Біздің Баубек
— Мұқа, өз замандасыңыз Баубек туралы не айта аласыз? — дегеніме жалт қараған қарт ойланып отырып қалды. Өзінен-өзі іштей күбірлеп, анда-санда «иә, Баубек туралы ғой» деп маңдайын сипағыштап қойып отыр. Шашын, қас-қабағын күміс қырау шалған кісінің маңдайынан шып-шып тер де шықты. Көзі сәл жасаурап, екі иығын қомдай қозғалып, бір нәрсеге тықыршыған сыңай байқатады.
— Ол менің бауырым ғой, бауырым. Осы жерде оның аты аталу мені қазір бұдан жарты ғасыр бұрын ұмыт болып кеткен балалық шағыма қайта оралтты. Әркім өзінің қатарымен ғой. Қазір әр жерде қалған кетік тістей сирей бастаған тұстастарым бар. Бірінің күні кешегі сұрапыл соғыста, кейбірінің ағынды өмір бұрылыстарында кезден ғайып болғанын да білемін. Расында Баубектің қатары, тұстасы, құрдасы, көз көргендері дейтін біздер азайып барамыз, — ол тағы бірсыпыра үнсіз қалды. Әр сөзін санап, толғанып сөйлейтін кісі екен. Тіпті асығар емес. Тұнық әр кез сабыр сақтап тұратын қоңыр көзін маған қадап алған:
— Біздің Баубек жібектей созылған салмақты мінезді, барынша ақ жарқын жан еді, — деп әңгімелеп кетті ол одан әрі. — Әке-шешесі де қалтқысыз, басқаға дегенде құрақ ұшып тұратын ақ көңіл кісілер болатын. Бұлқыш сөзшең, орып сөйлейтін, ауызының желі бар сөзуар адам еді. Бұлқыштың сол мінезінен бе, әлде барын дастарқанына төгіп, базарлай білетін Бәтима жеңгейдің кең қолды сақылығынан ба, әйтеуір ол үйге кісі үйір еді. Шаруашылығының жұпыны кедейлігіне қарамастан, Баубектің үйі әр кез сондай берекелі, көңірсіп тұрумен де қонақжайлы болатын.
Баубектің әкесі сөзуар болса, шешесі Бәтима да әзіл-кеш, ойын-сауықта көңілді отыруды ұнататын ашық жанды кісі болды. Ол кезде сирек болса да болып тұратын ойын-тойдың гүлі еді. Шырқап салған әні әлі құлағымнан кетпейді. Бәтима жеңгей ән шырқағанда, таңдайын қақпайтын, тамсанбайтын кісі болмайтын. Сондай әке-шеше Баубегің де кең пейілді, өнер құмар, сүйкімді азамат етіп есіруге тырысатын-ды.
Мен Баубекпен катар өстім. Бір жылда туған, қазір көздері тірі, ағайынды Жәкі, Сәрсен Жұмановтар, Өтеубай Сақанов — бәріміздің бала шағымыз осы Сарлық бойында өтті. Баубектің туған жері де осы жер, — терезеден көріне қоятындай Мұқаш қария мойнын толған әйнекке көз тастады, — осынау тұста төрт-бес шақырымдай-ақ жерде қолдан құйған шикі кесектен қаланған Баубектің сәбилік шағы мен балалық дәуірі өткен Бұлқыш үйінің қазір орны, тек сұлбасы ғана қалды. О, дариға десеңші, сол ескі қора-жайдың тұсынан әлдеқалай ете қалсам қарқылдап мәз болып күліп отыратын Бұлқан мен жайлау жанды Бәтима жеңешемнің сыңғырлаған үні құлағыма келеді. Бәтиманың шырқап салған әні... Баубекті айтсаңшы...
«Болатын баланың бесіктен иығы шығып жатады» дейді ғой халық. Сол рас екен. Осы күндері ойлап отырсам, 11-12 жасқа дейін балалық шағы бірге еткен Баубек сонау сәби кезінен-ақ басқамыздан ерекше екен. Ол жасынан елгезек болатын. Үлкеннің сөзін екі етпейтін тілалғыш еді. Сол мінезі оны ауылымызға сүйкімді көрсететін. Үлкеннің алдын кесіп өтпейтін, үлкеннің бетіне ажырайып қарамайтын сол мінезі үшін бүкіл ауылымыз тілалғыш бала деп құрметтейтін. Ол өте сезімтал, зейінді, алғыр еді. Алғаш мектеп есігін де бірге аштық. Тұңғыш мектебіміз Қорғантас деген жерде болатын. Менің білуімше, осы мектеп — Ұлытау өңірінде Совет өкіметі орнаған кезде ғана ашылған, біздің дарқан даламыз үшін зор оқиға болған мектеп еді. Сондықтан болар, бүл күнде тек орны ғана қалған Қорғантас мектебі біздің хат танып, білім алуымыз үшін әлемнің алып дарбазасындай болып елестейді әлі маған. Біздің оқытушымыз кезінде Ұлытау өңірі, тіпті Сарыарқа даласы үшін үлкен білімдар саналған Сейітжан Смайылов, аса мейірімді кісі еді. Өзінің келбетіне қарай ақылдылығы, қамқорлығы, пейілі де басқадан биік тұратын. Біздің сәби жанымызға алғаш ізгілік нышанымен білім шуағын дарытқан да сол қадірмен аға еді. Бір тоға орыс тілі, төте оқу тәрізді, жазу-сызу пәндерін терең меңгерген ол үнемі білгенін балаларға үйретуден жалыққан емес. Өзі Октябрь революциясы алдында ғана Троицк қаласындағы медресені бітіріпті.
Қайсыбір өркен болмасын білгір диқан қолынан ғана өз бабын табады емес пе, кезінде біз де солай өмірге көз ашып, білім алған едік. Сейітжан ағаның мейірбан қоңыр даусы, Бибігүл жеңгеміздің бауырмал мінезі бізге кеп ықпал етсе керек. Секең де, Бибігүл де сол кездегі ауыл баласы ішінен басқамыздан гөрі Баубекті тым ыстық көретін. «Мұның басы алтын ғой. Баубектің ашуына тимеңдер, егер бұл ашуланса, самай шашына караңдар, тікірейіп кетеді. Намысқой жанның, қуатты, ақылды кісінің белгісі бар», — дейтін.
Онсыз да орынсыз сөйлеп, үндемейтін Баубектің ақ жарқын мінезін көп көретін мен зәуінде болмаса ашуланғанын көрген емеспін. Ол сирек қозғалатын жанартаудай тұлғалы азамат еді сәби жасынан.
Баубек екеуіміз алғашқы оқуды сол Сейітжан ағаның үйінде жатып, Қорғантас мектебінде бастадық. Тумысынан алғыр Баубек шу дегеннен-ақ ез құрбыларынан зерек екенін танытты. Оқуды үздік оқыды. Қай пән болмасын ол қиналмай-ақ тез игеретін. Ал әдебиет, тарих, география пәндері Баубек үшін оп-оңай көрінетін. Бір естігенін ұмытпайтын, бір көргенінен жаңылмайтын ол бұл пәндерді лезде жаттап алушы еді. Баубек әр сабақты дайындаған кезде көн ойланып, көп толғанушы еді. Бейсеубет жүру, ойынға салыну оған жат болатын. Сол үшін де ұстаздар Баубекті жақсы көруші еді.
Ол нәзік жанды болып өсті. Әлі есімнен кетпейді. Жаз айы, шілденің орта кезі. Ауыл балалары осы Сарлық өзенін жағалап келе жатқанбыз. Ойын баласы кезіміз ғой. Елен етіп, алға қарай ұмтыла түскен Баубек:
— Тыңдаңдар, дәу де болса қоянның жылаған даусы, — деді қара көзінен от шашып. Сөйткенше болмай, қоянның жан даусын бәріміз де естідік. Әлгі дыбыс шыққан жаққа жүгіріп келсек, бір ителгі өзен жағасында қоянды домалатып, жүнін додалап жатыр екен. Бізден үріккен ол далбақтап ұша жөнелді. Қанша айтқанмен тырнақты пәле емес пе, қоян байғұсты едәуір жаралап тастапты. Бәрімізден бұрын қоянға қолы тиген Баубек:
— Міне, жыртқыштық. Өй, мұнын не жазығы бар. Әлі жеткен әлсізді осылай қорлай бере ме екен, — деп сөйлей жүріп, денесінен жосадай болып, қаны аққан қоянды аялап жүр. Қанын жуып, тазартып болып: — Ал, бар, бұдан былай сақ жүр. «Бері жоқ деме бөрік астында» деген осы, — деді де қоянды босатып жіберді. Кирелеңдей басып кетіп бара жатқан қоянның артынан ойлы пішінде қарап тұрған бейнесі әлі кез алдымда.
— Бұл — адал аң. Бізге бұйырған шығар, бауыздап алайық — деген басқамызға:
— Жоқ, әне, көзіне қараңдаршы, жылап тұр. Жыртқыштан босатып алып, енді оған пышақ жұмсау тағылық болар. Ол да өзіміздей жан иесі, тимейік, еркін даласына барсын, — деген еді.
Осы оқиғаны ауылға айтып келгенімізде жасы сол кезде сексеннен асқан бір қарияның:
— Бұлқыштың баласы адам болады екен. Сәби күнінен жүрегінде жылылық, мейірім орнаған адам. өскенде де күндей шуақты болады. Қорлық көргенге қол ұшын бергенге не жетсін, — дегені әлі есімде.
Тағы бірде кешқұрым ауыл сыртында келе жатып аяғымның астында жатқан жыланнан қатты шошынғаным бар. Қасымда Баубек болатын. Менің секіріп түскен жеріме келген Баубек:
— Әй, мына жауыз қара торғайды жұтып жатыр, бірақ тамағынан әрі өтпей кептеліп қапты, қақалып жатыр өзі, — деп қолындағы таяғымен жыланды басқа түртіп еді, айбат шеккен жылан құйрығымен жер сабалады. Өзі де білектей, шұп-шұбар екен. Көзі ұясынан шығып, құйрығын баурына жинап, атылардай болып жатыр.
— Мұқаш, — деді Баубек, — әкем жазықсыз жанға жәбір берме деп күніне мың айтатын еді. Ал, мынаны қайтеміз? Момын торғай бұған не істей қойды дейсің. Онымен қоймай қарашы, құйрығымен жер сабалап, бізге де айбат шегуін, көзін тесірейтуін, — деп үлкен адамша тебіренгені әлі есімде.
Біздің Баубек өз қатарының қарулысы да еді. Бір ауылдың құрбылас балаларын Өтеубай Сақанов шетінен қирата жығатын. Мұндай ойын кезінде Баубек өзіне біткен сабырлықпен үнемі қалыс қалып тұратын. Сондай ойынның бірінде бәрімізді жығып, шоқтығы көтерілген Өтеубай:
— Мына Ұлытау төңірегінде мына дәдеңді жығатын ешкім жоқ! — деп бөспесі бар емес пе! Бұрын сөйлей қоймайтын Баубек:
— Әй, Өтеубай, бекерге мақтанып не керек! — деді.
— Немене, күресейін деп пе ең? — деп Өтеубай да оған жалт қарады.
— Күрессем ше?
— Күрессең, қабырғаң бырт-бырт сынады да қалады, — деп Өтеубай саусақтарын тарбитты.
— Қойсаң деймін...
— Қоймаймын.
Екеуі аяқ астынан ерегесіп қалды. Күрес басталып кетті.
Өтеубай жылдам қимылдайтын, шапшаң еді. Ол шу дегеннен-ақ Баубекті үйіре жөнелді. Құшақтап, белін қайыстырып бұрап алды. Бірақ оған Баубек беріле қоймады. Топшысын қаттырақ сермеп, бұлқынып, тезірек қимылдаған бойда Өтеубайды жерден көтеріп-ақ алғаны.
— Ал, Өтеубай, лақтырамын, — деді де алып соқты. — Құр босқа мақтанып, даурығасың. Айқайдан көтерілген жаңғырықтай бекерге өзеуреп не керек, — деді де аяңдап жөніне кете берді.
Баубектің нелер ерке мінезі де болатын. Жеңгелері қатты сыйлайтын. Жеңгелердің уытты сөзін көп тыңдап өсті ол. Бірде сол көп жеңгенің бірі:
— Қоңыр тентек,— деп дауыстап, Баубекті шақырып алды да, — тоңа қоймассың, сонау шіліктің арасында осы ауылдың бір топ бұзауы жүр, барып қуып келе ғой, — деді. Көзінен ұшқын жалт еткен Баубек сәл тұрды да:
— Жарайды, — деп жүгіре жөнелді. Бірге тұра жүгірген біздерді қайтарып жіберді жолдан. Бірақ көп кешікпей бұзауларды қуып келді де, әлгі жеңгесіне:
— Дана жеңгей, әне, бұзауларың келді, байлап ал, — деп дыбыс берді. Расында бұл жеңгеміздің түскеніне кеп болмаған еді. Үлбіреген күйі. Артынша әлгі жеңгейдің үйінен қақалып-шашалып шыққанын көрдік. Ал Баубек үйдің төбесінде, пештің аузында отыр. Оны шыға сала байқаған әлгі жеңгей:
— Қалқам-ау, оның не, үйді түтін алып кетті ғой, — дегенде:
— Тентек адам не істемейді, — деп бұрылып жүре берді. Ол сондай намысқой болатын. Кейін жеңгелері «мырза жігіт» атап кетті.
Келесі жылы Баубектің үйі Қарсақпайға көшті.
Мұнда бізді оқуға әкеліп жүрген сол кезде ел ағасы атанған Болысбек Хасенов деген адам. Ол да Сейітжан сияқты оқыған кісі еді. Ақ құба жүзді, көкшіл көзді кісі болатын. Ол да: — Бәріңнен Баубек озады. Ол оқуды жақсы көреді. Оқу — өмір көзі. Ал, көзі бар — тірлік иесі, халыққа пайда келтіреді, — деп отыратын ақылды жан еді. Арада екі-үш жыл өткен соң Қарсақпайға мен де келдім. Бүл Баубектің ФЗУ мектебінде оқып жүрген кезі еді. Анадайдан мені көре сала ол тұра жүгірді. Екеуіміз құшақтаса кеттік. Қатты сағынып қалыппыз. Ол да, мен де кезек-кезек сүйісіп жатырмыз. Сол Баубек қазір де көз алдымда. Жас кезін адам ұмыта ма? Оның сондағы әрбір қимылы жадымда қалыпты. Есіме алсам іші-бауырым елжіреп, сағыныш жайлайды жанымды.
ФЗУ мектебінде осы төңіректің барлық жас балалары оқыды десем қате болмас. Айрықша есімде қалғандары қазір академик Ө. Байқоңыров, пенсиядағы шахтер Ә. Тоқтыбаев, тағы басқа бірлі-жарым әлі кезі тірі ел жігіттері.
Кеше Ұлы Отан соғысы кезіндегі оның жалынды жырлары мен әңгіме, очерктері ешбір айны қатесіз оның жалындаған жүрегін танытады. Оның сол жазғандарынан бала Баубекті, құрдасымды, сұрапыл күндерде Отаны үшін ез жанын пида еткен патриот өткір жанды Баубегімді көремін. Шіркін, біздің Баубек ізгі жанды ер азамат еді ғой.
Декабрь 1972 ж.
Жазып алған А. Қаражігітов.
МҰҚАШ БИМАҒАМБЕТОВ
Сабаққа сондай алғыр еді
Бұлқышев Баубекпен 1932 жылдан 1934 жылдың июль айына дейін Қарсақпайда ФЗУ мектебінде бірге оқыдым. ФЗУ-ді бітіргеннен кейін ол Ұлытауға жұмысқа кетті де, мен Жезқазған руднигінде кызмет істедім. Екеуміз үзбей хат арқылы байланыс жасап тұрдық. Ойымыз — бірге Алматыға оқуға бару болды. Осы келісім бойынша 1935 жылы июль айында Қарсақпайда кездесіп, ағай Абдрахман Тоқтыбаев, апай Шәуен Тоқтыбаева төртеуміз оқуға аттандық. Алматыға келген соң, бір айдай Алматы тау-кен металлургия институтында бір бөлме алып, бірге тұрдық. Баубек туралы есте қалған жағдайлар: ФЗУ-да оқып жүргенде пікірлес, жақсы жолдас болдық. Сабаққа бірге дайындалып, тату-тәтті дос болдық. Ол сабаққа өте алғыр еді. Әсіресе есеп сабағына жүйрік-тін. Мысалы: бірде есеп мұғалімі өте қиын есеп бергенде, он екі амалмен шығатын есепті ол бірінші болып шығарғанда, оны бәрімізге өнеге боларлық осы деп мақтағаны әлі есімде.
Алматыға барғаннан кейін бір техникумға бірге орналастық. Онда Баубек 1938 жылға дейін, яғни 2 курсті бітіргенше бірге оқыдық.
Баубек ақ көңіл, жайдары, жолдасқа адал, жақсы жігіт болатын.
Май 1977 ж.
ҒАБДОЛЛА БАЙТЫШҚАНОВ
Жанып тұрған от еді
Мен Қарсақпай мыс заводында ашылған ФЗУ мектебіне алғаш 1930 жылы түсіп, 1932 жылы бітірдім.
Содан кейін сол ФЗУ-да оқытушылар қатарында қалдым. Біздің жұмыс тәртібіміз былай болды: шахтада істейтін оқушыларға нұсқаушы (инструктор по горному делу) болып, 6 ай рудникте жұмыс басқарып, екінші жарты жылда — мектепте сабақ бердім (физика, математика).
Осы кезде конторщиктер группасында оқитын ұлытаулық балаға назарым түсті. Баубек өте пысық, жанып тұрған от еді. Сабаққа өте алғыр, елгезек, аға деп іші - бауырыңнан өтетін. Қоғам жұмысына өте белсенді. Қабырға газетін шығаруға көп көмектесетін. Арагідік өлең де жазатыны бар. Өте тіл алғыш еді. Керек болған кезде мұғалімдерді үйінен шақырып келетін.
1935 жылы комбинат мені Алматыға тау-кен институтына жібермек болды. Мен өзіммен бірге інім, қарындасымды ала кетпекші болдым. Олар ФЗУ-ды бітірген. Осыны естіп, Баубек те өзін ала кетуімді сұрады. Мен келістім.
Баубек асқан бауырмал еді. Мынадай бір оқиға әлі есімде: Баубек жетімдік жағдайын айтып, Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Председателі Қазақбаевқа жәрдем сұрап арыз беріпті. Сонда өзімен қоса Ғабдоллаға да арыз бергізген. Сонымен екеуі 150 сомнан жәрдем алған. Міне, мұнан да оның бауырмалдығы көрініп тур ғой.
«Атадан бала туса игі, ата жолын қуса игі!» дегендей Баубек шын мағынасында Ұлытаудың түлегі еді. Мұқан Иманжановпен жақын сияқты еді.
ФЗУ қабырғасында жүргенде Мұқан аудандық «Қызыл кенші» газетіне өлең жазып тұратын. Мысалы, сол кезде нан карточкасы жойылғанда «Нан көбейді, алақай »деген өлеңі әлі есімде.
Баубек пен Ғабдолла Алматыға келер жолда жәшік толы кітаптарды көтеріп жүрулеріне тура келді. Сондағы Баубектің шығарған сықақ өлеңі әлі есімде:
Арқада кітабымыз толған жәшік,
Келсін де сенбегендер көрсін ашып.
Оқуға шын тілекпен аттандық біз,
Қол созып ілгеріге аяқ басып.
Болсақ та әрі жетім, әрі нашар,
Қараймыз алдымызға көзді ашып.
Ықыласпен оқымақпыз алғы күнде,
Жүрсек те шаршап, шалғып, қарын ашып.
Айта кететін тағы бір жай. Алматыға жеткенше, көп қиындықтарға кездестік. Ол кезде темір жол билетін алу қандай қиын! Мен командировка қағазым бойынша екі-ақ билет алдым. Қалған екеуіне жалпы ширетпеде тұруға тура келді. Жолда Арыс станциясында 2-3 күн отырдық. Ақыры билет ала алмаған соң, Баубек пен Ғабдолла бізді вагонға кіргізді де, өздері шықпай қалып қойды (жататын орындары ең жоғарғы полка). Сөйтіп, итшілеп Алматыға жеттік.
Сонда Баубектің жол үстінде бір де мұңайып, ренжігенін көрмедім. Алматыға жеткесін үшеуі де техникумға түсті. Содан кейін маған келіп-кетіп жүрді.
Сабақты өте жақсы оқыды. Күндіз оқу оқып, кешке вагон тиейтін жағдай оқушылардың қайсысының болса да бастарынан өткен.
Март 1977 жыл.
ӘБДІРАХМАН ТОҚТЫБАЕВ
Республикалық дәрежедегі дербес пенсионер.
Бізді Ленин комсомолы тәрбиеледі
Мен өзім осы күнгі Қызылорда облысында туып өстім. Біздің ауылдың адамдары Қарсақпайда, Байқоңырда тұратын ағайындарына жиі барып тұратын. 1929 жылдың жазында солардың бірі Қарсақпай мыс заводы жанында қазақ жастарынан маман жүмысшылар дайындайтын мектеп ашылады екен, оны ұйымдастырушы Қаныш Сәтпаев, сонда өзі де сабақ береді екен деген хабар жеткізді.
Жосалының бір топ қазақ жастары лезде - ақ бас қосып Жезқазғанға аттандық. Біріміз жаяу, біріміз атпен бірнеше күн жол жүріп жеткенде, болашақта оқитын орнымыз бізді қабылдауға дайын екен. Сөйтіп, осында үш жыл оқып 1932 жылы оның металлургия бөлімшесін бітірген соң, Қарсақпай мыс заводында қалыпшы (формовщик) болып жұмыс істей бастадым. Бүл кезде мен завод комсомол комитетінің мүшесі және металлургия цехының бастауыш комсомол ұйымының секретары болатынмын. Осындай коғамдық міндеттерімді атқарып жүрген шақта да ФЗУ-дан қол үзген жоқпын, әсіресе 1932—1933 оқу жылдарында жас шәкірттерді оқуға тарту ісіне белсенділікпен қатыстым. Міне, осы оқу жылында мен Баубек Бұлқышевпен алғаш рет кездесіп, таныстым. Сол шақта оны Ленин комсомолы қатарына қабылдағанымыз әлі есімде. Баубекті комсомол комитетіне арнайы шақырып, алдын ала әңгімелестік. Ауылдан қалаға келгеніне кеп болмаса да ол өте тәртіпті, оқуға, қоғам жұмысына ынталы еді.
Талапты оқушыларды әдебиет үйірмесіне тарту ісімен шұғылданып жүрді. Мен оны мектеп өнерпаздары үйірмесінде де және олардың концерттерінде де жиі көретін едім. 1933-1934 жылдары Жосалы темір жол станциясында орналасқан Қарсақпай мыс балқыту заводының автотресі комсомол ұйымы комитеті секретарының міндетін атқарып жүргенде де, Қарсақпайдағы тау - металлургия техникумында оқыған кезімде де 1935 жылдың январь айына дейін Баубекпен талай рет кездесіп, оның мамандығын жақсы игеріп келе жатқанын, қоғамдық жұмысқа жан-тәнімен, араласатындығын біліп, қуанып жүрдім. Баубекпен 1938 жылы Риддерден Қызыл Армияға шақырылып, жолда Алматыда бірер күн тоқтағанда соңғы рет кездестім. Көп сөйлесе алмадық. Уақыт болған жоқ, оның астанадағы есеп - кредит техникумында оқимын дегені ғана есімде қалды.
Ұлы Отан соғысы жылдары әскери ұшқыш болатынмын. 1942-1943 жылдары «Комсомольская правда» газетінде жарияланған мақалалардың астына авторы «Баубек Бұлқышев. Политрук орынбасары» деген жазулар көзіме оттай басылды. Соларды қайта-қайта оқимын да ФЗУ-да оқыған талапты қазақ баласының Ұлы Отан соғысы кезінде тек қарумен ғана емес, семсердей өткір сөздерімен жауға өлтіре соққы беріп жүргенін қарулас достарым алдында мақтаныш ететінмін. Баубектің отты мақалаларының жаумен шайқасып жүрген біздерге, совет жастарына көп күш-қуат, рухани көмек бергенін сеніммен айта аламын. Ленин комсомолының тәрбиесінен өткен түлектер, біздер Отанымыздың сенімді қорғаушылары екенімізді терең сезіндік. Жауды Совет жерінен қуып, жеңіске жетеміз, сөйтіп бейбіт өмірді паш етеміз деген патриоттық сезім бойымызды терең билеген болатын.
Февраль 1978 ж.
ДӘРУІШ ӘЗЕРБАЕВ
Баубек бауырмал еді
Қарағанды облысы, бұрынғы Қарсақпай ауданы, 9 - ауылда туып өстім. Ауылдық мектептің 4 класын бітірдім. 1932 жылдың бас кезінде Байқоңыр поселкесінде қызмет ететін Ақанов Мұса деген жігітке тұрмысқа шықтым. Ол кезде елде қазақшылықтың күшті кезі емес пе?! Жалғыз жігітке қыз бермейміз деген неше тосқауылдардан өтіп, сол жылдың жаз айында Қарағандыға келіп орналастық. Жолдасым Қарағандының Шет ауданының жігіті екен. Ол радио комитетке, мен жаңадан құрылған қазақ драма театрына орналастым. 1934 жылы Мұса Алматыға оқуға кетті, оның артынша мен де Алматыға келдім. Мен қазақ драма театрының жанынан ашылған 3 жылдық театр студиясына оқуға түстім. 4 класс біліммен қандай оқуға түсесің. Алматыға келу жағдайым осылай. Осы мамандықпен драма театрында және Орал облыстық театрында біраз кызмет істедім. 1941 жылы жолдасым Отан соғысына кетіп, содан кайта оралған жоқ. 1942 жылдан бастап мамандықты басқа салаға өзгертуге тура келді. Алматы ет комбинатына жұмысқа орналастым. 1951 жылдан бастап туған жерге қайта оралдым. Жезқазған ет комбинатында цех мастері болып жұмыс істедім. 2 жыл болды дербес пенсияғa шықтым. Қазіргі кәсібім — немере бағу. Ардақ, Дана деген екі немерем бар.
Баубекпен ауылымыз катар болғанмен онша араластығымыз болған жоқ. Әкеміздің Бабыр аулы, Бабыр балалары деп барып келіп, араласып жүретіні есімде. Баубек пен Мұқан 1935 жылы Алматыға келгенде, бірінші біздің үйге түскен еді. Туған жер, ата-анамды, іні -ағаларымды сағынып жүрген кезім еді. Артымнан ешкім хабарласпай жүргенде, бұлар маған туған інімдей болды. Шынында да туғаннан кем болған жоқ. Мұқанның әкесі Иманжан менің әкем Батырбекпен жасты еді. Бұл кісі мені өз қызындай көретін.
Баубек жолдасқа адал, бауырмал, жүрегі толған жалын, ел намысын ойлайтын азамат еді. Ол әрбір жазған мақалаларына «Ұлытау ұлы» деп қол қоятын еді. Және де Бабырдың немересімін деп жүретін. Үлкен жазушы болсам, атақты адамдарға ұқсасам деп күлдіріп отырушы еді. Ал Мұқан екеуінің достығында шек жоқ, тамаша еді. «Бірінші мақсатым — Мұқанды үйлендіру, роман жазу, жазушы болу қиын емес. Мұнда Мұқанға қыз табу, үйлендіру қиын болды ғой», — деп күлдіретін. Екеуі менің жолдасымды жезде деп кеп ойнайтын. «Қатираға қалай үйлендің, қалың найманның ішінен қалай алып шықтың? Бізге айтшы, сендер туралы роман жазуға болады», — деп әурелейтін еді.
Баубекпен, Мұқанмен бірге түскен суретіміз үйде жоқ екен. Хатты жолдасым соғысқа кеткенше алып тұрдық, ол хаттар да сақталмаған. Баубектің бір хатында былай деп күлдіргені есімде: «Мұса, Қатира, хаттың қағазы кір болса кешіріңдер, тазалап отырып жаздым». Мұса Баубектің хаттарын бірнеше мақалаларымен қосып жинап жүруші еді, өзі кеткеннен кейін ол да сақталмапты.
Мақаласында шекараның шетіне сақшы қойып жазып жүрген Мәрлені — менің балам. Сол кезде ол 2 жаста еді. Сол балам қазір қолымда, осында. Балалар дәрігері болып жұмыс істейді. Баубек пен Мұқан жөнінде есте қалғаны осылар.
Июнь 1971 ж.
ҚАТИРА АҚАНОВА
дербес пенсионер
Есімдегілер
Мен «Лениншіл жас» газетінде мәдениет бөлімінің меңгерушісі болып 1938 жылдан 1939 жылдың көктеміне дейін қызмет істегенмін. Сол кезде Баубекті де көретінмін. Ол «Лениншіл жаста» және «Октябрь балалары» газетінде істейтін. Суық күз, қыс кезінде басына қоқайма қоңыр бөрік киіп жүретін. Жайдары, көпшіл, кішіпейіл талапты жігіт болатын. Көркем шығарма жазуға құштар еді. Бірде маған өзінің бір поэма (ұмытпасам, «Айсұлу») жазып жүргенін айтқан-ды. Бірақ оның кейін не болғанын білмеймін. Өйткені мен 1939 жылы көктемде Жамбылға кетіп қалғанмын. Сонда оның талабы үлкен екенін аңғарған едім.
Мен «Лениншіл жаста» істеп жүргенімде Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитеті мен Жазушылар Одағы таңдаулы көркем шығармаларға бәйге жариялаған-ды. Оған арналған повесть, поэмалар «Лениншіл жас» редакциясына түсетін. Мен оларды тіркеп, комиссия (жюри) мүшелеріне оқып беретінмін. Таңдалып, газетке басуға ұсынылғандарын редакцияға әкеп, осындағы жолдастарға көрсететінмін.
Баубек гүлі ашылмай, жас кетті. Оның майданнан жазған мақалаларын «Комсомольская правдадан» оқып, қаламының өткірлігіне таңданып жүрдік. Ол туралы деректі повесть не киносценарий жазу — игілікті іс, оның өзі жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруге көмектесетін болады.
Октябрь 1974 ж.
ТӨЛЕНДІ ОҢҒАРБАЕВ
республикалық дәрежедегі дербес пенсионер
Толғанып қайта табыстым
Баубек Бұлқышевпен алғаш рет 1939 жылдың январында, «Октябрь балалары» газетінің редакциясында кездесіп, таныстым. Жасының, қызметінің үлкендігіне қарамай, сол кезде жасым 17-ге де толмаған мені Баубек өзінің тең құрбысындай көріп, өте бір жылы шыраймен, үлкен мейіріммен қарсы алды. Астанаға жаңадан келгем, таныстарым, жолдастарым жоқ әрі елді сағынып, көңілім жабырқап жүрген маған Баубектің ашық мінезі, жарқын көңілі салған жерден-ақ ұнап, өзіне еріксіз тартып, баурап әкетті.
Мен Баубекпен «Октябрь балалары» газетінің редакциясында 1939 жылдың январынан 1940 жылдың мартына, яғни Баубек әскерге шақырылғанға дейін бірге қызмет істедім. Ол балалар творчествосы бөлімінің меңгерушісі, мен әуелі әдеби қызметкер, кейіннен мектеп және пионер бөлімінің, ал Баубек әскерге кеткен соң балалар творчествосы бөлімінің меңгерушісі, 1941 жылдың январынан июліне дейін — редакцияның жауапты секретары болдым.
Баубектің өзі туралы айтқандарынан есімде қалғандары мыналар: әке-шешесі ерте өлген. Өзімен бірге туысқан аға-іні, апа-қарындасым бар дегенін естігем жоқ. «Қу жетіммін» дегенді жиі айтушы еді. 1952 жылы Жезқазғанда кызмет істегенде, Ұлытауға командировкаға барып: туысқандары бар ма? — деп іздестіргенде, бір немере ағайын ғана таптым. Ол Баубек жөнінен мардымды ештеме білмейді екен, аты-жөні есімде жоқ. Баубек Қарсақпайда ФЗУ мектебін бітіріп, мыс заводында жұмыс істедім деуші еді.
Баубектің өлеңдері, әңгімелері мен очерктері, фельетондары 1939-1940 жылдары «Октябрь балалары» газетіне көп басылды. Газеттің сол жылдардағы тігінділерін зер салып қараса Баубектің көптеген шығармаларын табуға болар еді. Есте болатын бір жағдай — Баубек жазғандарының басым көпшілігін өз атынан емес, бүркеме атпен жариялайтын. Солардың менің есімде қалғандары: «Ұлытау ұлы», «Б. Б.» «Қ. Сейітжанов» дегендер. Мұның алғашқы екеуі түсінікті, ал неге «Қ. Сейітжанов» деп жазғанын білмеймін. Мүмкін үлкен аталарының бірінде Сейітжан деген адамның болуы? 1939 жылы екеуміз бірігіп жазған «Қорқынышты түс» деген фельетонға ол: «Сен Шыңғысов болсаң, менің Ұлытау ұлы болғаным келіспес деп «Қ. Сейітжанов» деп қол қойып еді.
Сол жылдары марқұм Мұқан Иманжанов казак радио комитетінің балалар редакциясын басқарған болатын. Ол балаларға арналған әдеби-музыкалық монтаждардың текстін жазуды көбінесе Баубекке тапсыратын. Баубек бұл текстерді жазғанда, оған басқа ақындардың өлеңдерімен қоса, өзінін де көптеген өлендерін енгізетін. Баубек творчествосын тексеріп жүрген жолдастардың осы жағдайды ескеріп, қазақ радио комитетінін 1938 — 1940 жылдардағы архивін бір сүзіп өткені жөн.
Баубек редакцияда кызмет істеген жылдарында «Айсұлу» поэмасын жазумен шұғылданды. Бірақ онысын редакция қызметкерлерінің талқысына салған жоқ. Асылында, Баубек сол кездегі кейбір жас ақындар сияқты мақтаншақ, өркөкірек, даурықпа ақын емес еді...
Баубектің шығармаларынан есімде қалғандары екеу-ақ екен: біреуі — «Октябрь балалары» газетіне басылған «Ұялғаным - ай» деген шағын әңгімесі де, екіншісі — Махамбетке арнап, оған еліктеп жазған өлеңдер циклі. Бұларды газеттен, не радио комитеттің архивінен табуға болады.
Баубектің көбірек араласып, жақын қарым-қатынаста болған адамдары Мұқан, Есенби Омаров (соғыстан кейін өлді), Хасен Сейілханов (соғыста қаза тапты), Мұхамедияр Ақтанов (соғыстан кейін өлді). Бұлардың бәрі де семьялы адамдар еді. Сондықтан Баубек үйлерінде болып, қонақ болып жүретін.
Оның хаттарында көбірек кездесетін адамдардан білетінім: Әли Есмамбетов — ақын, «Октябрь балалары» газетінің редакторы, Есенби Омаров — редакциясының қызметкері, Асқар дегені не Лекеров, не Тоқмағамбетов болу керек. Екеуі де пионер газетінің белсенді авторлары болатын (әсіресе А. Тоқмағамбетов). Соғыс басталғанда ол кісі «Социалистік Қазақстанның» редакциясында істеген еді. Сақыш — дегені Құсайынова болу керек, драматург Шахмет Құсайыновтың қарындасы, «Октябрь балаларында» әдеби қызметкер болып істеді.
1941 жылы Әли Есмамбетовке тұрмысқа шықты, кейінде баладан қайтыс болды. Хасен Сейілханов — жас жазушы, «Пионер» журналының жауапты секретары, майданда қаза тапты. Жүсібі — Алтайбаев болу керек, Ақтановты — Мұхамедияр Ақтанов шығар, ол редакцияда істеген, соғыс жылдарында, соғыстан кейін «С. Қ.»-ның Көкшетау облысындағы меншікті тілшісі болды, елуінші жылдары өлді.
Мәулен Нұрбаев (Сырбаев емес) — редакцияның қызметкері, жас ақын, мен шамалас. Баянауыл ауданында туып өскен. Оның елі тірісін білмеймін. Меніңше, Дихан Әбіловтың туысы болу керек.
Енді Баубекпен бірге қызмет істегендердің қазір кезі тірілері мыналар: Бәкібай Бейісов, «О. Б. - ның» жауапты секретары, редактордың орынбасары болды, қазір Казак ССР Мемлекет қауіпсіздігі комитетінде істейді, полковник; Хайдар Баймухамбетов — редакцияның физкультура - спорт бөлімінің меңгерушісі, қазір «Социалистік Қазақстанда» меншікті тілшілер бөлімін басқарады; Күнтөре Байзақов — әдеби қызметкер, қазір «Қайнар» баспасында қызмет істеп жүр; Петр Яковлевич Редько — фотограф (үйінде телефоны бар). Баубекті көбіне суретке сол түсірген. Архиві сақталса, суреттер табылуы мүмкін. Сонан соң, тірі болса, біздермен көбірек араласып, қарым-қатынас жасаған адамның бірі ақын Қабікен Мұқышев еді. Бұдан 2-3 жыл бұрын кездесіп едім, Қапшағай жақта тұрамын деген. Дәл адресін Жазушылар одағындағы жолдастар білетін болуы керек...
Октябрь 1974 ж.
БӘТКЕН САҒЫНДЫКОВ
запастағы подполковник
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі