Өлең, жыр, ақындар

Жалынды патриот

Москва түбіндегі ұрыстан соң, неміс-фашист әскерлерінің тұмсығы тасқа тиіп, аптығы басылып, Смоленскіге шегінгеніне біраз уақыт болған. Батыс майдан әскерлері соның ішінде біздің 10-армия да қорғанысқа көшкен. Сухиничиден батысқа қарай 20-35 шақырымдай жерде біздің дивизиялардың алдыңғы шебі өтетін.

20-35 шақырым дейтін себебім — біздің армияның екі жақ қанаты берірек (10-15 шақырымдай), ал маңдай алды әрірек, Киров (бұрынғы Песочный) қаласы мен оның оңтүстігіндегі Фаянс заводының арғы жағында 5-7 шақырымдай жерде болатын. Басқаша айтсақ, біздің армия бүкіл Совет Германия майданын кеулей ілгерірек барып тоқтаған, сөйтіп екі жақ канаты да жаумен жапсарлас болатын. Тек айтарға ғана қорғаныста дегенмен, екі жақта да тыным жоқ, күн сайын дерлік үлкенді-кішілі барлау ұрыстары болып тұратын. Біздің армиялардың 1943 жылғы июнь шабуылына шейін жағдай осылай еді.

1942 жылы июль айының аяқ шенінде, әлгі Киров қаласының шығысында Дубров орманының ішінде тұрған кезіміз. Мен саяси бөлімнің насихат және баспа жөніндегі аға инспекторы болатынмын. Оның үстіне орыс емес жауынгерлер арасында жүргізілетін жұмыстар да менің мойнымда болатын.

Солтүстік жағымызда екі шақырымдай жерде Рындино дейтін деревняда полевая почта орналасқан болатын. Бір ұйғыр солдат (Қырғызстаннанмын дейтін өзі) біздің саяси бөлімге почта, газет-журнал тасып жүретін. Жайшылықта велосипедінен түспей, баяулап келіп, әрбір 3-4 шалаштың орта шеніндегі үстел сымақ үстіне почтаны тастай беріп, төмен қарай ағып өте шыққанын көріп қаламыз. Почта келгенін сонан білеміз. Бұ жолы саяси бөлімнің бөлімше бастығы, батальон аға комиссары Н. С. Деза (бұрын Тамбов облысының үгіт-насихат жөнінен секретары болған), кадр бөлімшесінің бастығы, батальон комиссары Жолкин, мен, тағы бір-екі әскери қызметкерлер сөйлесіп отырғанымызда әлгі почтальон көрінді. Анадайдан велосипедінен түсіп, жаяулап келіп, честь беріп, тұра қалды.

- Сізді бір қызыл әскер КПП-де күтіп тұр, — деп, оның аты-жөнін айтты.

Онымен бірге КПП-ге келсем, шынында да әлгі айтқан қызыл әскер күтіп тұр екен (күн кешкіріп қалған соң, сақшылар жібермепті). Үстінде жуылып оңған, тап - таза гимнастерка, шалбар, басында да сондай оңған, тап-таза пилотка, күн қақты болып тотыққан сұңғақтау қара жігіт (тегінде қара торы болса керек), жылтырата тазартқан солдат етігін сарт еткізіп, шаншыла тұрып честь берді. Мен де честь беріп:

- Есен-аман жүрсің бе, Баубек! — дедім. Аман - есендік мезіретін жүре орындап, шалашқа қарай алып жүрдім. Жаңа мен кеткенде отырған жолдастардың саны көбейіңкіреп қалған екен. Кешке таман армия басқармасының басқа бөлімдерінде істейтін командирлер біздің саяси белімнің шалаштарына жиналатын.

Бізде гитар тартатын, ән салатын, би билейтін дарынды адамдар (Анатолий Гусев, Александр Беляев, т. б.) бар еді де, көбінесе соларды тамашалауға жиналатын. Радиоқабылдағыш арқылы фашистердің не деп, не қойып жатқанын тыңдап отыратын, немісшеге жетік адамдарымыз да бар еді. Айтуға боларлығы айтылатын.

Оларға Баубекті таныстырдым. «Комсомольская правдада» Баубектің бір-екі публицистикасы жарияланып қалған кез еді бұл. Бұл командирлердің көбі оған қанық еді, сондықтан әрқайсысы оның армияда қашаннан бері қызмет ететінін, соғыстан бұрын не істегенін сұрасып, біраз әңгіме құрдық. Баубек онша шешілмей, қысқа да орынды жауап қайырып отырды, болайын деп тұрған жігіт екен десті кейін олар.

Баубек біздің армияға тіке бағынатын саперлер батальонында екен. Қорғаныста тұрған ірі әскер құрамасына мұндай арнаулы әскер бөлімі өте қажет-ақ. Баубек батальонның клуб жұмысын да басқара жүреді екен...

Әңгімеміздің үстінде оның публицистикасы жағын қозғағаным есімде. «Комсомольская правда» онан жазған мақаласы болса тағы жіберіп тұруын сұраған екен. Әзірше жаза қойған мақаласы жоғын, бірақ жазғалы жүргенін айтты. Сонда отырып бір өлеңін оқыды маған. Отаншылдық лебі күшті, соғысты суреттеген. «Шығыстың ұлдары қайтпас, қайсар жауынгер жігіттер екен, Алатау, Сарыарқаны арка тұтатынын сипаттаған елең екен. Жақсы өлең, жауынгерлерге қайрат беретін, ерлік қимылға бастайтын өлең екен. Ана Алатау, Сарыарқа дегенің ол біздің арка сүйейтін халқымыз ғой, ол қонымды...» — дедім. Баубек үн-түн жоқ, маған тіке қарап отырып қалды... «Тым сезімтал жігіт - ау өзі, жаңағы Алатау мен Сарыарқаны ежіктегенім көңіліне келіп қалды ма екен?» — деген секем алдым. Жоқ, екі көзі менде болғанымен ойы әлдеқайда сияқты, ту сыртымдағы бір қиянға самғағандай...

Кейін оның жинағындағы «Жүріп келе жатырмын» дейтін өлеңі маған жылы ұшырайды. Бұдан отыз жыл бұрын естіген сол өлеңде Алатау да, Арқа да бар. Солармен бірге:

Ел намысын жыртатын

Қайратты қайтпас ер керек.

Арқа сүйер ер үшін

Жағасы бүтін ел керек...

деген жолдар жаңадан қосылған ба деймін.

Күн батуға айналды. Баубекті шлагбаумнан сыртқа шығарып салдым. Өз әскер бөлімінің жатаған автобусы жауынның астында әлі күтіп тұр екен. Келіп тұр деп, қош айтыстым. Баубек қиылып, сәл тұрды да қолымды құшырлана қатты қысты.

Арада біраз күндер өтті. Алдыңғы шептегі дивизияларға барып тұратын жұмыстарымыз болып қалатын. Бір жолы сол сапардан қайтып оралғанымда, Баубек тағы бір келген екен, бірақ мені кездестіре алмай кетіпті.

Бірде алдыңғы шепке бара жатып, Баубектердің саперлік взводының үстінен шықтым. Баубектің менің беталысымнан қиысырақ жақта жүргенін естіп, бір жапырақ қағаз жазып беріп жібердім. Кідіруге болмайтын еді.

Сол сапарымнан армия басқармасына қайта оралғаннан кейін, біраз уақыт өткенде, Баубек екінші рет келді. Қоңыр күз, жаңбыр жауып тұрған-ды. Баубек плащ-палатка жамылып алған. Бұрынғыдай емес, енді ақ жарқын, көңілі көтеріңкі көрінді. Туз сөмкесінен бір қағаздарды ақтарып, тағы өлеңін алды. Анадағы өлеңіндей емес, Махамбет толғауының сарыны бар. «О, ерлер - ау, ерлер - ау, Еділге бүгін жау шапты...» деп бастапты. Ер азамат, жауынгерлерге, дүйім елге ұран салған бұл өлеңі қатты тебірентті мені. Сталинградта сұрапыл ұрыстар дүние жүзін жаңғырықтырып жатқан кез ғой, елім деп еңіреген, жалынды патриот Баубек тұрсын, кімнің зығырданын қайнатпады?! Жаңа талаптың бойын астамшылық билеп кетер деп қаймықпай-ақ: «Күшті өлең екен. К. Симоновтың «Өлтір немісті!» дейтін өлеңімен таласатын өлең екен», — деп мақтадым. Бүл өлеңі өзіне де ұнайтынын оның ажарынан аңғардым.

Өткен жолы сөз болған мақала жөнінде тағы да әңгіме бастадым. Жазып жүрмін деген мақаласын «Комсомольская правдаға» жөнелткенін айтты.

1940 жылдан бұрын да, онан бері де азды - көпті өлең жазған екен. Мұны осы екінші жолыққанымда білдім. Өлеңдерінің бірлі - жарымы басылыпты («Лениншіл жаста» болса керек). Өлеңдерін жинақ етіп шығаруға әлі аздау сияқты көрінді. Бірақ өте керек-ақ өлеңдер. Ішімнен ойлап қоямын: «Осы екі-үш мақаласымен соғыс туралы өлеңдерін қоса бір кітапша етсе қайтер еді. Жоқ, оған «Қазақстан» баспасы көнбес, қара сөздер мен өлеңді өзінің көзі тірісінде араластырмас. Сонда мақалаларын бір кітапша етсе де болмай ма? Ал мақаласы әзірше үшеу ғана. Тағы жазатын ойы бар ма екен?»

- Бір мақаланы ойлап жүрмін, — деді Баубек.

- Ондай болса, жаз, бірақ онша көп ойланба. Әзірше осы үш мақаланы «Қазақстан» баспасына жөнелт. Өзің жібергенді ыңғайсыз көрсең, жинастырып маған бер, мен жіберейін. Бір жағынан Орталық партия Комитетіне (Қазақстанның) де хат жазайын, — дедім.

- Жазып қайтесіз. Онша қажеті бар ма, — деді қарапайым жігіт.

- Саған қажет болмағанымен, мынадай жаумен жанталасып жатқанда үйдегі, түздегі жұртты жауға қарсы жұмылдыру үшін қажет қой...

- ...Жарайды, олай дейтін болсаңыз. Жинастырып көрейін, — деді Баубек, біраз ойланып отырып.

Кейінгі жолыққандағы әңгімеміздің мазмұны тағы осы болды. Мен бір жағынан лектор едім. Алдыңғы шепке барғанда еліміздің, дұшпанның жайы туралы лекция оқи жүретінбіз. Баубек көбінесе осы лекциялардың мазмұны жайында көп сұрайтын, өзі аз сөйлейтін.

...Қар түскен, қыс қайратына міне бастаған кез. Фомичи деген селода тұрғанымызда Баубектен хат келді. Мензелинскіден (Татарстандағы) жазыпты. Саяси қызметкерлер даярлайтын әскери курс болатын, сонда оқып жатырмын депті. Оқуға жүрерде маған соғудың орайы болмапты. Біз ақылдасқан мәселе (мақалалар) жайында тағы хат жазармын депті.

Мен оған реніш білдіре хат жаздым. Мақалаларын әлі жөнелтпегені үшін жазғырдым. Тура Орталық Комитетке, секретариатының атына жөнелт деп жаздым.

Екінші хатында мақалаларын жинастырып, ретке келтіріп жатқанын айтыпты. Мен тағы да ренжи жаздым, мақалаларын осынша кешіктіріп жүргеніне. Сабағынан бұрыла алмай жүр ме екен деп те ойладым.

Үшінші хатында мақалаларын Қазақстандағы жолдастары реттейтін болғанын жазыпты. «Бәрекелді, жақсы болған екен», — деп, жауап хат жаздым.

Одан кейінгі төртінші, соңғы хатында мақалалар жайында жазбапты. «Оқу аяқталып қалды, жуық арада майданға, политрук болып баратын шығармын», — депті.

Мен жауап қайырдым.

Бұдан кейін Баубектен хат келмеді...

Октябрь 1971 ж.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз