Баубек Бұлқышевтың бұл жинағында оның жиырма екі өлең, алты қара сөзі (әскери очерктері, публицистикалық мақалалары) бар.
Баубек бұл жинағын көре алмай кетті. Оның арманы өмір сүру, туған елінің адал ұлы болу, еңбек ету, оның жемісін көру еді. Осындай тәтті қиялдың құшағында жүргенде, ұлы Отанымызды қорғау жорықтарында ерлік істер көрсетіп жүргенде жау оғынан қаза тапты.
Ол мүлде аз өмір сүрді. Ол үнемі өмір сүру, еңбек ету жайын айтушы еді. Өмір берген заманын қызыға жырлайтын еді. «Менің жастығым адам баласының қызметіне берілді» деп соғыста жүрген күндерінің әрбір минуты мен сағатын халық бақыты жолына жұмсаған еді. Міне, өз еліне, адам баласының бақытына жас өмірін берген Баубектің мына жинағы оның дәл езі сияқты жас лебімен, өмір сүру тілегімен, кең алған демімен, қайрат-жігерімен келген еңбек.
Баубек былай деп әбден дұрыс болжап жазған екен: «Жақын арада мен бір жас ақынның соғыста өлгенін көрдім. Ол соғыста батырларша алысты да, батырларша өлді. Өлер алдында есіне Байрон түсіп кетті де, жазу дәптерін баспаға тапсыруға бізге берді. Дүниемен қоштасар кезеңде өлеңдерінің өмір сүруін ойлады, соны үміт етті: оның өлгеннен кейін де өмір сүргісі келді. Ол өмірі — жұрт оқитын өлеңдері», — деп еді.
Осы жинақтағы өлеңдері мен қара сөздерінен Баубектің әлгі айтқан үмітінің үзілмес ұзын арқауын көресің.
Ер жеткенде есейіп,
Ер болмасқа немене!
Ерке өсіп, білімді,
Кен болмасқа немене!
Өткір алмас болатқа,
Тең болмасқа немене!
Сары алтындай салмақты,
Сірә, саспас сабырлы.
Кен болмасқа немене! —
деп жазған жас Баубектің жігер-қайраты алмас болатқа тең еді, батыр соққан семсердей берік, сары алтындай салмақты еді.
«Білімнің кені болмасқа немене!» деп арман еткен ақынның қажымас күші, кіршіксіз таза ниеті, ұлы идеясы — ғылым мен білім еді, ұлы істің күресі еді.
Ақын идеясы жөнінде В. Г. Белинский өте бағалы пікір айтқан. Ақын қуатының қайнар бұлағы оның құмарлық күшінде. «Ақын тамаша, сүйкімді жанға ғашық болғандай, идеяға ғашық болады, соған жан-тәнімен құмартады». Нағыз ақында болатын осы күш, құмарлық, қуат, идеяға ғашықтық Баубек өлеңдерінің, әсіресе қара сөздерінің үзілмес желісі болып, айқын сезіліп тұрады.
Баубек өмірге, еңбек етуге, білімге, Отанның адал ұлы болуға ғашық еді. Баубек өмір дегенді, адамның өмірдегі тіршілігі дегенді терең ұққан. Ол өзінің «Өмір мен өлім туралы» деген әңгімесінде былай деп жазып еді: «Біздің шығыс елдері адам дүниеге келген қонақ, біраз қонақтадың, енді аттануың керек» деседі. Бірақ адам дүниеге тек қана келіп, әншейін ғана аттана бермейді: ол артына ой қалдырады, мұра қалдырады. Ол өмірге адам болып келіп, адам күйінде кайтады». Осындай асқар идеяға ғашық болған ақын Баубек өзіне серт еткен осы мұрат мақсатына,берік - бекем болып, өмір сүрген аз ғана жылының ішінде артына күрделі еңбек қалдырды: өмірге адам болып келіп, адам күйінде қайтты.
Баубек өмірдің ең биік шыңына өрмеледі. Сол биік шыңға қанат қақтыратын, ойын өрлететін жан серігі де бар еді. Мұны Баубек «Ғашығым» деген өлеңінде тамаша жырлады. Оның ғашық болғаны — сөздің патшасы, cөз сарасы — өлең еді. Дүниеге әнмен есік ашу еді.
Жас бала тәтті жырдың дәмін татқан,
Туған ұл Октябрьдей таңда атқан,
Арнаса ұстазына жаңа жырын,
Біржанша күйді толғап, түптеп тартқан, — дейтін.
Ақын Баубек Бұлқышев қалам қызметінде енді көріне бастағанда Ұлы Отан соғысына аттанды. Өлеңдерінің бірсыпырасын, қара сөздерінің бәрін дерлік майданда, өмір мен өлім тартысында жүріп жазды. Қуанған, шаттанған, қайғырған кездері де болды. Баубек осы қайғы — трагедия мәселесін кеп ақын, жазушыдан өзгеше түсініп, тіпті дұрыс шеше білген. «Үлкен бір қайғым да бар, — деп жазды Баубек, — болашақтағы тексерушілер біздің арпалыста жүргенімізде қайғыра да, жылай да, қуана да, күле де, кектене де білгенімізді ұғынса болғаны».
Баубектің қайғысы — қимас жастық шағы еді. Бұл мәселеде ол үнемі өршіл, үмітшіл болатын. Ол өзі айтқандай, қайғыра да, шаттанып, қуана да білген, қайғыны ақынның үнемі өршіл ниеті, шаттығы жеңіп, ақынды рухтандырып, алысқа әкетіп отырды. Міне, жас азаматтың өмірге деген көзқарасы осындай.
«Жастық шақ маған бір-ақ рет берілмеп пе еді», — деп оны мейлінше қадірлейтін, «Жастық шағымыздың іші - тысы бірдей болсын, сол ай емес пе, құрбыларым?» — деп дем беретін. «Сол жастық шағымды дүниенің басқа қандай қызығына болса да айырбастамаспын», — дейтін, тамаша өмірімізді мақтан ететін. «Мен шығыс адамымын. Менің елім жақтан шығатын алтын күн мені ұзақ күн бойы жылытады, ол қашан да қасымда», — деп сол жарқын күннің — азат өмірінің ыстық лебін: өз елінің басына ешбір заманда қайғы-қасірет түсірмейтін шамшырағындай, рақатындай көреді.
«Өмір» деген. өлеңінде Баубек өліммен жекпе-жек күреседі, қайғыны, өлімді өмір нұрына жеңдіреді:
Кел, кәне, өлім, кел бері
Алысайық жекпе-жек!
Кім деп тұрсың сен мені
Сені де жеңем басқадай,
Айқассаң егер маған кеп
Көрерсің де айтарсың:
«Дүниеде өлім жоқ,
Түбіме жетті өмір» деп...
Қара сөздерінің тақырыбы: өмір сүру, елінің адал ұлы болу, достықты жырлау, соның барлық ұлылығын ашу болатын. «Жауыздық пен махаббат», «Өмір мен өлім», «Өмір сүргім келеді», «Заман, жастар, біздікі», «Шығыс ұлына хат», «Тыңда, Кавказ» сияқты өткір әңгімелерінде ақынның нағыз патриоттық көзқарасы, совет жасының жігері мен қайраты, намысы, өмірді сүйе білген кіршіксіз таза ниеті терең оймен көркем суреттелген.
Баубектің бірсыпыра өлеңдері, әңгімелері әлі толық жиналған жоқ. Оның достарымен жазысқан тамаша хаттары да көп. Соларын толық жинау керек. Жас ақын, жазушыларымызға көп-көп үлгі болатын, тереңге тартатын, өмірді сүюге шақыратын, «Заман біздікі, құрбылар!» дейтін жалынды үні бар ақын еді ол. Баубек көркем әдебиетпен қоғамдық өмірді, мүддені тығыз байланыстыра білген, адам қызметін жоғары бағалаған ақын. Оның жастарымызға үлгі болатыны да осынысында.
«Социалистік Қазақстан»,
1949 ж. 17 июль
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі