Өлең, жыр, ақындар

Баубектің майдандас достарының естеліктері

Баубек бір батальонда Қызыл Армия қатарына өз еркімен кірген, СССР-де баспана тапқан бірқатар шет ел коммунистерінің, революционерлерінің жас буындарымен бірге Отан алдындағы борышын өтеді. Солармен жүзбе-жүз кездесіп, бір сапта жорыққа шығып, ойын - сауық кештерінде, саяси сабақтарда, лекцияларда бірге болып, дос-жаран болады. Солардың бірі әлі де көзі тірі Москвада тұратын Болгар Коммунистік партиясының көсемдері Дмитрий Благоев пен Георгий Дмитровтың шәкірті Георгий Михаиловтың баласы Кремень Найдов-Железов болатын. Баубектің ізімен жүрген шақта оның адресін тауып, «Баубекті білесіз бе, ол туралы есіңізде не қалды, жазып жіберуіңізді сұраймыз» деген хатыма: «Білгенде қандай, мен бұл қазақ халқының өжет ұлымен егіз туған бауырым Огнянмен І - москвалық пролетарлық мотоатқыштар дивизиясында екінші Отаным — СССР алдындағы қасиетті борышымды өтегенмін. Бір жарым жылға таяу уақыт бірге әскери міндетімізді атқарған шақта күнбе-күн кездесіп, араласып жүрдік. Соғыс басталған алғашқы күндерде Баубек Бұлқышев жедел ұйымдастырылған арнаулы саперлар ротасына жіберілген еді. Бұдан кейінгі оның жауынгерлік жолы, жағдайы жөнінде ештеңе білмеймін», — деп жауап қайтарған болатын.

1977 жылы май айында Москваға барғанымда, кейбір жәйттерді қосымша анықтап алуды кездеп Кременьге телефон соққанымда: «Бүгін - ертең кездесе алмаспыз. Өзіміз фашистермен шайқасқан жерде жау оғынан қаза болған бауырымның бейітінің басына орнатылған ескерткішті ашуға арналған салтанатты жиынға бармақшымын», — деді. «Сізге еріп баруға бола ма?» — дегенімде: «Неге болмайды, ертең ерте Үлкен театрдың алдына келіңіз», — деп айтқаны әлі есімде.

Міне, біз Киевке баратын даңғыл шоссенің 67 километрінде автобустан түсіп, өлі де болса іздері жойыла қоймаған окоптардан, траншеялардан аттап, жазық аланда қызыл матамен жабылған биік тұғырға жеттік. Соған қатар орнатылған мінбеге Москва облыстық партия комитетінің секретары Е. И. Сизенко, Болгар Халық Республикасының СССР-дағы төтенше өкілі Д. Жулев, даңқты дивизияның бұрынғы командирі, отставкадағы генерал-майор П. Ф. Толстиков, Кремень Найдов - Железов және басқа дивизия ардагерлері көтерілді. Митингіде сөйлегендер Совет халқының Ұлы Отан соғысындағы Жеңісі, оның басқа елдердің халықтарымен жауынгерлік бауырластығы, Огнян, Кремень Найдов-Железовтар мен олардың қарулас достарының өшпес ерліктері туралы жүректі тебіренткен толғаныспен айтты. Тұғырды жапқан ал қызыл мата жәйімен желбіреп жерге түскен шақтан Огнянның скульпторлық бейнесін көріп, тұғырда жазылған мына сөздерді оқыдық:

«Болгар халқының ұлы, Совет армиясының сержанты Огнян Найдов-Железов 1921-1941»

Салтанатты митинг аяқталған соң Кремень аға мені Баубекпен бірге 22-жеңіл инженерлік батальонда әскери кызмет атқарған, бұрынғы гвардия сержанты, сапер, соғыстан сол қолы жоқ, мүгедек болса да Москва метросын салуда көзге түскен атақты құрылысшы, Социалистік Еңбек Ері Николай Алексеевич Феноменовпен, Баубектің қарулас жолдастарымен таныстырды. Бұлардың қайсысы болса да сол кезде және кейінгі уақытта болған кездесулерде, маған жазған хаттарында Баубек Бұлқышев шынайы совет патриоты, интернационалист ретінде естерінде мәңгі қалғаны, қалатыны жөнінде әңгімелеген еді.

Рубен Ибаррури 1940-1941 жылдары І - москвалық пролетарлық мотоатқыштар дивизиясының 175-аткыштар полкінің пулемет взводының командирі және полк комсомол комитетінің мүшесі болатын. Баубек онымен алғаш рет 1940 жылы күзде болған дивизиялық комсомол конференциясында танысып, сонда екеуі округтік комсомол конференциясына делегат болып сайланып, Ұлы Отан соғысы басталғанға дейін кездесіп, араласып жүріпті. «Рубен біздің жеңіл инженерлік батальонда Қызыл әскер жерлестеріне келіп-кетіп жүргенде, Баубекті іздестіріп, тауып алып, қасына ертіп жүретін еді», — дейді Кремень Найдов - Железов, Николай Феноменов, т. б. сол дивизияның ардагерлері.

Баубектің Москвада тұратын қарулас жолдастары, сірә, менің адресімді хабарлап, Баубек туралы не білетіні жөнінде маған хабарласуды өтінген болуы керек, Иванов облысының Вычуг ауданында туратын 22-жеціл инженерлік батальоны бөлімінің бұрынғы командирі, Ұлы Отан соғысының ардагері Сергей Васильевич Морозовтың хатын келтіргенім жөн:

«Мен Отан алдындағы борышымды 1939 жылы І - москвалық пролетарлық, мотоатқыштар дивизиясындағы кіші командирлер даярлайтын курстан бастадым. 1940 жылдың май айында халықаралық жағдайға байланысты болуы керек, оқу мерзімі қысқартылды да, бізге командир атағы берілді. Мен бөлімше командирі болып 22-жеңіл инженерлік батальонына жіберілдім...

...Сол 1940 жылдың жазында біздің батальон Литваның Ионива қаласының аймағында аэродром жасауға катысты. Біз теректер өскен шағын көгалды орманға орналасқан едік. Күн батар алдындағы ағаш түбінде малдасын құрып, теңселіп, жәйімен күбірлеп отырған солдат менің назарымды ерекше аударды. Маған бұл солдат намаз оқығандай болып көрінді.

- Мына солдат не айтып отыр? — деп сұрадым. Чичьянц:

- Ол қазақша өлең айтып отыр. Бұл жас қазақ ақыны, болашақ Жамбыл ғой, — деді. Шынын айтсам, қарулас досымның бұл сөздерінің сырын сол мезетте жете түсіне қоймадым.

- Ол не туралы жырлап отыр?

- Жүр, оған жақындап барып, тыңдайық, — деді Чичьянц мені қолымнан ұстап, аяғын ептеп басып, солдатқа қарай жүрді.

- Жаңа өлең шығарып отыр екен. Ол қазақтың шексіз кең даласы мен алақандай Литваның орманын, қаулап ескен биязы ақ мақта мен сирек бой көтерген жас теректерді салыстырып, адамдар қай жерде болса да бірдей еңбек етеді, ал күн болса өзінін жылуын бәріне бірдей жеткізбейді... — деді де түшкіріп жіберді. Солдат бізге жалт қарады да үнсіз қалды. Михаил мені онымен таныстырып: — «Баубек» деді де, онымен қазақша сөйлесіп кетті. Михаил Чичьянц қазақ, өзбек жерінде есіп, Қызыл Армия қатарына Ташкент қаласынан шақырылған адамгершілігі мол, қайратты, өжет жігіт болатын...

Баубекпен осылай алғаш рет кездесіп, таныстым. Кейіннен достасып кеттік. Дивизиямыз Москваға қайтып оралған шақта, 1940 жылдың күзінде бізге Қызыл Армия қатарына шақырылған қырғыз және қазақ жастарының жаңа бір тобы келіп қосылды. Мен сол сәтте бөлімше командирі едім. Маған әскерге жаңадан шақырылған жастарды алдын ала сапқа тұрып жүруді, армиялық уставты үйрету жүктелген болатын. Бұлардың басым көпшілігі орыс тілін білмесе, ең қиыны мен де оларды түсінбейтін едім. Маған көмекші ретінде батальон басшылары Баубек Бұлқышевты тағайындады. Ол мен берген командаларым мен бұйрықтарымды жедел аударып, көрсеткен тәсілдерді, жаттығуларды езі де орындап, солардың қалай орындалатынын, неге қажет екенін ана тілінде жап-жақсы түсіндіретін еді. Жас солдаттар оны зор зейін қойып тыңдап, берілген тапсырмаларды өте мұқият орындайтын болды.

Қызыл Армияға жаңадан шақырылған жастар сынақ кезінде сапта жүру дайындығын «жақсы», ал устав қағидаларын игеруді «көңіл толарлық» деген бағаларға тапсырды, сөйтіп олар жас жауынгер курсын толық және талапқа сай бітірді. Бұл — Баубек екеуміздің қолымыз жеткен жеңісіміз еді. Әсіресе өте жақын араласқан осы бір жиырма күн ішінде Баубек бауырмашыл, өзінен жасы үлкенмен де, кішімен де сөйлесе, пікірлесе алатын, адамгершілігі мол, беделді, сонымен бірге сыпайы және бәрін де білуге ұмтылған азамат ретінде менің есімде мәңгі қалды. Ол неге екенін білмеймін, өзі туралы әңгіме етуден қашқақтап, маған кептеген сұрақтар қойып, жауап беруді өтінетін еді. Содан бері көп жыл етті. Баубек туралы есімде сақталғаны, міне, осылар. Ал, егер іздеп таба қалсаңыздар, мұнда айтылғандарды Михаил Чичьянц әлдеқайда тереңдетіп, көптеген маған белгісіз жәйттерді баяндап берген болар еді. Ол туралы бірер мәлімет: Қызыл Армия қатарына шақырылғанға дейін Ташкенттегі байланыс техникумын бітіріп, сол қаланың темір жол вокзалында техник болған. 1939 жылы армияға шақырылған соң, біздің 22-жеңіл инженерлік батальонда қызыл әскер, кейін офицер атағын алған соң, екінші дара барлаушылар батальонында байланыс бастығы, соғыс кезінде соңғы батальон таратылғанда бірінші мотоатқыштар дивизиясының 35 - артиллерия полкінің бірінші дивизионының байланыс бастығы болып жүріп жараланып, тылдағы госпитальге жіберілген еді. Содан кейінгі оның өмір жолы маған белгісіз...»

(С. В. Морозовтың 1977 жылғы 9 ноябрьдегі 1978 жылғы 4 марттағы хаттарынан )


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз