Өлең, жыр, ақындар

Ұлттық идея – біртұтас қазақ идеясы

Ұлттық идея ұлттың тұңғиық тарихын да, қазіргі әлеуметтік-мәдени білім- болмысын да терең игерген, осы ұлт ұғымы мен мәнінің қадіріне жетіп, құдіретін түсіне алатын адамдардың немесе адамдар тобының нақты ой мүддесі. Ұлттық идея бүкіл бір халықтың өмір сүруінің мазмұны,ұрпағының жалғасуының, рухани мұрасының мәңгі сақталуының негізгі кепілі ретінде адамзаттың тарихында ертеден белгілі идея болып табылады. Ол белгілі бір мемлекеттік биліктің маңыздылығын көрсетпейді, ол халықтың мәңгі өмір сүруін, оның дүниетанымының рухани-адамгершіліктік негіздерін сақтауды, жалпыадамзаттық құндылықтар тұрғысынан өмірмәнді мәселелерін шешіп, дамытуды көздейді. Қазақстан егеменді ел болғалы өзінің ұлттық идеясын тұжырымдап, оны басшылыққа ала отырып дамуды көздейді. Тәуелсіздігін алған тоқсаныншы жылдары Қазақстан үшін өз жолын айқындау,ел аумағында тұратын барлық халықтың рухани біріктіру проблемасы барған сайын көкейкесті сипат алған болатын. Тарихи тағдырларына орай, біздің еліміз көптеген ұлт пен дін өкілдері мекен ететін мәдени әртекті елге айналғаны рас. Дегенмен, бүгінгі күні біз өзіміздің егемен елімізге көп ұлтты деген ат қойып, айдар тағумен өз құнымызды өзіміз түсіріп, ата-бабадан мирас болып қалған атамекен,туған жеріндегі негізгі мемлекет құрушы ұлт - қазақ халқының мүддесін ұмытуға мүлдем болмайды. Қазақстан саяси тәуелсіздігіне қол жеткізгенімен, рухани дербестікке толығымен қол жеткізді деп айта алмаймыз.Осы ретте еліміздегі ұлттық идея жөніндегі пікірталастың бастамашысы мемлекет басшысы ұлттық идеяны бағалай келіп,оның негізгі мазмұнындағы Республиканың барлық этностарының достығын, теңдігі мең құқұқтылығын негіздеген болатын.Алдымен Қазақстанның ұлттық идеологиясы бүгінгі күннің ерекшеліктеріне ғана емес, сонымен катар мемлекеттің тарихи дәстүріне де негізделуі керек дегенмен келіспеуге болмайды.Оның үстіне, қазіргі заман - батыстық әлемнің мәдени және ақпараттық экспансиясымен сипатталатын «жаһанданудан қалсаң да, көштен қалма» демекші, біз де елімізді бұл құбылыстан тыс қалдыра алмаймыз. Үдемелі және орнықты даму үшін жаһандануға енуге тура келеді. Сондықтан кері қайтпайтын бұл құбылыстан құтыла алмайтынымызды білгендіктен, бүгінгі күні осы жаһандануға жұтылудың емес, онымен иық тірестіріп, қатарласа жүрудің жолын табу керек. Сан ғасырлар бойы салт - санамызға сіңіп кеткен ұлттық мүддемізді уақыт талабы мен замана заңынан қалдырмай жаңарумен қатар алып жүрсек, еліміз қарыштап алға басады да, ескіміз өткеннің мұрасы жоғалмайды.

Қорытындылай келе, қазақ этносының айрықша ерекшелігі өткеннің рухани мәдениетін сақтаумен қатар, бүгінгі жағдайға жарасымды жаңаның бәрін қабылдауға және ұлттық дәстүрді сақтап,байытуға қабілеттілігі де болып табылады.Бүгінгі қазақтың ұлттық идеясын қалыптастырудың іргетас ұстанымдары енді жаңа қазақи құндылығының негізіне алынды. Қазақстанның аса көрнекті ғалымдары әлденеше мәрте атап өткеніндей, Қазақстан ұлты мәдени-тарихи бірлік арқылы біржолата қалыптасады. Қоғамның қазіргі дамуының басты үрдісі адамзаттың өз дамуының жаңа кезеңіне енгенін байқатады, тоқтаусыз ғаламданудың орнына аймақтану келе жатыр. Әр қоғамның әмбебап және өзінше дамуы орын алады.Ұлттық идеяны іздеуге ұмтылыс тап осы жағдайға байланысты туды. Қоғамдық дамудың орнын, басты бағытын анықтау қажет.

У.М.Джолдыбаева Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Қазақстан тарихы кафедрасының доценті

Д.С.Жұмамұрат Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің шығыстану факультетінің 1 курс студенті


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер