Үш жүз жылдай уақыт отарлық бодауында болған ержүрек дала халқының бастан өткізген қиыншылығын тарих өрісі және мәдениет қойнауымен байланыстыра отырып, сол қиын-қыстау заманда ел үшін жанын беріп, барынша қолдау көрсетуді мақсат еткен ата-бабаларымыз жайлы сөз еткім келіп отыр.
Қазақ халқымыз ел болып, жай ғана ел емес, тәуелсіздік тұғырын биік қойған, егеменді ел болып қалыптасуда басынан өткізбегені жоқ. Ресей құрамына қосылғалы қара халық өздеріне деген жылы хабарды көп естімейтін. Ары кетпей ақ, өткен ғасырдың өзіне талдау жүргізсек... Жүректі жылытарлық бір оқиға еске түспейді. Осы заманда халқымыздың бас көтеріп, көздерін ашуға көмектескен, маржандай тізілген өлең жолдары арқылы жауынгер рухы мен патриоттық сезімін оята білген тұлғаларымыз болды. Олардың бірі, және бөлек атап өтетін бірегейі - жыр алыбы Жамбыл атамыз.
Өзінің 99 жылдық өмірінің 85-ін елі мен жері жайлы өлең шумақтарын жазуға арнаған ұлы тұлғамыз талай жанның өмірге деген құлшынысын, еліне деген қамқорлық сезімін арттыруда өшпейтін із қалдырды. Жамбыл Жабаев қазіргі Жамбыл облысында 1846 жылы ақпанның 28-жұлдызында дүниеге келіп, Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған 1945 жылы 22-маусым күні Алматы қаласында бұл өмірден өтті. Биыл міне, өлең сөздің дүлдүлі, қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, ХХ ғасырдың Гомері атанған - Жамбыл Жабаевтың дүние есігін ашқанына 175 жыл толады.
Тарих пен әдебиет - ажырамас салалар. Себебі, әдебиетті зерттей отырып тарихи кезеңдерге шолу жасауға болады немесе бір елдің тарихын зерттегенде оның әдебиетіне тоқталмай кете алмаймыз. Осы мақсатта мен жыр алыбы Жамбылдың өмірінің соңғы жылдары жырланған патриоттық және жауынгерлік рух беретін өлеңдерін ерекше қарастырғым келіп отыр.
1941 жылдың басында өзінің «Кәрілік» деп аталатын өлеңінде «Босатып буынымның шегелерін, Сыпырып тұла бойдан күшімді алды» деп 95 жасқа келген Жамбыл атамыз өзінің жасының келіп, күш қуаты кәрілікке ауа бастағанын жазады. Бірақ бұл ұзаққа созылмады, неміс фашистері тұтқиылдан елімізге басып кірген уақытта домбырасын қолға алып, қайтадан қайраттана, жігерлене түсті. Бұл тұста Жамбыл ақын жауға өзінің өлең-жырларымен қарсы шығып, «Ата жаумен айқастық», «Өлім мен өмір белдесті», «Ленинградтық өренім!», «Москваға», «Аттан, батыр, ұрпағым», «Кеңес гвардеецтеріне», «Кеңес жауынгерлеріне», «Майданға хат», «Сыйлық», «Тырналар қайтты көріңдер», «Отан әмірі», «Алынбас қамал», «Балама хат», «Воронеж батырларына», «Ленин өреніне», «Қамал бұзған қаһарман», сынды әрбір өлеңін жауға оқ етіп жаудырды.
“Ленинградтық өренім,
Мақтанышым сен едің.
Нева өзенін сүйкімді,
Бұлағымдай көремін…
Уа, қаһарман, өренім,
Мақтанышым, беделім!..
Қаласындағы Лениннің
Сайып қыран, өренім!”, - дей келе, бұл арқылы Жамбыл ақын жауынгер, сарбаздарға, Ленинград қаласының тұрғындарына өшпес үміт, болашаққа деген сенім сыйлады. Мемлекеттік маңызы бар Ленинград сынды ірі қаланы жау қолына беріп қоймай, қан мен терге түсіп, қорғауға үндеген. Ұлы Отан соғысы жылдарында патриоттық рухта жазылған толғаулары үшін КСРО Халық Комиссарлар кеңесі 1941 жылы абыз жырауға Мемлекеттік сыйлық берді.
Тарих бәрін өз орынына қойды. Қазіргі қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда біздің міндетіміз - ата-бабаларымыздың қалдырып кеткен мұраларын бағалай отырып, сол бетінде болашақ ұрпаққа жеткізу. Осы күнге дейінгі және алдағы уақытта өткізілейін деп отырған Ж.Жабаевтың 175 жылдығына арналған іс-шаралардың барлығының мақсатын Сәкен Сейфуллиннің бір сөзімен түсіндіруге болады - «Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан секілді. Оны жинап алып халқының қолына беру – біздің әрқайсымыздың азаматтық борышымыз». Осы сөзді ту етіп, елімізде Жамбыл Жабаевқа арнап көптеген іс-шаралар өткізіліп жатыр. Соның ішінде, өзім білім нәрін алып жатқан оқу ордасы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Филология және әлем тілдері факультетінде осы сынды өткен ғасыр құндылықтарын қайта жаңғырту мақсатында көп іс-шаралар өткізіліп жатыр деп мақтана айта аламыз.
Қорыта келгенде, Жамбыл Жабаев жау алдына шығып, атойлап шайқасқа түспесе де, қолына домбырасын алып, жалынды жырларымен майданда жүргендерге қайратына қайрат, жігеріне жігер қоса алғандығымен өз замандастарының ішінде ерекше орын алды, қазақ әдебиеті мен мәдениетінде ғана емес, бүткіл тарих толқынында маңызды рөл атқаратын айрықша тұлға ретінде жадымызда мәңгілікке қалды. «Бірлік қайда болса, ерлік сонда. Еркіндік қайда болса, елдік сонда» демекші, қаншама жыл нәтижесінде қол жеткізген бірлігіміз бен тәуелсіздігімізді, еркіндігімізді алуға үлкен көмек көрсеткен ата-баба мұрасын қадірлеп, болашаққа дәріптеу керек деген ойдамыз.
Нурай Алмас, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология және әлем тілдері факультетінің студенті Жетекшісі: Сабырхан Смағұлов, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі