Менің қолымда Ұлы Отан соғысынын майданында қаза тапқан жас ақын Баубек Бұлқышевтың «Заман біздікі» атты әрі тұңғыш, әрі соңғы жинағы отыр. Жинақ екі бөлімнен құрылған. Алғашқы бөлімге ақынның өлеңдері, соңғы бөлімге желдіртіп жазған қара сөздері кipген. Өлеңдерінде Баубек әдебиетке жаңа ғана араласқан жас ақын болса, қара сөздерінде белі бекіп, бұғанасы қатқан кәдімгі қабырғалы жазушы.
Құлын-тайдай шұрқырасып бірге өскен қатар құрбымның осы бір көлемі не бары үш баспа табақтай шап - шағын жинағы маған сондай ыстық, сондай қымбат.
Баубек анығында ренжу, торығу, ашулану дегенді білмейтін, жолдас-жорасына жұғымды, тула бойында жастық, күші толқындай бұрқыраған албырт мінезді, қайратты жігіт еді, ол ылғи қабағынан күлкі кешпей, жарқын жүретін. Өмірдегі есі-дерті бір ғана өлең болатын. Жақсы өлең, қызықты поэма жазуды арман етіп, күндіз-түні толғану үстінде болатын. Біз оған сенетінбіз, көп үміт күтетінбіз. Біздің сол үмітімізді Баубек ақыры ақтап шықты. Жазушылық өнеріне деген ыстық, құмарлықты армияға ала кеткен Баубек Ұлы Отан соғысынын отты жылдарында жарқ етіп бой көрсетті. Ол езінің албырт жастығына, аяулы арманына қол жұмсаған қаныпезер жауды қаруымен де, қаламымен де түйреді. Баубектің от пен оқтың ортасында, окопта ай жарығымен жазған солдат сырына толы жалынды публицистикасын сол жылдарда біз «Комсомольская правдадан» жиі-жиі оқып отырдық. Бірақ Баубектің бұл жазғандарына біз риза болсақ та, оның өзі риза болған емес. Маған ен соңғы жазған хатында төрт жылғы өмірі окопта өтіп келе жатқан Баубек кең-байтақ бейбітшіліктің құшағында, қатар-құрбыларының ортасында отырып, өзі болған соғыс туралы құлашты поэма жазуды арман етеді. Көк жасыл жазғы Алматыны аңсайды.
Алайда, Баубек Ұлы Отан соғысы туралы поэмасын қаламымен емес, жүрегінің қанымен жазды. Ағыбаев Қанағат дейтін солдат маған Баубектің қаза тапқанын хабарлап жазған хатында: «Аға лейтенант Баубек Бұлқышев Украина жерінде, Днепропетровск облысының Софиев ауданында, Ново - Юльевка селосының маңында жау тылына барлауға бара жатып, қасындағы екі жолдасымен бірге мина тиіп елді. Баубекті өз қолымнан сол селоға жерлеп, қабырының басына аты-жөнін толық жазып кеттім, Баубектің жазған сызғандары менде қалды», — дейді. Одан кейін маған Қанағаттан хат-хабар болмай кетті. (Ұлы Отан соғысынан аман-есен қайтқан болса «Қазақ әдебиетінің» осы номерін оқысымен Қанағат хабар берер деймін). Баубек біздің әдебиеттің қыршын кеткен боздағы. Оны ертерек шыққан шағын жинағын жаңғыртып, толықтырып, қайта шығаруға күш салсақ, біз Баубектің алдында бір үлкен борыштан құтылған боламыз.
Таңдамалы шығармалары.
IV том. Алматы. 1976 ж.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі