Адам тағдыры таңғажайып кітап секілді. Сондай бір кітаптың бірер бетін, қадірменді оқырман, көз алдыңыздан өткеріп аударыстырып көрелік. Арғы-бергі әдебиетте Байрон есімі айтып болмас айшықты із қалдырғаны баршамызға белгілі, оның аты аталған кезде ғажайып сүйіспендік пен сұрқай көре алмаушылық қатар өршіп, өртше лапылдағанын біреу білер, біреу білмес. Бейнелеп айтсақ: өз ғасырында ақын есімі мұхит тереңінен көтерілген жанартау отына ұқсады. Бетіне жел тимеген небір ғажайып үркек бикештер: лордтың назарына ілігіп, бір ауыз жылы лебізін естідім, құда қаласа келесі сенбіде ұшырасып қалармыз деп құрбысының қызғанышын қоздырды. Шіркеу поптары: кәпірдің беті аулақ, зинақорлықты дәріптеп жыр жырлап ұрғашы біткенді бұзып бітті деп сыртынан қарғап-сіледі. Алыс жолға желкен көтерген теңіз көкжалдары: «Чайльд Гарольд» пен «Дон Жуанды» жастығының астына басып, басына жастап қиын сапарға тәуекел етті. Төрткүл дүниені алақанында ұстаған корольдің сөзі: лорд бүгін қандай сарайда шәрбат ішіп, сауық құрады екен?.. біліңдерші!.. бірдемені бүлдіріп жүрмес пе екен!.. деп зар иледі. Әдеби бәсекелес пен қанына қарайған сыншылардың сөзі алабөтен. Базбірін ақынның бала кезінен досы, кейінші аса құнды күнделік жазған, ақын туралы мазмұнды естелік қалдырған Джон Хобхаустің сөзімен келтірсек олар төмендегіше.
«Байрон өлмей жарық дүниеде өзге ақынға нан жоқ, тезірек көзін құртудың жолын ойластырған жөн, мырзалар».
«Ол лордтың төсек ауыстырғаннан өзге білері жоқ, таңғы шықтай тамаша сұлу Анна Изабелла бикешті бір жыл қосағы етіп, басын дуалатып, «есі ауысты» деп тастап кеткені обал-ақ».
«Оны айтасыз, жақын қарындасымен жуықтасып қойыпты деген әңгіме бар, ол жын!.. сайтанның сапалағы!.. асыңды ішіп, дастарханыңды тіліп қанқақсатар кәззап!..»
«Ұлы мәртебелі Ватикан «Дон Жуанын» қарғыс кітабы деп отқа өртепті, соны естіген лорд күйіктен «монастырға, сопылыққа кетемін» депті».
«Байронды тірідей азаптаудың жалғыз жолы бар, — деп көсемсіді жас сыншы, — жаңа шыққан әрбір шығармасын түкке алғысыз етіп сын жаза түсемін, халтура, бояма деймін, бір жағынан ақынның жүйкесі жұқарады, екінші жағынан «арыстанның өзімен алысты» деп бәсім артады, атағым зораяды, әдебиетте орным қалады».
Бейнелеп айтсақ, ақын есімі дүрілдеген құйын шеңбері секілді еді. Сахара түкпірінде, аңызақ шөлде, я көкала мұхит төрінде шыркөбелек айналған сұрапыл сойқан құйын болмаушы ма еді. Ішіне түскен тірі жанды жалмап-жұтып жоқ ете жаздайды. Қақпақыл қылады, тұншықтырады. Өткен жері асты үстіне шығып аламанға айналады.
Құйын тағдыры лорд жат жерде, грекияда кездейсоқ оқыс сүзектен үш күн ауырып 1824 жылы 19 сәуірде көз жұмады. Аспаннан жай түскендей болады. Ежелгі эллада елі сұрапыл қуатты дарынды құрметтегені сонша, жүріп жатқан пасха мейрамын дереу үзіп, үш күн бойына мейрамхана, дүкендерді жауып, жиырма күндік қаралы күн жариялаған. Көкала туы төмен салбыраған. Ақын жүрегі тоқтағанын аза тұталық десіп Афинада отыз жеті дүркін зеңбіректен оқ атқан. Көгілдір қойнауда қаңтарылып тұрған пәленбай кеме сапарын тоқтатып, желкенін түсіріп, отын сөндіріп, қаралы жалау байлаған.
Соңғы бес жылда ақынның қара сөзбен естелік жазып жүргенін оқырман жұрт білетін, зиялы қауым бірсыпыра құлақтанып қалған. Қолжазба екі жүз беттен асып жығылып, баспагерге беріліп қойылған. Пушкиннің сол кезеңде Вяземскийге жазған хатында естелік туралы қызық ойлары бар. Қадірменді оқырман, құлақ салыңыз: «Поэзия — ыстық қанды құштарлық секілді, құдай ауызында не салса — соны айтасың; ал, проза — салқынқанды әңгімеші қарт секілді, одан шындықты я артық айтып, я кем түсіп бүгіп қала алмайсың». Сол хаттың аяғында ақын және бүйдейді: «Суық қанды прозаны сөйлетем деп отырып кісі өтірік қосып, қулық жасап жіберуі кәдік, енді бірде шынның жүзіне тура қараймын деп жауларының жан жарасын тырнап алып, арам қанын ағызары анық. Бұл жерде біз жел сөзге желкенін жайып жіберетін өсекші жұртқа жем болмай, періште жанды ғажайып ақынның жағына шығуымыз керек қой». Пушкиннің қауіп қылатын жөні бар.
Көзі тірісінде Байронның бақталас жаулары аса көп болды. Қазір көзінше қол шапалақтап мадақ, марапат сөз айтып отырып, сырт айнала бере әйкәпірлеп қарғап-сілейтін бақталастардан аяқ алып жүре алмады. Байрон Джордж Ноэл Гордон бар болғаны 36 жыл өмір сүрді. Осынау отыз алты жылдың ішінде өзге кісінің жүз жылда, тіпті 200 жылда бітіре алмайтын шаруасын тындырып үлгерді. Қараңыз: кемеліне келген тұста алты жылғы шабытын құрбан етіп «Чайльд Гарольдтың кезбелігі» атты қыртысты қалың дастан жазып, бас кейіпкерінің көз алдынан дөңгеленген дүниенің ең қилы кереметтерін шырқын бұзбай өткеріп шықты; сосын шығыстың таңғажайып бал ерінді, от құшақты сұлуларын бұралтып билетіп, оқыған кісі өрт боп өртенердей теңеулерге тізгін беріп «Гуяр», «Лара», «Корсар» дастандарын кестеледі; өз тағдырын өз қолымен мүсіндеген құштарлық иелері «Манфред» драмасын жазғанда дүниенің о шетіндегі Бальзак: «Шіркін-ай, «Манфредтей» ұлы шығарма жаза алсам қазір-ақ өкінбей өліп кетер едім», деп көңілі босап жатып жылапты деген сөз қалған; жазымыштан озымыш жоқ, түбі пенделерін тамұқ әзәзілі табады деп тіршілік иелерін қарадай үркіткен «Каині», бір ғасырға жуық сыбағасын ел үстінен жонып-жеп, шолжаңдаған, аспансыған мүйізі қарағайдай мырзаларды мінеп-шенеген «Қоса ғасыр» дастаны өлерінен бір-ақ жыл бұрын нүктесі қойылды; аяқталмай қалған, жарық әлемдегі сұлулық пен қан қызуы — құштарлықтың о замандағы энциклопедиясы деуге келетін он мың жолдан асатын «Дон Жуан» дастаны жыр әлемінің інжу маржаны іспетті әлі күнге оқшау жарқырайды. Сұрапыл еңбекқорлық үстіне ақынның таңғажайып серілігін қосыңыз. Әдетте «сұлу», «реңді», «өңді» деген теңеулерді ер кісіге тіркей бермейді. Ақын замандастары Байрон туралы естелік жазған кезде осы үш сөзді де молынан пайдаланығанын білеміз.
Әдебиет әлемінде баяғыдан айтылып келе жатқан аңыз бар. «Дон Жуан» дастанын жазған кезде, әсіресе, бас кейіпкердің кескінін, қабағын, келбетін суреттеген мезетінде автор ылғи шарайнаға қарап өз сұлбасын өзі көшірген екен дейді.
Дастанда оғаштау оқиға бар. Жуан мінген жолаушы кеме телегей теңізде жолбарысша шапшыған дауылға ұшырап, тасқа түскен қарбызға ұқсап қарық болады. Жолаушылар толқынға жұтылады. Жалғыз Жуан көлденең кезіккен тақтайға жармасып, өліп-талып есінен танып жағаға шығып қалады. Сол маңда елбасы аң аулап ат үстінде жүр екен. Құмшауытта ес-түссіз жатқан бұйра шашты, сұлу мүсін, аппақ санды, көрікті өспірімді көріп «әйел заты екен» деп ойлайды. «Мынаны тірілтіп алып, сарайға жеткізіңдер, гаремдегі жолбикелерге қоса салыңдар», — деп жарлық береді. Елбасының малайлары айтылған сөзді екі етпейді, мақұл дейді. Әлгі әлсіреп жатқан көрікті пендені арбаға тиеп әкеліп, әміршінің сұлу ұрғашылары мекендеген гаремге енгізіп жібереді. Гаремдегі оймақ ауыз, күлім көз, қолаң шаш сұлулар әлсіреген әлгі бейбақты күтімге алады, бірі аузына су тамызады, бір бұрқыраған шашын тарайды, келесісі ақ мамық төсегіне салып сыйпалайды... қойшы әйтеуір, әйелдер патшалығына ғайыптан еніп кеткен еркек кіндік екенін сұлулар кеш ұғады... ашкөз ләззатқа тұншығады... араларында ер кісі жүргенін көпке дейін қожасынан жасырады... Байронның әдеби оппоненттері дәл осы тараудағы оқиға ақынның өз басынан өткен, жоғарыда, жарық дүниеде корольдер, бишікештер ызғысып бірін-бірі жүндей түтіп соғысып жатқан кезде, төменде, ұлпа мамық төсекті гаремде өспірім Ноэл шарап ішіп, шалжайып жатып, сұлулардың мықынын мытып, дәуренін сүрген деп өсектейді-ай!
Басты дәләл: ақынның гарем сұлуларынан айырым, белгісі аз — ғажайып көркі десіп: ант-су iшеді.
Ақын өмірінің әйгілі Дорис Лэнгли Мур бүйдейді: бәйге атындай арындаған аяулы жанды қайтсек аяғына жем кібіртік қақтырамыз деп айтылмаған сөз қалмайды. Сөз айтылар да қалар, ал, күнделікті газет пен журналға басылып жатқан сын мақалалардың сөз сықпыты жаман-ақ. «Бұл сойқанды қойсаншы, «Лара» дастанының ұзына жeлiciн арабтың әйгілі «Мың бip түнінен» бip жолын өзгертпей көшіріпті де қойыпты, кәнизак сымбаты, қылығы, қалыбы сондағы ұршық мықын бикештерден еш айнымайды ғой, айнымайды: мықты болса өз сұлуларымызды жырға қоспас па».
«Ой, мәселенің бетін ғана қалқып айтып отырсыз, мырза!.. Байрон eсімдi ағылшында ақсүйек болған емес, әйелінің, әлде нағашысының, әлде бабасының eciмін жамылып жүріп лорд болып алған, ақшаңқан парикті пэр ғана киюші еді, төрелер тізіміне ілікпей жатып ақшаңқан парик кигенін ұнатпағам, барып тұрған басбұзар, ұябұзар, көрсеқызар, қорсар өзi!»
«Қола ғасыр» дастаны елбасыны тұспалдап, мысқылдап мақтамен бауыздап келемеждеген сықақ, әншейін. Маңайына кілең жарамсақ мондыбастарды жинап алған, әлгі мондыбастардың елдің жай-күйімен шаруасы жоқ, ойлағандары өз қалтасының қамы, өз жағдайлары, балаларын бас-басына бизнес иесі ету, шетелге оқыту, қолдарына қалпақтай пәпкі ұстату. Батпан құйрық қойлар көгалды жер-суды түгел жалмап жеді, әлгі қойларды ел үстінен күн көрген төрелер жеді, «әкімдердің әуселесін елбасы түстеп, түгендеді» деген не сөз, құдайым-ау!
«Мына мақаланың сөз сықпытын қараңыз: Байронның жазғаны кілең жоқтау, зар жылау, еліктеу, өзге елдің әуеніне төңкерілу, баяғы эллада ақындарын ауызба-ауыз қайталау: әйтпесе Гомердің «Одиссеясын» сәл өзгертіп Чайльд Гарольд сапарына желі етер ме еді, Вергилийдің азапты ауыр халін құйқылжытып Манфредтің басына үйірер ме еді... ұйқас қуған ұсқынсызды қойсаңызшы!»
«Байрон ағылшын жұртын аздыруға келген сайтанның сапалағы, әзәзіл кітабын оқымаған ләзім, өртеп жойсаң — күнадан арыласың. Әйтпесе «Дон Жуанын» оқыған кісінің қан қысымы көтеріліп, қай-қайдағы eciнe оралып, түнемесі ұйқысы азайып дөңбекшіп шығатыны, шіркеуден қашатыны тегін емес. Әсіресе қара сөзбен жазып жүрген естелігі сойқан дейді. Қолжазбасын жасырын жолмен оқыған кісілер epiкciз аузын ашып, жағасын ұстапты. Графиня Тереза Гвиччиолли бикештің жел ашпаған eтегін қалай жeлпiгeнiн желөкпеленіп жазыпты дейді ұятсыз; ал, леди Каролина Лэмнің қос анарының ойығындағы тарыдай меңді eкі бетке ұзартып суреттеген сұмдығын қайда қоясыз; тіптi бар ғой, ледилердің ол ашпаған шымылдығы қалмаған шығар деп ойлайсыз, ойлайсыз да аулақ жүргеніңізге тоба қыласыз!..»
Оқиғаның ізін суытпай қара сөзбен жазып жүрген естелік туралы зиялы қауым жел сөзбен бipiн-бipi түршіктіре түсті. Бipeyлep қалай да қолға түсіріп оқуға құнықты, келесілер: қой, ә, жазып бітірсін, кітап болып шықсын, ұрынып тұрған тұсы болса — сонда сынармыз, деп сабырға жүгінді. О заманда күйіп тұрған тақырып сүйіспендік оты туралы оқиғалар. Үшіншілер: қазірден-ақ, о ғып, бұ ғып, өсек сөзді желдей ұйытқытып кайтсе де ақынның басын арзандатуға құлшынды. Сүріндіретін кез осы тұс деп ойлаған. Естеліктегі ащы шындықты сексеуіл шоғынша маздата үрлеп, өртше қаулатып авторын оңбай омақтастырсақ — арғы жағында аңғал немені орға жығу оңай деп жобалады. Қайтсе де осы тұста қамданып қалмақ. Жолын кескен, ececiн жеген, бұлардың қолы жетпеген неше ыңғай сұлуды жіпсіз жетелеген Байронды осы жолым табанға салып мыжғылап жаншытпай алсақ, әй, арғы жағында ес жиып адам болып кетуі неғайбіл, тырпыл-тырпыл тіршілік иeci болып жүрер-ау, құрғақ қасық секілденіп, ғажайып дарын иесінің дымы өшті дей бер, Еуропаны дүңкілдеткен дүбірлі жыр дүлдүлі келмеске кетер, кейінгі ұрпақ, е, соны қойшы, ұрғашы көрсе қан қысымы көтеріліп, өлең жазып желпініп желөкпеленген халтурщик пе!.. оның қасында мына біздер көш iлгepi ғажайып дарынды адамбыз, адамшылық парызды көтере ұстап жырлап, жырғап өтумен келеміз!..» Мінекей, ұлы ақынның бақталас, бәсекелес, дәмдес-тұздас замандастарының мысық тілеу, есек дәме — мұңы мен жыры. Қайтсек те «ұлының көмейіне құм құйып дымын шығармай тып-типыл етейік» дескен арам пиғыл пенделердің ұзын-ырға пікірлері, сөз сықпыты әлгідей.
Ақпан айының аяқ шенінде, түн ішінде сыртқа шығып төбеңізде төңкерілген алқара көкке қарағаныңыз бар ма. Темірқазық тым төменде. Есекқырғанның құлағы салпиып тұңғиық түннің мұхитына сіңіп барады, ағарып туған толық ай таң атқанша аспан әлемін еркін шарлап сүт сәулесін аямай құяды. Тұңғиық көкке қараған сайын табаның тайып, тәлтірек қағып, басың айналғандай болып сен де бір жұлдызға айналып бара жатасың. Пенде — өлшеулі, жаратқан ие — өлшеусіз. Өлшеусіз бен өлшеулінің арасы қым-қиғаш шырма-шату үндестік, жалғасу мен табысу заңдылығы. Адам өмірі тұтамдай қысқа... өмір сүрді... жүгірді... сүйді... құшты... егделенді... өлді дейміз. Сол өлді мен өмір аралығында мәңгіге қалқып ұшып жүретін жанды-жансыз дәнекері — ұлы адамдар рухы. Жан әлемі қағаз бетіндегі ұйқас, үндестік, ырғақ пен бояуға айналып үлгерген Байрон, Абай рухы жаратқан иенің жерге жіберген елшісіндей болып, тұңғиық терең аспанда ақырын жүрген толық айдың сүттей ұйыған сәулесіне ұқсап, сіз бен біздің маңымыздан ұзап кетпей, басымызды айналып әлі ұшып жүр. Ой, жалған-ай, деген! Жалған деп атыңды бекер атамаған болар, сірә!
Лондонның ұялшақ қыздай сызылған ақшыл таңы. Байронның жан дегенде жалғыз досы Джон Хобхаус таңсәріде есігін оқыс қаққан дыбыстан шошып оянған, шарқайын аяғына сұғар сұқпаста, халатын жамылғаны есінде жоқ, бір топ хат ұсынған пошташы шалмен сүзісіп қала жаздады. Шетелден жеткен сарыала конвертті аша салып, жүрегі езіле соғып, тәлтірек қағып теңселіп кетті. Лорд жат жерде — эллада елінде жүріп бақи жалғанға жол алыпты. Ақын 19 сәуірде үзілген. Албионның тұманды жағалауына жаманшылық хабар айға жуық жүріп, 14 мамырда жеткен. Тәлтірек қағып, апатқа ұшыраған кемеден әлдеқалай жағаға шығып қарақан басы ғана қалған жолаушыдай мең-зең күйі, босағадағы жұмсақ орындыққа құйрық басып мөлиіп ұзақ отырды.
Ақынның жүрген жері тайфун желі өткендей алай-түлей болатын. Қаракөк толқын маңдайын соққан жартасты жағалауда тұрып жыр оқығаны, бұйра шашы жауырынын жауып сырт айналғаны, өзімен баз бірде айтысқаны, татуласқаны, мәрмәр сарайда бейбақ басы ғашық болған сүйкімді бикештің бір биден соң Байронға желімше жабысып, мұны тастап кетіп қалғаны, қойшы, әйтеуір, екі достың жұп жазбай жүріп баспа, басқа көңілашар орындарды аралағаны.... көз алдына дөңгеленіп келе қалды. Ә дегеннен жұртты аузына қаратып алатын, өзгені магнитше тартатын мінезге ие; сол мінезі дос-жаранды омартаға үймелеген араша демнің арасында жинаушы еді, шіркіндердің біразы уақыт өте өшпенділігі өршіп улы тілін қадаушы еді. Жарқ етіп қарағаны-ақ кісіні тірідей өлтіретін. Ұрғашы әулеті екі сөзге келмей көз алдында қауызын ашқан гүлше үлбіреді, жігіт алдында жылан арбаған торғайша бүгежектеді. Жанарының алмасы айрықша еді.
Біраздасын Хобхаус есін жинап түрегелді. Ұмытқаны есіне түскендей, санасының түкпірінде жатталып қалған нәрсені айтып сайтанның сапалағы сыбырлайды: жою керек! Әлгі хаттардың ішінен лордтың қасынан бір елі қалмайтын малайының хаты шықты. Балауыз тамған, сия шашыралған қағазды иесі егіліп отырып жазғаны сезіледі. Қатеден көз сүрінеді. Байрон өмірмен қоштасар алдында Інжіл әкеліп беруін өтініпті. Дүниені әу баста дүние еткен сөзді қайталап оқыпты. Жанарын жұмып жатып күбір етіпті. Адамды адам еткен айрықша сүйіспендік, құштарлық депті. «Жаратқан иеге күпірлік келтігенім емес, Дон Жуан, Манфред сынды кейіпкерімнің ұятты, ұятсыз қылығы сол сүйіспендік құлшылығынан туған. Шіркеу иелерінің қарғыс айтып жүргені — білместігі, түсінбегені», — депті.
Мына сөздерді оқып отырып көкірегі қарс айрылғаны, үні оқыс шығып кетті. «Аһ» деген ащы өксік ағытылғаны еді: арманда кетіпті ғой есіл ер!.. арманда кетпесе — тілін кәлимаға келтіріп жатып қасиетті кітапты сұратар ма еді. Барлы-жоқты шырқ үйірілген дүниені көз алдынан қайыра өткерер ме еді. Ұлы сағыныш туралы қалам тербей алмадым-ау деп өзегі өртене өкінер ме еді.
Хобхаустың санасына әлгіде ғана ұмытқаны қайта оралды. Ішкі бір түйсік сезімі: жою керек!.. деп нығырлап тұрып алды. Нені? Қайтіп? Иә, иә, жазылып бітпей жатып зиялы қауымды осыншалық шулатқан естелік жайын ойламаса болмайды. Өз басы қолжазбаны оқыған жоқ. Оқып шыққан бірер кісі ұяттан өртеніп, бетін басқандай болып шошынтыпты. Мына оқиға басқа ұлттың наным, сеніміне құп үйлесіп кетер-ау, ал, тап осы күйінше, мына сиқымен атуға оғы болмай жүріп ұшырасқан кезде — «сіз» деп тілдесуге дағдыланған ағылшын ақсүйегіне жараспайды-ақ деп жағасын ұстап, басын шайқапты. Естілікті тап осы күйінде басуға болмайды десіп ант-су ішіпті.
«Естелікті жарыққа шығаруға болмайды дегеннің жағына шығады бұл көкеңде. Тіріге де, өліге де абырой керек. Ақын абыройы бәрінен қымбат!» Нән үстелге еңсесін салып жіберіп ой ішінен ой терген Хобхаус естеліктің шындығы басым дегенге келіп тірелді. Дүниеде ең қиыны — шындықты айту. Боямасыз шындық, ұстараның жүзі секілді. Әлгі қолжазбаны жасырып жүріп оқыған кісілердің сөз сықпыты төмендегіше: «...осы күні классик, классик деп әр сөзін асыл жақұттай көріп аспандатып жүрген әдебиет ақсақалы барып тұрған жәдігөй, партияның қолшоқпары болды, король зиялы қауымды зұлматқа ұшыратып, абақтыға жауып жатқанда — ол көкең шенеунік портфелін ұстап шолтаңдап жүрді. Ашаршылыққа ұшыраған елге пана сұрап королге хат жазған бес адамның бipi деп дәріптейміз. Шын мәнінде: «Әй, осыны король оқи қоймас, былайғы жұртқа көз ғып хат жазған болайық, дабыра жасайық, ал, әлгі хатты поштаға салмай, былай шыға біреуміз жыртып тасталық»,— дескен, пәтуаласқан сабаздың бipi.
Өлерінен аттай 16 жыл бұрын қос ақсақал классикті зиялы бip кici қонаққа шақырмай ма. Eкі классик көлдей үлкен дастарқанның төрінен орын алмай ма. Әлгі әр сөзін асыл жақұттай көріп жүрген классик жақында ғана әртіс келіншекке үйленіп, ол келіншегі босанып қызды болған ғой. Сол бүлдіршіндей бөпесін көтеріп қонаққа алып келіпті. Өзін Бальзакқа ұқсатып көп жазатын етжеңді классик алдына келген сыйтабақты жәукемдей бастайды. Шенеунік шинелінен шыққан классик недерә сыйтабақ өзіме бұйырмады деп шырт ете қалады. Етженді әpiптeciн сөзбен шымшып алады. «Ұлтжанды асыл азаматтың соңына шам алып түстің, ажалынан бұрын өлтірдің, енді бүгін соңындағы бөлтірігіне ауыз салыпсың», — дейді. «Әй, асыл азаматты өлтірген мен бе екем, айтып отырған бөлтірігің қай бөлтірік, жазығым жастарға: «Тыныш жүріндер» деп ақыл айтқаным ба! Асыл азамат өлсе — өз ажалынан өлді. Бұл сандырағың қай сандырақ?..» «Аяулы азаматпен азу тісің түскенше шайнастың, енді келіп ұлт ақсақалы бола қалыпсың!..» «Қанымды қайнатпа дедім ғой!..» «Айтылған сөз — атылған оқ!..» «Ендеше тап әкенің!.. мына періштедей ғып қолтықтап жүргенің кімнен қалмаған!.. ана бесіктегі бүлдіршіннің өзі жас министрдің аузынан түскендей»... Шенеунік шинелінен шыққан классик пен Бальзак секілді көп жазатын классик дастарқан үстін аткөпір етіп ал кеп төбелеседі. Сыйынып жүрген жазушыларымыздың сыйқы мынау деп Байрон өз естелігінде әлгі оқиғаны егжей-тегжей тәптіштепті.
Пэр атануға, депутат болуға жанын салып жүрген ұршық мықын, беті жылтыр, көзі ойнақшыған құлын мүшелі келіншек «ел қамын жеймін» деп мақала жазып газет бетін бермейді. Зілзалаға ұшыраған алыстағы арал халқына көмек береміз деп мемлекет қазынасынан, қалталы мырзалардан қапшықтап қаржы алыпты... арал халқы аштықтан iciп-кеyiп түгесіліпті, әлгі бикеш вигингемнің еңселі сарайын сатып алыпты дейді. Байронның естелігінде әлгі бикештің тілдей хаты келтірілген көрінеді: «Қойнымдағы кәpi қақбас том-том кітап жазамын деп кітапханадан шықпаушы еді, алып сөрелер жазатайым үстіне құлап сол аяғы сынып... жазылып кетті... алкогольден емделіп ауруханадан шыққан бойда сырт көзден жасырып бұзылған шарап ішкізіп, күлегеш қылдым... жеті жаны бар ма — күліп жүріп көшеге шығып кететін боп жүр... Сені ойласам — қаным басыма шауып от құшағыңды аңсаймын. Ел қамы жамбасыма тастай батып тағы ұйықтай алмаймын». Ажарын ашып күлгенше нешеме ақын өліп-өшіп өлең арнаған ледидің Байрон естелігінде сыры мен сыйпаты осындай.
Eңceci езіліп ой ішінен ой тepiп отырған Хобхаус сілкінгендей болып түрегелді. Үлкен icкe бекінген сыңайлы. Уақыт оздырмай, ақын аруағын жауларына күлкі етуден сақтайды, ошарылмай, осы қазірден бастап естелікті іздеп табады.
Өртеп құртады.
Досқа күлкі, дұшпанға таба қылмайды.
Естелікті ақын өз қолымен Томас Мурға берген, ал желөкпе жас ақын осыдан бipaз күн бұрын Байрон шығармаларының бacпaгepi, ақынның түйдей құрдасы Джон Марриге бергенін айтқан еді. Мур баспахана иeciнe қарыз екен. Сол қарыздың орнына, 2 мың гиней алып келіп өткізгенше, қолжазбаны баспада сақтай тұруға келіскен ғой. Дереу пәуеске жектіріп, Лондонның батыс бүйрегінде тұратын Марри мырзаға шапқылады; біржағынан газеттерге қайғылы хабар жазу, екінші жағынан естелікті қолға түcipy уайымы өкпесін өшіріп, сүмек боп терлеген. Кешке қарай теңіз өкіріп жарды сүзуді үдетті. Темза үстінен нөсер бұлты түйдектелді. Табиғаттың өзі ақын қазасын аза тұтып жатқандай елестеді. Ақшам газеттері қара бояумен қоршалып шықты. Кеше ғана ақын eciмін лағнеттеп сын мақала жариялаған басылымдар өлім сөзін естігенде — күрт өзгеріп, жоқтау айтып көлдей-көлдей мақала жариялады. «Өз отына өзі өртеніп өтті», «кещелердің тәлкегіне шыдамай алып жартас құлады», «дауылпаз жандардың жыршысы дауылға тұншықты», «дара тұлғаның дарынды жоқшысы» секілді тасқа басылған қайғылы сөздер қаншама сұлуды ыстық жасқа тұншықтырды десеңші. Теңіз көкжалдары «ah» ұрып қайғыдан кабактарды төңкеріп кете жаздады.
Естеліктің ендігі иeci, ирландық ақын, кедейліктен ciңipi шиқылдаған Томас Мур қайтсек те «құрту, жою керек» деп шүйлігіп келген джентельмендерге қарсы тұра алмады. «Ау, ағайындар, асығатын не бар, ақылдасайық, қолжазбаны тәптіштеп оқып шығып талқыға салайық» деп өз ойын айтқан еді. Хобхаус пен Марри өршелене өңештеп, бет қаратпай байғұсты жасқап жіберді. «Оқитын не бар деді; бәpi де белгілі! Естеліктің бipiнші бөлімі зайыбы Изабелламен бip жыл тұрып, қалай ажырасып кеткенін термелесе; eкінші бөлімі жыныстық эротикалық қатынастың алай-түлей әлқиссасы көрінеді, жезөкшелер үйіне оқулыққа жарайды». «Ақын абыройы — бәріміздің абыройымыз, бөле-жаратын ештеме жоқ!» «Шырағым, 2 мың гинейді қазір санап ал да қолжазбаның барша билігі — джентельмендерде деп қолхат жазып қолымызға бер». Томас Мур міңгір етіп қолхат жазуға қамданды. Қампиған қолжазбаның ішінен пәске кідірсе өрт шығып кетердей жуан мырзалар үрпиісе қарайды. «Изабеллаға оқытып алмадыңыздар-ау, мырзалар»,— деп Мур және міңгір етер; әлгі төніп тұрған мырзалар дүрсе қоя берер. «Ой, оқытып ал дегенің — қай сандырағың, осы күнге дейін оқыған екі-үш кісінің үнін қалай өшіреміз деп безектеп тұрғанда — сенің «оқытайық» деуің — қай сасқаның, көкешім! Көп сандалмай үніңді өшір, қолхатты көшір!..» «Ақынның бipaз пайымы бүгін epci көрінгенімен уақыт өте заман түзеле қызықты деректер қоймасы болары хақ; ледидің аты болмаса да заты тарихта қалады»,— дейді Томас қайтсе де қолжазбаны сақтап қалудың қамын ойлап. Екі джентельмен қос бүйірден қыса түседі. «Не деп сандалып тұрсың»,— дейді дүрсе қоя беріп. «Заман түзелер дейсің, немене сонда, қисық па еді, әлде бұзылып біткен демекпісің. Жер бетінде қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамыражай жұмаққа парапар күндерді табу қиын, қайта жыл өткен сайын құбылып, бұзылып барады. Зинақорлықты, төсек құштарлығын тәптіштеген естелікті сактағаннан ешқайсымыз абырой таппаймыз». «Баспагерге бepeшегім де бар еді», — деп сыйпақтатады баяғы. Eкі джентельмен дереу әмиянын ашып, қажет-ау деген соманы колма-қол санап береді. Апырмай, бай байға, сай сайға құяды деген рас-ay деп өз-өзінен пұшайман болып қамығады жас ақын. Ес білгелі терімді тамшылатып, бейнеттеніп келемін, ерте тұрамын, кеш жатамын, қағаз біткенді тауыса шимайлаймын, шыр бітетін түpi жоқ. Қазір табылған қаржыны қазір құртамын. Енді міне, ұлы ақынның сеніп тапсырған, мирас еткен қолжазбасынан көрер көзге айрылып отырмын.
Не деген жігерсіздік! Не деген иіс алмас аңқаулық! Анық тас мандайлының тірлігi осы, я өз басына, я өзгеге қайырым, қатынасым жоқ. Тас маңдай болмасам қолымдағы асыл қазынадан қарап отырып айрылармын ба!
Томас Мур осы мезет өзін-өзі ит етінен бетер жек көріп кетті.
Ағылшындардың боданы — ирланд жерінде туып-өскен, жастайынан кедейшілік иығына мінген, өмірден көп қорлық көріп жілігі жіңішкерген жас ақын қолжазбаны беріп қойып омалғаннан омалып қала берді. Жұртта қалған аш күшікше бөлмеге сыймай ыңырсыды. «Күшігінде таланған» деген сөз бар. Жасында соққы жеген, пұшайман болған адам былайғы өмірінде жасық, жігерсіз боп кетеді. Беттілігі азаяды. Тура сөзін айта алмай қор болады. Мұнысын сыртқа сездірмей, іштей мүжіліп, өзін-өзі ылғи қайраумен, қамшылаумен тіршілік кешеді. Taп қaзipгi Томас Мурдың басындағы хал осындай еді.
Сыртқа сытылып, ілби басып, теңіз жағалауына жетті. Найза шоқылары мол Брента мүйісі осы. Алып теңіз жағаны сүзіп өкіріп жатыр. Мандайы тасқа тиген көкжал толқындар тырапай асып құлағанымен, келесі мәурітте жан бітіп қайта тіріледі. Қайыра бүкіс белін иіп, ытырыла ырғуға күш жинайды. Ырылдаған дауысы алапты көшіріп, долдана ышқынады, дыбысы құлақты жарады.
Дәл осы жерде, 1819 жылдын көктемінде ұлы ұстазы eкeyi қатарласып сейіл құрғаны есінде. Қазіргідей көз алдында. Байрон — қасиетті адам еді. Қасиеттілігі сол, арқаланып аруақтанып алса, бейне, жалы күжірейген арыстанға ұқсап ештемеге бой бермей ыза көтеріп кететін. Жыр жолдары ағылып келе беретін. Ұйқас сөздер бейне бipiн-бipi асықтырып, ығыстырып жағаға жылжыған толқын секілді сезілетін. Енді бip қарасаң: тыншыған теңіз бетіндей шырайланып, мейірін төгіп, жаныңа жағатын сөздер айтатын. «Жасқа — жас, ойға кәpi» мінез танытатын. Сол жағалауда ғой жазып жүрген естеліктің қолжазбасын өзіне сыйға тартқаны.
«Естелікке ие бол, досым, қолжазбаның құны өзіңді өмip бойы асырайды!»
О, сондағы ұстазының кескінін көрсең, маңдайы жарқырап, жанары ұшқын атып, ғажайып суретке айналып кетіп еді. Өлең оқып тұрғандай сезіліп еді.
«Мен ғайыпқа кетермін, сен әлі жассың, күресесің!.. өсесің!..»
Сонда болдым... толдым... тойдым... қажыдым деп тұрған ұстазы 31 жаста! «Дон Жуанды», «Каинді» жазып үлгерген. Eкeyi де оқырманның өміріне жететін, ғасырлар бетіне шапшып ұмтылған асау толқындай ұлы шығармалар; бейне, қиыр кеңістіктен бастау алып, жолындағысының бәрін ығыстыра жайпап жосыла жөнелген тайфун толқыны секілді, дүниені осыншалық шулыған жасады. Қара сөзбен кестеленген естеліктің өзi сияқты кеппей жатып жұртты елеңдетіп, есеңгіретіп, е дегізіп, дүрліктірудің беті жаман!
Құдайым-ау, сонда ұстазы жүзіне тіктеп қарап «өміріңе жетеді» деді-ау. Қолжазбаның құндылығын айтып мегзегені ғой. Әркімнің улы тіліне, өсегіне иланып, шайпу тілді қатындардың мінезінен қаймығып, қорқаулардың айтқанына көне кеткенім қалай? «Жоямыз, өртейміз» деген ордашарқы оспадар мырзаларға ләм демей, бере салғаны қай сасқаны. Осыншалық жігерсіз, жасық болармын ба!
Теңіз өкіріп тулай түскен. Томас Мур солқылдап алып бара жатқан шекесін қос қолымен сығымдай сығып ұстады. Бебеулеп басын шайқады.
Елсіз жағада, жықпыл тастар арасында делқұлы кісіше көп сенделді. Бұдан былай адаммын, ақынмын деп қалай ғана жер басып жүремін деп іштей налыды. Әлгілердің соңынан қуайын, қасық қаным қалғанша алысайын, қолжазбаны қайтарып алайын, қорғап қалайын деп бекінді. Қалаға қарай жіті адымдай жөнелді, жолай сүрініп, жер cүзіп барып түрегелді.
Көлденең ұшырасқан қос аттылы пәуескеге қол көтерді.
Лондонның шығыс пұшпағына қоныс тепкен Ольмерльстрит, қызыл қыштан өрілген қос қабатты әсем үй, кішігірім замок іспетті. Сол заманның әйгілі бacпaгepi, Байронның негізгі шығармаларын кітап қып басып шығарған, көзі ашық ғұлама дерлік Джон Марридің жылы ошағы осы. Ақын, жазушылардың бас қосып, пікірлесіп, қызыл шарап пен қызу айтысқа дес беретін белгілі мекен-жайы. 1824 жыл 17 мамыр. Сөз өнерінің ең бip қаралы күні деуге тұрарлық, әдебиет бетіндегі қара дақтай қатыгез мезеттің сыйқы төмендегіше.
Ақынның көзі тірісінде жем терген тауықша қыт-қыттап маңайынан шықпайтын, екі сөзінің бipi — «Лорд пәлен деп айтқанда», «Лорд былай деп тапсырма бергенді», «Лорд екеуміз тізе түйістіріп отырып шай ішкенде...» деп ауыз жаппайтын Хобхаус, Байронның дәурені жүріп тұрғанда онымен түйдей құрдас болса да өз басын кішірейтіп: «Аға-екем, осы қалай деп ақылдасқанда», «аға-екем, мына шығармасын ең әуелі өзіме таныстырғанда», «аға-екем, былай деп өзіме ақыл айтқанда...» деп жұрттың аузын аштырмайтын Марри, екеуінің де eciмi Джон, егіз қозыдай қосарланып ән қосып алыпты. Айтатыны — қалай болғанда да естеліктің көзін жою керек!.. Дүниеде кісінің көзі тірісінде бip сөз айтып, көзі кеткен соң жүз сексен градусқа бұрылып, басқа сөзге көшіп, екіжүзді мінез көрсеткен жаман. Кеше ғана Байронсыз өңешінен ас өтпейтін еді, Байрон болып марқайып, Байронның атымен ұлыққа кіріп ұлы боп иығын көтеріп жүруші еді. «Біздер Байронды мақтамауымыз керек, Байронмен мақтануымыз керек!» деп көсемситін, өзге кiciгe сөз айтқызып, дес бермейтін. Енді бүгін мүлде басқаша: апырмай, ә, лордтар палатасында бip орын босады, сол орын бірімізге бұйырмас па екен?.. Көзі тipiciндe байқамай жүре бepiппiз, ақын досымыз беті жылтыр, бөксесі ұршық келіншек көрсе — құр жібермейтін жұпар кіндіктің нағыз өзі болыпты, құдай шебер, қалай ғана әдемі, әсем ледилердің басын айналдырып, көзін тұндырған десеңші; әйелдердің ыстық құшағын жазса алдына жан салмайтыны тегін болмады; өлең оқып, өнерді сүйетін сұлулардың, ой, тәңірі-ай!.. сауы қалмады!..» Мына тұста қолжазбаны сақтап қалуға құлшынған, әлгіде ғана eнтігіп келіп есік ашқан Томас Мур, қатты толқыса тұттығып, сөйлей алмай қалатын әдеті екен. Кекештеніп ойын жеткізе алмай, самай тepi сүмектеп, қарадай қақылдап жөтеліп, жаны қиналды, қалшылдап бірде сұрланып, бірде қызарды. Баспагердің үйіне сәрілік шайын iшe салып, салып ұрып жетіп келген егде ақын Генри Латтрелл кездейсоқ ұрлықтың үстінен түскен адамша өз-өзінен қуыстанып, я өгіз өлмес, я арба сынбас, ара ағайынның қалпын танытып қипақтады-ай. Ең ғанибеті: естелікті Томас та, Генри де оқыған еді. Томас өкпені сыққан қос бірдей марқасқа джентельменге пікірін өткізе алмай, өзінің салмағы болмай, шөре-шөре хал кешіп тұрса; егде ақын Генри қай жеңгенің менікі деген жобаны ұстанды. Жан алып, жан берген сыңаймен өліп-өшіп қолжазбаны қорғайын десе — беделді баспагерді ренжітіп алып, ертеңді күні кітабымды басқыза алмай қор болам ба деп қорқады. Мұның үстіне кәpi қойдың жасындай жер ортаға жеткенде ұлы ақынның қолжазбасын жағуға қатысқан деген, айықпас, ұмытылмас жалаға қаламын ба деп тағы іштей қауіп ойлайды. «Өзімнің де сорым бес елі, қаңғалақтап жүріп нағыз қырғын майданның үстінен топ ете түскенімді қарашы, ай, қырсықпен қосыла туған адаммын, қосақ, арасында өстіп күйемін де жүремін. Бұларға басу айтпаса болмас, ақындығымды сыйламаса да басымды, самайдағы ақ шашымды сыйлар-ау, бұл бәтшағарлар».
— Мырзалар!.. Мырзалар!.. Колжазбаны уағында оқып шыққанмын, өрескел, жұртты шошытардай ештемесі жоқ, шамалап бикештермен кім жүрмейді, қызыл шарапты кім ішпейді, — деп жақауратып келе жатыр еді, Марридің барқ еткен өрескел даусынан селк ете түсті. Үй иесінің көзі шатынап өңменінен өтеді, көзілдірігі жанарын екі есе үлкейтеді.
— Не-ме-не?
— Қолжазбаны асығыс құртудың не жөні бар деймін ғой.
— Не? Қазір, я болмаса ешқашан жоя алмаймыз! Сен кәрi қақпас бipeyге басалқылық айтпақ түгілі өз кітабыңды дұрыстап шығарып ал, әлі басылған кітабыңның салығынан құтылған жоқсың, қарызың белшеден, егер көзге сүйел боп қалбаңдай беретін болсаң, қаламақыңды қайшылап қырқамын да тастаймын. Құдайыңнан да қорықпаймын!
— Менікі сіздерді о ғып, бұ ғып татуластыру ғой әншейін, мырзалар!
— Қолжазбаны өртейміз!
— Өртемейсіз!— деп мына тұстан Томас өре түрегелді, — ең болмаса жартылай сақталуын талап етемін. Біз Байронға сот болуға жарамаймыз, Байрон шығармаларының судьясы — келер ұрпақ, келер ұрпақтың қарғысына қалып, аруақ аттамайық.
Үй иeci ызадан жарылып кете жаздады.
— Жаман үйді қонағы билейді дегеннің кepi келмесін, мырзалар. Шын мәніне келсек, лордтың абыройы менен гөpi сендерге қымбат. Мен — кәсіпкермін. Кітап, жарнама шығарып жан бағамын, ақша табамын. Ал, сендер бақи жалғанға жол алған лордтың арына таңба салуды ойлап мысық тілеу, есек деме болып жүрген дәндәкусіңдер!
— Тіліңізді тарта сөйлеңіз!
— Ендеше неге игілікті icкe көлденең тұрасыңдар!
— Құдайым-ау, сенейін бе, сенбейін бе, ұлы ақынның қолжазбасын отқа жағу игілікті ic болып па? Не деп сандалып тұрсыз! Кітаптың, қолжазбаның қасиеті ұрады әлі, дүниеден қарабет болып өтесіз, айтпады демеңіз!
— Мен бе қарабет болып өтетін!
— Иә, дәп мына сіз!
— Енді бip сөз айтсаң — төрімнен табаныңды жалтырат деймін! Төбеңе қара, шырағым. Тілімді қышытпа енді.
— Қолжазбаны отқа өртеудің алдында қайталап оқиық, — деп Томас қалшылдап-дірілдеді.
— Тілімді қышытқан өзің, — деді нарт болып қызарған Марри ызадан жарыла жаздап, — ендеше тында, көкешім, сенің ойлап тұрғаның лордтың абыройы, ары емес, қалтаңның қамы. Менен алып, әр жерге сатып баюдың жолы eciл дертің. Сендер ардан гөpi ақшаны жоғары қоясындар. Айттым ғой әлгіде: мен кәсіпкермін деп, өзіңнен алашақ 2 мың гинейді қидым, тіптi оның үстіне жиналған өсiм пайызынан да бас тартамын! Кештім бәрін, садақа еттім! Маған бәрінен лордтың абырой-атағы қымбат, сосын леди Изабелланың өтінішін аттап кете алмаймын!
— Ұрыста не тұрыс бар, мырзалар, — деп мына жақтан Хобхаус көтерілді, — бәpi де түсінікті емес пе! Байронмен ең көп араласқан, дәмдес-тұздас болған адам — өзім ғана. «Чайльд-Горольдтің» төртінші жырын ақын маған арнаған. Көп шығармаларына келістіріп әдеби түсініктеме жазсам деп бел буып жүрмін. Жолдан қосылып, енді мына біткелі тұрған іске кедергі келтіріп, кісіні қинай бермендер. Үй иесінің пікіріне толық қосыламын. Қолжазбаны осы қазір өртеп жоямыз, ұрыста не тұрыс бар, қанекей, мырзалар...
— Лорд бip жыл некеде болды ма, болмады ма, лезде ажырасып үлгерген салдақы сайқалдың өкпе-өтінішін көлденең тартуға ұялсаңдаршы. Ұрғашының cөзi дәрi деген заманды ұмытатын кез жетті емес пе?
— Шырағым, қалай-қалай езу қиғаштап тұрсың өзің?
— Солайы-солай. Бip жыл отасқан салдақының cөзi сөз болыпты да, өзгеміз, мына кексе ақын көкеміздің өтініші, маған «аманат, мирас еттім» деген ұлы ұстаздың ниеті әншейін-ақ сандырақ болғаны ма? Әділет қайда?
— Біріншіден: Изабелла ханым салдақы емес, занды түрде отасқан зайыбы, зиялы қауым өкілі; ақынның шабытты шағында, тіршілік сапарында ғайыптан ұшырасқан өзге ұрғашылар ешқандай ерік, құққа иек қышыта алмайды. Екіншіден: қолжазбаны «сұмдық сұлулардың түнгі эротикасы», «бүгін болмаса — ертең дүниені дүңкілдетеді», «2 мың гинейге шартқа отырамын» деп ісініп-кебініп алашапқын болған әуелі сенсің, көкешім. Ешкім сенің қолтығыңнан су бүріккен жоқ. Ешкім тіліңді тартып сөйлеткен емес. Ендеше ic біткелі тұрған кезде, жердің жарығынан өніп шыққан тікенек шөп секілденбей, жайыңа жүр, тілімді қышытпа! Джон, әкел қолжазбаны! Кызметшің қайда жүр. Каминь пешінің отын көсеп маздата, түс, көкешім.
— Бетіме басып тұрғандарың кедейлігім болар. Кедейлікті, байлықты жаратқан құдай.
— Әйтсе де қай-қай пендені де кедей еткен, бай еткен құдай емес.
— Ауруды, сауды жаратқан құдай.
— Ауру еткен, сау еткен құдай емес. Оң аяғымды ұрыста жаралап, сылти бассам, оны құдайдан көрмеймін, өзімнен көремін.
— Есіңізде болар, кезінде «Дон Жуанның», «Каинның» жарық көруіне жан-тәніңізбен қарсы болдыңыз, ұстазға «өмір бақи сөзге қаласың» деп байбалам салғаныңызды, ақын кітабының шығуына қарсы болғаныңызды қалай ұмытасыз!
Үй иесінің басы көзге көрінбейтін тасқа тигендей біртүрлі есеңгіреп тосылып қалды.
— Мырзалар, менің сөзім күлкүлі көрінер, бәлкім, — деп кексе ақын араға ақырғы рет қыстырылды, — естеріңізде болар, осы отырған ақсақал, қарасақал біразымыз «Дон Жуанның» жарық көруіне қарсы болып шуласқанымызда өз дарынына, өз жүрегінің сабырына сеніп үйренген ұлы ақын қаламын қолынан еш түсірмей, дастанның әр жолын, әр тарауын елеп-екшеп, үстінен түзетіп, өліп-өшіп терін тамшылатып еңбек ете бермеп пе еді. Қане, қайсың бар, осы сөзім өтірік дейтін. Өйте алмайсың ешқайсың. Ал, ақын көзі тipiciндe мына естелікті көз майын сарқып, сұқ саусағын сүйелдеп бүгіліп отырып еңбектеніп жазды. Сол еңбегінің жоғалмауын тілеп мына жас ақынға сыйлады. Өйткені өзі ылғи от пен судың өткелінде жүрді. Қылыштың жүзінен өткендей өмір сүрді. Енді келіп сол ұлы өмірдің елесін, хатқа түскен сұлбасын жойып жібермекпіз. Қалай болар екен! «Ой, өмірімнің пәлен тұсын дұрыс сүрмеппін, түген тұсында қателік жіберіппін, қой, болмас, басынан қайта бастайын», дейтін — жүрек жұтқан қайсың барсың?! Жоқ, ешбірің де өйте алмайсың. Өмip адамға бip-aқ мәрте бұйырады. Қателессең де, сүрінсең де сол өмір ceнікі. Ендеше өзімізді былай қойып, ұлы ақынның көзі жоқта сыртынан тон пішіп, «абыройын сақталық, жеңіл ауыздардың өсегіне қалмайық» деп тұрғандарың біле-білгенге үлкен күпірлік. Байрон өмірін біз түзетпейміз. Оны өзі ғана өңдеп, түзете алады, тегі болмаса ақынды шығармасы ақтап алады.
Бөлмеде өлі тыныштық орнады. Мына сөзден кейін пәлен деп тіл қатудың өзі үлкен жүрек жұткандық болып сезілер еді.
Біраздасын барып үй иесі қарлығыңқы үнмен тілге келді. Тыңдаған кісінің жауырын арасынан құмырысқа жорғалағандай тітіркене түршіктi.
— Әрине, ұлы ақынның аруағы алдында жалғыз оққағар өзім болып тұрмын. Өлерінен үш жыл бұрын жазған хатын жатқа білемін. Әлі есімде: өмip сүру — көпірден өту емес деген еді. «Дос табуым қандай оңай болса, дүниеде жау тауып алуым да соншалық жеңіл болды. Өрттің ішімен жүріп келе жатқандаймын: оң жағыма қарасам — адамды асыл ғып биікке көтеретін iзгi мұраттар — жақсы көру, жақсылық жасау, жарқырап жүру елестейді; сол жағыма қарасам — жолдан тайғызып, қанымды қыздырар құштарлық сүйіспендік, күйініш, өкініш, біреудің ызасын қоздыру, біреудің жолын кесу бас бұрғызбайды. Қайтпек керек! Естелікте осының бәpi баяндалған. Менің жазып жүргенім — таза естеліктен гөpi Шекспирдің Гамлеті секілді аласұрған өмірдің соқпақ сүрлеуі. Мұны окыған адам ақылға келуден гөpi, ақылынан алжасуы мүмкін...» Иә, мұны айтқан Байронның дәп өзi. Әдебиетті түсінбейсің, өнерден гөpi өңешке жуықсың деп жазғырып отырсыңдар, мойындаймын, қашпаймын. Әйтсе де құдайшылық қайда?.. «Дон Жуан» жарық көрген кезде — күн көзіне керілген тулаққа қол-аяғымды байлап cipecтipiп қойып кергігe салғандай хал кешпеп пе едім. Діннен безген, ұяттан аттаған, сайтанға ілескен адам — айналып келгенде өзім болдым. Байрон шетелге қашып кетіп әдеби сыннан құтылды. Ал, барлық тепкіні жеген, қаралау сөзді естіген, ел көзіне құбыжық боп көрінген мына менмін. Сонда қайсың келіп: «Ай, қойыңдар, бұл байғұста жазық жоқ, кітап басып шығарғаны — елді жарыққа шақырғаны»,— деп қол ұшын бердіңдер?! Енді келіп періште болып шыға келесіңдер! Айттым жаңа әлгіде, түстен кейін ақылды болып маңырағандарың құлаққа сіңбейді. Маған естелікке кепілге алған, сақтаған ақшаның қажеті жоқ, қидым, кештім ақынның абыройы жолына!.. Бақи жалғанға жол алған адамның соңына жақсы сөз iлестірейік, жер үстіндегілер-ақ жұлқысып, жетісіп ырғалып, болып, тола берсін!
— Ұстаз өзіме қолжазбаны берген кезінде италян сұлуы графиня Гвиччиолли бикешпен бipгe тұрған, — деп бастады сөзін жас ақын, — сіздерге мәлім, ұлы адамның әpбip басқан қадамы халық көзінде, ештемені жымқырып жасыра алмайсың. 1823 жылы шілдеде ашыналық құрған от құшақты графиня кейінше кездескенде былай деді: «сендер ақынға адвокат болып жарытпайсындар, оның су iшce де, у iшce де ешкімге ұқсамайтын дүлей өмірін өз шығармалары ғана қорғап қалады, естеліктің бipaз тарауын көзімше жазды, жазатайым естелік жоғалар болса — өртше қаулаған өсек пен өтіріктен арыла алмайсыңдар; ең ғанибеті — ақынның қаламынан туған жалғыз жол да жоғалмасыншы!.. Графиняның жадыма салған аманаты осындай. Енді келіп ұстаздың маржандай тізіп жазған асыл қолжазбасын отқа жақпақсыздар. О заман да, бұ заман классиктің қолжазбасын өртеген ел көріп пе едіңдер, мырзалар? Байрон көзі тірісінде-ақ классик болып үлгерген дара тұлға емес пе еді!
— Ақынның өз шығармасы өзіне адвокат деген сөз көңіліме қонады.
— Біз сонда кімді қорғап, кімді соттап тұрмыз, мырзалар?
— Ақынның арын қорғап тұрмыз.
— Ал, үкімді неге, кімге шығарамыз?
— Үкімді бақи жалғанға аттанған ақынның бip кездерде жастық желік, мастық құштарлық, көтеріңкі көңіл үстінде шимайлай салған шикілі-пісілі естелігіне шығарғалы тұрмыз.
— Данышпандарда шикілі-пісілі деген ұғым болмайды; олардың аузына сөзді жаратқан ие салады.
— Шырағым, тіліңді түрпі етіп жүрегімді тырнай берме. Онсыз да шөре-шөре хал кешіп оңбай тұрмын. Ақын досымның қазасына менен артық қайғырып, қабырға қайыстырған кici таппайсыз! Ендігі қалғаны келер ұрпақтың алдында ақынның арына кip жұқтырмай, бөтен сөз ілестірмей өту ғана, — деп Марри қопарыла күрсінді. — Ұрыста не тұрыс бар, канекей, icкe кіріселік.
— Қаншықтардың үгітіне, өтінішіне «иә, мақұл» деп қойып, сол уәдені аттай алмай есеңгіреп тұрғаныңызды түсінем, Марри мырза.
— Қаншықтарың кім сонда, көкешім?
— Ұстазымның немере әпкесі Августа Ли және ұстазыммен бip жыл отасқан, отта тұрған қазандай әрдайым бұрқ-сарқ қайнаған Анна Иза-белла. Осы eкeyi қосарланып: «Құрт, жой, ақын шығармасының мұрагеpi, иегеpi, бишікеші, жанашыры өзіміз боп қаламыз» деп құлағыңызға құйған әбден!
— Анна Изабелла ледиді бекер жазғырып cөгесің, ол үзілмеген жүзім, жарылмаған қауын секілді періште жан емес пе? Мына жарық дүниеде періштелер азайып, әзәзілдер көбейіп бара жатқан жоқ па!
— Ciз айтқандай әлгі леди ғажайып сүйіспендік құлы — періште болса ұстазымның ақ, адал жары болып отасып тұра бермес пе еді.
— Сен бала екенсің әлі! Дүлей дарын, құйын мінез иесіне қай сұлу шақ келеді! Леди Анна Изабелладан бұрын да, одан кейін де ұстазымның құшағы құр жатпаған, соның бәрін жіпке тізіп, естелікке жазып дүйім жұртқа жариялай бермекшіміз бе, ми бар ма өзіңде! Манадан бepi шырылдап безектеп тұрғанымыз сол жағдай емес пе. Леди Анна Изабелла көз жасын сығып тұрып өзіме өтініш жасағаны жасаған!
Осы мезет есік сарт ашылып жез жағалы, саптама етікті, айқыш-ұйқыш қайыс буынған полковник кipiп келді. Шаш ал десең бас алатын марқасқаның нақ өзі. Мұртын ширатып пәске кідіріп тұрды-тұрды да бұрқ етіп ашуланды. Тұрған жерін ойып жібере жаздады.
— Әлі тұрсыңдар ма? — деді.
— Әлі айтысып сөз сауып, бір шешімге келе алар емеспіз, полковник мырза.
— Істі тезірек тамамдаңдар деп әдейілеп леди Ли жіберді өзімді. Анна Изабелла леди де «шаруаны неге сонша созып жібердіңдер» деп ренжіп жатқан көрінеді, көз жасын сығып алыпты. Қанекей, қолжазба қайда, қолыма беріңдер! Марри мырза сен ұсақтап жыртып көмектесіп тұрғайсың!
Леди Лидің атынан сөйлеген бұрқ-сарқ мінезді полковник алға шығып қолжазбаға қолын созды. Қызметші әлгіде ғана ағаш қаластырып, отын өршітіп үлгерген каминь пешінің алды маздап алаулай түсті. Марри қолжазбаны шетінен алып, ортасынан қақ бөліп, бір-бірлеп полковниктің қолына ұстата берді. Әскери кісі еш аяусыз естелікті қызыл жалынға тастады-ау келіп.
Былайғылардың көзіне жалынға оранып Байронның өзі жанып жатқандай елестеді.
Ақын естелігін 1818-1823 жылдар аралығында жазып үлгерді. Осы аралықта кітаптың үш бөлімі біткен еді. Өзінің үйренген әдеті бойынша Байрон шығармаларын кең көлемі қатырма қағазға жазатын. Әр бетте ұзын-ырғасы үш жүздей сөз сиятын. Төрт жүз беттей сықасқан текст жазылып біткен еді. Сол заманның зиялы қауымының көңілінен шығатындай, келіскен кесте, көркем тіл, бояулы бейне арқылы шеберліктің толысқан шағында дүниеге келген осынау қара сөз үлгісін демнің арасында жалын жалмап жоқ етіп жіберді. Ошақ аузында күлгін күл үйілді.
Қолжазба пышырлап, шытынап жанып жатқан кезде сұмдық оқиғаны көргісі келмеген кісіше шеткі диванда бүк түсіп, қос алақанымен құлағын басып отырған Томастың есіне ұлы ұстазының шет елге шығар алдында айтқан сөзі сап ете қалды.
«Егер қолжазбаны оқытар болсаң, есіңе сақтап ал, тек қана Таңдаулылар оқитын болсын!»
Жарықтығым-ау!.. аруағың қайта айналып тіріліп келіп, мына сұмдықты көріп, о, опасыз жалған!.. опасыз достар!.. қаныммен, жаныммен жазған естелікті жағып жібергендерің не қылғандарың!.. ең болмаса байыздап отырып, ақылға салып оқымадыңдар ма!.. деп назалана жекіп, қарғыс айтатындай бүк түсіп бұғына түсті. Жанып жатқан қолжазбаны дәті шыдап көргісі келмеді. Жанарын жұмып теңселе түсті.
«Таңдаулылар!» — деп өз-өзінен күбірледі.
Таңдаулылар тап осы жерде, осы мезетте адам табиғатының ең төменгі қалыбы, мінезі — табалаудың құлына айналған еді.
Джон Хобхаус, ұлы ақынның көзі тірісінде көлеңкесіне айналып, түшкіріп қалса — жәрәкім алла айтуға аузы қалып алып үйренген жәркеленші серігі, ақын көзі жұмылған кезде — құбыла өзгеріп: өмір бойына көлеңкеге айналып өтпекпін бе!.. күнге шығам!.. көрсін, білсін менің де биік, нұсқаулы қайраткер, ділмар депутат екенімді деп өзін-өзі іштей семіртті. Өліп жатқан жан досының сыртынан табалады. Ең құрығанда қолжазбасын өртеп, ә, сені ме!.. сенен өзге де данышпандар бар бұл дүниеде!.. деп қайтсе де осы жолым ел үстіне шолжаңдаған жуан білек, ділмар депутат, айтқаны қате кетпейтін қайраткер болып көрінгісі келді. Қолжазбаны отқа тастаған сайын жаны жай тауып, қышыған жеріне тұз сепкендей сейіліп, сергіп, өркештене түсті. Я, құдая, бере гөр, ұлы ақын өлгенімен — соның кешегі күні ұлтарағына айналып жүрген адамның марқасқа, мардымды, маңызды ұлық екенін кейінгі ұрпақ айта жүрсін деді. Данышпан болмасақ та пенде ретінде ұлтымыздың мәдениет тарихына есіміміз жазылып қалады деген дәмеміз бар. Иә, сәт, иә, пірім, бетіңді бері қарат!
Джон Марри баспагер болса: «Он жылға жуық? Байронның аса шулы, даулы шығармаларын жарыққа шығарамын деп басым іскен еді әбден, енді мына естелігін, малтасын езіп, мыжығанын кітап қылып таратамын деп сау басымның қай іскені бар» деп ойлады. «Біреу үшін таяқ жеп тойдым?!»
Тек жүрген тоқ жүреді. Досымның көзі тірісінде көргенім, жегенім тек қана даттау, жеку, көзге шұқу еді; енді келіп ақын о дүниеде кеткен соң тыншитын шығармын, аяқ созып ұйықтармын деп ойлағам. Жалпы осы «дос» деген ұғым неге керек?.. Дос сөзі — біреудің атағын келесі кісі шығару үшін, біреудің қолымен біреу өт көсеу үшін, біреудің несібесін келесі адам үстінен жонып жеу үшін шығарылған айла-шарғы. Көзі тірісінде Байрон орташаларды ылғи табалаумен, мысқылдаумен өтті; менше жаза алмайсыңдар деп кекетті, мұқатты, қызыл ерін қыздардың күллісі соңында сенделіп жүрді. Бұларға бұйырғаны қалған-құтқан сарқыт, суып қалған төсек, күңсіген өсек болды; сары қарын әйелдер ғана: «Е, сен әлі жүрмісің», — деп есіркеп, мүсіркеді, икеміне көнді. Бұл көкең кесіп-пішіп айтар еді; дүниеде адамнан адамның артығы жоқ; артық ететін әлгідей жандайшып достардың алашапқын жүгірісі — ақжүрек мадағы мен дабырасы деп. Байронды Байрон еткен өз мүддесін былай жинап қойып, ақынға ғана ыстық ықыласын арнай білетін біліктілердің жігері мен жәрдемі. Атақтыны, данышпанды, мықтыны туғызатын көлеңкеде жүріп іс қылатын, шаруа тындыратын дос-жаранның қалтқысыз қызметі!.. риясыз, боямасыз мінезі!.. Ендеше Байронды тұңғиық көк аспанның астында алып құдайдай етіп аспандатып ұлылап мүсінін келтіріп жасаған өзіміз, алдағы кезде құдай нәсіп қылса өзіміз пәсейтіп, өзіміз кішірейтіп, тып-типыл етеміз!..
Шеткі диванда бүктүсіп ыңырсып отырған жас ақын өз тағдырына өзі өкпелі. Данышпанның «өміріңе жетеді» деп аманат етіп қалдырған қолжазбасына ие бола алмай, аяқ астынан иім жұмсарып, жуандардың жөнінде көне кеткен — жуастығым. Түбіме жетіп жүрген — жуас мінез. Мінезді жасайтын өмір, өмірді жасайтын жаратқан ие болса; жаратқан тағдырыма налимын!.. Пешене жазуына өкпем қара қазандай!.. Таңдаулылар деп тауып жүргендері — қоқиған Хобхаус, ана делқұлы Марри, мондыбас Латтрелл — түкке тұрғысыз әншейін бірдемелер, кәкір-шүкір бишікештер. Жанарымды шел басыпты, көкірегімді сәуле шалмапты, жазғандарым жазған емес, марқасқа деп малданып жүргенім адам емес. Кеше ғана көзі жұмылған досының кебіні шірімей жатып, қолжазбасын жұлып жыртып, өртеп жатқан мына қалталы кәсіпкер, палатада сықасып отырған депутат — заманының шие бөрілері, әлдісі әлсізін талап жеуге дағдыланған орман-тоғай алпауыттары секілді. Опасыз заманның ордашарқы оспадарлары!
Қайран ұстаз, сенің рухың батар күннің қызылындай алаулап жалынданып барып бір күндері ұмытылар-ау, жоқ болар-ау, жоқ етудің алғы шарты қолжазбаңды отқа жағудан басталып жатыр.
Ұлы адамның қолжазбасы жанған кезде құдды кісі сүйегі өртеніп жатқандай пышырлайды екен. Жат иіс бөлмені алып, қолқаны қапты. Егде ақын қолқасы түсе жөтеліп, таяғын тықылдатқан күйі сыртқа сытылып, кешкі көшеге сіңіп жоғалды! Шындық отқа жағылған кезде өтіріктің дәурені басталады. Батып бара жатқан күн қызылындай ақын қолжазбасының аянышты тағдыры туралы әңгімені осымен тәмәм деуге болар еді. Әйтсе де айтпай кетуге болмайтын бір жәйіт: елтеліктің жойылуына басты себепші, ақын жесірі, жесір болғанда — бір жыл отасып ащыласып айрылысып үлгерген бейәдеп бәденді келіншек Анна Изабелла леди былайғы ұзақ өмірінде естелік жазуға отырған еді. Ақыннан кейін 36 жыл өмір сүрді. Отыз алты жыл бойына қаламы мұқалмай, сиясы сарқылмай соңына том-том естелік жазып қалдырды; замандастары әйелдің осынша қажырына, өшпенділігіне, кекшілдігіне жағасын ұстап, аузын ашып қайран қалысты; о, тоба, десті, біздің білеміз дегеніміз мына сайқалдың қасында жас баланың былдыры екен әншейін. Мына леди бір жыл ішінде қара жаяу қалтылдаған, көншоқайы сартылдаған жас өлеңшіні қарқарадай ақын етіпті, сөзіне сенсек — лорд болуға амал үйретіпті, жетелеп жүріп, жол көрсетіп, түбі терең құдықтан сүйрелеп шығарып, атақ пен даңқтың шың басына шығарыпты. Бұл не деген құдіретті күш десеңші!.. ақынның атын жамылып қоғам, палата, мемлекет ортасынан өз орынын ойып тұрып алған бір жапырақ арық, тырақы, тырысқан әйел «жоқ, жазғанының бәрі өтірік!» — деп қарса дау айтатын жалғыз куәні отыз алты жасында о дүниеге жөнелтіп жіберіп, соңында қалған асыл қолжазба — естелікті өзгелердің қолымен өртетіп, куә, дерек, мәліметтің көзін жойып, отыз алты жыл ұдайы Байрон татпаған атақ, даңқтың шәрбәтін ішті, балын жалап, жұмсағын жеді, мейманасы тасып, шалқып өтті; отыз алты жыл мемуар жазып: «мына біздер бейшара лордтың жағдайы жасап жүргенде» деп естелік сүйкектетті; мына біздер жолы болмай жүрген ақынды ақын етіп, ел көзіне шығарамыз деп өліп-өшіп жүргенде — опасыз тіршілік бір күнгідей болмай өтіп кетіпті, жас ұрпақ бейнетімізді ұмытып үлгеріпті, біз бейшара ұлы адамның көлеңкесінде қалып осынша бейнет шегіп, шөгіп, шөпіктеніп, шеттеп қалыппыз!.. Әйтсе де келер ұрпақ осыншалық нетіп, неткенімізді ұмытпас-ау деп үміттенді.
Өмір деген ұлы жұмбақтың былайғы жауабын өзіңіз шешіңіз, оқырман қауым, уақытыңыз болса, қолыңыз жетсе — ұлы ұстаздың бірді-екілі шығармасын оқып шығып осы өмірдің өрі мен шыңырауына ойша болса да көз жіберіп көріңіз.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі