Аяқ қолға қыл бұрау түскеніне үш жыл толды.
Жүйрік домбыра күмбірінің күрмелгеніне де үш жыл болды.
Жазғытұрымғы шуақ та, жаңадан қылтиып бой көтерген көкті майда сипай жететін қоңыр самал да сергітер емес. Аяқ-қолды тас құрсаудай шырмап буып тастаған қыл арқан сәл қозғалса, жанын көзіне көрсетеді. Содан запыланған ол қыбырсыз отырып, нұры тайған көздердің қарашығы ойнамас күңгірт жанарымен бір нүктеге ұзақ телміреді.
Адам өмірі о баста оған мәңгі таусылмас, бітпес ғұмырдай сезілуші еді. Енді барлап отырса, сол аяқ-талмас дейтін тірліктің соңғы қақпасын жапқалы тұр. Бәрінен де бұрын қуаныш-қызығынан да, қайғы-қасіретінен де бөлек осы бір ақтық ажал сәтінің тағы қайталанбай жетері әрі ойлантатын да, әрі сол ойымен еріксіз берік байламға жетелеп, іштей көндіретін де тәрізді.
Көктем шіркін тіршіліктің желпініп, желкілдеп өсер бастауы ғой. Жан-жануар біткен өлі жүнін түлетіп, жаңа көктемнің жаймашуақ нұрына бой ұрғанда, құрсаулы қолын қозғай алмай, үнсіз ой қудыратын дәл осы жазғытұрымын бұрын-соңды кездестірмеген қимасындай көре ме, қас қағымдай шаққа сонау, сонау бір кеуденің түкпіріндегі әлдебір қуысынан үрей аулайды. Сол-ақ екен, тұла бойын түгел дірілдетіп, бақайшақтан жоғары өрмелеп келіп, суық қорқыныштың тарамыс саусақтары алқымына тас кенедей жабысады. Жабысады да, осынау соңғы көктемінің құлпырып оянған қызыл-жасыл қызғалдақтарын көз алдына төндіре тақап әкеліп, өмір көксегіш қазымыр аңсаумен қош-қош айтар сағатының жақындап қалғанын қоңыраулатып тұрып және қинайды.
Рақымсыз тірлік қуатын ұрласа, әлсіз үміт ақырғы шырағын да өшіріп алыпты. Содан ба, талайдан бері өзін-өзі о дүниеге дайындап, қиялмен қиямет асуын жиі-жиі елестететін. Кей-кейде осы торығу мен түңілуден сәл айығып, өткен күннің мұнартып көлбеген сұлбасымен қауышып, ой шырағы жанғандай көзіне нұр жүгіретін. Сол кезде жанары жасаурап, ерні жыбырлайды. Әлдебір құштарлықпен ішкі зейіні еміс-еміс шалып қалған бір әуенді бал сорғандай тамсана созады. Ондайда домбырасын іздейді. Шырмаулы қолын жұлқып-жұлқып қалып, жарасының аузын ашып алады. Сыздықтаған қанға да, жанына батқан жараға да қыңбайды. Баяу басталып, бірде шұғыл, бірде тосаң саздарға ілесе күбірлеген еріннің уілінен асқақ сазға ауысқан өз халін де аңғармайды. Лезде қаяулы жүзі сан құбылып, бір нұр, бір жалынмен алау атып, сонау ешқашанда ұмытылмас уазипалы шағын қайта кешкендей жүрек лүпілінің діріл қаққан ынтығымен қоңыр саздың әсем нақышына сүңгіп кетеді.
Жанбота, осы ма еді өлген жерім,
Көкшетау боқтығына көмген жерің...
Ән шырқағанда, көңіл шешіледі. Қай-қайдағы ойға түседі. Ащы күйік намысты бұрқ еткізсе, сол намысты өршіткен содыр соққысы отыз жыл бұрынғы бар бояу-бедерімен көлбеңдеп оралды...
1865 жылдың жазы. Көкшетау қаласы үлкен әбігер үстінде. Омбының генерал-губернаторы дуанға келеді деген хабар қала ұлықтары тұрмақ, бүкіл бір ояздың даладағы бай мен биін, болысы мен шонжарын да төрт аяғынан тік тұрғызып, дүрбелеңге салып қойды. Осынау қалың елді түгел қозғап, шаруасынан қалдырып, қаракет-тірліктен бөліп, одағай жеткен әбігер хал Ақ-сары Жанбота болысты да титықтатып тастады. Алыстағы ауылдардан алтын үзік, ақ отауды іріктеп, сайлап алғызып, қаланың шыға берісіндегі ат шаптырым шалғынды жазыққа қаз-қатар тіктіріп жатыр. Шетінен сегіз қанатты, ақ жүннен басып, күйген сүйектің күлімен бояған үзік-туырлықты, сүйегі шомбал, қыпшақ иінді киіз үйлер Жанботаның байлығын да, атағын да алыстан айбарақтай танытқандай. Генерал-губернатордың жолы түсіп, ел арасына арнайы шыққан ұлықтық ілтипатына орай қазақ жуандарының сый-сыралғысы да осындай бақастықпен жарыса орнап, жағаласа бой көрсетіп шыға-шыға келді.
Азнабай болыс Жанботаның көл жағасындағы бытырата шашылған қаз жұмыртқасындай ақ шаңқан үйлеріне ат үстінен шаншыла қарап қойып, басқа әрекетке көшті. Генерал-губернаторға төңкерілген тостағандай бөлек-бөлек орналасқан қазақы жай таңсық емес. Сондықтан, бірнеше үйді іркес-тіркес жалғастыра тіккізіп, ақ патша ағзамның қадірменді ұлығына лайық қала тәртібімен ұзыншалатып "қабылдау кеңсесін" сайлатты. Көгебай бешпентінің етегін ат сауырына жайып жіберіп, доғал саусағымен дөң мұрнын сипап қойып, қадау-қадау бұйрық береді:
— Қорасан кілемдердің оюы біртүстілерін аяқ астына төсеңдер. Ұзын көше болсын. Табалдырықтан төрге дейін жайыңдар!..
— Жанботаның жігіттеріндей болбырап қалғандарың қалай! Тез қимылдаңдар! Керегенің көгінің шытырашын жақсылап сүртіңдер. Көздің жауын алатын болсын!..
— Анау қоңыр туырлықты қайдан алдыңдар? Аулақ! Әкетіңдер! Жанботаға апарып беріңдер, жыртығына жамасын...
Болыстың сөзіне қасындағылар түгел даурығыса күлді. Әсіресе Жанботаны қыжырта тиіскен Азнабайдың бәсекелес сырын білетін үзеңгілестері аяқ астынан ермек табылғанына қуанып, қызғаныш отына май үстей түседі.
— Ойбай-ау, біздің мырзаға ілесем деп, байғұстың таңы айрылатын болды.
— Қайтесің енді. Жанбота бота екенін білмейді. Бота екенін білсе, бураға қарсы шығар ма еді!
— Әлін білмеген әлек деген осы-ау!
— Е-е, ботамын, боспын дер ме ол. Бүріп, жұлып тастардай құтырарын қайтерсің!
Кең көгалға жайыла, жапсарласа қонған екі шоғыр ауыл кеш түсе саябыр тапты. Әлгінде қазбауыр бұлттан сеуіп өткен өткінші жауын шаңды басып, маңайды тегіс шайып, тазартып кеткен еді. Жұпары аңқып, еркін тыныстап тұрған табиғат аясына кенет шарықтап ән көтерілді. Көкжиекке шаршап жетіп қонақтаған күннің алауымен батыстан шашырай тараған қоңыр қызғылт сәуледен сол ән нұр боп, сыр боп құйылып жатқандай.
Жұрт тегіс ән шыққан үйге дүркірей ағылды.
Жасты көзін сығырайтып кимешекті кемпір белі бүгіліп, бүкеңдеп барады. Қос етек көйлегін дөңгелетіп қыз-бойжеткен шұбырады.
Қара мақпал жеңіл шапанды желбегей жамылып, сері жағалы ақ көйлектің омырауын ағытып жіберіп, кең жазық маңдайлы әнші жігіт оқалы тақиясының жібек шоғын ырғалтып, құйқылжытып ән шырқап отыр. Қиық қара мұрты жылтырап, жұқа жүзге әлдебір нәзік күлкі тектес рең жүгіріп қалың жұртты сілтідей тұндырған әнші ойнақы, жеңіл әуенді балдай созады.
"Дүниеде мұң жоқ. Уайым-қайғы жоқ. Шаттық бар, шадыман тірлік бар. Күліп өтейік, күлдіріп өтейік. Нұр аулаған ынтықшыл көңіл сарыжайлау мекенін қызық пен думаннан ғана сайлайды. Ыстығы-суығы аралас, оты мен ойыны көп желең шақ алпыс екі тамырдың түгел иіген құмар аңсауындай емес пе. Теңселіп барып, лықсып қалып жол беретін ән мен әуен серінің серігі ғой. Ескек желдей құтырып, атой үніндей дауылдап, шығандап барып атырап пен атыраптан мың сан қауымды дүрілдете тік өргізіп әкелетін ән құдіретін мен тапсам, ол осынау шуақ көңілдің алаңы жоқ тазалығынан ғана болар. Саумал көлдің майда желпіген лебіндей қалың жұрттың жүрегіне тұнған кіреукені серпіп бір кетсем, сергітіп бір тастасам, одан артық сыбағаны қалар ма едім. Қыз ерніне үйірілген сұлу күлкіні сыбырлаған бұлақ үніндей ақтартып жібере алсам, одан арғы өмірде нені іздермін. Іздерім жоқ. Сол өзі жетеді. Әнмен уантып, әуенмен көңіл көлеңкесін қуалай білсем дүниенің басқа бәсіне таласарым болмас-ау!"
Әнші жүзіндегі дәл осылай балқыған ырзалықты таныған қошеметшіл қауым елти түсіп, ынтыға қаумалап, риясыз көңілмен ден қояды. Әннен уаныш пен жұбаныш тапқан көпшілік тамсанысып қалып, ұйып тыңдап тұр.
Көңілді әннің бірінен соң бірі кетті. Екпінді өршіл ырғақ та, назды қоңыр майда әуен де, еркін ерке нақыш та кезек ауысып, жүрек сырын талмай шертеді. Тіл-көмейден бал алысқан жастық жайлаудың қайталап жетіп, әлі талай жалынды түнді кездестіретінін толқынды тыныспен алау дем, жалын лептей үздіктіре бұралтқанда, іштегі-сырттағы тыңдаушылар жасаураған көздерін жасыра беріп, шынашақтарымен жүздерін елеусіз сүйкесіп қалады.
Аузы ашылып, бар ынта-бейілін еншінің қимыл-қозғалысына бағыштағандар тіпті көп.
Өңі сұп-сұр боп, қамшысын екі бүктеп ұстап, әлденеге сабырсызданып, ақшулан сақалының дірілін баса алмай, қара көзде қызыл от шашқан кейбіреулер тыпыршып сырт айналады.
Беріп кет сақинаңды мыс та болса,
Жүрейік күліп-ойнап қыс та болса...
Ән өрлегенде, кеуденің көп түкпірінен бас көтеріп әлдебір әдемі, сұлу суреттер туындайды. Ынтызар жігіттің қауіп-қатерге бас тігіп, нар тәуекелге бекінген мәрттігі қандай! Жылап тұрып, күле білер ерлігі қандай! Көп қақпа, мықты торуылда қапаста отырса да, дүниенің бір жұтым шипалы ауасындай еркін қызығын аңсап, армандап жанып тұрып "сертке серт!" деген асық қыздың құрбандығы қай-қайдағы қиырдан жалғыз жылтыраған сәуледей боп жалт-жалт қаратпай ма!
— Уай, көп жаса!
— Мәртебең аса берсін, азаматым, ардақтым!
— Тағы да, тағы айт!
— Бізді қуантқан сені құдай қуантсын!
Әнші сәл тыныстап, шәйі орамалын желбіретіп маңдайына басты. Бетін, көзін сүртті. Домбырасын қайта қолға алды. Шалқақтап кеудесін көтерді де, бір сәт маңдайшаға шаншыла қадалды. Сәл елжірей жымиды. Ешкімге қарамай басын изеді де, құп алған көңілдің ілтипатымен тағы бір әнді шырқап кетті.
Азнабай өзіне жеке тіккізген ақ ордасында қымыз алдырып, тыныстап жатқан. Манадан ән шыққанда елеңдеп отырған жандайшаптары азайып қалғанын енді байқады. Сол-ақ екен, кеудесіне қызғаныш еніп, шала бүлінді. Етті келген қара бұжыр бетте толқын жүгіріп, бітік көздерге ашуға мінгенде оралатын ызғарлы сес ойнап шыға келді.
Қазақ бәсекесіз жүре ме. Қарсыласының қара күшігі қаттырақ үрсе де, қағанағы қарс айрылатын кәрлі болыс жамбасының астынан шақшасын суырды. Тығынын бұрап ашып, қос шөкім насыбайды ерніне тастап-тастап жіберді.
"Мына заржақтың қылғаны-ай! Әлден-ақ айналамды айтақырлап жатыр. Ертең жандарал келгенде, шошайып қарақан қу басым қалса, атақ-беделден жұрдай екен деп кетпей ме. Әй, зымыстан-ай! Әй, кәпірстан, Жанбота-ай! Мен тас санасам, сен құм санайтын зымиянсың-ау! Ырду-дырдумен алдап, атағыңды өткізбексің ғой. Көрерміз. Сенің шаңырағыңнан өрген ән менің ордамда қалай құбылмас екен. Сенің артыңнан бұралқы иттей еріп келген заржақ немеңді менің жылмаңдаған тазыдай қарғыбаулап жетектеп алғанымды да көрерсің..."
Дауыстап поштабайын шақырды.
Ашулы жүздің әр түгінен от атылғанын көргенде, көңіліне күдік аралас қорқыныш енген поштабай ұстарамен сыпырған тақыр төбесін төмен тұқыртып, дағдылы әдетімен қаһарлы иесінен бұйрық күтіп, қыбырсыз қол қусырды.
Жамбастап жатқан орнынан ырғала көтеріліп, Азнабай сыртқы тоңы салмақты, етжеңді денесін обадай қадап алды да, сыз тартқан өңін жандайшабына бұрды. Бұл доң айбат емес. Бұл ызғар. Сұр бұлтты күздің қара желді қарашасындай бұйрық кескіні. Соны көрген поштабай бүгіле берді, бүгежектей берді.
— Әй, анау заржағың кім? Кімді басынады!
— Ол Біржан сал ғой. Атақты Біржан ғой, деп, поштабай бір сәт басын көтеріп, көз салып еді, болыстың зәрлі қарасынан тайсақтап, қайта тұқырды.
— Біржан болмақ түгіл құдай болса да, ұлуын тоқтатсын! деді де, Азнабай қисая кетті.
— Апыр-ай! Ол шіркін көнер ме... Көне қояр ма... Оны түлетіп отырған Жанбота қырсық қой. Шабынан түрткендей... дей бергенде, Азнабай басын жұлып алды. ІІІатынай қарағанда, поштабайдың жаны мұрнының ұшына келді.
— Ендеше, бұйрық етем. Мында әкел! Дәл осы ордаға әкел! Битін сығып қанын жалаған кедейдің мал көзіне бітпей ме. Жанботаның бір беретінін мен үш есе ғып төлеймін. Қасындағыларын да қарқ қылам. Қарайлама. Дәл осымды ұғындырып жеткіз. Жетпесе, ар жағын өзің біл! Сенің қолыңнан кім алар екен. Жауабын өзім берем. Бар!
Содан кейін ішіндегісін түгел ақтарып алғандай қалт тыйылды да, түйіліп отырып қалды. Түнеріп, түгі түгел бозарып, томырық ашуға берілген болыстың үлкен қаһар жиып, суық сұмдыққа бейімделгенін анық сезінген поштабай енді ләм деп үн қатпай, бестемше қамшысын мытып ұстап ап, үйден атып шықты.
...Зор дауысты әншінің үнінде ынтығу, аңсау бар. Жан сырының еміренуімен толқып кеп, ұмтылып кеп ақтарылуы, ашылуы бар. Сый-сұқбат тапқан қос жастың дүниенің бар асылына теңгермес жан жарастық күйі осынау жазғы түнде, жайлау төрінде келгені қандай ғанибет. Ғиззат көңілдің бар риза, шүкірлігімен, бар ынтызар, бейілімен табысқанына мақпал түннің майда лебі тілеулестік білдіргендей екен. Қылдай нәзік, тылсымдай берік куәлікпен іңкәрлік тапқан қыз-жігіт барлық болмыстан бөлектеніп, әншінің сәнді үнімен жаңаша бейбіт шадыман отау құрып, ерке тоты нақышпен сыңғыр күлкісін төгілтеді... Біріне-бірі сенеді. Сеніп тұрып өмірден күлкі ғана аулайды. Қорқыныш пен күдігі, уайым мен сергелдеңі жоқ сүйісер жастың қуанышы, қызығы таусылмас алтын табалдырығына иыққа иық тірестіре, шарпыған демге ыстық жалын лебін қосып, қатарласа аттап барады...
— Апыр-ай, асықтық деген құдірет-ау!
Жақсы тілек айтты-ау. Ылайым, қабыл болсыншы!
— Оны айтқызған әнші ғой!
— Әншіге де, әніне де рақмет! Бір марқайдық!
— Шіркін, әриайдайды ыңылдаған Бошан қойшының қойыртпағын тыңдап келген құлағыма болайын.
— Қайтелік, кім бізді елеуші еді. Қарағым Біржан, шынды, сырды тауып айтып мына жаман ағаларыңды бір жасартып тастадың. Сен ән айтқанда, мен тасып отырдым. Алғысымнан басқа берерім де жоқ. Батаменен ер көгерер. Өнерің, өрлей берсін, — деп, босаға жақтан елтірі тымағын желкесіне қарай ысырып жіберіп, жүрелеп отырған мосқал кісі орнында бір қопақтап қойды. Біржан әлгіге өткір көзінің ризалық тұнған жарқын қарасын жалт еткізді де, жымия түсіп басын изеді.
Осы кезде үйге Азнабайдың поштабайы кірді. Жайшылықта еліріп зәрін шашып жүретін пысықай жігіттің едірең мұртына күлкі қонақтап, сол мұрты жапсырып қойған жабағы жүндей еп-ерсі көрініп, әншіл қауымды дүр шайқалтты.
— Армысың, әншібегім!
— Сәлемшіл болсаң, төрлет.
Поштабай бірі ығысып, бірі кейін сырғып орын босатқан кісілердің арасымен өтіп, салдың дәл қасына бір тізерлеп отыра кетті. Пұшпақ бөркін қамшысының сабымен түртіп көтеріп қойды да, қызыл белдеуленіп бөрік ізі қалған тайқы маңдайын сол қолының сыртымен сүйкеп тастады.
— Біржан, мен саған келдім. Жұмсаған Азнабай болыс. Менің айтарым: сен ән айтудан жалықпайсың. Үйткені, сенің қуарың да, қаузарың да әләулай. Мен айтсам, Біржан, сен қалған өлеңіңді біздің болыстың ордасында отырып айт. Азнакең аянбайды, аямайды. Тақымың толады, жетегіңе ілеседі. Осыны айт деп жіберген Азнабай болыс, деп, соңғы сөздерге айрықша екпін беріп поштабай қадалып тоқтады.
Біржан үндеген жоқ. Үлкен көздердің қан шегір қарасындай қиғаш қиығымен әлгіге серпіп қана көз тастады да, домбырасын шертіп кетті. Лекілдетіп, түйдек-түйдек жететін қызуы мол күйді бармақ астынан бипаздата саумалатып алып және бір әсерлі әуенді шырқай жөнелді.
Бар жиын: Жанбота да, поштабай да, басқалар да қыбыр етпей үнсіз тыңдайды. Тұла бойды тылсымдай баурап, шіміркендіре жететін ыстық толқын шым орап әкетті. Осынау толқын әншінің балбұл жүзінен тарайды. Он саусақтың сері домбырадағы жүйткуінен төгіледі. Қызыл ерін, қара мұрт, ақ тістердің ерекше үйлесімді сұлу-сәнді қимылынан түзіледі.
Есілдің ар жағында көрдім сені
Сырғанды қайық қылып өткіз мені...
Қайырмалап, қайтармалап үздігетін жүрек жарды сырды сырбаз әуен бірде қалқыта созып, бірде баяулата есіп мол жиынды үнсіз табынтады. Сырттағы қыз-келіншектер мынау алпыс екі тамырды түгел идіріп, өне-бойды қыл бұраудай құрсап алған сиқыр саздың жеңіл лыпыған ырғағын әлдебір жүйрік көңілмен тап басып сезіне ме, құралай көздері жаутаңдап, жасаңғырап ортада өрт пен от тұрса да, шын теңі дәл осылай үзіліп шақырса, еріп кете беретіндей үнсіз ғана "аһ" ұрысады.
Бірақ осыншама дүйім көптің емен жарқын ықыласына бөленген Біржанды жалғыз ғана адам атарға оғы болмай, іштей қатты қыжыртып отыр. Ол поштабай. Қамшысын қымтып алып, тісін шақыр-шұқыр қайрайды. Еркелікті көтеретін ерлік қайда, келтекті тентек қатты шырқау үннен құлағы тұнғандай шоқша жирен сақалын тұштаңдатып айналасындағыларға сүзіле қарап қойып шала бүлініп, жарылып кетуге шақ тұр еді, ән бітті.
Поштабай әншінің тізесінен ұстады.
— Біржан, тағы айтам. Пайдаңды біл. Жерде жатқан мал жоқ. Жаман ырым жасама. Кердеңдік сені мен маған жараспайды. Барға, байға ғана жарасады. Қане, жүр. Жүре ғой. Азнабай алдыңа айдап салады.
— Жарқыным, мен байлық қусам, баяғыда-ақ Азнабайыңды екі орап алар едім. Ол мұрат емес. Ал бірақ мені кедей деп кім айтты. Ақпанда азынаған аюдай Азнабай құдайың дүйім жұртты дәл мендей бір серпілтіп, сергітіп көрді ме. Ендеше, сен мені байытам, жарылқаймын деп босқа тыраштанба. Ноқтамды беріп қойып, басқаның аяғына бас ұрар осалың емеспін. Сырттан бар жақыным жаттай көрсе де, жақындап кетсем жатым да жақыныма айналады. Өлеңіме еміренген жұртым, өлімімде оқшау қала алмас. Олай болса, сауын айтып олжа жимай, ән салып көңіл ашсам, Азнабайың өмір бойы түсіне алмас бір құдіретке бойлағанымнан да шығар. Кескекті төбеттей айтақтап қосқан қожаңа дәл осымды бұлжытпай жеткіз. Жігіт қадірі өнерімен өлшенер. Сен білмегенді әне анау ағайыным айтты. Халқым айтты. Тәйірі-ай, кедейлігімді бетіме басып, кескектеп айдап апарам деген күштілігіңе болайын. Қысастың әндем жетерін білмесем, ашуға құрық созар ем. Онда ырылдаған ит қасиетінен басқа не табар ем, деп, ызалы мысқылмен езу тартқан Біржан домбырасын қайта шертті.
Поштабай сәтте күрең тартты. Едірең мұрты қара қоңыздай тоңқайып, жыбырлап сала берді. Жалтақтап жан-жағына қарады. Өзіне қадалған көздерден кекесін, мысқыл, әжуа қарастарды анықтанып, бүкіл денесімен шұғыл көтеріле берді де, қамшысын құлаштап қайырып алып, алдында қаперсіз отырған әншіні тартып-тартып жіберді. Тартып-тартып жіберді де:
— Көзіңнің еті өскен екен, жаман сасық кедей! Кімді басынасың! деп домбыраға жармасты.
Отырғандар өре түрегелді. Қасқырша тап берген қас қимылды танып қалған көпшілік поштабайды дырылдата сүйретіп есіктен тысқа атып жіберді. Аузынан ақ ит кіріп, қара ит шыққан есерсоқ немеге жауып кеткен жұдырық пен тепкіде есеп жоқ.
Біржан домбырасын құшақтап орнынан жұлқынып тұрды. Өмірінде алғаш рет басқа тиген сұмдық соққысы осы болар. Иісі қазақтың қай аулына барса да, атынан көтеріп түсіріп, аялап алақанда ұстайтын серісі туғалы көрмеген қорлығын бүгін көрді. Іштей бір сөз, жалғыз соз сан қайталанып, миына шақ-шақ тиеді. "Қорлық! Қорлық!" Көзі түк көрер емес, қанталап сала берді. "Ұрды-ау! Кеудемді бастырмаған асқақ ем, басыма сұмдық соққы тиді-ау! Бұдан өткен қорлық бар ма? Ішімді өртеген жалын денемді қорлық боп шарпи ма? Одан да неге біржолата жоқ қылмайды. Ұрды-ау! Азнабай содырдың жаман құлы, ұрды-ау! Әттең-ай, неге өліп кетпедім! Неге?..." Осы бір удай ой әншінің бар сезім-түйсігін шырмап алып, құрсап барады. Тұла бойда алдымен әлсіз діріл жүгіріп, сәл-сәлден кейін денесін түгел қалшылдатып әкетті. Үзік-үзік ой баурайды. Бірде ашу, бірде қорлық қамайды. Осы екі қызу жалынды сезім кезек-кезек арпалысады. Дүние алау, дүние өрт. Өртеп, күйдіріп барады. Қинап, қорлап барады. Ынтықтық, пәктік жайлаған болмысы алдамшы сағымдай сусып ұстатпай кетті де, кеудеге жалын аралас өксік пен өкініш оралды. Қамығу мен күрсіну жетті. Ах ұрған көкіректің ыстық лебі жалғыз ғана "қорлық!" деген сұмдық сөздің ызғарынан қалтырай суынып, асқақ жанды өлермендікке жетелейтін де тәрізді.
Тірлікте ауыспалы, айнымалы жағдай көп. Өзін қоршаған ортадан қызық пен шадыман күткен сал Біржан қас қағым сәтте ғана осы ортаның көптен анталап кеп, ырылдап жетіп, кіжініп ашылған қаскөй түрін көрді. Ашынып, запа шегіп, жаза кешіп көрді. Арман деген ақ ниеті қара көңілдің қанды шоқпарымен көміліп кететін болса, күншуақта отырып қыс ызғарын сезбеген нәрестедей алданып қана келіпті. Қадыр тұтқан тілегі, іштей мәпелеген іңкәрі жалп-жалп өшкен бұл тұста әнші тез опырылып, кең маңдайға ұзарып тереңдеген қос сызықты қат-қабат түсірді.
"Неге тудым? Осындай қарғыс соққысы тиер болса, о баста тумасам етті. Мақтан етер азаматы болсам, мені мынандай қорлыққа батырып отырып, жұртым қалай шыдайды? Үндемей, бір бұлқынбай өмірден өгейсіп өте бергені ме? Қысасты кім тыяды? Жауызды кім ауыздықтайды? Мұңым, жоғым бір халқым қара көрсете алмаса, жалғыз қара мен не таба алам? Не таба алам?.."
Талықсып, булығып демі үзілердей қиналып тұрған әнші тысқа жүгіріп шықты. Кермеде байлаулы тұрған атына қарай асыға адымдап барды да, қалт тоқтады. Үндемей кете берсе, ақындық сүйегіне түскен таңбасы мәңгі-бақи бірге ілесетіндей сезілді ме, ақ ордаға шұғыл бұрылды. Қара көздерге кекшіл уыт оттары оралды. Жас тыйылды, діріл басылды. Біржан сал табалдырықтан аттағанда, сері домбыра ашулы күмбірге ауысты. Күйік шағу емес, күйінішке кек ату күмбірі. Сонау зеңгір көктен құлдилап, тас түйін боп шүйіліп түсетін қаршыға болатын. Шығандап барып-барып, оқтай құйылатын. Әнші даусы дәл солай аспандап шырқап тұрды да, лек-лек толқынымен намыс боп, ыза боп, қарғыс боп төгіліп-төгіліп кетті.
Жанбота, осы ма еді өлген жерім,
Көкшетау боқтығына көмген жерің.
Кісісін бір болыстың біреу сабап,
Бар ма еді статьяда көрген жерің.
Жанбота, өзің болыс, әкең Қарпық,
Ішінде сегіз болыс шенің артық.
Өзіңдей Азнабайдың поштабайы
Қолымнан домбырамды қалды тартып.
Тартса да домбырамды бергенім жоқ,
Есерді поштабайдай көргенім жоқ.
Қамшымен топ ішінде ұрып еді,
Намыстан, уа дариға, өлгенім жоқ.
Асқақтап басталған шер шеменнің куәгері асау ән асау қанның намысшыл тасуымен шырқап көтерілді де, бірте-бірте майда баяулап, желпи есе жөнелді. Лапылдап тұрып өкініш айтты. Жалындап тұрып өкпе тақты. Түкпірлі алыс ойлардан ауыр-ауыр кінәларды тұспалдап жеткізіп, бай-бағлан Жанбота, Қарпықтарға шаншылып жатыр. Оқыстан атқан оқтай түйреп түскен адуын әуен Жанбота болысты бір бозартты, бір күреңітті. Жетті де, жерге қаратты. Ән айналадағы қауымды түгел қоздырды. Жұдырықтар тас түйіліп, қабақтар қарс жабылды. Қолдан келер дәрмені жоқ қара халық әншіге тиген соққыны өздері көтергендей іштен тынып, үнсіз томсарысады. Әннің өршелене шығып, қиналып баяулаған тұсында ашулы кеудеден күрсініс атып, қатты ширыққан қалың ағайын, қарапайым жұрт тым-тырыс қалып, қабақ аңдысады. Үн шығармай жас төккен қыз-келіншектер аяулы жанды қатты аяп күйзеліп түр. Қапа-қасіреттен ақтарылып жатқан намыс үні мен кек қыжылындай оқшау әнді бар жүрек қанымен, ынтызар жанымен тілеулес, дерттес боп қабылдайды. Жәһіл жауыздыққа қарсылық танытқанмен, қару көтере алмай және булығады.
Жанбота тықыршып отыр. Күрең жүзде шып-шып шығып суық тер білінді. Май басқан томпақ көздер аунап кетіп, қалың қабақ астында жасырынып жатыр. Ән бітпей, әнші тоқтамай ашылмақ емес. Қалай ашылады, қай түрде жалт береді, әзірше белгісіз. Айыптыны таныса, ғазиз жанның сырын ұғар-ақ. Түршігіп, шошынып тұрған көп жүректі сабасына түсіріп, әділет, адалдық табар-ақ. Әзірше болыс көздері тас қорған, терең шыңырауда. Жалпақ беттің түгі тірілген қыбырсыз қалпында майлы бітік жанарлар енді қайтып ашылмастай суық ажармен көміліп кетіпті.
Біржан домбырасын бебеулетіп желдіртіп алды да, жан жарасынан сорғалаған күйігінен туған "Жанботасын" шерлі үһілеуімен бітірді. Үндеген жоқ. Ұяты, ары болса, ашпаған сыр, айтпаған уәж қалмады. Ендігі сөз артық. Соны болыс түсінсе, шақпақ таңба әншіге емес өзіне түсерін сезер-ақ.
Жанбота көзін ашып алды. Көзін ашып алды да, ұзын сызық қос шоқты шашып-шашып жіберді. Майлы бітік көздер қанталаған қос сызық қана еді.
— Әй, жетер! Тоқтат! Осы ұлығаның да болады. Шағым айтар сен сондай-ақ кім едің? Жөніңді біл! — деп, ақырып қалды.
Әнші сәл аңтарылып, қуқыл тартып тұрды да, кенет жүзіне қызыл жалындай бояу жүгіртіп, құбылып кетті. Әлі де болса, әділдік, билік, туралық күтіп тұрған оз халіне іштей ащы мысқылмен ызалана күлді де, домбырасын және бебеулетті. Отты қараста енді ашыну мен жирену бар. "Апыр-ай, мынау нағыз жыртқыш қабақ зұлымдықтың өзі ғой. "Қарға қарғаның көзін шұқымас" деген қайран даналық қалай тауып айтылғансың. Азнабайдан мазақ көріп, сенен көмек күткен мен байғұс мықтап адасқан екем-ау. Бай байға, сайға құяды. Азнабаймен бәсекеге түскеніңмен, мен үшін қырғи қабақ болмайтының белгілі. Намыс дерті мені басқанымен, сенің аспаныңа бұлт оралған жоқ екен. Ендеше, "бас жарылса бөрік ішінде, зарлар, зарлар да басылар" дейтін шығарсың. Олай болса етіме тиген соққыны сүйегіңе кетпестей қып таңбалап берейін. Шынды сыр қылдым ғой. Сол сырым мұңымнан өрген кегімді қамшы ғып сілтесін. Сілтесін-ақ!"
— Уай, Жанбота! Мені ұлыдың дедің ғой. Ұлығаным рас. Ұлытқан Азнабай мен сен! Біріңнің қорлығың, екіншіңнің зорлығың өтті. Қалай адасқам. Сендерден рахым күткенше, қара тастан ізгілік іздесемші. Өнеге болар қай қылықтарың бар еді. Үлгі шашар қасиеттерің де жоқ. Кеш білсем де, анық ұқтым. Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ. Қай қадір-құрметіңе сеніп ілесіп едім? Ол құдірет сенде жоқ екен. Әттең кеш біліп, адасып келгеніме өкінем. Қатты адасып келгеніме қапаланамын. Бірақ, енді адаспаспын. Ендігі мақсатым адасқандардың көзін ашу болар, деп, майда қоңыр бір сазды бастап кетті.
Созады Біржан даусын қоңыр қаздай,
Басқаға бір езіңнен жүрмін жазбай.
Жиылысы жандаралдың болады деп,
Жанбота, мазамды алдың ала жаздай.
Айтады Біржан өлең ентелетіп,
Біржанды халқым қойды еркелетіп.
Есерге поштабайдай көз алдыңда
Біржанды қойғаның ба желкелетіп...
Ән бітті. Жиын үнсіз. Әнші кілт бұрылып үйден шықты. Ән мен өлең сөзді қабат өріп, өр қиялы тудырған құдіретпен азулы болысты жермен-жексен етіп кеткен Біржан салға риза болған жігіттер бірі тізгінін ұстап, екіншісі қолтықтап көтеріп аттандырып салды. Қос ішекті домбыраның күмбірі мен жез таңдайдың бұлбұл нақышы бүкіл атырау, алапқа жуансып келген паң көкіректі бір-ақ сілкіп, жермешел етіп тастағанын Көкшетау өңірі алғаш рет кездестірген еді.
Кеш батып қалған. Жайлаудың оты шайылмаған шалғынды құрағына көліктерінің бауырын сыздырып, батысқа маңдайын түзеген әнші тобы батып бара жатқан күннің қызыл арай, қызыл алау нұрымен түйдек шоғыр жалынға айналып алыстап барады. Салдың кең маңдайы, үлкен көздері осы күңгірт қоңыр бояуда ерекше өзгеріп, ішкі ширыққан күйдің әсерімен «Адасқақ» әуенінің шалдуар, серпінді қайырмасын лекілдете қайталайтындай. "Сен астамсып едің, артықсынып едің. Шеніме келмей қалғаныңды ұға алдың ба? Қорғалап күн кешкен көп сорлыға ең болмаса бір рет қажыр қосар қаракет танытсам керек.
Ылайым, әнімді атой қып өтермін-ақ. Бүгінгі тапқаным осы болды-ау. Адаспай таптым. Бұрынғы күнімді, бұрынғы адасуымды айғақ етіп мына әнімді «Адасқақ» деп атайын. Тілін безеп, жанын жалдап ақтаған ақын көп. Солардан сәл де болса оқшау тұрып, ел жүзіне қуаныш әкеле алсам екен. Жалғыз да болсам жауыздықпен жағаласып кетермін, Жол азығым да, жан азығым да әнім, тек қана әнім болар..." Әнші үнсіз. Әнші үнсіз болғанмен, ой жүйрік, қиял ұшқыр. Осы шаққа шейін елемей келген көңіл түкпірінен тың арна ашты да, мына жарты әлемді жалын жалауға ораған күнге қарап келе жатып іштей серт байлап, көңіл жадыратқан қошуақ тыным тапты.
Бұл кезде Жанбота да, Азнабай да әрқайсысы өз ордаларының алдында ашу мен долылықтан іштері күйіп, не істерін білмей қыжырланып тұр еді. Жарты шеңберленіп жотаға шөге берген күннің қызыл бояуында қос жерде қос жаулық оты тұтанып, майлы беттердің жыртқыш жанарларында лапылдап тұрған-ды. Соны байқап қалған жас өспірім балаң жігіттердің бірі қыбы қанғандай сақ-сақ күліп алды да, "Жанботаға" басып жіберді. Әлгінде тез ұғынып, асыға жаттап алған уытты шумақтарды жіңішке өр даусымен құшырлана созады.
Жанбота, өзің болыс, әкең Қарпық
Ішінде сегіз болыс шенің артық
Өзіндей Азнабайдың поштабайы
Қолымнан домбырамды қалды-ау тартып...
Сарт-сарт қамшы ойнағандай асау ән бар жиынды елең еткізді. Ашу артынан өрбитін қатты қақтығыс сесіндей толқынды күбір жұрт аузында құйындай ойнақтап өтті.
— Қайран Біржан! Қадіріңді білмеппіз-ау!
— Құдіретін енді ұқтық қой. Сен бастым деген кеудемді құдайың да аттай алмас дегені екен-ау мынау әні!
— Бәрекелді! Өркенің өссін, ұланым! Осылай шырқаңдар.
— Тоқтат! Өшір үнін!
— Жап аузын! Құм қаптыр!
Қос дауыс қос жерден ашу атып, ақырып-ақырып қалды. Қабат ұмтылған Азнабай мен Жанбота болыстар еді. Келген бетте әнші жасты дырау қамшылар ысқыра суылдап көміп кетті. Әрі күйініп, әрі қорланып тулаған қос бөрі бір-біріне деген бәсеке, бақталастығын ұмытып, алыс-жұлысқа бет алғанда тізе қоса қалатын қаскөйлік қылығын танытып, ырсылдай сілтеп жүр.
— Өлтіре ме!
— Уа, ұмтылыңдар!
— Жабылыңдар! Қарап тұрып кісі өлтіртіп қоямыз ба?
— Үндемегенге үрке береді дейтін шығар.
Дуылдаған көпшілік шын қызынып, қатуланып ызалы қабақ білдіргенде, екі жуанның қолындағы айбарлы қамшылар сылқ-сылқ түскен еді. Жанбота мен Азнабай бастарын төмен салбыратып, әрқайсысы өз үйіне ілби жөнелгенде, уынан айрылған өлі жыландай қимылсыз қолдарда әлгі дойырлар әлсіз сүйретілді.
Ұланның үстіндегі түйе жүн шекпені қырық өрім қызыл жолақ қанға боялған. Тәлтіректеп тұрған жас әнші сонда да мойитын емес. Ерні әлсіз күбірлеп ән жолдарын сыбырлай қайталайды.
Топ ортасынан жас қыз кібіртіктеп шығып ұланға жақындады. Дәрмені біткендей шарасы кең қара көздерін бадырайта ашып, жұмыр иегін кемсеңдете ауыр дем алып тұрды да, екі қолымен бетін басып ыстық-ыстық кесек жастарды төгіп жіберді.
Қараңғылық ұйыды, ымырт тез түсті. Жым-жырт тараған жұрт көңілді торлаған қара пердені анық сезінгендей ұзап барады. Ұрпақтан ұрпаққа аманаттай етіп аялап, мәпелеп тапсырған жалғыз құдіреті ән болса, сол бағалысына сілтенген қысасты да көрді. Қиналып жүдеп көрді. Жаз шуағындай әсеріне қыс аязы енді. Бірақ аяз да өтер, ызғар да қашар. Келер күннің, мөлдір болашақтың лебізіндей саз туар. Туар әлі. Сондағы ұрпақ, сондағы жас бүгінгі «Жанбота», «Адасқақты» емірене қарсы апар. Әншінің мұңын, мәнін ұғар.
Қара түн оралды. Мақпал көкте күміс теңгеліктер жылтырады. Далаға әр жер әр жерден ән тарады. Шындық жыры тыңдаушысын қатты таңырқатып бірде жеке, бірде көп дауыспен жаңғырығып Көкше өңірін аралап кетті.
Созады Біржан даусын қоңыр қаздай
Басқаға бір өзіңнен жүрмін жазбай...
* * *
Қол-аяққа қыл бұрау түскеніне үш жыл толды. Арқаның атырабына сыймаған өр кеуденің керегенің сағанағына байланғанына да үш жыл болды. Шорланып біткен ескі жараның орнын қанталап жаңа жара басты. Әнші көңілді мұң жайлады. Нәзік әуенді кеудеден қуып, шерлі толғау оралды. Уануды ойламаған, қасірет сімірген қапалы жанның көз алдына күңгірт кештей өлім суреттері елестеді. Ақырғы сағатын шыдамсыздана күтті. Сонау күндерде шарасына сыймай буырқанған жастық жалыны "ажал", "өлім" деген ұғымды ескертіп пе еді. Күліп енген дүниесімен жылап қоштасатын соңғы сәттің көз ашып-жұмғандай тез жететінін қалай білмеген. Енді сол құтылмас тұзақтың дем-лепті сығымдап тауысып бара жатқанын сезгенде, "не де болса тезірек жетсе екен" дейтін бір ынтығу, асығуға іштей бой алдырғанына өзі де қайран. Бірер сәт қимылсыз қалып сыртқа телміреді. Көктемнің балауса шағы. Жұпар аңқиды. Жалбыздың, шайырдың, түйежапырақтың кермек иісі жетеді. Көктем тірліктің бастауы, жас өркеннің талпынуы. "Апыр-ай, мына көктемді тағы да бір көре алармын ба? Әй, енді көрмеспін-ау. Қарға адым аттап шығуға да зар болып тұрғанда, ілік етер күтерім не? Неге күтем? Нені күтем? Ынтығарым бар ма? Жоқ қой. Жетпеді ме күткенім. Ажалдан артық бостандығым, еркіндігім бар ма еді?"
Кеудеге суық леп шымырлап енгендей болады. Сол суықпен сап етіп белгісіз үрей оянады. Алқымға әлдене кептеле тіреледі. Нұры сөнген көздерге қорқыныш ұялайды. Сол сәт аспан төмендеп төбесіне құлайтындай, жер жарылып тереңіне тартатындай қайдағы бір құбыжық ойларға шым батады. Көкірегін қарс айырған арманындай, булығып жеткен өксік демдей шала есірік халінде сипап оралар әуені және бар. Соны еске алғанда, ерні жыбырлап, көмейден небір ән төгіледі. Өткен дәуреннің күй созып, үн салып тұратын мамыр шағы тағы да аударылып-төңкеріліп келіп, әншінің әбігері көбейген мына сұсты күндеріне кәдімгідей талшық болады.
* * *
Алыстан талықсыған күркір естілді. Алыстан ысқырта сілтеген бишіктей найзағай жарқылы жетті. Әлгіндегі сарғыш мұнар сәуле жұқара азайып, бірте-бірте сұрғылт реңге ойысты. Аз-аздан кейін батыстан етегі түріле көтерілген қара бұлттың орнынан қызғылт арай шашылды. Күн көкжиекке асылды. Кеш түсті.
Ауада дымқыл леп бар. Жауын бұлтын түйдек-түйдек жентектей қуып келе жатқан желдің өтіне ат басын қасқайта тіреп, бұлаң құйрықпен жортқан жолаушы көз байланған сайын елсізде жалғыз қалатындай елеңдеуі көбейе бастап еді, иек астындағы жотаның ар жағынан әупілдесе үрген иттердің даусын естіді. Естіді де, жарау бестісіне қамшы басты.
Бес-алты қараша үйлі кедей ауыл екен. Сам жамыраған бейуақ шақта, тымырсық ауалы жаңбыр алдында сыртта қыбырлаған жан көрінбеді. Қотан үстіне келген жалғыз жолаушыны маң төбеттер шабаланып қарсы алды.
Ортадағы киізі бүтіндеу шағын төрт қанатты үйге жолаушы ат басын тірегенде, есіктен сақалы күректей мосқал адам шықты. Түйе жүнінен тоқыған жеңіл шекпенін иығына желбегей жамыла салыпты, сол қолымен екі өңірін қаусыра ұстап тұрып, оң қолын көзіне төсеп, жолаушыға тесіле қарады.
— Қонақпын, ақсақал!
— Е-е, қонақ болсаң, төрім дайын. Адасып келмеген боларсың. Қане, түсе ғой, шырағым, барымыз әзір, — деп тізгінге қол созды.
Қонақ отырысымен, ортаға от жағылды. Баялыштың жалп-жалп еткен жарығы жұпыны үйдің бар адамын кезектеп-кезектеп "көріп қал" дегендей бірде шалқып, бірде бәсеңдеп қалады.
Үй иесі елуді қусырған кең иықты қара сұр кісі екен. Биік төсекке арқасын сүйеп, малдасын құрып алып шақшасын тықылдатып, тырнағымен сүңгілеп отыр. Бір кез қос саусағымен шөкіп апарып, таңқиған танауларға насыбайды тығып-тығып жіберді. Сөйтті де, рақаттана түшкірді. Үй иесінен жоғарылау күпі жамылып ашаң кемпір бүк түсіп жатыр. Қара сүр өңі, таңқиған танаулары "мосқал еркектің анасы болам" дегенді айтқызбай танытқандай. Шүңірейген суық кездерімен әлгінде қонаққа шаншыла бір қарап еді, енді кірпігін айқастырып алып, әлде ұйқы, әлде ойға батқандай қыбырсыз қалыпты.
От жағып, су әкеліп, кешкі тірліктің қамына кіріскен орта жастағы әйелдің ғана ниеті түзу. Кіргенде басын изеп, ернін жыбырлатып, тіктеп көз тоқтатып, тәуір амандасып еді, үнсіз отырған отағасына жапақ-жапақ қарап, тықыршып жүр. Бұйрық берілмей, ыңғай көрсетілмей, өз бетінше қимылдай алмайтын әйел байғұстың мына кіріптар халін жолаушы да түсініп отыр. "Танымасын сыйламас" кейбіреулерді бұрыннан талай кездестірген әнші әйтеуір жауыннан паналар жылы орын тапқанына шүкіршілік етіп, шай-суын ішсе де риза боп аттанбаққа пейілденіп, тоқмейіл көңілмен қоржынына қол созып, қималы домбырасын алды.
— Ақсақал, жол серігім жан серігім домбырам еді. Ат баптаған сыншы сайгүлігінің қас-қабағына қараумен болатын. Айып етпесеңіз екі-үш күннен бері мына шіркінді қолыма ұстамап ем, ермек болсын, шерте отырайын, деп, шанағына сүйек қаптаған аспабын алдына өңгерді.
Үй иесі бейсауат қонағына бажайлай қарады. Құндыз жағалы бешпентіне, сусар бөркіне, сері жағалы, жеңіне желбірек салған жібек көйлегіне тез-тез көз тоқтатып өтті де, домбыраға ұзақ қадалды. "Неткен әдемі! Мынаны жасаған шебердің қолы алтын ғой. Сүйекті қалай ұстатқан! Қиюында бір мін болсайшы! Апыр-ай, мына жігіт тегін болмады-ау! Әлгі Батырхан қайда жүр екен. Қозысын қасқыр тамақтап кеткен қоңыр саулықты сойғызайын. Барыма ырза болар. Қырықтың бірі қыдыр деген. Сырлы, нәрлі сөзді қадірменді жігіт сияқты. Көңілімді берейін".
— Шырағым, түксиген қабақ, дөңкиген жотаны көп көрген пақырыңмын. Тұқымына паңдық пен зорлық тимеген жуас атамыз. Өзім деп күле сөйлеп, күлімдеп қабақ таныттың. Осы бейілің-ақ тойдырды. Ырзамын. Күйіңді де шерт, жырыңды да төк, еркің білсін. Серік дос санап жатсынбай жатқаның жақсы туысыңнан болар. Бітім-келісіңе сүйініп отырмын. Өнерің де өзіндей оза шауып, өрлей берсін, деп шын ниетпен ырзалық еткен үй иесі әйеліне бұрылып әлденені сыбырлап бұйрық берді де, кесек денесімен түгел ойысып, қонағына ден қойды.
Осыдан кейін домбыра күмбірлеп, ән шарықтап кетті. Салалы ұзын саусақтардың сағалыққа тас кенедей жабысып нәзік әуенді балдай тамызғаны да, күміс сұлу әнді ынтықтыра созғаны да отағасыны, бәйбішені, әйелді үнсіз тамсандырды. Әйел жүзінде қан ойнады, жымиғанда екі бетінің ұшы шұңқырайып келісті жарастық шақырады екен, қызыл жүгірген қазіргі бәдені сонау алыстаңқырап кеткен аяулы көктемнің ынтызар шағымен қайта қауыштырғандай. "Әттең, қол қысқалығы жолыңды бөгеген-ау. Әйтпесе, үлде мен бүлдеге оранған талай бай-бағланның көкілташынан артық екенсің" деген өкінішті ойды күрсіне ойлай ма, әнші бір сәт әйелден көзін ала беріп кемпірге қиыстайды. Кемпірге де жан кіріпті. Ақ шаңқан жаулығын оқшырайтып, басын көтеріп апты. Кимешегінің шытыралы жиегін кейін ысырып, оң құлағын ашып, алақанын қалқалап ұйып қалыпты.
«Aйта түсші, әншібегім! Құлақ құрышымды бір қандырдың-ay. Қайбір ән мен әншіге шүкірана боп жүр едім. Өркенің өссін, өркенің өскір, азаматым!» дейтін елегізумен ұйып отыр. Өмір бойы қолға түсіре алмай жүрген қымбаты аяқ астынан оралғандай сезініп, тар үйді түгел толтырған әсем әуенді бар тұла бойымен сіміреді.
Үй иесі де үнсіз. «Дәл бұған дейін дүниеден жалғызсырап, іш пысқандай күңіреніп келмеп пе еді. Ақ қар, көк мұзда жылқы бағып құрығына сүйеніп ұзақ түнді ұйқысыз атырғанда, сықырлаған үскірік түн, тымырсық қара түн, ұйтқыған желді түн еңсесін басқанда, азулы жыртқыштай анталап жетер құбыжығы да осы жалғыздығы емес пе еді. Жортуыл жортақ, барымта-шапқыншылық сүрлеуінде қабағынан қан тамып баз біреуді түсіріп, баз біреуден өзі соққы жеп, алыс-жұлыстың итырғылжың күндерін кешкенде де мағынасыз меңіреудей үңірейген суық шыңырауымен алды-артын бірдей ораған тағы да осы жалғызсырауы, жат ортадан түңілуі еді ғой. Енді содан айрылып қалуы қалай, сондағы көңіл күйінен адасып қалуы қалай? Шынымен ән бе, әнші ме? Мына өне бойды шым-шымдап баурап бара жатқан тылсым саздың құдіреті де шығар-ау. Түйсініп қарасаң, өзіңнен жалғыздық өзіңнен ғана өрбитін тәрізді. Өнеге қумай, өре салып, өлім сепкен озбырлықпен сырық жалғасаң, омырауыңнан тер кебер ме. Кеппегені де, кетпегені де содан екен-ау. Талайдың көз жасы сорғалаған бейуақ кеште, атымды аламанға алаша қып аңыраған зар мен шер топсасы берік кеудемнің пұшпағына тарының дәніндей тысыр етіп тимесе, жалғыздықтыеншілемегенде нені еншілермін. Тірлік пен дүние шіркін бас жарып, көз шығару емес екен. Соны неге ұғындырмаған, соны неге ұқпаған. Азу тісті қарш-қарш қайрап, жақ етті кірш-кірш шайнағанда кімді жазғырардай, кімді мұқатардай әрекет етіпті. Сорлаған да, жылаған да өзі. Өзі сияқты жарлы-жақыбай. Мұңы бірдің күні бір екенін ерте ұқса, ер жастанар ма еді, ел шабар ма еді. Боз ала таңмен қоштасқан боздақтардың қош-қошын ұрлаған жалғыздығын айғақтаған дәл мына әндей, әншідей біреудің бұрын кездеспегені қалай? Кездестірмеген өзінен бе екен? Қыр кезіп, сай жағалаған бөрі тірліктің ән мен күйде шаруасы болды ма. Ендеше, кең далаға сыймай, айдалаға күңірене созған ұлуы —маңдайға тіліп салған жалғыздық, жаттық, жат бауырлық белгісі ғана болар. Ән — құдірет екен-ау. Он саусақ неткен шебер. Сонау-сонау жалаң аяқ құм басқан, жалаң бұт тал мінген пәк күнім, құлын кезім шақыра ма. Онда қандай едім. Қызғалдақтың бояуынан қан емес әдемілік көруші ем ғой. Бұлақ сылдырынан өксік емес күлкі естуші ем ғой. Сондағы бұлақ ағысындай бипаңдаған мына домбыра әуезі кейін неге жетпеген? Қырықтан асып қырқылжың тартқан шағымда гүл жапырағындағы жалғыз шық тамшысына телміре қарап, оңаша ойға кетер бал балалық оралар ма енді? Мөлдір шық жас тамшысы болса, сол тамшы қуаныш іңкәрі ме, әлде күйік өкініші ме? Қауызын енді ашқан шоқ гүлге неге тамды екен? Соны дәл қазір неге есіме түсірдім? Мына домбыра ма, ән бе еркімді билеген? Япыр-ай, жалғыздықтан жәбірленіп келгенде сонау бұлақты, шық тамшысын, гүл қауызын қалай ұмытқам? Неге ұмыттым екен? Ақ тақырға қызарып тамған қан қызғалдақ емес пе екен? Қара көзден сырғанап түскен ауыр жас таңғы шықтың тамшысы болса қайтем? Булығып аққан бұлақ тығылып жылаған шерлі жанның күйігімен алыстайды екен-ау. Бәрінің бастауы ән ғой. Соларды сөйлеткен әнші ғой. Қырықтың бірі қыдыр деуші еді. Рас екен. Қыдырым болды. Сол болды. Әмір құдірет, тағдырдан да астам боп келді. Әпішім қайда жүр? Естімеді-ау, тыңдамады-ау". Ұзақ-ұзақ ой-толғауға шомған үй иесі әнмен мидай араласып, өріліп шыққан бір сергек көңіл ырғағын тауып, өзін-өзі бірде ұмытып, бірде оятып қиял қуалап кетеді.
Әпіш отағасының жалғыз қызы. Көрші үйдегі құрбысының қасында кесте тігіп отырған. Ән шыққанда елең етіп еді, қазір үйге кіруге бата алмай, құрбысы екеуі жабықтан сығаласып тұр. Үлкен көзі, ақ маңдайы, аппақ ұсақ тістері бәр-бәрі әннің ырқына беріліп, қуаныш ойнаған күлкілі ерінде әлсіз діріл жүгіртеді. "Шіркін, бал көмейлі деп осындай әншіні, керім жігітті атайтын шығар! Ер дәрменді aп кетер мұншама сиқырлы дауыс қай жеріне сыяды екен. Айта түс, құрбым! Тұла бойымды дуылдата өртеген әнің бе, өзің бе, әйтеуір, жұмбақ сезімге бөленген біз байғұс ұзақ түндерде еске ала жүрерміз" дейтіндей ақшыл реңі жүз құбылып, құрбысына қарамай, тесікке ентелей түседі.
— Әпіш-ау, мен де бір сығалайын да. Кішкене сырғышы.
— Қазір, Балкен. Қазір!
Екі қыздың сыбыры да ыстық. Өрт боп жанып, от боп жүз шарпиды. Әлденеге жүрек лепірткен қызумен, ұзын қос бұрымды сұлу бастарын түйістіре, тар саңылауға таласады.
— Түу, Әпіш-ай, көрсетпей қойдың ғой, деп Балкен бұртиып шегіне берді. Құрбысына қуана бұрылған Әпіш дәл қазір еш нәрсені көріп тұрған жоқ. Қасы-кірпігі діріл қаққан түсініксіз халде бір аттап орын босатты да, Балкеннің иығына бетін басып өксіп-өксіп жіберді.
— Әпіш, саған не болды?!
— Жай, әшейін, Балкен.
— Жылағаның не?
— Балкен, білесің бе, әлденеге қуанатын тәріздімін. Әлденеден және қорқам. Мынау ән —жалын сияқты. Жақындасам күйдіреді, алыстасам шақырады, Әпіш ақ қызыл ажарын түгел көрсетіп құрбысының құшағына кіре түседі. Балкен де Әпіштің құлын денесін құшып тұрып, бөтен уәлаят адамын көргендей дірілді кеудеге таңырқай қарайды.
— Әй, отпысың өзің?! Сен тегін болмадың. Тұп-тура өртеніп барасың. Рас айтам. Осы сен ғашықсың. Иә, иә, арманды асықсың. Осым өтірік деші, қане, деп қыстыға күліп, Балкен өз сөзіне өзі нанар-нанбастай құрбысының бетіне тесіле қалды.
— Үндеме, күлме! Әпіш нәзік саусақтарымен серігінің ернін басты. Балкен, онан да сен мынаны айтшы! Мынау азамат кім? Танимысың? Аты-жөні белгілі адам ба, әлде пері ме? Айтшы, тез айтшы! деп үздігіп барады.
— Жоқ, кім екенін мен қайдан білейін. Бірақ бар ғой, Әпіш, дәл осы жігіт сенің тағдырың, деп, Балкен және күлді.
Әпіш балқып барады. Өзі де іштей ырым қылғандай құбылып тұрды да, құрбысын шөп еткізіп сүйіп алды.
— Айтпадым ба, сен тегін емессің. Айрылам-ау, сенен, Әпіш, жалғыз қалам-ау, — деп, Балкен сәтте өзгеріп, күрсініп салды.
Ән бітті. Дастарқан жайылды. Әйел тысқа шықты. Босағаға сүйеніп тұрған қыздарды көрді.
— Әпішпісің? Неғып тұрсыңдар, қос қызғалдағым-ау. Үйге кіріңдер. Біржан салдың әнін тыңдаңдар. Онысы несі, жабықтан сығалап.
Балкен әрнені бір сылтауратып, ақыры үйіне қайтып кетті. Шолпысын сыңғыр еткізіп Әпіш табалдырықтан аттады. Сұңғақ бойлы, талдырмаш солқылдақ денесіне қиылта киген батсайы көйлекті қыз үйге енгенде, бейсауат мейман жігіт қадала қарап еді, бойжеткен ернін жыбырлатып сәлемдесті.
Қызы мен қонағының арасындағы осы бір елеусіз ғана амандасуды сырт көзбен бағып, танып қалған еркек жалт бұрылып шешесіне көз тастады. "Не дер екен, қайтер екен?" деген сұрақпен қиыстайды. Кемпір күлімдеп отыр екен. Тіссіз иегін әлсіз жыбырлатып алды да, аңдаусыздау етіп екі қолын жайып, бетін сипады. Шешесінің жүйрік көңілмен тез таныған бір сырын бұ да түсініп, жүз аудармай разы кейіппен ықыластана қосылды да, іштей жақсы тілек арнады.
Шай жиналысымен, ас келгенше тағы да бірталай ән айтылды. Бұл тұста әншінің бар зейінін, бар сезімін бір өзіне тартқан сиқыр нұры болды. Ол Әпіш қыз.
Алгүл жүздегі сәт-сәт сайын ауысып тұрған нұрлы құбылуды жақсылыққа балаған жігіт үкілі домбырасын шайқалтып қойып, толқынды ырғақты үсті-үстіне төпейді. Жібек талдай есіліп, сызылып көтерілген асқақ әуен жаудыраған қарақат көзден сыр аңқып, сол сырдың төлеуіндей етіп құпия назды және сездіреді. Мынау жаңбыры сіркіреген бейуақ кеш тілек кеші болса, екі ішек, тоғыз пернені басып жатқан он саусақ емес жүрек дірілі. Үздігіп қалып, еркелеп жанып қиылатын әуен жүрек баяндауы. Дүниені ұмытқан екі жас нәзік орамды саздан алдағы тірлік бақытқа, тірлік қуанышқа асыққан лепіру, ынтығу тапқан. Жеңіл ырғақ, ойнақы нақышта ақау түспеген, кір шалмаған ынтықтық іңкәрі бар. Алыстан аңсап кеп табысқан қос маралдай қос жүрек әнмен жауаптасқандай тілсіз ұғынысып, біріне-бірі еріксіз ұмтылысып отыр. Өрімталдай қыздың күнәсіз пәк қарасынан күн шуағына еркелеп бой жазған еркін балауса қылықты таныған Біржан жастық дәуреннің сыңарын іздеттірген құйын лепті адуын күйін алғаш рет сезініп тоқтаусыз шырқайды. "Сен үрікпесең, мен жатырқамаймын. Жалыныма жаныңмен қосыл. Аласыз көңіліңмен адалым боп кел. Аялап өтуге мен дайынмын" деген серт сөзін домбыра шертсе, ән үстемелейді.
Сырттан қатты келген ат дүсірі естілді. Үйдегілер елең ете қалысты.
— Кім екен?!
— Тағы да саған келген шығар. Тыныштық бермеді ғой. Айтып ауыз жиғанша, өктем дауыс қоса шықты.
— Тұрсын! Уау Тұрсын, үйдемісің?
— Уа, немене? Жайшылық па?
— Шықсаңшы мұнда, соншама шіреніп ұлық болғаннан саумысың. Әлде қатыныңды бүгін көре қалып па ең, деген сырттағы дауыс әндем-әндем шығады.
Тұрсын одан әрі отыра алмады. Қонағына "мынау жанымды қояр емес" деген сыңайын әлсіз кекесін күлкі жүгірген кескінімен білдіріп, табалдырықтан сыртқа аттады.
Әпіш оқыс мұңайып жерге қарап қапты. Әлгіндегі балбұл жанған жүз қуаң тартқан. Үнсіз күрсінетін тәрізді. Біржан қыздың тез сына қалған ажарына, кірбің қабағына көз жүгіртті де, оңашада көп жылаған ойлы, уайым торлаған кейпін таныды. Таныды да, қиналып отырып аяушылық көнілдің ұмтылуымен Әпішті іштей қатты ұнатты.
Тұрсын сәлден соң қайта кірді. Бұның да жүзі сынық.
— Ал, шырағым, жөнің бөлек азаматым екенсің. Біржан деп ат-атағыңды талай естуші ек. Бүгін өзіңді көріп, көңіліміз толды. Әмсе, жақсы атағын осылай дүңкілдеп өсіп, шартарапқа кете берсін. Жата-жастана тыңдап шер-құмардан бір шығармын деп ойлап қап ем, қысқа жіп күрмеуге келе ме, тығыз жұмыс боп қалды. Ғұмыр болса, әлі талай кездесерміз. Тастап кетті деп айып етпе, маған рұқсат бер, інім, — деп жолға жинала бастады.
Біржан ілесе шығып, Тұрсынды аттандырып салды.
— Жолыңыз болсын!
— Жолдың да жолы бар-ау, Біржан шырақ. Дәл осы жолыма өзімнің де қыбым жоқ, деген Тұрсын сойылын сүйретіп желдірте жөнелді.
"Апыр-ай, барымтаға аттанды-ау, шамасы. Алыс-жұлыстан арыны азайып, тауы шағылғандай болған екен. Булығып, күйініп бастаған осы қаракетінен жеріген сыңайы бар сияқты. Тартынғаны рас болса, шын неге тартынбады. Неге айтпадым? Неге тоқтатпадым?"
Қонаққа төрге төсек сап қойыпты.
Біржан қол созым жерде жатқан Әпіштің ыстық демін бүкіл тұла бойымен сезердей көпке дейін ұйықтай алмады. Қыз да ояу тәрізді. Тынысын іштен тартып, қыбырсыз жатыр. Жайшылықта ірге жағына алып, бауырына қысып жатып ұйықтайтын әжесінің бүгінгі мінезіне қайран. Қызғанышы жоқ. Анау қонақты дәл бір кенжесіндей қадірлеп, осы үйдегі немересінің жасауына арнап қабытқан бірен-саран таза көрпесін өзі әдейі төсеткізген. Қазір қаннен-қаперсіз ұйқыға кірісіпті. Бұл да қыз көңілінен тыс қалмады, бұрын әлдеқалай қонақ түнеген түндерде күрк-күрк жөтелін көбейтіп, боз ала таңды сығалатып барып, аунақшып-дөңбекшіп әзер көзі ілінетін.
Тыстағы жауын әлсін-әлсін себелеп қояды. Содан ба, ортадағы оты сөнген киіз үйдің іші біраздан кейін ызғып кетті. Суыққа мән берер қонақ жоқ. Екі қолын айқастырып желкесіне төсеп шалқасынан жатыр. Сол жағындағы Әпішке қарай бір аунап түссе, демдері шарпысып, алау жалын күйге оранарын сезердей әлден-ақ қыз-қыз қайнайды. Еркін жастық, қиялын мастық шалығы билеген бұрынғы кездерде дәл бүгінгідей бұйығы тартып, тартынып көрмеп еді. Қазіргі дірілді ынтық күйін күшпен тежеп, сабырлылық тапқан халіне жігіт те қайран.
Әпіш те кірпігіне кергіш қойғандай ұйқыдан баз кешкен. "Сырбаз жігіт. Бойында нәрі бар. Қасиетінен қасіреті көп еркек аз ба. Астамсып келіп, там сөнісімен ұры қолын сұмаңдатудан басқа білерлері жоқ. Бұл ондайлардан емес. Осы өңірде Біржаннан қадірлі жан бар ма? Жоқ қой. Тілегі, талабы бір жарқын көңілімен қол созса, әй былқ ете алмас едім. Дәл қазір бері аунаса, құшағына құшағым табыса кетері хақ... Ойпыр-ай не ойлап барам. Мынау уытты сезімді осыған дейін кездестірмеп едім ғой. Балкен айтқан асықтық осы шығар... Осы болар... қой, қой. Сыйластықтан асып кетпесек еді... Көкемнің бетіне қалай қарармын онда. Көкем демекші, асығыс аттануына қарағанда, бір бәлеге ұшырамаса жарар еді".
Әпіш ойы он бөлініп дуылдап жатыр. Бір сәт кесек-кесек ыстық жастары қос самайдан төмен сырғанап құс жастыққа тамып-тамып кетті. Көрпесін басына бүркеніп булыға жылады.
Қарагеріне тақым қысқан Тұрсын қара түнді кеудесімен үңгіп келеді. Атқа қонғалы қасындағы серігіне жақ жазған жоқ. Елтірі тымағының құлағын түсіре киіп, бауын байлап алған. Жауыны сіркіреп, ат аяғы дүсірлеп келе жатқан бұл жүрісінде әңгіме-дүкен құруға зауқы соғар емес. Іңірдегі ән мен саздан өрбіген қалың ойының бір арқауын қайта ширатып, бүлкекпен келе жатқан көлігінің ырқын өзіне тапсырып, күнгірт қиялға шомып-шомып кетеді.
Тұрсынды шақыра барған Қабан болыстың шабарманы Едірей еді. Сырқынды байдың зорлықшыл жуан кеудесін асқарға балап, нашар мен сіңірі шыққан кедейге айбар атып, көз аларта жүретін домбытпасы көп желөкпе болатын. Болыстың хабарын әкелгенде, ауыл-үйге долы дауыл тұрғызғандай күмпілдеп жетсе де, мына Тұрсын екеуі оңаша келе жатқан кезде тым қораш. Аңысын аңдып, аузын басады. Апалақтап шабатын байғұстың Тұрсынның түтеп кететін жүзіне қарсы иіні бір көтерілмейді. Өзінен кем, қор санайтын "сасық кедейдің" артында бұралқы иттей ілесіп келе жатқан қазіргі күйіне ызасы қозғанымен, сыртқа тебілмей шерменде боп қалды.
"Осы немені-ақ тайраңдатып қойды. Көп бұлғаңдата бермей бір сілкіп алса, жүні жығылып, өз-өзінен шөкімденіп қалар еді-ау. Қабекең де кім-көрінгенді жоқтан бар қылып қолпаштай береді. Әйтпесе, мына түксиген Тұрсын баукеспені шоңқайтып алғанда, бірдеңесі құри ма". Едірей есік пен төрдей алдында бара жатқан Тұрсынның қарауытып көрінген сүлбесін оқты көзімен атып келеді. Екі тізесі аттың қос құлағын қағып, денесі ерге құйып қойғандай қозғалмай мығым отырған дәу қараға бірер сәт қорқыныш аулай көз тастайды. "Не дегенмен дәу өзі. Анау-мынау екі-үш жігітті жалғыз түсіреді. Қапысын таппаса оңайлықпен құлату да қиын. Әй, жарайды. Менің немді бүлдіріпті. Осының қолымен Қабекең от көсесе, байдың сарқыты маған бұйырар. Әзірше қыбын таба тұрайын. Қасқыр алатын дегдар тазыны да түп атасы ит екеніне қарамай төрге шығарады ғой. "Иесін сыйлағанның итіне сүйек таста" деген, соншама бүлінетіндей бұл неме қызымды оятып па..."
Қыз дегенде Едірейдің шамына тиетін бір дүмпу кеудесінде солқ етіп аунап түсті. Құнжыңдап тебініп қалды да, шоқырақтап шаба жөнелген атының басын тарта қойды. Тағы да кейіндей берді.
Едірейде бала көп, қатын жоқ. Халал жұбы қайтыс болғалы жыл жарымға таянды. Уақытымен қазан-ошақ сылдырамаған, от басында ақжаулық жүрмеген үй үй бола ма. Үй демей мола десейші оны. Әйел алмайын деп жүрген Едірей жоқ. Соның ретін келтіре алмай жүрген Едірей ғой. Қабекеңе құлаққағыс қып талай айтып тауы шағылса да, үміт жібін үзе қоймайды.
"Қабекеңе де өкпе тақпаймын. Маған деген ниеті түзу. Құдалық айтып талайдың алдынан өтті. Баламның алды отау құруға жақындап қалғанда, оң босағада толықсып отырған қызын кім бере қойсын..."
Өзін-өзі алдаусыратқанмен Едірейдің күрсінгенде көкірегі қарс айрылады. Қарс айрылуының да мәні бар. Құдалыққа шығып, құлын-тайдай ертіп, аз да болсам көңілін аулаған Қабан болыс шабарманының көңілін де өзі қалдырды. Оған да себеп қыз болатын.
«Көкпектінің» жылғасына жер тырнап егін егетін Қарғанбай кедейдің жалғыз үйлі қонысына әлдеқалай жолы түскен Едірей үй иесінің жыртық иінді бой жетіп қалған қызын көргенде, қоқсықтың арасынан маржан аршып алғандай есі шығып Қабекеңе жеткенше асыққан.
— Қабеке, таптым! Өле-өлгенше құлдығыңызда өтейін. Ретін келтіріңіз! — деп, шоқтай жанған көздерін бір тайдырмай тілек білдірген-ді.
— Сығыр-ау, нені таптың? Түсіндірші әуелі.
— Қатын тауып кеп отырмын! Құдайдың маңдайыма жазғаны да сол, — деп, өзеуреген шабарманын біраз әжуа-күлкі қып алды да, болыс іштей келісім жасады. Арсылдап қотан қорыған төбетке де сіңірлі сүйек тастайтын. Едірейді де сауырдан сипап қойып, қолбала қылып ұстау керек.
— Кімнің қызы?
— Егінші Қорғанбайдың. Көкпектідегі суыр Қорғанбайдың, — деп, Едірей пысықтай түседі.
— Қой әрі. Тұлдырсыз кедейдің қайбір оңған қызы болушы еді. Ең болмаса қара шайын дұрыстап беретін жөні түзу де емес. Сыз сасыған жеркепесіне қалай кірем, Қабан болыс лезде айнып кетті.
— Қабеке, осы жолғы тілегімді орындасаңыз, қарғылаған төбетіңіз болайын, — деп Едірей өлердегі сөзін айтты.
— Әй, Едірей, көзің әбден қарауытқан екен.
— Ойбай-ау, енді не істейін. Қарауытса қарауытқан шығар. Қу тізені құшақтағалы жылдан асты.
— Жарайды.
Қорғанбайдың қызын көргенде, Қабан болыс сабындай бұзылды. Шоқпыттың ішіндегі сұлуды бұл да айнытпай таныды. Ақырында киіті мен қалыңмалды «осы мөлшерім де жетеді" деген шамамен бір-ақ айдатқызып апарып, қызды екінші тоқал қылып үйіне түсірді. Қабан жаңа отауда жас иіс құшқанда, Едірей іші ұлып суық төсекте қырық дөңбекшіді. Дөңбекшігенмен етер амалы, жасар айласы жоқ, өзегіне құрт түскен ағаштай жүдеді де қалды.
Қабан болыс шабарманының халін ұқты. Оның үстіне өзін кінәлы санап, Едірейдің де қолына құс қондырып беруді ойластыра бастады. Ондағысы адамгершілік биіктен қарау емес, қараулығын жабудың жоралғысы ғана еді. Сөйтіп жүргенде Тұрсынның Әпішін кездестіріп, қызға өзі де қатты қызығып, шабарманына сырттай соны лайықтаған. Қасында жүрсе, қапысын тауып көңіл қосу оңай. Оның ретін табады. Едірейге ішкі сырын оңаша білдіргенде, ананың қысық көздері ұшқындап-ұшқындап кетіп еді.
— Әзірше дымың ішінде болсын. Кедей болса да Тұрсынның еті тірі, мойнына тұзақ тастап бұлқынбастай етіп көндіру керек, деген. Соны Едірей әлі күтіп жүр. Тұрсынды суқаны сүймесе де, ақ сазандай аппақ Әпішті ойлағанда қолындағысы жерге түседі. "Әпіш! Сұлу Әпіш! Әлі-ақ сүйріктей саусағың майысып шай құйып беріп отырарсың!".
Аттар пысқырды. Алдан от көрінді. Ауыл әлі жата қоймапты. Бұлар болыс үйінің кермесіне ат басын тіреді.
* * *
Қасына он шақты әлекедей жаланған жігіт ертіп Тұрсын қарагеріне қамшы басқанда, Жетіқарақшының шөміші көкжиекке еңкейіңкіреп қалған еді. Таң қараңғысы ұйып түсті де, маңай меңіреу бүркенді. Жер бағдарын жұлдызға қарап тез болжағыш Тұрсынға ерген жігіттер ештеңені уайымдамай, аттарын cap желдіртіп жеделдете жүріп келеді. Кәнігі тірлігінде алыс-жұлыс пен ат үстін өмірінің ажырамас мәніне балап өскен қыр қазағы алдан тосар қиракезік сапарын көп ойлаған ба. Өздері үшін өзгенің күні бұрын шешіп, пішіп қойған кесігін ғана орындауда бас жарылып, көз шықса да тайсақтап көрген емес. Қадау-қадау көтерілген шоқпарларын көкке білемдеп, секек-секек сүйретілген сойылдарын аяқ басына іліп алып, ат үстінің желікті жүрісінде шақпақ отындай туындайтын әзіл-қалжыңды бұрқ-бұрқ атады.
Тұрсын есік пен төрдей алға озып, серіктерінің қызу күлкілі әзіліне араласпай үнсіз келеді. Бұрын қалжыңға жоқ болса да, кеңк-кеңк күлкісін аямай жолдастарын қолпаштап қоятын. Ол дағдысынан қазір ажырап қалып, ұзақ ойға шомады.
Қабан болыстың соңғы жарлығын жақтырмаған-ды. «Қабан десе қабан ғой. Азуы сояудай боп әркімнің санынан бір тартып, сойдақтатып өтпесе көңілі көншімес" деген сыпсың өсекті естіпті. Естіпті де, шала бүлініпті. Осы сөз оңды-солды айтылып, ел арасына тарап кетіпті. Түп төркіні болыстыққа таласқан Сәмен байдан шықса керек. Бақталас байдың кемсіте айтқан сөзі Қабанның қытығына тиіп бұрқан-талқан болмасына қоймапты. Қаны қайнап отырып, Тұрсынға қадау-қадау бұйрық берген:
— Сәменнің көзінің еті өскен екен. Кімді басынады. Үркөппе, даңғойдың құдайын ұмыта бастағаны-ау! Тұрсын, сені әдейі алдыртып отырмын. Күпсінген кеудеге жел толған екен. Соны басып кел. Құр күпілдектіктен аса алмайтын неменің арты белгілі. Тәубасын бір келтір. Сойыл-шоқпарлы сайыскер жігіттеріңді дайындап қойдым. Дәл қазір атқа қон да, Сәменнің айғыр үйірін қайтсең де айдап қайт! деді.
— Қабеке, кім не демейді. Ін аузында қылтиған суыр екеш суыр да күштілік білдіреді. Үйінде жатып қымыз ішіп желік шақырған әлдекімнің қатын бопсасын тергейміз деп жазықсыз жандардың көз жасына қалармыз.
— Әй, не оттап отырсың! Кімді үйреткелі отырсың сен мұндар! Қабанның бұйрығына қарсы келетін кімсің! Көзіңді ашып қара! Бір сығып, екі бұрап, омыртқаңды үзіп қолыңа беретін құдайыңмын, деген Қабан күш көрсетіп қыңыр тартқан. Тулағанда қайда барасың. Бала-шағаңды ойламайтын көрсоқыр ма едің әлде. Алақанға салып әлпештеп отырған қызыңды ат көтіне жатқызып шауып әкелдірсем қайтесің!
Тұрсын жалт етіп Қабанға қарады. "Мынау не дейді, нені көңірсітіп отыр? Әпішімді аузына алғаны несі? Арам ойы бар екен ғой" деген шұғыл ойдан ширығып қамшысын қысып ұстап тұра берді де, қайта шөкті. "Қой, бекер арандамайын. Қарақан қу басыма мың қарғысын жаудырса да түк етпес еді, Әпішімді аямас. Сәмені не, Қабаны не екеуі де зұлым. Бірі өліп, бірі қалсын..."
— Қашан жүрейін?..
— Е-е, солай жөніңе қисайсаңшы, батыр. Қазір аттанасыңдар. Жылқыны Үңгіртасқа қамап, ізді басқа тұсқа тастап кетіңдер, — деген Қабан орнынан жылдам көтеріліп, Тұрсындарды өз қолымен аттандырып салған.
* * *
Біржан атын ерттеп жүруге қамданып жатқанда, ауыл үстіне таянып қалған екі-үш аттыны көрді. Ортада жетектеулі келе жатқан қарагердің үстіндегі адамның басын ақ шүберекпен таңып тастапты.
Әпіш қонақ жігітке ұрлана көз тастап үй іргесінде тұрған, келе жатқандарға қарап жіберіп, ащы дауыспен шыр ете түсті.
— Көке!..
Басы жарылып, қолы сынып мүсәпір халде оралған Тұрсынды екі жігіт аттан көтеріп түсіріп, көтеріп апарып төсегіне жатқызды.
— Оташы керек!
— Басының жарасы да қатты.
Бәйбіше тіс жарып ләм деместен ұлының қолынан ұстады, сынығын көрді. Көзі шүңірейіп бір түннің ішінде жүдеп қалған баласына қабақ түйе қарады.
— Тәйт! Соншама сүміреймей. Қой деп едім, қоймадың. Енді кеп сыныққа бола салың суға кетіп... Опырылып түсерің бар, отырмаймысың жайыңмен... деп, жеңді түріп жіберіп, білекті сипалай бастады. — Қатты ұрған екен. Екі-үш жерден сыныпты. Ештеңе ете қоймас. Енді тәубаңа келерсің. "Зорлық түбі қорлық" дегенімді тыңдамаушы ең.
Біржан ананың күңкілдей ұрсып отырған қазіргі қалпынан көз алмағанымен, оташыға адам жіберілмегеніне қынжылып отыр еді; кенет Тұрсын сәл ыңырсығандай бетін тыржитыңқырап қалды.
— Болды. Орнына салдым. Әпішжан, белбеуімді әперші. Қазір таңып тастаймын.
Кемпір жұмысын бітірген соң маңдайынан шып-шып шыққан терді қолының сыртымен сүртіп тастап, орнына барып отырды. Күпісін жамылды. Содан кейін сөйлеп кетті.
— Ал, балам, ақыры басқа соғылып тоқтадың. Ағайын берекесін арсылдап қуушы ең, енді мені мына қартайған шағымда тірі өлтіріп және отырсың. Сен мұнда қан жуынсаң, анау сен ауылын үркіткен елдің қанша боздағы қой бауыздағандай қанына шомылып жатыр екен. Қоймадың. Өспейтін ұрпақ өнегесіз іске құмар. Тәңірден тілер тілек қалмады. Сенің жаманатыңды күнде естігенше құдайдан қаза күтуден басқа түгім жоқ. Енді қар баспаспын. Басқызбас жасаған. Бүкіл тірлігімде бір еміренер сәт кешпеппін. Осы түнде ғана анау, өнерінен садаға кетейін, әнші жастың игілік дәміндей әуезін естіп ем, ең болмаса сәрі асындай сол құмарымды да толық бермей мына бәлеңді алдыма көлденең тостың-ау. О да болса таласқан иттің талқысына түскен қу тірлігімнің сыбағасы болар. Түңіліп-түңіліп таусылып тынғам. Есің болса ендігі бір ғана ниетімді тыңда. Мен анаңмын. Әпіш балаң. Ана кешірімшіл, бала кекшіл. Әпішті жылатпа. Осы қызығымның қылдай қиянат көріп, көз жасын төгуіне себепкер болсаң көрде де тыныш жатпаймын. "Тең теңімен, тезек қабымен". Көңлі қалап, жүрегі таңдаса еріксіздік торын қол-аяғына тастама. Өкінішпен өгейсіп өтпесін, деді де, күпісін жамылып жантая кетті. Ананың тілек сөзі тұсында үй ішіндегілер түгел үнсіз қап еді, Біржан Әпішке қиыстады. Әпіш те мұны көзінің астымен бағып түр екен; екі беті ду етіп қызарып кетті. Әпіштің шешесі ене сөзінің әр лебін дұғасындай сіміріп елтіп қапты, ерні жыбырлап екі алақанын төсеп бетін сипады.
Тұрсын әнтек қана бас изей түсіп, келісім танытқан сыңай білдірді.
Біржан аттануға қамданды. Қамшысын саптамасының қонышына тығып, орнынан көтерілді.
— Ал, отағасы, тез айығыңыз. Рұқсат болса, мен жүрейін. Аман-сау көріселік.
— Жолың болсын, шырағым. Әпіш, аттандырып сал ағанды.
Атқа қонған Біржан қыздан көз алмайды.
— Әпіш, есіңе ала жүр.
— Ағасы ұмытпаса, қарындасы ұмыта қоймас. Ұмытпас та.
— Ұмытармын ба, о не дегенің, Әпіш қалқа! Оралармын.
— Сіз қайта оралғанда, құрбыңыз орнынан табылса ғой. Кім білсін, деген қыз әлдебір қаяулы мұңын сездіргендей күрсініп қалды.
— Әпіш, Әпішжан, ниетің шын екен. Келемін. Жетермін қайта. Өзіңнен белгі шықпай өзеуреп қатыгездік жасаймын ғой деп қорқып қап ем. Айта алмай қиналып бара жатқан ем. Сағынарым, іздерім де өзің ғанасың, Әпішжан, деп, Біржан ат үстінен еңкейіп қыздың шашынан сипады.
— Тез оралыңыз, Біржан аға, көзін төмен төңкерген Әпіш сәл басын иді. Тосам. Сағынып тосам!
— Тос, Әпіш! Көп күткізбеймін.
— Сау болыңыз!
Ұзап бара жатқан әнші жігіттің соңынан қарап қалған қыз қара көзі жасқа буланып қыбырсыз тұр. Еріндері баяу күбірлейді.
— Қош, ұмытпа, Біржан аға!..
* * *
Қол аяққа қыл арқан түскеніне аттай үш жыл толды. Қиналған жанға қайғы-шері көп толғақты күйік жамалғанына да тура үш жылдың мұғдары өтті.
Іштегі жегіден құтылар пана таба алмай, екіленіп бұлқынғанда, шорланып біткен ескі жараның орнына білем-білем жаңа жара түседі. Шып-шып қан шығады. Қыл арқан қан сіңіп, қақ-қақ болған. Аяқтағы темір кісен күн өткен сайын ауырлай түсіп, зіл батпан салмағымен қозғалуға пұрсат бермей, керегенің сағанағына тапжылтпай таңып тастаған. Содан ба сахараның сағымындай сусыған еркін, ерке Біржан бұл күнде үстіне жалған жапырылып құлағандай ауық-ауық күрсінгенде, көкірегі қарс айрылады.
Алғаш, осыдан төрт-бес жыл бұрын шау тартып, ақшулан сақалы молайып, кәріліктің алғашқы сызды салқынын сезіп, бұрынғыдай ұзақ-ұзақ сапарға шықпай үйінде отырып қалып еді. Теміртас, Қалкен ұлдары өсіп, Ақық, Асыл қыздары бой жетіп барады. Халал жұбы Әпіші баяғысындай. Салдың қас-қабағынан көңіл күйін танып, жүріп жататын.
Біржанның Ержан, Нұржан ағалары інісінің осы бір үйкүшік болған тірлігіне шүкіршілік білдіріп, «Енді қартайған шағыңда әуп-әуп етіп беделіңді түсірмей шаруамен айналыс. Осыншама жын қуғаның жетеді», деп, өздерінше ақыл айтып қоятын.
Біржан біраз шыдады. Біржан шыдағанмен, сал-сері жолдастары шыдамады. Ат көпір боп келіп жатты, ауылды думандатып жатты. Қонақасы судай төгілді. Біржан кедей болғанмен, ағайын-туыс бай. Бірақ бай туыс бағыланының басы кеміген сайын кейістігі ұлғайып, кедей Біржанға кекірейе қарайтын болды. Ауылда жиын азайды. Дүрмек дүбір жоғалды. Ақын жалғыз қалды. Ақынның өзімен бірге ойы ғана қалды. Дәрменсіз ой ұзай түседі. Ұзатып аулаққа, оңашаға әншіні алып кетеді. Біржан жалғыз қалған, жайрап қалған дүниеден іңкәр іздеп, көңіл алдап, ән шырқатады. Оңаша егіледі, оңаша жылайды. "Айтып қалайын, соңғы рет ашылып қалайын" дейтіндей оқшау терекке сыр шертеді, серек жартасқа тіл қатады. Күбірлеп жыр жолдарын іздейді, күңіреніп әуен шақырады.
— Ей, дүние! Мен саған ән сыйладым, сен зар бердің! Мол бердің. Аямадың. Тулаған жанымның парша-паршасы шыққан тілім-тілім жарасын көрші...
— Ей, дүние! Мен асқарыңа құлаш сермедім, сен шыңырауыңа тарттың. Соншама азап берердей неңді бүлдіріп ем. Не жазып ем саған!..
— Ей, дүние! Бозторғай құрлы қадірім жоқ. Cap далада жалғыз түп қараған да бой көтереді. Көлеңке түсіреді. Менің саямнан пана тапқан тірі пендені көрсетпедің. Не істедім саған мен?..
Әнші зары тынбайды. Ән күңіреніп шалқиды, күрсініп төгіледі. Улы дертпен бойды алған оңаша ойы аулақ-аулақ әкете береді.
Біржанның оқшаулануы көбейді. Оның үстіне Қарауыл мен Керейдің дау-жанжалына қарамай Қарауылдағы дос, серіктерінен де қол үзбеді. Бөріктінің намысы бір. Бірақ намыс қуған Біржан жоқ. Оның қуары ойы. Оңашалығы. Қымбат дүние тәрк етсе, қимас тірлігі азабына айналды. Ықылық атқан көкіректен запыран төгіліп, "Ей, дүние!" дейтін бітпес шерге ұласты. Соның аяғы "Біржанды шалық басты, жын иектеді" деген сұмдық кесікке байлап, аяқ-қолға кісен салдырды. Асқақ Біржанды тұтқын қылып ұстады.
Әл-қуат күн санап кеміп барады. Мысқалдап таусылған дәрмен ес-сананы да әлсіретеді екен. Есі кейде бар, кейде жоқ. Қауесет хабар аздап шындыққа айналғандай. Бота көздері жасаурап, құр сүлдерімен керегенің тор көзінен қараңдайтын жандарға үнсіз, дәрменсіз тесіледі. Әннен тыйылған әнші сөзден де қалды. Ендігі ермегі де, бір уақыт уанышы да ойы. Бітпейтін, үзілмейтін ойы.
Аяқ-қолға қыл бұрау түскеніне үш жыл толды.
Үш жылда үш күн домбыра ұстаған жоқ. Үш сағаттық еркіндік көрмеді. Сөзден қалғанда, жасы да тоқтады. Ендігі күңгірт жанарда бір тамшы сор жоқ, құрғап, кеуіп біткен. Ендігі қалған ғұмырда тірлік өткен, тіршілік кеткен. Үнсіз азабы, бітпес тозағы бар.
Ақиығы, арысы бұғауланғанда, елі жүдеу тартты. Шұбырып келді. Жадау тарады. Ағылып, төгіліп оралды. Ағылып, төгіліп еңіреді. Бірі сенді, бірі сенбеді.
Ал дүние, өтеріңді біліп едім,
Білдірмей серілікпен жүріп едім.
Бұл күнде арық қойдан бағам кейін
Үш жүзді сайран қылған Біржан едім, —
деп халқына әнімен қош айтысады. Әнімен өткен күнін аңсайды.
Бірде құрдасы Тәнкебай келді. Бар денесі жер тартқан салды құшақтай құлады.
— Не болғансың, Біржаным?! Сен мұндай азап тартып жатқанда, менің тірі қалқайып жер басып жүргенім кімге қажет. Кешегі думандатып жүретін ақиығым, бүгін сенің мынандай қорлықта, тірідей жермешел боп қалғаның кімнің арқасы, кімнің жаласы! Әлде дүние деген қатыбас өмір осы ма. Қыранын қанатынан қайырып, жер соқтырып кете бере ме? деп өксіп-өксіп жіберген Тәнкебай орнынан опыр-топыр ұмтылып айқай салды.
— Уай, Керей, жынданған Біржан емес, сендерсіңдер. Уай, Ержан, Нұржан, сен екеуіңсің! Арым, намысым, әншім, ақылым Біржан жынданбайды. Жынданды деп сендер үнін өшірмексіңдер. Әнін ұрламақсындар! Өшпейді, ұрланбайды. Ұрлай алмайсыңдар! деп, қатты ызадан кіжіне сөйледі.
Құрдасының даусын естігенде, Біржанның тандыр боп кеуіп қалған көздерінен үнсіз жастар бұршақтай саулап үзіліп-үзіліп түсті, төгіліп-төгіліп кетті. Көптен бері алғаш рет жанын ұққан, сырын, шерін түсінген мұңдас достың күйігінен демеу тауып, ұзақ жылады. Тәнкебайдың жас жуған бетін бетіне басып отырып, жалынын жоғалтқан ұшқыр көкіректен өкініш атты.
Қарасу есік алды лайланды,
Бай болмақ, кедей болмақ құдайдан-ды.
Қамзолдай қысқа пішкен дөңгеленіп,
Дүние өтерінде шыр айналды...
Ән қамыққанда, тұрғандар түгел жылады. Ән Біржанның ақтық қош-қошы сияқты. Запыланып уһілеуі тәрізді. Дос-жарға аманаты да іспетті. Ақ сақалы ұзара өсіп, жақ жүні үрпиіп кеткен жүдеу жүзде қан-сөл жоқ. Жүдеулік, кемдік табы бар. Қадала қарап, өкси егілген Тәнкебай "Қысқа пішкен дөңгеленген қамзолдай" тірліктің қатыгездігін бетпе-бет көріп отыр. Көкшеде бұлақ көп. Көлі сексен. Саздауықтан жылап аққан бұлақ тостаған көлге сақылдап күліп құятын. Сексен көлдің екі тостаған көзі суалыпты. Күліп құятын қос бұлақ жылап ағып құрдымға құлдилайды. Біржан көзі қос тостаған, күңгірт көл. Әнші жасы құрдымға бет алған өкініш тамшысындай сағыныш бұлақтары. Ағыл-тегіл төгіліп жатыр. Шыр айналып дүние өтіп барады. Ақындық, салдық сол тамшылармен бірге үзіліп бара жатыр.
— Апырым-ай! Мынау тынысты тарылтар зілзала ғой. Өксімеші, құрдасым! Сен... Сен тарылмашы. Санаулы күніңде сарғаймай, самғап бір қалшы, ардақтым. Абзалым, Біржан! Тауыспашы мөлдір тұнық бұлағыңды. Серпілші, қайта бір серпілші! деп, Тәнкебай досының иығынан ұстап тұрып сілкіп-сілкіп қалды. Ән тоқтады. Біржан жасы да тыйылды. Өз сүрлеуін тауысып біткен жолаушыдай тіл қатпай, сұлқ түсті.
Қол-аяққа қыл бұрау оралғанына тұп-тура үш жыл толды.
Ұғымтал, сергек жүректің ұғымсыз дертке шалынғанына да үш жылдың көктемі жетті.
"Әй, осы көктемім ақырғы көктемім-ақ болар. Енді көре алмаспын. Қараңғы көрдей мына бейуақ ертең таң болып қайта білінер ме? Теміртас, Қалкен қос қарашығым, қайдасыңдар? Келсеңдерші, маңдайларыңнан иіскейін. Қолымды босатыңдаршы, арқан батып барады. Әпіш-ай! Сені де сорлатты ғой. Жібермейді ғой маған. Кім көрінгеннің тепкісінде кетермісіңдер. Келсеңші! Қусаңшы мына меңіреу қараңғылықты. Шам жақшы! Әкелші жарықты. Ең болмаса саңылау енгізші мына қапасқа.
Көктем иісі аңқыды-ау! Түңлікті түріп тастар ма еді. Теміртасым қарағым, айдарыңнан бір сипатшы. Келе ғойшы, құлыным..."
Біржан әлсіз күбірлейді. Кеберсіген еріндер үнсіз сыбырлайды. Ауық-ауық ыңырсып қан шыққан білегін ыстық демімен үрлейді. Бір сәт анталаған қараңғыдан азу тісі ақсиған Жанботаны көреді, қайқайтып қамшы сілтеген поштабайды көреді. Керегеге тығылып бетін басады.
— Ұрма! Қайт кейін!...
Үні булығып ән салмақ болады. Толқын келгенімен ауыздан сөз шықпайды. Соған уайымдайды. "Жанботам" қайда? Неге айтпаймын". "Адасқақ" та жоқ. Мынау дойыр "өл!" дей ме? Өлгенім дұрыс па әлде? Қорлық таңбасын сүйегіме салғызғанша, неге өлмеймін"...
Өлім деген түйсік миына оралғанда, сұлық қалады.
Кеудеден бір күй аулайды. Ол өлімнен сескену емес, қайта сол жұмбақ белгісіздікке асығу сияқты. "Өлсем қайтер еді? Ештеңені түсінбес меңіреуге батам ба? Шын батам ба? Ешуақта қайта оралмай жер боп, топырақ боп шіріп, тозып таусылам-ау..."
Ауыл шетіндегі қараша үйден қарлыққан дауыс бұрын жиі естілуші еді, Мамыр туғалы сирек шығатын болды. Әдеттегідей ертемен түңлік те ашылмайды. Боз ала таң көп тесіктен найзадай үңгіп жарқ-жұрқ шаншылады да, жылжи-жылжи кереге бойлай барып бейуақ ымыртқа сүңгіп, жоғалып тынады. Сырттағы жарық дүниенің белгісіндей осы найза — сәулелер Біржанның көз құртына айналды.
Бұ күнде тіл — күрмелген. Күрмеп қойған өзі. Тіл айтпасты сайрап тұрған көңіл айтқан соң қайғы-қасіреттен туындап бара жатқан ішкі жегісін анда-санда бір уһілеп, ащы, ауыр деммен лықсытады да және тыншиды.
Кеудеде зіл қаратас бар. Зіл қаратас дерт меңдеткен ауруы емес, жүйе-жүйкесін сенделткен шер-шемені. Сол шер-шемені қоюланған кезде алақандай көздері бақырайып, кірпік қақпай мелшиіп қалады.
Көзі ілініп кеткен екен. Шыр-шыр етіп безек қаққан бала даусынан шошып оянды. Жазбай таныды. Теміртасының жан ұшырған шырылы. Біржан шыдай алмай керегенің сыртынан ұстаған шиді саусақтарымен осып-осып жіберді. Саңылау білінді. Саңылаудан кешкі дала, кешкі далада көйлекшең бала, қамшылы молда көрінді. Ысылдаған әбжыландай ауыр қамшы сегіз-тоғыздардағы баланың арқасына шып-шып тигенде, Теміртастың көз жасы мен қоңыраулы бәйек үні қоса шығады.
— Ібіліс иектеген неменің тұқымы! Аяғыңды қия басасың ба солай қарай. Ендігәрі қия басып көрші! Анау жын шалықтаған әкеңнің қасына тас қылып мататып қояйын! Сені қашанғы қоримын, ә! Әй, Нұржан, мына күшікті байлатып таста!
— Ұрмаңызшы, молдеке! Көкеме тамақ апарып берейін деп едім. Қарны ашты ғой, молдеке! Ұрмаңызшы! деген баланың ащы даусы Біржанды мында дөңбекшітіп жатыр.
— Ержан, Нұржан! Оңбассыңдар екеуің, оңбассыңдар!
Біржан дір-дір етіп екі ағасын қарғайды. Құлыншағын аяйды. Арыстандай ақырып, бұрқ-сарқ бұлқынады. Жолым үй дүр-дүр шайқалады. Бұлқынған денеге қыл арқан кіре түседі. Жарадан шып-шып қан ағады.
— Сорлы құдай сорлатқаны аз ба еді? Мұныңыз қалай, молдеке! Тимеңіз балама! деп кимешегінің етегі шұбатылып Әпіш жетті. Жүзі сарғайып әжімді өңі күлбеттеніп кетіпті. — Есі ауысты деп күйеуімді байлатып тастаттыңыз. Жыны жұғады деп бала-шағаны жолатпайсыз! Тозақ отына тірідей күйдіріп отырып, ұрмаңыз баламды. Оны ұрғанша мені ұрыңыз!
Қаһарлы қолдағы ашулы қамшы сөз тыңдар ма, әйелдің де арқасында ойнап кетті.
— Қор болдыңдар-ау! Тірі жетім, тірі жесір сор маңдай бейбақ болдыңдар-ау! Ей дүние, енді көрсетпегенің осы ма еді. Көз алдымда қатын-баламды тулақша сабатып тірі қойғанда, алмағың не еді менен! Нең қалып еді әлі де тонамаған? Әнімді алдың! Атақ-абыройымды алдың! Өмір серік достарымды, ел-жұртымды алдың. Қанбап пең, тоймап пең! деп аһ ұрып күрсінді де, басын керегеге соғып, кемсеңдеп жылап жіберді.
Қараша үйге қара-құра көп енбейді. Енгізбейді. Кешегі кербез әнші бүгінгі керексіз "жынды". Арқаға аты шыққан, бүкіл Орта жүзді әнмен ұйытқан Біржан сал "арық қойдан бағасы кем" кем-тарлығын ойлап-ойлап кетеді.
Бұлың-бұлың сурет келеді. Ақ-қарасы айқын, таза ұзынша көзді Абай демін ішіне тартып тыңдап отыр. Балқып отыр. Айналадағы жиынды түгел ұмытып аңыра қадалып, әнші жүзінен көз айырмайды. Ән біткенде Біржанға қуана бұрылды:
— Өзге, өзгеңді қайтейін, Біржан аға. Босағадағы әнді өрлетіп төрге шығардың-ау! Қадір-қасиетіңді таныдым-ау! Сенен зор, сенен қадірлі кім бар!
Біржан мырс етті. Қанталаған білегін сипады. «Қайран, Абай-ай! Жалғыз сенің ғана қадірімді білгенің дәл қазір мына өңшең жыртқыштың қаперіне кірер ме. Төрдегі басым босағадағы торда отырғанын естідің бе екен? Естіген болсаң, бір хабар білдірер едің-ау!».
Көкіректе сырыл бар, демігіп жатып алыс-жақынын еске түсіреді. Сал-сері достарын іздейді. Бұлт бүркесе, жел үрлеп үй шайқалады, кереге-уық сықырлайды. Қыбырсыз жанға тықыр да ермек. Басын жұлып алып талай түнде тың тыңдаған. Кілең күрең жорғалы, күдері белбеулі өнерлі достары көзі ілінсе іңірлетіп күй шалып, сан құбылтып ән салып жиылып келіп тұрғандай болады. Содан ұйқысы қашады. Қараңғыға ұзақ телміреді. Аулақтан, тыншыған ауылдың ту сыртындағы жыңғылды сайдан кісінеген аттың, кіселі белдіктің шылдырын естімек боп көтеріліп отырады. Ыңылдап ән салады, достарын шақырады. Күбірлеп жыр толғайды. Серіктерін іздейді. Тілініп-тілініп кеткен еріндерін жалайды. Қарманып ауа құшады балаларын аялағаны, аймалағаны. Ән жылайды, армандайды. Жыр күрсінеді, кек атады. Ән ширығады, аңсайды, өксиді, өгейсиді. Күбір-күбір ерін еміренеді, сағынады, жалынады. Жалыныш сағынышқа ауысады. Сағыныш әуенге, сазға ұласады.
Теміртас, Асыл, Ақық қарақтарым,
Үкідей жақсыларды балақтадым.
Бірге өскен құрбы-құрдас, замандастар
Есіктен келе ме деп алақтадым.
Салғаным ағаш үйге ызботты пеш,
Бір құдай ғапу-айлап күнәмді кеш!
Бірде сау, бірде ауру Біржан ғарып
Замандас, аяқтағы кісенді шеш!..
Жазықсыз тұтқынның запыран гөй-гөйі саз боп төгіледі, саз боп алыстайды. Алыстағы қойшы, таудағы жылқышы жанарына жас алып, үнсіз егіліп тыңдайды. Ән жатталып, қиырдан қиырға тарап жатты. Ұйқысыз түндерде үзілмей ұзарды. Ауыздан-ауызға кетті. Ауылдан ауылға көшті. Ән салдың зары, салдың басындағы заманына деген наз-наласы боп мұңға мұң қосып, алыс-алысқа кетіп жатты. Ықтиярдан тыс ерік алған әуен көкірегін жарып шығып, шартарапқа шығандап тарады. Торығу емес. Түңілу емес. Өткенді өгейсу, әлі де болса бір қанат серпіп, қияға қырандай самғауды аңсау. Соның белгісі осы әні. Тоқтамаған тынбаған, ұрланбаған, "жынданбаған" әні.
Қолына арқан түсіп, аяғына кісен салынғанына аттай үш жыл толды.
Жел қанатына ән мен жыр тоғытқан сергек ойдың қапасқа қамалғанына да үш жылдың мұғдары болды.
Қызғылт өңді, кең маңдайлы сұлу жігіттің орнында ақ сақалы желбіреп, ұрты суалып, көзі үңірейіп, мұрны сорайып тірі аруақ отыр. Тірі аруақта сұр жоқ. Тіл жоқ. Құрмет-қадірі қашқанда, құрбы-құрдас та алыстайды. Жоламай, жоғалып кетеді. Біржан соларды ойлағанда, ат ізін сирек салып, қара көрсетпей кеткен ағайын-туысты іздегенде, жаны өртене күңіренеді. Қожа-молда, бай ағалардың елге тыйым сап, ауылға енер қара-құраны аластап қуатынын байлауда жатқан Біржан қайдан білсін. Нелер зарлаған мен жылағанды жұбатқан әнші сал өзі еңіреген кезде маңайынан қол ұшын берер, сәлем сөзімен көңіл аулар жаубөрік көрмеген соң, ішінен сұмдық түйткілге кездесіп, бар тұлабойы қалтырап, адам біткеннен үрке түседі. Сол сәттерде дүниеде екі аяқтыдан өткен жыртқыш та болмайтындай көрініп, бар түйсігі ендігі еркіндігі мен бостандығы іспеттес "өлім", "ажал" деген ұғымға саяды. "Қазадан қашып құтылған пенде жоқ. Дүниенің төрт бұрышын түгел аралаған Қорқытты да ақырында ажал құтқармаған. Содан артық емеспін. Келер болса тезірек келсе екен. Жетсе екен жылдам... Мен ішпеген у жоқ, әлі келем итшілеп... Бұның несі тірлік. Жалғыздықтағы қайғы ауыр екен. Менің күңіренгенім кейбіреудің күлкісін көбейтсе, құз биіктің түпсіз шыңырау жиегіне тақалғаным болар. Құлайын да... Біржолата өшейін де..."
Мамырдың ортасында, шуақ күндердің артын ала, суық ызғарлы күндер келді. Сол ызғар ашық-тесігі көп қараша үйде ызғып тұр. Кіріп-шығар кісісі аз тұтқын қостың оты да жағылмайды. Қыбыр-тықырды аңдыған Біржанның санасы ғана сау, бірақ ұйқылы-ояудай бір халдің айықпай жеткені соншалық, суық сорған еріндері көгеріп, қозғалмай, табжылмай сүлесоқ жатыр. Қол созып қасында жатқан күпіні де жамылуға әрекет жасамайды. Ауық-ауық ызыңдап оралатын ән жолдарын ақырын сыбырмен айтады.
Саясы кем болады қу қайыңның,
Жігіттер керегі не уайымның.
Келгенде алпыс жасқа қонды қонақ
Білмеймін не қыларын құдайымның...
Осы сыбыр, осы ызың үзілмейді. Айтқан өзі ме, өзге ме оны тексеріп жатқан жоқ. Әйтеуір ұзақ түннің баяу таңы сызат бергенше, бір ұйқы, бір елеспен сарын мен ызыңға мидай араласып жатады.
Бірде таң алды болатын. Ап-анық дыбыс естілді. Кәдімгідей боп табалдырықтан аттап әлдекім кірді. Тізесін бүгіп, тал шоқы үкісін бұлғаң еткізе иіп сәлем берді.
— Арқаның ақиығы асыл Біржан, халіңді ұғып, хабарыңды естіп әдейі келдім. Мен сені ұғынып тауып, үміт етіп асылға балап қалып ем. Ардагерім, азаматым деп, ерекше туған замандасым деп қадір тұтып ем. Тұр! Серпіл! Мойыма! деп, жұбаныш айта келді.
— Апыр-ай, Сарамысың?
— Иә, Сарамын. Ешкіөлместен кеп тұрмын. Уа, Біржан аға,
Жорға едің сарыныңмен самғайтұғын.
Бәйге аты серпініңді шалмайтұғын.
Әніңді он екі ызбот жіберсеңші,
Есімнен өле-өлгенше қалмайтұғын.
Соныңды ұмыттың ба? Ұмытпа! Тұр! Көтеріл. Берілме қайғыға. Сен одан жоғарысың, деп қызыл еріндері дірілдеп сәл езу тартты.
— Жақсы келдің-ау, Сара! Түңіліп кетермін бе деп жатқанымда түнегімді серпіп жеттің-ау. Кім қалды, кімім қалды деп алақтай беруші едім,
Дем берді, Сара жаным, осы сөзің,
Тас түлек тұрымтайдай екі көзің.
Сөз айтар қандай кісі деген кезде.
Көтерер қолтығымнан келді кезің!
Рақмет! Кел, қасыма кел. Дос көңілің әлі баяғыдай екен. Бек ырзамын, жаным Сара! деп, қолын созғанда керегеге тиді. Көзін ашып алды. Тағы да елес екен. "Апыр-ай, алдары бар, аңсатары бар елес деген де жауың болады екен-ау. Жеткізбесі бар неге шырмай береді. Қыл мойынға төндіріп әкеп, асқындап, атқуылдап тұрған бір пәле..."
Қараша үйдің есігі күніне бір-ақ мезгіл ашылады. Есікті ашатын да, тамақ әкеліп, салды сүйемелдеп аулаққа алып барып келетін де саңырау Төреқұл. Саңырау Төреқұлға Біржан сал да бір, ала өгіз де бір. Он жасында екі құлағынан бірдей керең боп қалған жанға ән де, зар да естілер ме. Ержан мен Нұржанның тауып қойған күзетшісі осы.
Бүгін де Төреқұл Біржанды орнынан көтеріп тұрғызды. Мойнындағы кілтті алып, кісенді ағытты. Әншіні жетектеп тысқа шығарды.
Аспанда өркеш-өркеш ауыр сұр бұлт баяу жылжып барады. Күн көрінбейді. Өкпек жел бар. Қыстан шыққан бірер тал қызыл қурайды дірдектетіп төр. Төреқұл Біржанға жыңғылды сайды ымдады. Әдеттегідей жұлқа тартып, сүйрелей жөнелген жоқ. Артынан жай басып ілбіп келеді.
Біржан тысқа шыққалы айналасына жиі көз тастайды. Күніне осы бір серуенін асыға күтетін. Қоңырқай үйлі қара лашықты ауылға жалтақ-жалтақ қарайды. Ауылдың тірлік белгісі аз. Түтін шамалы. Қарасирақ бұралқы иттер күлі ұшқан жерошақтарды тінтініп, әлдебір сүйекке таласып ырылдасып қалады.
Қараша қоңыр үйдің есігі ашылып, сыртқа бір бала шықты. Теміртасы екен. Көкесіне алыстан қадалып тұр. Шолақ көйлек, шолақ дамбалдан басқа лыпасы жоқ. Біржан кібіртіктеп тоқтады. Саңырау да аялдады. Бала сайға қарай жүгірді.
— Теміртасым! Құлыным! Сағынған екенсің.
"Мына саңырау неме бөгет болмаса екен! Айтпаса екен аналарға..."
Теміртас әкесін көргенде жылап жіберді. Құшағына сүңгіді. Біржанның да көзінен тарам-тарам жас ақты.
— Көке! Көкетайым!
— Жылама, Теміртас! Ұл бала жылай ма екен. Сен мықты бол. Апаңның ендігі тірегі сенсің. Берік бол!
— Көке, сені неге босатпайды?
Біржан үндеген жоқ. Жас жуған ұлының жүзін көргенде қатты қобалжып, ащы зәр жұтқандай тыжырынып кетті.
Саңырау Төреқұл әкелі-балалы екеу емін-еркін сөйлесіп, мауқын бассын дегендей аулақтап тұр. Екеудің не айтып жатқандарын естімесе де, жүздеріндегі қайғыны аңғарып, толқын оймен түйіліп қалды.
«Жасың жетпей, бұғанаң бекімей жетім қаласың-ау. Алдыңда малың жоқ. Кімге көз салар екенсің...»
— Көке, қашып кетейік. Бала діріл қағады. Дірілдеп тұрып бір амал айтады. Қолынан бар келері де сол.
— Қашып қайда кетерміз. Уайымдама, құлыным. Мен ауру деп ұстап отыр ғой. Ертең жазылам. Сонсоң баяғыдай өзіңді қыдыртам әлі, деп, ұлының маңдайынан сүйді. Ал, Теміртас қалқам, үйге қайт. Тоңып қалдың. Біреу-міреу көріп қалса, ұрсып жүрер.
Бала кібіртіктеп қайтып барады. "Көкем жазылады" деген қуанышы да бар. "Жазылмаса, босатпаса қайтеміз" деген күдігі де бар. Ұзаған сайын тоқтап бұрылып, әкесінің еріні тиген маңдайын ұстап-ұстап қояды. Біржан, "бар, бара бер, балам!" дегендей басын изеді. Көңлі жайланған Теміртас жүгіре жөнелді.
Үйгe кіргізіп, Төреқұл салдың арқанын сәл босатып байлады. Шығып кетіп біраздан соң тайжақыдан тіккен жеңсіз әкеп кигізді. Соның бәрін бір ауыз ләм демей жасап жүр.
— Апыр-ай, мына Төреқұл екі ағамнан артық жақсылық жасады-ау. Адамның асыл қасиеті ішінде болады екен. Дәл соны танытты-ау. Сені ел саңырау деп атағанмен, құлағы саулардан гөрі мұң-зарды сен естігіш, ұққыш боп шықтың. Рақмет дейінші. Естімесең де айтайыншы..."
Біржан риза кейіппен басын изеді. Арқаға қақты. Төреқұл басын шайқады. Қабағын түйді. Қалай шайқады, кімге қабақ түйді айтқан жоқ.
Күн түнге, түн күндізге ауысып өтіп жатыр.
Ызғарды шуақ қуып, май күні, мамыр күні тамылжып тағы ашылды. Аспаннан жылуы мол нұр сорғалады. Жан-жануар түлеп оянды. Тірлігі мол күнеске талпынды. Бәйшешек бой жазып, қызғалдақ қауызын ашты. Көлге саңқылдап ұшып қаз қонды. Желіге құлын байланды. Күмп-күмп етіп сабада қымыз пісілді. Жайлауға бет алған ауыл-ауыл жылжып қонып, ірге ауыстырып, қоныс жаңартты.
Ақын тірлігіне ғана өзгеріс енген жоқ.
Жаңғырып жаз шығар. Жаңарып ән-жыр қалықтар. Қынаменде болар. Қыз-қырқын, жігіт-желең желкілдеп шығып, желік қуар. Ән салар. Біржанның "Ләйлім шырақ", "Керкекіл", "Ақ серкені", "Мәті-Дәулен", "Жамбас сипар", "Көкегіне" басар да. Бірақ сол қызық пен сайран, ойын мен той енді қас қағымға қайта оралып келер ме. Мынау толықсып өскен бойжеткендей шуақты ғұмыр ақын кеудесіндегі ызғарын неге аластамайды. Жұпары аңқыған мерейлі мекені сонау дүбірлі думанды кезеңін еске түсіріп, құсамен қинайтыны несі. Осы жайлауда Әпішін әкелмеп пе еді! Сондағы салтанат-сәні қайда? Сондағы ескен желдей гулеген салқар шабыты қайда? Сондағы әншіл, өнершіл сал-сері нөкері қайда? Сондағы аялаған, ардақтаған ағайын қайда? Бірде жылатып, бірде қуантатын қайғы мен қуанышты егіз ғой деуші еді. Күлкісі кетіп, өксігі қалғаны несі? Сондағы үміт пен күдікті бірдей бағып, алашақ берешекті тең бөліскен достар қайда? Бұлт басса қашып, күн шықса ілесіп бой көрсететін көлеңке болғаны ма?
Мамыр күнінде шуақ мол. Бәйшешегі бойлап өсіп, тұнып барады. Далада тамылжыған жаңа өмірдің, жас өркеннің үні бар. Жер бетінен ызғар мен суықты қуып, аластап жатыр. Әлі келмейтіні әнші көкірегіндегі ызғар ғана. Аластамайтыны әнші жүзіндегі мұң ғана.
Ауыл көшкенде, Біржанды түйеге мінгізген. Түйенің мұрындығын Төреқұл жетелеген. Төреқұлда етік жоқ, шоқай бар. Төреқұлға ат тимейді, жаяу жүреді. Жаяудың жүрісі өнбейді. Айдалада екеуі кейіндеп қалды.
— Әй, Төреқұл!
Төреқұл естімейді, жырық мұрын атан бақырады. Түйе үстіндегі аяқ-қолы таңулы Біржан итіңдеп келеді. Ойға шомады. "Төреқұл! Мені саңырау сен түгіл есті-құлақты ағайыным да тыңдамайды. Шыр етіп туғанда, атаң саған Төреқұл деп азан шақырып ат қойған.
«Төресі дұрыс, құлы не? Төреден құл шықпайды. Құл төре болмайды. Қашанғы Төреқұл болып үй-күйсіз жүре берерсің. Кетсеңші. Қашсаңшы бір жаққа. Мені тұтқын ғып ұстағанда, сені аяр ма. Өзіңді өзің тұтқын қылмай босатсаңшы. Кетейік те үш мұңлық үш жаққа. Аяқ-қолымды шеш. Атанды қоя бер. Өзің құтыл...".
— Әй, Төреқұл!..
Төреқұл естімейді. Атан бақырады. Біржан ойға шомады.
Алыстан ән жетеді. Көш үстінде жорға-жүйрігін мінген қыз-бозбаланың жүрек тыныстары ол. Арқаның қоңыр, бейуақ кештерін тіліп өтіп талай көзде жас тұндырған Біржанның сезім нұры әуендері ол.
Ей, бозбала-ай,
Өтті-ау, заман-ай,
Қош бол аман! —
деп бүлініп, қозыкөш жерден жетіп жатқан "Қозыкөші".
Ахау айдай,
Жариям айдай,
Достың көңілін қалдырма,
Қыз қалқатай! —
деп үздігіп жалындаған "Бурылтайы" ол.
Қиын екен жалғанда сүйген ғашық,
Сөйлеспесе екеуі мауқын басып, —
дейтін опалы жастық тілімен үн қататын "Ғашық жары" ол.
Бірақ Біржан селт етпейді. Жүректен шыққан толқынды ырғақ енші алған ұлдай, отау көтерген қыздай. Қайта оралмайды. Ол қалың көпшіліктің қанына сіңіп, бойына жайылған. Ендігі иесі халық. Бүлініп, бұлықсып жеткенімен, бүркеу көңіл қабылдамайды. Ақын жүзі селт етпейді. Сұп-сұр өңі алға қадалады. Дірілді саусақтары өркешке жабысады. Әнші ерні күбірлейді. Жаңа ырғақ, жаңа өрнек іздейді. Әнші кірпік қақпайды. Сонау ұбақ-шұбақ шұбырған көштен бала-шағасының қарасын бір шалып қалуға ынтық. Сол ынтық ұмсындырып, тың сарынға жол берді. Біржан ақырын ғана қоңыр үнмен кең далаға зар қосты:
Ақ үйдің ай көрінер маңдайынан.
Шешеннің сөз шығады таңдайынан.
Теміртас, Асыл, Ақық — қарақтарым,
Иіскетіп кетсеңдерші маңдайыңнан.
Ән алысқа ұзамайды. Қозыкөш жерге кетпейді. Ол сағыныш атады, өкініш айтады. Баяу созылған әуенде зорлықшыл күшке әлсіз ғана ықылық атқандай қабақ түю бар. Ол қорлығын сезінген өр көңілдің әбден титықтап, жалығып шыққан жалын демімен ғана ұзарады да тез өшеді. Ән алдағы, көш маңындағы жігіт-желендерге жетпейді. Күйік үні көмескі, күңгірт. Жастықтың рахат, жалыны мол асқақ әуендері оны көміп-көміп кетеді.
Атан ауық-ауық бақырады. Төреқұл басын бір көтермей ілби береді. Біржан ойға шомады. Ой сағынышқа бастайды. Асыл, Ақық, Теміртасын іздеттіреді.
Көктем бусанып, жер түлеп түр. Ағаштар бүршік атып, бозторғай заңғар көкке іліп қойған ортекедей қалықтап тұрып қоймай-қоймай құйқылжиды.
Тасырлатып әлдекім қуып жетті. Ауыздықпен алысқан атын шірене тартып қатарласып келді. Төреқұлға қарады, атанға қарады, Біржанға қарады. Төреқұлға қарап, ернін шығарды. Атанға қарап, мұрнын шүйірді. Салға қарап, қарқылға басты. Мазақтап, менсінбей күлді. Ер үстінде бір бүйірлей сая отырып қамшының сабымен бір шекіп, бөркін кейін сырғытты. Қызыл белдеуленіп бөрік ізі қалған маңдайын сипап қойды.
— Аруақ — құдай барлығы рас екен. Салды аруақ атыпты. Атса атсын! Маған керегі де осы. Сазайынды тартқан екенсің! Сен сал болғанда, мен кіммін? Ха-ха! Салдығыңа болайын сенің!..
Қамшысын қайқайта көтеріп Біржанға жақындап төне берді де, тайсақтап бұрылып кетті. Көтерілген ауыр дойыр Төреқұлдың жон арқасын осып түсті.
Атты адам ұзап барады. Қарқ-қарқ күліп мазақтап барады. Күлкісі, үні таныс. Біржан есіне түсіріп отыр. Поштабайдан естіген үні. Мынау поштабай емес. Бірақ поштабайдың көзі. Баласы. "Жауыздық-ай! Айналып соғып қайталай береді екенсің-ау! Балалап өсіп, ұрпақтан ұрпаққа ауысар сенің тамырыңа балта салар табылар ма?"
Төреқұлда үн жоқ. Арқасына тиген соққыны да ауырсынған жоқ. Аяңын үзбей, ілбіп келеді.
Аяқ-қолға қыл бұрау түскеніне үш жылдың жүзі болыпты.
Жүйрік домбыраның шешен сөйлер қос ішегіне қол тигізбей, түйткілді жүрегінің ауыр ырғағын ғана қайратқанына үш жылдың мөлшері өтіпті.
Қапалы көңілдің қайғылы шеріндей уһілеу таусылғанымен, үнсіздік жойылмайды. Ақау түспеген жанының сау жері жоқ. Содан ба, қабақ шытып жасаурамайды. Күрсініп қалып, тілек те күтпейді. Іздері, аңсары жоқ. Ашу-кейіске толы жүзі болушы еді, бүгін одан да айрылып қалды. Өңінен реніш те, сүйініш те білінбейді. Әншілік пен серілік ұйыған тал бойда енжарлық бейім. Еркін, бұлғақ, әзіл-сықақты жанның қазірде самарқаулығы басым. Қат-қат тамған ыстық жас пен шып-шып шыққан қызыл қан ақын бойындағы шабытты қызу жүрегін түгел сарқып біткендей. Мезетсіз шақтың ұрланып жеткен тыйымсыз құдіретіне бас игендей күрт түсіпті.
Төреқұл бүгін әдеттегіден өзгеріп, екі-үш мәрте кірді. Ұрлап, жасырып әкелді ме, сұрап әкелді ме, бір жанан сары уыз қымызды қойып кетті. Екінші оралғанда ауыз тиілмеген жананды көрді. Басын шайқады. Салдың қасына бір тізерлеп отырды. Насыбайын екі танауына жүгіртті. Біржанға ұсынды. Біржан саңырау, соқыр адамдай. Мәңгіріп отыр.
Төреқұл тағы тысқа шықты. Бұлт үйіріле бастапты. Батыстан сыбызғылатып жел көтерілді. "Дауыл болады"... Төреқұл үй іргесіндегі ораулы затын ашты. Қолдан шапқан домбыра екен. Соған ішек тағып, тиек орнатпақ. Пернесін өзінше қондырып, тыңқ-тыңқ шертіп қояды.
Жел күшейді. Бұлт қоюланды. Жалп-жалп үзік-туырлықтар жалпылдады. Бірі бақанын, бірі қазығын көтеріп ауыл адамдары әбігерге түсті. Әлгінде өркеш-өркеш бұлт арасынан ақшыл сәуле қиғаштана көрініп тұр еді, о да жоғалып кетті. Аспанды бұлт тегіс бүркеді. Ұзақ ызың салып жел қатайды.
Төреқұл түңліктің төрт бауын қайта байлап, қазық қағып, желбауды қатайтты. Салдың қарсысына отырды.
Біржан басын көтерді.
— Не айтайын деп ең, Төреқұл?
Төреқұл үндеместен артына бұрылып, домбырасын алды. Салға ұсынды.
— Қолымды босат.
Домбыра қолына тиісімен күмбірлеп шешен сөйлей жөнелген жоқ. Кібіртіктеген саусақтар қос ішекті бір-бірлеп шертіп өтті. Ақырын күрсінген әлсіз кеудедей қат-қат ызың шықты.
— Қасиетті, қара домбыра-ай! Сен екеуміз ықтиярсыздық кебін тартып, бір-бірімізден айрылып қалып едік. Ақырғы сәтте табысып отыр ма екенбіз? Бір безілдеші, кәрі серігім!
Осыдан кейін үншіл аспап құйқылжып кетті. Алыстан дауыл үйіріп, толқын аулады. Тыстағы дүрілдеп жеткен нөсерге қосылып бебеу қақты. Сонау жоғалып кеткен достарды бүліне іздеді. Сонау ыстық достық мейірді сағына шақырды. Перзенттеріне бақыт тілеп, аңырап шарқ ұрды. Көп-көп толғады. Көп-көп құбылжытты. Сонау қызуы мол жастықты өгейсіді. Соншалық нәзік мұңмен тіл қатып отырып, ақтық қош-қошын айтты. Сонау дүбірлі кезеңін көз алдына елестетіп отырып, енді бір қайта қауышпас өкінішімен күрсін атып, ақырғы аманатын жолдады. Сонау тілек кешінде арманы қабысқан Әпішке сырын шертті. Қоштасып, бақұлдасып шертті. Сонау көркіне құмартып, көңілмен танитын көп құрбысына құпия назын арнады. Армандап, ащы жасы ағындап отырып арнады. Сонау әнімен ұйытқан тесік өкпе, алқынған демді ел-жұртын ойлай түсіп, қапастағы халінен ауыр күй төкті. Зарығып, аңсап, қоштасып отырып төкті.
Төреқұл жүзін жас жуды.
Домбыра жылады.
Нөсер төпеледі.
Сонау жазирада жай оғындай жалт-жұлт еткен жалынды жігіт үзілер шағының соңғы демін екі ішектен ықылық атқыза шығарып жатыр...
Қыл ішек үзіліп кетті. Саусақтар сұлық қалды. Ақ сақал төске құлады. Үш жылдың азабына төзген алып жүрек, ақын жүрек соғуын тоқтатты.
Алпыс төрт жасқа аяқ басқанда, 1894 жылдың көктемінде сал Біржан мәңгі көз жұмды.
Домбыра бебеуі тыстағы дауыл үніне жалғасты. Сонау-сонау күндердің мол ызыңын жоғалтпай, іліп әкетті.
1973 жыл.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі