Өлең, жыр, ақындар

Дүниеде жоқ машина

Бізге беймәлім бір әлемнің әйтеуір бір жерінде бізге одан әрмен беймәлім бір әлем болыпты деседі. Ол әлемде алты құрылық және оларға қоса жетінші құрлық бар екен, жетіншінің барын алты құрылық адамдарының ешқайсысы білмейді екен. Ал жетінші әлемде бір ел бар екен, оның барын ол құрылықтың тірі жаны және білмейді екен. Беймәлім әлемнің беймәлім құрылығындағы сол беймәлім елде ешкімге беймәлім бір адамдар тұрыпты.

Күндердің бір күнінде беймәлім әлемдегі сол беймәлім елге жұртқа мәлім елдің бір кісілері барыпты.

— Уа, беймәлім әлемнің беймәлім елінде беймәлім мезгілден бері тұрып келе жатқан беймәлім халайық! — депті олар. — Біз — баршаға аян әлемнің баршаға аян елінде өмір сүріп келе жатқан адамдармыз. Біз сіздердің осыншама өркендемей қалғандарыңызға қайранбыз. Неге өркендемей қалдыңыздар?

Беймәлім әлемнің адамдары бұл сұраққа қатты шамданыпты.

— Біз өркендемей қалған жоқпыз, — депті.

— Өркендемей қалған жоқпыз деп қалай айтасыздар? — депті барғандар.

— Себебі біз аң аулаймыз, балық ұстай аламыз.

— Балық ұстау бұдан бес мың жыл бұрын басталған.

— Сонсоң біз мал өсіреміз. Бізде отар-отар қой, табын-табын сиыр бар. Сүт сауып, айран ұйытамыз.

— Мал өсіру бұдан төрт мың жыл бұрын басталған.

— Біз ауыл шаруашылығы жұмыстарымен де шұғылданамыз. Тұқым себеміз, егін орамыз. Астық өндіреміз, — деп беймәлім әлемнің адамдары да беріспеуге тырысты.

— Оның бәрі бұдан үш мың жыл бұрын басталған, — десті барғандар.

— Біз мақта өсіреміз. Темекі себеміз. Қызылша отырғызамыз. Жаңғақ жинаймыз.

— Ол кәсіптер де бұдан екі мың жыл бұрын басталған.

Беймәлім әлемнің беймәлім адамдары ойға батты, қатты абыржыды. Біріне-бірі қарап:

— Біздің еліміз шынымен дамымай, өркендемей қалғаны ма? — десті.

Сонсоң өз сұрақтарына өздері жауап беріп:

— Сірә, солай шығар. Сонда өркендеу үшін не істеуіміз керек? — деп олар баршаға мәлім әлемнен барғандардан ақыл сұрады.

Барғандар оларға:

— Біздің жаққа келіңдер, көріңдер. Бізден үлгі алыңдар, сонсоң сендер де өркендейтін боласыңдар, — дегенді айтты.

Ол ұсыныс беймәлім әлемнің адамдарына ұнай кетті. Сөйтіп, олар баршаға мәлім елге барды, онда істеліп жатқан істермен жақсылап танысты. Өз елдеріне басқалардан бұрын қайтып оралғандар:

— Мәселенің неде екенін түсіндік. Оларда машина бар екен, — десті.

Олардан соң оралғандар да:

— Ондағылардың неліктен өркендегендерін ұқтық. Ондағыларда машиналар бар екен, — дегенді айтты.

Баршаға мәлім елге барып қайтқандардың бәрі де:

— Мәселе — машинада... — деп ұйғарысты.

— Өркендеп даму үшін машина жасауымыз керек...

— Машина жасамайынша өркендей алмаймыз...

Олар ақырында:

— Машина жасау керек! — деген тоқтамға келді.

Елдің түкпір-түкпіріне жаршыларын аттандырды.

Ал жаршылар:

— Баршаға мәлім елге барып машиналарды көргендер, машина жасауды біліп қайтқандар дереу жиналсын, бас қоссын. Біздің елімізде де машина болуға тиіс! — деп айғайлаудан жалықпады.

Шақырылғандар орталықта бас қосты.

— Сіздерді не қажеттің бәрімен түгел жабдықтаймыз. Біздің еліміз дамудың даңғыл жолына түсуі үшін сіздер машина жасап шығуға міндеттісіздер! — делінді оларға.

Машина жасау қолға алынып, талай жылдарға созылып, ақырында машина әзір болды.

Машинаны жасағандар оны алдынан, артынан, үстінен, астынан, алыстан, жақыннан қарап көріп, біріне-бірі жымыңдай қарап:

— Иә, қалай, қатырдық па? — десті.

Баршаға мәлім елге барып машинаны көріп қайтқандар:

— Бәрекелді! Бұл бір ғажап машина болды. Біз көргеннен титтей де айнымайды! — деп күпілдесті.

Бүкіл елге жар салынып:

— Машина жасалып бітті. Пәленбай күні, пәленбай сағатта оны салтанатты түрде жүргіземіз. Оны көргісі келгендер түп-түгел жиналатын болсын! — делінді.

Машинаны көруге асығып апыр-топыр жүгірген жұрттың екпінінен жер солқылдап кетті.

— Машина жасалып болды. Енді біз мықтап өркендейміз! — Деді аузы уәлі ұлықтардың біреуі.

Сол кезде әлгі баршаға мәлім елге барып келгендердің бірі тұрып:

— Машинамыз жаман болмауға тиіс. Алайда мұның бір міні бар. Әлі есімде, мен көрген машиналар шотаяқ болатын, ал мынау шотаяқ емес, — деді.

— Иә, иә, рас айтады. Ондағы машиналардың дөңгелектерінің сырты іркіс-тіркіс темір тіс болатын. Мынада ол жоқ, — деп құптады біреулер.

Жүмысшылар мен шеберлер машинаның мінін түзетуге жұмыла кірісіп кетті. Шот тісті темір дөңгелектердің бірнешеуін жасап, машинаның о жер, бұ жеріне орнатып қойды. Аз болып жүрмесінші деп тағы да әлде нешеуін жасап орнатты. Машина қалбиып үлкейе түсті.

Дөңгелек атаулының біліксіз тұрмасы, бекімесі мәлім. Сондықтан жүмысшылар мен шеберлер машинаның өне бойында қай жерге орнатуға болатынына қарай үлкенді-кішілі біліктерді жасап-жасап, орнатып-орнатып тастады. Біліктердің көп орнатылғаны соншама, машина қаланың ішіне сыймауға айналды.

Зеңбіректер зіркілі жапанды жаңғыртып, машинаның дайын болғанын паш етті. Машина жүргізілетін күн мейрам деп жарияланып, оған бүкіл елдің кәрі-жасы түгел жиналды.

— О, міне, машина деп мынаны айт! Неткен үлкен машина! — деп таң қалды, аузы уәлі ұлықтардың бірі.

— Машинамыз әдемі-ақ! Бірақ, меніңше, мұның бір міні бар. Мұның цилиндрі жоқ, — деді екіншісі.

— Иә, иә, рас, рас. Еске салғаның жақсы болды, тәңір жарылқағыр. Цилиндрсіз машинада не қасиет болушы еді, онысыз біз де өркендей алмаймыз. Машинаға дереу цилиндр орнату керек! — десті көпшілік.

Қарбалас жұмыс басталды. Цилиндр жасауға бірнеше жыл кетті. Асты-үстіне, жан-жағына самсатып цилиндр орнатылғаннан кейін машина елдің жер көлемінің үштен бірін алып арбайып тұрды. Оны көрген кісілер ауыздарын ашып, көздерін жұмып:

— Құдайым-ау! Мынау қандай ғажап әдемі машина еді! — десті.

Той дегенде қу бас домалайды дегендей, машинаны тамашалауға елдің тайлы-таяқтысы түгел жиналды.

— Көз тойғысыз көркем екен жарықтық! Бұдан артық ештеңе бола қоймас! — деп аузы уәлі ұлықтар тексі тамсанды.

— Менің қателесіп тұруым да мүмкін, өйткенмен, әлгі біз көріп қайтқан машиналардың, меніңше, қазандары да, оттықтары да бар, — деді олардың біреуі.

— Иә, иә, дұрыс айтасың. Біздің машинамызға немене жетпей тұр деп мен де бағанадан бері ойланып отыр едім. Қазансыз, оттықсыз машинаны машина деуге болмайды. Қазан мен оттығын дереу жасау керек! — деді екінші бір ұлық.

— Әміріңізге құлдық! — деп жұмысшылар мен шеберлер зыр жүгіріп жөнелді.

Олар бірнеше жыл бойы таңның атысы, күннің батысы жанталасып жұмыс істеді. Ақырында машинаның алды-арты, асты-үсті қазан мен оттыққа толды.

— Машинаның ине шаншар бос жері қалмады. Машина жүргізуге даяр! — делінді.

Халық тағы да жиналды.

— Мынауымыз машинаның көкесі болды! Дамудың даңғыл жолымен зырлауымызға енді ештеңе де бөгет бола алмайды! — деп желпіністі олар.

Бірақ, сол әредікте әлде кім:

— Сіздер байқадыңыздар ма, бұл машинаның бір кемшілігі бар сияқты. Біз көріп келген машиналардың барабандары бар болатын. Ал мынаның барабандары қайда? — деп қалды.

— Тәңір тілеуіңді бергір, сен болмағанда барабан мүлде ұмыт қалатын еді. Кәне, барабан жасауға дереу кірісіңдер! — деп әмір берілді.

Жұмысшылар мен шеберлер тағы да талай жыл тер төкті. Барабанның түр-түрін көптеп жасап, машинаның үстіне сиғанынша орнатып тастады. Машина енді елдің тура жарты жерін алып тұрды.

Жұрт мейрамға тағы да жиналды. Сырнайлатып-кернейлетіп ағылған халық машинаның маңайына әрең сыйды. Машинаны көрген ұлықтар шаттана даурығып:

— Алланың бергеніне шүкір, машинамыз дайын болды. Енді біз ештеңеден сескенбейміз: көркейгеннің қандай болатынын көрсетеміз! — десті.

Сол кезде біреу тұрып:

— Егер мен есімнен жаңылмасам, сол әлгі біз көрген машиналарда бір нәрселер бар еді... е, иә, олардың тұрбалары бар болатын, есіме түсе қалғанын қарашы... Ал мынаның тұрбалары қайда? Тұрбасыз машина болып көрген емес, — деді.

— Ақылыңнан садаға кетсекші! Қайдан ғана біле қойдың? — деп біреулер оған қатты риза болды. — Біз не ойлағанбыз?!. Рас айтады, тұрбасыз машина болуы мүмкін емес. Баяғыдан бергі қаншама еңбегіміз зая кете жаздағанын қарашы!.. Тұрба жасауды дәл қазір қолға алуымыз керек!..

Жұмысшылар мен шеберлер іске тағы да кірісіп кетті. Олар ұйқы көрмей, күлкі көрмей, күндіз-түні жұмыс басында арпалысты. Бірісін — бір, екісін — екі жасап, машинаның үсті-басына сыйғанынша саусылдатып тұрба іліп тастады. Бір машина енді бір елдің жеріне әрең сыйып тұрды.

Құмары тасыған жұрт мерекеге тағы да жиналды.

Аузы уәлі ұлықтар машинаны ары қарап көріп, бері қарап көріп:

— Енді әбден болды. Машинамызда енді ешқандай мін жоқ. Ертеңнен бастап өркендеуге кірісеміз, — деп бас шұлғыса уәж қылысты.

— Әй, білмеймін, білмеймін. Меніңше, осыған әлі де бірдеңе жетіспейтін секілді, — деп біреу тағы да киліге қалды.

— Жетіспейтін дәнеңесі жоқ. Бұл машина біздің жерімізге қазірдің өзінде әрең сыйып тұр, ендеше, мұнда әлі де жетіспейтін бірдеңе болуы мүмкін емес. Сен өйтіп басымызды қатырма! — деді оған басқалар.

— Еріктерің білсін, — деді анау. — Бірақ, машинаның бірдеңесі жетіспей тұрғаны даусыз. Біз көріп келген машинаның дауысы қандай екені естеріңде ме? Тарс-тұрс, салдыр-гүлдір етпеп пе еді?! Цилиндрде поршеньдері пышылдап, дөңгелектер шиқылдап-шақырлап, қоспа-тіркеме қайыстар ысылдап, маховиктер сырылдап, қазандары қайнап, оттықтан түтін будақтап жөнелген. Ол машинаның дауысы құлақ тұндырған. Ал біздің машинамыз мылқау-меңіреу бірдеңе сияқты.

Ұлықтар мен шеберлер ары ойланып, бері ойланып:

— Мынаның сөзінің жаны бар, — десті. — Ана жақтың машиналары шынында салдыр-гүлдір етіп жүрген болатын. Дөңгелектері шиқылдап, маховиктері сырылдап, қайыстары ысылдап тұрған. Оқасы жоқ, біз машинамызды жасауын жасап болдық, тек енді дауысын шығаруымыз ғана қалды. Ал дауысын шығару оп-оңай, ол қолдан келеді.

Сөйтіп, жүмысшылар мен шеберлер машинаның дауысын шығаруға кірісті. Арада көп жыл өтті. Ақырында машина дайын болды. Барлық бөлшектері қиюласып орналасты. Оттығына от жағылып, қазан толы су бұрқ-сарқ қайнады. Қайыстар ысылдап, іркес-тіркес дөңгелектер зырылдап, поршеньдер пышылдап қоя берді. Машинаның дауысынан жер қозғалып кеткендей, аспан қаң айырылғандай болды. Жұртшылық қуанғандарынан еңіреп жылап, машинаны қаумалап қоршап алды. Тамашаға келмеген тірі жан қалмады.

Ұлықтар бірін-бірі құттықтап мәре-сәре.

— Тағы бір рет жақсылап қарап шығыңдар, оны-мұны кем-кетігі болып жүрмесін. Машинамыздың тілеуін тілеп, аллаға мінәжат етіңдер! — десті олар біріне-бірі.

Машинаның ешқандай кем-кетігі жоқ секілді. Өздері көріп қайтқан машинадан мүлде айнымайды, бір қалыптан шыққандай.

— Міне, машинамыз осымен дайын болды. Мұның бойында артық тұрған бірдеңелер болуы мүмкін, ал енді жетпей тұрған ештеңесі жоқ. Кем-кетігі болса, бұл бүйтіп күркіремес еді. Сонсоң біздің машина ана жақтағылардан әлдеқайда үлкен. Дауысын айтсаңшы, шіркін! Керең құлақтың да құрышын қандыратын дауыс қой! — деп насаттанды әлдекім.

— Иә, машинамыз жасалып бітті. Бұл енді күндіз-түні өстіп жұмыс істеп тұрсын, ал біз өркендеуге кірісейік! — деді екінші біреу.

Оттыққа отын үздіксіз толтырылып, машина күркіреді де тұрды.

Халықтың шаттығында шек болмады. Мал жайылатын, егін салатын, овощ өсіретін жер де болмады, — бір елдің жерін бір машина жалғыз өзі жайлап тұрды.

— Оқасы жоқ. Оның есесіне бізде машина бар. Еліміз енді өркендей бастайды! — деді халық.

Бір күні оларға баяғы баршаға мәлім елдің кісілері тағы да бара қалды.

— Жер мен көкті тітіретіп тұрған мынау не күркір? — деп таңданды меймандар.

— Бұл — біздің машинамыздың дауысы. Біз өркендеуге кірістік, — деп жауап берді тұрғындар.

— Өркендеуге кірістік дейсіңдер ме? Кіріскендерің кәне? Тұрмыстарың бұрынғыдан да тозып кетіпті ғой? Мынау нендей машина? — деп меймандар таңдана түсті.

— Бұл — сендердің машиналарыңның дәлме-дәл көшірмесі, тек үлкен етіп жасадың. Мұнда: тұрба да, шотаяқ дөңгелек те, барабан да, қазан да, оттық та, маховик те, цилиндр де — бүкіл қажет бөлшектердің бәрі де бар. Мінеки, көріңдер, мүлтіксіз жүріп тұр, — десті беймәлім әлемнің адамдары.

— Сонда сіздердің бұл машиналарыңыз не істейді? Бұл не жасап шығарады, не өндіреді? — деді меймандар.

— Е, бұл не жасауға тиіс, не өндіруге тиіс? — деп таңданды машина иелері.

— Ештеңе жасап шығармайтын, ештеңе өндірмейтін машинаның керегі не?

— Солай екен-ау... Машинаны жасаған соң, мұны енді бірдеңеге пайдаланамыз ғой, — десті беймәлім әлемнің тұрғындары.

Ал меймандар кетіп, өздері ғана қалған кезде:

— Бұған бірдеңе істетіп несіне әуреленеміз? Күркіреп тұра берсін. Дауысын-ай жарықтықтың! Пай-пай-пай-о-о-ой! — деп сүйсіністі.

Орысшадан аударған Ғаббас Қабышев


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер