1942 жылдың 1 майы күні «Комсомольская правда» газетінде «Майдандағы қазақ жасының дәптерінен» деген түсіндірмемен «Өмір мен өлім туралы» Баубек Бұлқышевтың ыза мен кек тұтқан отты толғауы атой салып еді совет публицистикасында. Одан әрі Баубек сөзі, Баубек ойы нәрлі де құнарлы шығармаларға жалғасып, Одақ оқушыларына таралып жатты. Әр жаңа туындысы салиқалы ой, салмақты пікірге, жалынды да отты сезімге толы болды. Адамзаттың қас жауы — неміс фашистеріне деген ашу-ызадан өрбіген отты сезімдерді Баубек бәрімізге ортақ орыс тілінде білдіріп жатты.
Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақ әдебиетінің дамуын сөз еткенде Қасым Аманжолов пен Баубек Бұлқышевтың есімдерін ауызға алдымен аламыз. Екеуінің өнер өлкесі екі салада болғанымен рухтары, өмірді сезіну, ой түю жайлары бар. Бірі өлеңмен, бірі ойлы да отты қара сөзбен замана тынысынан нәр алып, кезеңдік шындықты әсем жырлай білді. Бұл — ой, идея ортақтығы деген жалпы қисынмен ғана емес, ішкі рухани тынысымен тамырласып жатқан керемет бір көркемдік құбылыс.
Баубектің әскери очерктері мен публицистикасының бар лейтмотиві Қасым Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» атты атақты поэмасының бас кейіпкері
Абдолла Жұмағалиевтің монологымен іштей сабақтасып:
Күллі әлемнің ашу - кегі
Орна менің кеудеме кеп!
Жау жолына атам сені
Бомба бол да жарыл жүрек! — деп атой салады.
Баубектің жалынды шығармаларын оқып отырғанда жан-жүйеңді түршіктірген ыза-кек, жауға өшпенділік, досқа бауырмалдық сезімді тудырып, әрқашан лирикалы жылылықпен қабаттаса суреттеліп, айбынды қимылға бастағандай болады.
Өлім мен өмір белдескен шақта Отанды сүю сезімінің еселене түсетіндігін Баубек «Мен өмір сүргім келеді!» атты публицистикасында жақсы айтты. Сүйе білген жүрек жек көре де біледі. Ол досына адал, жауына қатал. Сондықтан майдандағы әскери қаламның сиясы жүректің қаны болды да, елге жеткен жалынды сөз рухани күш берді. Баубектің «бізбен бір сапта жауға деген шеті қиыры жоқ кек жүрді» деген сезімі шынайы.
Өзінің және өзімен бірге қан майданда жүрген құрбыларының отаншылдық сезімін жырлаған уақытта Баубек өзінің кіндік қаны тамған Ұлытауды, жалпақ дүниенің жартысындай жайылып жатқан қазақ даласын, жаңа дәуір орнатқан совет елін ажырамас тұтастықта сезіне білді.
«Харьков маңында соғысып жүрген қазақ жігіттері құтқарылған украин жерін құшып сүйгенін газеттен оқығаным бар. Біз бұл хабарды бір украин жігітімен бірге отырып оқыдық. Онымен құшақтасып тұрып, сүйістік, жыластық та. Біз ат жалын тартып мінген адамбыз, біз жауынгерміз. Жау қанша қорлық көрсетсе де бізді жылата алмас еді. Бірақ, бұл жерде жыладық», — деп хабарлайды өмір мен өлім белдескен окоптан Баубек.
Оларды туыстырған патриотизм. Совет заманы тәрбиелеген жандардың адал сыры бұл. Олар үшін кең байтақ Отан біреу, ол — Советтер елі. Сондықтан Баубек «Шығыс ұлына хат» жазады да, «Тыңда, Кавказ!» деп сыр шертеді. Неміс фашистері өртеп, тып-типыл қылып кеткен орыс селосы, ойрандалған украин хуторлары, қаһарлы қарт Кавказдың ауылдары мен деревнялары Баубекке өзінің Сарыарқасындай ыстық, жақын. Снаряд жайратқан қара орман, бомба ойған қара жер, фашист оғына душар болған тіпті қара қарға да Баубекті терең ойға батырады.
Отаншылдық сезімді ардақтап, халықтар достығын әсем әндей жырлай білген Баубектің өміршең мұрасының бір мәнді саласы — келешек, бақытты болашақ туралы жарқын да алымды ойлары, арманды үміті.
Өзінің өнерімен, балауса өлең - жырымен, әсіресе Ұлы Отам соғысы жылдарында неміс фашистеріне деген өшпес ыза-кекте қайралған, жастық жалынға, Ұлы Отанына деген аяулы сезімге толы шығармаларымен жарқырап көрінген, сөйтіп қазақ әдебиетінің өркендеуіне өзінің үлесін қосқан Баубек Бұлқышев әдебиет тарихынан, халықтың ұлы майдан тарихынан мәңгі орын алды.
Март 1975 ж
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі