жылдары «машинасының есігін айнадай ғып», шофер болып жүргенде қыста боранда қалып қойып, аятын үсітіп алған. Қазір шөпшілердің бригадирі. Қасен, Семейхандарды бір шыбықпен айдайтын бастық. Көкемнің беті жалпақ екені енді... жалпақ. Мен де бет жағынан ол кісінің аузынан түсе қалыппын. Ауылдағы біраз жақсы адамдардың беті жалпақ. Жұмаштың өзінің беті де бес гектар. Ендеше, жаңағы мазағына, ойбай, не жорық?

— Бө-оу!

Иіліп кеткен басымды жұлып алсам, қарсы алдымда Қара Бонбы мойнын ішке ала айыр мүйізін тосып тұр. Ұзындығы есік пен төрдей бұл оқтаудай жұмыр қара бұқаның ауылға аңыз боп тараған шатақ мінезі бар: алдына көлденең келе көрме, келсең, бітті, мүйізіне ілігесің, ілікпесең, бас-көз демей, тапап жүре береді. Көлденең келмеген жанда шаруасы жоқ. Танк секілді қызық-ақ жануар. Сол мінезіне сай ауыл өзіне Қара Бонбы деп айдар таққан. Кассир Жұмашқа қаным қайнап келе жатып, Қара Бонбыға көлденең келіп, әдепсіздік жасаппын. Қайта, «Бө-оу!» деп ескерту жасағанын айтсайшы.

Шетке ырғып түсіп, қолымды екі мәрте жайқап, реверанс жасадым. Қара Бонбын қос мүйізін аспандата көтерген күйі, маған пысқырып қарамастан, тұяғы сыртылдап кете барды. Реверанс жасағанға өзін бұқалардың королімін деп ұғып қалса керек. Қара Бонбы баяғыдан король болғысы кеп, бұзылып жүрген бұқа ғой. Әйтпесе, алдында кім тұр деп көз қиығын салмай ма? Әлде бұл шіркін осы ауылдағы бір жас құнажынға ғашық болып қап, миы ашып жүр ме?

Бұқа екеш бұқа да басынды.

Еңкейіп, балағымды сарт-сұрт қағып ем, балақтағы шаң басынып, басыма шықты. «Не өзі? Мен қырсықпын ба, бүгінгі күн қырсық па? Жұлдызым терісінен туды да тұрды. Қолтығынан демейін деп кассирдің қасына шауып барып ең, алғыс айтқанның орнына ит терінді басыңа қаптады. Қалтадағы бар асықты қотарып, елу тиыныма дейін қағып берсем де, Үшбас: «Құйысқанға қыстырылма!»— деп жекіді. Біреуге жақсылық жасағың келсе, әлгі жақсылық өзіңе жамандық болып тиіп, шекеңді ісіріп жүр».

Мен осы тұзы жеңіл баламын. Алдын күні Әйеш әпкеме жаным ашып: «Кинодан қайтқанда Қасен мен Семейханды қақпаға дейін ертіп келмей, бұрылыста тастап кетсейші. Мамам көріп қойса, қайтесің?»— дедім. Әйеш жүзін құбылтып жіберіп, қалың қара шашын құшырлана пытыр-пытыр тарап тастады да: «Көрінген тесікке тұмсығыңды сұға берме, жарай ма, Досаник!»— демесі бар ма.

Санап тұрсам, бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай үш адам сүйдепті.

Әй, өзімде де бар. Оңтайлы тесік болса, тұмсықты сұғып алғым кеп тұратыны рас. Осынын кесірінен баяғыда мұғалімнен сөз ести жаздағам.

Сол күні Эра Екпініч Пуникалық соғыстарды түсіндірген. Карфагеннің қолбасшысы Ганнибал Альпі асып, Италияға басып кіріп, әбден еліріп кеткен легионерлерді қан-жоса қырса керек, бәлем. Мұғалім Ганнибалды, оның қолбасшылық өнерін жер-көкке сыйғызбай мақтады да, римдіктерді сүмірейтіп салды. «Римдіктерге осыншама өшіккені несі? Эра ағайдың жетпіс жетінші бабасын римдіктер құлдыққа айдап кеткен жоқ па екен?» деген шатақ ой жылт-жылт ете қалды. Сол мұң, басымдағы бір тетіктер қызып сала берді. Мен өзі сондай баламын, шатақ ой ойласам бітті, басым қарадай қызып, ішінде бірдеңелер бықсып жанып, әрі-беріден соң миым балқуға айналады. Тіл ұшы дуылдап қышып, әлдекім құлағыма: «Ал сөйле, сөйлеп қал! Демесең, ендігі ғұмырында кезек тиюі екіталай»,— деп, жанығып сыбырлай бастайтындай. Сонымен, бәрін айт та бірін айт, әлгі сыбырға құлақ салып отырып, қол шошайта қойыппын.

— Ал сөйле, Атымтаев!— Мұғалім қаперсіз.

— ?!

— Сабақты толық түсіндің бе? Тақырып, бүгінгі тақырыптан шықпай сөйле!

Мейлі, бүгін тақырыптан шықпай-ақ қоямын. Аузың барда асап қал, Атымтаев!

— Сіз жана Ганнибалды мақтадыңыз. Ал Ганнибал тыныш жатқан Италияға тиісіп, басып кірді. Ендеше, карфагендіктер басқыншы емей...

Эра Екпініч әуелі Ганнибал табан астында тіріліп кеткендей көзілдірік үстінен маған ежірейіп қарады. Жақсылап жауап берген, жақсылап сұрақ қойған оқушыларға ол көзілдірігінің үстімен қарайтын. Жұдырығына екі-үш рет жөткірінді.

Стол үстінде шалқайып жатқан кітап бетін судырлатып аударып тастады. Сосын тағы маған қарап, «Адидау, дай-даду-дау-даулап» ыңылдай берді де, кілт тынды. Көзілдірігін алып, қайта киді. «Кһің!» деп:

— Оның өзі былай... Карфаген Римнің бәрібір түптің түбінде тыныш қоймайтынын білген. Білген... Яғни екі келмеген жанда шаруасы жоқ. Танк секілді қызық-ак жануар. Сол мінезіне сай ауыл өзіне Қара Бонбы деп айдар таққан. Кассир Жұмашқа қаным қайнап келе жатып, Қара Бонбыға көлденең келіп, әдепсіздік жасаппын. Қайта, «Бо-оу!» деп ескерту жасағанын айтсайшы.

— Ганнибал басып кірді ғой, кірді. Легионерлерге қоса бейбіт халықты қоса қырды ғой, қырды,- деп, қосанжарласып мен де қоймадым. «Бір пәле басталмай тұрғанда, ойбай, қоя қой, қой!» деп сигналдар миымда жазылуын жазылып жатыр. Әттең, бастың ішіндегі әлгі бір тетіктер әбден қызып, өз аузым өзіме бағынуды қойған. Легионерлерге қоса бейбіт халықтың да қатты қырылғанын кеше түнде тарих кітабынан оқып алғамын. Мен тарих, әдебиет, география сияқты сабақтардан ылғи да мұғалімнен бір тақырып алда жүремін. О, ол жатқан шылқыма қызық! Кластағы барлық оқушы дым сезбей, көздері бақырайып, мұғалімнің аузын бағып отырғанда, сен бәрін білесің, бәрін алдын ала түсініп аласың. Ондайда әлгі көп білімнен сақинасы суырылған гранатадай жарыла жаздап, әрең отырасың да, ақыры шыдамай, қай-қайдағы сұрақтарды төбеден түскендей мұғалімге қойып кеп қаласың. Эра Екпініч кітапты тарс жапты да, көзілдірігін саусақ ұшымен төбесіне қарай көтеріп жіберіп, маған әйнектің тура астынан шақырайып қарады. «Екі» алған балаңа ол көзілдірігінің астынан қарайтын.

— Бұл сұрақтың сабаққа еш қатысы жоқ. Ол туралы мына кітапта ештеңе жазылмаған. Жазылмаған... Ал оқулықта жазылмаған нәрсені мен, Атымтаев, сатан қойнымнан суырып бере алмаймын. Сен, Атымтаев, сен бар ғой, көп аптықпа. Міне, мына қалың көгенкөз қонырау қашан соғылады деп тыпыршып отыр. Бірақ қаншама тыпыршығанмен, қоңырау оз уақытында, 1-ден 5 минут кеткенде тана соғылады. Күте білсең, бәрі өз уақытында, өз орнымен келеді. Асығып-аптықсаң, бірдеңені ақыр аяты бүлдіріп тынасың. «Желіп келе жатқанда, түсіп кеттім апанға...» Сол мақалды білемісің, әй?— деп, маған тағы шақшиыңқырап қарады.

«Түсіп кеттім «апанға...» Апаны несі? Әй, апан деп тоқсан қорытындысын айтып тұрмасын. «Байқа, тарихтан тоқсанды «орташаға немесе «жаманға» аяқтап қалып жүрме, пысықсына берме» дегені. Осыны ойлағанда, зәрем зәр түбіне кетіп, маңдайым суып сала берді. «Сізді жақсы, өте жақсы, өте жақсы түсіндім. Эра Екпініч! Қараңызшы, міне, жуасыдым» деген қалып танытып, мүләйімсіп төмен қарап, парта бетін тырнақ үшімен сызғылап кеттім.

Эра Екпінічтің қай «апанды» мезгегенін бүгін ұқтым. Ол кісінің айтқаны айнымай келді. «Бірдеңені бүлдіріп алма»,— деп еді, бүлдіріп тындым.

Кассир: «Суырдың айғырынша шақылдама!», Әйеш: «Көрінген тесікке тұмсығыңды сұға берме!», Үшбас: «Құйысқанға қыстырылма». ...Бүлдіру осы емей, немене. Үшеуі де жатым емес, туыс, ауылдас адамдар. Бірдеңені білмесе, бүйтіп жанға батырып айта ма. Әлекедей жаланып, әншейін ізденесің де жүресің. Шөк, шөк, өзіне де сол керек, Атымтаев!

* * *

Үйге келсем, мамам аулаға көлденең тартылған керме жіпке кілемді асып қойып, велосипедтің насосымен сартылдатып қатып тұр. Сілтеген сайын қалайы насос батып бара жатқан кешкі күнге шатылысып, шақырайған ақ сәулесін көзге сұғып-сұғып алды. Кілемнен анау айтқандай бұрқылдап ұшып жатқан шан жоқ. Ирен, ирен, иренбай ою-айшықтары жарқыраған осы кілем үйге кірген күні-ақ мамам аулаға шығарып қатып алған. Сол қатып-соғу содан бері жиілемесе, сиремеді. Және де мамам кілемді ел жұмыстан, мал өрістен қайтып, көшені мол ию-қию алған кешкі мезгілде қағады. Әне, кілемді көше беттегі шарбаққа асып жатыр.

— Досан-ау, ай қарап тұрмай, көмектессей. Кілемі құрғыры зілдей екен,—деді. «Кілем» дегенде әндетіңкіреп алды. — Көше-көшеге қарай салбыратып іл!

Кілемнің құлағына жармасып жүріп:

— Мам десе, одан да ішке неге жаймаймыз? Қалың шаң қайта қонады. Ауладан қасқыр жеп кете ме? Әрлі-берлі өткен сиырлар жалмап тастаса, маған ұрсасыз, — жаманшылықты тақатып қойдым.

Мамам жымиды да:

— Көп білсең, тез қартаясың, құлыным,— деп, жарылқап тастады. Қызық, мен «а» десем, мамам «б» дейді. Білгені қалай, тез қартайғаны несі? Оның кілемге нендей қатысы бар? Әй, бұл үлкендердің сырына кім жеткен.

Байқаймын, көшеден өткен адамдар шарбақты ерттеп мініп алған кілемге көз салмауға тырысады. Шарбаққа жақындай бере бастарын төмен тастап жіберіп, мойынды ішке алып, жылдам-жылдам басып, тез өтіп кетіп жатыр. Қасқа сиыр ғана тоқталып, кілемге зейін салып қарады. Жалтыраған көп айшық-оюдан көзі шұбартып кетті ме, басын шайқап қойып, мүйізін тосып, бері беттеді. Сол екен, мамам көшеге атып шықты.

— Әк, үй, өк! Мына қарасан келгір кілем көрмеген бе. Әй, Досан, өк деші! Кілемді мүйізіне іліп кетер, тәйірі!

Дәудіреп, қасқа сиырды насоспен қақпалап, біраз жерге тырқыратып қуып тастады.

Сосын аулаға кірді де:

— Ұлым-ау, неғып ұнжырғаң түсіп кеткен, не болды?— деді мүлдем басқа үнмен биязы сөйлеп Үшбас, кассир оқиғасын жасырмай, құлағынан тізіп айтып бердім.

— Е, Жұмаш шіркін кәссінің буына шыдай алмады. Семіздікті қой көтереді. Көйлек көк, тамақ тоқ. Тиынды кім санап жатсын. Қалын құмның қойнауынан айына, жылына бір келетін қойшылар ақшаның кесегін қалтаға басады, тиын-тебенін тастап жүре береді. Жұмысына мықтысы мықты, тасаяқтай қатыстырады. Мықтылығын қайтейін. Жұмеке, Жұмеке десе, атынан домалап түсе қалатын байғұс. Ішпесе, тәп-тәуір адам. Ішсе болды, сығанның аты құсап ойнап шыға келеді, —деп, мен үшін мағынасы бұлдыр сөздерді төгіп-төгіп тастады. Назалы. Жұмашты мақтап тұр ма, даттап тұр ма, айыра алмай, әбден дал болдым.— Үшбасың: «Құйысқанға қыстырылма!»— десе, қыстырылма! Қызып алған адамда не ақыл бар. Жазатайым қолы бата тимесе, қаға тиіп кетсе қайтесің. Әкеңдей адам. Үлкенмен жағаласпа, тілімді алсаң,— Кәдімгідей кейіп тұр,— Жылтыңдама, үйге бар. Қарасайдан бөле әпкең келген, сәлем бер.

«Жылтыңдайын деп тұрған ешкім жоқ» дегенді мамам ажырата алмастай мұрын астынан мыңғырладым да, үйге беттедім. «Үлкенмен жағаласпа, тілімде алсаң!» Ой, алла, бұл Үшбастың манағы «Құйысқанға қыстырылма!»— деген сөзі ғой. Ол төбеден түйіп қалғандай сақ еткізіп еді. Мамам тігісін жатқызып, жылы-жұмсақтап жеткізіп тұр — айырмашылығы сол ғана. Әйткенмен, мағынасы бір. Жұмаш, Үшбасы бар, мамам бар бір кеште үш адам сөйледі. Соған қарағанда, мінезімде кісіге жақпайтын ит қасиеттер бұғып жатыр-ау, бұғып жатыр. Тұмсықта бар пәле. Сұғатын тесік қайсы деп ізденіп, етегі желбірейді де тұрады. Еріксіз қолым мұрныма барып қалды. Ұзармапты да, қысқармапты да, ежелгі тәлпіш, таңқы қалпы, тіпті жуық арада ұстата қойсын. «Жо-жоқ, пәле тұмсықта емес, басқа жерде... Тұмсықта тұрған не бар, тұмсық оттегі тартып, көмір қышқыл шығару үшін, таңқ-таңқ сіңбіруге, сүртуге, тымау жұққызуға жаралған, оны кім білмейді» деген шартты-бұтты ойға баттым.

Қара көлеңке ұйыған ауыз үйде аяқ астынан аз қауым сәт соқыр болып қап, әлдене затты қағып ем, таудан тас құлағандай керемет қаңғыр-күңгір басталып берді. У-шудан қашып, тор үйге зып беріп ем, Әйеш айна алдында Қыз Жібектей керіліп тұр. Айнаға қараған күйі:

— Aha, aha! Бұл қай торпақ екі кештің арасында оқыралап жүрген?— деді жайбарақат қана. Қатырдым десе керек, айнадағы келбетінен бір секунд та көз айырмастан, миығынан жымиып қояды. Өзінін көзінде бір пәле бар. Ылғи ұйқысы әбден қанып, төсектен жаңа тұрған адамның кезі секілді жып-жылы боп жалтылдайды да тұрады. Осы Әйешім бұл күнде басқа Әйеш, өзгерген Әйеш. Бұрын хал-жағдай сұрағыш еді. Күнде үзілген түймемді түгендеп, күнделігімді актаратын. Қатырма жағамды сөгіп, жуып, қайта тігіп беруші еді. Бас қатыратын есеп болса, шашын шашыма тигізе қатар отыра қалып шығарып беретін. Биыл мектеп бітіріп, ауылдағы кітапханаға орналасқалы оның бәрі былай қалды. Әйештің баяғыдан бері бойжете алмай, арманда жүретінін кім біліпті. Мектепті қалай бітірді,— солай сұмдық өзгерді. Сөзінің кемі тең жарымын айнаға телміріп қарап тұрып айтады. Оның көбі және кекесін, мысқыл есепті. Түйме, жаға жайына қалды. Айнаға қараса болды, бұл дүниені, Досанды, әке-шешені ұмытады. Ондайда әлдене десең, оған түк қатысы жоқ бірдеңені қойып қалады. Мысалы, кеше: «Әйеш, Әйеш десе, отын жаратын балта қай жерде?»— дей қалып ем: «Бүгін кешке өзі... қандай кино болады? «Махаббат маусымы» емес пе?»— деп тебе шашымды тік тұрғызған. Әйтпесе, қойған сұрағыңды екі-үш қайталатып барып, әрең жауап беретінін қайтерсің. Тас естімей де қояды. Ал шауып ал, шамаң келсе. Мамам айтқандай: «Осы жаман қызды сайтан түртіп жүр... Қыз Жібекше кергиді». Бұл енді мамамның ептеп қулық жасап, қызын бізге білдірмей астыртын мақтап алғаны. Енді ше! Кез келген қыз Жібекше кергіп көрсін, қолынан келсе. Мамам бар ғой, мамам тегін адам емес. Айтпайды, айтса, тура төбесінен түсіріп айтады. Әйештің жүзіне ұзақ тесіле қарасан, шынында да, көзі ме, ерні ме, әйтеуір бетінің бір жерлері фильмдегі Қыз Жібекке ұқсап тұрады. Мұндай ұқсастықтарды не деп атайтыны тіл ұшында тұрса да, желкесінен нақ баса алмай, сенделіп жүруші едім, оны әнеукүні ойда жоқта біліп қалдым.

Мектептен шаршап-шалдығып, әбден қажып шығып, қарным шұрқырап келе жатыр еді, қолтоқпақтай қызыл трактор бұрыштан атып шығып, соңыма түсіп берді.

Рульде— жынды Қасен! Сойған түлкідей тісін ақситып, ыржың-ыржың етеді. Мені астық қоймасының бұрышына қуып тықпақ, сірә. Мен де тегін адам емеспін, шыбын жан да қажет, оң бүйірге жалтарып кетіп, қасымнан зу ете түскен трактордың артына сарт жабыстым. Қасен жан дәрмен тормозды басып қалып еді, оңтайлы сәтті құр жіберейін бе, баспен желкеден періп кеттім.

— Оның не, ей?!— деді желкесін ұстаған күйі ажырая қарап.

— Ал сенікі не?

Қасен ойланып отырды да:

— Әй, сенің әпкең әдемі осы. Паһ, паһ!— деп, таңдайын тақ-тұқ қақты да, газды баж еткізіп, алға бір-ақ ытқыды.

Ой, жынды! Әйеш әдемі екен деп, мені трактордың алдына салып, тауықтай тырқыратып қуа ма екен?! Әпкең әдемі болса, көретін осындай да қорлықтар бар-ау, ә? Әйештің әдемілігі басын шын қатырып жүрсе, тракторының тегін рулін маған беріп алмай ма. Ауылды айналып, айдарымнан жел бір есіп қалар еді, шіркін!

Сол әдемі әпке кекілін талдап тарап:

— Тізе бүгіп, отырсай-ша-а,— деп ыңырсыды,— Ғайша-ау, әлгі Досан деген қара қожалақ ініміз осы бала. Көкемнің атын шығаратын жалғызымыз,— деп ерніне қыстырған шаш қыстырғышымен мені нұсқады.

Сөйтсем, қара көлеңке бұрышта жұдырықтай қыз иіскеп әлде жалап тұр ма, әйтеуір, Әйештің иіс суын бетіне тақап ұстап тұр. Әйеш көкеме тартқан: ұзын бойлы, толық. Ондай палуан қыздың қасында жұдырықтай Ғайшаға күн көру қайда, жау қуғандай кіріп келген бетте өзін байқамаппын да.

Мен байқамасам да, бөле әпкем манадан бері мені бағып тұрса керек.

— У-у, Досан інішек, сен бе едің? Айналайын, мен бөле әпкеңмін, Ғайша деп атайды, біліп қой,— деп, ұмтылып кеп, шұрқырап түсе қалды. Ретін тауып, жейдемнің жеңін бе, өңірін бе, сипағысы келетін сияқты. Сәл шегініп, жалтарып кеттім де:

— Неше атадан қосыласың?— дедім мәселенің төтесіне көшіп. Мына қыз қазірден әлекедей жаланып тұр, кейін қай тамтықты қалдырар дейсің. Жалпы, әпкелердің тым көбейіп кеткені жақсылыққа бастамайды.

— Ибай-ау, ибай,— деп қалды Ғайша,— мен білетін шығар десем... Екі атадан қосыламыз. Осы үйдегі әпкеміз, сол бар ғой менің мамамның туған сіңлісі...

— Е, онда түбір астындағы әпке екенсің,— деп мекірендім немқұрайды түрде.

Ғайша аузын ашып қалды.

— Түбір астындағы әпкең не, Досан-ау? Алгебраны бәріміз де оқығамыз. Бүйректен сирақ шығармай, түсіндіріп айтпайсың ба былай,— деп, Әйеш ән бастады.

— Екі атадан шаршап қосылсақ, түбір астындағы әпке болмағанда. Мысалы, Әйеш, сен бірге туған нағыз әпкесің, ал тумаған сіз...— деп әңкілдей беріп, кілт тоқтадым. Ғайша мені адамға санап, құлақ аспаса, тоқтамағанда қайтемін. Тап бір қашып кетердей Әйештің білегінен қымқырып ұстап алып, шықылықтап берсін кеп.

— Ойпыр-ой, Аққұм десе — ақ құм екен. Автобустан осы үйге жеткенше туфлиім топыраққа лық толды. Түу, қалың топырақтың астында қалай көміліп қалмай жүрсіңдер өзі?

Көңілім қатты құлазыды.

Әдемі Әйеш, әдемі емес Ғайша, қысқасы, қос әпке мені мұрын шүйіріп, менсінбейді — әңгіме қайда?! Ғайша бет-бәден жағынан Әйештен он шақырым алыс жатса да, бұ жағынан екеуі құйып қойғандай. Әне, Аққұмның топырағының тарихын түгеспей жатып, дереу француздың әтіріне, болгардың лагіне ауысты. Өзі бүгін ортамызға қалай топ ете қалса, әңгімесі де сол: тұрақ жоқ, әр шөптің басын бір шалады.

Бұрын нағашы жұрт жайлы естігенім болмаса, мен де, Әйнеш те ешбірін түстеп көрген емеспіз. Тек көкем көктемде совхоздан сұранып: «Көрші облыстан бажамды Қарасайға көшіріп әкелемін»,— деп, он шақты күн жоғалып кеткен. Көкем сол сапардан оралғасын кезек мамама тиген. Көзіне жас алып отырып: «Гүлдей әпкеден детдомға өткеннен бері көз жазып қалып едім. Тауып берген гәзитке мың да бір рақмет. Е, түбін түскір соғыс не істемеді?! Атаны ініден, апаны сіңліден айырды. Уһ, көкірегім қарс айрылып барады, Хал-жағдайларын біліп, көрісіп қайтайын»,— деп қой сойдырып, бас-сирағын үйітіп, қоржынын арқалап, Май мерекесін дәлдеп тартып отырған. «Гүлдей тәте бізге бөтен бе, біз де ерсек...»— деп қыңқылдаған Әйешке: «Жә, шошаңдама! Әуелі емтиханды мықтаңдар. Нағашы жұрт жер шетіне ауып кетпес. Жазға қарай, көкең бар, үй-орманмен ошарылып, ерулік алып барамыз»,— деп тойтарып тастаған.

Апта өткесін жадырап, жасарып оралды. «Аман-сау бәрі де. Бір қора жиеніміз бар. Әйеш шамалас Ғайша деген жиеніміз қолқанатқа жарап қалыпты. Жездеміз де ағылып-төгілген ақжарқын, жайдары адам екен. «Туған жердің пұшпағына ілігуін іліктік. Біртіндеп жылжып, құдай қаласа, Аққұмға да жетерміз»,— деп аңырап отыр. Әй, көкесі, естимісің өзін?»— деп, біраз сырдың тиегін ағытқан.

Көкем аса ыждаһатпен тыңдаса да жақ ашпаған. Іле шөпшілерін ертіп құмға сіңіп кетіп, содан ұстатпай жүр. Мамам Бірлікке арнайы барып, пұл-мата, көр-жер сатып әкеліп, әзір отыр. Бір-екі тоқтыны күндіз-түні жемге байлап, жегенін алдына, жемегенін артына қойғамыз. Енді көкем қашан шөптен келеді деп, көзіміз төрт. Келсе болды: «Уа, Қарасай, уа, нағашы жұрт, қайдасың?»—деп, дүр қозғалмақпыз.

Ғайша әпкем Қарасайда жатып ол итіс-тартысты қайдан білсін. Ерулікті тосуға шыдамай, Гүлдей тәте көрші ауылға қыдырып кеткенде, Аққұмнан бір-ақ шығыпты.

...Түбір астына түсіп қалған әпкем Әйешпен алғашқы күннен қоян-қолтық араласып, дос болып алғысы келді ме, әйтеуір сөзшең, көңілді, қолды-аяққа тұрмайды.

Айна алдында әлі де айналшықтап кете алмаған Әйештің қалың қара шашын тарап, кекілін әдемілеп әуре.

— Міне, бүйтсең, мандайын ашылып, кенейе түседі. Өзің сұлу екенсің. Осы Аққұмның адамдары біртүрлі. Күніне табақтап қазы-қарта жеп, кеселеп қымыз ішіп жүргендей шеттерінен қып-қызыл. Еһе, сенің алма бетіңді маған берсе...— деп, Әйештің білегін аялай сипап қойды. Қаны тамып тұрған бетін сипауға батылы жетпеді,— Қылаяғы Досан да қызыл шырайлы жігіт боп өсіп келеді.

— Алдыңгүні мектепте парта сырлап жүріп бір сауыт қызыл бояуды іше салғамын. Бетім содан қызыл...— Қарап тұрайын ба, Ғайшаны тірсектен қағып жатырмын.

— Немене, бетін қызыл болса, Қарасайдың мектебін тастап кетер ме едің...— Әйеш сыңқ етті. Ой, ғажап, осы минутта мамама қалай ұқсап кетті өзі! Мамам да беталбаты сөйлемейді, ал сөйлей қалса, тура түбін түсіреді. Бұрын аңғармаушы ем, әпкем бойжеткен сайын мамама тартып келеді екен.

— Мектепті тастай қоймаспын. Бірақ бітіре сала шекесінен шертіп тұрып, күйеуге тиіп алатыным хақ.— Түбір астындағы әпкем міз бақпады,— Рас айтамын, не жеп қып-қызыл боп жүретіндеріңді білсем, бұйырмасын. Ауылдарың шылғи май топырақ...

— Қайдам, топырақ болсын, құм болсын, ешкімге жеріңнен бөліп бере гөр деп жалынған жоқпыз,— Әйеш бетін сылап-сипап жатып, Ғайшаға оңдырмай шах берді.

— Шелекті төңкеріп, қолжайсаң ғып кеткен қайсың? Сен бе, Досан?— Сөйлей кірген мамам Әйештің соңғы сөздерін естіп қойды ма, пластинканы аудара қойды,— Аққұмның ұпайын түгендеп қайтесіңдер. Әйда, үйде омалып отырмай, одан да кино-синоларыңа барыңдар. Ертең екеуің де Ғайшажанға еріп, нағашы жұртты көріп, аунап-қунап қайтасыңдар. «Жиендердің бет-жүзін де білмейміз. Кәнекөлге шықса, келіп қайтсын. Сыбата сақтаулы»,— деп өліп-өшіп, Ғайшадан сәлем айтыпты.

Әлгі кісі етекке түсе жатса, біз де іздеріңді басып барып қалармыз.— Самауыр көтеріп, сыртқа шығып кетті.

«Әлгі кісі» — көкем. Бұл күнде ауыл шетіне тиіп тұрған қалың құмның арғы бетінен ойдан ойып, қырдан қырып, шөп шауып жүр. Үйге оқта-текте соғады. Онда да, «ерігіп жүрген ешкім жоқ», запас бөлшектер іздеп, шөпшілерге азық-түлік алып қайтады. Соңғы жолы шөпке ала кет деп біраз қыңқылдатамын. Көкемнің ауыл арасында жер сілкінсе қозғалмайтын шойын адам деген лақап даңқы бар. Қарны шұрқырап ашып келді ме, дастарқан басына қатты қабарып отырып, иісі танау қытықтаған үнді шайына әбден қанғасын, мойнын, төсін түкті орамалмен айқыш-ұйқыш сүртіп тастап, маған аларыңқырап бір қараған. Басқа лебіз жоқ. Көкемнің сыры белгілі. Аларып қарағаны жек көргені емес, қайта: «Е-е, қара шұнағым, аузым шайда, құлағым сенде. Ұқтым, түсіндім. Ойласалық» дегені. Жаңағы аларудан кейін мен қайтып тықақтамадым.

Ертеңінде оянсам, көкем жатқан орнында жоқ. Бозторғай шырылынан тұрып, бригадасына қайқайып отырыпты.

— Мамасының тілін алып жүрсін. Қасқа сиырды кешке қарай алдынан тосып алсын, жоңышқаға түсіп кетеді. Әйешті киноға жалғыз жібермей, бірге барып, былай бас-көз болмай ма.— Осы айтқанынан шықса, келер аптада ерте кетемін деді әлгі кісі.

Мен шыбындаған аттай басты изеп-изеп жібергенмен, іштей пырс-пырс күлемін. Жоңышқаны жақсы көретін қасқа сиырға дауа жоқ. Ал Әйеш жайлы жаңағы сөзді көкем ешқашан айтпайды. Көкем әпкемді баяғыда мамамның қарамағына басы бүтінімен берген. Мамам әншейін жанынан шығарған бұйрығын көкеме әдейі татып отыр. Сөйтсе, Досан зыр жүгіріп кетеді деп ойлады, мен тілін алмай жүргендей.

Көкемнің Әйеш екеуімізге деген бұйрық-тапсырмасын мамама айтып кететіні рас. Ол мінезін мамам да барынша сарқып пайдаланып батады. Өстіп, өз бұйрықтарын көкемдікіне қосып айтып жіберетін ұсақ қулықтары бар. Оны кім білмейді. Әуелі десе, Әйеш те біледі. Бірақ білгішсініп, «Е-е!» деп бас изеп қоямыз.

Мейлі, мамам да әзін қу екемін, ақылды екемін деп мәз болып қалсын.

Көз байланып, жұлдыз жамырады. Аула-ауладағы шелектің салдыры мен сауылған сүттің күрпілі тынып, кейбір әпке мен апалардың: «Әй, қарасан келгір, қораға кір деп қақпайласа, далаға қашқанын не? Жыланың күні бойы жалмаңдағанда қайтпады ма?». «Әй, Қобыланды, бұзауды байла дегенде, байла!» репеттес шаң-шұң тынған шақ. Тұқымы түрлі-түрлі сиырлар ыңыранып қойып, ауыз қисаңдатып, жаппай күйсеуге кірісіп кеткен. Кешкі ауа өрістен қайтқан мал тұяғы көтерген шаңнан арылып, жаңа сауған сүттің жұпар иісі саулай бастаған. Сүт иісінен барлық шөптің иісі шым-шым сезіледі. Дәу де болса өрісте қырт-қырт жұлған шөпке ілесе қоңыз, құмырсқа, жарты уыс құм аузына қоса түсіп кетсе керек.

Нағыз әпкем, түбір астындағы әпкем үшеуміз қоңыр қаздай тізілген күйі сондай жарасып, клубқа беттеп келеміз.

Аққұмның клубын кешке қарай біз түгіл, ауылға алғаш келген адам көзін жұмып жүріп тауып алады. Сағат сегіз болса бітті, клуб маңдайына қадалған ақ шелек репродуктордан киномеханик Тұрсын: «Біс, екіс, үс...» деп ысылдай бастайды. Онысы — репродуктордың бұзық-түзігін тексергені. Ал ысылдайтыны — киномеханиктің тісі кетік. Күрек тісінің жартысын қай жерде жоғалтқанын қайдам, әйтеуір, біз ес білгелі Тұрсын сөйлесе, ысылы қоса шығады. Ашу қысып, яки керісінше желпініп, қатты сөйлеп жіберсе, ептеп ысқырыңқырап та жіберетіні бар.

Көп ұзамай Тұрсын тамағын кенеп: «Бүгіс клубтас «Бриллиантовая рукас» фильміс көрсетілес. Сеанс сағас тоғысса басталас»,— деп, құлактың құрышын қандырып тастады. Іле «Гәкку» шырқалды. Әнеукүні Тұрсын «Бони М» деген зіркілдек ансамбльдің әнін телевизордан жазып алып, ертеңінде алдымен соны қойып жіберіп еді, сол күні қырсыққанда киноға рабочком ағай да бара қалыпты. Ертеңіне Тұрсын рабочкомның кабинетінен мойнынан су кетіп, жүдеп шығыпты. Содан бастап репродуктор жөніне көшіп, пісмілланы халық әндерінен бастап жүр.

Үшеуіміз клубқа тіке шығатын көшеге түскесін әр бұрыштан ақ көйлектер көрініп қалды. Менің самайым ептеп ыси бастады. Әйешке еріп киноға барсам, ақ жейде мен қара шалбардан көретін болдым көресіні. Бәрі де күнде көріп жүрген ағайлар осы ауылдағы. Күндіз көшеде көбі баж-бұж еткен машина, тракторды ойнақтатып жүріп, басып кете жаздайды. Ал кешке таман шеттерінен ыздиған, сыпайы. Тілдерін тістеп сөйлеп, менің хал-жағдайым, алған батамды сұрайды. Мектеп директорынан бетер асты-үстімді жездей қақтап біткесін, Әйеш жаққа өңмендеңкірей қарап, ыстығы көтерілген жан құсап, бірдеңені міңгірлей бастайды. Оларға қой деп жүрген Әйеш жоқ. Қайта жымиып күледі. Әйештің орнында мен болсам: «Әй, Досеке, тезірек жүрейікші, кинодан қаламыз»,— деп, аятымды тез-тез алып, алды-артыма қарамай, клубқа кіріп кетер едім.

Ақ жейде, қара шалбардың бірер пары әлден уақытта бізбен қатарласа қалыпты. Кім дейсің, баяғы Қасен мен Семейхан. Ұзынтұра Семейхан оң жақты алды. Қызыл жалаулы «Беларусі» құсап екі иығынан демалып, ыс-ыс етеді. Ал саман кірпішке ұқсас төртбақ Қасеннің қай уақытта киіп кеткенін қайдам, Әйеш пен менің арама түсіп үлгеріпті.

Семейхан қызыл жалаулы «Беларусін» күндіз көшеде бір ізден аудырмай, қалай түп-түзу жүргізсе, өзі де сондай тәртіппен санап басып, баяу адымдап келеді. Маңдайына құлатқан қою шашын уқалап қояды. Ал Қасен қасқа өзінің астындағы «ДТ-20», яғни ауыл қызыл тайынша деп атап кеткен трактор секілді пыт-пыттап, ауыз жабар емес.

— Паһ, паһ, Досеке, осы күн санап серейіп өсуіңді қашан қоясың, ей? Жігіт, жігіт, оһоу, нағыз жігіт! Қыз іздеп, клубқа қарай желіп келе жатқанын қарашы,— деп, менің астыма көпшік тастап қойды. «Иә, шіркін, өтірігіңе береке бергір, өзің шығар қыз іздеп қымыңдап келе жатқан!»— деп, күбір еттім. Абырой болғанда, ешкім естімеді. Шылғи жағымпаздық бәрі де. Серейіп кеткенім шамалы — кластағы тайпақтардың бел ортасындамын. Бесенеден белгілі қулық та. Әуелі мені мақтап алады. Соған сене қоятын мені ақымақ деп ойлай ме екен? Сосын Әйешке сықсия қарап, құлаққа кірмейтін болымсызды айтып, қауқылдап күле бастады.

Семейхан таматына тары тұрып қалғандай:

— Ы-х,— деп жөткірініп қойды.

— Досан деп өзіңізді айтып келе жатқан жоқсыз ба?— Түбір астындағы әпкем дес бергенде аяқ астынан тіріле қалды. Қасен оны естімеген сыңай танытты, Әйеш жаққа мойнын созыңқырай:

— Әйеш, биыл қай оқуға барасың?— деді.

— Қай оқуға баратынында не қақыңыз бар? Оқуға түсірейін деп пе едіңіз?— Түбір астындағы әпкем Қасеннің ізіне шам алып түсті. Бұл қарекет Семейханның жанына жатып кетті ме:

— Иә, Әйеш,— дей беріп, әзірлеп қойған сөзін ұмытып қалды білем,— иә, іһм, іһм,— деп ақыры божырап, айдалада қалды.

Молодец, түбір астындағы әпкем! Екі-ақ сөйлеп, Қасеннің аузына екі уыс құм құйды. Өзін түбір астында бұқтыра бермей, шығара салсам ба? Әйткенмен, көз қиығыммен жүзіне қарап ем, әлгі ниетімнен жат та жерідім. Қарасайдан келген әпкемнің көзі әншейін құйқылжып күліп тұр. «Сөйлеңдер, қыздыра түсіңдер әңгімені, біз дайын» дегендей жылтыңдап екі жігітке кезек қарайды. Әйеш үнсіз. Сөйтсе де, Әйештің үнсіздігінің өзі сөйлей ме, екі жігіт соның аузын бағулы. Клубқа тақағанда ғана Әйешке тіл бітті:

— Семейхан, байқа, арыққа түсіп кетпе!

Сол мұң, Семейхан ғажап өзгеріске ұшырады. Баяу, салмақпен санап басып келеді деген Семеш Ертістен қарғып өткендей адымын оғаш тастап, секіріп-секіріп түсті. Түбір астындағы әпкем күліп жіберді. Қысылып қалды ма, Семейхан еңкейе қалып, туырлықтай балағын тарсылдатып қаға бастады. Әлден соң желке жақтан:

— Рақмет, Әйеш!— деген өлшеусіз мейірімге толы дауыс естілді.

Қасен де қалыспай:

— Әйеш, Бірліктен кеше жаңа пластинкалар сатып әкелгенмін. Ертең күн демалыс, келіндер, тыңдайық,— деп суырыла жөнеліп еді, Ғайша қошуақ бола қалды:

— О, жақсы болды. Барамыз!

Қасымызға жаңа жеткен Семейхан да:

— Пластинка?! Ғажап! Ғажап!— деп жатыр.

Нақ осы жерде айла-амалды асырмасам, мына «Пластинка?! Ғажап! Ғажап!» пен қыт-қытқа қосылып, қазір киноға кіретінімізді, клубта жарасып қатар жайғасатынымды, онымен қоймай, тізіліп үйге дейін бірге қайтатынымды біле қойдым. Қыт-қытты қойшы, оған онсыз да жұлдызым қарсы. Семейхан да одан асып тұрған жоқ: «О, ғажап! Ғажабын!» бас-көз демей, кез-келген жерде төпелей береді. Клубқа кіріп фильм көріп отырып: «О, кино! Ғажап! Ғажап»— деп салмасыма кім кепіл.

Екі минуттан соң әлгі айла баста қайнап пісті. Шекесіне электр шамын ілген клубқа да ентелеп келіп қалған екеміз, енді қимылдамасам, кеш. Нағыз құланның қасуына мылтықтың басылуы дейтін оңтайлы сәт! Дереу сол жақ шетке ырғып түсіп, бақ ете қалдым.

— Ойбай!

— О не?

— Онысы несі? Не болды?

Төртеуінің табан астын нұсқап:

— Жылан! Жылан!—деп, байбаламға басып жібердім.

Әбден қартайып, алжыған жыландар ма, ауыл шетіне дейін емпеңдеп кеп, мойнын соза құлайтын құмның саржолақ иреңбайлары кейде көшеге кіріп кететін. Ауылдағы көп маубас бұзаудың бірі аптап ыстықта бүйідей тиген бөгелектен бас сауғалап жүріп, бас жібін жоғалтып алған ба, әйтеуір, төртеуінің аяқ астында ала арқанның үзігі шұбатылып жатыр еді.

Қыздар шыңғырып жіберіп, клубқа қарай ешкіше ыршыды.

— Тас, тас тап! Байқа, шағып алмасын!

— Ғажап! О, ғажап!

Аласұрған екі жігіт әлгі жерде жер тырнап, оң-солға секіріп, әлек-шәлегі шықты. Жоқ жыланмен арбасып жатқан оларда шаруа қанша, құйындатып, қос әпкемнің соңынан салдым. Қасен мен Семейхан бұзаудың бас жібін тастың астына алып, «өлтіріп» келгенше, мұртымнан күлген мен әпкелерді алға салып, киноға кіріп те кетіп ем.

Әйеш бойжеткелі мені ой мен уайым басып кетті. Әпке деген әпке емес, барып тұрған пәле екен. Ал әпкең Әйештей әдемі болса, құйрығына қоңырау байланды дей бер. Қай інге кірсең де әлгі қоңырау: «Мен Әйештің інісімін, қарап қалыңдар, жарандар!»—деп шылдырлайды да тұрады. Әйекең бойжетпей тұрғанда уайым да, қайғы да жоқ, өз бетіммен ойнап, тыныш жүре беретін ем. Қиқу Әйеш оныншы класқа көшкесін басталды. Түк көрмеген Қасен адыранбай қыт-қытпен шыбын-шіркей қуатын болды. Семейхан мүлдем керісінше, көшеде кездесе қалса, тракторын бұрып, жол береді. Тоқ етері, тірліктері тірлік емес. Үйде амал жоқ, үйден тыс клуб, кино, би деген пәлелі жерде Әйештен бес шақырым аулақ жүрейін десем, мамам: «Әпкеңнің ізін бақ. Кім көп, көшенің қағылған-соғылғаны көп бұл күнде. Сенен басқа қорғап-қолпаштайтын қай аға, қай інісі бар?»— деп, шошына қалады.

Бір әпкеге қалай ие боламын деп әңкі-тәңкім шығып жүргенде, көзі, қасы ойнап тұрған Ғайша үстемелеп қосылды. Құнандай қос қыздың қай жағына шығып, қалай қайырамын сонда?

Мөңкісең де, өкірсең де міндет біреу — екеуін де қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмау қажет. Ал біздің ауылда қанатты да, тұмсықты да жыртылып айрылады.

...Клубтан шыққасын өкше көтеріп, мойын созып, төрт құбылаға төніп қарап ем, қос әпкеме қызығып тұрған ешкім шалынбады. Екеуінің ойында түк жоқ, қолтықтасып алып:

— Никулин пәле екен!

— Светличная қасын қай тушпен бояды екен, а?— деп әңгіме соғып, бырт-бырт басып, еш алаңсыз кетіп бара жатыр. Туфли тақасы біздің ауылда тарсылдамайды, май топыраққа толарсақтан батып, жай ғана быртылдайды.

Қос қыз біздің көшеге бет түзей беріп еді, мен қой қоралайтындай құлашты жайып жіберіп, қарсы алдарына дік етіп тұра қалдым.

— Тоқтаңдар!

— Оның не, Досаник?

— Осы бала қайтеді өзі?

— Сырт көшеге түсейік, Әйеш!

— Сырт көшеде ат басы алтын жатыр деп кім айтты?— деп Ғайша қадала қалып еді:

— Жол ұзартып қайтеміз, Досаник. Үйге тезірек жетейік,— деп, Әйеш те қостады. Әншейін монтансып тұр. О, Әйеш үндемей жүріп бәрін де іштей тоқып жүреді. Неге сырт көшеге бүйрегім бұрып тұрғанын сезеді ғой, сезгенде қандай. Әлгі бір ұзын, бір қысқа қазір бізді бас жіп жатқан жерде тосып тұрмаса, Досан атымды басқа қойсын. Білемін, тосып алғасын олар дереу жаңағы көрген киноның оқиғасын қайта езіп баяндап, өтірік-шынды таңданып, бас ауыртып, ми ашытады. Үйге жете бере кино хикаясын кенет шорт үзіп: «Досан, ұйқың келген жоқ па? Сендей кезімізде ұйқының басын ісіруші ек. А, Досеке?»— деп, мені арбайды. Мен Әйешті үйге сүйресем, ана екеуі бірдеңе дәметкендей жоқ-барды айтып, жуық арада кете қоймайды. Ол итіс-тартысты Әйеш білмей тұрған жоқ. Бірақ соны өзі ептеп қызық көре ме, немене? Әйтпесе, інісі ақылмен жүр деп тұрғанда әпкесі шауып кетпей ме?

Бір минут ойланғасын, ақыры екеуін алдыма салып беретін амалды таптым:

— Жылан жатқан көшемен барғыларың келсе, жол әне. Жеті рет кессе де, жыланның кесірткелік әлі бар. Бәлем, башпайларыңды тістеп алсын. Ана екеуі жыланды өлтірген де жоқ, бет-бетіне қаша жөнелген,— Қылтия қалғансып, сырт көшеге қарай салдым.

Әпкелер сыбыр-күбір:

— Шын болып жүрмесін.

— Сол аты жаманнан қорқатыным-ай!

— Қой, ендеше, пәледен машайық қашып құтылыпты!

Соңымнан ерді. Мен мәзбін. «Атымтаев, жарайсың, әй, молодец, Атымтайчик! Қазір ғой Қасен, Семейхандар: «Әйеш пен таңдайы таңдайына тимей тақылдайтын қара қыз осы шығар»,— деп, клубтан шыққан әр бойжеткенді бір қуып, қараңғыда көлеңке аулап жүрген шытар. Жолда жатқан тегін қыз жоқ, солай, жезделер!».

«Қараңғыда қасқыр құтырады» деуші еді мамам. Қараңғы түссе, жігіттер құтырмаса да, мықтап желігеді екен. Және өздері біреуі екеуге, екеуі төртеуге көбейіп кетеді. Қос трактористі жер қаптырып, құтылып кеттім деп желіп келе жатқанда, қосалқы көшеден екі ақ жейде, қара шалбар қылт етті. Ішім шұрылдап сала берді. Алшаң басып, қаңғыр-күңгір сөйлеседі. Алғашында Қасен, Семейхан ба деп, жүрегім су ете қалып еді, жоқ, жақындай келе байқасам, ұзын, қысқа емес, бой жағынан қарайлас жігіттер.

— Ертең шатырды осы ауылға жақын әкеліп тігейік. Бүгінгі қоныс ауыз Судан алыс екен,- Бұл кісі, бері алғанда, ферма меңгерушісі, ары алғанда, совхоз директорынша салмақпен сөйледі.

— Қарасайда өзі... бұлақ көп еді. Мына село жалғыз артезиан құдығына қарап отыр,— Екіншінің үні бәсең. Алдыңғыға қарағанда дене тұрқы анағұрлым жіңішке.

Қарасай дегенде түбір астындағы әпкем ұшып кете жаздады. Әлгі қаңғыр-күңгірге «Саржайлауды» тыңдағандай құлақ салып тұрды да:

— Бетім-ау, гидрологтарды қара!— деді.

— Қайдағы гидрологтар?

— Қарасайдың суын өлшеп-пішіп жүрген гидрологтар...— Ғайша өкшесін көтеріңкіреп, бұған дейін оның аузынан мен естімеген сыбызғы үн шығарып: — Ир-ла-ан аға-а-оу! Сіз бе, сіз?— деді.

Ақ жейде мен қара шалбарлар қалт тоқтады.

— Болсақ, болармыз. Хе-хе... Ақ жүзі атқан таңдай бүл қай періште?— деді біреуі ауаны дірілдете күркіреп.

Зәрем кетті. Мынау күркіреуік Қасен, Семейхандарды үш орайтын қауіпті де құдіретті жау білем. Сөзін көрмейсің бе, сөзін: «Ақ жүзі атқан таңдай бұл қай періште?» Мұндай нәзік әрі нойыс сөзді Әйеш екеумізге Аққұмның ешбір жігіті батылы жетіп айтқан емес. Ғайша ғой жатқан жыланның құйрығын басқан. Бас аман, қос әпкемнің төрт көзі түгел тұрғанда тезірек бұл маңайдан табан жалтырату керек. Ғайшаның қолынан тартып:

— Ғайша әпке, кеттік үйге!— дедім ысылдап.

— Ой, қойшы, өзің аяққа оратыла бермей!— деді әпкем жаман көзімен жалт қарап. Қолымды қағып жіберді ме, қалай? Сосын мені таң-тамаша қалдырып, әлгі әуезді үнге қайта көшті:— Танымадыңыз ба, Ерлан аға? Мен Ғайшамын, Қарасайдағы Ғайшамын...

Әпкеге өкпелі іні былай істесе дұрыс-ау деген оймен бір шетке ойысып кеттім. Қарап тұрайын ба, жұлдыз санадым. Ой әр тарапты шарлап жүр. Несін айтасың, кейінгі кезде айтақтаған итім кері шауып жүр. Бүгінгі кеш пен түнгі оқиғалар солай дейді. Үшбас-Төртбас кеудеден итеріп, шалқадан түсіре жаздады. Кассир Жұмаш: «Бетің табақтай!»— деп, жер-жебірге жетті. Түбір астындағы Ғайша жаңа ғана жекіп алды: «Аяққа оратыла берме!». Бас жіпті жылан деп жер соқтырғаным үшін Қасен, Семейхан да күні ертең бастан сипап, арқадан қата қоймас. Кейде осы байыпты бала болайын, зыр жүгіре бермейін деп, оңашада өз-өзімді қағып-сілкіп аламын. Мамам айтқандайын: «Аш құлақтан тыныш құлақ». Әй, қайдам! Бір оқиғаның құлағы қылтиса бітті, әлгінің бәрін таза ұмытып, етекті белге қыстырып, білек сыбанып, қақ ортаға түсіп кетіп, шыркөбелек айналып жүргенімді білемін. Ішімде бір түрт-түрт сайтан бар — ол анық. Ондайда тілім ұшы қышып, қол-аяғым жосықсыз ербеңдеп сала береді.

Бір мысал. Былтыр тамыз айында Кәртенбай ақсақал таяғы тарсылдап, тал түсте қарсы алдымнан шыға келді. Үшбастың інісін жетегіне алыпты. Әлгі қарадомалақтың көзі былаудай, беті кір-қожалақ. Бір шатақтың басталып келе жатқанын сезе қойдым. Сол мұң екен, тілім қышып, қол-аяғыма діріл жүгірді. Тақ алдарына тұра қап, сартылдай жөнелдім:

— Ата, жол болсын, қайда барасыз?

— Мына Жұмаштың жүгірмегі... Ойбу, белім! Содан тал түсте аз қарбызға жаудай тиіп... Алла, сегізкөзім! Соны мұғалімдеріңе... Шандарын қақпасам... Оу, қу жан-ай!- деп, біраз жерге барып алды да, көзін қалқалап, дәп қасында тұрсам да, бетіме үңірейіп кеп үңілді,— Шырамыта алмадым, қарағым, қай баласың? Олла, жаным!

— Мектеп директорын білуіңіз бар ма? Сол үйдің баласы боламыз,— дедім бетім шылп етпей. Салтақ бетке: «Дымың ішінде болсын!» дегенді ымдап, көз қысып қойдым. О да іштен оқып туған бала ғой, қорсылын тыя қойып, түйме көздері жылтырай қалды.

— Ә, Қабылқақтың картасымын де. Хош, хош! Ол үйден өрген балалар өңкей көргенді деп естігем. Содан, жанып тұрған құдайдың мына күнінде жүгірмекпен жарысып... Алла, белім!

Кәртеңбай ата осындай. Алласын аузынан тастамай жүріп, көктемде қарбыз егеді, жаз бойы колонкадан шлангімен су жетектеп, түн ішінде суарады, күзде қып-қызыл қарбызды жайратып жарып сап, дәнін қағып жеп отырады. Бір қап қарбызы сосын бір-бір тоқтыға айырбасталып, шаш етектен пайда түсіреді. Аллалап жүріп, Үшбастың інісі секілді желаяқтарды ретін тауып қолға да түсіреді.

— Ата,— дедім әлгі жерде аңқылдап,— атажан, мына ыстықта бұл баламен алысып қайтесіз. Бала емес, пәле ғой өзі. Мен апарайын мектепке.

— Қабылқақтың қарғасымын де...— Атай мықтап ойланды. Қарбыз жарғыш немені мұғалімдердің қолына тапсыра алатын қарғамын ба, жоқ па, соған миы жетпей, су боп тұр. Ақыры: «Алла, сегізкөзім! Қой, деректердің қарғасына сенбегенде, кімге сенемін»,— деп шешсе керек:— Қарағым, Қабылқақтың өз қолына тапсыр. Ел қой құрттаса, менің қарбыз құрттайтынымды білесің... Ала жаз қанатыммен қалақтап су тасимын... Уһ, жаным- ай!— Кемсендегісі келді ме, кемиектеніп тұрып-тұрып, кері бұрылды. Таяғына еріп, үйіне беттеді.

Былай шыққасын, Үшбастың інісі өкіріп жіберді.

— Әй, саған не жоқ?— дедім өтірік таңырқап.

— Аға-оу, бақшаға түспеймін. Пионерлік сөзім...

— Шын ба?

Үшбастың інісі үдей түсті. Ішін тартып, өксіп-өксіп жібергенде, төбе құйқам шымырлады. Көзін уқалаған қолын тартып қалып ем, сізге өтірік, маған шын, кірпігіне тамшы жас ілінбепті. Жағамды ұстадым. Үшбастың інісі оған айылын жимады. Қайта:

— Шын емегенде,— деп, концертін қайта бастай беріп еді:

— Бар, ендеше. Кәртеңбайдын қолына, менің көзіме қайтып түспе! Түссең, дәдеңді қолыңа беремін!— деп, май құйрықтан башпай үшімен сүйкеп жібердім. Ол шу қарақұйрық деп, көшенің аятынан бір-ақ шықты.

Қаншама рет құйысқанға қыстырылыппын, сонда алай-былай есептеп байқасам, оның игілігін Үшбастың інісі ғана көріпті. Қалтаны өзіме де, басқаға да қып-қызыл зиян болыпты. Мен түгіл, Эра Екпініч түсіндіріп бере алмайтын бірдеңе әйтеуір...

...— Ал қарындастар, қарлығаштар, шығарып салайық сіздерді,— Төртеуі қаз-қатар тізіліп, бек жарасып, бері беттеді. Ойбу, мен ойға батып, жұлдыз санап тұрғанда екі жігіт, екі қыз біраз жерге барып қалыпты. Ұзынтұра жіңішкесі Әйешті иектеген. Сонда бағусыз жатқан мал бар дегені ме? Кімді басынғаны? Мұндай қорлыққа біз шыдай алмаспыз. Қол-аяғым селкілдеп сала берді. Келе бергенде ұзынтұра немені иығыммен қағып жібердім де, Әйеш екеуінің ортасына түсіп алдым.

— Оһо-пай, бұл қай батыр?— деді түбір астындағы әпкемнің арғы қанатындағы дәу түбі түскен шелектей дәңгірлеп. Үрдіс шабуыл есін тандырып, тіл-аузын байлап тастаған ба, ұзынтұрада үн жоқ.

— Досан атты ініміз — осы жігіт. Клубқа бір ізбен әкеліп, бір ізбен қайтаратын мықтыңыз осы кісі,— деп, Ғайша қолтығыма су бүркіп жатыр.

— Оһо-һо! Онда тарс-тұрс танысып қоялық. Мен Ерлан дейтін ағанмын!— Әлгі дию ағаға зар боп тұрғандай күректей алақанын қолтыққа ма әлде бүйірімнің бір жеріне ме, тықпалап жатыр,— Анау арықша ағаң — Мұрат. Ол да сен сияқты бойдақ батыр. Гидрологпыз. Қастарыңа бүгін көшіп келіп, қаужаңдап жатқан жай бар. Жә деген құдайы көршіміз. Ертең ерулік әкеліңдер,— деп, алай бір, былай бір кетіп, арқырасын кеп.

— Неге алдыдан самсап шыға келдіңдер? Неге қорқытасыңдар?— дедім шәңкілдеп. Артынша орынсыз тиіскенімді сезіп, тіл тістедім. Амал не, айтылған сөз — атылған оқ. Қорқытып-шошытайын деп жүрген бұлар жоқ. Түбір астындағы әпке ғой, «Гидролог аға-оу!» деп, шақыра қойған. Е, қайтемін. Кинодан қайтқан сайын Әйешті шыр-пыр қорғаймын деп шаш ағарды. Біздің ауылдағы ағалар да қызық. Бір-бірлеп, былай сыпайы тілдесу қайда, Әйеш жеп қоятындай екі-үштен келеді. «Әй-үй!» деп, бір-бірін қағыта едіреңдеп, іздене бастайды сосын. «Биыл қайтсе де оқуға түсеміз, қалада көмектесетін аға-жағамыз бар»,— деп, бет алды даурығады. Атам заманда бітіп кеткен бір қырғын төбелеске тамсанып, кеңк-кеңк күледі. Көбіне әңгіме аяғы дауға айналып, сол арада кеу-кеулесіп қалып қояды. Біз жайымызға кетеміз. Былтыр тормозы ұстамай қалып, біздің, үйдің бұрышын періп кеткен Қасеннің тракторына ұқсады өздері. Әйешке жуып кетсе, кең дүниелері неге тарылып сала беретінін қайдам!

Әйеш кітапханасын тастап, күндізгі оқуға кетіп қалса, құлақтан қиқу кетер еді. Әпкеме жігіт жолатпаймын деп клуб, кинодан шықпайтын болдым. Оқуға кетсе, клубтан қол босап, таза сабақ, асықпен айналысар едім.

...— Оу, Досеке, таста ашуды. Бізде жазық жоқ. Кинодан шыққасын құдай деп, қарын сипап, қара қос қайдалап, желіп бара жатқамыз. Ғайша қарындас қой шақырып алған.

Осы Ғайшаға не жоқ, қап-қараңғыда аталап қиқу салатындай?!

— Ой, ағай, сіз де...— деп қалды Ғайша бұртиғансып.

— Жо-ға, Досекене шекіспейік, мәмілеге келейік дегенім де. Менің де қалада саған қарайлас інім бар. Семья бар. Ал Мұрат ағаң — практикант-студент. Аз күн қонақпыз, кел, тату болайық,— деп, Ерлан терте сияқты ұзын қолын ұсынды. Сөзі жылы. Күмпілдеген қою үнін есепке алмаса, жаман кісі емес, шамасы. Ашу тарқай бастады. Практикант-студент Мұрат та қыздарға қақтықпай-соқтықпай, жырқылдап күлмей, анда-санда жайлап сөйлеп қояды. Ерен қалың шашы желді күнгі шөмеледей бобырап тұр. Әлде қараңғыда шаш қалың әрі қап-қара боп көріне ме? Соңына таман көріп отырған адам қалғып кететін киноларда тәртіпсіз қылығы жоқ, ақыры оқып-оқып, үлкен ғалымға айналатын жігіттер болушы еді, Мұрат ата анық сол сорттан. Студенттігі ұнап қалмаса, Әйеш мұндай жуас жігітті аятына отырғыза қоймас. «Біздің Әйеш үндемей жүріп жатып атар ғой. Бір қараса, бітті, кімнің ішінде не жатқанын біліп қояды»,— деп ойлап ем, марқайып қалдым.

Ерлан, Мұрат ағалар шынымен Аққұмның асты-үстін жездей қақтап, су табу үшін жер түбінен келген гидрологтар екен. Ауданда мал мыңғырып көбейіп барады. Қарасайдағы аз бұлақты санамаса, бұл өлке басқа су көзінен ада. Қарасудың борсыған суын жылқы түгіл, есек те ішпейді. Баяғыда әр ауыл сайын қазылған колонкалар ауыз судан артылмайды. Егер Ерлан, Мұрат ағалар осы жолы көп-көп жер асты суларын тауып қайтса, келешекте төрт түлік мал судан кенде қалмайды.

Су табылса, біз де қарқ болар едік. Шіліңгір ыстықта жалғыз колонканың басына араша үймелегенше, әлгі көп артезианды бір-бірден басыбайлы иеленіп алмаймыз ба. Бүгін ғана Үшбастың інісін Кәртенбай ата колонка басынан қуалап жүрген. «Бір-біріне су шашып, қалын ел қарап отырған құдықтың басын борсыған батпаққа айналдырыңдар. Уһ, сегіз көзім!»— деп, шыж-быж. Түн ортасында бүкеңдеп, шлангімен қарбыз суаратын Кәртенбайдың да суға деген сұғы қайтар еді.

...— Үй, міне, атайлар. Шығарып салдыңыздар, көп рақмет!

Әйештің мақпал түнге астасқан биязы үнін естігенде барып бойымды жинадым. Су туралы әдемі әңгімені тыңдаймын, қиялдаймын деп, сақтықты тас ұмытыппын. Түшіркеніп кетіп, практикант-студентті көзбен қолма-қол тінтіп іздеп ем, әйтеуір, Әйештен оңаша тұр екен. Тұрмай көрсін, бәлем, табан астында шатақ шығарайын. «Әйтсе де, қапы қалма, Досан! Әңгімені ұйытып қызық айтады екен мына Ерлан дәу. Сен екеш, сен де сауысқандай сақтығыңды ұмыта жаздадың. Екі шоқып, бір қара, Досан!»— деп, ойша өзімді қамшылап алдым да:

— Қайта беріңіздер, мамам әлі жатпаған шығар,— деп тақатыңқырап қойдым.

Түбір астындағы әпкем студентке таман ығыса түсіп:

— Қазір жарқырап ай шығады,— деп, әр қиырға салмақ еді, мен:

— Ақтөс, Ақтөс! Бар, орнына жат, қой деймін! Бұл кісілер қазір кетеді,— деп бақылдадым. Жарқырап шығатын айды тосатындай ине жоғалтқан жоқ.

Ақтөс шіркін айқай шықса, құлпырып сала береді ғой, қораға қасқыр түскендей сол секундында арсылдай абалап, шынжырын үзіп кете жаздады.

Гидрологтар асығыс-үсігіс қоштаса бастады.

— Досан-ай, итіңе қазы-қарта беріп асырайсың ба, тәйірі? Қарқыны жойқын екен. Қой, қайтайық. Жұмыс бастан асады. Ерте жатайық,— деп, Ерлан ата дәу тұлғасын арлы-берлі қозғап қойды. Практикант-студент менің алақанымды жіберіңкіремей:

— Досан, бізге соғып тұр. Алыс емес. Қарасудың жағасына, сиыр базына қос тіктік. Кешке қол бос. Гидрологтардың аспабын көрсетемін. Жақсы кино қойылса, айт, біз де келіп тұрайық клубтарыңа,— деп қиылды.

Сонымен, астыңғы ерні қыбырлап, үстіңгі ерні жыбырлап, студентке де тіл бітті. Әй, қылмиып жүріп, қусын-ау, Мұрат аға! Былай қарағанда сөзін маған бағыштап тұр. Түн жасырады дей ме, Әйеш жаққа жапа-жапақ қарап қояды. Қараңғыда менің мысықтай көретінімді қайдан білсін. Әйеш мектеп сахнасында ән салып тұрған кішкене қыз құсап, қолын алдына ұстап алыпты. Сынықсып тұр. Екі шоқып, бір емес, бір шоқып, екі қара, Досан! Мыналар ма, мыналар Қасенге де, Семейханға да ұқсамайды. Аузыңды артына қаратып кетпесін. Мұрат қолымды жібермей: «Кешке қолымыз бос. Соғып тұр!»— деп қиылғанда, маған іші елжіреп тұрған жоқ. Артына келгенді теуіп, алдына келгенді тістеп, аласатып тұрған Досан қыршаңқыны қайтсін. Қос әпкеге: «Келеміз. Тосыңдар» деген ым да. Бытықы-шытықы ойлар басымда киноленташа сырғиды. Осы жігіттер жолап кетсе болды, Әйешті ешкімге қимай, қызғыштай қоритыным қалай? Жайшылықта оның бірі жоқ. Шармаяқтасып, керек десе, өкпелесіп те қаламыз.

Білмеймін, білмеймін...

Студент қолын Әйешке соза беріп еді, әпкемнен бұрын ұмтылып барып ұстап алып, сілкіп-сілкіп жібердім.

— Сау тұрыңыздар! Сау тұрыңыздар! Біздің ауылдың иттері үндемей келіп етектен ала түседі. Ел жата бәрін шынжырдан босатып қоя береміз. Бөтен адамдарға керемет өш, тура көшеден көшеге қуалап жүріп қабады,— дедім саңқылдап.

Екеуі кетуге айналды. Әйтсе де:

— Қош айтыспаймыз, қарындастар!

— Көрісіп тұрамыз...— деп қояды.

— Ауыл арасы жақын, ұмытып кетпеңіздер!— Екі атадан қосылатын әпкем олардан асып түсіп жатыр.

Қақпаны қан қақсатып жылатып аулата кіре бергенде, кері бұрылып:

— Мұрат, ей, ертең Әйеш, Ғайша үшеуіміз Қарасайдағы нағашыға барамыз. Бір ай сонда боламыз,— деп, қайдан шықса, одан шықсын, періп қалдым. Біліп қойсын, Ғайшаның да, Әйештің де жуық арада өздеріне жоқ екенін. Ай жүретініміз өтірік. Апам мана ары кетсе апта деген. Адамды алдау жақсы емес. Бірақ Мұрат та жаңа «аспап-маспап көрсетемін» деп, мені алдаусыратты. Ендеше, есеп 1:1!

— Бала емес, пәле ғой!— Ерлан атаның даусы.

Қос саусақты ұртқа тығып, жер-дүниені жаңғырықтыра ысқырдым кеп. Онымен қоймай:

— Айтақ, айтақ, Ақтөс!— деп, айқай-сүренді салдым. Бала емес, пәле болсам, пәленің көкесін көрсін, бәлем!

Алжып қалған екеу-үшеуін есептемесе, Аққұм иттері айқай шықса алақайлап, аттандап кетеді. Ал ысқырықты естімесін де. Естісе, төбе шашы, жо-жоқ, аза бойы қаза болып, әр тал түгі тік тұрады. Айтқандай абалаған, шәңкілдеген, арпылдаған сан түрлі аусар үн қабаттаса шығып, Аққұм лезде азан-қазанның астында қалды.

— Неге айтақтайсың? Неге ысқырасың, ой, бала?— Ғайша білегімнен мыти ұстап, жұлқып қалып, ішке енгізіп жіберді. Етпеттеп түсе жаздап, бүкеңдей жүгіре түсіп, әрең бой түзедім. Мына қыз қайтеді, әй?! Қаршадай болып күштісін өзінің.

Әйеш ондай-ондайда бұрын сыңқ-сыңқ күліп қоятын. Әйтпесе: «Тентек болма, Досаник. Бері жақындашы, жағаң қисайып тұр, жөндеп жіберейін»,— деп, қасына шақыратын. Бұл жолы үндеген жоқ. Жеңіл күрсінді де, үйге беттеді.

Сыртта өтірік күйбеңдеп жүріп алдым. Құрығанда екі әпкемнің біреуі: «Досан, үйге кір де, тамақ ішіп, жата қал, ертең ерте жол жүреміз, ұйқтап қаларсың»,— дейтін шығар, іні екенім рас болса. Үн жоқ. Ақтөсті шынжырдан босатып ем, керіліп тұрып дүр сілкініп еді, үстінен бұрқырап ұшқан шаң өкпе қапты. Қақпаны ашқанда дуалдан бір-ақ қарғып, көшедегі құрбы-құрдастарын іздеп кетті. Күнде әуелі еркелеп, кеудеме асылушы еді. Бұл жолы құйрық та бұлғаңдатпады.

Жаман жалғызсырадым.

Кәртеңбайдың шифер шатырлы үйінің төбесінде отырған біреу шеті жемтір-жемтір қызғылт қоңыр нанның жартысын әлпештеп жоғары көтеріп отыр.

Жоғарылаған сайын әлгі жартыкеш таба нан қызғылт қоңыр түстен айығып, кәдімгі аппақ сары айта айналып келе жатты. Ауыл сыртынан шыққан «Аһ!» деген бір апайдың ащы даусы әуелде қатты шошытып еді, іле сақылдаған күлкіге ауысты. Айды маңдайға жапсырып алып, шексіз ойға баттым. Әйешті өкпелетіп алдым. Әй, өкпеледі, өкпеледі. Үндемеді — өкпеледі. Өзім де қатып кеткендей қатты елірдім бүгін. Ерлан, Мұрат ағайлардың бетінен алыппын. Қасен, Семейхандарды алдадым. Білгенімді істеппін. Енді Әйеш өкпелі ме, жоқ па, оны маған апта өткесін білдіреді. Онда да сылап-сипап қана қағытып, сыпайы сөйлейді. Жалпы, өкпелесе, керемет сыпайы бола қалады. Мысалы: «Біздің Досан кей кезде әпкелерін ағаш атқа мінгізіп жібереді. Солай ма, Досан?» Сол сыпайылығы өлтіреді мені. Одан гөрі Ғайша құсап ойындағысын ірікпей, салдыр-күлдір ақтара салсашы. Бойжеткен сайын, қызық болып барады біздің Әйеш. Бұрын өкпесі қаншама қатты болса да, бір-екі күнге жетпейтін. Бойжетіп алғаннан бері бөлсініп-сәнсінуі аптадан асатын болды. Және бетіңе тура айтпайды. Кекейді. Бүйте берсе, екі-үш жылдан кейін ішімдегіні тап дейтін таза тымпиға айналатын шытар.

...Темір шелектің тұтқасын шиқылдатқан екі қыз үйден шығып, қақпаға беттеді.

- Ішке кір, Досан. Сорпа столда. Іш те, жата бер.

Айттым ғой, Әйеш әпкем суып бара жатыр деп. «Ішке кір де жат» деп дүрс-дүрс етеді. Әпке ініге бүйте ме? Мұндай сөздерді кез келген бойжеткен қыз айта алады. Жаңа ғой Ерлан, Мұрат аталардың алдында майыса қалды. Қыздардың сырына түсініп көр. Бұрын мені, «Қорқамын»,— деп, колонкаға ала кетуші еді. Бұл жолы тоса тұр демеді. Әй, енді ме, енді Әйешті Қасен, Семейхан, Мұраттардан шыр-пырым шығып қорғасам, Досан атымды басқа қойсын. Сыйға сый, сыраға бал, әпкетай! Болды, бітті — еш тесікке тұмсық сұқпаспын, кез келген құйысқанға бет алды қыстырылмаймын. Бадырақ көз, сен тимесең, мен тимен. Не болар екен, оны да көрейік. Бұдан былай Атымтаев ылғи да пас, достар және әпкелер!

Үйге кірсем, стол үстінде майлы сорпасы меймілдеген тәрелка, нан, қасық, кесе, айран дірілдеп тұр. Өздері тыңқиып алса керек. Әйеште мұндай қылық жоқ еді. Шүңкілдесек те, күңкілдесек те, асты әпке-іні құсап бірге ішетінбіз. Маған көрсеткен қыры ма сонда? Ерегіскенде, ілгекті салып қойсам ба? Екеуі сосын, амал жоқ, есік қағады. Мамам оянады. «Неге кеш жүрсіңдер?»— деп кейіп алады. Әй-әй, бұл барып тұрған қастық. Есе алудың басқа бір әділ әдісін қарастыру қажет.

Сорпаға жуығамын жоқ. Он жақ бөлмеге өттім де, төсекке құлай кеттім.

Сәлден соң анық дүние бұлдырап, кішірейе келіп, кірпік астына тығылды. Кірпіктің әр талы бір-бір сырыұ. Әлдекімнің көрінбейтін алақандары қос құлағымды басып, дыбыс атаулы әлсіреп бара жатты. Шелек салдырлады. Шалтай өлкеде есік сарт жабылып, ілгек сырт етті.

— Суларың кермек татиды ғой, Әйеш? Минералды судан айнымайды.

— Қайдан білейін. Аққұм суы баяғыдан сондай.

Тып-тыныш...

* * *

— Еһе-һей, қызықты қара!

Сол көзімді ашып, оның өзін де сығырайтып қарасам, түбір астындағы әпкем мен шалқалап жатқан орындықтың арқалығына үңіліп тұр.

Ғайшадан қалысамын ба, түзеліп отырып, ұзыннан-ұзақ қағылған арқалық ағаштарға мен де шұқшидым. Е, Аққұмның алты жасар баласынан алпыс жасар шалына дейін белгілі көне жазулар: «Жанар + Алик = любовь!». «Алмас Қожабергенов. 2/5. 1979 ж.» «Прощай, Аккум! Канаф...» Бәрі де бәкі жүзі, шеге үшімен ыстықтан бояуы шатынап кеткен көлденен ағаштарға қиқы-шойқы ойылып жазылған. Жанар, Алмас — бәрі де аққұмдықтар. Кейінгі ұрпақ біле жүрсін деген бе, аттарын аямай жазыпты. Бұл орындық, бір есептен, ауылдың Құрмет кітабы секілді. Қу өздері. Қайдағы қиыр шетте елеусіз қалатын жөпшеңкі орындықтар емес, күніге жүз адам құйрық басып демалып, жүз адам көретін аялдамадағы орындыққа жазып салған.

Осыны айта қояйын деп, «А-а!» деп ауыз аша беріп ем — «Аққұмның адамдары» демек ем — Ғайша төтеден киіп-жарып жүре берді:

— Аққұмның балалары көргенсіз екен,— Қызық болғанда, Ғайша да сөзін «А» әрпінен бастады. Әпкемнің сартылдаған сөзі ме, жүріс-тұрысы ма, әйтеуір, маған тартқаны тартқан. Оған қарағанда, қайта Әйеш екеуіміз мінез жағынан алыстау жатырмыз. Бөле де жазбай ұқсай береді екен.— Жап-жаңа орындықты қиқалап, бүлдіргені неткені?

Жыбырлаған жазулар тістеп алардай екі қолын арқасына ұстаған күйі тізесін ұршығынан кейін майыстыра түсіп, еңкейіп тұр.

«Оған сенің нең шықты?» деп қала жаздап, өз-өзімді әрең тежедім. Қонақ екемін деп Ғайшаның тізгін тартатын түрі жоқ. Төр түгіл, басқа шығып барады. Аққұмның балаларын орындықтағы жазуларға бола көргенсіз деп жазғырады. Көрші ауылдан орындық түгіл, үй қабырғаларына сызылып қалған ұят жазуларды көргенбіз. Досекең де жұмақта тұрған жоқ. Аққұмда дүниеге келіп, өскен, ендеше, Ғайшаға салса, мен де көргенсіз екемін. Әлде байқамай сөйлеп қалды ма? Ғайша аңғал сөйледі дегенше, аспандағы ай жерге гүрс құлап, быт-шыты шықты деген дұрыс.

— Өзіңіз не деп тұрсыз? Аққұмның тарихын неге мазақтайсыз?

— Қалай дауыс көтергенімді байқамай қалдым. Ұйқы қанбай, қалғып-мүлгіп отырған кезде бұрын да қалай болса, солай сөйлей салушы ем. Дауыс көтеруін көтергеніммен, іштей аз-мұз қысылдым да.

Әдепсіз сөз айтып қойғандай Ғайша бетіме бажырая қарады (егер қысық көз бажыраяды деп есептесек).

— Тарихы несі?

— Тарих па?— Ол — мынау!— Түрегелдім. Жайлап басып, анадай жерде жатқан талдың қураған бұтағын алдым. Орындық қасына келдім. Сол қолымды арқаға қайырып тастадым да, өкшені көтере шәниіп тұра қалып, шаңқ еттім. Эра Екпініч сөйтетін. Әсіресе соғыс туралы тақырыпты өткенде қатты шаңқылдайтын.— Мәселен, мынаны алсақ...— Бұтақ ұшы «Жанар + Алик = любовьтің!» «любовін» тырнап тұр,— Мұны еріккен біреу жазды деп ойламаңыз. Көк қақпалы үйде тұратын Жанар апай мен Әлмағамбет ағай ойған. Әне, өзі де шықты!

Көк қақпаны айқара ашып, Әлекеңнің шыта келгені рас еді. Ғайша шошаң етіп, Әлекең таптап кетердей, кейін секіріп түсті. Әлекең айтулы нән кісі-тін. Ұзыннан да, көлденеңінен де. Шара беті қып-қызыл. Иегіне қарай екі тарам боп салбыраған қалың қара мұрты бар. Қазір ұлпа мұрт ептеп желбіреп тұруға тиіс, өйткені қыза бастаған құм жақтан ыстық леп леки жөнеліп еді. Жел желпісе, желбірей қалатын ондай ұшқалақ мұртты біз шалғы мұрт дейміз. Әлекең бізді қаперіне алмастан, еңірете есінеп еді, мұрт ұштары етті келген ернінің астынан қосыла қалып, етпеттей жығылған «С» әрпінен аумай қалды. Сосын бағана басына қонақтаған репродуктордың «Раз, два, три!» деген командасы бойынша отырып-тұрып: Аһ-үһ!»— деп, ырсылдап кетті.

— Әртіс екен! — Ғайша миығынан күлді. «Өзінің аузын ашып, тілін көрер ме еді,— деп ойлай қалдым,— Тілінің қотыры бар шытар».

— Әлекең де жігіт болған. Өзі Жанар апайды қатты ұнатыпты. Оны көп уақыт бойы айта алмапты. Бір күні түнге қарай өрістен қайтпай қалған сиырды Жанар апай сатырлатып қуып келе жатпай ма. Бір бұрылыста апайдың соңынан Әлекең түсіп береді. Шошып кеткен Жанар апай қалтырап-дірілдеп: «Сол-лай ма?»— депті. Сиыр жайына қалыпты. Әлекең әлгі жерде қуанғанынан қалтасынан бәкі шығарып, жаңа орнатылған орындыққа осы жазуды ойып...

Ғайша лыпылдай жөнелген мені бел ортадан үзіп тастады:

— Бізді адам ғұрлы санасайшы. Әртістігімен қоса, бақытты жан, ә? Бақыттылар ғана басқаға назар аудармайды.

Сол екі ортада көк қақпаның ар жағынан:

— Әй, шал, көп күшене берме. Мықтылығыңды аулаға кіріп көрсет. Елден ұят болады,— деген сызылған үн шықты. Жанар апай да. О кісі басқалармен адам сияқты сөйлеседі. Ал Әлмағамбет ағаймен өстіп сызылып сөйлеседі. Секундтан соң апайдың әні сәл қатайды,— Сапар, түрегел енді! Сиырды шешіп, табынға қос! Жұлқынып тұр, бас жібін үзіп кетер.— «Ие-е, дәл со- о-олай!» дегендей, сиырдың азан-қазан үні қоса шықты.— Анар, шай қойып жібер! Папаң бүгін Бірліктің базарына барам деп, күшейіп тұр. Гүлге су құя қойшы, Шынаржан! Екі күннен бері тамырына тамшы су тимеді, қурап кетер. Әй, Данияр, көзіңді кілбите бермей, аш, кәне. Өтірік ұйқтап жатқаныңды кім білмейді. Анар апайың, әне, саған қаймақ қатқан шай қайнатып бермек. Бетті шай да, отын жарып бере ғой. Ойбу, менің Айнұржаным мүлдем былқ-сылқ, әкем. Телевизордағы биші апайларынан аумайды мына Айнұрка! Кәне, бір, екі, үш, жастар — алып күш, тұра сал енді, папасы ен жақсы көретін қызымның бетінен сүймей базарға бармаймын дейді. Мен Аманды емізуге кеттім. Әне, өзі де қыңқылды бастады...— Аманға келгенде апай қайта әндетіп кетті.

Ғайша күліп жіберді.

— Сапар, Анар, Шынар, Данияр, Айнұр, Аман... Атамыз Жанар апайды шынымен жақсы көреді екен,— Көк қақпаға жылы ұшырай, дұрысы, қызыға қарады. Әлгі жерде: «Түбір астындағы әпкем мектеп бітіргесін күйеуге қашса, қашып кететін шығар»,— деп ойладым.— Досан, өзі сонда не? Мына орындық Әлекен мен Жанар апайдың қыз-жігіт кезінен қалған орындық па? Орындық тозбай ма, сынбай ма?

— Қайда-а... Одан бері неше орындық сынып, неше орындық жаңаланды.

Ғайша аң-таң.

— Сынған орындықпен бірге жазу қоса кетпей ме? Жазу қалай сақталған?

— Жаңа орындық орнатса бітті, ертеңіне бәрібір «Жанар + Алик = любовь!» жазылып қалады. Кім шыт жаңа күйі ойып жаза қояды, өзіміз де білмейміз.

— Қызық екен... Ал мыналар ше?

Ғайша «Прощай, Аккум! Канаф...» деген жазуға төніп тұр.

— Е, бұл ма? Бұл әскерге аттанып бара жатып Қанафияның жазып кеткені.

— Қанафияң дұрыс делік. Канафиы несі?

— Автобус дүрілдеп келіп қап, аяққы «ия» буынын, ай, күнін, жылын жазуға үлгермепті. Қанафия сондай бала. Ылғи бірдеңеден кешігіп, бірдеңеге үлгермей жүреді.

— Еһе, түндегі Алмасты қара!— Ғайша «Алмас Қожабергеновтің» жанында тебітіп тұр.— Маймақ Алмас қой.

Сөйтті де, тізесін майыстыра сәл бүгіп, кере адымдап, орындықты айналып шықты. «Алмас Қожабергеновтің» буын-буынына серіппе салып қойғандай, еңкілдеп, елпілдеңкіреп жүретіні рас еді.

Ғайша сайқымазақтың түбін түсіреді екен. Секектеп қасыма келді де, имиген күйі итініп тұра қалып, саусақтарының басын бүрістіре құдитып ұсынып, көзін ежірейте:

— Омонсоздар мо, корондостор? Тоносоп қоялоқ, Олмос,— деді күңгірлеп.

Менің ішек-сілем қатты.

— Сол, сол, Олмос — сол.

— Түнде танысып еді. Оригинальный жігіт.

Қастарынан қарға адым шықпап едім, бұл қу әпке Алмаспен қашан танысып үлгерген?

— Аққұмның жігіттері шынымен оригинал. Шеттерінен таудай-таудай. Міне, мынандай!— Құшағын жазып, бес-алты қапшық ауаның көлемін көрсетті,— Қыздары да ірі. Қызық...

Ірі қызы — Әйеш, әрине.

Кімді айтса, сол келеді. «Оригинальдың» бірі — Қасен қызыл тракторының соңынан шанды шұбата сүйретіп, бұрыштан атқып шықты.

— Геу-геу! Әй, қарындас! Әй, қу бала! Екеуіңе де привет, привет!- Қолын көтерді де, газды баж еткізіп еді, қыт-қыт қатты шамырқанып, тоңқаң-тоңқаң оқыралай жөнелді. Біз аппақ шаңның астында қалдық.

— Фи!— Ғайша үстін қаққыштап, әлек-шәлегі шығып жатыр,— Аққұм, Аққұм дегенде алдыңа жан салмайсың. Не ағаш, не су жоқ. Аткөпір май топырақ. Ит байласаң тұрмайтын жер. Жігіттері де әулекі, ылғи ғашықтық қысып, қитығып жүрген біреулер.

Бойды буған намыс қалшылдатып жіберді.

— Бір Аққұмға екі Қарасайыңды айырбастар ма екеміз біз. Ал қайтесіз? Жаңа ғана жігіттердің бәрін оригинал деп мақтағаның қайда? Апайларымыздың да бетінен қан тамып тұр. Ал қайтесіз.

— Қойдым, қойдым. Ашуланба! Өзің маған тартқансың-ау!— Ғайша түзулеп қиған кекілімді сипағысы келіп, қолын созып еді, жалтарып кеттім. Сипай қоятын тегін басты тапқан екен,— Әй, қойшы! Жер, құм, тау деп бөлінбейді. Туған жер, жат жер, әне, солай бөлінеді. Аққұмды жаратпасам, Қарасайды сағынып қалған шығармын. Жә, қойдық! Сен де, мен де,— Ары қарап, аузын көлегейлеп, есінеп алды.— Әйешті айтамын да. Қазір ғой ұйқының жағын айырып жатыр. Әйеш бүгін қулығын мықтап асырды.

Мамам мана таңертең мені тұрғызып алып: «Бар, оят әпкелеріңді. Екеуінің түндегі күбір-сыбыры жаман еді, күзеттен келгендей қатып қалыпты»,— деген. Tөp үйге кіріп барсам, орын жетпегендей Әйештің төсегінде екеуі айқара құшақтасып, ұйқыны соғып жатыр.

Екеуі де менен үлкен. Ендеше, керісінше, бұлар ерте тұрып, мені оятуы керек еді. Түндегі көрсеткен қорлықтары әлгі жерде және еске түспесі бар ма. Ұйқымның қанбағандығын ойлап едім, аяқ астынан жыным келіп, жамылғышқа жат та жармастым. Бастарын жұлып алып, ұйқылы-ояу күйі, жылжып бара жатқан жамылғышқа мысықша жабысты.

— Тұрыңдар кәні! Түске дейін ұйқтап, милары шайқалған ба деп ұрсып жатыр мамам,— дедім дікілдеп. Өзінін көзі жоқта маманың беделін алға салып, қоқиланып алатын әдетім бар еді, аянайын ба, соған бастым.

— Құлдық, тақсыр! Кругом марш, ары қарап тұр!— Ғайша, обалы не керек, төсектің серіппесін сықырлатып жатыр. Көп ұзамай жып етіп сыртқа шығып кетті.

Әйеш көзін аша алмай уқалап отырды да, бір уақытта жастықты құшақтап қайта құлады. Жамылғышқа қолды тағы салдым. Әйеш басын жұлып алып, тесіле қалып еді, ойпыр-ай, кезі шатынап тұр. Сескеніп қалып, еріксіз шегіне бердім. Оллаһи, бүйтіп ашуланғанын биылғы жана жылдан бері көріп тұрғаным осы.

— Сен, сен...— деді тұтығып,— Сен қашан қоясын осы әдетіңді?

— Қай әдет?

— Қай әдет? Жамылғышты неге... Мені бесінші класта оқитын шүрегей қыз деп пе ең? Көзіңді ашып қара! Мектеп бітірдім, кітапханашымын. Мамама айтып, жыныңды қақтырып алайын ба осы?

Әйештің аялы көздері боталап тұр. О тоба, онысы несі?! Мектеп бітірдім дейді. Кітапханашымын дейді. Маған салса, Әйеш сол баяғы Әйеш. Өзгерген ештеңесі жоқ. Бесінші класта да, жетінші класта да Әйеш болатын. Қазір де сол Әйеш. Әлде он жеті жыл бойы бір маған әпке бола беру әбден жалықтырып, әпкеліктен таза-тақыр құтылғысы бар ма? Құтылып көрсін, мамам, көкем болып, әуселесін көріп алайық. Кітапханашымын деп, танауды осыншама көтеруге бола ма? Әпкеге, оның ішінде туған әпкеге мен еркелемесем, кім еркелейді?

Алғашында мықтап абыржысам да, соңғы ойлар маған ғажап күш берді.

— Кітапханаң өзіңе. Неге тұрмайсың?— деп, едіреңдей беріп ем (ішім, әрине, Әйештай деп, бәрібір елжіреп тұр ғой), Әйеш жамылғышты тұмшалай оранып алды да, төсекке тағы етпетінен түсті. Жамылғы астынан әлдене деп бұрқылдап жатыр.

— Не?

— Не, не? Ауырып жатырмын. Басым...

Сол мезетте кіріп келген мамам:

— Екеуін жұмыртқаны жаңа жарып шыққан шөже құсап, шекісіп жатырсыңдар ма? Ғайшадан ұят емес пе?— дей беріп еді, Әйештің кетеуі мүлдем кетті.

— Ой, мама-оу...— Үні мүлдем әлсіз.

Мамам бірден жуасыды.

— О, не Әйеш?— Қасына тыпыңдап жетіп барды. Әйешім әлгі жерде керіліп-созылудың мың түрін бастап жіберді. Әуелі мұрны пысылдап, мырсылдап жылады. Онысы өтірік енді. Сәлден соң жамылғыш астынан білегін шығарып, қолын созды,— Мам, ә, мам... Алақанымды ұсташы. Жанып тұр ма? Басым айналады. Денем ап-ауыр...

— Алла, алла! Не болды, Әйешжан? Не жаздық?- деп, мамам шыбын жанын қояр жер таппап еді, осы айтқаным ып-рас, Әйеш өз өтірігіне өзі ұялды ма, даусың жайлатып:

— Қойшы, мам! Түк емес, жай әншейін. Кеше кинода... желдеткіші ашық терезенің тұсына отырып едік... Мам деймін... Бүгін Қарасайды қойсам қайтеді? Ана Досан барсын,— деп қоңырсытты.

Еһе, бәрі белгілі болды...

— Иә, өтірік ауырып...— деп сыпсыңдай беріп ем, мамам:

— Тәйт, салғыласпа! Сырқат адамның бір аяты жерде, бір аяғы... The, тһе, тілім тасқа! Қайдағыны айтқызып... Кіші екемін деп аласаратын күнің бар ма сенің? Түймедей болып, түйедей әпкеңнің жағасына жармасасың да жатасың,— деп, маған қиғылықты салды. Әйеш жайына қалды. Амалым таусылып, сүтке тиген күшіктей сүмірейіп, сыртқа зыттым.

Аула ортасында тұрып, қапа болдым әбден. «Өмір әділетсіз! Әйеш секілді мияу-мияу жалқау қызды маған әпке қылған дүние қырсық. Тұңғыштығын бетке салық етіп, онды-солды пайдаланып бітті. Қашан тұрады, Қарасайға барады, бармайды, өзі біледі. Кенжеліктің күні құрысын. Бәрі ақыл айтып, ұрсып алғысы келіп, тілдері қышып тұрады. Ата болып, кәдімгідей кісімсініп, ұрсып, зекіп, құрыс-тырысты жазып алатын іні де жоқ. Үшбастың үйінде шапқылағанда шаң борататын, Кәртеңбайдың бақшасына тиісетін көп іні менің маңдайыма жазылмаған, ал қайтесің».

Таңертең бітіп кеткен іс осы.

...Тістеніп, төңірекке қарадым. Ғайша анадай тақыр жерде туфлиіне түйір шаң жолатпай, ешкі секілді сексиіп тұр. Күн қамшы сабы көтеріліпті. Ауылдың әр тұсынан трактор дарылдап, от алып жатыр. Әлекең ауласынан «Қырғ-қырғ!» деп, бір қора қаз-үйрек қырып тастардай уралап, қиқулап, шұбырып шыға берді. Іле көк қақпаның ар жағынан шиқылдаған шөжелерін ерткен құрқылдақ ақ тауық та едіреңдеп көрініп қалды. Бірінің ізін бірі басқан қаз, үйрек ауыл ортасындағы колонкаға тіке тартса, ақ тауық шөжелерін шоктай иіріп, үй іргесіндегі қалақайға беттеді. Әлекең қақпасы бір ашылса, жуық арада жабылмайды екен. Көп ұзамай Сапар, Шынар, Данияр көрініп, алдыңғы екеуі сиыр мен бұзауды ауылдың екі шетіне қуалай жөнелсе, Данияр велосипедтің үзеңгісіне аяғы жетпей, есік алдындағы орындыққа шығып, тырбаңдап жатыр.

Мен еңірете есінемек оймен ауызды Ніл крокодилінше кере беріп ем, ту сырттан:

— Ойбу, әне, аузыңа шыбын кіріп кетті. Жап кәне, бол тез!— деген дауыс шықты. Сасқанда жақ қарысып қала ма, немене, сол сәтте шықшытымның бір жері тырс етіп, керілген аузымды жаба алмай қор болайын. Біреу иегімнің астынан нұқып қалып еді, тісім тісіме сақ ете қалды. Қарасам — Үшбас!

— Әй, сеғ қайдат дүрзін? Даң атпай?— Шықшыт әрең қозғалып, аузыма кішігірім жұдырықтай ащы күрт салып сорып тұрғандай әрең сөйледім.

— Кеше сені маядай бақыртып, елу тиын ұтып алғанымды білесің ғой. Бірлікке барып, соны саудаға саламын.

— Жо-жоқ, сен қылжақтамай, шыныңды айт,— деп, өзеуремек болып ем:

— Басқа қандай шындық керек,— деген Үшбастың жана тана ойнақшып тұрған қарашығы қата қалды. Баяғы заманда бұл өзі қылжақбас, ойынпаз бала еді. Әкесі ішкелі бері жаңағыдай қылжақты бастауын бастап алады да, орта жолда кілт өзгеріп, шытынап шыға келетін ауру тапқан.

Қой, ілініспейік. Кеше түнде басқаның ісіне бет алды кіріспеймін деген серт жөне бар. Сөз деген көмейімде лықылдап, кептеліп тұр. Әйткенмен, амал жоқ, серттің аты серт.

Аққұм, Қарасай совхоз да, Бірлік — осы екеуінің ортасын ойған үлкен поселке, аудан орталығы. Автобус патрубкасынан әлсін-әлі бірдеңені парт та пұрт атқылап, Бірлікті маңдайға алды. Артқы орындықта Үшбас екеуіміз екі жаққа бедірейіп қарадық та отырдық.

Е, бедірейе берсін. Оған менің нем кетті. Әділетке жүгінсек, ол емес, менің бедірейгенім жон еді. Кеше асықты таза-тақыр сыпырып алды — бір. Әкесінің қолтығынан сүйей бергенімде кеудемнен итеріп қалды — екі. Елу тиын көзден бұлбұл ұшып, ол кетті — үш. Сөйтіп тұрып маған өткізіп қойғандай қодыраяды кеп. Әкесі Жұмаш та кешеден бергі екеуіміздің қылығымызды есепшотқа салса, сөз жоқ, мен жаққа шығар еді. «Есеп білмеген — есек» деген осы.

Автобус тоқтап еді, үстінен бұлт ұшып өткендей іште бір сәт қара көлеңке орнай қалды. Бұл бізді Бірлікке дейін собалаңдап қуған, бірақ мойнын қанша созып қуса да жете алмай, жер қапқан автобус шаңы еді. Тұра беріп ем, Үшбас кенет бүйіріме біз сұғып алды,

— Өй, не?

Шошып кетіп, үдірейе қарасам, жоқ, біз емес, бас бармақ пен балалы үйректің арасына қыстырып алған тиынмен түртіпті. Үшбастың сан қилы сотанақ қылығы зәрезеп еткен менің өзіме қос көрініпті.

— Елу тиыннан сдаш!— деді тиынды соза түсіп.

— Керегі жоқ. Бәрібір ертең ұтып аласың.— Әдейі алмадым. Әкеміз уыс-уыс ақта санаған кассир болмаса да, «елу тиыннан қалған сдашқа» қарал қалмағанымды біліп қойсын.

— Қол сүймен сатып аламын. Біздің ауылдың магазинінде жоқ. Соған жетпей тұр еді.

Үшбас басын ішке алып, міңгірлеп сөйледі. Суырдың айғырындай шақылдайтын шақарлығы қайда қалған? Бірдеңені бүлдірейін деп жүрмесін осы бала.

— Сүйменді қайтпексің?

Үшбас едәуір қипақтады.

— Керек... Шарбақ тоқиық деп ем... Соның сымын бұраймын,— Суық шалғандай жауырыны аспанға шығып, соңына бұрылып қарамастан, автобустан түсіп кетті.

Әрі-сәрі ойға кеттім.

«Шарбақ тоқиық деп ек...» Өтірігіңе не ақы аласын, Үшбасым! Қожанасыр болмаса, жаз ортасында есі дұрыс адам шарбақ тоқушы ма еді. Қожекеңнің өзі де байқап-байқап барып тоқыр. Онда да тоқи алса... Сүйегі қатып кеткен талдан шарбақ тоқимын деу не, сымнан өрмекшінің өрмегін саламын деп жынығу не, екеуі бір. Үшбас қырсықтықты қатырса да, ғұмыры өтірік айтпайтын. Ендеше, жанағы қипағы мен өтірігі не?

Түбі шикі.

Автобустан түсе қуып жетіп: «Әй, өтірік айтып, сені не қара басты» демек болып, біраз толқыдым да, үлкен қатеге ұрына жаздағанымды артынан аңғардым. Кеше өз-өзіме берген серт қайда? Айтқан сөз — атылған оқ. Үшбасик, бадырақ көз, сен тимесең, мен тимен, өтірік айтпақ түгіл, айта ұшып кет, менің шаруам жоқ.

...Автобустың патрубкасы бастырмалатып, үсті-үстіне партылдап алды. Әлдекім автобустың әбден қызған картеріне уыстап жүгері салып, қуырып жатқан секілді. Ыңыранып қозғала бергенде, алты орындықта шашын төбесіне секситіп түйіп алған сары қызбен әңгімені желдей гулеткен Ғайша жалт қарап:

— Досан-ай, мықтап ұста деймін, мұрныңды соғып алма!— деп көсемсіп, ит жынымды келтірді. Автобустағылар маған тесіле қалды. Бетімнің оты шықты. Ызадан жарыла жаздап, тұтығып қалдым. Ай-күннің аманында арқалыққа мұрын соғатындай Досанды тәй-тәй басқан бала дей ме. Не дейсің, баяғы, жолаушыларға: «Көрдіңдер ғой інішекті қалай-қалай қысып алатынымды» деген бөспелігі де. Әпке деген осы. Өтірік қамқорсып, қайда өткізерін білмей жүрген ақылдарын өстіп іске жаратып алады. Қарасайдағы нағашы жұрттың бәрі Ғайшадай болса, қап-қап ақылдан Аққұмға ішім кеуіп қайтар.

Қол қусырып, алдыңғы орындықтың астына көсіліп жіберіп, ешкімге есесі кетпеген адамша көзді ежірейтіп отырмын. Туғаны бар, түбір астындағысы бар, әпкелерге деген өкпем қара қазандай. Ол өкпені ешкім қаперіне алмағасын, «Алла-ай, бүйтіп неге бүліндің, жарқыным» деп мүсіркеп сұрамағасын, қайнап-қайнап суы таусылған самауыр құсап, ақыры қояды екенсің. Әлгі екі арада желкесі тарта қалған басым жазылсыншы деген оймен маңдайды әйнекке тіреп ем, көзім көкжиектің қақ үстінде қалқыған іркес-тіркес көшті шалып қалды. Кірпікті жыпылықтатып жіберіп, қайта айналып қарап ем, көш емес, автобус ышқынып ызғыған сайын, бой көтеріп, зорая түсіп, ұдайы биіктеп келе жатқан тау сілемдері екен.

* * *

— Оһо!— Өкпені ауаға толтырып алып:— О-о!— дедім.

— Оһо! Мен «О-о!»-ны Аққұмға қайтқанша кемі он рет қайталайтын шығармын. Семейхан айтпақшы: «О, ғажап!».

Шоқы таулар қаз-қатар тізелей шөгіп, күйсеп жатқан түйелерден аумайды. Бойлары көк тіреген жасыл түйелер... Төскей-төскейде ұйысып тұрған қарағайлар етекке таман сирей түсіп, Үшбас секілді қыңыр бірен-сараны ауыл шетін жиектеген сай табанын ала ағып жатқан өзенге ентелеп келіп, жарқабақ шекесінде шаншылып қалыпты. Шоқылардың нақ ортасын дөңгелек ауыл алған. Әр үйдің жаны көкпеңбек аташ. Уатылған әйнек шашып тастаған секілді көше-көшеде әлдене жылтырайды. Сөйтсек, су қуалаған арықтар екен. Бір үйір бала өзен жағасындағы тостаған тоспада топалаңды салып су шашысып, айран-асыр.

— Қалай біздің ауыл, Досаник?!— деді Ғайша Аққұмнан туфлиіне толтырып ала шыққан топырақты төгіп жатып. Жымыңдаған жүзі, қымыңдаған көзі: «Әуселеңді көрейін, қу бала! Мақтамай көрші!»— деп тұр.

— Ничево...— дедім жұмыртқадай жұмыр тасты теуіп қап,— Ничево...— Келер секундта кілт өзгеріп, жерден жеті қоян тапқандай салдыр-гүлдір дәңгірей жөнелдім,— Әпке деймін, бар ғой, әнеукүні телевизор Алатауды көрсетті. Өзі Алматының дәл қасы екен. Шалғыны, міне, мына жерден!— Алақанның қырымен белімді орап түстім,— Ой-ой, тауы сондай биік! Медеу мұз айдыны ала жаз ерімей, тас қатып жатады екен. Түк болмағандай коньки тебе бересің. Во, жер десе, жер! Жұмақ!— Бас бармағымды көзімнің деңгейіне әкеп, шошайта қойдым.

Бөле әпкемнің көзіндегі қымың өше берді.

— Білеміз, білеміз. Алатау мен Аққұмға бұ дүниеде жер жете ме? Айтпағың сол ғой. Мақтауың бітсе, кеттік!— деп, алға түсті. Өкшесі аттаған сайын тықылдап, барабандатып барады... Аққұмда ғой мына туфли толарсақтан топыраққа батып, тықылдамақ түгіл, әрең алынушы еді. Ақшатаудың тасына дейін теуіп қалсаң, дедек қатып, әудем жерге жүйткіп жетіп баратын жүйрік екен.

...Айнадай ғып сыпырылған аула ішінде қолындағы шөркені шыркөбелек ойнатып, шотпен тық-тық шауып отырған бір жапырақ жігітке сәлем бердім. Ешкі бас жігіт ернін қыбырлатты да, Ғайшаға ысқырынып берді:

— Келдің бе? Жоғалттық деп отыр ек. Мына қалқанқұлақ қаран кім?

«Ешкі бет кісі жей ме?»— деп ойладым.

— Досан деген жиенің осы болады, көке.

Жігіт қолынан шот түсіп кетті. Шөрке тұмсығымен жер сүзді. Елп етіп ырғып түсіп, қасыма келді, екі самайымнан қос алақанымен қысып алды. Сонда байқадым, жігітім жүзі шимай-шимай шал екен. Алыстан әжімдері көзге шалынбағасын, жасарып көрініпті. Маңдайымнан сүйді.

— Қайтсін, қара тартып келген ғой. Шыдамаған да. Бір жағаның кірі, бір көгеннің төлі... Ұлдай балдыздың, бажаның дені-қарны сау ма?— деп, көрген-көрмегені бар, біздің жақын-жұрағаттарды он минут бойы құлағынан тізді. Тоқтала ма деп ем, шалда шаршау жоқ екен, атыла берді,— Шалтай жездең мен боламын. Досан балдыз сен екенсің,— деп тастады да, үйге жетектей жөнелді,— Пісмілда, табалдырықты он аяғыңмен атта! Ғайша, көрпе сал! Барыңды ас! Жас та болса, Досантай жолы үлкен қонақ. Балдыздарға бағыштап, белгі татып, жемге байлап отырған тоқтымыз бар. Кешке қол-аяғын байлап, бәлем, алып ұрармыз,— деп қауқалақтап, көп ұзамай басталып кететін мол берекенің шетін шығарып қойды.

Жезде табылса, балдыз болу рақаттың рақаты. Ғұмыры шығып көрмеген төрге жамбас тиді. Іштей ептеп қысыламын. Ойда жоқта төрге шыту үздік оқушының партасына рұқсатсыз отырып қойғанға тең бірдеңе екен, астымнан су шыққандай қозғалақтай бердім. Жаңа ғана шөркенің қасында мыжырайып отырған жездем қолтығына қос қанат байлап алып ұшып жүр. Аузында тыным жоқ:

— Әлгі Гүлдей туған жердің шетіне іліккесін, шылауышын сыпырып тастап, бәлду, бәлду қыз боп кетті. Туыс-туған да бір ру екен, көшіп келген күні қай затымыз кімнің қолында кеткенін білмедік, тәйірі. Түн ортасы ауа тор үйден тауып, түгендеп алдық. Міне, бір айдың жүзі, Гүлдей кебісін шешуді қойды. Балкан таудың басынан бәленше, Тескен таудың қасынан түгенше туысы табылады да тұрады. Мана: «Ғайша Ұлдайдан қайтқанша Қайқандағы құдашама кіріп шығайын»,— деп, балаларды алдына салып, қуып кеткен. Шал шын керек болса, қайда кетер дейсің, бір оралар,— деп көзін қысып қойды.— Жылап көрісетін нағашы жұрт жақпады ма, Ғайшажан? Қайдам, баруыңнан қайтуың тез болды, аһа-аһа...

Аһа-аһалап күліп тұрып, өзінше қағытқаны.

— Ой, көке, аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермейтініңіз- ай... Ырғалып-жырғалып, кейін келеміз деп отыр.

Жездей дүрілдеген бастық екен, әзірге бұйрық-жарлықтан мұрнына су жетпей жүрген көрінеді. Еруліктің басы деп, мына қоржынды өңгеріп жіберді,— Ғайша автобустан үйге дейін мені мықшыңдатып, қара терге түсірген ток бүйір рюкзакті бұрышқа дүрс еткізіп тастай берді.— «Қалын балдыздың басы осы, мықты болса, асты-үстіне түсе берсін»,— деп, мына Досанды ертіп жіберді.

Төрде томпиып отырып, таң-тамаша болдым. Қызы әкесіне, әкесі қызына қалай аумай тартқан, әй! Екеуі бір қалам, бір сия, бір оқушының қолымен жазылған көркем жазу дәптерінің екі жолы сияқты айнымайды-ау, айнымайды. Екеуі де жұдырықтай. Сөйлегенде алдарына жан салмайды, жүргенде аяқтары аятына тимейді.

Ашық қалған есіктен көріп отырмын, Ғайша самаурын көтеріп дедек қақса, жездекем шырпы ұсақтап әуре-сарсаң. Көргенділік танытып, сыртқа шығып, жездекем қолыңдағы балтаға жармаса кетсем деп, талпындым да: «Әй, қойшы, асатпай жатып құлдық деп, сыр білдіріп алмайынға» көштім.

Бір келісінде Ғайша басыма жастық тастап кетті.

— Автобус соғып тастаған шығар, көз шырымын ал, Досантай.

Іш жылып қалды. О баста апы-күпі көрінгенмен, өзі мейірімді қыз екен. Мәселен, Әйештің аузынан Досантай деген соз сирек шытады. Ол мұндайда кергіңкіреп: «Ұйықтамаймысың...»— деп, қас қайшылайды. Арғы жағын қалай ұқсаң, солай ұқ — ұйықтайсың ба, жоқ па,— өзін біл, жарқыным. Ғайша әпкем көңілі түссе, ағыл-тегіл екен. Ашуланса, адам құсап қатырып тұрып ашуланады. Кеше түнде білектен мытып ұстап тартып қалып, етпетімнен түсіре жаздап еді, бүгін басыма жастық тастап, шыр-пыр. Соған қарағанда, қайтуы да шапшаң-ау. Өзін түбір астында бұқтыра бермей, түпкілікті шығарып жіберсем бе?

Жо-жоқ, сабыр түбі — сары алтын. Әзір қоя тұрайын. Байқастайық. Жастық тастап, құрақ ұшса, қонақпыз.

Кейін алда-жалда ұрсысып қалсаң, бір шығып кеткен түбір астына қайта кірмей, шатақ шығарар.

«Түбір асты, түбір асты, түбір, түбір...». Көз алдыма буалдыр перде тартыла бастады. Арғы жағы ақы берсеңіздер де есімде жоқ.

* * *

...— Хи-хи-хи!

Біреу қиқылдап күледі кеп, күледі. Көзі жалтыраған дәу көк кесіртке құйрығын арлы-берлі бұлтаңдата сүйкеп, табанымды тынымсыз қытықтайды. «Кіш! Кет, ей, әрі!»— деп қуып тастауға әл жоқ, қол-аяғым қара жерге шегеленіп қалыпты.

Ғайша қайда жүр, мына құтырған кесірткені қуып тастамай?! Он аяғымды бауырға жинап алдым бір кезде. Көтере беріп, жылмаңдаған кесірткені бастан теуіп қалып ем, риза болып кетті ме, су-су тілін табаныма жапсыра қойды.

— Ғайша! Әпке!— Айқайға басып ем, кесіртке зып берді. Көзімді аштым. Тас төбеде электр шамы жарқырап тұр. Яғни төрде қол-аяғым төрт жаққа кетіп жатыр екенмін. Шынтақпен жер тіреп, бас көтерсем, аяқ жағымда сылқылдай күліп Ғайша отыр. Киіз үсті көлжайсаң: айран ба, қымыз ба, ақ төгіліпті. Анау жерде обсерваторияның күмбезінен аумайтын кәрлен кесе жантая құлап жатыр. Даудырай сөйлеген Шалтай жездекем ішке кіріп келеді:

— Аттан салған кім? Не бүлінді?!— Көзі алақ-жұлақ. Қатты көтеріліп алыпты.

Ғайша сылқылдап:

— Атандай ақырып, атып тұрған мына балдызыңыз... Оятайын деп... табанын қияқпен қытықтап ем... кәрлен кесені қымызымен қосып теуіп жібергені. Нервісі тозған, құдай біледі... асау екен балдызыңыз,— деп, жетісіп жатыр.

— Ғайшажан, естіп те ойнай ма? Даусы жаман шықты. Ол түгіл, сыртта жүрген мен шошып кеттім.

Жүрегі жарылып кетсе, қайтесің? Ондай да болған. Жүр, Досантай, сыртқа шығып, өз-өзіңе кел!— Жездекем күңкілдей жүріп, төрде мылжа-мылжам шығып отырған менің қолтығыма жармасты.

Ғайша атып тұрды. Иегін қағып еді, кекжие қалды. Онсыз да қиық көзі мүлдем бітіп, қос сызыққа айналды. Тік шаншылған күйі сыртқа беттеді.

— Қытықтаса не? Жат емес, жау емес, бөле. Ойын көтере алмай ма? Қытықтан зиян шекпеген секілді. Бастығырылып, малдай бақырып жатқан жерінен оятып алдым. Несі бар, Қарасайда қақыратып армансыз бір бақырдым деп Аққұмға айта барсын.

Етікті босағаға тарс лақтырып еді, төбедегі шам шайқалды.

— Мына қыз ба, мына қыз кісі өлтіреді,— деп ақ көйлек, ақ көңіл Шалтай жездем селдір сақалының ұшын саусағына орағыштап отыр.

«Ендігәрі қытықтап көр, малдай бақыратын мен бе, сен бе, көрейік, кәні!»— деп, жағаласа кетсем бе? Қой, қой, қоя тұр. Келмей жатып, ши шығармайын. Ғайша кеше түнде салған шатақтарымды ұмыта алмай, егесіп жүр, одан басқа не дейсің. Ал қияқпен табанды қытықтады. Онда тұрған не бар? Әпке, іні болып ойнайын деген шытар. Кілтипан басқада. Мен тап қазір өз-өзімнен шошимын да. Бала атаулы табанын қытықтаса, сақылдап тұрып күледі. Ал мен маядай бақырып, жер-дүниені басыма көтеріппін. Және ұйқы үстінде бақырыппын. Тегін емес. Бұл дегенің қабырғаға сүйеп қойған велосипед қоңырауын ешкім баспаса да шылдырлап қоя беретіні секілді төтеннен келген пәле ғой. Ғайша айтса, айтқандай, нервім тозған. Әнеукүні емтиханға жатпай-тұрмай дайындалып ем. Соның шалығы тиді ме? Е, оқу расымен инемен құдық қазғандай екен. Аталарымыз қалай біліп айтқан. Сыңайы оқу оларға да оңай тимесе керек.

Жер бетіндегі неше түрлі шөптің иісі бөлмені кернеп алған. Танауды тартып-тартып көрсем, киізге төгілген қымыз жақтан жымысқыланып жетіп тұрған сияқты.

— Қап, қап! Рәсуа, рәсуа! Обал. Қасқа құлынның аузынан жырып, таңдай жібіткен қымыз еді. Жә, Ғайшаны жібере қояйын. Жуып, сүртіп алсын. Досантай, сен сыртқа шығып, бой жазып қайт. Көп ұзамай қуырдақ, шай да келіп қалар.

Шалтай жездем, кәрі жездекем қалай лып етіп кіріп келсе, солай лыпылдай шығып кетті.

«Жездекем, ой, жақсы кісі,— деп ойладым төбеден салбыраған шамға қараған күйі есінеп. Оңашада өстіп еңірете есінеп алмаса бола ма,— Дәптердің жазу түспеген, сия тамбаған таза бетіне ұқсайды». Тәуір теңеу тапқаныма қуанып кетіп, атып тұрып, ұйқы ашар жаттығу жасадым. Алғашында буын әлде сүйек, әйтеуір тізе, тобық, жамбас, иық, шынтақтарым шытыр еткесін шошып қалып ем, сәлден кейін велосипедтің солидол жаққан подшипниктері құсап аяқ-қолым зыпылдай бастады. Көңіл сергіді. Аяғымды көтере басып, сыртқа шықтым.

Аула ортасында жез самаурын Олимптің отын көтерген С. Белов құсап, жалын тілі жалақтаған қара мұржаны аспандата екі иығынан демалып тұр. Қазан асылыпты. Ғайша мұржа өңешіне әлсін-әлі ұсақ жаңқа тастайды. Ашық жатқан қақпа есігінен аулаға бір взвод ақымақ қой барқырап кіріп келіп еді, Ғайша алдынан жүгіріп шығып, қораға қарай икемдеп, қақпалай жөнелді. Табанымды армансыз қытықтамағанына өкпелі ме, тіл жоқ. Еркі өзінде. Жәпілдесе қоюға мен де құмартып тұрған жоқпын. Бұл әпкемен байқап-байқап ойнамасаң, ойыным осылып қалатынын кеше сезгемін.

Бейтаныс көшеге едіреңдеп шауып шыға келуге дәтім шыдамады. Есі бар пионер готовальня сатып аларда ең алдымен ашып-жауып, түгін коймай тексеріп алады. Мен де шарбаққа сүйеніп, Қарасайдың көшелеріне таңсық көзбен барлай қараймын. Арқасына қолын айқастырып алған жездей қасымнан өте беріп, өзіне ме, маған ба:

— Түйе шалды шақырып келейін. О кісі — өздігінен қозғалмайтын қара тас. Отырса, тұра алмайтын, тұрса, отыра алмайтын кәрілік ит-ой!— деп күбірлеп, қақпа сыртына шықты да, көше бойын қуалап кетті.

Тайпалған бұзауды жайдақ мінген он бір, он екідегі паң патшазада және оның шашбауын көтерген кәкір-шүкір бала сандалдары сартылдап, қиқулай жарысып өтті. Ішіндегі ең талтағы жүгіріп бара жатқан күйі маған бет-аузын тыржита қойды. «Іші толып жүретін Үшбасқа тартқан пәлесің-ау!»— деп қойдым. Іле жаңағы кәкір-шүкірге мұрын ба, көзі ме, қысқасы, бір мүшелері ұқсас ересек балалар велосипедтерін бұлт-бұлт қиқалақтатып, алдына салған сиырларды қорқылдата қуып кете барды. Тоқал қоңыр құнажынның құйрығын ұстаған жалақсары кірпішаш көзін қысып қалды. Онысы: «Дос болайық, яки есебін тауып, сені де күндердің күнінде жалпаңнан түсірермін» дегені ме, дәл айыра алмадым.

Тіркемесі салдырлаған екі-үш «Беларусь», қаз-қатар тістері жарқыраған шынжыртабанын көшенің көк тасына қашыр-қашыр қажатып «ДТ» төңіректі басына көтеріп кетті. Қасен шіркін біздің қақпанын алдынан өте қалса, тракторын ұзақ-ұзақ бажылдатпаса, іші ауыратын. Жалпы, қызы бар үйдің қақпасын көрсе, қаны басына шауып жүре береді. Ал ақшатаулық ағайлар ондай әулекіліктен ат бойын алыс ұстай ма, тракторды бажылдатпай, бақыртпай, ыңырсытып қана өтіп жатыр. Сол екі арада көрші үйдегі бойжеткен қақпа алдына шығып, жақтауға сүйеніп, сүзіліп тұра қалмасы бар ма. Өзі Әйештен аумайды. Тек көзі үлкен. Көзін әрең көтеріп, жақтауға сүйеніп тұр. Сол мұң, көргенді ағайлар оңай бұзылды. Гүріл атаулы күш алып, трактордың алдынан да, артынан да көк түтін атқылады. Саңқылдаған сергек дауыстар шығып қалды:

— Ғалия, хал нешік?

— Оқуға қашан жүресің?

— Кешке клубқа кел. Во, қатқан кино! «Темір маскалы адам...».

Тәкаппар қыз жауап қатқан жоқ. Қаптаған қалың парадты қабылдаймын деп әбден шаршап қалған қолбасыдай жай бұрылып, аулаға кіріп кетті. Телевизорда колбасы парадтың сәлемін алушы еді. Ғалия апайдың мінезі қолбасыдан қиын ба, шын жүректен шыққан көп жылы лебізді құлағына ілмеді. Ой, алла-ай, айны қатесіз Әйеш!

Ей, мына Қарасайға Аққұм ұқсай ма деймін. Сиыр қуып, бұзау мініп тепеңдеп өткен балалар, үлкен көзін көтере алмай тұрған Ғалия апай, оған сұрақ пен сәлемді қарша жаудырған ағайлар... Ұқсас, оллаһи, ұқсас...

Сол екі арада, «Біраз ойға батқандықтан басың ауырған шығар, бала. Ептеп таза ауа жұт, бой сергіт!» дегендей, өзен құмыға гүрілдеп жатқан сай аңғарынан салқын самал леки жөнелді. Жана жылда мектеп залына орнатылатын жасыл шыршаның жұпар иісі: киізге төгілген жанаты қымыздың танау қытықтайтын иісі дейсің бе; Бірліктің базарында стакандап сатылатын баданадай бүлдіргеннің иісі бар, әйтеуір, кәусар да әдемі ауа кеңсірік жарып, басымның есік-тесігін ашып жібергенде тұншығып қала жаздадым. Кәусар ауаға да тұншығады екенсің. Әйештің сан түрлі әтірлері сыңсып тұратын айнасының тұсынан өткенде бір сәтке басым айналып қалушы еді. Ақшатаудың ауасы Әйештің әтірінен асып түспесе, кем соқпады.

Қарсы беттегі жасыл түсі жуылып, қара он ала бастаған қалың қарағай арасынан сауысқан жанығып шықылықтап еді, «сенен қалысам ба?» дегендей, жындысүрей бір карта онды-солды қарқылдап, тегі, қарқ болып қалды. Кешкі таза ауа дыңылдап, ән салып тұр.

«Ойбой,— дедім қайта бұзылып,— ойбой, қалай айтсаң, олай айт, тау тау да, құмның аты құм екен». Көңілім құлазыды. Аққұм тау, сыңсыған аташ, бұлақ, өзені бар Қарасайға қарағанда біраз қасиеттерден құр қалып қойыпты. Аққұмның меншік малы кешкі өрістен қайтқанда кілегей шаң кілкіп тұрып алушы еді. Шаңның көкесі сан қилы тракторлар көшеге ырылдап кіріп келгенде көтерілетін. Үшбас тәрізді алкеуде біреу шалқадан жығып салып, көз бен танауға топырақты себелеп тұрғандай сезілуші еді ондайда. Әйеш клубқа барарда бет-қолын бір, клубтан қайтқанда екі жуып, әлек-шәлек болып жататын. Мамам да су мен сүттің бетін дәкемен жауып, кілемін әр апта сайын аулаға шығарып, қағып-сілкіп жатқаны. Қаптаған қой-ешкінің көшеге шұбырып кіре бере жамырай маңырайтыны да содан. Қою шаң көз бен кірпік, тұмсықты қоса қабат тұтып алғасын: «Ойбай-ай, ойба-ай, мынаны қайттік, қайттік-о-ой!»— деп азынай беретін болса керек.

Қарасайдың көшелері, керісінше, тастақ, тақыр. Мал тұяғынан түйір шаң сетінеп ұшпайды. Сиырлары көп өкіріп мөңіремейді де. Сырбаз, тәртіпті солдаттар құсап, тұяқтары сыртылдап, ара-тұра әдеппен «М-мм!» деп ыңырсып, қақпаларға кіріп жатыр. Түк-түгінің арасын шаң алып, жанын көзіне көрсетіп, қышыта ма, біздің сиырлар онсыз да шықпа жаным, шықпа деп, әрең қалқайып қара көрсетіп тұрған шарбақтарға сүйкеніп,-жапыра жаздайды да, ақыры онды-солды ұшқан таяқ пен тас тиіп, зорға бас сауғалайтын. Біразының Қара Бонбы секілді сүзеген, нервісі жұқа болатыны сол себептен бе екен? Және өздері үстеріне қалың шан мен топырақ қонып алғандықтан, ылғи сұр түсті көрінетін.

Қарасайлық балалардың велосипед екеш, велосипедіне дейін аты ақ, көгі көк, жарқырап тұр. Біздің су жаңа деген великтердің подшипнигі көпке шыдамайды. Құм жеп қояды. Педалі босқа айналып, көшенің қақ ортасында қақиып тұрып қалып, онсыз да аз абырой айрандай төгілетін. Бұл жақтың великтері сыпылдап, зуылдап өтіп жатыр. Ауа мөлдір, салқын. Мөлдірлігі соншалық, саусақ ұшымен шертіп қалсаң, ауадан сыңғыр-сыңғыр үн шығаратын сияқты.

Ежелгі пысықтығымнан Қарасайға келгелі көз жазып қалғандаймын. Қара албасты екі иықтан басты. Басқан емей немене, қағынып, кәрлен кесені теуіп, қымыз төктім. Қарасайлық балалармен қоян-қолтық араласып кете алмай, ағаш қоршаудың ішінен телміріп, міне, сыртқа көз сатып тұрмын. Қоян-қолтықты былай қой, әнеу талтақ пен кірпішаш жалақсары мазақтап кетті. Аққұмда Досан кімге есесін жіберуші еді. Мәселенки, кеше түнде сан қилы айла жасап, Қасен, Семейхан, Ерлан, Мұраттарды тақыр мұзға отырғызып кеттім. Тек Үшбасқа амалым жүрмеді. Кейінгі кезде қабағы ашылмайды, ал ашушаң адамға амал жасау қиын, айла асырып, арбамақ түгіл, қасына жолауға қорқасың.

Аққұмда қалпақты алшысынан киетін Досан, енді, міне, Қарасайда сүтке жарымаған бұзау құсап аула ішінде жаутаңдап тұр. Ендеше, ерегіскенде бұзауша тұмсықты көтеріп тастап, «Мө-өуу!» деп мөңіреп те салар ма едім, кім білсін.

Аққұм қайдасың деп тартып кеткім келді. Араға күн салмай жатып, өліп-өшіп сағына қалады екем деп кім ойлаған? Мына Қарасай шыт жаңа, бөтен, жат. Кілең жарқыраған, бірақ қандай заттар екенін өзің білмейтін жиһазы самсап тұрған бай магазинге кіріп кеткендейсің. Бөтен, бөтен, жат...

Сиырлары сиыр құсап азан-қазан мөңіремейді. Кіл үндемес, мойнын ішке алған монтаны, қу секілді. Подшипнигі шашылып қалған великті алып ұрып, көше ортасында жөндеп жатқан ешкім көрінбейді.

Шаң дейсің, Аққұмның қалың шаңы әлі талай кереметті шығарып жүрмесін. Шаны темір татыса, кім біледі, Аққұм астына кілең темір мен алтын-күмісті басып жатқан шығар.

Ой-ой, бас ауырды, ауырмақ түгіл, қатып кетті.

...— Түй аға, Ұлдай балдыз бен бажаның үйінен қолақпандай өкіл келіп отыр. Тұмсықтыға шоқыттырмай, қанаттыға қақтырмай отырған жалғыз ұлы,— Нән біреудің қолтығына асылып келе жатқан Шалтай жездекем. «Па, шіркін, айта түс!— деп ойладым,— Ие, саған, түмсықтыға шоқыттырмайды! Миымды ең алдымен өздері шоқып қоятынын жездем, тегі, білмейді-ау».— Жиендердің жолашары Гүлдей келгесін жасалады.

Бүгін жай ырым. Ауылдың төбесіне әспеттеп көтеріп отырған ақсақалы өзіңіз, төрді толтырып отырыңыз бір. Қомсынбаңыз. Бала болса да, Аққұмдай іргелі ауыл, қалың туыс арасынан суырылып келіп отыр.

Қауқылдаған жездем жетелеген әлгі нән жақындай бере:

— Ассалаумағалейкум!— деп, мақамдап тұрып, сәлем бердім.

Жонылмаған, кедір-бұдыр жуан таяқты тықылдатқан түйедей кісі тіл қатпады.

Жездекем, обалы жоқ:

— Әлгі Досан балдыз...— деп, алдын орай беріп еді, шал:

— Іһм-мм...— деп, сарылдап-гүрілдеп, тамақ қырды. Жездекемнің аузы жабылды. Түйекең жерден көзін алмаған күйі таяғымен табалдырықты бір ұрып, үйге кіріп кетті.

Қарасайлық шалдар шатақ па деймін.

— Ішке кір, Досантай! Ана кісілер іздеп қалар,— Қазан-аяқпен алысып жатқан Ғайша самай шашын саусақ ұшымен қайырып қойды.

— Кірем қазір. Мына дәу кісі кім?

— Онысы кім тағы? Е, Түйе ата ма? Қарасайдың пайғамбары. Жасы жүзге жетеқабыл. Айтпақшы, өзі сендер жақтан. Бәйбішесі қайтқасын, Қарасайдағы балалары қолына көшіріп алыпты. Аққұмның адамдары не жеп семіріп жүр дегенде, осы Түйе атаға қарап айтқамын. Ойбу, әңгіме бұзау емізеді, бұзау таяқ жегізеді. Тықылдамай, үйге баршы өзің. һаһ-һуп!— деп, тасып, кенерінен асып, отқа пышылдап төгіліп жатқан сүттің бетін үргілеп кетті.

Таулы жердің түні тым тез түседі екен. Тас төбені мол етегімен түгел бүркеп алып, жерге үңілген аспанның қара көк шапанының өңірі жыпырлаған қалың жұлдыз. Орталық жақтан репродуктор: «Клубқа тез кіру сұралады. Қазір фильм басталады»,— деп гүмпілдеп жатты. Ауа жаңа сауылған сүт аңқиды, түтін сасиды. Балқұрақ шөпке қоса ет пе әлде ішек-қарын, бір сөзбен айтқанда, малға жолап кетсең, кеңсірік жаратын қолаңса иістер қым-қиғаш араласып кеткен. Ыздиған екі пар қыз-жігіт әдеппен күліп, түзу басып, клубқа беттеп барады. Ауыл шетінен ойын соққан балалардың у-шуы естіледі. Ұқсайды, расында да Қарасай түні Аққұм түніне ұқсап тұр. Жалпы, түннің қара алақаны жаққан қошқыл бояу біраз өзгешеліктерді сылап-сипап, жымдастырып, жоққа айналдырып жібере ме деймін. Әйтпесе, Аққұмның Қарасайға үш қайнаса сорпасы қосылмайды ғой. Ал қазір жұлдыздары жымыңдаған аспанына дейін аумай қалыпты.

Тек Аққұмды шыр айналып, желдей есетін жусанның кермек иісі Қарасайдан таптырмай тұр.

Жусанға арналған аңсау Әйеш, көкем, мамам, ең аяты Үшбасты да еске түсірді. Ақтөстің барқылдаған арпылы қайда? Елеңдеп, қалқайған екі құлағым тас төбемде тұрған маған әлдекім: «Әй, Досан-н, қой- сайшы-ы...»— деп естілер-естілмес сыбырлап кетті. Оңға бір, солға бір қарасам, тірі жан жоқ. Әлде жел ме? Жо-жоқ, Әйеш, анық Әйешканың биязы үні. Көлденең сұлап жатқан қырат-тауларды қарғып өтіп, құлағыма қалай жете қалды, ә? Әйештай, менің жан дегенде жалғыз туған әпкемді Қасен, Семейхандар сұмдық тәкаппар қызға санап жүр. Ал шындығында тек сәл-пәл тұйықтау, ойын о дегеннен ашып айтпайды — бар болғаны сол. Мәселен, менің Әйешті өкпелетіп алатын қылықтарым аз емес. Ол соның бәрін құлағынан тізіп, қазымырланып жатпайды. «Әй, Досан-й, қойсай...»— деп, соза салады. Арғы жағын қалай түсінсең, солай түсін. Ол «Әй, Досан-ай, қойсайдың» не мағынада айтылғанын сан сұрақты сатылап қойғанда барып білесің. Мен: «Әйеш, жаңа нені қой дедің?». Ол: «Тентектікті қой, мамамның тілін алмапсың». Мен: «Иә, өтірікті соқ, қай жерде?». Ол: «Су әкелмепсің»... Енді бар ғой, аяғына жеткенше ежелеп, өліп кете жаздайсың. Сондайда ыза буып тұрып: «Әй, Әйеш, өзі Қасен мен Семейхан — екі дүрдің қайсысына тиесің; созбай, қысқа айтшы!»— деп салғың келетіні бар. Айтып көр. Әйеш көп те емес, аз да емес, бір жыл бойы тілдеспей қойсын. Қасен мен Семейханның басы күні-түні қатып жүрсе, отан, бір есептен, Әйеш кінәлі. Біреуіне мөлдіреп тұрып, тура қарап: «Сені ұнатамын»,— деп айтып салмайды. Ал менің жаңағы әдісіммен ежелеп сұрауға ана екеуінің не батылы, не ақылы жетпейді. Осының кесірінен әлі күнге дейін елге күлкі болып, күр босқа далбақтап жүр.

Әйеш... Сол әпкем бүгін бізден неге қалыс қалып қойды? Мұратқа еріп, киноға барып қойып жүрмесін. Өтірік ауырғаны тегін емес...

Әйештен бастап, орындық арқалығына жазылған «Жанар + Алик = любовька» дейін көргім кеп кетті. Өкше көтеріп, мойын созып, Аққұм жаққа асатын жол сорабына көз майын тауысып қарап ем, түк көрмедім. Алып жоталар асу бермеді.

— Досан, көкем шақырып жатыр!

Самаурынның ыстық буына бет шарпытқан Ғайша үйге қарай дедектеп барады.

* * *

Ет желінді, шай ішілді. Бетін он жағына бұрып, тіс шұқыған Шалта жездем қайдағы бір батырлардың тарихын қазбалап, Түйе атаны сұрақпен сабап отыр. Атамыз Түйе десе, түйе екен. Төрді жалғыз жайлап, сорайған екі тізесі иегіне тиеді. Жездемнен, мәселен, бір жарым есе биік. Бет пішінін олақ мүсінші онша қиналмай, аташты балтамен шауып-шауып жасай салған секілді. Сөйлегісі кеп ауыз ашса, көмекейі сар-гүр, қыр-р деп, адамды қорқытып жібереді. Сақал, шашы аппақ, әжімдері сай-сай. Бетінің ұшында ұйып қалған солғын қызыл бар.

— Түйе аға, жау көрсеңіз, найза үңілтіп, тырқыратып қуалай жөнелетін шынжыр балақ, шұбар тос батыр атаныпсыз кезінде. Құм арасында үш бандымен жалғыз алысып, бәрін байлап-матап, бір арқанға көгендеп, тізіп әкеліпсіз. Сол рас па?— деп жездем сөзді жаңалап пілтелейді.

Түйе ата қақырынды. Тізесіне жайып қойған көлдей орамалымен мандайын жалғыз-ақ сыпырып, шыпылдап шыққан терді жоқ қылды. Сақалын екіге айырып, қос қолдап саумалады. «Қазір, бәлем, хикаяның көкесі басталып кететін шытар»,— деп, екі көзім шоктай жайнап мен отырмын. Көз, құлақ, желке, жон арқаны кім көрген, бірақ иегі ілгері кетіп, ортаға таман итініп отырғаныма қарағанда, екі көзім шоқтай жайнауға тиіс.

Түйе ата біраз минутты алға салып барып, күректей алақанын жаялықтай құлағына тосып:

— Не сөз, бала?

«Бала»— Шалтай жездем тізесімен оюлы киізді егей түсіп, жылжып барып, Түйе атаның мұздатқышта көп тұрып қалған түшпара секілді быт-шыт құлағына айқайлап жатыр.

— Баяғыда үш бандыны байлап-матап тастапсыз...

Атай көп ойланды. Мүмкін түк те ойламауы. Біраздан соң:

— Болған шытар,— деді жайбарақат. Жүзінде түк өзгеріс жоқ. Сол үш банды атайдың есінен Николай заманында шығып кеткен-ау немесе Түйе ата ол үш есерсоқтан басқа да көптеген бандылардың түбіне жетіп, есептен жаңылып отырған болу керек.

Жездекем оңайлықпен берісер емес:

— Кім еді... Қызылқияны жастанып жатып, мың жоңғарға жүз сарбазбен қарсы тұрған қас батыр кім еді? Тіл ұшында тұрғанын қарашы.

Шай жасап жатқан Ғайша:

— Ой, көке, атаны сонша қуалайтындай батырларда қай ақыңыз кетіп еді? Батыр керек болса, отыр ғой қарсы алдыңызда,— деп салды. Зілсіз, наз ретінде айтты. Жездекемнің алдында Ғайша өзін бастауыш кластың мұғалімі сияқты ұстайды екен. Жездей қайтпады:

— Өткен соғыста батыр атанған Нұржан Ақбердин де осы төңіректен екен. Жалғыз өзі көкболат танкке қасқайып қарсы шығыпты.

Жездекемнің батырлық дегенде қанбай қалған бір шөлі бар секілді. Біздің ауылдың тыртиған әлжуаз балалары спорт десе ерні еріндеріне жұқпай, пулеметше сақылдап тұратын. Жездейдің бойында да сол шамалас қызық қасиеті бар екен.

Ал соғыста Отан үшін ерлікпен қаза тапқан Нұржан ағаны жақсы білеміз. Жеңіс күні туған-тумалары мектепке келіп, кездесу өткізген.

— Жезде, ол кісі Аққұмнан, біздің ауылдан. Соғыс қарсаңында көкемдерге сабақ беріпті, мұғалім болыпты.

Шалтай мені елемеді. Екі көзі Түйе атада. Сұраншақ көздің сұғына батыр ата ақыры шыдамады, іркіліп-іркіліп сөз бастады:

— Е, Қаймекең патша ағзаммен арыстанша алысты, жолбарысша жұлқысты... Аққұмның қойнауында желбіретіп ту тігіп, ақырып атой салғанда...— Ауыр қозғалып, мүдіріп қалды. «Ә, бере гөр, Қаймекең патша ағзамның әскерін қан сасытып қырып салатын шығар, бәлем» деген есек дәмемен жүрегім лүпіл қағып, айқұлақтана қалып ем, Түйе атадан: «Е, заман-ай!»— деп, сай-сүйекті сырқыратқан күрсіністен басқа ештеңе шықпады. Сонымен тәмәм.

— Аққұм қойнауы дейсіз. Нұржан Ақбердин — Аққұм, Қаймақ батыр — Аққұм, сіз де Аққұм топырағында туып-өсіпсіз. Аққұмда батырларды бағып-қағатын ферма бар ма, немене?— деп жездекем шалыстау сөйлеп, маған көзін қысты. Сосын Ғайшаға еңсеріле түсіп:

— Қызым-ау, бүгін Аққұмды көріп келдің. О жақтың адамдары не жеп, не ішеді екен, байқамадың ба?— деді көлгірсіп.

Ғайша иығын қиқаң еткізді:

— Байқайтын несі бар? Біз не жесек, олар да соны жейді. Бал қосылған сары майға арда құлынның етін қуырып жеген ешкімді көрмедім. Бірақ тамақ десе, төңкеріліп түсе қалатын қомағай екен. Алдына келгенді сыпырып-сиырып соға береді,- Төбе құйқам шымыр етті. Жалғыз сөзбен сілейтіп салды мына Ғайша. Жана неге ғана аштан келгендей табаққа қолды жиі соза бердім екен,— Есікті кеудесімен соғып ашып, соғып жабатын еңгезердей біреулер. Бәрі жабылып, бір колонкадан су алады. Суы кермек пе, ащы ма, әйтеуір, таңдайыма татымады.

Ғайша бізді мақтап әлде даттап отыр ма, соған миым жетпей, дал болдым. Мақтады десем, алдымызға ас тоқтатпайтын жалмауыз екеміз. Даттады десем, есікті кеудемен соғып, ашып-жабатын нән болдық. Ішетін суымыз темір татиды. Түсініп көр енді Ғайшаны!

Мақтаса да, даттаса да, сөзінің жаны бар.

Расында да, біздің адамдар ірі десе, ірі. Мысалы, Семейхан... Әлмағамбет ағаның өзі жарты түйенін етіне жетіп қалады. Көкем де ешкімнен қалысайын деп тұрған жоқ. Аласа Қасеннің өзі төртбақ. Аудандық жарыстарда Н. Ақбердин атындағы мектептің балалары іштен шалып жығып салатын қазақша күрестен, періп жіберетін бокстан алдына жан салмайды. Әбден қаусап, жетер жеріне жетіп отырған Түйе атаның өзі қазір жездекем үстіне жығыла кетсе, құдай біледі, тырп еткізбейді.

Басымның ішінде бірдеңелер дүбірлеп шаба жөнелді. Бұл — ми істей бастады деген сөз. Біздің ауылдың топырағында бір сыр бар, бар... Ол не сыр? Тоқта, тоқта...

— Е,— деді Түйе ата бата қайырып, бет сипағасын,— темір етікті теңге, темір таяқты тебен қылған қайран жастық қайтып бізге оралар ма?— Оқыс шыққан дауыс бәрімізді жалт қаратты. Атай тіріліпті. Бүгілген белі жазылған. Таяқты қос қолдап ұстап, қақ алдына найзаша шаншып отыр. Сөйлеген сайын өші қалғандай сырмақ бетін нұқып қояды,— Құлдырап қашқан желаяқ заман-ай! Аққұмның бір кесе суы қамшы сабындай қалған қысқа ғұмырымда қайтып бұйыра ма, жоқ па! Батыр-батыр деп ұлардай шулайсыңдар, сол батырдың бәрі Аққұмның жеті қабат жер астындағы зәмзәм суын ішіп ержеткен көзелдер. Әт-тең, Батилаш бұ дүниеден бақи кешпесе, Қарасай аяқ басар жер ме еді. Ыбылыс суын ұрттап төгіп, сасық кеңірдек болған түр мынау... Сүйегім Аққұмның топырағына бұйырса деп, қарс ұрған қайран арман?!

Ары қарай зындан түбінен шыққандай күңгірлеп тақпақтап кетті:

Балалық өлді, білдің бе?

Жігіттікке келдің бе?

Жігіттік өтті, көрдің бе?

Кәрілікке көндің бе?

Ботаны түйе секілді,

Қорадан шықпай өлдің бе?

Танау жыбырлап сала берді. Аққұмның кешке таман қара бұлтша қаптайтын ұсақ та күлгін шіркейінің бір данасы кіріп кетсе, өстуші еді. Амал жоқ, мойнымды қайырып, басты артқа тастап жіберіп, көзді алартыңқырап, «Аһ-аһ, а!» деп әңкілдеп тұрдым да... түшкіріп салдым.

Ғайша жаман көзімен қарады.

Сөз үзілді.

Шалтай жезде мүдіріңкіреп:

— Алла қуат берсін!— деді.

Түйе ата отырған жерінде қор ете қалды.

Ұят, ұят! Ұят та болса, қайтемін. Тұмшалап тастаған үйге шіркей қайдан кіруші еді. Қайдан жетіп келгені белгісіз, жусанның ашқылтым исін сезе қалмасым бар ма. Қарасай жусаннан ада. Жусан иісін әлде Аққұм жақтан маған арнап жел айдап келді ме? Ал Аққұмның жусаны танауға бір жетсе, түшкіртпей қоймайтын духи жусан. Жүз шақырымның түбінде жатқан жерден қалай жетіп келді екен, ә?

— Мен білсем, келініңіздің асқазанында бір пәле бұғып жатыр, Түйеке. «Аққұмға іліксем, таза-тақыр құтылар ем»,— деп, күніге жарапазан соғады. Суы ма, топырағы ма, бір киесі бар болса, бар шығар. Мына немереңіз адамдары шетінен алып деп, аузын ашып, көзін жұмып отыр ғой.— Жездем көсіле шаппақ болып, қолтық жаза беріп еді, Ғайша ауыздан қақты:

— Ой, көке, өзіңіз кіп-кішкенесіз, сосын еңгезердей десе, етпеттеп түсе қаласыз. Көргенімді айтамын да,— Сосын маған қарап жымиып қойып, қисайыңқырап келіп, құлағыма сыбырлады,— Өстіп алдына тосқауыл қоймаса, көкем кейде көкіп кетеді. Ал Аққұмның суы киелі. Осыны есіңнен екі елі шығарма, Досан. О, киесі бар! Біле білсең, Досаник, біздің көршілер Түйе ата Аққұмнан ауып келгелі күрт кеміп кетті десіп жүр.

— Е,— деді Аққұмнан келген Түйе ата үш бандыны көріп отырғандай бұрышқа қаһарлана қарап. Оянып кетіпті. Шөл қысып отырғандай ернін жалап қойды. Жездейдің онсыз да қаймақ еріні бүрісе түсіп, мойнын созыңқырай, ортаға ойқастап шығып еді, Түйе ата қос алақанын көтеріп, біріктіре қойғаны мұң, пілдің табаны сияқты аумақты бірдеңе жасала қалды,— Үбір-шүбір балдарыңның қызығын ұзағынан көр, Шалтай қарағым! Төрт көзі түгел, дені-қарны сау болып, жауға найза, досқа қайла болсын! Аллау әкбар!— Ата әлгі пілдің табанымен көл-көсір бетін сипай салды. Ет жеп, табақты қайырар алдында өстіп тағы бата жасағаны есінен шығып кетіпті.

Атаны сүйемелдеп, сыртқа шықтық. Әуенің қара қазанында жыпырлаған жұлдыздар қайнап жатыр. Әнеу ең үлкені қол фонарь құсап өшіп жанады, өшіп жанады. Алыстағы планетадағы біз секілді бір бала маған: «Досан, хал қалай?»— деп белгі беріп тұрмасына кім кепіл! Одан кішіректері алтыбақан құрып, әткеншек теуіп тұр ма, кейбір кездерде мидай араласып, сапырылысып кетеді. Қайқыбас шөміштен аумайтын жетіқарақшы тас төбеде асылып тұр. Қыз-жігіттер ауыл сыртында жарыса шуылдап:

Айналдым, ақмаңдайлым,

Ақылдым, бал таңдайлым,—

деп ән салып, бір белгісіз апайдың асты-үстіне түсіп мақтап жатыр.

Қақпа сыртына шыққасын жездекем:

— Ал Түйе ата... Досан балдыз Аққұмнан автобус сабылтып кеп отыр. Бірдеңе демейсіз бе? Туған-тумаға сәлем айтсаңыз...— деп қалды.

Түйе ата таяғын көтеріп-ақ алып еді, байқамай көктегі ілулі тұрған жұлдыздың біреуін қағып кетті ме, зу етіп ағып түсті.

— Қақ бастан салып кеп жіберейін бе осы?

Шалтай жездем шошып кетті. Менің алдыма тұра қалып, құшағын жайып жіберіп:

— Батыр, батыр, не жаздық? Қымызға қызып қалдыңыз ба?— деп шырылдады.

Батыры кеңк-кеңк күлді:

— Ойнағаным ғой. Батыр өстіп ойнайды. Шалтай қарағым, туған-тумаға сәлем деп тантисың. Одан да туған жерге үшбу сәлем айт десең, аузың қисайып қала ма?! Жә, әзіл. Қане, жақында бермен, Аққұмнан абтыбс айдаған бала!

Атай тап әзірдегідей оқыс ойнап қоя ма деп, қорқа басып, қасына бардым. Атай маңдайдан сипады. Алақаны бұдыр-бұдыр мүйіз екен, бетімді жыртып кете жаздады.

— Не айтайын? Қартайғанда туған жерден қаңғалақтап жүріп адасып қалған ғаріптен Аққұмға дұғай-дұғай сәлем айт! Ат-көлігің аман барғасын Аққұмның бір шелек суын Қарасайға қаратып жамырата сал! Түйеге тие берсін де. Аумин!

Бетімді сипалап еді, осы үйдің ауласын жалап, дөңкиіп жатқан ұзын бел қарағайдың қабығы секілді қатқыл бірдеңе бетіме тағы сырды. Алақанынан жусан иісі шым-шым сезіледі.

Жездей Түйе атаны шығарып кетті. Ғайша жастықтарды томпылдатып, іште төсек салып жүр. Қора жақта сиыр ыңыранды. Дәу де болса түс көріп, түсінде іргелес қашата қамалған қоңыр бұзауын әукім, әукім, әукешім деп қойып, мекірене жалап жатыр. Иттер әр тұстан жарыса арпылдады да, аздан соң әрқалай әуенге көшіп, таласып, қаңқылдасып, жеке-жеке, қызыл шеке боп кетті. Қарасай да Ақтөс секілді алыпсоқ төбеттерден кенде қалмаған тәрізді.

Аққұм демекші, Әйеш киноға барып қойса қайтемін? Ылғи күлегеш, суқаным сүймейтін дос қыздар жаты Әйеште жетерлік. Онсыз кино мен бидің сәні келмейтіндей әпкемді клубқа сүйреп, сық-сық күліп, сыбырласып жүргендері. Мың жерден дос болсын, оларға сеніп болмайды. Кеше Ғайша да Әйешті қатарына қосып алып, Ерлан, Мұраттармен қыдыра қойғысы келді ғой. Апайлардың басы қосылмасын да, қосыла қалса, әсіресе кешке таман қосылса, бірдеңені бүлдіріп тынады. Былтыр МТМ бастығы Ораштың қызын Аққұмның бойжеткендері бір түнде күйеу асырып жіберді. Ертеңінде мамамның қабағы жазылмады. Кинодан кеш қайтқан Әйештің бас-аяғын сүзіп шығып, сүйінгені не күйінгені белгісіз: «Өй, түріңнен... Кет әрі, көзіме көрінбей!»— деп салуын салса да, іле: «Бері келші!»— деп, Әйешті кеудесіне басты. Әйеш бұратылып майысуды қатырып жіберді, әлгі жерде сүтке тойған мысықша көзін ашып-жұмып, мүлдем бітіп қалды. Ақыры өкше көтеріп, мамамның құлағына сыбырлаған. Мамам: «Тәйт!»— деп, итеріңкіреп, қас қайшылап, ашу шақырып еді, одан түк шықпады. Өйткені Әйеш күлмесін де, күлсе бітті, небір ызақордың ашуы тарқап кетеді. Ал мамам екібастан буыны босап, тіптен балқып, тәлтіректеп қалады. Әпкем бөлмесіне кіріп кеткесін ғана есін жиып, басын шайқап: «Жаман қыз бойжетіп қалыпты. Асықпен алыса бермей, бір мезет әпкеңе көз қырын сала жүр»,— деген. Кейін Әйештен: «Мамамның құлағына не сыбырладың?»— десем, «Ұрса берсеңіз бар ғой, биыл күйеуге тиіп кетем»,— деп зәресін алыпты. Меніңше, күйеуге қашып кету секілді жойқын ерлік Әйештің қолынан келмейді. Сөйтсе де сақтықта қорлық жоқ. Ылғи ғашықтық қысып жүретін Қасен қызыл көз кешкі тоғыздан таңғы бес аралығындағы кез келген минутта Әйешті алып қашуға сақадай сай әзір. Ол қасқа, Әйеш көне қалса, әпкемді тапа-тал түсте қыт-қытына теңдеп, Тескен тау өтіп кетуге бар.

Алла-ай, алла-ай! Неше түрлі адамдар жүр ғой арамызда.

...— Досан, кел, кір де жата бер. Көкемді тосып, әуре болма. Түйе атаны сөзбен жығып тынбаса, оған бүгін ұйқы жоқ. Мамам тезірек келсе екен өзі.— Бұрылып қарасам, шашын тарап тұр.

— Әпке, маған төсекті сыртқа салып берші.

— Неге? Үйге жатсаң, астыңнан су шыға ма?

— Үй ыстық.

— Байқа, таудың түні салқын.

— Тоңбаймын, қымтанып жатамын.

— Өзің біл.

Ғайша екеуміз көрпе-төсекті қолтыққа қысып, қораның төбесіне үйілген ескі шөптің үстіне тырмысып шықтық.

— Қазір ұйқыны соғып жатқан болар.

— Кімді айтасың?

— Әйеш те.

Ғайша күліп жіберді.

— Қызыл бет әпкеңді күн өтпей сағына қалдың ба? Қасқыр жемес. Әпке іздесең, тақ алдында тұр емеспіз бе?

— Жоға, мен әншейін...— Ұялып қалдым,— Әпке, суық су бар ма?

— Ауыз үйдегі шелекте. Жаңағы ет қой сені қаталатып жатқан.

Анау айтқандай қаталап бара жатқаным шамалы. «Батыр, батыр деп ұлардай шулайсыңдар, сол батырдың бәрі Аққұмның жеті қабат жер астындағы зәмзәм суын ішіп ержеткен көзелдер... Ыбылыс суын ұрттап төгіп, сасық кеңірдек болған түр мынау». Түйе атаның сөзі басымнан шықпай қойды. «Шындық салыстырудан шығады»,—дейтін Эра Екпініч. Қарасайдың да суын ішіп, Аққұммен салыстырып көрелік. Қайсысы су, қайсысы у екен, байқайын. Мың ойланып-толғанудан тындырып тастаған бір іс артық.

Төр үйден сызаттап түскен сәуленің қиығы шөміш толы су бетінде қалт-құлт жүзеді. Жалбыз иісі сезіледі. Біздің колонканың суы иіс-миістен таза болатын. Шөміш шетіне ерін тигіздім. Дәм, тұзы жоқ, кәдімгі су. Мейлі ащы, мейлі тұщы болсын, не нәрсенің өз дәмі болғаны жақсы. Сонда есінде қалады. Ал Аққұмның суы дәл сондай — темір татыса да дәм, қасиет бар. Соны он үш жыл бойы кеселеп, шөміштеп, шелектеп ішіп жүрсем де білмеппін. Ауыл адамдары да «неге олай?» деп ойланып көрмепті. Сырт көз сынағыш, Аққұмның суы ерекше екенін Ғайша меңзеді. Ұшқалақтығын есепке алмаса, тәуір әпке тауып алған түрім бар. Әйтсе де, оның сөзіне шылғи сене беру де қиын. Жалпы, үлкен қыздар өз ойына көбіне кері сөйлейді. Әйешке әнеукүні совхоздағылар: «Қолды-аяқтай баласың көз алдымызда өскен, мына жалғыз кітапхананы жүдетпей, өзің ұста»,— деп қолқа салғанда: «Көп кітаптың қалың шаңын қағып қайтем, ылғи көзім бақырайып жалғыз отырам, көңілсіз»,— деп бұлданды. Жем-жемге келгенде жып етіп, тез орналасып алды. Қазір Әйеш басқаша сөйлейді. «Ой, жақсы екен, мама, бүкіл ауылдың адамдары алдыңнан тізіліп өтеді. Кітап атаулы қол астыда, оқуға мықтап дайындалатын болдым».

Тоқсан жасты артқа тастап, мүлгіп отырған Түйе ата да Аққұм, Аққұмның суы дегенде тілі шығып, сайрап сала берді. «Ат-көлігің аман барғасын Аққұмның бір шелек суын Қарасайға қаратып жамырата сал! Түйеге тие берсін де». Тоқсан сөйлемес, сөйлесе, тегін сөйлемес.

...Шөпті сытырлата аунап түсіп, жұлдыздардың себелеген сәулесіне бет жуып жатырмын. Жүрек қалыптағыдан тез-тез соғады. Құйысқанға қыстырылар алдында өстіп маза қашатын. Атама, құйысқаны құрысын. Кеше түнде қайтып еш құйысқанға қыстырылмаспын деп серт бергемін. Қыстырылсаң бітті, басын, пәлеге қалады. Әлде қыстырыла салайын ба? Бастағы маған бағынбай, сылқылдап бос жүрген бір асау ойлар: «Есің барда араласып қал, аузың барда асап қал!»— деп, түрт, сайтан, түрт десе, еһеу, енді қыстырылмасқа амал жоқ.

Ой атаулы қайыру бермей, бет-бетіне қашып, бытыса бастады. Ит ұлыды. Жұлдыздар әлі де ашық жатқан қарашығыма үңіліп, кірпік арасында жылтылдап жосып жүр. Көз жұмып ем, жым болып, әр тарапқа қашты. Әлуетті біреу мені көтеріп алды да, атшаптырым алақанына салып, жайлап тербете бастады.

Жанның рақаты...

* * *

Көзімді ашсам, аула ішінде қызыл әтеш қылғынып кеп шақырады. Жаһұт көзін адырайтып алған, айдары шөткі-шөткі. Көрпе жер шарының етегін басып жайғасқан Австралия құсап ысырылып, аяқ жақта жатыр. Суық ауа қолтық, құлақ, танау тәрізді саңылауға салқын саусақтарын жылмаңдатып, сұғып-сұғып алады. Жұлдыз сөнген. Шытысты тұтас алған жота иығынан велик дөңгелегінің су жаңа күміс шабақтары тарам-тарам жарқырап шығып тұр. Бір айналып қарасам, қайдағы күміс шабақ, шеті қылтиып үлгермеген күннің аспанға созған күміс саусақтары екен.

Әйеш айтатын: «Таңертең мамам сиратымнан суырып алғанда, «Ұйқы, ұйқы, ұйқышым, неткен тәтті едің! Шіркін, әлі де жұмсақ төсекті жаншып жата тұрса!» деген ойлар араша талайды». Оны айтқан Әйеш емес, Әйештің жалқаулығы да. Мені талаған аралар басқаша. «Суық, өй, суығын-ай!». Дірдектеп жүріп, шашылып жатқан жейде, шалбарға қазан бас пен аяқты сұғып жібердім де, шөп үстімен сырғанап төбеге, төбеден басқыштың сатыларын санап аулаға түстім. Қолжуғыштың шүмегінен аққан мұздай су алақанымды тесіп жібере жаздады. Құдайға тапсырып, бетті шайып ем, ұйқы шайдай ашылды. Бас сартылдап жұмыс істеп кетті.

Ұрыста тұрыс жоқ...

Есікті сықырлатпай үйге кірдім, ауызғы бөлмеден өтіп, одан ортаңғысында аяқ суытып тұрып, стол үстінде жатқан дәптерді аштым. Алғашқы ақ бетіне: «Жезде, Ғайша әпке! Аққұмға кеттім. Іздемеңіздер. Бәрін кейін түсінесіздер. Әлі-ақ көкем, мамам, Әйеш болып келеміз. Досан» деп айдақтатып жазып салдым. Сенекке шықтым да, сөре астына қол сұғып едім, саусағым бөтелкенің салқын бүйірін сипады. Ғайшаның: «Көбейіп кетіпті, ертең өткізе қояйын»,— деп, жатар алдында салдыратып жуып жатқанын көріп қалғамын. Шегеде салбырап тұрған торкөзді алдым да, бөтелкенің бес-алтауын соған сүңгітіп жібердім.

Қақпаны ашып, кері айналдым да, қол көтердім: «Чао, әтештай!». Мойнын қылт-сылт бұрып: «Өзің кімсің?! Ұры емеспісің?! Жер-дүниені жаңғырықтырып, шақырып кеп жіберейін бе осы?!» дегендей, үдірейіп тұрған әтеш ыршып түсіп, қанатын қатып-қатып жіберді: «Қоо-оқ!»— деді. Өз тілінде: «Жоғал әрі! Керегің шамалы. Чао болсаң, чао!»— десе керек.

...Автобус ұсақ тастарды дөңгелегінің астынан пышыр-пышыр ұшырып, пыс-с тоқтады. Білегімдегі Әйештен қалған кішкене сағатқа қарасам, алты. Ғайшаның: «Автобус таңертең алтыда келеді»,- дегені рас екен.

Орындыққа жайғасқасын, арқалыққа басымды сүйей салып, қанбай қалған ұйқының есесін алуға кірістім...

* * *

Иығымнан біреу түртіп қалды.

— Ай, бала, келдік, түспейсің бе?

Шофер екен төніп тұрған. Тәтті ұйқыны бөлгеніне ренжіп қалып, рақмет те айтпастан (менің ондай әдетім де бар), мойынды керенау бұрып, сыртқа қарап ем, аялдамадағы әлгі ағаш орындық көзіме оттай басылды. Туған ауылымды топырақ, шаңы, үй-мүйі, сидиған телеграф бағаналарына қосып құшақтап-құшақтап алтым келді. Қос қолымды созып ем, шаң-шаң әйнекте алақанның табы қалды.

— Ай, бала, ұйқыңды аш!

Тордағы бөтелкелерді таудан домалатқандай бір-біріне соғып салдыратып, автобустан түсе беріп ем:

— Ойбу, біргәдір қайнымның жаман ұлын қара! Таң атпай бөтелке тасып, не күн туды, жарқыным?— деп нән сөмке сүйреген, ұртында қарақаттай қалы бар дәу қара апа етегімнен ала түсті. Әлекең үйіндегі палуан әжей. «Таң атпай өзіңіз қайда жыбырлап барасыз? Біргәдір қайныңыздың жаман ұлында не шұғыл шаруаңыз бар? Жатпайсыз ба...»— деп бетінен алып тастағым келді де, тілімді тістедім. Оның аяғы жақсылықпен бітпейді. Палуан әженің ат үстіндегі кісіні жұлып алатын адуын мінезі Аққұм түгіл, ауданға мәшһүр. Жас кезінде сан той-томалақта талай апайтөс жігітті іштен шалып, атып ұрып, қыз палуан атаныпты. Қазір де көңіліне жақпаған жанды астына басып, жаншып алмаса да, кіл ажарлы, айдынды сөзбен айпап-жайпап жібереді. Шама келсе, тезірек жақсылықпен құтылған дұрыс. Сосын:

— Келдір кеше қалдыр Қарасайға балдыр бардым. Солдыр содан шалдыр шаршап келдір келемін,— деп төгіп-төгіп тастадым да, қолтығының астынан зу етіп өте бердім.

— Ойбай, не деп кетті мына мұндар? Айтыңдаршы, халайық?!— Палуан aпa төңірегінде тірі жан жоқ болса да аттанды аямай салып жатты.

Уақыт тығыз. Үйге де мойын бұрмадым. Барсаң белгілі. Әуелі мамам үстіме шұрқырап түсе қалады: «Не болды? Неге ерте келдің? Біреумен жанжалдасып қалған жоқсың ба, апырым?!». «Досан-н, бұл қа-лай...» — деп Қыз Жібекше есіліп Әйеш әндетеді. Екеуіне түсіндірем, екеуінен құтылам дегенше екі сағат зыр етіп өте шығады. Бүгін біз бүйтіп еріге алмаспыз.

Әне, Әлекеңнің ашық тұрған көк қақпасынан бір рота үйрек, қаз қаңқылдап шыға келді де, балапандарын сапқа тізіп, ауыл ортасындағы колонкаға беттеді. Әлекең үш аяқты мотоциклдің құлағында қопаңдап, жұмысқа тартып барады. Taп бүгін маған Әлекеңнің де, мамамның да, Әйештің де қызметі керегі жоқ, маған керегі мына кіл маймақ үйрек-қаз.

Айналайын үйрек, қаз жаңылыспады, колонканың нақ түбінен шығарды. Біздің ауыл әлемдегі колонканың бәрінің шүмегінен су күн-түні тынбай, толассыз шұрылдап ағып тұрады деп есептейді. Өйткені Аққұмдағы колонка тұмыры тоқтап көрген емес, мұрны құрғамайтын бала құсап, имек шүмегінен су сыздықтайды да тұрады. Сол жылап аққан судың есебінен колонкадан таяқ тастам ойықта шағын көлшік жиналған. Үйрек, қаз көлшікті көрісімен дыбыр-дыбыр шабысты үдетіп, сол екпінмен тоспаға қойып кетті, есепсіз шаттықтан естері шығып, мұхиттар мен теңіздерде жүзіп жүргеннен қатты: «Қаһ! Құһ!», «Га-га!» деп шуласты. Мен ай қарап тұрмадым, бөтелкелерді кезекпен шүмек астына тығып, аузы-мұрнынан шығара шүпілдетіп суға толтыра бастадым.

Алғашқы бөтелкені басыма төңкере салдым. Кенезем әбден кеуіп қалыпты, аяқ астынан қыса қалған нендей кесепат шөл, өзім де білмеймін, әйтеуір, бір шөл бар; Аққұмның суын мұқым сағыныппын; арада күн өтпей жатып сайтанша сап еткен бұл неткен сағыныш, білмеймін, әйтеуір, түбіне дейін тамшы қалдырмай, сарқып іштім. Дәмін білмек оймен ұзақ талмадым. Шекер емес, бал емес, тіл ұшын сәл шымшып, темір татып тұрған кәдімгі су. Бал татысын, темір татысын, ата жаумен алысқан Қаймақ, Түйе, Нұржан Ақбердин батырлар шөл басқан киелі су бұл.

Судың екінші бөтелкесін: «Түйе атаға тие берсін!»— деп күбірледім де, Қарасайға қарата ылдилата шашып жібердім.

Бөтелкелердің аузына Қарасайдан ала шыққан газетті бұрап тықтым. Сосын торды иығыма салып, Қарасуға шығатын көшеге түстім.

Міне, ғажап! Жолым болатын жігітпін ғой, жеңгем алдымнан шықты. Семейханның кек «Беларусі» қызыл жалауын желпілдетіп, көлденеңдей берді. Қол көтердім. Әйештің жар дегендегі жалғыз інісі қол көтергенде қарамауға күш қайда, Семекең тракторын қырылдатып, ырылдатып, тормоздатып тоқтады. Ұзын сирақтарын сидитып, жерге түсті.

— О, Досан! Сен қайдан? Бөтелке не? Су не? О, ғажап!- деп, торға бір, маған бір қарады.

Мен төтеден салдым:

— Семейхан аға, маған жезде болғың келе ме?

Қуаныштан кепкісін аспанға лақтырып, секіріп-секіріп түсе ме деп ем. О, ғажап! Шошып қалды батырың. Сыпайылық өтіп кеткен жігіт қой. Тек көзі ұясынан шыға бақырайып, басынан май-май кепкісін сыпырып алып, сол екі арада маңдайына бөртіп шыға келген терді сүртті.

— Ғажап! О, ғажап! Жезде... Кім жезде? Мен бе? Ол қалай?— деп, оң-солға бұлғақтап, шаруасы шалқая бастап еді, мен жалғыз ауыз сөзбен жөнге салдым:

— Әйеште үмітің болса, дәл қазір мені Қарасуға жеткізіп тастайсың. Саспа, Әйеш екеуіміз ертең кешке киноға барамыз. Сен де кел.

Семейхан сол жерде серейіп қатып тұрған күйі шексіз ойға батты. Оның әдеті сол, тым ойшыл. Және үй демей, көше, клуб демей, жүріп те, тұрып та ойлана береді. Әйешті шығарып салып келе жатып та қалың ойға белшесінен батады. Шығарып салуға қандай ой керек екен? Әйтпесе, Семейхан Қасен — қызыл көзден көш ілгері жігіт. Озат десе, озат. Сырықтай бойы бар. Бірақ тым көп ойланады. Осы жолы сөйлеп ойланып тұр:

— Қарасу... Үш шақырым... Барып келемін — алты шақырым... Ғажап, ғажап! Жұмыс болса, қарап тұр... Шөп күйіп барады. Әр минут — алтын. О, ғажап!

Құрып кетсін, үнсіз ойланған сөйлеп ойланудың қасында рақат екен. Есебі, кім болсын үнсіз ойланған жөн білем.

— Ей!— Қолды бір сілтеп, тарта жөнелдім. Семейхан көңілді сұмдық қалдырды. Кешке: «Семейханды маңға жолатпа; көрші ауылда уәде байласып жүрген қызы бар екен»,— деп, Әйешті шошытып қояйын. Енді ше! Күні ертең: «Махаббат... Екі жыл... айналдыруы, құда түсуі бар — үш жыл... О ғажап! Жұмыс болса, қарап тұр»,— деп аузына келгенді көкіп, өзімен қоса Әйешті арылмас ұятқа қалдырса, қайтеміз. Шөбін шауып, әлі де біраз ойланып жүре тұрсын.

О, ғажап! Көшенің аяғына шыға бергенде, жол үстінде тұрған қызыл қыт-қыт көзіме жылы ұшырай берді. Төртбақ Қасен еңкеңдеп, тоңқаңдап, бакке жанармай құйып жатыр. Қайдан шықсаң, одан шық, қыт-қыттың қасына жетіп бардым. А деп ауыз ашқанша болмады, мені көрген Қасен аппақ тістерін жарқыратып, арқырап күле салды:

— Геу, геу! Сәлем, сәлем, бала! Бөтелке көбейсін! Қай қызды қуып, безектеп барасың?

— Қасен аға, маған жезде болғың келе ме?

Қасекең ұшып кете жаздады:

— О, айналдым, балдызжан! Аузыңа — май, астына — тай! Болғанда қандай! Қашан? Қазір ме? Мен дайын! Қасекеңнің бесінші кластан басын қатырып жүрген мәселесін бір минутта шешіп бердің. Рақмет, рақмет!— Лезде қызыл тайыншаның сауырынан сыпырылып түсе қалды,— Қане, сол балдыз, жезде жайын қалай реттейміз, кел, ақылдасайық! Геу, геу!

«Ой, нағыз жезде ғой мына Қасен! Неғып осыған дейін білмегемін».

— Кейін, кейін ақылдасармыз. Уақыт тығыз. Әр минут — алтын,— деп семейханшылап кеткенімді аңғармай қалдым. Жаман әдет жұққыш деген осы,— Алдымен мені Қарасуға жеткізіп таста!

— Әйда, отыр! Қарасу дедің бе? Балқан таудың басына жеткізіп тастайын. Ал аянып қалма, қызыл тұлпарым!— деп, капоттың сауырын алақанымен салып қалды,— Сенен аяған қызыл тайыншаны қасқыр жесін.

Еті сенікі, сүйегі менікі. Тек әлгі сөзіңнен тайма, тас бол. Қалғанын маған бер. Қайда, қайда, Қарасу, кәне нұсқа!

«Ай-ай, жақсы жігіт, алтын жігіт!— Қарасуға қарай иреңдеп қашқан қара жолдың сорабын қуалай қос аяқтап шапқылаған қыт-қыттың кабинасында төбем көкке екі елі жетпей отыр.— Әй, Әйеш-ай! Осындай жігітті жолатпай... Неге жолатпайды, бірақ Қасен шіркін Әйеш: «Қа-асен-н-ауу...» дегенше қолтығына жармаса кетіп, үркітіп алады. Жолатады, Қасен, мен, Аққұм, қызыл тайынша аман болса, әлі-ақ жолатады. Қайда кетер дейсің. Айға ұшып кетпесе, жолатады».

Бір уақытта сайтан күлкі қысып, ық-ық дей жөнелгенім. Екі қолы руль мен жылдамдық ауыстырғыштың арасында ербеңдеп, алма-кезек ойнаған Қасен жалт қарады:

— Не болды, балдызжан?

— Сау басын саудаға салып жүргенімді Әйеш білсе ғой.

Қасен де кеңкілдеп күліп жіберді:

— Сене қойдым сатан... Досанның дегеніне Әйеш, пішту, көне қояр. Ол өз ақылы өзіне жететін қыз. Маған не? Жеткізіп сал дедің, жеткіземін. Үшбас досың жеткіз десе де, құстай ұшып апарып тастар едім. Ерігіп жүрген жоқсың, оны өрт сөндіргендей әлем-тапырық жүзіңнен сездім. Жә, қой. Өстіп, балдыз, жезде болып ойнап, әзілдесіп тұрайық, ей, Досан!— Аюдың табанындай алақанымен арқамнан салып қап еді, қарсы алдымдағы амперметрді мүйізіме іліп кете жаздадым. «Алтын жігіт, алтын, алтын... Нағыз жігіт! Арқадан салып қалу, рапайсыз кеңкілдеп күлу секілді уақ-түйек кемшілік кімде жоқ».

Қарасудың арғы қабатындағы сиыр базы қылаң бергенде, Қасен:

— Балдызжан, сен мына жаңалықты естідің бе? Магазиннің құлыбын түнде біреу сүймен салып сындырып, тонап кетіпті,— деді жол танабынан көз алмаған күйі жайбарақат қана.

— Қалай?— дедім жалт қарап.

— Қалайы бар... Қызығын қарап қой сен әуелі. Сабақ жіп алмапты. Екі жәшік арақты жерге соғып қиратыпты да, тайып отырыпты. Сөреге сойдақтатып: «Арақ жойылсын!» деп ақ бормен және жазыпты. Дүкенші: «Иттің баласы-ай, ақыры құлып сындырып, есік бұзған екен, құрығында бір кілемді көтеріп кетпей ме? Растраттың бәрін соған жабатын»,— деп басы-көзін төпелеп ұрып отыр дейді. Қай сайтан екен, ә?

«Қай сайтан екен?» Бүйрегім бүлк етті. Сүймен іздеп, кеше «Бірлікте» түсіп қалған Үшбас есіме сарт ете түсті. Тіл ұшы дуылдап қышып, шыдатпай барады. Әңгіме магазинге қайталап тірелсе, ашқан аузымды жаба алмай қалатынымды сездім де, ілгері қарай саусақ шошайтып:

— Тоқтар жеріміз анау ақ шатыр!— дедім өтірік саңқылдап.

Сиыр базасының іргесінде трапеция сияқты ақ шатыр төрт тағандап, жер бауырлап жатыр еді. Краны қоқайған автомашинаның қасында екі-үш қарайған қыбырлап жүр. Әнебір еңкіштеу келген ұзыны, сөз жоқ, Мұрат.

Бетінде жасыл теңбілдер қалқып жүретін, борсыған суы балдыр, бақа, батпақ сасып жататын өзенді шашырата қақ жарып, арғы бетке аман-есен өттік.

Қызыл тайынша тоқтар, тоқтамастан қарғып түстім де, бөтелке лықа торкөзді арқалаған күйі, қолына кілт ұстаған Мұратты бетке алып, ентелей бастым. Ол маған аңырып қарап тұрды да, бұйра шашын уқалап тастап еді, шөмеле шашы лезде кепене шашқа айналды. Ұзын қолдарын созып:

— Оу, Досан! Кел, кел! Хал қалай?— дей бергенде, бөтелке толы торды бастан асыра көтеріп:

— Су! Аққұмның зәмзәм суы!— деп айқай салдым.

...Кранның мол көлеңкесін жамбаспен жаныштай, ығын ала жайғасқан біздің жарты сағаттық абың-күбің әңгімемізді Ерлан аға былай түйді:

— Әлбетте, Досан пионерге лайық іс жасады. Әлбетте, туған жердің әр түйір топырағынан қасиет іздеу, әр тал шөбіне үңіле білу азаматқа лайық іс. Ал мына суды,— деп, қасымызда қырқай түсіп жатқан көп бөтелкені иегімен нұсқады,— облыс орталығындағы лабораторияға жібереміз. Тексеріп, сапасын, құрамын анықтасын. Қарасайдың бірен-саран шалы Аққұмның суы шипалы деп айтқан бізге де. Сол жел сөз шынға айналуы мүмкін. Аққұмның суы шипалы болсын, болмасын, әңгіме Досан інішектің ізденгіштігінде, төңірекке жіті көзбен қарап, әр оқиғаға үңіле жүретінінде. Аққұм суынан гөрі бұл баланың осы қасиеті мені қатты қуантып отыр. Ал Досан, қалған хабарды облыстан күт!— Ұмтылыңқырап келіп, иығыма қолын салды.

Жұрт жабылып мақтап жатса, бедірейіп тұрмай, ептеп ұялып-қысылғанның ырымын жасаған жөн. Ұяты бар әдепті бала сөйтеді. Төмен қарап, желке шашымды сипалай бердім.

— Ой, жігіт! Жарайсың! Ой, балдыз! Абай атамыз айтпақтай, болыс болдым, мінеки, пысық болдым, мінеки, бала!

Ерлан ағаның сөзіне менен артық қуанып отырған Қасен арқамнан салып қап еді, Мұрат, неге екенін қайдам, қызараңдап, көпене шашына бес саусағын сұғып жіберді де, бұйралап-бұйралап тастады.

* * *

Оқу жылы басталар алдында облыстан хат алдым.

Аузыма тығылып, дүкілдей жөнелген жүрегімді баса алмай, бұзау қораға кіріп кетіп, конверт шетін жырттым.

«Қадірлі Атымтаев Досан жолдас! Гидрологтар жіберген суды жан-жақты тексеруден өткіздік. Аққұм суынан асқазан, бауыр ауруларына шипа болатын микроэлементтер табылды. Судың құрамы мынадай:

Кальций — 329,9

Бром — 4,0

Натрий — 803,5... татысын тағылар.

Бұл жаңалық бізді бек қуантып отыр. Тиісті ұйымдар Аққұм төңірегінен емдеу орындарын ашу жөнінде жоғары жақты құлақтандырып жатыр...».

* * *

Ауылдағы алпамсадай жігіттер мен қызыл бет қыздардың сыры осылай ашылды. Атамзаманнан бері бүкіл Аққұм: «Темір татиды, ей, өзі!»— деп қойып, кальций — 329,9 бром, - 4,0, натрий - 803,5% тағы басқа біраз микроэлементтері бар сульфатты хлор-кальций- натрийлі суды електеп, шөміштеп, кеселеп сыңғыта беріпті. Шаң-топырақ, бөкпе құм деп жүрген туған жер бәленше ғасыр бойы білдірмей ғана аққұмдықтарға пайдасын сұмдық тигізіпті. Су екеш суына дейін Қаймақ, Нұржан Ақбердин батырлардың, Түйе атаның бойына күш-қайрат болып құйылыпты.

Бар болғаны осы.

Жағдай жақсы. Аққұмның минералды суын ішіп, дүркіреп өсіп жатырмыз. Магазин, сүймен оқиғасы анықталған. Тілештің өзі участковый ағайға барып, мойындапты. Құлыпты сүйменмен сол сындырған екен. Әкесі бөтелкелеп іше беретін арақ атымен құрысын деп сындырыпты. Участковый өзіне көп ұрыспапты. Жұмаш кассир екі жәшік арақтың құнын дүкеншіге төледі. Төлепті де: «Әуелі, ел-жұрт, сонан соң балдарымның, балдарымның шешесінің, туған-туысқандардың бетіне онсыз да қарай алмай жүр едім. Татпағаным арақ болсын!» — деп екі қолын төбесіне қойып серт айтыпты. Асқазаны да ептеп сыр бере бастаған екен: «Аққұмнан келешекте салынатын санаторийге жатып емделмесем...»— деп, болашаққа үміт артып жүрген көрінеді. Тілеш — Үшбас бұрынғыдай ызақор емес. Асықты да байқап-байқап мөлшермен ұғады және ақшаға айырбастамайды. Кеше баяғы қарыз елу тиынды беріп кетті. «Алмаймын!» деп жер тепкілегеніме қарамады. Ептеп өкінемін. Әнеукүні Бірлікке барар жолда: «Сүймен саған не керек?»— деп сұрақты жаудырсам, бір күні шекісіп, екінші күні бекісетін дос емес пе, шынын айтып салар еді. Шынын айтса, магазин құлыбын аяғына жығылсам да сындыртамын ба! Әлде сынғаны, бір жағынан, дұрыс па деймін. Құлып сынбаса, әкесі арақты қояр ма еді, қоймас па еді.

Жалпы, анау-мынауды сылтауратып, құйысқанға қыстырылмаймын деп, таза кісі киік болу жақсы емес. Оған көзім анық жетті. Мәселе жөнімен, ретімен қыстырылуда жатқан сияқты.

Өткен аптада жезделер жайын түпкілікті шешіп алмақ болып, Әйеш оңаша қалғанда шатып-бұтып әңгіме бастап ем, Әйеш өмірінде алғаш рет қатты ашуланып: «Жап аузыңды! Құйысқанға қыстырылма!»— деп, бөлмеден айдап шықты. Түйіп жібере ме деп, өзі, жаман қорқып қалдым. Әйеш, Әйеш дегенге танауын көтеріп, көкиіп кеткен қыз ғой. Жуықта Мұрат аға оқитын қаладағы институтқа сырттай түсуге кетті. Семейханды содан бері мүлдем ой меңдеп алды. Табақтай суреті аудандық газеттің бірінші бетіне шыққан күні: «Әр секунд — алтын, шөп болса қурап барады»,— деп, біраз адамға сыр ашыпты.

Қасен кездескен сайын: «Ана жолғы уағданы ұмытпа! Ой, балдызжан, мә трактор, сенен аяғанды ит жесін, бір айналып кел!»— деп жарылқап тастайды. Әттең, осындай жаны жайсаң, жомарт жігітке түс жылытпай жүрген Әйеш те қырсық. Әйештен басқа тағы бір запас әпкем болса, басқа ешкімге емес, бар пысықтығымды пайдаланып, тура Қасенге көндіріп берер едім.

Қарасайға жуықта артынып-тартынып барып келгеміз. Гүлдей апам: «Аққұм жақсы жер ғой. Әне, суына дейін киелі. О баста көшіп бару ойда жүрген іс еді. Бірақ Қарасайға бауыр басып қалыппыз. Жердің жерден несі кем. Аққұм да, Қарасай да туған жердің екі пұшпағы»,— деп қарап отыр. Ғайша әзірге күйеуге қаша қойған жоқ, аман-есен шауып жүр.

Айтпақшы, Қарасай сапарында Түйе атама арнап бес-алты бөтелке су ала барғамын. Су атаға бұйырмады. Апта бұрын ауырмай-сырқамай жүріп бірден жығылып, сол күні қайтыс болыпты. Кетер-кеткенше: «Аққұм, Аққұмның бір қалақ суы...»— деп жатқан көрінеді. Сонда тана Түйе атаның анау жұлдызды түні: «Аққұмның бір шелек суын Қарасайға қаратып жамырата сал! Түйеге тие берсін де»,— деп толғанып тұрып айтқан сөзінің астарын ұқтым. Көкем, мамам, жездекем, Гүлдей тәтеме еріп, жас қабір басына бардым. Екінші күні жалғыз келіп: «Түйе ата, Аққұмның киелі суын сағынып, ерніңіз кезеріп жатқан шығар. Сіз аңсаған суды ұмытпай, ала келдім. Тие берсін, батыр ата!»— деп, бөтелкелердегі суды біртіндеп мола басына сыздықтатып төктім. Киелі суды кебе бастаған қара қошқыл топырақ лезде жұтып алды...

Құйысқанға қыстырылатындай басқа оқиғаның құлағы әзірге көрінбейді. Әйеш, көкем, мамам, Қасен, Семейхан, Ғайшалар осы ғасырда жер басып жүрсе, ондай оқиғаның кездесіп қалатынына еш шәгім жоқ.

Бәрі де болады.

Тек ауыл, Аққұм аман болсын!


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер