Өлең, жыр, ақындар

Сыйлашы жұлдыздарын жанарыңның...

новелла

Көкжиек қызыл шымылдық қымтана бастады. Сол шымылдықтың етегіне оранып, маужырап қисаюға айналған бүгінгі күнмен екеуіміз үнсіз ғана қоштастық.

Аспан ашық, ауа тымық еді. Тымық ауа күндізгі шіліңгір ыстықтан іш тартып, енді бойына қоңыржай леп сіңіре бастаған сыңайлы.

Артымыздағы ауыл кешкі қарбаластың быжынаған шуына қанығып, бұл күнді де ризалықпен ұзатып жатыр. Машинаның гүрілі, сиырдың мөңіреуі, үйрек-қаздың қаңқылы мен «әукім-әукімдеген» әйел дауысы бейбіт кештің құлаққа етене құжынаған ырғағы. Әне, ауыл шетінде велосипедтерінің рулі батар күнмен жалт-жұлт ойнап, безіп бара жатқан балалар, алаяқ торысын жетектеп, өзенге еңкейген менің атам.

Төбесіне қара түтін лақтырып, шайқалақтаған «Беларусь» қырдан ылдилады. Шөптен ерте қайтқан тракторшы бүгін бір жақсылап тынығайын деп аптығып келе ме? Мүмкін, оның көңілін дәйектетпей қуалап әкелген алып-қашпа жүріс көршіміздің күлімкөз, қызыл шырайлы қызына деген азын-аулақ сағыныштың садағасы-ақ шығар. Тұтасып кеткен шаруа науқанының жігін тауып, еншілеген өлшеулі уақытын жүрекпен жазып, жанымен оқыр сыршыл шаққа ғана бағыштағысы келе ме?

Біз екеуміздің де жұмыс уақыты аяқталысымен, аптығып келіп асыға табысқанымыз әлгінде ғана. Қысқа ғана тіл қатысқаннан кейін, сұқтанған көген көздерден аулақ ауыл сыртына, кеңпейіл табиғаттың мамыражай төріне және ең бастысы сол табиғат-ананың аясындағы тыныштық әлдиіне асыққанбыз. Бет алғанымыз — селдір-селдір талдардың арасы.

Аттаған сайын қоңырқай балтырыңды әбден пісіп, бүршіктенген шөп бастары қағады. Түбінен бір буып, бос тастаған қолаң шаш екі жаурынға кезек аунап, тыным таппаса, сыртқа қашқан бірен-саран талдары құбыланың қызылын жұтып, құбылып қалады. Мен үшін осының бәрі сән, осының бәрі жазылған ән сынды.

Тұла бойың кешкі арайға малшынғанда, езуінде қауыз жарған гүл-жымиыс шаршаңқы жанымды жадыратып, көтеріңкі көңіл-күймен қауыштырды мені.

Осы жұпыны қалпыңда-ақ ет жүрегімді исіндіріп, бұйығы сезімге «әуез тамызып», тек жақсылыққа талпындыратының қандай тамаша.

Балапан қиялдарымды баулап, сезімімді күнәсіз кештің сәби жырларымен сусындатасың сен.

Сенің балғын мүсініңді көзіме қанар жалқы көрініс етіп келе жатып, ой құшағынан одағай шыға алсамшы. Бәрі басқаша басталып еді-ау!

... Оқуға түсе алмасам да, қалаға байланып, екі жыл сандалдым. Ауылға құрқол, салбырап қайта оралудан қаймыққандық емес, қызығы мен шыжығы жетерлік шаһар өмірінен шеттегім келмеген. Мен ғана емес, оқуға түсе алмай, ауылдан оқшауланып шыққан талай жас сіңіп кетіп жатқан жер. Жұмыстан да береке таппай, қашанғы жүрерім белгісіз еді.

Ауылға баруға мүлде құлықсыз едім. Қаладағы бір қадірменді ағайдың айтқанынан шыға алмадым. Сыйлайтын адамым қой, көкейіме қонбаса да, берген ақылының ығында кеттім. «Екі жыл текке сенделгенің жетеді. Ауылға барып, құрыса бір жыл жұмыс істе. Сосын сол жерден жолдама алып, ауылшаруашылық институтына кел. Еңбекпен жеген нанның дәмі өзгеше болады. Бұлғақтама, жөнел». Амалсыз жолға шығуға тура келді.

Ойда-жоқта салаң етіп жетіп келгенім үй-ішін елең еткізді. Әке-шешеме аман оралғаным шүкіршілік. Не оқуға түсе алмай не дым бітірмей, босқа уақыт өлтіріп, құнсызданған сүлдерімді қайта көрсеткеніме әсіресе інім ренжулі. «Неменеге қаңғисың, түк бітірмесең. Елді ұятты қылғанша».

Сөйтсем мақтаншақ неме жолдастарына «ағам қалада, үлкен оқуда» деп, дабырайтып жүреді екен ғой. Мен келіп, оны жерге қаратыппын. Онымен қоймай, бел шешіп қара жұмысқа кіріспекпін.

Әкемнің де реніші біртоға мінезімен қымтаулы екен, сыздықтатып шетін шығарғаны. «Бала, сымпиып кейпіңе келіп қалыпсың. Бәсе, неғып қаладан шықпайды бұл азамат десем, әлеулайым болуға талап қылып жүр екенсің қой. Әке-шешенің тапқан-таянғанымен бұзықтыққа жетіп болсаң, тірлікке кіріс енді».

Дау айтуға дәрмен қайда? Шет жағалап кеңсе, мекеме маңынан жұмыс іздеген болдым. Ыңғайлы орын табылмады. Кімнің баласы екенімді, қайдан келгендігімді білісімен-ақ, үсті-басымды көздерімен шимайлап, тайсақтай береді бәрі. Тікмінез біреулер көмейіндегісін ірікпей, бетіме салық қылды:

— Енді мұнда жетпегені — сен сияқты селтеңбай еді. Әке-шешенің арқасында қиындық көрмей, қалада өсіп ең. Жеңіл жұмыс істегің келеді, ә? Мұндағы жұмыс саған қол бола қояр ма екен?

Менің қағаз қызметін қарастырып жүргенімді білгенде әкемнің қысық көздері өңменімнен өтіп, зәрленгені-ай! Даусы да мұнша ащы болар ма:

— Әй, енді қалмағаны осы ма еді? Бәленшенің ұлы қалада қаңғып жүр деген ат алғанымыз аз болғандай. Айналып-үйіріліп жаманатың бізге шоқпар болып тиеді жер ортаға келгенде. Қиқаңды қой да, ел құсап қара жұмыс істе. Бәлем, қолыма тидің, енді табаныңды тіліп тұрып, айдаймын. Осыдан көр де тұр. Ойыңа кіріп-шықпайды екен еңбек ету. Осы жасқа келгенше өбектенгенге тойынған екенсің...

Әке ашуының көптен запыран болып, кеудесін қыжылдатып жүргені анық. Мінді үнсіз мойындап, бас шұлғи бергеннен бөтен амал жоқ. Басыма бастапқыда келгені — «Не болса да, айтқан жеріне барайын, артын көре жатармын» деген ой ғана.

Осы жасқа келгенше бұл менің ауыл жұмысына алғаш араласуым еді. Мектепті қаладағы интернатта бітіргемін. Оқуға түсе алмай, әскерге аттандым. Қайта келген соң қалада қалып тағы екі жыл сандалғаным рас.

Не оқу, не жұмыс жоқ болып көше таптаған көп күндерім мұндағы елдің ойына кіріп-шықпаған оқиғаларға толы. Бұл уақыттың ішінде бір жұмыстан шығып, екіншісіне кіріп, өзім сықпыттанған сері жігіттердің желеуінде қаншама қаңғырдым десеңізші. Үй ішін оқуда жүрмін деп алдаған кезім есіме түссе, жерге кірердей боламын әлі де. Әйтеуір қысылғанымда тарықтырмаған - ата-ананың ай сайынғы қаражаты. Ол қаражатты қыздармен қыдырып, жолдастармен ішіп, судай шашқанымнан да бұл кісілер хабарсыз. Бір-екі рет ессіз қалып, айықтырғышқа түскенім, топ төбелеске қатысамын деп, он бес тәуліктік түрмеде түгендеп шыққаным да әлі беймәлім болуы керек.

«Ауылдың жұмысы не тәйірі. Бұл бас — не көрмеген бас. Үйреніп аламын» дегенім астамшылық екен. Мен келгенде жұрттың бәрі шөп шабу науқанына жұмылдырылыпты, әкемнің сілтеуімен шабындықтан бір-ақ шыққам. Бригадир «тепсе, темір үзетін тың азамат келді» деп жонымнан қақты да, айыр темірді ұстатты қолыма. Міндетім — престелген бума шөптерді тракторға тиеу. Келдім де, қатулы қарттың ырқынан шыға алмай, қара жұмысқа кірістім. Екі жылғы селтеңбай тірлік бос белбеу етіп жіберген бе, қара жұмысқа да қарайып қалыппын. Алдымен шөп тасушыларға қосылған. Бума көтеріп, тіркемеге тиеуден-ақ титығым құрыды.

Өзім сияқты жігіттердің қалай төтеп жүргенін қайдам, намысқа тырысып, төрт күнге әзер шыдадым. Бел мен білек сыр берді алдымен. Алақаным да күлдіреп ойылып түсті.

Бесінші күні сынған айырды сылтау етіп, бригадирмен боқтастым да, сызып бердім. Үйге барғамын жоқ. Әке сыры белгілі. Шеше де қайбір жетісер дейсің.

Ақыры оншақты күн қаңғып жүріп, аудан орталығындағы жылжымалы құрлыс бригадасына кірдім. Онда да әке ашуынан қорыққандықтан. Арнайы мамандығым жоқ болса да, әскерде құрылыс жұмысында істегенім бар.

Қара жұмыстың аты — қара жұмыс. Мұның да жеңіл ештеңесі көрінбейді. Әйтеуір, көбіне түзде жүріп, елді мекеннен тыс жердегі қыстау, қырман, база сияқты оқшау объектілерді жөндеуден өткіземіз. Елсіз далада кірпіш көтеріп, лай илеп жүріп, мұндай сорлы қылған тағдырыма назаланып, лағнет айтамын. Бұрын да боқтампаз едім, енді тіпті нағыздың өзі болып алдым. Қалалық ақшыл өңім күреңітіп, модалы ұзын шаш білте-білте болып, ұсқынымнан да айырылдым.

Өмірімде тұңғыш рет еңбек қиыншылығын, тіршілік тауқыметін тарттым. Аз күнде азып-тозып кеткендей сезіндім. Алғашында тырмысып-ақ едім. Қалай екенін қайдам, ел қатарлы қимылдасам да, тез болдырттым. Болдырған соң, қозғалуға да құлқың кемиді. Бір-екі рет «жалқаусың» деген сөзді естіп, кекселеу бір жұмысшымен түс шайысып алдым. Өліп-талып, енді болғанда бұл жерден де тайып тұрсам қайтеді деп ойлай бастағанмын. Арты не боларына көз жүгіртпестен, ойға алған нәрсемді дереу іске асыра салу — қалыптасқан әдетім.

Совхоздың көкөніс еккен бақшасының басындағы қалқиған жалғыз тамды жөндеуге кіріскенбіз. Күн торғайдың миы қайнаған шіліңгір. Ай дала. Әшейінде төніп тұрған таулар да бұлың-бұлың сағымға іріп, көкжиекке қарай жүзіп кеткен. Совхоз орталығы сонау ойда. Одан бергі алқап — бөлімшенің бау-бақшасы. Қошқыл жапырақтардың арасында қалқып, шөп отап, жеміс түптеп жүрген әйелдер.

Көптен табиғаттың бел ортасында болып, бой үйретпегендік пе, көз жетерлік кеңістік тым кеңейіп кеткендей. Далиып, көкжиекті әрі тартқан байтақ әлемде қайнаған жанды тіршілік осы маңайда ғана қалған сыңайлы. Қаншама мың адам қаптап келсе де, мына жалпақ жазира жым-жылас сіңіріп алып, төңіректі иесіз етіп көрсететін секілді.

Уақыт кері шегініп, мені тарихтың қайдағы бірі артқы белесіне шығарып тастағандай. Әр сағатынан ғасыр тынысы, дүбірлі өмір арыны адуындаған қала, цивилизацияның өміршең өзегі мүлде сезілмейді. Жанталасқан тоқтаусыз қозғалыс, құбылған алуан түс пен қилы дыбыстар ырғағын аңсап, көңілім құлазыды. Быжынаған тіршілік дүбірі әлдеқайдан әбден талып естіліп, еріксіз елегізітеді.

Қаланып жатқан қабырғаның күннен таса көлеңкесін пана тұтып, есінеп отырғанымда, қиялымды баурап әкететін — тағы да қала тірлігі. Кеберсіген таңдай бұлақ бастауының мұздай суын місе тұтпай, қашаннан дәмдес сыралғы сыраны көксейді. «Шіркін-ай!», -деп ойлаймын қалқа болар қауқары жоқ тамның түбінде күнге шыжғырылып отырып. — Неменеге сандалып келе қалдым екен мұнда? Өзімді өзім азапқа байлап беріп... Қазір ғой, қаладағы достарым Маркел мен Рафик қыздарды қасына алып паркте жүр... Ал сен энтузиаст отыр осылай сорың қайнап!».

Терезенің кәсегін қиыстырамын деп жатып, бармағымды балтаға жаншып алғаным. Терісі мылжаланып, қан қақсады. «Осыны сылтау етіп, кешке қайтайын, — деп шештім. — Сонан соң бұл жерді желкемнің шұқыры көрсін!»

Пұшайман болған бармағымды шүберекпен орап алып, ілбіп қозғалғансып жүрдім.

Күн тақ төбеден шақырайғанда бақша жұмысшылары түскі тамаққа қайта бастады.

Асты шифер лапастың астында ішеміз. Құрылысшылар бір бөлек, бақшашылар бір бөлек. Манадан бір жағы өзегім талып, әрең отыр ем, әйелдердің келе жатқанын көріп, бұрынырақ орын алуға ұмтылдым. Менің жаланып жетіп келгенімді аспаз әйел жаратпады. Ыдыс сүртетін орамалмен лапас астындағы шыбындарды желпи жүріп, көз қиығын қиғаштай тастады:

— Немене, әкетіп бара ма? Алдымен ана бақшашылар ішеді. Еркек басыңмен итініп келіп тұрғанын. Қатыннан арман әлжуаз болармысың.

Анадай жерде ошарылып тұрған жігіттер сылқ-сылқ күлісті. Өздері де тықыршып тұр, сонда да әдеп сақтаған түрлері.

— Ол — городской. Байқап сөйлеңіз, апай.

— Е, городской болса, одан әрмен. Бәсе, шашы жалбырап... Онан да мына баспананы бітірмеймісің. Елдің жатар орны жоқ.

Шыдауын әрең шыдадым. Шаршаңқы кейіпте әйелге бұрылдым да:

— Көп айқайламаңызшы. Менің шаруам жоқ онда. Қазір тамақ ішіп аламын да, кетемін, — дедім салғырттау ғана. Ақырын айтсам да, ермек қып екеумізге қарап отырған құрылысшылар да елең ете қалды. Наразы болатыны белгілі. Құрылыс бітпей, кім жібере қоюшы еді мені.

— Не болып қалды? — деп, шар еткен үн аспаздікі.

Одырайып маған қарап тұр.

— Саусағын ауыртып алып еді. Соған бола! Хе, хе.

Мұртты құрылысшы мазақ қылғандай кеңк-кеңк күлді. Өзгелер де ілесе жымыңдайды:

— Әшейін айтады. Қалжыңы ғой...

— Қараңыз да тұрыңыз, қалай кетпес екем. Ауырып әкетіп барады. Жібермейміз дейді еще!

Қиқарлығым ұстап, қиқайып отырмын. Әлгінде ғана осы маңда менен жаман адам жоқтай біраз жерге апарып тастаған аспаз әйел орамалын желпіп, қасыма жетіп келді. Қоңырқай қатпа өңі сараң тершіп, кішірек көздеріне шіліңгір ыстықтың бір тамшысы дарығандай, жылып қоя берген:

— Қай жерің, қане, көрсетші.

Мен кір шүберекпен добалдай ғып ораған қолымды жеңіме басып, далдалаған болдым.

— Бұны ауырсынатын кім деп тұрсыз? Бірақ, кірпіш көтеруге жарамайды.

Әйел қоярда қоймай орауды шешіп, еті мылжаланған бармағымды көрді.

— Қазір марганцовкамен жуып, орап берейін, — деді сосын. Сол екі арада бақшашылар да шайынып, үздік-создық бері қарай беттеген. — Бұрын мұндайды көрмеген бота тірсексің ғой тегі.

Аспаз тамақ қамымен болып кетті де, бригадиріміз маған шұқшиды:

— Әй, сенің жаңағың не сөз, ойының ба, шының ба?

— Сізбен ойнап маған не көрініпті. Дәрігерге қолымды көрсетем. Екеуіміздің керілдескен үніміз столға жайғасқан әйелдердің де

назарын аударды.

— Не боп қалып еді? — деген әуесқой сыбыр да құлаққа тиіп жатыр.

Жаңағы аспаз сорпа-суын таси жүріп, дауыстап қояды. Сөз мәніне қарағанда енді мені жақтаса қалыпты.

— Өздері жетпегендей қолы ауырған баланы да жұмысқа қуалап...

— Қайтер дейсің!.. Ер жігіт. Істесін. Мына қыз бала құрлы жоқ па? — деді толықтау кексе әйел. — Таңертең тәпкімен аяғын ұрып алып еді. Демал десек, болмай, ақсаңдап жұмыс істеп жүр. Қалай өзі әлі ауырмай ма? — деп орындық шетінде бір қырын жайғасқан қара қызға бұрылды. Жасы менен кішілеу болар, қысықтау көздерін мен жаққа елеусіз тастап, орамалын желпінген күйі басын шайқап қояды.

Бәріне қолды бір сілтеп, кете берер ме едім, қайтер едім, егер де сол жерде сен кезіге кетпесең.

Жаншылған бармағымды сылтауратып, қасымдағы жігіттерге кететінімді сездіріп ем, наразы үндерден бас көтере алмай қалдым.

Бақшашы әйелдер де бейсаубат керіске әуестене зер салды:

— Мына қыз құрлы жоқ па? Сомадай болып алып, қарашы өзін. Жібермеңдер. Құрығанда жатын орынды жөндеп кетіңдер.

Мәселе мен күтпеген жерден аяқ астынан шешіле кетті.

Түс қайта мен ішіне шаң толтырып салдырлаған Уазик машинасының ішінде селкілдеп кетіп бара жаттым.

Бригадир екі күнге жіберді. Сөз ләмінен белгілі болғандай, оның түпкі мақсаты мені қайырып әкеліп, қайтадан жұмысқа қосу. Машинаның мені селкілдетіп отырып әкеліп, тастап кетуге тиісті жері — совхоз орталығындағы дәрігерлік пункт. «Иә, әкеңнің басы, барар Шөдең ол фельдшеріңе. Машинадан түскесін, шаңымды бір-ақ бұрқ еткізерімін» деген ойды бригадирге айтып жындымын ба?

Айтпақшы, манағы аяғын жаралап алған қызды да менімен бірге машинаға салып жіберген. Жолға шыққаннан кейін неге екенімді білмеймін, манадан ширығып тұрған жүйкем босап, өзімнен өзім көңілденіп сала бердім. Көңілденгенім сондай — көлік ішіндегі тағдырлас бойжеткенмен тіл қатыса бастадым. «Бойжеткен» дегенге аһ бір сұлу екен деп, үміттеніп қалудың керегі шамалы-ау осы. Әкетіп бара жатқан ештеңесі жоқ, ауылдың кәдімгі тәмпіш танау, бидай өңді қызы. Бидай өңді болғанымен, күнге күйіп, жел қағып дегендей, бетінің әр жері қарала-торыалау көрінді. Тек көз тоқтатуға жарайтын мүшесі— үлкендеу қоңыр жанарлары. Әуеліде маған ұзын кірпіктері бұзаудікі сияқты көрінетін. Енді қарасам, ештеңесі жоқ, кәдімгі қою кірпік. Бірақ неге екенін қайдам, өзі ұялшақтау. Ұялшақ адамдар көбіне тартыншақ келеді ғой, жаңа әйелдер жабылып жүріп, өзін машинаға әрең міңгізді. Сондағы уәжі: «Бармай-ақ қояйыншы, өзі-ақ жазылып кетеді». Мені ғой, бригадир жібермей жатыр, ал мына қыз болса, кежегесінен кейін тартып, осынау ит байласа тұрғысыз айдалада өл десе, соны орындай салуға құлшына ұмтылатын түрі бар. «Дәрігерге көрінбесе болмайды, гангрена болып кетсе, қайтесің? Сенің жарақатың үшін мен басыммен жауап беремін» деп тұрып алды бақшашылар бастығы. Бірдеме етіп мына уазикті шақыртқан да сол көрінеді. Міне, қайырымдылық деп осыны айт, біздің бригадир ғой, жұмысшыға жаны бар адам деп емес, тек қара күштің иесі өгіз деп қараудан арыға бара ма десеңші.

Бір қоста бес-алты күн бойы қатар еңбек етіп жүріп, осы қызды неғып байқамағанмын? Өзі былай ажары орташа, қалпы бостау, момақан болса да, адамға жұғымы бар жан ба деймін. Әлде осылайша тым жақын қатар отырып қалғаннан кейін бе екен?

Әйтеуір онша жарасып кетпесек те, екеуіміз әңгіме тиегін әжептәуір ағытып тастадық. Бізді арлы-берлі лақтырып әкеле жатқан шоқалақ жолдың тез бітіп қалғаны әлде сондықтан ба екен?

Уазик шоферының:

— Әй, сачоктар, түсіңдер! — деген жарқышақтау даусы шыққан кезде шаң басқан әйнектен сыртқа қарай сығаласам, ауыл ортасында тұрған сияқтымыз. Тіпті дәрігерлік пункттің тура алды болмаса неғылсын. Манағы «Түскеннен кейін бір жөнімді табармын» деп, өзіме өзі берген уәдемнің қайда кеткенін білмеймін, бір кезде қарасам, Арыскүлге (тәмпіш танау қыздың аты ) ілесіп, мен де дәрігерлік пункттің ішіне кіріп кетіппін.

— Сіз бірінші кіріңіз, — дейді қыз мені алдыға жіберіп. Баяғы ұялшақтығына басып именіп тұрғаны белгілі. Жұрттар жақтырмай, көкжалқау, сачок деп кемітсе де, жігіті атым бар емес пе, әйел баласының алдына түсіп, мені не қара басыпты.

Қолымды тазалатып, байлатып, қайта шықсам, дәлізде бірге келген тағдырлас бойжеткеннің көлеңкесі де жоқ. «Мені тосуға ұялып тайып тұрған ғой. Әлде түсінігі осындай топастау ма екен? Сау бол деуге де мәдениеті жетпегені ме?» деген оймен, сыртқа шықтым. Жан-жағаыма қарап шамалы тұрдым да, ілби басып жүре бергем. Сөйтсем, анадай жердегі шағын дүкеннен шығып Арыскүлім келе жатыр. Жаралы башпайлары ауырта ма, аяғын бір түрлі имене басады.

Кейін білдім, қыз мені тосып тұруға шынында да ұялып, әдейі дүкенге кіріп кеткен екен ғой. Соның ішінде тұрып, көзінің бір қиығымен дәрігерлік пункттің есігін күзеткен. Оны маған кейін Арыскүл емес, дүкенші әйел айтты.

— Қане, маған сүйеніп жүр, — деп, қызды қолтығынан демеп, икемдей бердім. Сол-ақ екен, қолын шоқ басып алғандай ары қарай шоршып түскені. Екінші қайыра талап қылғанымда:

— Арман, керегі жоқ. Ауыл іші ғой, жұрт көріп қояды, — деді шынымен қысылған түр танытып. Жаңағы қолына тиген шоқ енді алыстан шарпып кеткендей лез арасында бидай өңі қызғылттанып шыға келді. Менің ықыласыма бар берген жауабы — қолындағы түйіншегін ұстатқаны.

Бірі қолын, екіншісі аяғын ораған екі жаралы ауылдың шаң басқан көшесімен асықпай аяңдап келеміз. Абырой болғанда, көшеде ошаң еткен тірі жан көрінсе неғыл дерсіз. Жан-жағыма жіті көз тастап келемін. Бір кезде анадай жердегі көлденең қисық көшеден бір арбалы қиыстап өте берді. Боқтампаздықтан әбден жуандап кеткен зор дауысымды аяймын ба, айқайлап, солай қарай тұра жүгірдім. Қалпақ киген екі бала екен, өздері пысынап терлеп отыр, біреуі күнге әбден тотығып, қап-қара болып кетіпті.

Арыскүлді арбаға демеп отырғыздым да, делбені алып, қағып-қағып жібердім...

Қаладан жаңа келген жігіттердің бір әдеті — аяқтарының басы қайқайып, ауыл қыздарын менсінбей қалады ғой. Шәрлі жердің көлеңкеде өсіп, тал бойын күтумен айналысатын кербез сұлуларымен салыстырады да, ауылдың шаруа баққан балпыаяқтары көздеріне тым жадағай, жұпыны болып көрінеді. Мұны айтып отырған себебім — өз басымда бар жағдай. Дала қосында жүріп алғашқыда Арыскүл сияқты қыздарға анадайдан пысқырып қарамауымның себебі де осында жатыр-ау.

Сол күні кешкісін Арыскүлдің үйін төңіректедім. Бригада басына қайта келуіме кім себеп болғанын ондағыларға жария етпегенім ақылдылық болды ғой деп ойлаймын.

Екеуіміз кешкісін қыдыруға шығамыз. Қыдырғанда қаладағыдай мұнда саябақ немесе гүлзар бар дейсің бе? Үсті-басымызды шыбын-шіркейге, масаға шақтырып, пісіп кеткен шалғынды жапыра әрлі-берлі жүре беретініміз сондықтан.

Көкірек қамауында дүбірлескен қос жүрек өзіңдік ділмен екеуара ғана үндесіп, ұғысып жатқандай. Байып батқан күн сұлудың құбақан нұрын ашқарақ аспан жұтып қоймай тұрып, келбетіңнің көз қуандырар құдіретіне қанып қалмаққа тырыстым.

...Көңіліне келмесін, керемет дейтіңдей көрікті емес едің. Ер атаулы ессіз емірене, еріксіз тамсана сұқтанар үр сипатты сұлулық үстірт қана сылап-сипап өте шығыпты. Ұшыратқанымда — алғаш айқын аңдай алмаған екенмін: болмыс-бітімің, жүріс-тұрысың жасаңдылық атаулыдан алыс, көңіл иітер ізеттілікке бейім екен. Мен сол жолы сенің тұла бойындағы бұйығып жатқан, селқос сезімді сергітіп жетер әдеміліктің негізін тек жұғыса келе, түсінгенімде, қайран қалғаным жадыма оралса, қазір де қарадай қысыламын.

Сені ұшырату арқылы мен өзімді өзім енді танығандаймын. Баяғы ұрда-жық сотқар, парықсыз да жауапсыз Арман қайда кеткен десеңші. Менің осы аз уақытта өзгеріп шыға келгеніме себепкер жан... енді осыны атап айту керек пе? Сені қаншама жақсы көрсем де, жігіттік намыс дегеннің желкемнен тартып жібермей жатқанын көрмеймісің. Кейбір жігітсымақтардың сезімталдығына жоғарыдан мысқылдай қарап, мимырт тіршіліктеріне, мияулаған қалыптарына мысқылдай күлуші едім. Енді келіп сол кепті өзім кигенім қалай?..

Жұмсақ жымиыспен шырайланған күнқақты өңінде әлі оянбаған уыз таңның шапағатты тазалығы тұнып тұр екен. Қазақ қыздарының көбіне тән дөңгелек жүзінің қызғылтым әрі шымылдығына әлгінде ғана жасырынған күн сұлудың аманат жұғыны іспетті. Күн ұзақ далада жүріп, қарасуыққа қақталған бетіңнің ұшы аздап жарылыпты.

Қолыңды ұстадым: қара жұмыс қажаған алақандарың қатқылдау, әрі ыстық та: сен дәл осы тұрған қалпында да мынау күллі тірлік иелерінің бастау-байлығы табиғат ананың өз алақанында әлпештеп өсірген аяулы бойжеткенісің. Осы жұпыны күйінде-ақ маған қымбатсың.

Еңбек есейткен қимыл-қозғалысың көктемнің көкірек сарайыңды ашар ерке самалындай желпінген еркіндікке толы.

Сен күлсең, маржан тістеріңнің арасынан шадымандық әуезін айналаңа шашу етіп, алаңсыз ақтарасың. Жадырап атқан көктем таңындай жан қуантар сәтіңнің бірі осы.

Сен қабақ шытсаң, нөсер үйірген қара бұлттай қошқыл түске қасындағыларды да амалсыз кіріптар етесің. Қысқасы, бар бітімің ару табиғатпен ажыраспастай болып астасып жатқандай көрініп едің маған.

Егер қазіргі күн мен түн орын алмасып жатқан бейуақ шақта да жалт беріп жоғалсаң, төңірек өгейсіп, елегізіп қалардай.

Кеш аунап барады. Бейуақ шақтың салқын самалы шайып, тоңази бастаған білегіңе алақанымды жылжыттым: терісі шытынап, жарылса да, түрпідей жайсыз тиген жоқ. Керісінше, жұмыспен жұмырланған қонырқай білек қуатты қарапайымдылықты, қарапайымдылықтың сұлулығын ұрандамай, ұяла жария ететіндей.

Кешкі тылсым шақтың қымсыныңқы құпиясын көмкеріп үлгерген қою кірпікті жанарларың жігіт бойындағы жалған, лақпа сезімдерді жұлып тастау үшін жаралғандай еді.

«Асылы бояуға үйірсек болу сұлулық мұқтаждығынан туатын құбылыс-ау» деп ойладым мен. Жігіт жанын жадыратар табиғи тазалығыңа /ол тазалық дегеніміз сұлулық серісі емес пе/ опа-далапты жуытпай, аман сақтағаның үшін; жан дүниенді жасаңдылыққа жаулатып алмай, ақ шаңқан қалыпта кірпияз күткенің үшін; адамгершілік асылдарын шашау шығармай, пәктік шарасында мөлдіреткенің үшін... үздіге ынтықпасқа, ынты-шынтыммен рухани байлығыңа ұмтылмасқа шарам қайсы?

Ымырт үйірілді. Кеш артын қуалай жүгіріп еткен сусыма самал сылаң қағып барып тыншыған. Қоңыр кештің аспан етегінде аялдап тұрған соңғы шұғыласы түн аранына жұтыла беріп, жақұт жұлдыздар шашты.

...Осылай тура берсек деп ойладым. Сені сүймей, тіпті құшырланып құшақтамай да, ашық әлемді жамылған күйі екеуіміз ғана егіз тұра беруге құлықтымын. Дәл қазір қандай да бір қимыл жасасам, осы әдемі күйді күйретіп, тұнық сезімдерді шайқап алардай шайлығатын секілдімін. Бар бітірген шаруам түнгі қарашықтарға имене үңілгенмін: төбемізден быжынап төніп тұрған сансыз жұлдыздың қос ұшқыны жанарында дірілдеп тұр екен.

Жеңіл ғана күрсіндің де, басыңды иіп әкеп, кеудеме тапсырдың...


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар