Баубекпен алғаш рет 30-жылдардын басында Қарсақпай мыс заводы жанындағы ФЗУ мектебінде оқып жүргенде таныстым. Жастайымнан аудандық газеттің ауылдық тілшісі ретінде көрініп жүргендіктен ФЗУ-ды бітірген соң, көп ұзамай Алматыға келдім де сол кездегі Қазақ журналистика институтына оқуға түстім. Арада екі жылдан аса уақыт өткен соң Алматыға қарсақпайлық жастармен бірге Баубек Бұлқышев та келді. Менің осында тұратынымды, осында оқып жүретінімді бұрыннан білетіндіктен, іздеп жүріп, тауып алды. Қандай оқу opнына түсу жөнінде ақыл-кеңес сұрағаны әлі есімде. Сол кезде оқу іздеп жерлесім Мұқан Иманжанов та Алматыда жүрген еді. Ойланып-толғанып республикалық мемлекеттік банк жанындағы есеп - кредит техникумының дайындау курсында оқитын болды. Баубек пен Мұқан алғашқы кезде жерлесі Қатира Аканованың үйінде тұрды. Жұбайы менімен бірге Қазақ журналистика институтында оқитын Мұса Ақанов деген азамат болатын. Ұлы Отан соғысында қаза болды.
Жақын туысым қайтыс болып, анамды Алматыға көшіріп әкелгенге дейін Баубекпен бірер жыл пәтерде бірге тұрдық. Міне, осы уақыт ішінде Баубекпен шынайы дос, жолдас болдық. Сол кезде халқымыздың тұрмысы енді-енді жақсарып келе жатса да, алыстағы ауылдардан оқу іздеп келген біздердің әл-ауқатымыз онша болмайтын. Бірақ қандай қиыншылық болмасын біздер мойыған емеспіз. Оқудан бос уақытымыздың көпшілігін осы күнгі А. С. Пушкин атындағы кітапханада өткізетінбіз. 1936 жылы автономиялық республикамыз тең праволы Одақтас Социалистік республика болып қайта құрылғанда өткен бүкіл халықтық мерекеге шексіз қуанышпен қатысып жүрдік. Мұның бәрі сана -сезіміміздің, ой - ұжданымыздың өсіп, нығая түсуіне зор әсер етті. Міне, сол жылдардың өзінде қыздарға арналған ғашықтық өлеңдер, жора-жолдастарын сынай мінеген әзіл шумақтар жазып жүрген Баубек, енді әлеуметтік тақырыптарға бет бұра бастады. Прозалық шығарма жазумен әуестенуді Баубектің 1937 жылы техникумның бірінші курсын бітіріп, жазғы каникул кезінде туған аулына бара жатып, поезд үстінде жазған «Ауылдан Алматыға» деген әңгімеден бастады деп білемін. Бұл әңгімесінде Баубек әдебиет пен көркемөнердің, мәдениеттің, бақытты өмірдің орталығына айналып келе жатқан Қазақстан астанасы Алматыны суреттей келіп, астанадағы совет жастарының оқушылық шағын көрсетті. Алматыдағы педагогика институтының студенткасы Ұрқия мен Тау-кен институтының студенті Жәлелдің өмірін арқау етіп, бүкіл казак совет студенттерінің оқу ізденуін, жалпы өмірін көркем суреттеді. Сөйтіп, жастардың ойын тереңнен толғап, келешегін алдына жайды. Бүл әңгімені ол Алматыдан Қарсақпай ауданындағы туып-өскен аулына барғанда, сондағы жастарға оқып берген-ді. Көп ұзамай-ақ Баубекпен ауылдас Жылқайдар мен Күлзифа және басқа толып жатқан ауыл жастары орта мектепті бітірісімен-ақ Алматыға оқуға келгені есімде.
Бұдан басқа Баубек «Айсұлу» атты ұзақ поэма, бірқатар өлең, «Шығыс сұлуы», «Асқар тау саясында» деген, тағы басқа қызықты әңгімелер жазғаны маған мәлім. «Асқар тау саясында» деген әңгімесі өзі туралы еді. Мұнда оқытып, тәрбиелеп өсірген, бақытқа жеткізіп, ой-өрісін кеңейткен совет өкіметін асқар тауға теңеді, — Менің саям осы совет өкіметі, — деп жаңа өмірді паш етті.
Баубектің ақындық, жазушылық саласындағы құлашы жаңа жайылып келе жатқан сәтте Қызыл Армия қатарына шақырылды.
Сол жылдың март айының алтысынан бастап, данқты бірінші москвалық пролетарлық мотоатқыштар дивизиясының женіл инженерлік батальонында қатардағы жауынгер -сапер ретінде әскери міндетімізді (осы жылдың күзінде мені Калуга қаласындағы әскери бөлімге ауыстырған) бірге өтедік. Қызыл Армия қатарына шақырылуымыз, Отан алдындағы қасиетті борышымызды қалай өтегеніміз туралы Баубек Мұқан Иманжановқа жазған хаттарында және аяқталмай қалған «Алматылықтар» атты романында өте дұрыс баяндаған. Осы жерде айта кетейін, Баубек шығармасының қолжазбасында басты кейіпкерін Ғазиз Ғазизов деп атайды. Осыған орай оның соңғы екі «Өшпес өмір» және «Адамзатқа хат» жинақтарын шығарушылар мен туралы (Ғазиз Әбішев) жазған екен деген жалған топшылаудан Абыз Абызов деп өзгерткен. Шынына келсек, Ғазиз Ғазизов жинақы әдеби кейіпкер.
Ұлы Отан соғысы басталған күні Баубек Нарофоминск қаласына жуық Алабина деп аталатын әскери жазғы лагерьде, ал мен Калуга қаласында едік. Арада бір жыл өткеннен кейін бір-бірімізді іздеп тауып, хат алысып тұрдық.
Баубек хаттарында біздің әскерлер ұрыспен батыстан шығысқа қарай шегініп келе жатқан жолда Белоруссияның қалың орманы бір олай, бір бұлай теңселіп Қызыл Армияға мұңын шағып тұрғанын, Вязьма, Доргобук, Смоленск қалаларының күл-талқаны шығып, қирағанын көргенде ызалы кек жүрегін кернегенін, Москва түбіндегі ұрысқа қатынасып, Смоленск жерін, Украинаны зұлым жаудан азат етуге қатынасқанын гитлершілердің бұғауынан босатылған бауырлармен құшақтасып талай рет керіскені туралы жазып тұрған еді. 1941 жылдың күзінде және 1942 жылдың қысында Днепр жағасында және Нарофоминск қаласында болған шайқастар кезінде Баубекпен бір сапта болыппын, кейін біздің бөлімге қосылған қаруластарымнан біліп, қатты өкінгенім бар.
Қатардағы жауынгерден аға лейтенант дәрежесіне дейін өсті. Ол бүкіл Совет Одағына аты жайылған, жастар сүйіп оқитын жауынгер журналист болды. Баубекті Қызыл Армияның жауынгерлері мен офицерлері де ерекше сүйсіне оқыды, мақтаныш етті.
Баубек досқа мейрімді, дұшпанға рақымсыз болды. Өз Отанын сүйе білді.
Баубек өмірін босқа өткізген жоқ. Күн сайын алды - артына көз жіберіп, өмірден бір адым да артта қалғысы келмеді, ол үнемі алға өрледі. Білім іздеді. Қоғамға пайдалы кісі болуды көздеді. Қоғамның болашағы үшін күресті. Өмір үшін, Отаны үшін күресіп өтуді мақсат тұтты.
Баубек шығармаларының негізгі бір арқауы ұлттар достығы мен советтік патриотизм болды. Ол Отанын, туған елін, социалистік құрылыста бірге өсіп, еңбектес болған досын мақтаныш ете білді.
Баубектің жалынды сөзі мен Отан соғысында көрсеткен ерлігі біздің жүрегімізде мәңгі сақталып қалды. — Баубек, сен үшін жаудан кекті мол аламыз, — деп берген сертімізді орындадық. Жау жеңілді, 1945 жылы 9 Май күні, Берлиндегі рейхстаг төбесіне жеңіс туы тігілді.
Ұлы Отан соғысы кезінде қазақ халқының Баубек, Мәншүк, Әлия сынды жүз мыңдаған ұлдары мен қыздарының асқан ерліктері халқымыздың батыр, жауынгер халық екенін көрсетті, тамаша бүгінгісі, жарқыраған болашағы бар халық екенін танытты.
Октябрь 1957 ж.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі