Кешіре гөр, сенің кім екеніңді білмеймін. Бірақ танымайды екен деме, езіңді көрсем тарпа бас салар едім. Ал соңғы атың «Тауұлы» маған кім еді бұл? деген сұрақ қояды. Өйткені бүл атақ мен Алматыдан кеткеннен кейін пайда болған. Әсіресе Баубектің қазалануымен байланысты кездестірдім мен «Тауұлын». Тауып қойылған атақ. Менің алдымда «С. Қ» -ның 122-саны жатыр. Қай күні шыққаны белгісіз. Алматыдағы баспа мамандары әскерге жөнелтілетін газет болғандықтан, сақтыққа салынып, күнін жөнді түсірмеген болу керек. Мәселе онда емес. «Достық қарызында». Кешір, қате жаздым. «Дос қарызы» екен. Мен мұны қазір ғана оқып шықтым. Тек оқығаным жоқ, жан жүйем елжіреп оқыдым. Көзімнен ыршып кетті ыстық жас. Демек, сен жан сарайыма ене білдің. Мүмкін мұның ішіндегі адамдар сенің қандай досын болса, менің де сондай жақындарымның атымен байланысты шығар. Баубекті де, Хасенді де мен жақсы білемін. Асыл адамдар еді. Баубек бір жаз менің қарамағымда істеді. Карл Маркс көшесіндегі 20-үйде мен оның тұңғыш дастанын тыңдадым. Оқып болғаннан кейін оның қара көзі жаутаңдап, маған қадалды. «Кәне, аға, не айтасың?» деген сұрақ бар еді ол көзде. «Дастаныңды аяқта, қарағым. Оқиғасы әлі өріс ала қоймағанымен өлеңдік мәні терең жатыр», — дедім мен. Баубек күліп жіберді. (Кешір, сыймай қалды. Екінші қағазға жазу керек).
...Мүмкін ол менен мұндай жауап күтпеген-ақ шығар...
Мен майданға келгенде Баубекпен хат арқылы хабарласып тұрдым. «Бауырым» деп жазар еді ол үнемі. Біздің редакцияға келу туралы кеңесті. Мен бастықтарға айттым. «Өзің бастық болмаған соң өміріңнің ішін ұрайын», — дер еді Күзенбай деген атамыз. Сол айтқандай алдыру қолдан келмеді. Сөйтіп жүргенде қазаланып кетті. Келешегі бар еді. Сақтау керек еді. Қынжылдым. Ажалына өзім себепші болғандаймын. Қайран жас, ақырғы минутында не деді екен. Білер ме едім!
Осымен сенің Баубек жөніндегі екі әңгімеңді оқыдым. Ұнады маған. Адамның, солдаттың қатаң жүрегін тербеп, аяныш сезімін оятады. Кекке шақырады. Осы алған стилің өте ұнамды. Сенің бұл әңгімелерің Баубек еңбегінің жалғасы тәрізді. Шығыс ұлының орнын Тауұлы жоқтатпас. Сенен атыңа лайықты асқар нәрсе күтемін, бауырым.
Ендігі әңгіме қалыңдықтар туралы. Әрине сенің алып отырғаның идеал боларлық әйелдер. Қарындастардың бәрінің махаббаты осы тәрізді таза болғай да. Тілек те сол, бірақ, дос қарызы ерге шықпауда емес. Әрине, білетін достың қалыңдығы ерге шықса, оның досына ауыр - ақ,. Мен өзім де қызғанар едім, өлік үшін. Алайда оларға бала асыратып, өмір, тіршілік заңына кедергі жасауға қосылмас та едім мен. Мүмкін қате шығар пікірім. Сен романтикалы әйелдер іздейсің. Дұрыс - ақ. Дегенмен, Некрасовтың айтқан шындығы шындық. Ұмытпайтын тек ана. Қасіретін қалдырмай көрге көтеріп жететін ана ғана. Бұл тек анаға тән қасиет. Кешір, інім, кеп жаздым. Мұның бәрі сүйсініп оқығандықтың белгісі. Топшың бірсыпыра қатая келген тәрізді, енді шарықтап, қияға көтерілуіңді тілеймін.
Қош, Әбу
Дала почтасы, 22107 А
3 август 1945 ж
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі