Өлең, жыр, ақындар

Қызылқұмның желі не деп жылайды?

Қызықұмның кіндігінде отырған Мүсіркеп түйеші алпыстан асқан осынау өмір жолының дәл бүгін қиын бір тығырыққа тірелгенін іштей сезді, әйтсе де алдағы тағдыры, тіршілігі алай-дүлей дауылға ұшыраған құм сүрлеуіндей мүлде көмескіленіп, тіпті жоғалып кететінін әзірге болжап біле қоймады.

Әзәзіл ашу көтеріп кетті. Қоржын тамның жаман есігін сарт ұрып жауып, қос иығының ортасына басын сіңіре бүкшиіп сырғауыл қадаға байланып қаздиған қоспағына емпеңдей аяңдады. Артынша үйден ұжым директоры Әмірше шықты, қуықтай ши барқыт шалбарының шаңын қаққыштап, қақырынып-түкірініп, анадай жердегі құмда жүретін вездеходқа беттеді. Құнжыңдап кетіп бара жатқан түйешіге бірдеме дегісі кеп қайырылып тұрды да, ләм деместен «ә» деп қолын бір-ақ сермеді. Пәкене тамнан үшінші болып түйешілікті қайтсе де аламын деп есек дәмемен өпектеген директордың шофері Құмбай көрінді, бастығының шляпасын ұстап жүр. «Ашуыңызды басыңыз, басеке, отыз жыл түйе соңында салпақтаған адамда қайбір ми қалды дейсіз, кейінше түлікті қуып әкеліп, санап аламын, — дейді дауыстап, — бүгінше сізді орталыққа жеткізіп салайын». Төртінші болып етегіне сүрініп түйешінің кемпірі көрінген, жанары күнге шағылып жасаурап тұрды-тұрды да, қою шаң боратып шығысқа бет алған бастықтың машинасын, батыс беттегі бұлым-бұлым құм жотасына бүлк-бүлк желіп сіңіп бара жатқан шалының қарасын шалды. Ет жүрегі әлдебір айтып болмас жаманшылықты сезгендей жаншыла соқты, әрі-беріден атқақтап аузына тығылды.

Құм теңізінің толқынына бір батып, бір шығып неғайбыл жоқтыққа жұтылған Мүсіркеп ойлаған: «бұл адамның ішкі әлемінде әр қилы жануарлар тығылып отырады, кісінің мінезін келе-келе солар иемденеді бәлкім, — деп. Біреудің ішінде маймыл, біреуде жылан, келесіде түлкі жасырынған. Әлгі бастық мені «маубас түйесің» деп бекерге жекіген жоқ, ішімде кішірейген түйе жүрсе — жүрген шығар. Күндердің күнінде иесі қиналған, қыстыққан кезде сол жасырынып жатқан жануарлар оянып, бас көтеріп, әлгі кісінің мінезін мұқым өзгертіп, өзінше икемдеп әкететін секілді ғой». Бұл білетін Әміршенің ішінде бұрын ылғи бұлбұл сайрап, мәуелі бағы сыбдырлап тұратындай еді, бүгін байқаса, бүгін емес-ау, біраздан бері өзгеріп, сол мәуелі бағы бозарып, жұтап, жалаңаштанып бара жатқандай ма; құйқылжыған бұлбұлдың орнын қарқылдаған қарға ауыстырғандай ма, әйтеуір бұған беймәлім жағымсыз, ызу-қиқу мазаң үнге толып кетіпті. Өткен жолы аспан айналып жерге түскендей шілдеде келіп, дастарханының басында қымыранын ішіп отырып жаман кіділенді, реңі көгіс тартты. Қопарыла күрсініп: «Бұл қартайтты ғой... қой, болмас, түстіктің қатпа сиырымен сүт жоспарын орындай алмаспыз, ит өлген Рязань облысынан асыл тұқымды отыз сиыр сатып алғанбыз. Ол жақтың сиырлары кілең желіні жер сызған мешкей, меймілдеп иігіш, кісі тілін түсінгіш болады екен». Мүсіркеп түйеші ішінен: «Бастық мұны айдаладағы маған несін жыр ғып айтып отыр», — деп таң қалды. Әмірше әңгімесін әріге жалғай түсті: «Сонымен әрқайсысы жеті мың сомнан, удай қымбат отыз сиырды сатып алғанбыз, обалына не керек, орыс ағайындар шарт қағаз бойынша вагонға тиеп, апталық жолда жемдеп, күтіп мына тұрған Бесарық станциясына жеткізіп берді. Өзім облыста машинаның қосымша бөлшегін іздеп жүргенмін. Байтүгелге: «Қабылдап ал, ұжымға жеткіз, күтімге қой», — деп, қақсап тапсырып кеткенмін. Орыс ағайындар станцияның басында сиырларды санап тапсырыпты, веттехник Байтүгелдің қолына шарт қағазын, паспортын ұстатыпты: «Тамыр, ары қарай өзің жеткізіп ал, — депті. — Мынау әр сиырдың аты, мінезі, не ішіп, не жейтіні жазылған паспорты; ыстық күнде шаңдақ жолмен айдама, тоғайға жайма, жер сызған желініне кене жабысады, шеңгел тырнайды, салқын қорада ұста, жем-шөпті турап, булап бер», — деп өздерінше білген ақылын айтып қайтып кетеді ғой. Менің жоғары оқу орнын сырттай бітіріп келген веттехнигім не істеген. Қапелімде сиыр таситын биік қауы бар жүк машинасын таппайды; олардың бәрі Сыр бойында шөпте жүрген, ауданнан және жәрдем сұрамайды. «Ә, қой, атам қазақ малды жайып айдаған, тас жолмен тырқыратсақ — отыз километр ішкерідегі ұжым орталығына қазір-ақ жетіп барамыз, қағыңды алмайды», — деп сиыршыға әлгі жануарларды жермен айдауға жарлық берген. Өзі жеңіл машинамен, жел жағымен жүйткітіп өткен. Қырық күн шілденің күні жанып тұрған. Асфальттың қара майы еріп, баланың еңбегіндей былқылдап жүргізбеген соң сиырларды жолдан шығарып тастақпен қуып айдаған ғой. Әрі-беріден малдың тұяғы кетіліп, көзі кіртиіп, шөлдеп, қаталай бастаған. Өлдім-талдым деп дарияның пантон көпіріне жеткенде, асыл тұқымды бір сиыр тырапай асыпты. Иіріп суға құлатқан екен, дарияның жылымшы қоймалжың суын иіскеп-иіскеп ішпепті. «Әйда» деп ары қарай тықсыра қуыпты. Қойшы, әйтеуір, ыстықта қан қысымы артты ма, әлде түстіктің аңызақ керімсалына төтеп бере алмады ма — ұжым іргесіндегі мал қорасына жеткенше тағы екі сиыр өліпті. Аңғал-саңғал қорадағы былтырдан қалған ескі саңылтырды алдына шашыпты, әлгі жануарлар татып алмапты, сосын мәңгі веттехник далбасалап көк жоңышқа, жантақ орып әкеліп шетінен турап беріпті, соны талғажу еткен сиырлардың іші кетіпті, жалқақтап және екеуі өліпті. Облыстан қосымша бөлшектер, құрал-сайман алып ауылға келсем, әлгі мал дәрігер маманым: «Басеке, бес сиырды өлтіріп алдық, өздері өте әлжуаз, түкке тұрғысыз түлік екен, актіге қол қойыңыз», — деп көзі бозарып алдымда отыр. Жеті атасынан жіберіп, түк қоймай боқтадым, ит терісін басына қаптадым, не пайда — өлер сиыр өліп тынды — ендігісін не қылды екен, көрейін деп сиыр қораға барсам, төбе шашым тік тұрды, сізге өтірік, маған шын, Мүсеке, әлгі жануарлар желіні жер сызған, мейманасы тасып мелдектеген аша мүйіз түлік емес, бейне, ішіне сабан тығып қойған тірі тұлыптар секілді, қабырғаға сүйеніп, сіңіріне ілініп әзер тұр. Қолмен істеген істі мойнымен көтеретін заман. Әлгі тірлігімізді естіген аудан басшылары веттехник екеуімізді талқыға салды, жер-жебірімізге жетті, ай, бүйтіп бастық болып істегенше мойынға қоржын асып дүние кезіп, ел ақтап кеткен тыныш шығар, әйтеуір, екеуімізге қатаң сөгіс жапсырды. «Өліңдер, тіріліңдер — бес сиырдың орнын толтырыңдар, ана тірі тұлыптарыңды емдеп, жемдеп қатарға қосыңдар», — деді. Басқа түскен соң баспақшыл, веттехникті күндіз-түні сиырдың қасына қарауыл қылып қойдым да, өзім осылай қарай жөнелдім. Жөн білетін ақсақал ғой, мына бір қиын тығырықтан құтылудың жолын үйретер, қол ұшын берер деп сізге әдейі ат басын тіреп отырмын», — деп Әмірше ұзын сөзін иіп келтіреді ғой баяғы.

Мүсіркеп түйеші айран-асыр, әңгіменің түп-төркінін түсініп отырған жоқ. «Құм ішінде аз ғана түйені бағып, сырт дүниеден мүлдем мақұрым қалып жүрген можантопай малшыдан нендей ақыл шығады дейсің, балам», — деп сол жағына жантаймай ма. Дәп міне осы жерде Әмірше бұрын-соңды бұл байқамаған, білмеген, сезбеген мінез ашты, әуелі бет терісі жыбырлады, ішінен әлдебір мақұлық бой көрсетті. «Мұсеке, мысық пен тышқан ойынын ойнап неғыламыз? — деді сызданып. — Отыз жылдан бері түйе соңында жүріп жегеніңіз өркеш, ішкеніңіз шұбат, жілігіңіз майлы, Қызылқұмның байпатшасы секілдісіз, біздің де ертеңгі күннен үмітіміз бар, тоқ етері — жекеменшік түйеңіздің біреуін беріңіз, сосын көктемгі бота санау кезінде әлгі мәңгі болғыр веттехник: «Үш-төрт ботаны есепке қоспай, актіден тыс қалдырдым, түйе түлігі шығынсыз болмайды, ертеңгі шығынға запас сақтадым, — деген. Сол үш-төрт ботаны тайлақ етіп жасын өсіріп, ақпардағы мал санынан шығара тұрғайсыз. Сіз болып, біз болып өз қотырымызды өзіміз қасымасақ, сырттан ешкім келіп жыртығымызды жамаспайды, ақсақал», — деп пікір келтеңінде суып қалған кесесін төңкерді.

Сол мезетте осы Мүсіркепке алдында үш бүктеліп малдас құрып отырған ауыл басшысының ішінен өзге бір мақұлық зәрлене ысқырып, айбат шеккендей елестегені. Жанарына өзге Әмірше, басқа болмыс шалынған. Жаман тітіркеніп іштей жиырылғаны рас-ты. «Шырағым, пайғамбар жасына келіп отырып өкіметтің өз малын өзіне ұрлап өткізіп күнәға бата алмаймын, — деген. — Өзімнің желінін созып, сүтін шай қатық қылып отырған інгенім бар, басыңа іс түсіп келген екенсің — соны байладым, бердім, машинаңа бас та алып кет, ал, өкіметтің малын бұтарлап берекесін кетіріп күнәға бата алмаймын». «Ау, ақсақал, алдыңыздағы түлікті ешкім ешқайда арқалап алып кетпейді, барша тірлік қағаз жүзінде жүреді, тек екі-үш тайлаққа көндім... кештім... көшірдім... өшірдім деп қолыңызды қойып, тілхат берсеңіз болғаны». «Жоқ, шырағым, сенен қайтпаса, Алладан қайтар, ана інгенімді ал, өзге малға көз сұғын қадай берме, өйтіп арам ас-су ішіп жүре алмаймын». «Ау, ақсақал, өкіметтің малын өзіңізге иемденіп отырсыз ба осы? Ерегіссем бәрін санап аламын, ана Құмбай пысықтың алдына саламын». «Ондай өнеріңді уағында көрсетерсің». «Ау, ақсақал», — дегені болмаса сол жолы бастық сұмдық қалшылдап-дірілдеп жын иектеген бақсыдай ашуланды, ішіндегі суық мақұлық аузынан атқып шыға ма, сеспей қатырып шыға ма деп сескеніп еді, әйтеуір, қоспағына мініп, құм ішіне қашып құтылды. Малын жайып, шаршап, діңкелеп кешкілікте оралса — есік алдында інгені жоқ, әлгілер бұрқ-сарқ етіп, қайта айналып келіп: «Кейінше құнын ақшалай қайтарамыз», — десіп, машинаға басып әкетіпті. «Мейлі, алса-алсын, жыртығына жамау етсін, — деді іштей бұл, — осымен құтылсам — ақсарбас қой атармын». Өйтетін де жөні бар. Бұл ауылдағы жалғыз Әмірше, ана әуелілеу веттехник қана емес-ау, осы күнгі күллі жұрт түйе түлігі десе езуін қиғаштай созып; «Заманы өткен түлік қой», — десіп, есіркеп-мүсіркеп қыр айналып қашады. Әлгіде бастық «Алдындағы түйені санап аламын, орныңа Құмбай жампозды қоямын», — деді ғой, мұндай қоқан-лоқыны талай естіген. Түйесіңір, қаңбақ, сексеуіл өскен меңіреу құм ішіне жүрегі дауалап ешкім келмей ме: әлде малменен мал болып мәңгіленіп кетеміз дей ме, әйтеуір, түйе бағуға жастар жағы жұлқынып шықпайды, жаңа түйешіні талдырып күте-күте мұның шыдамы таусылды, содан жадағашқа жарбиып мініп, ер басына жұмырын байлап, қып-қызыл шағыр ішіне қайыра сіңеді. Бейне, уақыттың өзі құм бетіне қаймақ болып ұйып қалғандай жылжымайды-ау, еш жылжымайды. Түйе үстінде күн жүресің, ай жүресің, жыл жүресің — ақырысында ештеңеге алаңдамай, қызықпай, күтпей, емексімей, селт етпей, жер үстінде ағыны қатты өзендей өзге тіршілік бар-ау деп ойланбай, толғанбай уақыт оздыруға үйренесің, етің өледі. Көкжиекте көлеңдеген сары сағым бақи дүниенің керуені секілді тізбектеліп, жылжып, ақырысында фәни жалғанға асығып, аласұратындай ма; әрәдік шалынатын шөл тұрғыны — сіңірлі сексеуіл жолаушы адасып кетпесін деп шаншып қойған қарақшы қадағаламай ма; жылдың төрт маусымында ал жасыл, ал қызыл, шикіл, қан қызыл түске боялып толқынданып, бұлымданып жатқан алапат жоталар тарихтың көшін, керуенін бауырына басып жұтып жата беретіндей ме, көңіл, бейне, таспен бастырғандай селт етпей семе түскендей ме, — түйешінің өзінше сезетіні, сыртқы дүниеден қағажу қалып, мінезінің, ойының, жүріс-тұрысының мұқым өзгеріп бара жатқандығы еді. Бұрын: «Шынымен Құм адамына ұқсап құрып барамын-ау, амандық-саулықтың маңайындағы төрт ауыз сөзден басқаны ұмытып қалыппын-ау», - деп іштей тіксінетін, қорынатын, енді ол сезім де жоғалыпты. Ана жолы геологтардың алып инеліктей вертолетімен Байтүгел келіп түсіп: «Ақсақал, біздің еліміз аспанға үш адам мінген кеме ұшырды, әлгі кеме аспанды шыр көбелек айналып ұшып жүреді», — деп мәз болып айтып еді. Келесі жазда түйе жүндеумен жанталасып жүріп, сол үш азамат жерге қайыра қонды ма, әлде әлі зыр қағып ұшып жүр ме — сұрауға ұмытып кетіпті. Ендігіде қадап сұрап біліп алайыншы: «Әй, соны білгенде, естігенде маған келер-кетері бар ма, өзге қиял аздық ете ме маған?» — деп тағы іштей тығылады. Веттехник Байтүгел жыл аяғында жолы түсіп келгенде: «Мүсеке, сізді ағайындарыңыз қазақшаны ұмытып қалыпты, өткен-кеткенмен түйенің тілімен сөйлеседі деп жүр ғой, ішіңіз пысқанда дауыстап оқырсыз», — деп «Мың бір түннің» төрт томын әкеліп берген еді, басына жастап жүріп үш мәрте оқып шықты. Кемпірі бір күні түн ішінде бүйірінен түртіп оятып: «Ойбай, қақпас, бұрын да сау сиырдың жапасы емес, әулекі қияли едің, мына кітапты оқығалы «кәнизак, перінің қызы, ханзада» деп сандырақтайтын болыпсың», — деп әлгі кітаптарды маздаған ошаққа тығып жіберді, қолы күйіп құтқара алмай қалды... Ұлтаны кеуіп, етек-жеңін жиып тартылып бара жатқан Арал теңізі жақтан төрт тәулік бойына тұзды жел тұрып, көзді аштырмай титықтағаны есінде. Әуелгі аптап аңызаққа ішін тартып үдей соққан сұмқыл дүлей қосылған соң аспан мен жер ботқадай араласып, тынысты тарылтып, ғазауат майданы басталғандай әсер етті. Сыртқа шығудың өзі мұң болды. Мініс қоспағы үй іргесіне сұлай шөгіп, мойнын құрықтай ғып созып, боздап жатып алды. Моржаның іші де төрт тәулікке сыңсыды. Сауындағы аруана ботасын танымай, тәлтірек қақты. Дауыл сәл толастағандай болған соң, түзге шығып, олай-бұлай қараса, өрістегі түйелері басы ауған жағына босып, тоз-тозы шығып кетіпті. Сусын ішсе, тамақ жесе, сөйлесе аузындағы қышыр-қышыр құмнан құтылмады, жатса төсегіне толады, жүрсе қойны-қонышынан сусылдай төгіледі, қайда қашса да «Қорқыттың көрі демекші — аспанға ұшса да, жеті қабат жер астына түссе де сусылдаған, қышырлаған, мезі қылған, тынысын тарылтқан, жанарына үймелеген, табалдырығынан ентелеген құм сүреңінен, әй, қашып құтыла алмас. Сайда саны, құмда ізі қалмаған түйелерін іздеп күншілік жердегі бура, атан бағатын Досмағамбеттің үйіне бұйда тартып еді. Құрдасы үйінде малдасын құрып, ағаш тостаққа насыбай үгіп, құнжыңдап отыр екен, мұны көрген бойда тоңқалаңдап түрегеліп, қол беріп сәлемдесті, төріне оздырды, сусын ұсынды. Құм бораған дозақтан қажыңқырап, діңкесі жұқарып жеткен құрбысын бөгде сөзбен сейілткісі келді ме, кім білсін, тақауда ғана қолына кездейсоқ путевка тиіп, Алматы маңындағы «Алатау» шипажайына барып, демалып қайтқанын әңгімеледі. Бір жарым тәулік селкілдеп жеткен пойызы да, қойдай құжынаған машинасы да, үйдің үстіне үй тұрғызған шеберлігі де таңсық емес қой. Мүсіркептің, әсіресе таң қалғаны — әлгі демалыс жайы орын тепкен жыныс таудың ішінде үп еткен жел болмайтыны, жыра сайында баланың бетіндей сүйкімді өрік, алма пісіп, аяқ астына төгіліп жататыны, шыбын, маса, көккене, өрмекші деген мазасыз жәндіктердің ызым-ғайым жоғалғаны еді.

Қадалып қайталап сұраған. «Әлгі жерде оллаһи-біллаһи шынымен шыбын ұшыраспады, толқынын тау-тасқа ұрып сақылдап ағатын тентек суы тіс сындырады, құлақшыныма, етігіме ілесе жеткен құмы құрғыр отырған, тұрған жеріме сусылдап төгіліп берекемді алды, — дейді Досмағамбет, — ақ сейсепті кең төсекке үстімнен құм себіле берген соң бас дәрігер — айналайын өріктей әдемі келіншек, әдейілеп астыма машина беріп, моншаға түсіріп алды, хром етігімді, құлақшынымды шешкізіп, жеңіл бәтеңке кигізді, несін айтасың, былқылдаған, үлпілдеген төсекке алғашқыда етім үйренбей, пысынап, берекем қашты, ұйықтай алмадым, қайтқанша асықтым».

Рас шығар, Мүсіркеп өзі көрмеген жерді басып, Қаратау асып, ит өлген қиырдағы шыбынсыз сайда демалып келген құрдасының әңгімесіне құлақ қойып отырып: «Елі азынаған, құмы түтеген Қызылқұмнан өзгеше жер бар екен-ау? — деп іштей толқыды, көргісі келді. — Сонда қалай? Шоқтай ыстық, күнсіз, ұйытқыған елсіз, көзді ашқызбайтын түтеген құмсыз, түйесіз тыныш ұйықтап, мәуе жеп, салқын бұлақтың суын ішіп, саялы бақта сейілдеп ғұмыр кешетін өзі құралпы шалдар болғаны ма? Бәлкім, аңыз ғып айта беретін, пайғамбар жасынан асып, жүз жасайтын ақсақалдар сол өлкеде көлбеңдеп өріп жүрген шығар-ау!» Жоғалып кеткен түйелерін іздеп тауып, қайыра сүркілге салып қуып келе жатып та, Төбеқұдыққа жетіп, бұйда тартып, қоспағын шөгергенде де, әлгі Досмағамбет айтқан «шыбынсыз сай, алма жеп сейілдеп жүрген шалдар» жадынан тегі шықпай қойғаны. Көпке дейін әлгі тосын сурет, басқа бояу, ой сергітер тіршілік тынысы, әдемі табиғат түсіне кіріп қобалжытып жүрді, кейінше бейнет жаншып ұмытылып үлгерді. Әлгіде әжептәуір бастық Әміршені сонша ренжітудің, түңілтудің не орайы бар еді? Ебелектің тамырындай жіңішкеріп жеткен кезде айтқанын істей салса, мақұл десе аузы қисайып қалмас та. Жүйкесінің жұқара-жұқара қаңылтырға айналып біткен жері, жіңішкенің ұзара-ұзара үзілер тұсы осы болар, сірә?! Әуелі осыдан біраз бұрын екі жылда бір боталайтын түйе түлігі пайдасыз екен, жылына екі балалайтын торай өсіреміз деп түйені ауыл сыртына ұзатып айдап салды. Желі азынаған, құмы бораған, күні аптап, суы жылымшы етекте шошқаның бабы болмады ма, әлде ол шіркінді қойға ұқсатып қырға айдаған бақташының көрбілтелігінен бе — әйтеуір, іш тастапты, ит қуалапты, баялыштың тамырын қазыпты, ақырында құмға сіңген судай тырағайлап тозыпты. Бұл бейбақ түйелерге енді көңіл бөлінер, жүніне ынтық, етіне жетіктер көбейер деп күптіленіп жүрген; көз тиді ме, әлде заманның қатері ме — иір мойын момындары алапат ауруға шалдықты, маң-маң басып жайылып жүреді де, аяғы аспаннан келеді, «о, не болды?» — деп үлгергеніңше қарны кебежедей қампиып жантәсілім етеді.

Бұл көктем аядай ауылда көккене, өрмекші көбейген соң басшылар қаржы босатып, құрылысшы жалдап үй-үйге тақтай еден төсеткен. Қолы ептілер тақтайдың астына, қаңылтыр шатырлы үстіне шынылы мақта сіңірген. Мезгіл өте әр қорада бұрқырап жатқан шынылы мақта желмен ұшып, сүрлем салған шұқырға, жоңышқалыққа, жемге түсіпті. Көзге шалынбайтын ұсақ ине сүрлеммен, жеммен ілесіп малдың асқазанына өтіпті, жүрекке, бауырға дарыпты, тас кенеше жабысыпты. Ішкі сарайына шынылы мақта өткен түлік қатарға қосылмайды екен. «Жүрекжарды» деген алапат келді, — деді осы Әмірше, — қалған түлікті түре қуып құм ішіне кетіңіз, қараңызды батырыңыз». Онсыз да өткен жылғы құрылысшының кесапатынан талай қоспақ, інгенінен айырылып, ауылға сыймай, іштей қан жылап жүрген. «Жер шетіне құрысам — құриын, — деп бекінді, — әйтеуір момындарым аман болса дәтке қуат».

Аз ғана дәулетін қара атанға артып, бір түйеге кемпірін отырғызып, келесіге өзі мініп, тырнаша тізіліп, Кеңқолтықтың айтақырына келіп жеткен. Мұнда бір тәуір жері — қақтың суы бар, қан шілдеге дейін түлік шөлдемейді, арғы жағында жан нәсіп. Байтүгел: «Суды водавозбен жеткіземін, шөпті үйемін», — деп ауызбен қарық қылып шығарып салды. Ілдебайлап, ілініп-салынып қабағы салыңқы күзді, үргіні ұлыған қысты артқа салды; соңынан су да, жем де келген жоқ, ирек мойын момындары аяғынан жайылып күнелтті. Әйтсе де сол Байтүгел қыс ішінде алып вездеходпен сау етіп келіп «құрылысшылардың ыстық ауқатына» деді ме, «директордың демалысқа шығуына» деді ме — қос өркеші баладай тайлақты тізеге басып, жайратып сойып алып кетті, мұның қолына мөр басылған бір жапырақ қағаз ұстатты. Келесі жазда беті қақ-қақ айырылған Кеңқолтықтың ұлы жазығына су іздеген геологтар келді, машинасы мұнша көп болар ма, қоңызша қаптап, әр қиырдан бұрғы салып, жер қазуға кірісті. Қауға сақал қауқылдаған жігіттермен қазан-аяғы араласып тұра берер ме еді, Мүсіркептің көңілін күдік кемірді. Тағы да сағымы сылаңдаған қиырдан машинасын бажылдатып Байтүгел жетіп келетіндей көрінді және де қырында жайылып жүрген момындарын жайратып салатындай елестеді. «Қой, ә!» — деді бір күні, — бүйтіп сүтке тиген ұры күшіктей боп бұралып жүрмейін, ішкері құм түкпіріне көшіп кетейін, жұртымды сипаласын, сирексіп қалған түліктің басы бүтінделгенше жабайы адам болып сол жақта жүре тұрайын, жұмысшылардың ыстық ауқатына деп союға, өзге шығынға басқа бір амалын қарастырар, жерге қарап қалмас». Осы оймен Мүсіркеп түйеші құм ішіне түпкірлеп көтеріле көшті. «Байғұс-ау, алапат шөлде қаталап өлеміз ғой», — деп кемпірі кемсеңдеп еді, қаттырақ сөйлеп тыйып тастады. «Баяғы бабаларымыз осы үстіртпен Бұқараға керуен тартқанда жолай әр күншілік жерден құдық қазып, құм басып қалмау үшін шыңыраудың ішін сексеуілмен шегендеп өріп, бетін жауып кеткен, жер жағдайын танитын болсам — сол шыңыраудың бірін тауып аламын», — деп жорта қоразданады.

Керуенін тартып, момындарын соңына ілестіріп аптап жалаған құм ішіне сағымша сіңді. Өстіп баяғының бәдәуиінше безіп бара жатқан Мүсіркептің есіне еміс-еміс балалық шағы елестегені. Ұлы сүргін соғыстың алды, бәлкім, иә, дүлей алдындағы ішін тартқан тыншу кезі болатын, бір үйдің үйелмелі-сүйелмелі төрт баласы — Ерәлі, Бейсенбай, Мүсіркеп, Есіркеп арқасы қырдай арық маяға мінгесіп, алты қырдың астындағы мектепке қатынап оқитын. Құм ішінен етектегі ауылға, мектепке уақытылы жету қиынның қиыны, бірде кішкентай Есіркеп ұйықтап қалады, оятып киіндіремін деп жүргенде күн арқан бойы көтеріледі, келесіде тізгіндеп қойған желмая шоқырақтап, алыстап кетеді, қойшы, әйтеуір, бұлар ұшқасып-тіркесіп қыр беткейден түсіп келе жатқанда екінші сабақ басталып та кетеді. Түйені бақылдатып шөгеріп, басқа ұрып жатқанда жандарына мұғалім жақындайды, езуінде удай ащы мысқыл, жанарында ызаның ұшқыны: «Иә, түйеге мінгескен төрт сабаз, — дейді кекетіп-мұқатып, — сендер қашан келеді деп бүкіл мектепті қаңыратып қоймайтын шығармыз, я, адамға ұқсап оқитын боласыңдар, я, шеттеріңнен тізіп ФЗО-ға, интернатқа айдап тоз-тоз етемін, ісім сендермен болсын, көр де тұр». Өстіп, итырғылжың, ұрыс-керіспен жүріп, бұлар қатарынан қалмай зерек оқыды, қартайған ата-анасына көмектесіп түйе бағысты, отын тасыды, от жақты, там салды, таба нан көмді. «Түйеге мінгескен төртеу» деген лақап аттан құтыла алмады. Осы кезге дейін өмір керуенінде төрт жігіт мінгесіп, ұшқасып тіршілік кешіп жүрер ме еді?! Арада алты-жеті жыл өтті, бұлар ержетті, алапат соғыс басталды. Ерәлі, Бейсенбай, Мүсіркеп үшеуі әскерге алынды. Мүсіркеп түстік майданында екі рет басынан оңбай жараланып, контузияға ұшырап, сол аяғын сылти басып, көрден қайта тұрып кеткен аруақтай ауылға оралғанда — екі ағасының қаралы қағазын оқыды. Қарттар жылай-жылай жанары жас боп ағып, отбасын сипалап қалыпты. Өкімет сөз жәрдемін аямапты, әйтеуір. Белін буып, қанға сіңген түйешілік кәсіпке жегілді, әкеден қалған бүйшікті үйірді, қаңсыған жадағашты бүтіндеді. Көп ұзамай сіңіріне ілініп отырған ата-анасы шөл тұрғыны сексеуілдей морт сынды, ауыл шетіндегі қорымға қос төмпешік қосылды. «Сонда қалай?» — дейді ғой. Мүсіркеп жаудан ығысқандай құм ішіне сіңіп бара жатып, — баяғыда түйеге мінгескен ағайынды төртеу едік, басы асқар таудай болып басталған ұлы өмір жолының аяғы жіңішкеріп сұйылып, үзілуге айналғаны ма, сол Ерәлі, сол Бейсенбай жамбасы суып қай топырақты қымтанып жатыр екен?..» Соңына ерген жалғыз Есіркепті де сақтап қала алмады. Айтайын, аңғартайын дегені — бұл күндері мына момақан түліктің арқасында Әмірше, Байтүгел өзі болып жармасып, ұшқасып-мінгесіп жүргендей елестейді. Айны-қатесіз баяғыдай: «Түйе байғұсқа мінгесуші — Құмбай қу болмасын деңіз?!»

Жайшылықта іш пиғылын қиын көмген мысықтай қымтап жүретін сол жігіт бірде мұның үйінде араққа тойып отырып, арғы аңғарын аңғартқан. «Бастықты ойға-қырға селкілдетіп тасимын деп ішіме шыр бітпеді, алты ешкіден басқа мал құтаймады, қатыным түйенің кіртілдек өркешіне жыл сайын жерік — деп мұңын шаққандай болды. — Бұған да көнер едім-ау, орталықтың шуынан, өсек-аяңынан, ырың-жырыңынан, шіркетінен, көрінген өкіметшіден ығып тұрудан, кішіреюден, көзге түспеуден әбден жалықтым. Қалтаң томпақ болмаса дүние опасыз көрінеді, пенсияға шықсаңыз ғой, өзім осы түйешілікке тістей қатып жармаспақпын. Құм ішінде мылтығыңды шошаңдатып аң қағып, момын түлікті беткейге айдап салып, «түс аузыма, табыс» деп шәниіп жатпаймын ба? Осы ойымды директордың құлағына жіңішкелеп сіңіріп жүрмін...» Сіңір-сіңір епетейсіз түліктің арқасына тағы төрт еркек тізіліп мінгесіп, түйе үстінен несібе теріп, ырзық айырып жүреді дағы. Адамдардың құқын түсіну үшін ең әуелі өз әлеміңде, ішкі дүниеңде адам отырғаны жөн шығар. Ішінде адам отырса ғана басқа адамның мұңын, сырын ұға аласың, ол шіркіннің қасқыр екенін, түлкі екенін, періште екенін айны-қатесіз айыра аласың, емеуріннен ұғасың. Өз басы соңғы жылдары орталықтан ат ізін сирек салатын Әміршеден, Байтүгелден, Құмбайдан гөрі түйелердің тілін тереңірек түсінетін болып жүр. Шөлдегенін көз жанарынан ұғады, жем тілегенін аяқ басуынан аңғарады. Асыл тұқымды сиырлары өлгелі Әміршенің жүйкесі жұқарып, «ә, сені ме» деп зәрленіп шыға келетіні, Құмбайдың «әйелім өркешке жерік» дегеннен басқаны ұмытып, тиексіз маңырайып күлетіні; Байтүгелдің ештеңеге қыңбай, қызықпай, елікпей, «маған бәрібір, тек жер бетінде соғыс болмасыншы» деп қисайған жеріне қор етіп ұйықтай кететіні, мұңсыздығы — бұған тегі түсініксіз, беймәлім, бұлдыр бірдеме. Осы Құмбайдың кесірінен соңына ерген жалғыз қара інісі, ұжымның маңдай алды озат шофері Есіркеп ойда жоқта... Қалай басталып еді өзі? Бұл елде бұрынырақ кезде көктемгі мал төлдету, күзек, күзгі күйек кезінде ауданнан әр ауылға көмек беруге өкіл шығады. Өкіл күйіп тұрған науқанға септеседі, күш-көлік іздеседі, ақыл-кеңес береді, мұрнына су жетпей жанталасқан мамандарға қол ұшын береді деседі ғой білетіндер. Әлгі өкілді әкесіндей күту ел ішінде салтқа айналған. Бұл жолғы асқабақтай сөмке көтеріп, томар галстугі жұтқыншағын тіреп сызданып келген жардай дилы өкілді сол жылдары қонақ үй болмаған соң Бай түгелдің үйіне түсіріпті. «Келіншегі епсекті, күт, көңілінен шық», — депті. Өкілекең жас сорпа ішіп, терін басып, желпініп, ертесіне бастықтың алдына жүгініп аяқ лау сұрайды. Өкілге қарсы келу — күпірлік. Малшыларды аралауға, қораларды көруге Есіркептің су жаңа машинасы бөлінеді. Ол кезде Мүсіркептің үйі Төбеқұдықта отырған. Машинасына тау ғып тиеген, пайлаған шөбі бар, кешкілік апақ-сапақта інісі жолай соқпай ма. Әуелгіде боталарға жіберген жоңышқа екен деп түйелерге қатты қуанбай ма. Сөйтсе, өкілекең ортақтың шөбінен қиылып сұрап алып, аудан орталығындағы үйіне арттырыпты ғой. Келесіде інісі қауын-қарбыз тиеп ауданға, өкілекеңнің үйіне тағы асып барады. Оның арасында «Өкілекеңе сусын керек болып жатыр», — деп екі-үш мәрте қымыран құйғызып алып кетті. «Ау, күйектің қым-қуыт шаруасына, су тасуға көлік таппай жатқанда ұжымның машинасын өз мүддесіне дөңгелеткен өкілекеңе жол болсын?!» — деп бұл сұрамай ма. Жолай сусындауға ерніне көлденең басып: «Тырс етпе, ішің білсін әлу-ай», — деп әндетіп дымбілместің құқын байқатады. «Мейлі, — дейді Мүсіркеп, — Өкіл-екең де бірдемені біліп істейтін шығар...»

Келер жексенбіде Өкілекең әдейілеп түйелі ауылға соқты, жұтқыншағы жоғарылы-төмен жүгіріп қымыранды ұзақ сімірді. Сосын ұзын сөзін иіп келтіріп: «Қазақ десе өзімізге тиеді, әйтпесе түйе шіркіннің сүті асқазан, бауыр дертіне мың да бір ем, шудасы табиғи физиотерапия ғой», — деп аспандатты келіп, осы ұжымның соғыстан кейінгі екі мыңдай түйесі сиыр құйымшақтана сұйылып, қазір екі жүзге әзер еткенін жүдеп отырып тыңдады.

Жүрерінде екі флягке толтырып саумал қымыран құйғызып алды. Аспан әлемін қорғасын бұлттар жайлап дым бүрке бастады. Мүсіркеп жүні қырқылып, жалаңаштанып қалған жүдеулерін аяп, құм ішіне аударды. Сүт көп, көмір аздың кебімен артынан жем-шөп тиеген машина әні-міні келіп қалар деп қарайлаумен жүрді. Сүмелектің жылауығы төпеді. Іңірде інісінің нән машинасымен Өкілекең мен Құмбай соқты, үш марғасқа жігіт кабинаға сығылысып алыпты. «Өкілекең командировкасын бітіріп, енді бірер күнде ауданға қайтатын еді, көңіл көтерсін, желпінсін деп ақбөкен аулай шықтық», — деп мән-жайға Құмбай қанықтырды. «Бұл уақытта қаңғып жүрген қайдағы бөкен, ауып кеткен, құрып біткен», — деп тоқтау айтып еді; анау екеуі өзеуреп көнбеді.

Ертеңіне таң алагеуімнен нән машинаны зар еңіретіп, қып-қызыл шағыл ішіне сіңіп кетті. Иә, сол күні... санасында жатталып қалыпты... ішкі сарайы әлденеге өртеніп, көкірегіне запыран көтерілгендей ас батырмай аласұрып, құйрығы қоныс таппай кеткені есінде. Қайта-қайта қоспағына мініп, құм отаға шығып, сүр қазыдай қып-қызыл болып еріп, жалқынданып, көкжиекке сіңіп бара жатқан күнге қараған. Ұзақ тесілген сайын жаны шырқырап, безектеп кеткен. Сап-сары болып толқынданып жатқан меңіреу құм өлкесі көтеріліп-басылғандай, әлдебір құпия сырды көрпесіне жасырғандай сезіліп еді. Байғұс жүрек бекер тіленбепті. Ертесіне жота беткейден жығылып-сүрінген Құмбайдың сұлбасы шалынды. Қоспағын аямай қамшылап, тайраңдатып жеткені сол-тын. «Мүйізі шаңырақтай құлжа қуып жүріп, машинамыз аунап кетті. Өкіл де, Есіркеп те мертікті» — деді әзер тілге келіп. «Ау, есіңнен алжастың ба, әлде көздеріңе көрінген Қызылқұмның кезбе киесі ме, әйтпесе әлдеқашан тұқымы құрып біткен тау құлжасы ми қайнаған құм өлкеде неғып жүр?» — деп сұрауға әдісі жетпепті... «Қайда-қайда» деп... шөлде қалған бейбақтарды іздеп, жөнеле беріпті... Кейінше барып қанықты, Құмбайдың «мертікті» дегені әншейін көңілжықпастың сандырағы екен, бүкіс жотадан аунаған машина сынбапты, қабыспапты, өкіл-екеңнің аздап миы шайқалыпты, ал Есіркеп інісі ашылып кеткен кабинаның есігіне езіліп, мәңгілікке көз жұмыпты. Уай, пәлі-ай, тұқымымды тұздай құртып, алды-артымды сипалып тұлдырсыз қалдым-ау бұл жалғанда деп шөгіп, шөжіп құм кезіп қаңғып кетер ме. Қайғыдан есі аусып жабайыланып жоғалар ма. Иесіз қалған түйелердің боздағаны, мұны іздеп жайылмай жоқтағаны шыдатпай өзін қайта құм ішінен қайтарып алды. Дүниеде түйенің жылағанынан азалы ештеңе болмас, сірә... Иә, мал да, адам да өкіметтікі. Бірінен бірін бөліп-жарып береке таппайсың. Әйтеуір Мүсіркептің жатса-тұрса жүрегін тырнап, жамбасына тас болып батып жүрген түйткілі — алдыңғы түліктің жыл сайын басы кеміп, батар күнде жоқтыққа, көкжиекке батып бара жатқандығы еді. Ана Байтүгел «келешегі жоқ» дегенді неге шегелеп айта береді? Құмбайдың әйелі неге ылғи желмаяның өркешіне жерік болады. Әнебір жылы әңгелектей сөлі сыртына тепкен келіншегі ұл туды деп алып ұшып жүр еді. Жылымықтың өліарасында жаңа туған аппақ ботаны «он үшінші тентегімнің бәсіресі, сүйіншісі болсын» деп ен-таңба салып, өбектеп кетіп еді. Өзінің бұл өңірде қураған сексеуілдей маңайына ұрпақ сеуіп үлгермей; әуелі сүргін соғыстың контузиясынан құлантаза айыға алмады, соңынан қосағына оқыс дерт жабысып, пұшпағы қанамады — діңкелеген тұлдырсыз тіршілікті еншілеп, іштен жидіп жүргелі қай заман?! Қой, бәсірешіл Құмбайдың қуанышын қызғанған секілді болмайын, қолын қақпайын деп үнсіз тұнжыраған. Иен Қызылқұмның ішінде күннің бірсін-бірсін батып бара жатқан бояуын көргендеріңіз бар ма? Елсізде қаңғыған Мүсіркептің ішкі әлеміне көкжиекке еңкейген қызыл алау айтып болмас мұң ұялатады. Жалқын шеңбер өзгелер айта беретін қызуы, күйбеңі, тарбаңы көп тәуліктің қайтып оралмас өлшемі емес: жүрек байғұстың беймәлім сағынышқа, ілгері үмітке асыға соғуы, бір тамшы қанның құм бетіне үзіліп түсуі іспетті әсер етеді. Қызылқұм мен батар күн егіз, Қызылқұм — әлемдік нұрдың бір жапырақ бөлшегі. Ілгеріде әкесі айтып отырушы еді; балам, атқұмар кісілігі де, қамшы салдырмайтын жүйрігі де бұйырмады, жер табандаған түйеші болдың. Күйіп-жанған құштарлықтың құлына айналасың, өзіңді тым ерте өшіресің, өйткенше асау сезіміңді өлтір; немқұрайды, әбі-тәбі түйсікпен жүз жасауға болады. Сосын тілегіңді бойыңа, ғұмырыңа шақтап тіле, көп кісінің түбіне түпсіз тілегі жетеді.

Айтып-айтпады, қанмен келген қасиетті санамен бағындыру қиын көрінеді, алғашында — күйді, жанды, егесті, додаға кірді, беліне тұсау байлап палуандыққа түсті, біреудің көңіліне тиді, иен даланың аяғы салақтаған серісі, арақты кесемен ішетін жындыкеші атанды, мырзалығын мақтап өлең шығарды, маңдай терін сыпырып тапқан табысын картаға ұтқызды, қойшы, әйтеуір әкеңнің ақылы жайына қалыпты, бойын өртеп бара жатқан қан қызуы опат ете жаздапты. Сол алау өртті ел мойнына түскен зілзала соғыс өшіріп тынды. «Сері, сақы жігіт» аталмай, әлдеқалай дімкәс дерттен майданға бармай, Аққұмының ақ маңдайлы ару қызына сөз салмай, я, өлі емес, я, тірі емес, әбі-тәбі ілдебайлап ыңырсып, есекпен сексеуіл тасып, ферме меңгерушісін соғысқа, сыбағаға шақырып сыбырлап жүргендер озды. Озбаса да қырық қатпар пиғылын көзір ғып мәтібисіп тірлік кешті. Мүсіркепті ақ көңілдік, даңғырақтық жіңішкертті. Мұны заманынан пәленбай жыл, я, ерте туған, я, аузын ашып жүріп кеш қалған деп мысқылдап, түйе қайтарып, аластап елсізге шығарып салды. Шаңқай түске көп кідіре алмаған, екіндіге ерте домалаған шілденің күніне ұқсады. Батып бара жатқан күнді көрсе ілгерідегі әке тәлімі, өзінің қыр астында қалған шулы сүренді көкпардай бозбала шағы еске түседі.

Алау күнді өз қызуы өртеп құртады екен ғой сөйтсе. Батар нұрдың бояуы түйелердің нәркес жанарына тұнып қалыпты. Күн, бейне, пышақ тиген қауындай сөлі сорғалып тұрды-тұрды да, борпық құмға сіңіп жоғалды. Түйелердің жанары жасылданды. Қыр астынан мәлін ұлып, шибөрі жылады. Жұлдыз сырғалар сәусілдеп аспан көгеніне тізілді. Түйешінің тақымы дымданып, құйымшағы қақсап ауырып, аяғын жер тартты. «Жер тарттыдан» шығады, қайдан ұшырасқанын құдайым білсін, осыдан біраз бұрын момындарға «тіне» дерті жабысты. Иненің көзіндей тас кене теріге сіңіп, етке өтіп, түйе қанша жайылса да, шыр жұқтырмай сүлікше сорып аздырады, ақырында жер қаптырып аяғын создырады. Байтүгел қалың кітап ақтарды, облысқа, ауданға аттанды, тінеге қарсы дауа таппады; біреулер күрішке, мақтаға гербицид сепкеннен қашқан төзімді жәндік десе, біреулер суы тартылған теңіз түбінен тесіп шыққан құбыжық десті. Біте, қырғұлақ, қатпа, топалаң, қарасан ауруына шипа табылыпты, ал, мына сұмдыққа ешқандай ем қонбады. Дертке шалдыққан артықтарды қынадай қырып бауыздап, етке жөнелтті де өзге азғана аруана, мая, қоспақты иен өлкенің түпкіріне айдады. Қыр астындағы бойдақ жаятын Досмағамбеттің де көрген құқайы осы деп естіді. «Аш пәледен қаш пәле» деп басшылар үш күншілік жердегі орталықтан енді вездеход жалдап келмесе, Мүсіркептің қорасына тірі пенденің ат ізін салуы мұқым қиындады. Аз айт, көп айт — иен өлкеде сексеуіл көлеңкесіндей көлбей, алдамшы сағымдай бұлдырап, я, дүниеде бары-жоғы белгісіз, я, адам жаны төзгісіз жалғыздыққа еті үйреніп, қиял кешіп жүргені. «Осы мен кіммін?» — деген сауалға соңғы мәрте жүгінген, — жұмыр басты пендемін бе, әлде төрт аяқты түліктің әлде көлеңкесі, әлде елесімін бе? Манағы Әміршенің: «Осы жолы қайтсем де түйешіліктен аламын, ел ішіне көшесіз, орныңызға мына Құмбайды қоямын, таздың шашындай селдіреген жүз қаралы түйеге шамасы жетеді, — дегені үйреншікті қоқан-лоқысы, әлде шыны — ол арасын айырып жатпапты. «Түліктің түбіне жеткен — жүрекжарды, тіне дерті емес, мына сендердің жерге қараған жаман пейілдерің», — депті бұл. Бастық: «Баяғыдағы ақпардан тыс қалдырған артық ботаны недәрә маяға өсірмедің, «жарат, жыртығыңды бүтінде» деп алдымызға көлденең тартып бермедің, ауданнан келген құлжа қуғыш өкілге ішкі сырды жайып салыпсың», — деп онсыз да сынықтан сылтау таппай жүр екен. Әлгі сөзі отқа май тамызғандай болыпты. Емен иілмейді, морт сынадының кері келді. Табанда қаламын сусылдатып қолхат жазды, күнделікті ет, жүн жоспарының орындалуы, ортақтың шаруасы Мүсіркептің миына кіріп-шығар емес, тіпті алыс-беріс бастық екен-ау, өкіл екен-ау деп айырып жатпайды, бәрін «ботам» деп кекетеді, мезгіл ағымынан сырт қалған, кісіліктен тегі мақұрым, бұған салсаң — қалған азғана түйені шөлстанның ішіне қашырып, шашып құртып жібермекші, есің барда еліңді тап демекші — елірме қиялимен ертерек есептесіп малды Құмбайға өткізуге жарлық бердім... деп жазыпты. Мүсіркептің өзіне оқытты. Істеріңді істеп ал деген адамша суық жымиып, ұстарамен қырғызған қауын басын сипады. Іргеге шырт түкірді. Түйешінің ішкі әлемі осы мезет бұрқасын үйірген шөлстандай әуелі түкті сездірмей, көргізбей жіберді де, бірсін-бірсін жанарынан мұнар айықты. Жан қуысынан өзегін суырып алып тастағандай, бейне, тиегі тайып кеткен домбырадай танауының астынан мағынасыз маңқылдапты. «Мақұрым» деген сөзді түсінбедім, балалар, әлгіде асыл аруана соншама боздап, күңіреніп еді, байғұс басым құм ішінің оты азайғанын айғақтап тұр ма деп едім, мені азалаған сыңайлы ғой» депті. Содан соң қамшысын алып, белбеуін буынып, сүйретіле басып, үйден шықты, мініс қоспағына қонжиды, көкжиекке еңкейген күннің соңынан бүлек қақты. Барша ойы, санасы, мансұқ құқы, қиялы бір нүктеге тоғысқандай сезіліп, жалқынданып жатқан құм өлкеге еміне емпеңдеп... сонда деп күбірледі... алыстан көтерілген құйын ба, әлде жосқындап бара жатқан иір мойын момындары ма, ірімтік шаң көтерілді... сонда... сонда ішкі әлемі көші кеткен жұрттай құлазып қамшыкесті нардай боздағысы келе ме... сонда... қапелімде сөзді де, сөйлеуді де тарс ұмытты, құлағы бітіп, ызың еткен дыбысты естімей қалды... сонда... сонда... көк шандыр көнтақым сұлбам баяғы Бейсенбайда, Ерәліден, Есіркептен артық болып па, қатқан тулақты қашанғы сүйретеді, бұлдырсыз, бұдырсыз ұлы өмірді қашанғы мезі етеді бұл... дінім де, ділім де момын түліктің ортасында... «мақұрым» деген маған арналған сөз шығар...

Алып нұр қан қызылданып бара жатқан.

Осы оқиғадан апта өте ауыл сыртында бойдақ түйені бағатын Досмағамбет пен Құмбай шөлстанда шығандап отырған әріптесі — Мүсіркептің үйіне келген. Шалының аптадан бері қайда жүргенін кемпірі айта алмады. Содан бұлар «о, тобалап» пышырап жайылып жүрген мал ішіне шапты, табанынан таусылып іздемеген, сүзбеген шағылы қалмады. Тегі болмаған соң орталықтан вертолет шақыртты. Қызылқұмды картаға түсіріп жүрген қауға сақал геодезист аспанға ұшатын алып инелікке мініп, Өгізсайдың бойын тінтіді. Жау жолын шарлады. Төбеқұдықтың ішіне түсті... ақырында мойнына су кетіп «таппадым» деп діңкелеп қайтып оралғаны сол еді, аз ғана түйесін айдап терістік беттен қалқиып шыға келгені. Өзі де бетінен тозаңы шығып, әбден жүдепті, астындағы қара нары ирелеңдеп, діңкелеп қалыпты. Бейне, осынау меңіреу құм өлкесінің кезіп жүрген қыдыр иесіндей, береке базарындай, бас иесіндей, кешегі өткен қызық дәурендей, бүгінгі тірлігіндей елестеп кеткені. Түйеші Мүсіркепсіз Қызылқұм тұл, Қызылқұмсыз Мүсіркеп жетім! Жылдар өтер, заман желі заулай соғар, ұрпақ ауысар, құм шағылы жөңкіліп көшер... сол қара нар, сол түйеші кәрі сексеуілдің ебедейсіз көлеңкесіндей болып қызылдың құмын кешіп әлі жүр деседі.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз