Мен 1924 жылы Семей облысы, Жарма ауданы, осы Егіндібұлақ селосында туып өстім. Қазір де осы жерде тұрып жатырмыз.
Қызыл әскер қатарына 1942 жылы сентябрь айында Жарма аудандық әскери комиссариаты арқылы шақырылдым.
Әскер қатарына алынғаннан кейін 1943 жылдың май айына дейін 9-атқыштар бригадасында Саратов облысында болдым. 5 ай осы жердегі батальон штабында писерлық қызмет атқардым. Май айында бізді Пугачев қаласынан майданға аттандырды. Майдан шебіне жақын қалғанда 394-атқыштар дивизиясының 810-полкына қосты. Осы полкта мен 1945 жылдың октябріне дейін бөлімше командирі болып қызмет атқардым. Орел - Курск операциясы кезінде 4-Украина майданының кұрамында Харьков маңайында бірінші рет соғысқа қатыстым. Осы полк құрамында Украинаның Кривой Рог қаласы, Одесса облысы арқылы Тернополь қаласының маңында қорғаныста болып, 1944 жылы август айында Яссы-Кишинев группировкасына қатыстым.
Менде награда өте аз. 1944 жылы апрель айында Днестр үшін және 1944 жылы сентябрь айында Яссы - Кишинев операциясы үшін «За отвагу» медалі, «За победу над Германией» медальдары бар.
Мен Баубекті 1943 жылы көрдім.
Мен бір шаруамен кетіп бара жатыр едім, алдымнан қазаққа ұқсас бір аға лейтенант кездесті. Мен ол кісіге әскер тәртібімен сәлемдесіп өтіп кеттім. Барған жұмысымды бітіріп қайтып келе жатқанда әлгі кісі тағы кездесті. Ол мені тоқтатып: «Қазақсың ба?» — деп сұрады, мен: «Қазақпын», — деп жауап бердім, ол менің қай жерлік екенімді сұрады. Мен толық жауап бергеннен кейін ол осы полктың саперлер взводының командирі екенін айтты және уақытым болса, келіп тұруымды сұрап орналасқан жерін көрсетті. Мен сол кеште - ақ бардым.
Екеуміз 2 сағаттай әңгімелестік. Баубек өзінін жалғыз екенін, бір жақын ағасы соғыста қаза тапқанын, жора-жолдастарынан хат алып тұратынын айтты. Содан кейін Баубек «Социалистік Қазақстан» газетін алатынын айтып, маған «оқы, Қазақстан жаңалығымен таныс» деп бірнеше номерін берді. Міне, осыдан бастап Баубекпен бірге туысқандай болып кеттім. Бос уақыт болса Баубек екеуміз ылғи бірге болатынбыз. Баубек маған неміс картасынан жасалған екі қалың дәптерді көрсетіп, өзінің газеттерге мақала, өлең жазуымен бірге «Алтын сағат» және «Капитан Водопригора» деген әңгіме жазып жүргенін айтатын.
Біздің әскер Кривой Рог қаласын алуға дайындалып жатқанда, жау минасын тазартып жүріп, қапылыста мина жарылып Қаратаев, Каплевский, Баубек үшеуі мерт болады. Баубектің мерт болғанын естіп, Махровтың көмегімен майдан даласынан алып шығып, Днепропетровск облысы, Софиев ауданы, Ново-Юльевка селосына ез қолымнан жерледім, қасында Қаратаев, Каплевскийлер бар. Баубектің басына «Баубек Бұлқышев» деп, туған жылы мен мерт болған жылы, күнін тақтайға ойып жаздым. Менің қолымнан келгені осы ғана болды.
Баубек кішіпейіл, бауырмал еді. Баубекті осындай азаматтығы үшін солдаттар қатты сыйлайтын. Және штаб офицерлеріне өте беделді еді. Баубек жас кетті. Сол соғыстың қиын-қыстау уақытында өте мәдениетті, таза жүретін және осыны өз қарамағындағы солдаттардан талап ететін.
Сологубов маған Баубектің қағаздарын тапсырғаны туралы Рахметолла Ыдырысовқа айтқан едім, бірақ оның мазмұнын мен оқығам жоқ, себебі оған менде уақыт болмады. Ол қағаздардан жараланып, госпитальға түскен соң көз жазып қалдым.
Соғыс аяқталғаннан кейін Баубектің полкінен Махровтан басқаны кездестірмедім. Махров мені 17 жылдан кейін іздеп тапты, қазір катысып тұрамыз.
Октябрь 1972 жыл.
ҚАНАҒАТ АҒЫБАЕВ
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі