(повесть)
Біз Натальяның Суходолға деген үйірсектігіне таңғалатын едік.
Бір ошақтың басында бірге өскен әкеміздің телімел қарындасы, бұрынғыдай есік көзіндегі күң емес, туғанымыздай боп сегіз жыл бойы Луневада тұрды. Өз сөзімен айтқанда, өзін әбден қажытқан Суходолдан тура сегіз жыл бойы жаны тыныш тауыпты. Бірақ, қасқырдың бөлтірігі орманға қарап ұлиды деп тегін айтпаған ғой, біздерді бағып-қағып жеткізген соң тағы да Суходолға кетіп қалды.
Бала күнімде айтқан оның әңгімелері еміс-еміс есімде:
— Наталья, сен жетімсің ғой?
— Жетіммін. Жазмыштың өзі солай. Сендердің әжелерің Анна Григорьевна екі жастың біріне келмей жатып-ақ жарық дүниемен қоштасқан. Менің әке-шешем көз жұмғанда одан да жас болатын.
— Олар неғып ерте өлді?
— Ажал жеткен соң өле салды да.
— Жоқ, сонда да?
— Жаратқанның жазғаны да. Кінәсі болған соң әкемді шонжарлар солдатқа беріп жіберді, ал шешем байдың түйе тауығының кесірінен жасына жетпей өліп кетті ғой. Мен қайдан білейін, жұрттың айтуынша шешем құс баққан екен, оның кезінде түйе тауық қораға сыймапты, бірде қалың бұршақ жауып, түгел қырылып қалыпты... Жан ұшырып барып, соны көргенде тұяқ серіппей сеспей қатса керек.
— Ал сен неге күйеуге тимегенсің?
— Мен тиетін жігіт әлі туған жоқ.
— Жоқ, қалжыңсыз?
— Жұрттың айтуынша, оған себепкер ханым — сендердің апайларың. Сол үшін мені ханшайымдар қатарына қосса керек.
— Сен қайдағы ханшайымсың!
— Сөз жоқ, мен ханшайыммын! — дейтін Наталья мырс етіп, сол сәтте әжімденген шырыш-шырыш ернін кәртәміш қолының сыртымен сүртіп қоятын. — Мен Аркадь Петровичпен бір емшекті емдім ғой, ал апайларың бізден кейінгі екінші...
Есейе келе біз Суходолдағы үйіміз туралы әңгімелерді қызыға тыңдайтын болдық: бұрын естімеген нәрселер құлаққа сіңіп, бұрын біз білмеген Суходолдың небір тіршілігі көз алдымызға елестей бастады. Сөйтсек, әкемізбен бір емшекті сорып, онымен жарты ғасыр бірге өскен Наталья Хрущевтар әулетінің шын туысқаны екен. Қожайындар әкесін солдатқа айдап жіберіпті де шешесі қырылып қалған түйе тауықтарды көргенде жүрегі жарылып жан тәсілім етіпті.
— Расында солай, — дейтұғын Наталья, — қорқыныш көрге кіргізбей қойсын ба. Тірі қалса қожайын оны Можайға қуып тастайтын еді ғой.
Кейін Суходол туралы неше түрлі хикаяны естідік: "бүкіл әлемде" Суходолдың қожайындарындай қарапайым, солардай жомарт жан болмапты, солардай тентек бұл өңірден ешкімді жұрт көрмепті; бұдан соң білгеніміз, Суходолдың тозып кеткен ескі үйі көрдей қараңғы екен, атамыз жарымес Петр Кириллычты дәл осы үйде өзінің шата ұлы, әкемнің досы, Натальяның немере бауыры Гевраска өлтіріпті; ғашықтықтың құсалығынан апайымыз Тоняның есі ауысып кетіпті де, усадьбаның іргесіндегі ескі лашықта тұрады екен, бар ермегі шашылып қалайын деп тұрған атамзаманғы фортепианоны таңқылдата беру көрінеді; тіпті Натальяның да есі дұрыс еместігін де біліп алдық, бұл байғұс та сонау тұлымды қыз кезінде-ақ марқұм көкеміз Петр Петровичке ғашық болыпты да ол кісі мұны Сошки хуторына "жер аударып" жіберіпті... Суходолға біздің неге қызығатынымыз белгілі. Суходол біз үшін тек өткен шақтың жыры. Ал Натальяға ше? Бірде ол мұңын шағып отырып айтқан еді:
— Не дерсің! Суходолда татаркалармен бірге отырып тамақ ішетін едік. Еске алудың өзі ұят.
— Құл-құтандармен бірге ме? — деп сұрайтынбыз.
— Әй, солардың бәрінің тегі бір ғой, — дей салатын.
— Неге бірге отырасыңдар?
— Ұрсыса қалсақ деген сақтық та.
— Немене, Суходолда да ұрсысатын ба едіңдер?
— Құдай сақтасын! Күн құрғатпай төбелеседі! Шетінен шатақ — атылуға шақ тұрады.
Біз сілекейіміз шұбырып тыңдаймыз: көпке дейін біздің есімізден үлкен бақ, кең усадьба кетпейді, қурап кеткен қамыс шатырлы ағаш үй, залда тамақ ішіп отырған ала-құла жұрт: бәрі де үстел басында, бәрі де жеп жатыр, сүйектің мүжуірін еденге, иттерге лақтырысып қояды, бәрі де бір-біріне алара қарасады — әрқайсысының алдында бір-бір қамшы: біз де ер жеткен соң алдымызға қамшы алып асқа отыратын алтын күндерді аңсайтын едік. Қамшы деген шіркіннің Натальяға қуаныш бермегенін білетін едік қой. Сөйте тұра Луневадан Суходолға, өзінің өткен күндерінің өкінішіне тағы да кетіп қалды. Онда не баспанасы, не бір туысқаны жоқ; қазіргі қызмет етіп жүргені баяғы ханым Тоня апай да емес, марқұм Петр Петровичтің жесірі Клавдия Марковна. Шындығында Наталья Суходолсыз өмір сүре алмайды.
— Енді қайтейін, үйренген бас, — дейтін ол — Ине соңынан жіп ереді, қай жерде тудың, сол жерде өлесің...
Суходолды аңсайтын жалғыз ғана Наталья емес. Суходол десе ішкен асын жерге қойып, баяғысын сағынатын суходолдықтардың әңгімесі таусылмайтын.
Тоня апай жоқшылық көріп сондағы бір лашықта тұрды. Оны бақыттан да, ес-ақылдан да, адамшылық кейіптен де айырған Суходол. Бірақ туған ұясын тастап кетемін дегенді ойына да алған емес, Луневаға көшіп кел деген әкемнің ақылын да тыңдаған жоқ:
— Онан да тауға шығып тас қазғаным жөн емес пе! — дейтін.
Әкемнің шаруаға қыры жоқ адам; оған салсақ, сағыныш дейтін көкейде болмаған нәрсе. Дегенмен Суходол туралы оның әңгімесінен де іште жатқан бір мұңды аңғаратын едік. Әжеміз Ольга Кирилловнаның даладағы мекен-жайына баяғыда-ақ көшіп келген. Бірақ өле-өлгенше:
— Жарық дүниеде жалғыз ғана Хрущев қалды, ол да Суходолда емес! — деп өкінумен болды.
Рас, әлгі бір сөзінен кейін ойланып қалатын кездері де болатын, терезеден далаға қарап, қабырғадан гитарасын алып жатып мысқылмен күлетіні бар:
— Суходол да жақсы-ау, бірақ адыра қалсын! — дейтін шын көңілімен алғашқы сөзін мүлдем ұмытқандай.
Алайда, ол бүкіл табиғатымен суходолдың мұжығы еді — жан дүниесінде тек қана өткеннің елесі қалған, санасына даланың билігін, даланың үйлесімсіз тіршілігін, деревняны да, Суходолдағы үйді жан-жануарымен қоса есіне салатын ежелгі отбасының өтіп кеткен болмысы. Таңғалатыны жоқ, Хрущевтар әулетінің ежелгі литвандар мен татар князьдерінен қаны араласқан алтыншы аталарында аңызға тұрарлық атақты адамдары көп болған деседі. Жалпы Хрущевтар жалшы-жақыбайлармен, деревнямен сан ғасырдан бері қаны араласып кеткен. Петр Кириллычты дүниеге әкелген кім? Естігендер әр түрлі айтады. Оны өлтірген Гевраськаның әке-шешесі кім? Петр Кириллыч екенін бала кезімізден құлағымызға сіңген. Әкеміз бен көкеміздің мінезі бір-біріне неге ұқсамайды? Бұл туралы да әркім әр түрлі айтады. Әкемнің емшек-төс қарындасы Наталья Гевраськамен крест алмастырған... Хрущевтар жарлы-жақыбайымен, бүкіл деревнясымен бір туыс екендігін баяғыда мойындауы керек еді.
Суходолды көрсек деп, оның бағзы тарихын қиялмен бопсалап қарындасым екеуміз де талай жылды өлтірдік. Ондағы үй де, жалшылар да, деревня да бәрі жиылып бір-ақ отбасы. Соларға бас көз болған біздің аталарымыз. Оларды кейінгі ұрпақтарынан-ақ тануға болады. Отбасының, жалпы тұқымның, кланның тегі тереңде, шым-шытырық, жұмбағы да көп, қоркынышы да жеткілікті. Сол жұмбақ тереңдігімен, бізге жеткен аңыз-әңгімесімен де қымбат. Башқорт даласындағы кез келген ұлыс секілді Суходол да жазбаша, болмаса басқадай ескерткішке бай емес. Орыста олардың міндетін аңыз атқарған.Ал аңыз бен ән славяндардың рухани ішімдігі. Бұрынғы жалшыларымыз шетінен жатып ішер жалқаулар, соған қарамай арманшыл, біздің үйге жиналмағанда сол арман-мұңын қайда барып шақсын?! Суходол қожайындарынан қалған жағыз өкіл біздің әкеміз. Тұңғыш рет біздің тілімізді шығарған да Суходол болатын. Натальядан, әкемізден естіген алғашқы әңгімеміз, алғашқы әніміз де Суходолда туған. Жалшылардан "сударушканы" жаттаған біздің әкеміздей мұңға толы сол әндерді жаныңды толқытып, жүрегіңді елжіретіп айта қоятын басқа біреу бар ма екен? Натальядан басқа бір әңгімешіл табылар ма? Суходол мұжықтарынан жақын бізге кім бар?
Ежелден Хрущевтардың атын шығарған ұрыс-керіс, әрине, бұл бір үйде ұзақ тұрған ағайыншылдардың кез келген отбасында бар қасірет. Біздің бала кезімізде Суходол мен Луневаның арасында керемет бір жанжал болды да соның кесірінен әкеміз он жыл бойы өзінің туған шаңырағының босағасын аттамай қойды. Біз де балалық шағымызда Суходолды көре алмадық: көп болса бір-екі дүркін болған шығармыз, онда да жол-жөнекей Задонскіге өтіп бара жатып. Кейде түсіңде көргенің өңіндегіден жақсы сақталады емес пе. Еміс-еміс болса да жаздың ұзақ күні есімде қалыпты: әлдебір толқын секілді белең-белең жазық, үлкен шаңдақ қара жол, жол жиегіндегі дүмі жуан шанжау-шанжау үйеңкі; жолдан бұрыс, егінжайға сұғынып тұрған сондай бір үйеңкінің қуысынан бал арасының ұясын көрдік — ұяны жаратқанның өзі өшіп бара жатқан қолдың тұйығына әдейі әкеліп тастағандай; бұрылыстан басталатын жалпақ мал өрісі, сол өріске емініп отырған кедейлердің саман лашықтары, соның іргесіндегі түбі тас қиыршық, жағасы сары балшық терең жыра... Біздің зәремізді ұшырған алғашқы оқиға да осы Суходолда: Гевраськаның атамызды өлтіруі. Сол өлім туралы әңгімені естіп отырғанда көз алдымда ылғи да сары балшық терең жар елестейтін болды, адам естімеген сұмдықты жасап алып, Гевраська осы жармен қашқан шығар деп ойлайтынмын, ақыры өзі де теңізге түскен инедей зым-зия жоқ болды.
Суходол мұжықтары да Луневоға келіп тұратын, бірақ жалшылар сияқты емес, көбіне жер сұрайтын; бірақ бұлар да екі туып бір қалғанымыздай еркін кіретін. Әкемнің алдында бастарын иіп, қолын сүйеді де одан соң үш дүркін әкемді, Натальяны, біздерді тағы сүйіп шығады. Сыйлыққа деп бал, жұмыртқа, орамал алып келетін. Далада өсіп, даланың иісіне отығып қалған, әңгіме, он десе қашанда құлақ түре қоятын біздер мұжықтармен сүйіскен кездегі кендір иісін көпке дейін ұмыта алмайтын едік; олардың сәлем-сауқатынан даланың байырғы деревнясы аңқып тұратын: балдан — гүлдеген қарамық пен емен қуысында шіріген араның ұясы, орамалдан — атамның кезіндегі темекінің түтіні сіңген ескі тамның ызы... Суходол мұжықтары әңгіме айтып жарытпайды. Әңгімесі жоқ болса несін айтсын да. Олардың артында қалған аңыз да жоқ. Зираттары белгісіз. Өмірлері де бір-біріне ұқсас, өткеннен із де қалмаған. Бүкіл еңбегі, бар уайымы нан, кәдімгі жейтін нан ше. Баяғыда сарқылып қалған Каменка өзенінің тасты жағалауынан тоған қазады да жатады. Бірақ одан береке шамалы — құрғайды да қалады. Баспана салады. Онысы да ұзаққа бармайды — жылт еткен от шықса тып-типыл өртенеді де кетеді... Сонымен, бәрімізді бірдей қу далаға, жар мен жалпайған тамға, тозып біткен Суходолға ынтық қылып қойған не сиқыр?
II
Натальяның бесігі болған Суходолды, оның бүкіл өмірін жұтып, бізге ертегі боп жеткен Суходолды естияр шағымызда әрең таптық.
Күні кешегідей есімде қалыпты. Суходолға жете бергенімізде қалың нөсерге тап болдық, аспан қақ айырылғандай шарқылдап, жыландай сумаңдаған найзағай көк жүзін кескілеп жатты. Қорғасындай қаракөк бұлт аспанның жармысын жауып тастаған. Жусаған теп-тегіс егінжайдың алқабы аспан әлемі жарқ еткенде көгеріп қана көрінеді, үлкен жолдың бойындағы тықыр шөптің өңі кіріп, моншақты көрпе жамылып алған. Тағалары жарқылдап, мый батпақты езіп келе жатқан аттар сүмірейіп табан астында арықтап кеткендей, тарантас сақау ғана ырқылдайды. Кенет Суходолға бұрылар тұста бітік өскен қарабидай ішінен сорайған әлдебір шыбықпен кер тоқал сиырды қуалап шыға келді, шал екені де, кемпір екені де белгісіз, үстінде халат, басында мыжырайған қалпақ. Біз жақындаған сайын ербеңдеген шыбықтан үріккен кер сиыр құйрығын шаншып жол үстіне шоршып шықты. Кемпір бірдеме деп айқайлап тарантасқа жүгірді де, таяп келіп бізге сұп-сұр жүзімен сұқтана қарады. Қап-қара есірік көзден зәреміз ұшып, иттің тұмсығындай суық танаудан жеркенсек те демінен мүңкіген шошаланың сызына тұншығып кемпірмен сүйіскен болдық. Мыстан кемпірдің өзі емес пе екен деп қалдым? Мыстанның басында кір матадан тіге салған биік қалпақ, жалаңаш етіне киген шоп-шолақ жыртық халат кеуіп қалған көкірегіне жетпей қалыпты. Саңырауға айқайлағандай бақырып, құдды шатақ іздегендей танаурап тұр. Біз оның даусынан Тоня апай екенін таныдық.
Клавдия Марковна да айқайлап көңілді қарсы алды, ересен семіз әрі тап-тапал, тебіндеген сирек мұртты көзі жайнаған әйел қос баспалдақты үйдің ашық терезесінің алдында отыр екен, қолында біз, шұлық тоқып отырса керек, көзілдірігін маңдайына сырып, есік көзінен басталатын өріске маңқия қарайды.Баспалдақ үстінде тұрған Наталья күлімдеп үнсіз ғана басын иді — кіп-кішкентай, әбден күнқақты болған, аяғында шарқай, үстінде қызыл жүн юбка, кеудесіндегі сұр көйлектің мол жағасымен әжім басқан мойнын орап тастапты. Оның әжім шимайлаған мойнына, ырсиған топшысына, шаршаған мұңды жанарына қарап тұрып ойлағаным бар: бұл да әкемізбен бірге өсіп еді-ау, баяғы заманда, дәл осы жерде, атамыздан қалған дәл осы ағаш үйде, сан дүркін өрттен бүгінде бар қалғаны аласа бұта мен шанжау-шанжау қайың, сидиған азғантай теректер, қора-қопсыдан — шошала, амбар, балшық сарай мен ермен, түйе жапырақ басқан ұра... Самауырдың иісі шықты да әңгіме басталды: жүз жылдық тарихы бар вареньеге арналған хрусталь вазалар, қалыңдығы бит терісіндей боп жұқарған алтын қасықтар, қонаққа деп сақтаған қант, сүкәр үстелге келді. Көп жылғы қырғи-қабақтан соңғы тату-тәтті әңгіме басталған кезде біз қара көлеңке қонақ бөлме арқылы баққа шығатын балконды іздеп кеттік.
Уақыт озған сайын бәрі де қарайып тозып кеткен, аласа қонақ бөлмесі атамның кезіндегіден еш өзгермеген, баяғы сол бітеу бөренелерден қиған қабырғалар да атамның қолынан шықса керек.
Жалшылар тұратын бөлменің бұрышында әулие Меркурийдің бейнесі қарауытады, Смоленскінің көне соборында сақталған темір кебіс пен дулыға да осы әулиенікі. Біздің естігеніміз: Меркурий атақты батыр болса керек, қатын құдай Одигитри-жолбасшының икон құдіретімен Смоленск өлкесін татарлардан қорғап қапты-мыс. Татарларды талқандап әулие ұйықтап қалса жау келіп басын шауып кетіпті. Сонда басын қолына алып батыр қаланың қақпасына келмей ме... Суздальдегі бір қолына дулығалы кесілген бас, бір қолына икон ұстап тұрған адамның суретін көргенде төбе құйқаң шымырлайды — жұрттың айтуынша, сыртына Хрущеві ардың шежіресін жазып, күміспен қаптаған осы бейне атамыздың сақтығымен қаншама рет өрт болып, усадьбаның күлі көкке ұшса да аман қалыпты деседі. Қос қапталды ауыр есік жоғарыдан да, төменнен де зілдей темір ілгекпен бекітілген. Залдың еден тақтайлары өте жалпақ, қарайып кеткен, әрі тайғанақ, ашпалы терезелері тым кішкене. Хрущевтардың татардың қыз-қырқындарымен қатар отырып ас ішетін үлкен залдың көшірмесі — шағын қонақ бөлмесіне өттік. Мұнда балкон есігінің қарсысында баяғыда фортепиано тұратын, Петр Петровичтің досы, офицер Войткевичке ғашық болып жүрген кезде апайымыз Тоня осы күйсандықта ойнайды екен. Ал оның ар жағындағы үңірейген есік — жиһаз бөлмесі, бұрышта атамыздың түнемелі болған...
Кеш бұлыңғыр болды. Оталып қалған бақ шетіндегі боз теректердің төбесінен төніп келе жатқан қара бұлт жарқ ете қалады да бір сәтке қызғылт-сары таулардың сілемін жалап өтеді. Терең жардың арғы бетіндегі түйетайлы жазықтағы Трошин орманын қалың нөсер айналып өтсе керек, сол жақтан емен мен пішеннің иісін айдап жып-жылы жел тұрды да балкон түбіндегі биік шалғын мен қалақайдың, бұта біткеннің ұйқы-тұйқысын шығарып, жұртта қалған жесір қайыңдарға тағзым еткізді. Бұлыңғыр кешпен ілесіп мылқау дала, мылқау Руське мылқау тыныштық келді.
— Шайға келіңіздер! — деп шақырды біздерді нәзік бір дауыс.
Таныс дауыс, осы өмірдің, осы өңірдің әңгімешілі, бас куәгері Натальяның даусы еді. Оның соңында сол еңкейіп, жынды көзін алақтата сығалап, Тоня апай жылтыр тақтаймен сырғанап келеді. Қалпағын әлі шешпепті, тек халаттың орнына көне модалы көйлек киген, иығында өңі түскен сары жібек шәлі.
— Ou etes-vous mes enfants? — деп айқайлады күлімсіреп, тотықұстың шаңкылындай ащы даусы йен үйдің шаңырағын жарып жібере жаздап еді...
III
Суходолдың табиғатынан жұққан Натальяның қарапайым да тамаша, әрі жабылау бүкіл болмысын тозып біткен Суходолдың өзінен де тануға болатын. Едені қисайып кеткен ескі қонақ бөлмесінен жасминнің иісі аңқиды. Атамзаманғы шіріген көкшіл балконның маңайы ұйысқан қалақай мен арамшөп, баспалдағы болмаған соң үстінен секіріп түсетін едік. Ыстық күндері күн әбден қызған кезде шынылы есігіне түскен сәуле қабырғадағы дөңгелек айнаға келіп шағылысатын, сонда айна астында тұратын Тоня апайдың фортепианосын еске алатынбыз. Кезінде ол сарғайған ескі нотаны алдына қойып ойнағанда офицер оның артында жағын тістеніп, қабағы қатып, сол қолымен мықынын таянып тұрады екен. Ала қанатты, жапон гүлімен безенген көкшіл барқыт әдемі көбелектер залды кернеп кететін көрінді. Аттанар алдында ол фортепиано қақпағына қалтырап кеп жабысқан солардың бірін алақанымен салып жібергенде орнында үлпілдек шаң ғана қалыпты. Бірнеше күн өткенде қыздар байқамай сүртіп тастағанда Тоня есінен танып қала жаздапты... Біз қонақ бөлмесінен балконға шығамыз да жып-жылы тақтайға отырып ұзақ ойланамыз. Бақтан ескен самал жапырағы көл-көсір ойдым-ойдым алабажақ ақ балтыр қайыңдардың сыбдырын алып келеді, жазықтан соққан ескек жел желпіне түскен, сарала сарғалдақ торғайлар шыр қағып гүл алаңқайдың үстінде атылған кесектей арлы-берлі зулап жүр, жыртық-тесігінен сап-сары сағым шашып, ескі кірпіш мүңкіген шатырдың ішін, сынған кернейлерді бүкіл ұрық-шарқымен өсекші ұзақтар мекендеп алған; жел жығыла ұйқылы-ояу аралар күнделікті жұмысына кірісіп балкон маңындағы гүлдерді тінткілей бастады — тыныштық орнасымен тырсылдаған сірке жаңбыр секілді тек қана мырза теректердің жапырақтары сыбырласып жатыр... Біз бақты шарлап, шеттегі бытқылға шығып кетіппіз. Сол қора-қопсының іргесінде төбесі құлап қалған атамыздың ескі моншасы тұратын, кезінде Наталья осы моншаға Петр Петровичтің айнасын ұрлап әкеліп тыққан екен, қазір мұны ақ қояндар мекен етіп алыпты. Дыбысын білдірмей табалдырыққа секіріп шығып, мұрты мен жырық ернін жыбырлатып, шарасынан атып кетейін деп тұрған бақырайған көздерін тікенді бұта мен қалақай шоғырынан алмай шиенің дәнін іздейді. Жартылай ашық сарайда үкі тұрып жатыр, қос құлағы едірейіп салма ағашқа қонақтап алыпты, қараңғы түкпірден бажырайған сап-сары соқыр көзі тіпті қорқынышты- ақ. Күн бақтың сыртына жете беріп бидай теңізіне барып құлады да бірден кеш түсті, тып-тыныш, жайдары кеш, Трошин тоғайында көкек күңкілдеп қояды, әлдеқайдағы жайылымда бақташы шал Степаның қоңырауы сылдырлайды... Үкі түнді күтіп отырған. Түнде бәрі де ұйқыда — дала да, деревня да, усадьба да. Ал үкінің нар бітіретіні — үһілеу, бақылдау, жылау. Сусылын білдірмей сарайды, бақты айналып ұшады да Тоня апайдың лашығының шатырына барып қонады, содан соң жаны қиналып бара жатқандай үһілеп келіп сақылдайды-ау! Пеш қасындағы жалғыз тақтайлы сәкіде жатқан апайымыз шошып оянады да:
— Сүйікті Исус, сақтай көр! — деп күбірлеп жалбарына бастайды.
Қапырық та қараңғы лашықтың төбесіндегі қалғыған қара шыбындар быжынайды. Түн сайын оларды әйтеуір бір нәрсе оятып кетеді. Бірде лашықтың кабырғасына сиыр келіп сүйкенеді; бірде фортепианоның клавиштерін тыңқылдатып жорғалап өткен атжалман апайдың жинап қойған шөмшектеріне былш етіп құлап түседі; енді бірде екі көзі тұздай қара мысық қаңғырып-қаңғырып кеш келеді де үйге кіргізіп жібер деп мияулайды; болмаса әлгі бір үкі жаман ырым шақырып бақылдап мазаны алады. Ұйқылы-ояу апайымыз қараңғыда көзіне үймелеген шыбындарды қолымен қағып орнынан тұрады да түртініп жүріп есікті ашып тысқа шығады, тысқа шығысымен қолындағы оқтауды жұлдызды көк аспанға шырқатады. Сатыр-сұтыр шатыр қамысын салдырлатып ұша жөнелген үкі қараңғыға сүңгіп кетеді де, жербауырлай қалықтап барып сарайдың шатырына қонады. Содан соң құдды бір нәрсені ойлағандай қалғып отырады, кенет тағы да күркілдеп бүкіл усадьбаны басына көтереді; жын ұрғандай аһылап-үһілеп, қарқылдап күледі; тағы да тым-тырыс, сосын тағы да ыңқылдап, солқылдап келіп жылайдай дейсің... Шарбы бұлт қымтаған қараңғы түн жып-жылы әрі тымық. Қалғыған теректердің сыбдыры сылқылдаған арық суының сылдырындай самалмен ілесіп кетіп жатыр. Трошин тоғайының іргесінен көкжиектің бозғылт сызаты көрінеді, сол жақтан емен иісі шалқып тұр. Орман жақтағы егінжайдың үстінде, шарбы бұлттың жыртығында Сарышаянның үшбұрышы күмістей жалтырайды...
Біз үйге тым кеш қайтатынбыз. Түнгі шық пен шалғынның, дала гүлінің хош иісіне әбден тояттап, ақырын ғана баспалдаққа көтерілеміз де, қараңғы кіреберіске енгенімізде, ылғи да Меркурийдің суретіне шоқынып тұрған Натальяға тап боламыз. Тұйғындай бір уыс, жалаңаяқ, қолын қусырып, қараңғыда нобайы да көрінбейтін суреттің алдында бірдемені күбірлеп тағзым етіп жатады — жақын, жанашыр туысқанымен сөйлескендей қарапайым тілде еміреніп тұрғаны.
— Натальясың ба? — дейміз ақырын ғана сыбырлап.
— Мен ғой, — дейді ол сөзін бөліп.
— Осы уақытқа дейін неге ұйықтамай жүрсің?
— Ұйқыны көрде қандыратын шығармыз...
Біз кәсекке отыра кетеміз де терезені ашамыз; ол қолын қусырған қалпы тапжылмай тұрады. Бөлме ішін жалт еткізіп алыстан көкжиек жарқ ете қалады; әлдеқайдан, шық басқан далада бөдене бытпылдап қояды. Жоқ жерден шошып оянған тоғандағы үйректер барқылдайды.
— Серуендедіңдер ме?
— Иә, қыдырдық.
— Несі бар, жастарға бәрі жарасады... Бір кезде біз де таң атқанша жүретінбіз... Кешкі шапақ үйден қуады, таңғы шапақ үйге тығады...
— Ол кезде тұрмыс жақсы ма еді?
— Жақсы еді ғой...
Ұзақ үнсіздік басады.
— Үкі неге бақылдай береді? — деп сұрайды қарындасым.
— Жағың қарысқыр, қайбір жақсылыққа дейсің! Мылтықпен үркітіп жіберетін де ешкім жоқ. Әлдебір жамандық шақырып отыр ма деп зәрең ұшады. Апайларыңның да тынышын алып бітті. Дүниеде одан өткен қорқақ жоқ қой. — Ол кісі қалайша ауырып қалып жүр?
— Белгілі жағдай ғой... жылаудан жылау, уайым... одан жаратқанға жалбарынумен күні өтті... одан қыздарға қырғындай тиді де бауырларымен қырықпышақ болды...
— Демек, тату тіршілік болмаған екен ғой? — деп сұрадық біз қамшыны есіне салып.
— Қайдағы татулық! Әсіресе Тоня ауырып қалған соң, одан соң аталарың қайтыс болды да билік жас мырзалардың қолына көшіп, марқұм Петр Петрович үйленгеннен кейін тіпті асқынып кетті. Шетінен шатақ, оқтаулы мылтық секілді!
— Жалшыларды жиі сабайтын ба еді?
— Ондай әдет бізде атымен жоқ болатын. Мәселен мен неліктен кінәлі боп қалды дейсіңдер? Бар болғаны, Петр Петрович менің шашымды қой қырқатын қайшымен ұйпалақтатып, үстіме шолақ көйлек кигізіп хуторға апарып тастаңдар деп бұйырған...
— Сонда сенің кінәң не?
Жауабы кейде тез, кейде ойланып отырып қалатын. Еш нәрсені бүкпей бар шынын тәптіштеп тұрып айтып беретін Наталья бұл жолы күмілжіп, күрсініп қояды, қараңғыда бет-аузын көрмесек те дауысынан өкінішті кейпін аңғарамыз.
— Иә, кінәмнің болғаны рас... Өздеріңе айтқан сияқты едім ғой... Жас болдық, ақымақ болдық. " Бұлбұл оның сорына бола бак ішінде ән салды..." Қыз болған соң ар жағы белгілі емес пе...
— Тәтешім, сен сол әнді аяғына дейін айтсаңшы, — дейді қарындасым оған еркелеп.
Наталья біртүрлі қысылған болады:
— Бұл өлең емес, ән ғой... Қазір соны ұмытып та қалыппын.
— Алдама, өтірік айтасың.
— Ендеше тыңда, — деп асығыс бітіреді, — "Күнә шақырып, сорына бола..." "Түн ішінде ұйқы бермей ақымаққа, сорына бола өн салды бұлбұл жазғы бақта..."
— Сен көкемізге керемет ғашық болып па едің? — деп сұрайды қарындасым ұялғанын жасыра алмай.
— Иә, — деп Наталья күңк етеді.
— Сен оны құдайға жалбарынған сайын аузыңнан тастамайды дейді ғой?
— Ол да рас.
— Сошкиге алып бара жатқанда сені есінен танып қалыпты деседі ғой?
— Ол да рас. Біз, шыбық тимей шыңқ етер боп жаман үйрендік... жаза дегенді білмедік... көп жалшыдан жаратылысымыз бөлек еді. Евсей Бодуля мені ала жөнелгенде қайғы мен қорқыныштан есім шығып кетті... Қалаға үйренбеген басым тұншығып өліп қала жаздадым. Далаға шығысымен көңілім жай тапты. Алдымыздан бір офицер жалт етіп шыға келгені, содан айнымайды екен, мен шыңғырып жіберіп талып қалыппын. Есімді жиғанда арбада жатыр екенмін: шүкір, рахат екен ғой, енді жұмақта болатын шығармын деп ойладым.
— Ол керемет қатал ма еді?
— Құдай сақтасын!
— Дегенмен апайымыздай емес шығар?
— Оны айта көрме! Айтып едім ғой сендерге: тәуіпке де апарған деп. Мінезі жан шыдатпады емес пе. Жұрт қатарлы өмір сүретін еді, өзінің тәкаппарлығынан есінен айырылды... Войткевич оны қандай сүйді десеңші! Айтып-айтпай не керек!
— Ал атамыз ше?
— Ол енді... Жарыместеу болды ғой. Әрине, оның да қылықтары толып жатыр. Ол кезде тентек болмағандар кемде-кем... Есесіне ескі көз мырзалар біздің ағайыннан жеркенген емес. Кінәсына бола сендердің әкелерің түске дейін Гевраськаны жазаға тартса, түстен кейін қарасаң екеуі аулада балалайка ойнап әмпей-жәмпей болысып отырады...
— Шыныңды айтшы, Войткевич көркем жігіт пе еді?
Наталья ойланып қалады.
— Жоқ-ә, несіне өтірік мақтайын, қалмаққа ұқсайтын. Бірақ салмақты, біртоға еді. Ылғи да өлең оқып беретін, өлгенде де мен сені іздеп келемін деп апайларыңды қорқытатын.
— Осы атамыз да махаббаттың күйігінен ес-ақылдан айырылды дейді ғой?
— Әжелеріңнің әуресі де. Ол енді басқа әңгіме, сударыня. Үйіміз де көңілсіз, милықтан басатын да тұратын. Қаласаңдар оны да мылжыңдап берейін...
Сонымен Наталья асықпай отырып ұзақ әңгімесін бастап кететін еді...
IV
Егер аңызға сенсек, арғы атамыз өте бай болған деседі, әбден қартайған шағында ғана Курск түбінен Суходолға көшіп келіпті: орманнан басқа дымы жоқ қараңғы түкпір деп біздің жерді жақтырмапты. "Баяғыда аттасаң танауың орманға тиеді" деген мақал да болған. Бұдан екі жүз жыл бұрын біздің өңірге жол шеккен жұрт қалың орманды қақ жарып өткен. Анау жоғарыдағы Каменка өзені де, деревня мен усадьба да, мына белесті дала да орманға тұншығып жатқан. Бірақ атамыздың кезінде мүлдем өзгерген: жалпақ жазық, жалаңаш белдер, көбі егінжай — қарабидай, сұлы, үлкен жолдың жиегінде ғана шанжау-шанжау жөке, ал Суходолдың өр жағы тақыр дала. Орманнан қалғаны тек Трошкин тоғайы. Әрине, бақ керемет болатын: кең аллея, бұтақтары бұладай жетпіс қайың, қалақайға бөгіп жатқан шие мен таңқурай, ырғай мен сиренде есеп жоқ, ауланың шетін боз теректер көмкеріп тұратын. Үйдің шатыры қамыспен жаңадан жабылған. Есігі аулаға қарап тұратын, екі қапталында қатар-қатар созылған қызметшілердің тұрағы, ал оның ар жағы көз жетпейтін көк-жасыл жайылым, көсіліп жатқан байбатша мен кедейлердің деревнясы — бәрі де бұл дүниеден бейғам.
— Итіне дейін иесіне тартқан, — дейтін Наталья. — Мырзалар шетінен жалқау, шаруаға қыры жоқ, бірақ сараң емес. Семен Кириллыч, атамыздың інісі бізбен енші бөлісті: өзіне көбірек, атажұрттың тәуірін, бізге Сошки мен Суходол, соған қоса төрт жүз жан. Сол төрт жүз жанның тең жармысы кейін қашып кетті...
Атамыз Петр Кириллыч қырық бес жасында дүние салды. Әкеміз айтушы еді, оның есінің ауғанына себеп болған қатты дауыл деп, сол дауылдың кезінде алма ағашының түбіне барып ұйықтап қалыпты да төбесінен жаңбырша жауған алмадан шошымалы боп ояныпты. Ал Натальяның айтуынша атамыздың ақыл-есінің жарымжандығын жұрт басқаша есептейді екен: дауыл болатын күні атамыздың әйелі қайтыс болыпты, ол кісі асқан сұлу болса керек, соның қайғысынан аяқ астынан шалықтап кетіпті. Есі кіресілі-шығасылы болса да өле-өлгенше қара торы өңін жоғалтқан жоқ, ептеп еңкіштеу еді, сырт пошымы Тоня апайға ұқсайтын, бірақ қайтып оңалған жоқ. Натальяның сөзіне сенсек, бұрын ақшасы пішен екен, кейінгі кезде белі бүрмелі жібек шапанын киіп алып, гафьян етігінің тықырын шығармастан мысықша еппен басып ағаш үйдің бөрене жықпылына тықпыштап жүретін көрінеді.
— Бұл Тонечканың жасауына, — дейді екен әлдекім көріп қалса, Ең сенімдісі осы, достарым... Ал қалғандарың өздерің біліңдер, қажет демесеңдер сақтамай-ақ қойдым...
Бірақ бәрібір тыққанын қоймапты. Болмаса зал мен қонақ бөлмесіндегі ауыр жиһаздардың орнын ауыстырып, біреу-міреу кеп қалмасын деп күтумен жүреді екен, көршілерінің бұған дейін Суходолға бас сұқпағаны қаперіне де кірмесе керек; кейде қарным ашты деп өзі атала жасайды екен, ағаш тостағанға көк пиязды езіп, нан үгіп, оған сорпа құяды да кесек тұзды көсіп салғанда ол аталаны адам баласы аузына алмайтын болыпты. Түскі астан соң әркім өзі таңдаған бұрыш-бұрышты сағалап, усадьба қалың ұйқыға кетіп жым-жырт болған кезде түн баласында да ұйықтамайтын Петр Кириллыч жалғыздықтан қара басын қоярға жер таппай қиналады екен. Әбден шыдамы таусылғанда түнемелді ашып, кіреберісті тінтіп, қыздардың бөлмесінен сығалап әркімнің атын атап шақырған:
— Аркаша, сен ұйықтап қалдың ба? Танюша, сен де ұйықтап жатырмысың? "Папа, құдай үшін маза берші!" деген ренішті жауап алған соң:
— Жә, ұйықта, жаным, ұйықта, мен сені оятайын деп жүрген жоқпын, — деп жұбатып өз жөніне кете берген.
Әрмен карай жалшыларға соқпайтын, өйткені жалшы деген жұрт шетінен қотиын келеді емес пе, он минут өтер өтпестен тағы да айналып келіп, табалдырықтан ақырын ғана сығалап, деревняны жәмшіктің қоңырауы шарлап жүр, "полктан демалуға Петенька келіп қалған жоқ па" деп бір өтірікті ойлап таба қояды, әйтпесе, нажағайлатып бұршақты жаңбыр келе жатыр деп соғады.
— Шырақтарым, нажағай десе олардың зәре-құты қалмайтын, — деп Наталья әңгімесін жалғастыра береді. — Тұлымы желкілдеген қыз болсам да мен бәрін білемін. Үйіміз қашанда қараңғы болып тұратын... сондай көңілсіз, құдай өзі сақтасын. Жаздың бір күні жылдай. Жалшыда қисап жоқ... бір ғана лакейдің өзі бес адам... Түскі астан кейін жас мырзалардың ұйықтайтын әдеті, олардан соң құл-құтан біз де. Дәп сол кезде Петр Кириллыч жетіп келеді де: "Немене, сендер де ұйықтағалы жатырсыңдар ма?" — деп қиғылық салатыны бар. Сонда Гевраська нардан басын көтеріп: "Қазір бұтыңа қалақай қыстырып жіберейін бе!" — дейтін. Ал атамыз: "Сен не деп оттап жатырсың?" — деп талқан болады. Гевраська: "Сударь, ұйқы басып сандырақтап жатқаным да" — деп құтылып кетеді. Петр Кириллыч тағы да залды, қонақ бөлмесін аралап жөнеледі, аспанда бұлт жоқ па екен деп терезеден баққа қарайды. Ал нажағай дегенің ол кезде құдайдың құтты күні. Нажағай болғанда қандай! Түс ауа бере сарғалдақ торғай шырылдаса бітті, бақ сыртынан түнеріп қара бұлт шыға келеді де қурай біткен сылдырлап, қалақайдың ұйқы-тұйқысы шығып, түйе тауықтар балапандарымен балкон астына барып тығылады, үйдің іші тас қараңғы болып құтымыз қашады. Ал мырзалар күбірлеп, шоқынып, құдай суретінің астына шырақ жағып қояды, бабаларының бейнесін орамалмен бүркеп, терезеден тысқа қайшы лақтырысады. Қайшы лақтыру қашанда ұмытпайтын әдет — нажағайдың отын қайтарады деседі...
Француздар тұрғанда Суходолдағы үй көңілді еді — алғашында Луи Иванович деген біреу — бұтында балағы тар кең панталон, ұзын мұрт, мұңға толы көкшіл көз, қос құлағын жапқан жалбыр шашын төбесінің жалтырына апарып жабулап қоятын, одан соң үнемі бүрсеңдеп тоңып жүретін Сизи деген мадмазель, әсіресе Луи Иванович Аркашаға: "Жоғал, қайтып көзіме көрінбе!" деп айқайлағанда, Тонечка фортепианода "majtre corbeau sur un arbre регсһе"-ні ойнаған кезде дірілдеп-қалшылдап жанын қоярға жер таппайтын. Балаларды қалаға алып кеткен соң Петр Кириллыч жалғыз зерікпесін деп француздар Суходолда сегіз жыл тұрды, олар үшінші каникулға келер алдында бұлар да кетіп қалды. Каникул аяқталғанда Петр Кириллыч Аркашаны да, Тонечканы да ешқайда жібермей қойды, оның есебінше бір Петеньканың өзі де жетіп жатыр деген. Соның салдарынан балалар мәңгі-бақи сауатсыз, тәрбиесіз қалды... Наталья айтатын:
— Мен бәрінен де кіші едім. Ал сендердің әкелерің Герваська екеуі даңқұрдас, алғашқы достар. Бірақ, қасқыр қойға дос емес деп тегін айтпаған. Екеуі мәңгілікке доспыз деп ант-су ішісіп крестерін де айырбастады, ал Гевраська кешікпсй сертінен тайып, сендердің әкелеріңді тоғанда тұншықтырып өлтіре жаздады. Кекшіл еді, қылмысқа қашанда жақын тұратын. Бір күні барчукке: Сен өскен соң мені дүрелейтін шығарсың?" — деп сұрапты. Дүрелеймін" — депті. "Жоқ, дүрелемейсің. Неге? Дүрелетпеймін!" Сондағы ойлап тапқаны: тоғанның жиегіндегі дөң басында бөшке тұратын, соны байқапты да Аркадь Пстровичке, мына бешкеге отыралық та темен қарай домалап ойналық деп көндіріпті. "Алдымен сен домала, сенен кейін мен домалаймын" десе керек. Аңқау барчук бөшкеге отыруы мұң екен, еңіске қарай итеріп жібермей ме, салдыр-күлдір зымырап барып тоғанға күмп береді. Әйтеуір құдай сақтапты. Жақын жерде малшылар жүр екен, жаратқан жарылқағыр, солар құтқарып алыпты.
Француздар тұрған кезде үйдің әжептәуір сиқы бар еді. Әжелеріңнің тұсында мырзалар да, қожайындар да мұның қызығын көрді, билік те, құлдық та үстемдігін жүргізді, салтанат та, мерекелер де болып тұрды, отбасының берекесі де қашқан жоқ. Осының бәрі де француздардың көз алдында өтіп жатты. Француздар кетісімен үй иен қалды. Балалардың жас кезінде ішіндегі естияры Петр Кириллыч сияқты еді. Бірақ оның қолынан не келсін? Билік кімнің қолында — ол жалшыларды басқарды ма, әлде жалшылар оны басынып алды ма? Фортепианоны жапты, емен үстелдің асжаулығы жоғалды, тамақты жалаңаш тақтайдың үстінде ішетін болдық және мезгілі де сақталған жоқ, тазы иттер сеңкеде жол бермейді. Тазалық дегенді ойлаған да ешкім жоқ: бөрене қабырғалар қап-қара, еден мен төбе тақтайлары да қап-қара, қап-қара есік, залдағы бүкіл бұрышты алып тұрған суздальдық бейнелер де келе-келе қарайып кетті. Түн баласында, әсіресе найзағай кезінде қабырғадағы құдай суреттері жылт ете қалып, бақ сыртынан жарқ етіп қызғылт-сары аспанның пұшпағы көрінеді де, артынан шарқ етіп көк күмбезі қақ айырылғандай болады — түн баласында үйдің ішін үрей буып тұратын. Ал күндіз күңіреніп қалғып тұрады. Жыл өткен сайын Петр Кириллыч шөгіп әлсірей берді де үй шаруасын емшек шешесі кәрі кемпір Дарья Устиновна басқарды. Бірақ оның қолында не билік болушы еді, староста Демьян араласқысы келмеді, оның бар білетіні түз шаруасы болатын, жұбату үшін болса да анда-санда: "мен қожайындарымды өкпелеткен емеспін" деп қоятын. Әкелерін жас, Суходолға қарауға құлқы болған жоқ, есіл-дерті аңшылық, балалайка, лакейлердің есебінде жүрген Гевраськаға деген жанашырлық, екеуі күні бойы бірде Мещерскінің батпағында жоғалып, бірде карета сарайында балалайканы шіңкілдетіп отырғаны.
— Тек тамақ ішуге ғана келетінін білетінбіз, — дейтін Наталья, — Ал келмесе, не деревняда, не карета сарайында, әйтпесе аң аулап кеткені: қыста — қоян, күзде — түлкі, жазда — бөдене немесе үйрек; мылтықтарын иыққа асынып, атқа қонады да Дианканы шақырып алып жоғалады: бүгін Орталық диірменде, ертең Мещерскиде, бүрсігүні қырда. Қасында қашанда Герваеька. Атқосшысы да сол, ал ол зәлім беті шылп етпей, мені зорлайтын барчук деп өтірікті соғатын. Аркадь Петрович өзінің жауын бауырындай жақсы көретін, ал ол болса есейген сайын жауыздық есебін ішіне бүге түсті. Бір күні барчук: " Көне Гевраська, балалайкаңды қолың ал да маған "Қызыл ай орман шетіне барып құлады" дегенді үйретші" — депті. Ал Гевраська танауынан түтінін боздатып, бетіне бежірейіп қарап тұрып: "Алдымен менің қолымды сүй" — деп кекесінді ырсиып күліпті. Аркадь Петрович сұп-сұр болып орнынан атып тұрыпты да бар пәрменімен шапалақпен беттен тартып жіберіпті, ал ол болса басын шайқап, өңі бұзылып міз бақпай отырып алыпты, нағыз қаныпезерлік танытса керек. "Тұр, оңбаған! Кешірім сұра!" — десе Гевраська құмай тазыдай керіліп: "Кінәлімін, сударь" — деп кекеткен көрінеді. Ашу кернеген барчук не істерін білмей, ақыры бар өкінішін айтып салған екен: " Сен сұмырайды мен бауырымдай тең санап, жанымдай жақсы көріп жүрсем, сен ит мені әдейі ашуландырады екенсің ғой!"
— Ел естімеген сұмдық! — дейтін Наталья, — Гевраська атамыз бен барчукті үнемі қорлап, мені ханым деп кекететін. Шындығында барчук те, атамыз да Гевраська десе аузындағысын жырып беретін, мен де жақсы көретінмін, қайткенмен де Сошкиден қайтып оралған соң маған да ептеп ақыл кірді ғой.
V
Атамыз қайтыс болған соң үстел басына қамшы ұстап отыратын болдық, бұл кезде Петр Петрович үйленіп, Гевраська қашып кеткен, Тоня есі ауысып, өзін Иисустың қалыңдығымын деп жариялап, ғашықтықтың күйігінен Наталья Сошкиде отырып қайтты.
Атамыздын кезіндегі көңілсіз мылқау тірлік жас мырзалардың тұсында өзгере бастады. Петр Петровичтің күтпеген жерде әскери қызметті тастауы жұртты таңғалдырған. Оның Суходолға келуі Натальяға да, Тоня апайға да сор болды. Екеуі де ғашық боп қапты. Екеуі де білмей қапты. Екеуі де әуелде "омір деген көңілді екен ғой" деп ойлапты.
Петр Петрович алғашында Суходолды жаңа арнаға салғандай болып еді — күнде мейрам, аста-төк дүние. Жолдасы Войткевичті ертіп келген, қасында маскүнем жалтырбас аспазы бар, онысы келмей жатып көгеріп кеткен елікпенің қалыбы мен дөкір пышақ, шанышқыларға осқырынып қарады. Петр Петрович өзін жолдасының алдында жомарт, бай да ақкөңіл адам ретінде көрсеткісі келген, онысы баланың ісіндей дөрекілеу болып шықты. Расында ол бала секілді еді, сырт көзге өте нәзік, әп-әдемі жан, ал табиғатында тік кететін қатыгез, балаға ұқсайтыны — менменшіл, бір нәрседен кінәлі болып қалса көзінен жас шыққанша қысылатын, бірақ ұятқа қалдырған пендеге деген кегін ешқашан ұмытпайтын.
— Бауырым Аркадий, есіңде ме, бізде тәп-тәуір мадера бар секілді еді ғой, — деді Суходолға келген күні-ақ дастархан басында отырып.
Атай қызарып кетті, бірдеме айтқысы келіп еді, бірақ дәті бармады да қипақтап жібек шапанының өңірін сипай берді. Аркадий Петрович абдырап:
— Қайдағы мадера? — деп сұрады.
Ал Гевраська Петр Петровичке қадала қарап миығынан күлді.
— Сударь, сіз ұмытып қалғансыз ғой, — деді Аркадий Петровичке мазақ қылып тұрғанын жасырмастан. — Расында сол мадера осында жер-көкке симап еді, мына біздер, құл-құтандар құрттық. Шарап байлардікі болған соң біз оны шалап орнына іштік.
— Бұл не масқара? — деп қызара бөрткен Петр Петрович айқай салды, — жап аузыңды!
Атай оны қостай жөнелді:
— Сөйтші Петенька! Аузын тыйшы! — деп шырылдап жыларман болды. — Сен білмейсің ғой, бұл мені өлтіретін болды! Күн сайын ойлаймын: жасырынып келіп мыс келсаппен басының мылжа-мылжасын шығарсам деп... Құдайдан да жасырмаймын! Бір күні бүйрегіне қанжар тығып аламын!
Гевраська бұған да жауап тапты:
— Сударь, менің естуімше бұл үшін қатты жазалайды дейді ғой. Байбатшаның да бақиға аттанатын уақыты болған жоқ па деген бір ой менің де миымнан кетпей қойды.
Үйде бөтен адам отырған соң өзімді өзім зорға ұстап қалдым деген Петр Петрович. "Дәл қазір осы жерден тайып тұр!" — Гевраськаға бар айтқаны осы. Артынан ашумен айтып қалған сөзінен ұялып, жанары жалтылдап отырып Войткевичтен кешірім өтінген, сол жанар көптің есінде қалыпты. Сол жанарды Наталья да көпке дейін ұмыта алмапты.
Натальяның бақыты да тым қысқа болыпты, сол бақыт оның өміріндегі үлкен бір оқиға — Сошкиге саяхатпен тұйықталса керек.
Тамбов көпесіне сатылып кеткені болмаса, Сошки хуторы әлі күнге аман тұр. Бұл өзі дөй дала жазықтағы жалғыз үй, амбары, тырна мойын құдығы бар, қойма, оның айналасы бақша. Бабалар заманынан осындай; Суходол мен екі арадағы қала да көп өзгере қойған жоқ. Наташа Петр Петровичтің күміс қорапты қақпақты айнасын ұрлаймын деп кінәлі болып қалған, соны неге ұрлағанын өзі де білмейді.
Петр Петровичтің бір заты көзіне түссе есі кететін қыз әдемі айнаны көргенде шыдап тұра алмады. Айна есіне түссе қылмыс жасағандай бірнеше күн қобалжып, алқызыл гүл туралы ертегідегідей қымбат бір қазына тыққандай көңілі өрекпіп жүрді. Жастыққа басы тисе құдайдан сұрайтыны — тезірек түн өтіп таң атса екен деп тілейді: көркем жігіттің келуімен үйдің іші салтанатты қуанышқа толды, сән-салтанатымен, тіпті сыланып-сипануымен де қызыл жағалы мундирімен, қыздай жұмсақ бет-ажарымен де керемет жаңалық әкелген. Наташа жататын кіреберістің өзі де жайнап сала берді — ертесімен ояна салып атып тұрады да бүгінгі күн де қуанышқа толы екені есіне түседі, есік көзіндегі бекзадаға ғана лайық жеп-жеңіл сәнді етікті сүртіп, тазартып қоюдың өзі де ләззат емес пе! Қуаныштың үлкені бақ сыртындағы ескі моншада, күміс қорапты қақпақты айна сонда тығулы болатын, жұрт түскі ұйқыға кеткенде Наташка шықты шалғынды кешіп, жүгіріп баратын да күн көзіне алып шығып басы айналғанша өз бетін өзі ұзақ қызықтайды, сондағы бар мақсаты — Петр Петровичке ұнасам, қайтсем соның көзіне түссем деген үміт, содан қайтадан тыға салып, ынтық болған мырзасына қызмет ету үшін үйге жүгіреді.
Бірақ сол алқызыл гүл туралы ертегісі тым тез-ақ бітіп қалды. Наташаның айтуынша айтуға ұят масқарамен аяқталған. Петр Петровичтің бұйрығымен шашын шұнтитып қырықтырып, талай күндер айнамен қасы-көзін сүрмелеп қайтсем ұнаймын деп әуреге түскен азабын әп-сәтте жоқ қылды. "Қылмысты" ашқан да мырзаның өзі еді, жалшының жымысқы ұрлығы деп санап, тамам жұрттың көзінше бет-аузы жылаудан көнектей боп кеткен байғұсты қый артатын арбаға отырғызды да туған жерден аластап, қайдағы бір ат аяғы баспаған қу даладағы хуторға айдады да тастады. Наташа ендігі күнінің не боларын білген: хуторда балапан бағып, бақша баптайды; бүкіл дүниеден жетім қалып күнге қақталады; ондағы бір күнің жылға татыр, әттең шақшиған күннің жалама ыстығында тырп етпей жатып ұйқы қандырар еді-ау, тек қураған атбұршақтың тырс-тырс қақ айырылғаны, күлге аунаған күрік тауықтың қанат сартылы, түйетауықтың күркілі маза береді деймісің, төбеңнен қалықтаған қырғидың көлеңкесін көре салып атып тұрып айқайлайтының және бар. Өміріңді дс, өлігіңді дс аямайтын қатыгез хохлушка кемпірдің зәрлі көзін қайтерсің, ендігі құрбандығын күтіп те отырған болар. Мұны тозаққа айдағандардан құтылудың бір-ақ жолы қалған — асылып өле салу. Жол бойы Наташаның ойлағаны да осы-мәңгілікке жер ауғанша жер астында жатқаның жақсы!
Уездің бір шетінен екінші басына шыққанша не көрмеді. Бірақ соның бәрі есінде қалған жоқ. Ойлағаны да, сезгені де бір-ақ нәрсе: өмір осымен бітті, енді оған қайтып оралуға бет жоқ, өйткені қылмысың шаш-етектен. Әзірге қасындағы ең жақын адам Евсей Бодуля. Хохлушканьщ қолына тапсырады да көп болса бір қонып, мұны біржола жатқа беріп бұл да кете барады. Содан кейінгі күні не болмақ? Жылай-жылай әбден шаршап, бір кезде қарыны ашқанын сезді. Таңғалғаны, Евсей тамақтандырып отырып түк болмағандай, түк көрмегендей әңгіме соқты. Бұдан соң ұйықтап қалған екен, қалаға жеткенде бірақ оянды. Қала оны апшыны қуырған қапырығымен, таңдай кептірген қаңсық лебімен, айтып жеткізе алмайтын түс секілді қапалы мұңымен қарсы алды. Есінде қалғаны — даланың ыстығы жаз күндері ғаламат екен, батып бермейтін ұзақты күн мен таусылып бермейтін ұзақ жолдан басқа дәнеме жоқ. Тағы бір ұмытпайтыны — арбаңды салдыр-күлдір шайқайтын қаланың тас төсеген көшелері, күншіліктен күңірситін қаңылтыр шатырлардың иісі, аяқ суытып, көлік жемдейтін айлақта "мешкей" дейтін мұжықтар тоқтайтын қалқанды дүңгіршектер болатын көрінді, маңайы шаң-топырақ, шіріген шөп пен идектелген жылқы тезегінен, мүңкіген қарамайдан жүрегің айниды. Евсей атын шашіп арбадағы шөпке байлады; күн көзінен қурап кеткен бөркін желкесіне қарай сырып, маңдайының терін жеңімен сүртті де ыстаған сүрдей қақпыш боп харчевняға тартты. Кетерінде қарап отыр деп қатты тапсырды, әлдебір пәле бола қалса қаланы басыңа көшіріп бақыр деді. Наташа содан тапжылмай тастай қатып отырсын, үйлердің арғы бетіндегі жаңа салынған собордың күмбезінен, күмбез төбесіндегі айдай жарқыраған күміс жұлдыздан екі көзін алған жоқ. Әлден уақытта қолтығына қыстырған қалашы бар, бірдемені жалмаңдап Евсей келді де атын жеге бастады.
— Аздап кешігіп қалдық-ау, ханум, — деп көңілді күңкілдеді, — атына айтқаны да, Наташаға айтқаны да белгісіз. — Бізді кім қуалап барады. Өрт сөндіруге асыққан біз жоқ... Мен кері қайтқанда да асықпаймын — бауырым, сенің бетмоншағыңнан гөрі маған байдың керігі қымбат, — деді елде қалған Демьянды есіне алып. — Кетіне қарамай: "Көзіңді ашып кара! Егер тыққан бірдеңең болса дамбалыңды шешіп тұрып тауып аламын!" дейді. Қатқаныңды аларсың! Кенезесі кепкен кенеусіз сен тұрмақ, қожайын да менің қалтамды ақтартқан емес!.. "Байқа!" дейді тағы да. Несін байқаймын? Сенен ақымақ емеспін! Ерегессем қайтпай да қаламын! Мына қызды тапсырамын да бір шоқынып алып шу қарақұйрық деп тайып отырамын, сосын тауып ал!.. Осы бейбаққа таңым бар, неменеге таусылып зар жылайды? Басқа дүние құрып қалып па? Хутордан ары өткен, бері өткен жолаушы, шал-шауқандарға айтсаң болды, көзіңді ашып-жұмғанша Ростовтың арғы жағынан бірақ шығасың!.. Оған жетсең атыңның кім екенін де ұмытарсың!
"Асылып өлсем" деген ой енді Наташаның күзелген үрпек басында "қашып кетсем" деген үмітпен ауысты. Арба шайқалып шиқылдай жөнелді. Евсей күңкілін қойып атын айлақ ортасындағы құдыққа бұрды. Күн монастырь бағының ығына құлап барады, монастырь қарсысындағы сары сылақты түрменің терезелері сары алтындай жалтырайды. Түрмені көрген соң қашып кетсем деген әлгі бір ой тағы да көңіліне көлкіп шыға келді. Әнеки, қашып жүріп те өмір кешуге болады екен ғой! Тек бір қорқынышы, шалдар ұрлаған қыздар мен ер балалардың көзіне ыстық сүт шашып зағип қылады деседі, оны алаяқтар теңіз жағалауына апарып ноғайларға сатады деседі... Кейде байлар қашқан құлдарын ұстап алып дүрелеп, кісен салып түрмеге отырғызады деген де өсек бар... Жә, түрмедегілер де өгіз емес шығар, Гевраськаның айтуынша онда да толған мұжықтар көрінеді.
Түрменің терезелері де өшіп қалды, миы да шатасты — жоқ, қашсаң да алдыңда қорқыныш, онан да асылып өлгеннің өзі артық. Евсей де күңкілдеуін қойып есін жиды.
— Кешігіңкіреп қалыппыз, қызым, — деді елегізіп, сосын арба жақтауына қарғып мінді.
Арба кіре жолға шығып алған соң тағы да тас қауып тарсылдап-күрсілдеп, салдырлап берді... Түу, бұдан да кейін қайтқаны жақсы еді-ау деп ойлады Наташа, үміті ме, әлде күдерін үзгені ме, — Суходолға жетіп қожайындардың аяғына жығылсам... Бірақ тура салған Евсейдің бұрылатын түрі жоқ. Жұлдыздар үйлердің тасасына сіңіп жоқ болды. Ілгеріде бозғылт тас жол, ақ үйлер мен йен көшелерден басқа көз сүрінер дәнеме жоқ, осының бәрі жаңадан салынған боз күмбезді үлкен соборға келіп тірелді де, оның төбесіндегі аспан да бозғылттанып сұрқай тартты... Ал ел жақта ендігі шық та түскен шығар, бақ ішінен қоңыр самал есіп, ас үйден қызған ошақтың иісі аңқып тұрған болар; алыстағы егінжайдың етегінде, аула шетіндегі ақ теректердің ар жағында батар күннің қызыл-жалқын шапағы сағынышты ескі моншаның іргесін өрттей жалап көкжиекті тесіп бара жатыр ма екен? Қонақ бөлмедегі балконның есігі ашық болар, қызғылт сәуле бұрыш-бұрыштың көлеңкесін үркітіп, атасы мен Петр Петровичтен аумайтын мырза бикеш сары жібек көйлектің жеңін қайта-қайта түріп қойып нотаға тесіліп отыр ғой сірә; оның кешкі сағымға жауырынын төсеп, пианиноның сарғыш пернесін басқан сайын қонақ бөлмені Огинский полонезінің тән бауратқан тамаша әуенімен маужыратқан кездері есінде, кербез қыз тусыртындағы дембелше, қараторы офицердің сол қолымен мықынын таянып, оның жыпылдаған саусақтарынан көз алмай ойлы жүзбен тапжылмай тұрғанын әдейі сезбеген болады.
Мұндай кештерде Наташа "оның өз мұңы өзінде, менің мұңым бір басқа" дейтін де жүрегі лүпілдеп шыққа мелдектеген салқын баққа жүгіретін, қалың қалақай мен сыз аңқыған ошағанның түйе жапырағына тығылып тұрып, Петр Петрович балконнан шығатын шығар, мені көріп, аллеямен келе жатып бұрылатын шығар деп күтетін, жүрегі аузына тығылып, қуаныштан тынысы тарылып өліп кете жаздайтын...
Арба әлі салдырлап келеді. Қаланы басына көшіріп келеді. Бір кезде қиялында ғажайып болып елестейтін қаласында қапырық пен сасық иістен басқа қызығы жоқ екен. Тасты тақылдатып үй маңында, қақпа алдында, есігі далиған ләпке аузында арлы-берлі сандалған жұртты көргенде Наташаның көңілі су сепкендей болды... Дәл осы жолмен Евсей жүрмей-ақ қойса қайтетін еді, арбаның шарқылынан не ләззат тапты екен деп ойлады.
Собордың қасынан, ыс басқан ұста дүкені мен шіріп, шөгіп кеткен мещан лашықтарынан өтіп, шаңы бұрқылдаған қара жолмен шағын өзеннің еңкуіне түскенде ғана жылымшы су мен қайраңның иісі, кешкі даланың қоңыржай лебі білінді. Қарсы бетте, тау етегінде аласа шлагбаумға емінген жалғыз үйден алғашқы от жылт етті... Еркін далаға енді ілігіп, көпірден өтіп, шлагбаумға көтерілгенде түпсіз жазыққа шыжымдай созылған тас жолдың сұлбасы көзге шалынды, кең жазықтың керімсал шымыр түні көкжиектен ымырттап келе жатыр еді. Бүлк-бүлк желіп келе жатқан ат шлагбаумнан өткен соң аяңға басты. Аспан да, жер де құлаққа ұрғандай тым-тырс, тек алыстан құмығып қоңыраудың жылаңқы үні талып естіледі. Қоңырау сылдыры бірте-бірте жақындап, сылдыры сыбызғы үніндей сызылып жетті де, ақыры ат тұяғының дүбіріне ұласып, оған арба доңғалағының салдыры қосылды... Үш қосардың делбесін ұстаған жәмшік жас жігіт екен, бірішкеде иегін күләпаралы шинелдің жағасына тығып офицер отырған. Арбамен қатарласа беріп бір сәтке басын көтергенде әдемі қара мұртты, қызыл жаға, шелек секілді қасқаның астынан жалт ете қалған жігіт жанарын көргенде... Наташа шыңғырып жіберіп сылқ түсті де есінен танып қалды...
Байғұс қыз оны Петр Петрович екен деп қалған, жүрегін найзағайдай тіліп өткен бір ынтық сезім жанына батқанда ол не жоғалтқанын бірақ білді — армандаған ыстық құшақтың қимас ләззатынан айырылған екен... Евсей жалма-жан оның былқ-сылқ жансыз қалған күзеулі басына жанторсықтағы суды төге салды.
Есін жиғанда жүрегі айнып лоқсып жатыр екен, басын арбаның жақтауына сүйеді. Евсей оның мұздай маңдайына жып-жылы алақанын тосты...
Бұдан соң бойы ептеп жеңілдеп, жағасы су, тұла бойы қалшылдап, шалқасынан түскен күйі жұлдыздарға қарады да жатты. Есі шыққан Евсейде үн жоқ, қыз ұйықтап жатқан шығар деп ойлап, басын шайқап-шайқап қойып атын тырағайлатып бишіктің астына алды. Арба тағы да салдыр-күлдір. Денесі бар ма, жоқ па, қыз оны сезген жоқ, әйтеуір қу жаны қалғанын ғана біледі. Сол қу жаны аспан әлеміне, жаһаннамға шыққанда ғана рахат табатын шығар деп ойлаған.
Оның бар махаббаты алқызыл гүлді ертегінің бағында қалған еді. Бірақ ол өзінің махаббатын Суходолдан бетер мынау мылқау түкпірдегі қу далаға алып бара жатыр, сонда — тыныштық пен жалғыздықта отырып не де болса жан күйзелісін көтермек, оның ар жағында сорлы басы ағаш табытқа түскенше жүрегінің түбінде сақтайтын шығар.
VI
Махаббат деген шіркін Суходолда ерекше еді. Өшпенділік те ерекше болатын.
Боқыраудын басында өлген атай, оны өлтірген қанышер де, Суходолда көз жұмған, одан басқалары да дәл сол жылы майып болған. Петр Петрович қонақ шақырамын деп аяқ астынан әбігерге түсті: уәде берген басшы келе ме, келмей қала ма? Неге екені белгісіз, атай да жоқ жерден бәйек болды. Бастық келді, қонақасы да аста-төк, абыр-сабыр көңілді өтті, әсіресе шал байғұста ес қалған жоқ. Екінші қазан күні таң атар атпастан оны қонақ бөлмесінен өліп жатқан жерінен тауып алысты.
Петр Петрович отставкаға шыққанда Хрущевтар намысы үшін, ұшқан ұя, атамекенді сақтап қалу үшін өзін құрбандыққа шалатынын жасырған жоқ. Амалсыздан шаруаны өз қолына алатынын да жасырмады. Уездің беделді, мәдениетті деген дворяндарымен қарым-қатынас жасап, басқаларынан да қол үзбес үшін таныстық қажет деп білді. Алғашында бәрі де ойдағыдай басталды, ұсақ-түйек жер иелерімен де кездесті, тіпті ұйқышыл дерті бар, тісін темекімен тазалайтын пілден де жуан Ольга Кириллованың хуторына да барды. Күзге таман Петр Петрович бүкіл шаруашылықты шырқ үйіріп әкеткенде ешкім таңданған жоқ. Ол кешегі демалысқа келген сықиған офицерге ұқсамайтын, пысық қожайын, өлермен помещик болып шыға келеді. Бұрынғыдай жоқ нәрседен қызарып, қысылып-қымтырылып та жатпайды. Ысылып, толысып, қымбат шапан, тобықтай ғана аяғына татарлардың қасықтай туфлиін киетін болды, сүйріктей саусақтарын асыл тас құйған сақиналарға толтырды. Аркадий Петрович оның қоңыр қой көздеріне тіке қараудан да жасқанып, алғашқы кезде сөйлесуден қашқақтап көбіне аңшылықпен күн өлтіріп жүрді.
Боқырауда Петр Петрович бүкіл жұртты қонақжай жомарттығымен таңғалдырғысы келген, мұнысы өрен-жаранның ішінде өзін ерекше тұлға ретінде көрсетудің амалы болатын. Осындайда атасы ылғи кесірін тигізеді де жүреді. Өзін керемет бақыттымын деп ойлайтын шал жөн-жосықсыз сөйлей беретін мылжың еді, басындағы барқыт кепеші де, үстіндегі осы үйдің ісмері тіккен кең шапаны да кісі күлерлік тым ерепейсіз. Бұл да өзін қонақжай қожайынның бірі екенін сездірмекке таңнан бастап әбігерге түсіп, қонақ қабылдаудың қайдағы жоқ құдай атқан рәсімін ойлап табатыны бар. Залға кірер есіктің бір жақтауы қашанда тарс бекітулі жататын, шал орындық сүйреп әкеліп, дірілдеп-қалшылдап жүріп есіктің жоғарғы-төменгі ілмектерін ағытты да ызадан жарылып кетуге шақ тұрған Петр Петровичтің үнсіздігін пайдаланып соңғы қонақ келгенше тапжылмай қойғаны. Кепешті баспалдақтан көз алмайды, оның да есігін көне бір әдептің ырымы деп аштырып тастаған, алғашқы қонақты көре сала қарсы жүгіріп, аяғын айқастырамын деп шошаңдап секіріп, басы жерге жеткенше сәлем берді де езуі кепкенше:
— Япырай, керемет қуаныштымын! Керемет! — деп жалбақтағаны. — Мені көрмегендеріңе не заман! Мархабат, төрлетіңіздер!
Петр Петровичтің жынына тиетін тағы бір қылығы — кез келген жұртқа ауыз жаппай Тонечканың Луневадағы Ольга Кирилловаға кетіп қалғанын айта бергені. Онымен қоймай, одан біреу сұрағандай-ақ: "Тонечка махаббат күйігінен дертті болып апайына кетіп еді, күзге дейін қайтпайтын шығар" дегенін қайтерсің. Войткевич жайындағы хикаяны жақсы білетін қонақтар мына әңгімеден соң не ойламайды? Мүмкін Войткевичтің шын ниеті болған да шығар, Тонечканың қасында күрсініп тұрып, онымен қосыла төрт қолдап пианино ойнауы, қоңыр дауыспен "Людмиланы" оқитыны, немесе қабағы түсіп, ойлы кейіпте: "сен өлікке әулиенің ақ сөзімен телінгенсің..." деуі де тегін емес қой. Жай ғана көңіл білдіріп гүл ұсына қалса да Тоня бетінің гүлі бес төгіліп жанын қоярға жер таппайтын. Сөйткен Войткевич бір күні кетті де қалды. Ол кеткен соң Тонечка ұйқы-күлкіден айырылды, әлде біреуді күткендей түні бойы ашық терезенің алдында сарылып отырғаны, кенет зар еңіреп жылап Петр Петровичті шошытып оятатын. Бұл болса оның өксіп жылағанына, сірке жаңбырдың сыбдырындай терек жапырақтарының сылдырына құлақ түріп ұзақ жататын. Әрберден соң жұбатамын деп барады. Қыз-қырқын да жиналады, кейде шал да келетін. Тонечка жер тепкілеп: "Жоғалыңдар, өншең менің кас дұшпандарым!" — деп бақырып, аяғы аузына ақ ит кіріп, көк ит шығып, төбелесе жаздап тынатын.
— Жә, қой енді, қой! — деп зекіп Петр Петрович басу айтқан болады да қыздарды, шалды да қуып шығып есіктің тұтқасын тас қып ұстап тұрады. — Қой енді, не көкіп отырсың өзің?!
— Папа, мынау маған буазсың деп айқайлап тұр! — деп Тонечка байбалам салады.
Петр Петрович құлағын басып бөлмеден атып шығатын.
Боқыраудың кезінде Гевраська да бүлінді: басынан сөз асырмай, аңғармай айтылған қағытпаға да дөрекі жауап беретін әдет шығарды. Оның зіңгіттей боп өсіп кеткенін де ешкім байқамай қалған. Бойы сырықтай, денесі ерепейсіз бұралқы, бірақ қызметшілердің ішіндегі көзге түсері де, ақылдысы да осы, бұл да сәнденіп көкшіл шолақ шапан, дәл сондай шалбар, жұмсақ былғарыдан өкшесіз етік киетін болды. Мойнындағы үлбіреген ақ шарф күн қарыған алқымына жараса кететін. Қайратты қара шашын қисайта тарап, етегін қидырмай дөңгелектеп қойды. Жаялықтай лақа ауыздың жиегінде екі-үш қылтанақ болмаса қырарға қылшық та бітпеген, жұрт айтқандай "езуі құлағында, емеуріні тылағында" дейтіннің нағыз өзі. Сүйегі одырайған көкірегі жап-жалпақ, көз ұясы шүңірейген жұдырықтай шақша бас, кезерген жұқа ерінді, күрек тісі аттың азуындай осы бір көне парсы алыс-жақыннан Тазы деген мазақ ат алып еді. Осының тұрпатын көріп, күрк-күрк жөтелін естігендер: "Бұл Тазы кешікпей тырқиятын шығар" деп ойлайтын. Ал көзінше "Геврасий Афанасьевич" деп дардай қылатын.
Одан қожайындар да қорқатын. Қожайындардың характері де жалшылардан аулақ емес: не қамшы үйір, не қамшыдан қорық. Петр Петрович келген күнгі атайды қорлағаны үшін Гевраськаның ешқандай жаза тартпағанына құл-құтан қайран қалысты. Аркадий Петровичтің бар айтқаны: "бауырым, барып тұрған хайуан екенсін!" деген, ал оған алған қысқа жауабы: "сударь, сол немені менің де жаным жек көреді!" болды. Петр Петровичке Гевраськаның өзі барған: босағадан озбай қашанғы әдеті бойынша қиқаңдап, қып-қысқа кеудесіне үйлеспейтін ұп-ұзын сирағын екі бүктеп жүрелеп отырады да дүре салыңыз депті:
— Сударь, мен бейбастақ, әрі сотқар едім, — депті түк болмағандай сұрқия көзін ойнақтатып.
Петр Петрович "сотқар едім" деген сөзінен секем алып жасқанса керек:
— Асықпа, қарғашым, Үлгереміз! — деп жорта зекірген болыпты, — Жоғалт көзіңді! Сен бұзақыны көргенім осы болсын!
Гевраська үнсіз тұрып-тұрып:
— Ендеше еркіңіз білсін, — депті.
Тағы да міз бақпастан ернінің үстіндегі бір тал қылшықты ширатып безерген қалпы жыртқыштың азуындай күрек тісін ырситып бет-аузы бүлк етпестен шығып жүре беріпті. Содан бері бұл әдістің өзіне тиімді екенін біліп, бет әлпетінен дым сездірмей, жауапты қысқа қайыру әдетіне айналған. Ал Петр Петрович онымен сөйлесу былай тұрсын, көзіне қараудан қашатын болған.
Гевраська боқырауда да өзін дәл осылай жұмбақ та бейғам ұстаған еді. Жан біткен мерекеге дайындаламыз деп сүрініп-жығылды: біреу бұйрық беріп, біреулер соны орындаймыз деп ұрыс-керіс, еден жуып, қарайып кеткен икондарды бормен тазартып, аяққа оралған иттерді тысқа теуіп шығарысып жүр, шанышқы жетпей, дірілдек желе суымай, қытырлақ шелпек күйіп кетсе тағы масқара; тек Гевраська ғана қаннен-қаперсіз, күйіп-піскен маскүнем аспаз Казимирді қағытып: "Байқа, диакон атай, жейдең жыртылып кетіп жүрмесін!" — деп қояды.
— Сақ бол, сылқитып ішіп алып қонақ көзінше масқара болып жүрмелік! — деп Петр Петрович Гевраськаға ескерткен болды.
— Анадан туғалы арақ ішкен емеспін! — деп ақталды Гевраська. — Суқаным сүймейді!
Қонақтар келген соң да Петр Петрович өтірік те болса оған мән бергенсіп:
— Геврасий! Айналдым, жоғалып кетпе. Сенсіз қолым кесіліп қалады, — деп көлгірсіді.
— Сударь, уайымдамаңыз, осы жерден қарыс ұзамаймын! — деді Гевраська сызылып тұрып, сызданып тұрғанын да жасырмай.
Оның қызметінде еш кемшілік болған жоқ. Петр Петровичтің қонақтарға ақтаған сөзін ақтап та шықты:
— Мына дүлейдің нойыстығын сіздерге айтып та жеткізе алмаймын. Бірақ обалы қане, ақылды ит! Қолы алтын!
Кесенің толмай тұрғаны бір-ақ тамшы су екенін қайдан білсін. Оның сөзін естіп қалған шал жейдесінің өңірін ағытып тастап үстелдің арғы бетінен айқай салды:
— Мәртебелі мырза! Көмекке қол ұшын беріңіз! Сізді әкемдей көріп мынау жалшым туралы шағым айтқым келіп отыр. Анау тұрған, әнеки, анау тұрған Геврасий Афанасьевич Куликов туралы! Ол мені аяқ аттатпай қорлап, өлтіретін болды! Ол..
Шалдың сөзін бөліп, кеукеулеп зорға жұбатысты. Байқұстың көңілі босап көзіне жас алды, жұрт жабылып жорта болса да қадір тұтқан соң балаша қуанып сабасына түсті. Гевраська қабырғаға сүйеніп қырын қарап сіресіп тұр еді. Басының тым кішкентай екенін шал енді байқады, қарақұсының қобыраған бір құшақ қара шашы желкесін жауып кетіпті, егер қырқып тастаса кәлласы бұдан да кішірейіп жұмыртқадай-ақ болып қалғандай екен-ау деп ойлады. Анға шығамын деп күн жалап, желқақты болып қалғандықтан беті шырыштанып, әр жеріне қоңырқай секпіл түсіпті. Шал оған сескене, үреймен көз қиығын тастап қойып, былайғы қонақтарға өтірік жайдары кейіп танытты:
— Жарайды, мен бұған кешірім жасайын. Бірақ сол үшін, қадірлі қонақтарым, мен сіздерді үш күн жібермей күтемін. Ешқайда жібермеймін. Әсіресе кешкілік кетіп қалмаңыздар. Қалай күн батса, не болғанымды білмей қаламын: үрей буып, мұң басады. Аспанды бұлт торлайды. Трошкин орманынан тағы да француздың екі боно-партшыларын ұстапты дей ме? Мен міндетті түрде кешқұрымда өлемін, осыны ұмытпаңыздар. Мұны маған Мартын Задека айтқан... Бірақ ол таңғы елең-алаңда өлді.
Шал айтқанына көндірді: "сол үшін" көп жұрт қонып қалды; кеш бойы шай ішілді, қайнатқан жидекте қисап жоқ және неше түрлі, кел-дағы татып көр, одан тағы да үстел жасалды, шырақтың көптігі соншалық, сәулесі айна біткеннің бетінде жалтылдап, бөлме нас сайын жарқырап тұрды, иісі танау жаратын қымбат темекінің өзі неге тұрады, күбір-күбір көңілді әңгіме, құдды шіркеу салтанатындай алтынды сары сағым. Ақыры қонған соң алда тағы да жырғап жататын бір күн бар деген сөз, әрине, әуресі мен азабы да жеткілікті: егер Петр Кикиллыч болмағанда дәл осындай тамаша мейрам кімнің ойына келіпті, дәл осындай қызықты да бай дастарханды кім жасағандай!
— Солай, солай! — деп күрсінді шал түн ішінде түнемел бөлмесінде жейдесін шешіп, шырақ алдында әулие Меркурийдің суретіне қарап. — Солай, солай, ажал күнаһардың етегін түреді... келер күннің қаһарынан сақта!
Ертеңгінің қамын ойлаған шал әлдебір тапсырманы ұмыт қалдырдым ба деп түнімен ұйықтаған жоқ. Әдетте той-думаннан кейін тым-тырыс қалатын бөлмелер әлі де темекі иісіне тұншығып тұр екен, ертесімен жалаңаяқ ақырын басып қонақ бөлмесіне шықты, жол-жөнекей үстел үстінде шашылып жатқан ұсақ-түйекті жинастыра балконның шынылы есігінен баққа көзі түскенде үһ деді: таңның мұздай салқын шапағы, балкон мен баспалдақ жақтауындағы мөлдіреген күміс шық төмендегі ұйысқан бұталардың қоңыр жапырақтарынан да мөлт етіп төгілейін деп тұр екен. Көкірегін кере дем алып еді, күзгі бұтаның борсыған қышқылтым иісі мен келер қыстың белгісіндей шыңылтыр ауа кеңсірік жарды. Тырс еткен дыбыс жоқ, табиғаттың таңдай қақтырар салтанаты. Көкжиектің әлі көріне қоймаған, деревня сыртынан сыздықтап келе жатқан күн шапағы аллеядағы жапырағы жартылай түлеп қалған ақ балтыр қайыңдардың ұшар биігінде жүр, алтынның қылауын сепкендей сол сары жалқын сәуле ағаш басын нұрға бөлеп, көңілге қуаныш ұялатқан. Балкон астынан бір ит шыға келді де тұз сеуіп тастағандай сірескен бозқыраулы шөпті бытырлатып желе жөнелді. Сол тықыр қыстың аязын есіне салды да шал тітіреніп бөлмеге қайта кірді, еденді сирағымен сүзген ауыр үстел мен орындықтарды дыбысын білдірмей ретімен қоя бастады, анда-санда айна бетіндегі аспан суретіне қарап қояды. Кенет мысықша еппен басып Гевраська асығыс кіріп келді, жейдесіз, кейін өзінің айтуынша "албастыдай ашулы". Келді де сыбырлап зеки жөнелді:
— Ақырын! Басқаның ісіне араласпа!
Шал оның бетіне таңдана қарады да кешеден бері, түні бойы көңілінен көше қоймаған жайдары үнмен баяу тіл қатты:
— Көрдік, Гевраська сенің кім екеніңді. Кеше мен кешіріп едім, ал сен рахмет айтудың орнына қожайыныңды...
— Доғар, тойдырып болдың! — деп Гевраська арс етті. — Түнерген күзден бетер былжыраған неме! Жібер!
— Жоқ, сен жібер! — деп шал да айқай салды. — Бүл үйдің иесі менмін! Сен мені өлтіретін болдың ғой! Бүйіріңнен қанжар сұғып алайын ба!
— А-а! - деп Гевраська тісін ақситып бір сәтке аңырып қалды да, көкіректен жұдырықпен салып жіберді.
Шал жылтыр еденнен тайып кетті де, қолы ербеңдеп, үстелдің қырына бар салмағымен соғылып ұшып түсті.
Қимылсыз бақырайған көз бен қисайған езуден жылтыраған қанды көргенде Гевраська ойланып жатпастан жалма-жан шалдың әлі жып-жылы мойнынан алтын крест пен шынжырлы алтын алқаны жұлып алды... жан-жағына алақтап саусағынан кемпірінің неке сақинасын да сыпырып, қонақ бөлмесінен сып етіп шықты да зым-зия жоқ болды.
Бұдан соң Суходолдан оны көрген жалғыз адам Наталья еді.
VII
Наталья Сошкиде тұрғанда Суходолда айта қаларлық үлкен екі оқиға болды: Петр Петрович үйленді, одан соң ағайындар ерікті болып Қырым компаниясына аттанды.
Екі жыл өткен соң ғана оралды: оны ұмытып та кеткен екен. Келген сон да Суходолды танымай қалды, Суходол да мұны таныған жоқ. Жаздың бір кешінде усадьбаның әдейілеп жіберген арбасы хутор лашығының алдына сықырлап келіп тоқтай қалғанда Наташа есік көзіне жүгіріп шыққан, Евсей Бодуля таңырқап:
Наташка, шынымен сенсің бе?! — деп айқайлап жіберді.
— Енді кім деп едің? — деп Наташа сәл езу тартып жымиды.
— Түрің тым өзгеріп кетіпті-ау!
Расында ол баяғы Наташаға ұқсамайтын: көзі жайнаған томпақ бет, шашы тұп-тұқыл қыз баланың орнында орта бойлы, мүсіні мінсіз арықтау келген сабырлы да мейірімі бетінен төгілген бойжеткен тұр еді. Үстінде халат пен кестелі жейде, басында қоңыр орамал, күн тиген бетінде бидай түсті секпіл бар. Әрине, ежелгі суходолдық Евсейге оның басындағы орамал, күнқақты жүзі, бетінің секпілі де ұнаған жоқ. Жол бойы:
— Мінеки, қызым, бой жетіп те қалдың, енді күйеуге тиетін шығарсың? — деп сұрады Евсей жол бойы.
— Жоқ, Евсей ағай, бай менің не теңім, — деп қыз басын шайқады.
— Ол ненің қуанышы? — деп Евсей аузынан трубкасын жұлып алды.
Қыз жайымен асықпай отырып түсіндірген болды: жұрттың бәріне бай табыла бере ме, оның үстіне мырза бикештің қолына апарып тапсырарсың, ал ол өзін құдайдың қалыңдығымын деп тантып жүр, демек маған енді байға тию жоқ, бұған қоса соңғы кезде қайдағы жоқ жаман түстер маза бермейтін болды.
— Сонда түсіңде не көрдің? — деп сұрады Евсей.
— Жай, әншейін қайдағы жоқ нәрсе, — дей салды Наташа. — Анада Гевраська мені қорқытып зәремді ұшырғаны, айтпаған жаңалығы жоқ, содан ойланғаным ғой... Соның әсері ме, түсім де бұзылды...
— Гевраськаның сендерге келіп тамақтанып кеткені рас па?
— Келген, — деді Наташа ойланып барып. — Мені сендерге қожайындар үлкен бір шаруамен жіберді, тек алдымен тойғызып тамақ беріңдер деді. Жолаушыдай күтіп алдына ас қойдық. Тойып алған соң далаға атып шығып маған көз қысты. Мен соңынан ергенмін, бұрышты айлана беріп бар шындықты жайып салды да тайып тұрды.
— Қожайындарға неге хабар бермедің?
— Айтарсың! Өлтіремін деп қорқытқан жоқ па. Кешке дейін аузыңнан үн шықпасын деді. Ал басқаларға амбардың астына түнеймін дей салған...
Суходолдың тірі жаны қалмай бұл келгенде өре түрегелді, құрбылары мен замандастарының сұрамағаны жоқ. Жаңа бір рөлін қызықтағандай бұл да қысқа жауап қайтарумен болды.
— Бәрі де жақсы, — деді, — Берем десе құдайдың қолы жомарт қой, бәрі де жақсы болды, — деді, ғұмырын құдды құлшылықпен өткізіп келе жатқан пендедей.
Келе салып қиналмай-ақ күнделікті шаруаға араласып кетті, тіпті атайдың жоқтығын да, жас мырзалардың соғысқа кетіп қалғанын, Тоняның "әуей" болып атасын қайталап бөлме-бөлмені аралап жүретініне де мән берген жоқ, Суходолдың билігі жаңадан келген, жұрттың бәріне жат, өзі буаз, өзі борсықтай семіз бойы бір тұтам пысық қатын екен, оғанда таңғалған жоқ. Түскі астың кезінде сол қатын:
— Шақырыңдаршы әлгі немені... Наташа ма еді? — деп айқай салды.
Наташа күттірмей сол сәтте-ақ жетіп барған, әуелі бұрыштағы құдай суретіне шоқынып, одан соң барыня мен Тоняға тағзым етті де, қалт тұрып бұйрық күтті. Әрине, әңгімеге шақырып жай сұрасқан барыня, Тоня есейіп қалған екен, танауы біздиіп тым жүдеп кетіпті, қарақат көзі бір түрлі тастай қатып бір ауыз ләм-мим деген жоқ. Барыня бұған Тоняның қасында боласың деп бұйрық етті.
— Құлдық! — дегеннен басқа бұл да сөзге келген жоқ.
Кешкілік Тоня тағы да сол тастай қатқан мұздай көзімен қадалып отырды да, кенет бас салып, шұлығымды жөндеп шешпедің деп Наташаның бір уыс шашын жұлып алды. Наташа балаша солқылдап жылаған, бірақ бір ауыз сөз қатпай құтылды; ал қыздар бөлмесіне келген соң сәкіге отырып алып жұлынған шашын тарқатып, кірпігіне ілінген көз жасын сүртпестен жатып кеп күлді.
— Ой, шақарын-ай! Күнім не болар екен? — деді өзіне-өзі.
Ертеңіне Тоня оянып алып төсегінде ұзақ жатты. Наташа есік көзінде тұрып қабағының астымен оның сұп-сұр жүзіне ұзақ үңілген.
— Түсіңде не көрдің? — деп сұраған ол немкетті, ол емес әлде біреу үн қатқандай болып естілген.
— Ештеме де...
Жынды қыз тағы да төсегінен атып тұрып бар пәрменімен кесені шайымен қоса Наташаға атып ұрды да етпеттей құлап еңіреп жылай бастады. Наташа кеседен жалтарып үлгерген -кешікпей жалтарып кетудің сан түрлі әдістерін де үйреніп алды. Артынан білді, "түсімде түк көрмедім" деген аңғал қыздарға Тоня: "Ең болмаса өтірік бірдеме айта салмадың ба" дейді екен. Наташаның өтірік айтуға икемі болмаған соң жалт берудің әдістеріне төселуден басқа амалы қалған жоқ.
Ақыры Тоняға емші алып келді. Емші оған толып жатқан дәрі-дәрмек берген. Әдейі мені улағалы жүр деп қорыққан қыз алдымен Наташаға зорлап жегізетін болды. Наташа да қарсылықсыз соның бәрін қылғыта берді. Жынды қыз Наташаны "жарық дүниенің сәулесіндей" күткенін ол келген соң біраздан кейін ғана білді: есіне түскенде екі көзі төрт болып Сошки жаққа қараумен зарығып, жұртты Наташаны көрсем болды, айығып кетемін деп сендіріпті. Наташа келді-ау, бірақ кездесу өте салқын болды. Бәлкім оның көз жасы көңілі қалғандықтан емес пе екен? Осыны ойлағанда Наташаның жүрегі езіліп сала берді. Дәлізге шығып кебежеге барып отырды да, көз жасын тыя алмады.
— Қалай, саған жақты ма? — деп сұрады бет-аузы домбыққан Тоня Наташаға келіп.
— Жақты, — деді Наташа сыбырлап қана, бірақ дәріден жүрегі лоблып, басы айналып отырса да, Тоняға келіп қолын қайта-қайта сүйіп алды.
Осыдан кейін басы салбырап, жаны ашығандықтан Тоняның бетіне тіктеп қарай алмай жүрді.
— Өй, көрінгеннің табанын жалаған хохлушка! — деп Солошка дейтұғын құрбысы бір күні қатты қорлағаны, қыздар бөлмесінде бірге тұратын еді, басқалардай емес ылғид а жан тартқансып жақын жүріп, бар құпия сырын сауып қалуға тырысқанымен қыз мінезіне сыйыспайтын жүре жауап, қысқа сөзден артық қанағат алған емес-ті.
Наташа кейіс кабақпен күрсінді:
— Онда тұрған не бар, — деді ойланып, — Дұрыс айтасың. Итпен құда болсаң тойыңда боқ жерсің деген... Мен кейде әке-шешемнен гөрі өзімнің хохолдарымды көбірек ойлаймын...
Сошкиде ол жаңа жұрт, жаңа ортаға онша мән бере қойған жоқ. Ертеңгі елең-алаңда келген, ағарып атқан таңда ұп-ұзын аппақ үй оған ерекше болып көрінді — тақтайдай жазықта күншіліктен менмұндалап тұрады екен, пеш жағып жатқан хохлушка жылы жүзбен амандасты да, хохол Евсейге құлақ та түрген жоқ. Евсей ауыз жаппай мырзалар, Демьян туралы, жол бойындағы ыстық пен қалада не жеп, не ішкенін де қалдырмай түгел көйітті, әрине, Петр Петрович жайын де, ұрланған айна хикаясын да майын тамызып тәптіштеді. Суходолда Борсық атанып кеткен хохол Шарый қайта-қайта басын шайқап, Евсей шаршап-шалдығып тоқтаған кезде жымиып танауының астынан: "бұрқырат, құйындат, борандат!" деп дауысын ыңылдата созды... Наташа бірте-бірте есін жиған кезде Сошкиді қызықтап, оның Суходолда жоқ тамаша көріністерін танып-біле бастады. Хохолдың бір ғана үйі неге тұрады — жұмыртқадай аппақ, шатыры жымдастырып жапқан теп-тегіс. Суходолдағыдай ыбырсыған көң-қоқыр да жоқ, үй ішінің мүлкі тап таза жинақы, көзге бай. Бұрыштағы қымбат фольгаға ораған бейнелер, соларды көмкерген қағаз гүл мен төбесіне ілген әдемі орамалдар ерекше көз тартады. Үстелге жабатын кестелі асжаулық ше! Пеш қасындағы сөреге тізген құмыралар қандай! Бәрінен де үй иелері ғажап адамдар екен. Шарый секілді таза киініп, таза жүретін салмақты да салиқалы мықты мұжықты өмірі көрген емес. Орта бойлы, күмістей шашын әдемілеп қидырып, басын шалқақ ұстайтын жан, тек қана мұрт қойған, онысы да күмістей боз жылтыр, татарлардікі сияқты жіңішке орақ мұрт, күн көзінен қоңырқай тартқан беті мен мойнында сирек әжім бар, соның өзі де сиық бұзбайтын қажетті нәрседей көрінген. Тым ауыр етіктен болар, жүрісі баяу, боз кенеп шалбарын қонышына тығып, дәл сондай жайма жағалы көйлегін ышқырланып жүретін. Жұмыс үстінде де оп-оңай еңкейіп-шалқая береді. Бірақ осы тұрпатының өзінде кәріліктің нышаны жоқ, жұрт секілді шаршаудың да, қажудың да белгісі білінбейді; кішілеу көзінің жанары өткір, қиығында қашанда кекесін жымиыс тұрады. Наташа оны қасында скрипкада ойнайтын баласы бар Суходолға кездейсоқ келіп кеткен серб шалға ұқсатқан.
Хохлушка Маринаны суходолдықтар Найза деп атайтын. Сырықтай ұзын бойлы елу жастағы сымбатты әйел. Суходол ұрғашыларының бет ажарына ұқсамайтын майда ғана бидай өңді, атжақты бет сүйегі ірі болғанымен өзіне жарасымды, қиқы-жиқысы жоқ көркем, сарғыш та емес, көкшіл де емес, мысықтың жанарындай сот сайын оңып тұратын көзқарасы ойнақы. Басында шөмеледей шашын бүркеген қызыл бұршақты сары жолақ қара орамал; қысқа ғана қара бешпент аппақ жейденің реңін ашып, сопақша келген мықынды середей тырситып тусыратып-ақ тұр! Жалаңаш аяғында нәлі қаққан башпақ, жалаңаш балтыры тырсиып тұрмаса да жұп-жұмыр, күн қаққан соң жылтылдап, бояп тастаған қоңырқай келсаптай көңілді ішіп-жейді. Жұмыс үстінде ара-тұра қабағын керіп қоңыр дауыспен Почаево қорғанысы туралы он салатыны бар:
Як зийшла зоря вечировая
Та над Почаевым стала —
Қатын құдай әулие монастырьді "сақтап қалғанда" деп сыңсытқанда даусында шерге толы мұң, сонымен қатар ересен күш пен қайрат, өрлік байқалатын, Наташа тапжылмай отырып одан көз алмай тыңдаушы еді.
Хохолдарда бала жоқ, Наташа болса да жетім. Егер екеуі Суходолда тұрғанда оны асырап алып, бірде мүсіркеп, бірде ұрлықшы деп көзін шұқыр ма еді? Бұлар тым салқын, бірақ сыйлауға келгенде біртоға, тергей бермейді, көп сөзге жоқ. Күзде қалуғалық қатындар мен қыздарды егін оруға алып келді, алабажақ сарафандарына бола оларды "желқом" атап кеткен. Наташка оларға жоламайтын: бейпіл жүрісімен, жұқпалы дертімен атақтары шыққан, емшектері иттің басындай, шетінен нойыс, былапыт боқтасып, содан рахат табатын, мақал-мәтелді суша сапырып, атқа еркекше отырып алады да жау қуғандай құйындатып жөнеліседі. Жыласа да, ән салса да ашық сөйлесетін бір жан болғанда Наташа шер тарқатар еді. Бірақ ақтарылатын, он салдыратын да ешкім жоқ. "Желқомдардың" даусы дөрекі еді, ән салғанда қосыла кетіп қышқырып, ысқырып дүниені басына көшіретін. Шарый әзіл мен биі аралас қалжың өлеңге әуес. Ал Марина тіпті сүйіспеншілікті айтса да әдептен аспайтын, әрі тәкаппар, ойлы, мұңды әндерді лайық көретін:
В кинди гребли шумлять верби,
Що я посадила —
Нема мого
Миленького
Що я полюбила...
деп даусын соза мұңмен бітіретін.
Наташа алғашқы қимас махаббатының ащы запыранын жалғыздықпен қиналып зорға тауысты, ұялған шақтарын, қызғанышын, кейде тәтті, кейде қорқынышты түстерін де, орындалмас арманы мен үмітін де даланың мылқау күндері жұтып қойды. Іштегі өксіктің ұйып қалған қордасы жиі-жиі жүрек жылуымен алмасып, құмарлық пен сезімнің арпалысы — көмпістікке айналды, сондағы бар тілегі — көпке білінбей, көзге түспей соның маңында жүрсем, жұрттан мәңгілікке жасырған, келер ғұмырдан ештеңе дәметпейтін, ештеңе талап етпейтін адами махаббатымды армандап өтсем деген қарапайым ғана тілек еді ғой. Суходолдан жеткен хабар-ошар да жоқ, Суходолдың күнделікті күйбең тіршілігін де сезіне алмай, өмірдің бар қызығы сонда қалғандай сағынышы жанын сыздатып, жалғыздықтан жарылып кете жаздады. Сөйтіп жүргенде Гевраська келе қалған. Асығып-үсігіп Суходолдың бүкіл жаңалығын ақтарып салды, басқалар бір күнде айтып тауыса алмайтын әңгімені ол жарты сағатта бітіріп, тіпті шалды қалай "итеріп құлатқанына" дейін қалдырған жоқ. Содан соң:
— Ал енді мақшарға дейін қош бол! — деді, көзінің қиығымен шаншыла қадалып, есеңгіреп тұрған Наташаға жолға шығар кезде айқайлап, — Болмасты көксеп миыңды шірітпе! — деді. — Ол бүгін болмаса ертең қатын алайын деп жүр, сен оған ашыналыққа да жарамайсың!.. Есіңді жи!
Есін жиды. Есін жидырған сұмдық жаңалық — төбесінен суық су құйғандай селк еткізген.
Бұдан соңғы күндер бірқалыпты белгісіз өтіп жатты; мынау кіре жолмен шұбырып, құдайдан басқаға құлшылық етпейтін діндар пенделердің ешкімге керегі жоқ, ешкімді керек қылмайтын бейкүнә, құдайдың өзін де зеріктірген үн-түнсіз тірлігі секілді; олар ара-тұра хуторға соғып дем алатын еді, Наташамен әңгімелесіп, төзімді бол, шыда, бүкіл үмітіңді құдай-тағаладан күт, бұл жалған дүниеде еш нәрсені ойлама деп уағыз айтатын.
— Ойла, ойлама, біздің қолдан келер дәнеме жоқ, ойлағаныңдай ешнәрсе болмайды да, — дейтін шарқайларын шандып байлап, бұлдыраған шексіз далаға мөлиген көздерін үмітсіз тастап отырып.
— Берем десе тақсыр құдай жомарт қой... қызым, көрсетпей екі-үш пияз жұлып берші...
Кейбірі күнаһар тіршіліктің ол дүниедегі тартар азабымен қорқытып, алда бұдан да жаман сұм заман келе жатыр деп зәреңді алады. Бір күні қатарынан екі бірдей жан түршіктірер жаман түс көрді. Жатса тұрса ойлайтыны Суходол, ойламасқа шарасы да жоқ.
— Тоняны ойлайды, атайды, өзінің келешегін ойлайды, байға тие ме, тисе қашан, кімге тиеді... Ойлай ойлай, ақыры сол ойлары түсіне енді... Қапырық күннің шаң бораған желді кеші екен, қолында шелегі, тоғанға қарай жүгіріп келе жатқан, кенет құмдауыт жағадан басы қазандай, түрі адам шошырлық ергежейлі шыға келгені, аяғында жұлым-жұлым жыртық етік, бас киімі жоқ, дудыраған шашы, өңірі ағытылып кеткен қызыл жейдесі желмен жалпылдап тұр. "Ата, өрт, өрт!" деп бұл айқай салып еді, "Қазір бәрін жалмайды!" деді ергежейлі мұжық даусы желмен жарысып, — "Ғаламат қара бұлт келе жатыр! Байға тиюді ойлама!" Тағы бір түсі бұдан да сұмдық: талма түстің шағында есігі жабық бір лашықта тұншығып тұр екен, бір нәрсені күткендей тапжылмай қатып қалыпты, бір кезде пеш қуысынан дәу сұр теке шықты да тік тұрып, көзі қызарып, мөлие қарап бұған еміреніп келе жатыр, әбден құтырынып алған, адамша сөйлеп: "мен сенің байың боламын!" деп төніп келді де артқы екі аяғымен еденді тарсылдатып, секіріп кеудесіне мінді...
Сеңкеде жатқан, атып тұрып, түсінен қорыққаны соншалық, қайда барарын білмеді, үй де тастай қараңғы, әрі бара қоятын адамы да жоқ, сасқанынан:
— Сақтай көр Исус! — деп күбірледі. — Сақтай көр, көк патшайымы қатын құдай! Әулиелер!
Әулие атаулы оған Меркурий секілді басы жоқ құбыжық болып елестейтін еді, одан сайын зәре-құты қашты.
Артынан түсін жорып отырып, менің қыз күнім өткен екен деп ойлады, тағдыр осылай жазған болар, әйтпесе ойға келмейтін арман-мырзаға ғашық болу мұның не теңі, жазмыштың әлі де талай тәлкегі бар шығар, сондықтан хохолдың төзімін, діндардың қарапайымдылығы мен көмпістігін тәлім тұтқан жөн болар. Суходолдықтар қашанда біреудің рөлін ойнауға құштар еді, қиялдағы бір нәрсені ойлап тауып алысады да соның орындалмайтынын біле тұра, солай болуға керек деп сенеді, Наташа да сол рөлге өзін көндірді.
VIII
Петров күндерінің қарсаңында Наташа табалдырықтан аттай беріп қуаныштан аяғын баса алмай қалды. Шаңға кептелген Суходолдың шиқылдақ арбасын көргенде Бодуляның өзіне келгенін сезе қойды; мұжықтың дудыраған басында жырым-жырым бөрік, күн көзінен қуарып кеткен ұйқы-тұйқы сақал, шаршап-шалдығып, әбден қажыған, мезгілінен бұрын мыж-мыж болып қартайып қалған бет-жүзі біртүрлі жексұрындау еді, жоны сатал-сатал, мойын жүні ыс басқан тауық қораның апанындай күлді-көмеш, Бодуляны да, бүкіл Суходол табиғатынан да айнымайтын сабалақ төбетті де таныды. Бірақ бойын тез жиып ала қойды. Қайтар жолда Бодуля аузына келгенін көкіді-ай келіп: Қырым соғысына бірде қуанып, бірде қарғап-сілей берген соң Наташа ақылгөйсіп:
— Мейлі, француздарды сөйтіп ауыздықтап қойған да жөн, — деп қайырып тастады.
Суходолға жеткенше ұзақты күн ерекше сезім үстінде отырды ескінің бәріне тың көзбен қарап, ежелден таныс туған мекеніне, өзінің өткен өміріне жақындаған сайын, өзгеріске тамсанып, таныстармен жүздескен сайын көңілі өрекпіп шыдамы таусылды. Үлкен жолдан Суходолға бұрыла бергенде осот өскен сүдігірде жабағы құлын шапқылап жүр екен: мойнындағы арқанға жабысқан жалаңаяқ бала бір аяғын сауырына артып үстіне секіріп мінгісі келеді, жабағы оған бой бермей тулап жүр. Баланыц Фома Пантюхин екенін танығанда Наташа керемет қуанып кетті. Жүз жастағы Назарушканы да көрді, бос арбаның үстінде кәдімгі мұжықтардай емес, екі иығы қушиып, қатындарша аяғын созып жіберіп бүкшиіп отыр екен, көзінде нұр да жоқ, дүниеге үмітсіз қарайды, жалаңбас, ұп-ұзын көнетоз көйлек, онысы пеш үстінде жата-жата сарғайып кеткен, жүдегені соншалық, "табытқа салар" да дымы қалмапты. Тағы да жүрегі шым-м етті — осыдан үш жыл бұрын жомарт та кеңпейіл дейтін Аркадий Петровичтің Назарушкаға дүрс салмақ болғаны есіне түсті, сондағы бар кінәсі бақшадан шалқамның жалғыз талын жұлып алғаны. Шал байғұс тамам жұрттың көзінше еңіреп жылағанда қожайын қарқылдап күліп:
— Жоқ, шалым, өтірік бақырма! — деген. — Дамбалды шешуге тура келеді. Енді құтылмайсың!
Таныс ауланы, қатар-қатар үйлерді, бақ пен үйдің биік шатырын, жалшылардың лашығы мен амбарды, атқораны көргенде жүрегі тарсылдап жөнелді. Сүттіген аралас қара бидайдың егіні іргеге тіреліп тұр екен; әлдекімнің қоңырала бұзауы сұлы масағын сауып жеп ортасында жүзіп жүр. Тұнып тұрған тыныштық, баяғы сол қарапайым тырпың тіршілік — арба кең аулаға шиқылдап кіргеннен-ақ осы бір көріністер санасына өшпестей қонақтап қалып еді: томпайған тас секілді тұмсығын бауырына тығып ұйықтап жатқан тазы ит, екі жыл лашықта өткен қайран бас сап-салқын үйге кіріп барғанда балауыздың, жөке гүлінің, ас бөлме жақтан аңқыған шыжық иісі танауын жарды, тер мүңкіген Аркадий Петровичтің ер-тұрманы қалай болса солай еденде төңкеріліп қалыпты, терезе маңдайына ілген бөдене торы бос тұр, атайдың түнемелінен кіреберіске шығарып тастаған Меркурийдің суретіне жалт етіп бір қарады.
Бақ жақтағы аласа терезеден түскен күн сағымы күңгірт залдың ажарын әжептәуір ашып тұр. Қайдан кіріп кеткені белгісіз, қонақ бөлмесінде шіби балапан безектеп жүр. Күн қарыған ыстық кәсектегі жөке гүлі қош иісін тауысып, солайын деп қалыпты. Осының бәрінен, әсіресе гүл иісінен қыз жанының балалық, бойжеткен шағының, алғашқы махаббатының елесі шаң береді. Бір ғана көңілінің құлазығаны — өсіп кеткендерді, өліп қалғандарды, өзгеріп кеткендерді аяды, солардың ішінде өзі де, Тонечка да бар. Құрбылары мен құрдастары дерендей. Бастары қалтылдап, көпшілік үйінің босағасынан өшіп бара жатқан жанарымен жарық дүниеге сығырайып қарайтын кәрі-құртаңдардың көбісі жоқ, бұл өмірден мүлдем озған. Дарья Устиновна жоқ. Атай да жоқ, марқұм өлім дегеннен балаша қорқушы еді — ажал шіркін адамды ақырғы сәтіне дайындаймын деп ұзақ қинайтын шығар деп, сөйтіп жүргенде шалғымен күзегендей қас пен көздің арасында отады да тастады. Енді мәңгілік жоқ дегенге, Черкизов шіркеуінің қасындағы томпайған мүрдеде шіріп жатқан сол дегенге сену қиын. Мынау танауы біздиген тыртиған арық қара әйел, бірде бейғам, бірде құтырып шыға келетін, кейде мылжыңдап көп сөйлеп, кейде тең-тұстасыңдай сыр тартатын, кенет бас салып шашыңды жұлатын жындыны Тонечка деуге де сену қиын. Бұл үйді бәкене ғана қара мұртты бая қатын неге басқарып жүр?.. Бірде Наташа оның түнемеліне сығалап қараған, қырсық боп жабысқан күміс қорапты айнаны көргенде өткеннің сағынышы жүрегін дір еткізді — баяғы қорқынышы, қуанышы, нәзік сезімі, әлдебір бақыт күткен шақтары, ымырттағы шыққа мелдектеген ошаған жапырақтарының иісі... Бірақ бар сезім, бар сағынышын көкейінде тұншықтырды. Оның тамырын бүлкілдеткен көне Суходолдың қаны еді. Суходолдың сортаң топырағынан жеген наны тым кермек-тұғын.
Кезінде ата-бабалары қазып, бүгінде кеуіп қалған тоғаннан татқан дәмінің тұзы кем, татымы күңірсік еді. Қамшыдан да, таяқтан да жасқанған емес, қорқатыны қорлау болатын. Күнделікті күйкі тірлік те жасытқан емес — тек төтен құбылыстан күдік алатын. Ажалдан да сескенген емес, бірақ түсінен секем алатын, тас қараңғыдан, дауыл мен күннің күркіреуінен, оттан зәресі қалмайтын. Әлдебір белгісіз қасіреттің келерін жүрегінің түкпірінде нәрестедсй үнсіз құпия сақтаған.
Ол соны күтумен қартайды. Оның үстіне жастық дәуренім өтіп кетті деп сәт сайын өзін сендіріп бақты, соған дәлел іздеумен болды. Суходолға келген жылдардың ауылы аулақ қалған, ол кездегі жастық сезімнен бүгінде ырым да жоқ, Суходол үйінің босағасын аттаған кез басқа еді ғой.
Клавдия Марковна босанды. Құс бағатын Федосьяны күтуші етіп тағайындады — әлі жап-жас Федосья кемпірдің қара көйлегін киген соң моп-момын діндар боп шыға келді. Езуінен сілекейі кеппей, мойыны былқ-сылқ етіп басын көтере алмай жатқан жаңа Хрущев бақырғанда үйді басына көшірді, шаранасы кеппеген шикі немені барчук деп дәстердей қылып, сәбилер бөлмесінен баяғы заманғы бала уатудың не түрлі сыңсуы басталды.
— Әне, әне, мөшек арқалаған бір шал келе жатыр!.. Әй, шал! Кірме бізге, саған барчукті бермейміз, ол енді жыламайды...
Наташа да Федосьяны қайталап, ол да күтуші болғансыды, ол да Тонечканың күтушісі екенін елдің есіне салды. Қыста Ольга Кирилловна қайтыс болды. Жалшылар лашығында өлім күтіп зорға жүрген лақса кемпірлерге еріп жерлеуге бұл да барған, аста берген дәмсіз, қант татыған бірдемені жеймін деп жүрегі айнып әбден мазасы кетті, ал Суходолға оралған соң көргенін жыр қылып, "марқұм құдды тірі адам секілді екен" деп жұртты аузына қаратқан, кемпірлер болса табытта жатқан пілдей өлі денеге көз тастауға да дәті бармаған еді.
Көктемде Тоняға Чермашный селосындаға атақты балгер Клим Ерохинді алып келді. Көршісі еді, әрі бай, әрі сымбатты: көкбурыл қаба сақалды, қайырып тараған көкбурыл бұйра шаш, шаруаға пысық, әр нәрсені ақылмен істейтін, сөзі қарапайым, бірақ дімкәстің қасында отырғанда мүлдем өзгеріп сала береді. Киімі де жұртта жоқ қымбат әрі тап-таза сәнді — қара сұр былғары күрте, қызыл белбеу, хром етік. Қулығы басым кішкентай өткір көздері ылғи да құдай бейнесін іздеп отыратын, бойын тік ұстап есіктен еңкеймей кіретін де әңгіме бастайтын.
Әңгімесі алдымен астық туралы, құрғақшылық пен жаңбыр жайында сөз қозғап, ақыры ұзақ отырып баптанып шай ішеді де, тағы да шоқынып алып, ең соңында сырқаттың жайын сұрайды.
— Күн еңкейді... ымырт түспей басталық, — дейді жұмбақтап.
Тоня безгек қысқандай қалшылдап Клим табалдырықтан қашан аттар екен деп түнемелде күтіп отырады; Наташа селкілдеген бейшараның қашан да қасында. Үй іші тым-тырыс, Клавдия Марковнаның өзі де қыз біткенді жинап алып сыбырлап қана сөйлесетін. От жағуға да, дыбыс шығаруға да тыйым. Клим бірдемеге жұмсай ма деп дәлізде отырған Солошканьщ да көзі қарауытып жүрегі аузына тығылатын. Қолында орамалға түйген әлдебір сүйегі бар балгер қасынан өте береді де кешікпей түнемелден таскерең тыныштықты бұзып:
— Тұр, құдайдың құлы! — деген қаһарлы дауыс естіледі.
Енді бір сәтте есіктен көкбурыл басын шығарып:
— Тақтай! — деп зірк ете қалады.
Тақтайды еденге тастап, көзі атыздай боп кеткен өліктей сұп-сұр Тоняны соған тұрғызып қояды. Көрдей қараңғыда Наталья Климнің бет-аузын да көре алмай әйтеуір алыстан жеткен даусын ғана естиді:
— Филат келеді... Терезені ашады... Есікті ашады... Қасірет, қасірет деп шақырады...
— Қасірет! Қасірет! — деп кенет балгер бар даусымен айқай салады. — Сен, қасірет, қара орманға кет! Сенің мекенің сонда! Теңізде, мұхитта! — дейді зілдене күбірлеп, — Теңізде, мұхитта, Бұян аралында салынды жатыр, салындыны жалбыздың түгі басқан...
Жан-тәніңді түршіктіріп сені дүлей де тағы дүниенің тұңғиығына алып кететін бұдан өткен үрейлі сөз жоқ шығар деп ойлайтын Наталья. Мұның сиқырлы күшіне сенбеске шарасы жоқ, кейде дімкәстерге зікірі жүретін Климнің өзі де кәміл сенетін болса керек, ұшықтап, ем-домын жасап болған соң кіреберісте орамалмен маңдайының терін сүртіп, тағы да шай ішуге кіріседі.
— Енді тағы да екі кеш қалды... Құдай қаласа ептеп жеңілдейтін шығар... Сударыня, биыл қарамық сеуіп пе едіңіздер? Жұрттың айтуынша биыл қарамық қисапсыз дейді ғой. Керемет көрінеді!
Жазда Қырымнан қожайындар қайтпақ-ты. Бірақ Аркадий Петрович ақша сұратып "қамсыздандыру" хатын жіберіпті, күзге дейін қайта алмайтын шығармыз, болар-болмас, бірақ ұзақ емдеуді қажет ететін Петр Петровичтің жарақатының жазылуын күтеміз депті. Петр Петрович жазылып кетер ме екен деп Черкизовадағы көріпкел Даниловнаға кісі салған. Даниловна билеп жүріп, саусақтарын сартылдатып жүріп бал ашқан болды, мұнысы қорқатын ештеңе жоқ дегендегісі еді. Осыны естіген соң барыняның көіңілі жай тапты. Тоня мен Натальяның оған мән беретін мұрсаттары да болған жоқ. Тонечка алғашында тәуір болып қалған сияқты еді, бірақ Петров күндерінің аяғында тағы да басталды: тағы да сары уайым, найзағай мен өрттің үрейі, жұртқа айта алмай жасырын күтіп жүрген небір пәлекеттердің қорқынышы ағаларын ұмыттырып жіберген. Қожайындар үшін уайым жеуге Натальяның уақыты да болған жоқ. Күнбе күн құдайға құлшылық еткен сайын Петр Петровичтің амандығын тілеп, осы әдет басы көрге жеткенше соның аруағын еске алатын дертке душар болды. Әзірге оған Тонечкадан жақын адам жоқ еді. Ал ол болса өзінің үрейімен, келе жатыр дейтін кесапатымен әбден миын ашытып бітті.
Жаз келді, алапат ыстық болып шаңнан көз ашылған жоқ, оның үстіне күнде нажағай. Ел ішін әр түрлі қорқынышты өсек қаптады тағы да соғыс болады екен, бүлік шығады, дүниені өрт жалмайды десті. Біреулер әне-міне мұжықтар бостандық алайын деп жатыр десе, екінші біреу керісінше, күзден бастап мұжықтардың шашын күзеп түгелдей солдатқа айдамақ деп соқты. Мұндайда қанғыбастар мен жарыместердің, монахтардың күпінің битіндей өріп кететін әдеті. Соларды нан-тұз, жұмыртқамен сыйлаймын деп Тонечка барынямен төбесуге дейін барды. Дроня келді — сидиған ұзын, шіп-шикі жирен, үсті-басы дал-дүл. Айықпайтын маскүнем, бірақ таптырмайтын музыкант. Ойға батқандай аулада бейғам келе жатып басын үйдің қабырғасына соғып алды да тарс кейін шегініп:
— Торғайларым-ау! — деп бажылдап, секіріп-секіріп қырық бұралып оң қолын күнге тосты. — Торғайларым көк күмбезіне зымырап көрінбей кетті.
Ауланың қатындары секілді Наталья да оған құдайдын құлын көргендей жанашырлықпен мүсіркей қарады. Ал Тоня терезеге жүгіріп барып, көзі жасаурап жылаңқы дауыспен айқай салды:
— Құдайдың құлы Дроние, мына мен күнаһар үшін де құдайға жалбарына салшы!
Бұл айқайдың артынан әлдебір жамандық күткен Натальяның көзі шарасынан шықты.
Кличина селосынан Тнмоша Кличинский де келді: тап-тапал, әйел мүсінді ырқылдаған семіз, омырауы қаптай, жыртиған жарымес көзді, жирен шаш, ақ жарғақ көйлек, жарғақ шалбар, семіздіктен ырсылдап зорға жүреді. Жорғалап баспалдаққа ентігіп жетті де түншығып, судан өліп-талып сүңгіп шыққандай сығырайған көзін жыпылықтатты келіп:
— Бяда! — деді ырсылдап. — Бяда!
Тимошаны жұбатып, тамақтандырып, одан бір жаңалық күткен. Бірақ ол дым сызған жоқ, танауы қорсылдап, аузы шалпылдап тамақ жеумен болды. Қарнын әбден кептеген соң мөшегін тағы да иығына асынып, таяғын іздей бастады.
— Енді қашан келесің? — деп айқайлады Тонечка.
Ол да шырылдап, Тонечканың аты-жөнін шатыстырып жауап берді!
— О, әулие Лукьяновна!
— Құдайдың құлы! Мына мен, Мария Египетская үшін құдайға жалбарына жүр!
Күн сайын жан-жақтан әр түрлі кесапат жайында өсек-аяң толассыз келіп жатты: бәрі де нажағай, өрт десіп қақсайды. Ежелден өрт десе зәресі зәр түбіне кететін Суходол қатты қорықты. Усадьба сыртындағы бидай теңізі қарақұрықтап, батар күнді бұлт басса, жел тұрып құйын соқса, бұл өңірге қатысы жоқ алыстан күн күркіресе болды, қатындар есік көзіне икон шығарып, өрттің бетін қайтарады деген ырыммен құмыра біткенге сүт құйып әлек. Ауладағы қалақай ішіне қайшы лақтырып, атам заманғы адыра қалған орамалдармен терезелерді қымтап, дірілдеп-қалтыраған қолдар балауыз шырақтардың тұқылын тамызып жатқаны. Әлде жорта жасай ма, әлде қорқыныш деген зауал мұның да зәресін алды ма, әдетте нажағайды "табиғаттың құбылысы" дейтін барыня да күн күркіресе болды шоқынып, көзін жұмып ойбай салатынды шығарды, одан сайын жұрттың үрейін ұшырып, 1771 жылы Тирольде болған сұрапыл найзағайдан жүз он бір адам майып болған деп көйітті. Ал тыңдаушылар оны қоштап өз білгендерін қосып қояды: бір білгіш, үлкен жолдың жиегіндегі зәулім ағашты қиратып кетіпті дейді, екінші көріпкел Черкизовада бір қатын сеспей қатыпты деп өзеурейді, қайдағы бір қосар жеккен үш ат жолда келе жатып серейіп қалыпты дегендер де болды... Осының үстіне енді Юшка деген біреу келіп қосылды, өзінің айтуынша "күнаһар болған" монах көрінеді.
IX
Юшканың шыққан тегі мұжық еді. Бірақ өмірі шырпы басын сындырған емес, ұшарын жел, қонарын сай білетін қаңғыбас, біреу берген нан-тұзды қырт әңгімесімен ақтайтын, онысы да өзінің жалқаулығы мен "күнәсы" жайында: "Бауырым, мен мұжықпын, ақылым жетеді, Бүкірден асып түспесем кем қалмаспын, — дейтін, — содан соң жұмыс істеп азабым не!"
Расында көзқарасында Бүкірге ұқсас бірдеме бар еді — жанары өткір, ақылдан да құралақан емес сияқты, бет-аузында қылтанақ жоқ, төс сүйегінің рахитке ұшырауынан екі иығын шодырайтып қомданып жүретін де тырнағын кеміріп отыратын, жирен шашын әлсін-әлі қайырып тастайтын шидей саусақтары қышқаш секілді өткір де қуатты. Жұмыс істеуді өзінше "жалықтыратын бос әуре" санайтын. Содан соң да Киев лаврасына барыпты, сонда "есейіп", кейін "күнаһарлық" жасағаны үшін қуып жіберсе керек. Сондағы ойлап тапқаны — әулие түнеген жерлерді аралап, пенделердің қу жанына араша түсу баяғыда қалған кәсіп, оның үстіне табысы да жоқ, ендеше басқа тірлікке көшу керек: шіркеу шапанын иығынан тастамастан өзінің қырсыздығы мен жалқаулығын ел көзінше мақтанышпен әйгілеп, темекі тартты, бөтекесіне сиғанынша арақ ішті, мес болғанша мас болмаймын деп тағы мақтанды, лавраны мазақ қылып, одан неге қуылғанын ыржалақтап, аузы-басын қисаңдатып көпке түсіндірген болды.
— Белгілі ғой, — дейтін мұжықтарға көзін қысып, — Белгілі ғой, мені, мына құдайдың құлын желкелеп қуып шықты. Содан елге, Руське қарай тарттым... Өлмейін деп.
Рас, далада қалған жоқ: бейбастақ күнаһарды Русь өзекке теппеді, әулиедей қабылдап, тамағын тойғызды, ындынын жібітті, тамсанып тыңдады.
— Сонымен өле-өлгенше қол қыбырлатпайтын болдың ба? — деп сұрайды мұжықтар шынын жасырмас па екен деп жымия еліктіріп.
— Жұмыс істеп жын қақты деймісің! Ерік өзімде, бауырым. Лаврдың сасыған текешіктерінен қуатым күшті! Маған қыз керек, қатындарға қарамаймын да, мені көрсе олардың зәре-құты қалмайды, бірақ іштей бәрі маған ынтық. Несі бар, жағым түсіп тұрған жоқ: түгім ұйпалақ болғанмен түбім мықты!
Суходолға келісімен тура екі туып бір қалғанын тапқандай тұп-тура үйге именбей кіріп келді. Наташа кіреберістегі сәкіде ыңылдап он салып отырған, Юшканы көре салып сасқанынан айқайлап жіберді:
— Ойбай, бұл кім?!
— Адаммын, — деді Юшка, қыздың бас-аяғын көзімен тінтіп шығып. — Қожайыныңа хабарла.
— Бұл кім? — деп сұрады залдан барыня да.
Юшка табан астында оны да сабасына түсірді, барыня расында оны қашқын ба деп қалып еді, еліме қайтып келе жатырмын, сенбесеңіз тінтіп көріңіз, содан соң тамақтандырып, аяқ суытуға рұхсат етіңіз деді. Үй иесін сендіргені соншалық, ертеңінде-ақ көпшіліктің тұрағына кіріп алып, осы үйдің өз адамындай еркінсіп кетті. Күн сайын күркіреп нажағай да өтіп жатты, ал ол болса жұртты әңгімесімен алдарқатып, нажағайдан сақтану үшін шатырдың булығын жаптырып тастады, аспан шарқ ете қалса, бұл да түк емес дегенді дәлелдеу үшін баспалдаққа жүгіріп шығады, қыздарға самауыр қойысады. Тілемсек көзінің уытын сезген қыздар оған жасқанып қарайтын, сонда да қалжыңына қарқ боп күлісіп жатқаны; Наташаны қараңғы дәлізде қайта-қайта тоқтатып алып: "бикеш, мен саған ғашық боп қалдым!" деген сөзін естігеннен бері қыз байқұс оның бетіне тіктеп қараудан да қалды. Жексұрынның тұла бойынан мүңкіген махорканың иісінен жеркеніп, жаналғыштан бетер қорықты.
Бір сұмдықтың боларын күні бұрын сезген Тоняның есігін күзетіп дәлізде жалғыз өзі жатушы еді, Юшка соны пайдаланып: "Келемін. Өлтірсең де келемін! Егер айқайласаң бәріңді дс өртеп жіберемін!" деп қорқытты. Бірақ оны бар дәрменнен айырған, миына сіңіп қалған бір сұмдықтың сөзсіз болары, әлгі бір қорқынышты түстің өңінде жақындап қалғаны, жазымыштан озмыш жоқ, түбі Тонечкамен бірге өлетін шығар. Үйді бір албастының жайлап алғанын осындағы жан біткеннің бәрі біліп қалды: өрт пен нажағайдан басқа да Тоняны түні бойы ыңырсытып, аһылап- үһілететін, одан жатып кеп бақыртатын бір тажалдың барын бәрі де біліп жүрді. Ол ылғи да "Эдемнің, Иерусалимнің әпжыланы мені буындырып жатыр!" деп жыламсырап шығатын. Жылан дегені сол албасты емес пе, әлде түн баласында қатындар мен қыздарға тыныштық бермейтін әлгі сұр теке ме екен? Жаңбырлы түндерде аспанның толассыз күркірі мен икон бетінде жалақтаған найзағай жарығында сумаң етіп кіріп келетін пәлекеттен басқа дүниеде қандай сұмдық бар екен? Өңмеңдеп тұрып, өлердей боп тұрып Наташаның құлағына сыбырлаған сұрқияның үні де адам даусы емес, оған қайтып қарсы тұра аларсың? Еденге тонын төсеп, қараңғы дәлізде жүрегі дүрсілдеп әр тықырға құлақ түріп, албасты қашан келіп басар екен деп елегізіп отырған сәттерде ол бойын жайлаған дерттің алғашқы белгісін сезіп еді: аяқ астынан тізесі дуылдап, тікен қадалғандай қара санына дейін шанышқылап, башпайлары табанына тартылып қалады да сіңірі сіресіп, тұла бойы шымырлап қатты қиналады, сол кезде Тонядан бетер бақырып жіберуге шақ қалатын.
Ақыры жанын күйзелткен азаптан қашып құтыла алмады. Юшка келді. Жаз аяғындағы, от құдайы Илья күндерінің қарсаңындағы сұрапыл түн болатын. Ол түні күн де күркіреген жоқ, Наташа да ұйықтай алмады. Енді ғана көзі іліне бергенде әлдекім бүйірінен түрткен сияқты болды да ұйқысы шайдай ашылды. Тас қараңғы еді, жамандықты тарсылдаған жүрегімен сезген. Атып тұрып дәліздің түкпіріне көз жүгіртті, екінші бетке бұрылды: қайда бұрылса да, жарқылдап көк күмбезін айқыш-ұйқыш қақ айырып, қызылды-жасылды от шашқан үнсіз аспан. Кіреберіс күндізгідей әлсін-әлсін жап-жарық боп кетеді. Жүгіре беріп жерге қаққандай тұра қалды: ауладағы терезе түбінде баяғыдан жатқан ақ теректің бөренесі аспан жарқ еткен сайын айнадай жалтылдайды. Сасқанынан залға қойып кетті: бір терезе ашық қалған екен, бақтың бір қалыпты шуылы естіледі, әйнек біткен жарқ-жұрқ, әп-сәтте қара түнек басады да әп-сәтте бүкіл дүние шақырайып барып өшеді, бүкіл дүние өстіп кірпік қаққан кезде түпсіз аспанның етегінен көкжиекті сыпырып жатқан ағаштардың ұшар бастары, қайың мен теректердің сүлдері көрініп қалады.
— Теңізде, мұхитта, Бұян аралында, — деп күбірледі де, кері бұрыла беріп сиқыршының былдырымен бір нәрсені бүлдіргенін сезді. — Сонда салынды...
Атам заманғы осы бір түсініксіз сөзді айтуы мұң екен, артына бұрылып, екі иығы одырайып қарсы алдында, екі адым жерде тұрған Юшканы көрді. Күн жарқ еткенде көзінің жиегі ноқталанып, сұп-сұр боп төніп келеді екен. Жалма-жан белінен шап беріп, қатты қысып шөкелетіп отырғызды да дәліздің тастай еденіне алып соғып қарғып мінді...
Юшка келесі күні тағы келді. Бұдан кейін де келіп жүрді, күн сайын келетін болды. Наташа қорыққанынан есінен танып, қаншама жеркенсе де қарсылықсыз жата берді. Қожайындардан да араша сұрамады, құл-құтандардың да қорғаныш бола алмайтынын білді, түні бойы албастыдан ләззат алған мырза бикештей еркімен көне берген, елдің айтуынша, ұрғашының көріктісі, қатал мінезді әжелері де есік көзіндегі Ткачқа қарсылық жасай алмаған деседі, ол неме де жұрттан асқан жексұрын, ұры болған екен, ақыры Сібірге айдалып кетіпті... Юшка ақыры Наташадан да жеріді, Суходолдан да жеріп, күндердің күнінде ешкімге білдірмей зым-зия жоқ болды.
Бір ай өткенде жүкті боп қалғанын сезді. Ал қыркүйекте, жас мырзалар соғыстан қайтқанның ертеңінде Суходолдың үйі өртеніп орнымен тып-типыл жанып кетті: сонымен ол екінші түсін де өңінде көрді. Өрт жаңбырлы күннің ымыртында басталып еді; Солошканың айтуынша, шүйке секілді домалақ қып-қызыл от атайдың түнемеліндегі пеш көмейінен атып шығып, секіріп-секіріп бүкіл бөлмелерді аралап кетіпті. Ал Наташа будақтаған түтінді көре салып моншадан жан ұшырып жүгірген, көзінің жасын көл қылып күні бойы сонда отыратын әдет шығарған, кейін, бақ ішінен қызыл дембелше киген басында айдарлы қазақ бөркі бар әлдебіреуді көріп қалдым, қалың бұта мен ошағанды қақ жарып қашып бара жатыр екен дегенді айтты... Рас па, әлде көз алдында ербеңдеген елес пе, оны Наташаның өзі де қанықтай алмады. Әйтеуір анығы — сол бір үрейлі түні жарық дүниеге келер құрсағындағы нәрестеден құтылып тынды.
Сол жылдың күзінен Наташа мүлдем семіп қалды. Күйбең тіршілікке отығып алған қайран бас сол тіршіліктен қашан көз жұмғанша құтыла алмады. Тоня апайды Воронеждегі атақты тәуіпке апарған. Содан бері албасты да оның маңына жоламайтын болды, содан бері ол да көптің бірі болып ғұмыр кешті — есінің ауысқаны тек жанарының жарқылынан ғана білінетін, өте салақ, күн бұзылса шамкөс, немесе мұңға батып отырғаны. Оған еріп Наталья да тәуіпке барған, бұл да адамша орнығып, айықпайтын шарасыз дерттен мүлдем құтылған сияқты. Петр Петровичтің бет-жүзін қалай көремін деген уайымнан-ақ жаны шығып кете жаздайтын. Соған қаншама дайындалғанымен өрекпіген көңілі тыныш таба алсашы. Юшка, қарап жүріп қарабет болғаны, нәрестенің шетінеп кеткені... Сол өлімнің, жанын жартыкеш қылған азабының, бүкіл қасіретінің дәл сол күнге тап келгенін қайтерсің; тәуіпке барған соң тек ел-жұртқа ғана емес, Петр Петровичтің көзіне де саспай, сабырмен қарауға тәңірім жазыпты. Тоня екеуіне бір құдайдың бұйрығы осылай болғаны да, енді неменеден жасқансын! Воронежден келгенде көмпіс те момын көп жалшының бірі болып, көмер алдындағы мәйіттей жуылып тап-таза қалпында аулаға кірді де бірден еркін барып Петр Петровичтің қолынан сүйді. Жаһұт жүзікті жұп-жұмсақ нәзік саусақтарына ерні тигенде ғана сонау бойжеткен қыз шағы есіне түскендей бір сәтке жүрегі дір еткен.
Суходол тіршілігі жалғаса берді. Бостандық жөнінде әр түрлі сыбыстар келіп жатты, қожайындар да, деревня да қобалжысып отырған: алда не күтіп тұр, жақсылық па, жамандық па? Жаңаша өмір сүру айтарға ғана оңай. Байлар да жаңаша өмір сүруі керек екен, ал олар ескіше де ебін таппаған. Атайдың өлімі, одан соғыс, одан бүкіл елді бөрліктірген комета, одан өрт, одан бостандық туралы бопса — осының бәрі мырзалардың ниетін, жан дүниесін де өзгертіп жіберді, жастығынан, бейғамдығынан, өжеттігі мен кешірімшілдігінен айырды, өшпенділік, салбөкселік әкелді, соның салдарынан өзара кикілжің басталды: әкеміздің айтуынша, "берекесіздік" үстел басындағы ұрсысқа дейін апарды... Қырым, өрт, борыш шайқалтып кеткен шаруаны қайткенде де қалпына келтірудің қажеттілігі туды. Сол шаруаға келгенде ағайындар бір-біріне кедергі жасағаннан басқа түк бітірген жоқ. Бірі жөнсіз сараң, қатал, күдікшіл, екіншісі — есепсіз жомарт, қайырымды, сенгіш. Ақыры ақылдаса келіп, әйтеуір табыс кіргізетін бір кәсіппен айналысалық деген шешімге келісті: имениені кепілдікке салып үш жүздей өңшең өлмелі арық-тұрақ жылқы сатып алысты — Илья Самсонов деген бір сығанның көмегімен бүкіл уезден жинаған еді. Жылқыны қыс бойы бордақылап, жаз шыға қымбат бағаға сатпақшы болатын. Бірақ ұшан-теңіз үн мен сабанды шығындағаны бар болсын, көктем келе бірі қалмай қырылып қалды...
Ағайын арасындағы кикілжің онан сайын насырға шапты. Кейде жанжал аяғы пышақ пен мылтыққа жармасумен аяқталатын. Мұның немен бітерін кім білсін, егер Суходолға тағы бір зауал тап келмесе. Қырымнан келгеніне төртінші жыл толғанда Петр Петрович қыстың күні Луневодағы бір ашынасына кетіп қалған. Сонда екі тәулік бойы арақ ішіп, мас күйінде кері қайтқан екен. Қар қалың болса керек, жеккендері пар ат, жолдың ұра-жырасы үрдесінге толған. Петр Петрович қарға малтығып келе жатқан асау құнанды қатардан ағытып шананың артына жетекке байлатыпты да, өзі басын солай қаратып ұйықтап қалыпты. Қас қарая тұман қалыңдай түскен. Ұйықтар алдында Петр Петрович: "Айда!" деп Евсей Бодуляны құйрықтан бір теуіпті. Соңғы кезде көшірі Васька қазақтың орнына Евсейді алып жүретін болған, өйткені сотқарлығымен жұртты ығыр қылған көшірі жол бойы өлтіріп кете ме деп қауіптенген. Бишік тиген соң дүптегі жуан кері ат буы бұрқырап, көкбауыры қорсылдап, ауыр жолды бұза тұман басқан йен даланың тұңғиығына ала жөнеліпті... Түн ортасында, Суходол қалың ұйқыға кеткенде Наталья жатқан кіреберістің терезесін әлдекім тарсылдатып қаққан. Наталья сәкіден атып тұрып жалаңаяқ күйінде баспалдаққа жүгіріп шықты. Есік алдынан екі аттың қарасын, шананың нобайы мен қолына бишік ұстаған Евсейді көрді.
— Сұмдық, қызым, сұмдық! — деп есі кеткен Евсей міңгірлеп тұр. — Қожайынды ат өлтіріп қойды... қосардағы... шауып келе жатып тұяғымен... бет-аузынан түк қалған жоқ... денесі суып барады... Тек мен емес, Христос куә, тек мен емес!..
X
Наталья баспалдақтан үн-түнсіз түсіп, қарды жалаңаяқ кеше шанаға таянды да тізерлеп отырып шоқынды, сосын қан жапқан мұздай басты құшақтап сүйе бастады, бақырып жылап, бүкіл усадьбаны басына көшірді.
Қаладан әбден зерігіп, қаңырап қалған Суходолға демалуға келгенімізде Наталья өзінің өксікпен өткен өмірі жайлы хикаясын қайта бастайтын. Кейде көз жанары өшіп, даусы бірте-бірте бәсеңсіп бірқалыпты сыбырға көшеді. Ылғи да менің көз алдымда жалшылардың ескі үйінің бұрышындағы әулие Меркурийдің бейнесі тұрады да қояды. Басынан кешкен оқиғаның куәсі ретінде кесілген басын қолына ұстап жерлестеріне келіпті...
Ескінің көзіндей болған азғантай заттардың өзінен де бүгінде дым қалған жоқ. Сурет те, хат та, тіпті күнделікті майлық боп жүрген ескі-құсқыдан да аталарымыз бен әкелеріміз біздерге ештеңе тастамапты. Ал барының өзі өртке кеткен. Осыдан жүз жыл бұрын итбалықтың терісімен қапталған көне сандықтың жұрынтығы кіреберісте жұлым-жұлым болып тұрушы еді, кезінде Карелия қайыңынан жасалған атамыздың шіркеу мен француздың күйелеш кітаптарын салатын суырмалы кебежесі екен, ыс пен балауыз мүңкіген қаңсық ағаш кешікпей бұл да жоғалды. Зал мен қонақ бөлмесіндегі абажадай ауыр жиһаз да қирап бітті. Үй тозып, шөгіп барады. Соңғы оқиғаға дейінгі ұзақ жылдар оның созылмалы дерттей сүйретіліп келіп зорға өлгенінің куәсі еді... Оның өткен-кеткені енді бүгін аңызға айланып отыр.
Суходолдықтар қараңғы да мылқау түкпірде өмір кешті, бірақ қилы-қилы тіршілігі, өзіндік дәстүрі, бойына шақ дәулеті болды. Сол қилы-қилы тіршілігі мен соған лайық көмпістігіне қарағанда бұл бір бітпейтін өмір сияқты көрініп еді. Бірақ ежелгі көшпелілердің ұрпағы заман құбылысына қарсы тұруға "осал", икемге оңай жығылатын жұрт еді. Дала төсіндегі соқа түрені тегістеп кеткен саршұнақтың төмпешік ініндей біздің көз алдымызда суходолдықтардың ұясы да бір сәтте жоқ болды. Тұрғындары майып болды, жан-жаққа тарап кетті, басқалары жарық дүниедегі қалған күндерін қалт-құлт жалғастырған болып жүр. Біздің көргеніміз тірлік те емес, өмір де емес, жартылай тағы күнкөріс жайында естелік. Дегенмен біз жыл өткен сайын туған өлкемізге барып тұрдық. Жыл өткен сайын ол бізді бөтенсіп, біз де өзіміздің шыққан тегімізбен байланысымызды ұмыта бастадық. Көптеген руластарымыз мына біз секілді текті де көне тұқымнан. Біздің есімдеріміз жылнамаларда да жазылған; бабаларымыз воевод та болған, "атақты адамдар" да бар, тіпті патшалардың да жақын серіктері, кейбірі туысқандары да болып шығады. Егер батыста туып, серілер әулеті атансақ, өткенімізді қолмен қойғандай қанықтап, тарих бетінде ұзағырақ қала тұратын ба едік?! Серілердің ұрпағы айналдырған жарты ғасырда тұтас бір сословие жер бетінен құрып кетті, тумай жатып жоғалды, жынданып кетті, ішіп кетті, өзіне-өзі қол жұмсады, қалғаны ізім-қайым қайда жүргені белгісіз деп айтпас еді-ау! Мына біз секілді, бабамыз түгілі кешегі атамыздың өмірі хақында тинәмдай болса да хабарымыз жоқ, күн өткен сайын осыдан елу жыл бұрынғыны көз алдымызға елестету қиын болып барады демес еді ғой!
Лунева усадьбасы тұрған жер баяғыда жыртылып егінжайға айналған, соқа түренінде кеткен мұнан басқа да талай имениелер толып жатыр. Суходол әйтеуір қалт-құлт етіп өлместің күнімен тұр. Бірақ бақтағы ең соңғы қайыңды жығып, егіндік жерді пышақ үстінен кесіп сатты да қожайынның өзі — Петр Петровичтің ұлы да кетіп қалды, естуімізше теміржолда кондуктор болып істейді деседі. Суходолдың ең соңғы кәрі-құртаңы — Клавдия Марковна, Тоня апай, Наталья бақиға аттанар күнін тосып жүрген сияқты. Көктемді жаз, жазды күз, күзді қыс алмастырды... Олар есептен де жаңылған секілді. Ермегі өткеннің естелігі, ұрыс-керіс, уайымы ертеңгі күннің бір үзім наны. Бұрынғы шалқардай усадьбаны жазда мұжықтардың қара бидайы қамап алады да жалғыз үй солардың ортасында сопайып тұрады. Бұта-қараған, бақтың жұрнағы жабайы боп кеткені соншалық, бөденелер балконның астынан бытпылдайды. Жаз дейді ғой! "Жаз бізге жұмақ емес пе!" дейді кемпірлер. Суходолдың жаңбырлы күзі мен қысынан ұзақ күндер жоқ. Қирап бара жатқан үйде тоқтық та жоқ, оттық та жоқ. Қасат қар жым-жылас көміп, сармат желі өкпесін тесіп өтеді. От сирек жағылады. Кешкілік терезеден жылтыраған болар-болмас жарық қана көрінеді, бұл да кәртамыш барыняның бөлмесіндегі, жылы деген жалғыз тұрақтың қаңылтыр шамы. Бөлме иесінің үстінде келте тон, аяғында пима, шұлығын тоңқаңдап көзілдірікпен зорға тауып отыр. Сұп-суық ағаш төсекте қалғып-шұлғыған Наталья. Ал сібір шаманына ұқсаған Тоня апай өз тамында, аузында трубка. Ұрсыспаған күні Клавдия Марковна қаңылтыр шамын үстелге емес, әйнек кәсегіне қоятын. Тоня апай мұздай суық бөлмесінде қарсыдан түскен сол шамның өлеусіреген сағымында отырады, маңайы ескі жиһаздың сынықтары, кираған ыдыстардың қалдығы, бір жағында ақсақ пианино қисайып жатыр. Там тауыққорадан да суық еді, осыны қайтсем жылытамын деп Тоня апай башпайын да үсітіп алды.
Қазір Суходол мүлдем қараң қалды. Осы жылнамада аталғандардың бәрі өліп бітті, кәрі-құртаңдар да, көршілер де. Бәрі. Кейде, япыр-ау, солар бұл дүниеде болып па еді деп те ойлайсың.
Тек келіп кеткенде ғана олардың болғанын сезінесің, тіпті етене жақын, туысқаның екенін мойындайсың. Бірақ ол үшін шыдам керек, таныс молалардың басында отырып ойлануың керек, егер онда да таба алсаң ғана. Айтуға ұят, жасыруға да болмайды: атамыздың, әжеміздің, Петр Петровичтің мүрделерін біз білмейміз. Білетініміз — Черкизово селосындағы көне шіркеу алтарінің маңында жатыр. Қыста ол жерге жете алмайсың, кешсең омбы қар кеңірдегіңнен келеді, тек қасаттың астынан шошайған крестің ұшын, шанжау-шанжау бұтаның шашағын ғана көресің. Жаз айларында деревняның шаңға бөккен йен көшелерінен өтіп, шыжыған күн көзінде қалғып тұрған қаракөк шыршаларының көлеңкесіндегі шіркеудің қашасына атыңды байлайсың. Ашық калитканың ар жағында, күмбезін тот жеп қойған аппақ шіркеудің маңайы қалың тоғай — сарағаш, үйеңкі, сәмбі тал, не түрлі ағаштардың арасы жанға жайлы қоңыр салқын. Бұта-бытқылды, шөп басқан төмпешіктер мен шұңқырларды, жаңбырдан мүктеніп, жерге сіңіп кеткен құлпытастарды аралап ұзақ жүресің... Мінеки, екі-үш темір ескерткіш тұр. Бірақ кімдікі? Жазуын оқу да мүмкін емес, қаңсыған темірдің беті қап-қара. Атамыз бен әжеміз қай төмпешіктің астында жатыр екен? Бір құдайдың өзі білсін! Әйтеуір осы тұста болуға тиіс деп жорамалдайсың. Отырасың, ойланасың, баяғыда ұмыт болған Хрущевтердің бейнесін елестетуге тырысасың. Ол заман бірде күні кеше ғана өткендей, бірде тым алыста қалғандай болып көрінеді. Сонда іштей қуанып:
— Бұл қиын да емес, тіпті түк қиындығы жоқ! — дейсің өзіңе-өзің. — Тек ұмытпайтын бір нәрсе, мынау көгілдір аспанның астындағы қисайып қалған крест ол кезде де болған, анау аптап жазықта ол кезде де бидай өскен, мына бұталы бытқыл сонда да көлеңкелі қоңыр салқын еді... бұталы бытқыл арасындағы тұяғы жарық, қапталы қаңылтыр боп кеткен ақбоз тырақы сол кезде де оттап жүрген...
Васильевское селосы. 1911.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі